Мұрат МАЙКЕЕВ, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант:
– Мұрат Жәлелұлы, алдымызда Қазақстан Қарулы Күштерінің 20 жылдығы келе жатыр. 1992 жылғы 7 мамырда ел Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығымен дербес армиямызды құруға кірістік. Қаншама қиыншылықтарды бастан өткергеніміз жасырын емес. Осы кезеңдегі басты проблема не болды? Соны айтсаңыз...
– Қарулы Күштер құрылысының бастапқы кезеңіндегі аса маңызды проблема – егемен ел армиясының нормативтік-құқықтық негізін құру болды. 1993 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасының бірінші Әскери доктринасы қабылданды.
Онда Қазақстанның, егер оның өзі немесе одақтастары қарулы агрессия объектісіне айналмаса, қандай да бір мемлекетке қарсы әскери іс-қимылдарды ешқашан, ешқандай жағдайда да бірінші болып бастамайтындығы көрсетілді. Оны былай қойғанда, доктринада біздің Республиканың ешкімге қауіп төндірмейтіндігі, барлық мемлекеттермен қауіпсіздік мүддесін өзара ескеру негізінде қарым-қатынас құруға әзір екендігі, әскери үстемдікке де ұмтылмайтындығы жазылды. Сондай-ақ доктринада Қазақстан әр мемлекеттің, ұлттың, халықаралық өмірдің барлық мәселелерін шешуге қатысуға тең құқылы екендігін мойындайды, күш көрсету саясаты мен қару-жарақ бәсекесіне қарсы делінді.
Одан кейінгі жылдарда Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы 2000 жылғы 10 ақпанда бекітілген екінші Әскери доктринаның базисіне айналды. Нақ сол кезде алғаш рет еліміздің Қарулы Күштерді елдің жалпы ішкі өнімінің кемінде 1% көлемінде кепілді бағдарламалық-мақсатты түрде қаржыландырып отыру ұстанымы нормативтік түрде бекітілді.
Жаңа доктрина Қарулы Күштерді құру мен реформалау, құрылымды оңтайландыру, ұтқыр күштерді басымдылықпен дамыту, басқару жүйесін жетілдіру, әскери-аумақтық құрылымға ауысу, резервті даярлау жүйесін жасау, әскери білім беру және әскери кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, әскери-ғылыми базаны құру және дамыту, әскери қызмет мәртебесін көтеру, сондай-ақ әскери-қызметтік қарым-қатынастарды адамгершіліктендіру секілді басты бағыттарды айқындады.
2007 жылғы келесі Әскери доктринада мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – өңірлік қолбасшылық әскерлерінің белгіленген жауаптылық аймақтарында әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі нақты дербестігін қамтамасыз ету және әскерлердің стратегиялық бағыттардағы жеткілікті топтастықтарын құру болды.
– Қарулы Күштеріміздің алғашқы құрылу кезеңінде кадр мәселесі қалай болды? Себебі КСРО құрамында болған кезімізде әскери қызметшілеріміздің басым көпшілігі, оның ішінде офицерлік құрамның көбісі Ресейдің адамдары болғанын білеміз...
– Тәуелсіздігін енді алған мемлекеттің жаңа армиясының нормативтік-құқықтық базасын жасаумен қатар, ұлттық Қарулы Күштердің бейнесі мен құрылымын, олардың басқару органдарын қалыптастыру бойынша тынымсыз жұмыстар жүргізілді.
Бұл арада, расымен де, кадр мәселесін шешу қиын болды. Себебі осы кезде әртүрлі ұлттың әскери қызметшілері өз елдеріне жаппай кетіп жатқан кезең еді. Соның кесірінен Қазақстанның өз әскери мамандары жеткіліксіз мөлшерде қалды. Өз армиямызды құрып жатқан аса жауапты кезеңде Қазақстанда қызмет өткеріп жүрген көптеген офицерлер қызметін ТМД-ның басқа мемлекеттерінде жалғастыруға немесе запасқа шығуға шешім қабылдады.
Екі жарым жыл ішінде, 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарға дейін офицерлердің кетуі ең жоғарғы деңгейге жетті. Нақтырақ айтсақ – тізімдік құрамдағы офицерлердің 89%-ы кетіп қалды.
Қазақстанның жас армиясы кадр жетіспеушілігін осы кезде қатты сезінді.1993 жылдың соңына таман негізгі құрамалар мен бөлімдердің офицерлермен жасақталуы 50-60% шамасында болса, кейбір полктер – 40%, ал Георгиевтегі мотоатқыштар полкі тек 27% ғана жасақталды.
