Қазір қазақ балалары өз тілін білмесе, біз оны анасынан көруіміз керек

Қазір қазақ балалары өз тілін білмесе, біз оны анасынан көруіміз керек

Мұрат АХМАНОВ, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

– Мұрат аға, сіз қаншама жылдан бері еліміздің түкпір-түкпіріндегі театрларда қойы­лымдар сахналап, шығармашы­лықта  ешкімді қайталамайтын өз қолтаңбаңызды қалыптастырып үлгерген режиссер әрі актерсіз. Осыған дейін сіздің біршама қойылымдарыңызды тамашалап келдік, бізді әсіресе сіздің соңғы сахналаған «Фатима» атты қойы­лым үлкен әсерге бөледі.  Жалпы, арманда кеткен Алаш арыстары­ның тағдыры, репрессия мәселесі әлі күнге шындығы ашыла қоймаған тарихи тақырып қой.  Сіз бұған қалай келдіңіз? Ұсыныс болды ма, әлде қазақ тарихында­ғы ашыл­маған ақтаң­дақ­тарға театр көзімен қарау де­ген бұрын­нан ойыңызда жүр ме еді?
– «Фатима» сахнаға қойылғанға дейін бір жарым жылдай менің қолымда жүрді. Себебі, сіз айтқандай, репрессия, Алаш тақырыбы – жай, үстірт қарай салатын дү­ние емес, ол кәдімгідей рухани дайын­дықты, білім мен тарихи танымды қажет ететін тарихымыздың үлкен бір саласы.  Пьеса авторы Иран-Ғайып ағамыз оны сон­шалық керемет жазып шыққан. Ол кісі­нің ойы терең екенін білесіздер, әр сөзінің астарын ашу үшін қаншама әрекет жасап, қаншама тер төгу қажет. Әйтпесе сол за­ман­ның атмосферасы, болып жатқан оқи­ғалардың мәні түгел ашылмай қалады. ХХ ғасырда қазақ не көрмеді – Бірінші дүние­жүзілік соғыс, Қазан төңкерісі, аштық, реп­рессия, соғыс, тағысын тағылар. Бір Фати­маның тағдырында осы нәубеттердің бар­лығы өтті. Режиссер ретінде мені де, автор ретінде Иранбек ағамызды да осынау қойылымға алып келген аталған жайттар болса керек. Бір өзі қазақтың үш бірдей арысына сүйеу болып, үш бірдей қасіреттің уын ішті. Ең алғашқы жары қа­зақ­тан шыққан белгілі ағартушы Біләл Сүлеев болса, ол 1932 жылы ұсталды, содан соң құлагер ақын Ілияс Жансүгіров те ұсталды, екеуі де «халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесілді. Ең соңында қазақтың екі бірдей ардағының азасын тұтып қалған Фатимаға ұлы Мұхаң қам­қор­лық етіп, қанатының астына алып еді, оны да көп ұзамай ажал тырнағы алып кетті. Жалпы, бұл – тағдыр, тағдыр болған­да да трагедия. Әйтпесе Фатима бастапқы жары Біләлмен тату-тәтті ғұмырын жалғас­тыра берер ме еді, егер ол кісі тірі болған­да?.. Тағдыр жаз­ды, үш арыстан жеті бала сүйіп еді, екеуінен айырылып қалды. Фатима апай­дың жүрегі кең, мейірімге толы болған­ды­ғының айғағы – Ілиястың бірінші әйелінен туған Саятты да өз қам­қор­лығына алды. Қазіргі бейбітшілік, бар­лығы жеткілікті заманның өзінде бала асырау оңай емес, ал сондай сұрапыл ке­зең­де 6-7 баланы сүйреу деген­нің қандай қиын болғанын өзіңіз ойлай беріңіз. Ана­ның негізгі міндеті – дүниеге бала әкеліп қана қоймай, солар­ды жетілді­ру, жақсы тәрбиелеу болса, Фати­ма – қан­дай қиын­дыққа болса да төзіп, балаларын Мәскеу­де, Ленинградта оқы­тып, үлкен азамат етіп тәрбиелеген қайрат­кер ана.
«Түйені жел қозғаса, ешкіні аспаннан ізде» дейді ғой, жалпы, ХХ ғасырда қазақ­тың басынан өткерген азаптарын бір сөзбен  хаос деуге болады. Кедейге «байды тона» деген бұйрық берді, ал ол бай оның ағайы­ны ма, жоқ әлде жақыны ма, оған ешкім қа­раған жоқ. Сұмдықтың сұмдығы да осын­­да еді. Малымызды, жанымызды, барымызды тартып алып, дастарқанымыз­ға дейін тап­та­­ды емес пе? Егер аштықты терең зерттер болсақ, небір сұмдықтарға куә болар едік. Аштық жайлы жазылған «Қызылдар қыр­ғыны» атты кітапты  оқып отырып, ер бол­сам да кей тұсында көз жа­сыма ерік бердім. Не көрмеді біздің қазақ? Ұлты үшін барын салып, күндіз күлмей, түн баласы ұйқы көрмей жүрген нағыз елдің жанашырларын «сен халық жауысың» деп атуы қиянаттың ең шектен шыққан со­рақысы еді.
– Қалай ойлайсыз, Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ дәл сондай нәубет қайтып келер болса, қазақ өз бауырын ұстап бере ме, әлде қорғап қала ма?
 – Ұлт болып ұйып отырған қазаққа саясат кеп араласып еді, жағдай әлгіндей өрбіді. Қазір одан да қиын. Бізде қазір пат­р­иоттық сезім өте әлсіз. Егер дәл бүгінгідей «бүкіл адамзат біргеміз» деп космопо­лит­тік көзқараста кете берсек, ұлттығымызды жойып аламыз ба деп қорқамын. Шыны керек, қазір қызметі сәл өскен шен-шек­пен­ділеріміз өздерінің күні кеше кім бол­ғандарын ұмытып, өз халқына өктем сөй­леп шыға келеді. Ең алдымен адам өз ана­сын, сосын отбасын, халқын сүюі керек. 
– Қазақ үшін қазіргі таңда ең қауіпті не нәрсе дер едіңіз?
– Қазіргі күні қазақтың бойынан қан­дай да бір жағымсыз мінез-құлық, қандай да бір дерт байқасақ, ол сонау Қазан төң­ке­рісінен басталған нәубеттердің зардабы дер едім. Бауыры бауырын өлтір­ген заманды көрген қазақ қой бұл. Күні кеше бір атаның балалары бөлініп, бірі қызылды жақтап, екіншісі ақтарға қосылса, бүгінде дәл соның орнын дін басты. Бір құрсақтан шыққан бауырлар бүгін бір-біріне сәлем бермейтін халге жеткен жайлары аз емес, себебі бірі өзін мұсылман санаса, екіншісі ол үшін намаз оқымай, ораза ұстамағаны үшін кәпір болмаса мәзхабы басқа, әй­теуір, қырықпышақ күйге түскен. Біз қазақ, керісінше, кешегі «Құдай жоқ» деп қинаған атеизм тұсында жасырынып намаз оқып, ораза ұстаған иманды халық едік, енді діни бостандық берілгенде аузында Алла­сы болғанын қайтейік, жүрегінде иманы жоққа айналған соң... Ал одан бұрынғы буын, біздің ата-бабаларымыз, дін мен салт-дәстүрді өте саналы түрде біріктіре білді емес пе? Біз бүгін соны жоққа шыға­рып, қайтадан велосипед ойлап табуға тырысып жатырмыз. Құдайсыздық – ба­рып тұрған қасірет, дінді ұстануымыз ке­рек-ақ, алайда тым шектен шығып, таза фа­натизмге кетіп қалу одан да қауіпті. Себебі біз онда өз ұлтымызды жоғалтып аламыз. 
– Дәл бүгінгі заман көрінісін бейнелеп, ұлтымыздың ахуалын көрсететін шығарма жазылса сахналар ма едіңіз?