Үшарал гвардиялық мотоатқыштар полкінен 1992-1995 жылдар аралығында командир, штаб бастығы, командирдің қару-жарақ, тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасарлары, киім-кешек, азық-түлік, жанар-жағармай материалдары, радиациялық, химиялық және бактериологиялық қорғау қызметтерінің бастықтары кетіп қалды. Алматы мотоатқыштар полкінің батальондарында бірде-бір штаб бастығы, бірде-бір батальон командирінің орынбасары болған жоқ. Полк қызметтері бастықтарының лауазымдары және танк роталары командирлерінің лауазымдары бос тұрды.
Тек Қорғаныс министрлігінің жедел және ұтымды шараларының, жас армияны құруда тынымсыз еңбек еткен генералдар мен офицерлердің, олардың күрделі шешім қабылдай білуінің арқасында ғана бізге жағдайды оңдап және Қарулы Күштерді сақтап қана қоймай, әрі қарай қарыштап дамуға плацдарм жасау мүмкіндігі туды.
– Енді ғана Тәуелсіздігін жариялап, өз алдына дербес мемлекет болған еліміздің халықаралық әскери әріптестігі қалай өрбіді?
– Қарулы Күштер басшылығы Қарулы Күшіміздің құрылған күнінен бастап халықаралық әскери әріптестікке, басқа елдің армияларымен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлді.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, сондай-ақ қорғаныс сипатындағы жекелеген мәселелер бойынша екіжақты келісімдер ТМД мемлекеттерімен әріптестікке негіз болды. Бұл ретте, тиісті келісімдерге қол қойылмай тұрып-ақ, тек мемлекет басшыларының шешімдері негізінде нақты бірлескен шараларды қабылдауға өмірдің өзі мәжбүр етіп отырды.
Сөйтіп, 1993 жылғы маусымда Тәжікстанға, оның Ауғанстанмен шекарасын күзетуге көмек көрсету үшін Қазақстанның жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Бастапқыда батальон құрамына Құрлық әскерлерінің екі ротасы, Шекара әскерлерінің екі ротасы және ІІМ Ішкі әскерлерінің бір ротасы кірген болатын. Пяндж өзенінің бойындағы Қалай-Хумб кентінен Хорог қаласына дейінгі шекараның 100-ден аса шақырым жері қазақстандықтар күзетуіне берілді.
Ірі шайқастардың бірі 1994 жылы күзде Хорогқа жақын жерде болды, онда 200 содырдан тұратын банды талқандалды. Өкінішке қарай, қақтығыстардың бәрі бірдей табысты аяқталған жоқ. 1995 жылғы 7 сәуірде роталардың бірінің автолегі Пшихров шатқалында тосқауылға ұшырады. Ұрыста 17 сарбаз бен сержант қаза болды. Қазақстандық батальон осы уақыт ішінде барлығы 300 шекара бұзушыны ұстады және шекаралық өзенді қиған 30 топтық әрекетке тойтарыс берді, 60 адамынан айырылды.
Қазақстандық бөлімшелерді БҰҰ-ның қамқорлығымен бітімгершілік істерге тартудың алғашқы тәжірибесі 1995 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан президенттері құрған Ортаазиялық бітімгершілік батальоны болды. Ұйымдық жағынан ол үш мотоатқыштар ротасынан, минаатқыштар батареясынан, зениттік-зымыран взводынан, байланыс взводынан, медициналық пункт пен материалдық-техникалық қамтамасыз ету взводынан құрылды. Шетелдік армиялар тәжірибесі есепке алына отырып, біз үшін мүлде жаңа жауынгерлік даярлық бағдарламасы жасалды. Бұл ретте Ресей, АҚШ, Түркия және басқа да елдер бітімгер күштерінің жыл сайынғы оқу-жаттығулары үлкен көмек көрсетті.
Кейін келе бітімгерлік операцияларға қатыстыру үшін Қапшағайда «Қазбат» қазақстандық бітімгерлік батальоны құрылды. Бұл бітімгер құралым біздің елдің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы міндеттемелерін орындауға арналды. Батальонның негізгі міндеті даулы мәселелер мен жанжалды ахуалдарды болдырмауға, шешуге және реттеуге, сондай-ақ жанжалдасушы тараптар көзқарастарын жақындастыруға көмек көрсету мақсатымен бітімгершілік әрекетке қатысу болып табылды.
«Қазбат» жауынгерлері 2003 және 2008 жылдар аралығында Ирактағы Көпұлтты халықаралық ұжымдық қауіпсіздік күштері құрамында бітімгершілік миссия орындау кезінде жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарып шықты. Біздің әскери қызметшілерге жарылмай қалған оқ-дәрілерді іздестіру мен жою, далалық сумен жабдықтау пункттерін жарақтау, суды тазалау және жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсету тапсырылған болатын.
Осы уақыт ішінде 4 млн-нан аса қаупі бар заттар жойылды, Ирак қауіпсіздік күштері үшін жарылу қаупі бар заттарды жою жөніндегі 488 маман мен әскери сүзгіш стансының 10 есептобы даярланды, 7 мыңнан астам Ирак азаматына медициналық көмек көрсетілді.
Өкінішке қарай, бұл жағдай да қазасыз болған жоқ. Жауынгерлік тапсырма орындау кезінде капитан Қайрат Құдабаев қаза тапты.
– Мұрат Жәлелұлы, бейбіт өмірдегі әскери дайындық пен соғыс жағдайындағы әскери әзірлік екі басқа. Бұл жерде әскерилердің моральдық-психологиялық дайындығы ерекше рөл атқарады. Осыған байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазіргі уақытта заманауи армияларда моральдық-психологиялық факторлардың мәні күрт артты. Жеке құрамның ұлттық мүдделерді қорғауға дербес жоғары әзірлігі мен қабілеттілігінің ерекше рөліне мән берілді. Әскери қызметшілердің барлығы бірдей болмаса, өз қызметтік міндеттерін адал атқаруға психологиялық әзірлігі болмаса, толымды нәтижелер күту қиын.
Моральдық-психологиялық қамтамасыз ету – бұл қамтамасыз етудің кешенді түрі. Оған жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін сақтауға бағытталған іс-шаралар жүргізу кезінде, бейбіт уақыттағы жауынгерлік міндеттерді орындау үдерісінде, сондай-ақ операциялар мен жауынгерлік іс-қимылдар барысында әскери қызметшілер санасы мен психикасына ұйымдастырылған түрде әсер етудің барлық негізгі түрлері мен әдістері шоғырландырылған.
Оның мақсаты – моралдық-психологиялық көңіл күйдің бейбіт уақытта қойылған міндеттердің орындалатындығына және соғыс басталған жағдайда басқыншылыққа тойтарыс берілетіндігіне кепілдік ететіндей деңгейіне қол жеткізу. Ол ақпараттық-тәрбие, психологиялық, әскери-әлеуметтік және бос уақытты мәдени өткізу жұмыстары, әскерлерді қарсыластың ақпараттық-психологиялық әсер етуінен қорғау арқылы іске асырылады.
Сондықтан бізде, Құрлық әскерлерінде, әскери қызметшілердің жеке-психологиялық ерекшеліктеріне тереңдетілген әлеуметтік-психологиялық зерттеулер жүргізу әдетке айналды. Егер бастапқыда бұлар жеке экспресс-тестілер ғана болса, тәжірибе жинақтай келе, Құрлық әскерлерінің психологтері ауқымды зерттеулерге көшті.
Бірінші кезекте жас буын, сондай-ақ Құрлық әскерлері Әскери институтының курсанттары зерделенеді.
Өткен жылы қорғаныс министрінің өкімімен әскери психологтер алғаш рет ҚӘ Әскери институты соңғы курс курсанттарына олардың жүйке-психикалық тұрақтылығы деңгейін, патриотизмі мен моральдық ұстанымдарының, оқытылуының дәрежесін, көшбасшылық, жігерлілік және басқа да кәсіби жағынан маңызды қасиеттерін анықтау мақсатында кешенді зерделеу жүргізді. Бұл – жас лейтенанттарды олардың жеке-психологиялық ерекшеліктеріне сүйене отырып, қандай нақты лауазымдарға тағайындауға болатынын алдын ала жоспарлау үшін жасалды. Болашақ офицерлердің ішкі мүмкіндіктері туралы мәліметтерді ерте бастан білудің қаншалықты маңызды екендігін түсінгендіктен, зерттеулерге тек бітірушілер ғана емес, 2-інші және 3-інші курстар курсанттары да тартылды.
Мұндай тәсіл лидерлерді оқу кезінде-ақ анықтап, оларды бітіруіне қарай ұдайы әзірліктегі бригадаларға жауапты лауазымдарға тағайындауға мүмкіндік береді, олар онда өздерінің үздік қасиеттерін таныта, дамыта және бекіте алады. Бұл сонымен бірге оларға жоғары лауазымдарға бірінші кезекте тағайындалу мүмкіндігі мен құқығын береді.
Біз 2011 жылғы бітірушілердің қалай қызмет етіп жүргендеріне талдау жасадық. Сөйтіп, зерттеу нәтижелері бойынша көшбасшылар тобына түскен лейтенанттардың өз командирлерінен «тәртіпті, тиянақты, өздеріне және бағыныштыларына талапшыл, тез тіл табысатын көпшіл офицер» деген мінездеме алғандығына көз жеткіздік. Бұл жас офицерлер қазірден-ақ өз қызметтестері арасында беделді, ұйымдастырушылық және командирлік қасиеттерін іс жүзінде көрсете біледі, өз әскери ұжымдарында көшбасшы және жоғарылатуға кандидат болып отыр.
Осылайша, әскери қызметшілерді жан-жақты әлеуметтік-психологиялық зерделеудің негізіндегі, қазірдің өзінде Құрлық әскерлерінде қолданылып отырған лауазымдық мақсаттау жүйесі шын мәнінде болашағынан үміт күттіретін офицерлерді анықтауға, өсіруге және қызмет сатысы бойынша ілгері жылжытуға жағдай туғызады.
Жас сарбаздарды зерделеу мәселесіне келсек, бұл бүгінде армияға кімдердің келіп жатқандығын түсіну, олардың алда тұрған ауыртпалықтарға әзірлігін, бейімділіктері мен әдет-құлықтарын анықтау үшін жасалады. Сосын зерттеу нәтижелері талдауының негізінде жаңа шақырылғандарды қай бөлімшеге бағыттау, оның қабілеттерін қайткенде жақсы пайдалану қажеттігі, кешегі «жай бозбаланың» әскери қызметке бейімделу үдерісін қалай жеңілдетуге болатындығы туралы шешім қабылданады.
Бүгінгі басты проблемалардың бірі моральдық-адамгершілік ахуалдың шиеленісуі, рухани дағдарыстың ұлғаюы болып табылады. Адамдардың, оның ішінде әскерилердің де санасы мен жан-дүниесі үшін бұқаралық ақпарат құралдары, әдебиет, ғылым, өнер, мәдениет күрес жүргізуде.
Сондықтан командирлер өз білімдерін практикалық қызмет үдерісінде үнемі жетілдіріп, жекелеген әскери қызметшілер мен әскери ұжымдардың жеке-психологиялық ерекшеліктерін талдай білуге және есепке алуға үйренеді. Яғни «жаңа үлгідегі басшылардың жұмыс стилі» деп аталатын істі жүзеге асырады.
– Бүгінгі әскеріміздің қару-жарақ пен техникалық жай-күйіне қандай баға бересіз?
– Мемлекет қалыптасуының қиын жылдарында армияның объективті негізде жеткіліксіз қаржыландырылуы қару-жарақ пен жауынгерлік техника жай-күйінің нашарлауына әкеліп соқтырды. Қару-жарақ пен әскери техниканың пайдаланылуы мен сақталуы қауіпті деңгейге жетті. 90-жылдар басында жауынгерлік техника мен қару-жарақтың көптеген техникалық ақаулары болды. Қосалқы бөлшектермен жарақталмау 60-70%-ға жетті, аккумулятор батареяларының пайдалану мерзімдері өтіп кеткен. Жөндеу зауыттары ТМД аумағында қалғандықтан, дереу өз қорғаныс өнеркәсібі кешенін құру және дамыту қажет болды.
Қару-жарақ пен техниканың техникалық жай-күйінің нашарлауына қару-жарақ пен техникаға қызмет көрсету мен жөндеу жөніндегі дайындалған мамандардың болмауы да себеп болды. Жөндеу бөлімшелерінің жөндеу жұмыстарын сапалы орындауға, қару-жарақ пен техниканы ақаусыз күйде ұстауға шамасы жетпеді.
Бұл былай қарағанда шешілмейтіндей көрінген қарама-қайшылықтар мен проблемаларға толы күрделі жол болды.
Мемлекет басшысының ел қорғаушыларына жасаған күнделікті қамқорлығының, Жоғарғы Бас қолбасшының командалық құрамға ұдайы талап қойғандығының арқасында ғана қазір Қарулы Күштерде қамтамасыз етудің барлық түрлерінің үздіксіз жүйесі қалыптастырылды, жылдан-жылға оқу-материалдық база жетілдіріліп, қару-жарақ пен әскери техниканың ең жаңасын сатып алу және қолдағы барын түпкілікті жаңғырту жүргізілуде, қызмет функцияларының бір бөлігі бәсекелес ортаға берілді, бұл әскери қызметшілерді оларға тән емес функцияларды атқарудан босатуға мүмкіндік жасады.
Соңғы жылдары қару-жарақ пен әскери техника жеткізілімдері мен жаңғыртуларының көлемі бірнеше есе өскендігіне қарамастан, толық қайта жарақталғандық туралы сөз қозғау әлі ертерек.
Сондықтан мұның экономика мүмкіндіктерімен тығыз байланыстылығын түсіне, қайта қаруланудың нақты мүмкіндіктерін есепке ала отырып, Құрлық әскерлері 2009-2012 жылдарда негізгі күш-қайратты қазіргі бар техника паркі мен қару-жарақты сақтау және қалпына келтіруге шоғырландыруда. Бұл «темірдің» барлық мүмкіндіктерін барынша пайдалану үшін жасалып отыр.
Құрамалар мен бөлімдерде технологиялық желілерді қалпына келтіру үдерісі басталды.
Бәрінен бұрын техника мен қару-жарақты тексеруді ұйымдастыру мен жүргізу әдістемесі қайта қаралды, рота (батарея) – батальон (дивизион) – құрама – өңірлік қолбасшылық (әскер тегі) буынындағы әрбір командирдің қызметін бағалаудың жаңа 10 баллдық рейтингілік жүйесі енгізілді. Бұл командирлерге өз жетістіктерін көруге және басқалардың нәтижелерімен салыстыруға мүмкіндік берді және үздік көрсеткіштерге жетуге ынтасын арттырды.
Оң нәтижелер көп күттірген жоқ. 2010 жылдың екінші жартысынан бастап сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау және пайдалану сапасын арттырудың тұрақты үрдісі байқалды.
Объективті қиындықтарға қарамастан, армияны техникалық қайта қаруландыру жалғасуда. Құрлық әскерлеріне жаңа БТР-82А броньды техникасы, танкіге қарсы кешендер, реактивті отшашқыш жүйелер келіп түсті, отандық өндірістен шыққан жаңа «КамАЗ» автомобильдеріне қайта жарақтау аяқталып келеді.
– Қысқаша айтқанда, Қарулы Күштердің 20 жылдығында бағындырған белесіміз қандай?
– Қарулы Күштердің 20 жылдығы – бұл қазақстандық армияның қалыптасу және даму кезеңдерін саралауға, қорытындылар жасап, болашақтың міндеттерін нақтылауға мүмкіндік беретін маңызды шеп. Осы жылдар ішінде сыртқы саясат пен әскери құрылыс саласында ел басшылығы жүзеге асырған шаралар кешені мемлекеттің әскери қауіпсіздігін оның егемендігінің қалыптасу кезеңінде тек қамтамасыз етіп қана қоймай, бүкіләлемдік қауымдастықтың мойындауы мен қолдауына ие болуға мүмкіндік жасады. Бар-жоғы 20 жылдың ішінде бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең жауынгерлік қабілетті Қарулы Күштердің бірі құрылды. Әскери қызметшілер тұрмысының үздіксіз жақсартылуы армиядағы қызметтің қадірі мен беделін арттырды. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Елбасының тұрақты көңіл бөлуінің, оның дана да көреген саясатының арқасында мүмкін болған ақиқат факт екендігін бүгінде күллі әлем мойындап отыр.
...ДЕЙДІ ГЕНЕРАЛ!
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру мен дамытудың күрделі және көп қырлы үдерісін толық саралау – тарихшылар еншісінде. Ең маңыздысы – жаңа егемен мемлекеттің жас армиясы өзінің алғашқы күндерінен бастап-ақ Елбасының дана басшылығының арқасында барлық қиыншылықтарды еңсере білді. Оның ішінде офицерлік құрамның жаппай кетуін, қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерімен жарақтаудың болмауын, инфрақұрылым объектілерінің бұзылуын, әскери қызмет мәртебесінің ең төменгі деңгейге дейін құлдырауын, жасақтаудағы, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының, әскерлерді жан-жақты қамтамасыз етудегі проблемаларды жеңіп шыға алды.