–  Мысалы, діндегі хадистер бойынша керемет пьесалар жазуға болады. Біздің театрымызда Балтабай Сейітмамытұлы деген режиссер ағамыздың «Сүйе білсең» деген қойылымы бар. Бір ғана алма  біртұ­тас қойылымға жүк болған, яғни нағыз момын жан «біреудің бағының алмасын жеп қойдым, мен қандай күнәһармын?!» деп, сол алманың иесін тауып, кешірім сұрап келеді ғой. Бұл, негізі, Пайғамбары­мыздың (с.ғ.с) заманында болған оқиға болса керек, яғни адамдардың нағыз иман­­ды, нағыз тақуалығын, тазалығын бей­нелейді. Осы секілді талай аңыз-әпса­на­ларды арқау етіп, шығармалар жазуға, сахналауға болады. Мұндай дүниелер бізді адамгершілікке шақырып, ар-ұяты­мызды ояту үшін аса қажет, әйтпесе бәріміз жыртқышқа айналып, қоғам анархияға бой алдыруы ғажап емес. Қоғамымыз тек ақшаны жақсы көріп, баюды ғана көздесе, біз рухани байлықтан айырылып қаламыз. Ал оның қандай трагедия екенін өзіңіз де салмақтай аласыз ғой. Қазір қазақта небір бай адамдар жүр, өз ұлты, тілі тұрмақ, біртұтас мемлекетін жақсы көрмей, әбден ішерін ішіп, жерін жеп алған соң, шекара асып, сол жақта шалқып өмір сүріп жүр. Ол адамдардың түйсігін ендігіде ештеңе оята алмайды, оларға Отан керек емес, Отан да оларды керек етпейді. Алайда солар отансыздықтың, ұлтсыздықтың қасіретін бүгін болмаса да, түбі, әйтеуір, бір тартады. Мүмкін, өздері болмаса, ұрпағы көрер азабын. Біз егер ә дегеннен-ақ, Тәуелсіздік алған тұстан кірісіп кеткенімізде, бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді. Біз алдымен экономикалық ахуалды түзеуге мәжбүр болдық, енді әлем елдеріне таныламыз деп күш салып жатырмыз. Алайда ұлттық құндылықтарымызға назар аударуымыз керек. Егер қолымда билік болса, қазақ баласына бесінші сыныпқа дейін тек қазақша оқытып, содан кейін барып қана әлемдік тілдерді үйретер едім. Әлемде қанша ұлт бар, бірақ соның барлығының тілін білу міндет емес шығар... Мен егер басқа елге баратын болсам, өзімнің қызметім мен күнкөрісіме қажет деңгейде тілін меңгеріп аламын. Ал соншама тілді меңгергенмен, ол азаматта елінен ұзап шығатын қаражат болмаса, ондай білімнен не пайда? Мен бұған мысал бола алатын талай адамдарды білемін. Таяуда қазақ басылымдарының біріне бүгінгі заман талабына сай оқу керек деген әдебиеттер тізімі шықты, сонда оларды оқып шығу үшін бәленбай жыл керек екен. Және менің бір түсінбегенім, ішінде қазақы дүниелер­ден гөрі әлемдік әдебиеттер басым. Осы ретте мен бір нәрсені мақтанышпен айта аламын, біз Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында біраз жылдардан бері бір үрдісті ұстанамыз, яғни бірінші курсқа кел­ген студенттерге алдымен «Абай жолын», сосын М.Мағауиннің «Аласапыранын», І.Есенберлиннің «Көшпенділер», Ә.Нұр­пейі­совтің «Қан мен тер» т.б шығармала­рын оқуды кезең-кезеңімен береміз. Осыны білмей, ертеңгі күні қазақтың би, батыр, хан, жалпы, тарихи тұлғаларын сом­дай алмайсыңдар, сол заман­ның ахуа­лын, сол тұстағы қазақтың психо­логиясын сезіне алмайсыңдар деп талап қоямыз. Дәл осы талапты басқа салаға маманданып жатқан қазақ балаларына да қойса артық­тық етпес еді. Себебі дәл қа­зір­гі біздің тіршілігіміз баяғы ата-бабамыз өмір сүрген тұрмыс-тіршіліктен мүлдем алшақ. Ал ол солай болған екен-ау деп біз өткенімізді білмеуімізге тағы болмайды. Өйткені біз өз түп-тамырымыздан ажырап қаламыз, ал тамырынан ажыраған, тамы­ры қураған өсімдік жеміс бере ме?
– Рас, қазақылықтан күн санап ажырап бара жатқанымызды басқаны айтпағанда, қарапайым сөз қолданысымыздан-ақ аңғару қиын емес. Әдетте, адам нені көреді, нені тұтынады, кімдермен қарым-қатынаста болады, соған икемделіп, сөзді де соған сай саптайды ғой. Біз қазір жылқы, жүген, шөмеле, кереге деген секілді тарихымызбен, түп-тамырымызбен тікелей байла­ныс­ты сөздерді қолданбаймыз, есесіне файл, чат немесе интернет, блог секілді терминдер екі сөзіміздің бірінде жүреді. Негізі, осы бетімізбен кете берсек, тіліміз жұтаңдап, қазақы болмысымыз­ды жоғалтып алуымыз мүмкін бе, әлде театр, кино, ақын-жазушы­ларымыз, жалпы, өнер мен мәдениетіміз оған жол бермейді деп сенім артуға бола ма?
– Кеңес өкіметі кезінде біздің қазақтан шыққан үлкен тұлғаларымыздың өзі балаларын орыс мектептеріне берді. Міне, біздің орыстануымыздың түп-төркіні қай­да жатыр?!. Қазақ баласы сол тұстан бастап таза асфальтта өсіп, қой-ешкі, сиыр сияқты үй жануарларын тек ауылға барғанда кө­ріп, одан үркіп қашатын болды.  Алайда ұлттық болмысымыз одан әлдеқайда бұ­ры­нырақ, сонау патша өкіметінің қазақ жерін отарлай бастаған тұсынан бастап бүліне бастады. Қазақ жерін орыс мұжық­тарының қоныстануы, қазақ балаларының Омбы, Томск, Қазанда білім алып, орыс, татар қыздарына үйленіп, қаны аралас балалар­дың дүниеге келуі  – міне, қазақты өзгеріс­ке бастаған факторлар.
– «Фатима» өз алдына, сон­дай-ақ сіз «Келіндер көтерілісі» атты қойылымды да сахналады­ңыз. Неге бұл екеуін қатар атап отырғанымды байқап отырған шығарсыз, себебі екеуінде де Ана образын сіз мейлінше асқақ қою­ға, сол арқылы әйел атаулыны құрметтеуге үндейсіз. Ер емес, яғни әке емес, әйел, ана арқылы отбасы мен ұлт мәселесін көтеруіңіздің сыры неде?
–  Халқымыз текке ана тілі деп, тілді ана­мен байланыстырмаған, яғни тіл бала­ға алғаш ананың сүтімен келеді, сосын анасы қай тілде сөйлесе, баланың да тілі сол тілде шығады. Қазақ зиялыларының орыс, татар қыздарына үйленуі де біздің тегімізге кері әсерін тигізді. Содан өз тілін білмейтін, білсе де шала сөйлейтін, орыс­ша ойлайтын ұрпақ пайда болды. Жалпы, Ана – отбасының шырақшысы, ол – мейі­рім, Ана – Отан, ол – тіршілік бастауы. Мыса­лы, қазір отбасында қазақ балалары өз ана тілін білмесе, біз оны анасынан көруіміз керек. Қазақша білмейтін ананың баласы қазақша сөйлейді деген – абсурд. Әке – бала тілін қалыптастырушы емес, ол күнделікті мал табыс, күнкөріс қамы үшін еңбектенуші. Сондықтан ұлдарымыздан бұрын, біз қазақ қызының қазақша сөйлеуін қатаң қадағалауымыз шарт. Неге ана тілі дейміз? Осы сөздің түп-төркінінен-ақ тілдің анадан бастау алатынын, ана сүтімен бойға сіңетінін түсінуге болады. Содан соң баласын емізіп отырып, тербетіп отырып ана өз баласына қазақша бесік жырын айтса, сәл өскен соң балаға қазақ ертегілерін айтып беруің қажет. Сонда ғана баланың тілі қазақша шығады. 
«Келіндер көтерілісіндегі» отбасы ме­нің өзім өскен үйді елестетеді. Мен көпба­лалы отбасынан шықтым. Біз тоғыз аға­йын­дымыз: жеті ұл, екі қыз. Бір уақытта та­мақ­танып, бір мезгілде ұйқыға жатамыз, дәл солай бірге оянамыз, яғни темірдей тәртіп. Таңертең жуынуға бізге қолжуғыш жетпейтін. Әрқайсымыздың бөліп алған міндетті үй шаруамыз болатын: біріміз су тасысақ, екіншіміз аула тазалап, ересек­теу­леріміз отын жарып, солайша тату-тәтті өстік. Айтпағым, Ана статусы қашанда жо­ға­ры болуы керек, ол – отбасының тірегі, ол ұрпақ өрбітуші. Қазір мұндай көпбалалы шаңырақты шырақ алып іздейтін болдық қой. Көп отбасыларда жалғыз бала, сосын ол «құдай» болмағанда не болады? Бетіне біреу қарсы келгені тұрмақ, жел мен күн тимеген соң, одан қандай қайырлы ұрпақ өрбімек? Кезінде бір ұядан түлеп ұшқан ағайындылар әрқайсымыз әр жақтамыз. Арманым бәріміз бір жерде тұрсақ деймін. Бауырларымды қатты сағынамын. Осы «Келіндер көтерілісін» қою барысында мен көп нәрсені түсіндім, перзенттерін туып, өсіріп-өрбіткен ата-анамызға кейін біздің барлығымыз әр тарапқа кеткенде сондай қиын тиеді екен ғой. Түн баласы жастыққа жантайғанда әрқайсымыздың амандығы­мызды тілейді ғой олар.
Сондай-ақ мен осыдан бірнеше жыл бұрын Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрында Иран-Ғайыптың «Ана аманаты» атты туындысын сахналаған болатынмын. Үш ұл өсіріп, оларды ұясына қондырған ана ақырында бірақ шаңырақты кімге тастап кетерін біл­мей дал болады. Кезінде осы Ананың құр­сағынан шығып, бір шаңырақта өссе де, үш ұл бір-біріне бауырмал болмақ түгіл, араздасып, үшеуі үш жаққа тартып шыға келеді. Анасы үшеуін ұрсып отырып, ана­лық өкпе-назын айта отырып, ағыл-тегіл жылай отырып, әйтеуір, үш баласын тату­ластырады. Сосын үшеуіне «балаларым, енді осы татулықтарыңнан өле-өлгенше таймаңдар, мен бүгін-ертең көз жұматын адаммын, мені әкелеріңінің қасына жер­леңдер» деп өсиет айтады. Үшеуі ана сөзін жерге тастамай, аталған жерден көр қазып жатқанда, ол жерден ат басындай алтын шыға келмесі бар ма? «Алтын көрсе, пе­ріш­те жолдан таяды» деген, әлгі жерде үш ағайынды алтынды бір-бірінен қызғанып, ақыр соңы бірін-бірі өлтіріп тынады. Осын­дай жағдай көп адамға ой салар деген ниетпен сахналадық.
– Сіз осыған дейінгі шығарма­шылық жолыңызда жергілікті театрларда да жұмыс істеп көр­діңіз, кейде бізде «жергілікті театрларда сол жердің халқын театрға тарту үшін режиссер сол аймақтың, сол рудың батыры мен биін дәріптейтін туынды қоюға мәжбүр» дейді. Шынында да, бізде әр батыр, әр би, әр хан өз жерінде ғана дәріптеліп жатыр дегенге келісесіз бе?
– Мысалы, Абайды барлық театрларда қояды, Махамбетті де тек батыста ғана емес, республиканың түкпір-түкпіріндегі түрлі театрлар сахналайды. Сол сияқты Құр­манғазыны, Мұқағалиды да. Алайда әлгі сіз айтқандай мәселені де жоққа шы­ғара алмаймын. Себебі жергілікті халық­тың өз елі, өз руының тұлғасына жылы шы­рай танытып, басшыларының «өзіміз­ден шыққан тұлға екен ғой» деп көмек беретіні, көрерменнің де көбірек келетіні өтірік емес. Меніңше, ол қазақтың мента­литетіне сіңіп кеткен әдет, оны өзгерте ал­майсың. Өйткені аталған батыр мен бидің, ханның үрім-бұтағы, туған-туыстары сол жерде әлі өмір сүріп жатады, олар өз ата-бабасын көргісі келеді, тыйым сала алмай­мыз. Бірақ қандай да бір жердің театрына барып, жалпы қазаққа ортақ тұлға жайлы қойылым апарып жатсаң, «мынаны неге қойдыңыз, бұл біздікі емес» деген сөзді әлі күнге естіп көрмеппін. Демек, бұл тұр­ғыда шошитын ештеңе жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет, шығармашылық табыстар тілейміз.

Алашқа айтар датым...
Бір шала қазақтың баласы шетелге оқуға түсіпті. Ол жақта түрлі елдің жастары бас қосады ғой, сөйтіп, өз елдері, өз ұлтының ерекшеліктерін ортаға салып тұрады екен. Әлгі шала қазақтың баласы сондай кештердің бірінде грузин билесе, онымен бірге дөңгелене билеп кетіп, орыспен бірге ән айтып, сығанмен сығанша билеп жүрсе керек. Бір кезде кезек өзіне келіпті, «сен қазақсың ғой, қане, қазақтың әні мен биін көрсетші бізге» демей ме, сөйтсе әлгі бала сасыпты да қалыпты. Не қазақша ән білмейді, не билей алмайды, ең құрығанда бір шумақ өлең де оқи алмаған. Сонда әлгі жерде Қазақстаннан кеткен неміс бар екен, сол қазақтың бейшара халге түскеніне шыдай алмай атып тұрыпты да, таза қазақ тілінде Абайдың әнін салған ғой. Шала қазақтың баласы осы жағдайдан кейін ұялды ма, әлде түк те ойына алмастан кете барды ма, болмаса еліне келіп анасына «сен маған өз тілімде бір ауыз сөз үйретпедің» деп кінәлап, өзінің қазақ екенін дәлелдейтін бір нәрсе үйренуге тырысты ма, ол жағын білмеймін. Алайда осыны естігенде қазақтың өз тілін, өз салт-дәстүрін білмей, өзге ұлттың алдында жер болғанына өз басым намыстандым.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста