Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ:
– Жағда ата, осы халқымыз қастерлейтiн жылқы түлiгiнiң пайда болу кезеңi жөнiнде ғалымдар түрлi пiкiрлер айтып жүр. «Дәл осы кезең» деп ұстап беретiн нақты болжам бар ма?
– Қазақ төрт түлiк малды аса қастерлеген халық. Жылқы да, түйе де, сиыр да, қой да шаруа үшiн аса пайдалы, сонымен бiрге халықтың сенiм-нанымының асыл мұрасы. Әрқайсысының өзiндiк қасиетi бар. Төрт түлiк мал бiздiң қасиеттi топырағымызда жаралған. Оны бiз ешқайдан көшiрiп әкелген жоқпыз. Жалпы жер бетiнде түлiк қай уақытта пайда болғаны жөнiнде ғалымдар көп зерттеген. Кей ғалымдар 3,5 млрд жыл болды десе, ендiгiлерi 4,5 млрд жыл болды деген пiкiр айтады. Ал нақты қай уақытта пайда болғаны жайлы әзiрге нақты мәлiмет жоқ.
– Кезiнде қазақ даласында жылқының қандай түрлерi болған?
– Бiзде керiқұлан деген хайуан бар. Ол қазiр хайуанаттар бағында тұр. Жылқының екiншi түрi – тарпы. Жылқының осы екi түрi оның арғы тегi болып саналады. Ол екеуi де қазақ даласының топырағында пайда болған. Мәселен, тарпының ең соңғы тұяғы 1865 жылы Украинаның даласында оққа ұшып өлген. Қазiр бүкiл әлемнен бiр тарпы таппайсыз. Бiрақ қазақ жылқыларының iшiнде тарпының ұрпақтары анда-санда кездесiп қалады. Бiрiнен-бiрi ауысып жүр ғой. Ал негiзi қазақтың жылқысы керiқұлан. Бұл екеуiнiң сүйегiнде, жал-құйрығында, мiнез-құлқында, жаратылысында айырма бар. Керiқұланның жабайы түрi 1926 жылы Жоңғар ойпатын мекендеген. Керiқұланды менiң әкем көрген екен. Жоңғар ойпатында жойылып кеткен үш хайуанатты мен әрдайым еске алып отырамын. Бiрi – керiқұлан, екiншiсi 1920 жылы жойылып кеткен жабайы түйе. Оны тайлақ түйе дейдi. Үшiншiсi – кiшi киiк, екi аяқты, екi қолы бар. Бұл жыртқыш хайуан емес, түйеге ұқсайды. Шөптiң тамырын қазып қоректенедi. Оның бәрi оқ-дәрiлi қару-жарақтың шығуына байланысты жойылып кеттi. Немiс халқы ерте ес жиған халық қой. Олар керiқұланның ұрпағын елiмiзден кезiнде алып кеткен екен. Қазiр бүкiл әлем бойынша тек Германияда ғана осы керiқұланды өсiрiп отыр. Кейiн олар барлық елге сатып, керiқұланды сауда тауарына айналдырып жiбердi. Соған орай, қазiр керiқұлан көптеген елдерде бар. Құланның екi түрi бар: бiрiншiсi – керiқұлан, екiшiсi – есек құлан. Бұл есек құланның жай есектен айырмашылығы – тек түсiнде ғана. Бұқар жырауда мынадай сөз бар: «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер, аяғы жоқ түгi жоқ, жылан қайтып күн көрер». Сонда Бұхар жыраудың уақытында керiқұлан болмаған. Жаңағы айтылған құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан есек құлан болып шығады. Қазiр бiздiң ғылымда керiқұланды керiқұлан демейдi. Оны Пржевальскии жылқысы деп атайды. Мен бұл мәселеге қатысты талай үн көтерсем де, еш нәтиже шықпады. Ғылымға солай енгiзiлген ендi өзгертiлмейдi деп отыр. Ал өзiмiздiң жабайы жылқымызды керiқұлан деп атасақ, бiздi бiреу сотқа бере ме? Пржевальский деген XIX ғасырдың адамы ғой! Жылқымызға оның атын бiз не үшiн беремiз? Бiз керiқұланға өз атын беруiмiз керек.
– Бабаларымыз жылқыны ақылды жануарлар тобына жатқызған. Мұның сыры неде болғаны?
– Рас, қазақ жылқысы ақылды хайуанға жатады. Әлемде дельфин, маймыл, ит, одан кейiн жылқы ақылды жануар болып есептеледi. Халқымыз адамды жылқы мiнездi дейдi. Қазақ жетi атасына толмай қыз алмаған. Сол сияқты жылқы да өз енесiне шаппайды екен. Жылқының ақылдылығына тағы да дәлелдер келтiруге болады. Бiз ирандықтарды «қызыл бас» деп атаймыз. Осы қызыл баспен қыпшақтың әскерi жекпе-жекке шығып, кыпшақтың әскерi аттан жығылғанда, Иранның әскерi атынан түсiп, оған қылышын сала бергенде, қыпшақтың аты оны қос аяқпен теуiп өлтiрген екен. Бұл тарихта болған оқиға. Осыдан-ақ жылқының ақылдылығын бағамдай беруге болмай ма?
– Қазақ халқының қалыптасуында жылқы малының әсер, ықпалы болды ма?
– Бiздiң ата-бабамыз сонау Сахалиннен Италияға дейiн кешiп өттi. Сiбiрден Үндiстанға дейiн барды. Сонда немен бағындырды бұл қашықтықты? Әрине, жылқының күшiмен. Бүгiнде тасымалдаушы технологияның орнын сол кездерi жылқы атқарған. Мәселен, сол Үндiстанға бес адам барған жоқ қой, жүз мыңдаған әскер барды. Жүз мыңдаған адамда сонша ат болды. Ауыр жолда қайдан қорек тауып отырды? Сол мiнiп барған жылқылары мiнсе көлiк, iшсе сусын, жесе тамақ болды. Мiне, жылқының қазақ тарихында сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз. Бiз осы күнге дейiн жылқыны бағалай алмай келемiз. Қазақтың тарихын жылқы жасаған десек те болады. Жаяу болсақ мына тарих жазылмас едi. Басқа елдiң тарихында қай ел Сахалиннен Үндiстанға барды екен? Бiр жарым миллион Қытай тұрды. Ал барды ма, барған жоқ. Барғысы келген жоқ емес, бара алмады.
– Халқымызда қанша жылқы болған? Ауыз әдебиеттерiнде «мыңғырған жылқы» «үйiр-үйiр жылқы», «бiр табын жылқы» деген секiлдi ұғымдар бар. Осы мыңғырған дегенiмiз қанша жылқы болғаны сонда?
– Қанша жылқы болғаны белгiсiз. Бiрақ Көк Түрiктiң уақытында қырғыз азаматының басына қойылған таста «Менi шығыста да, батыста да ел таниды. Менiң он қора мал, он қора қойым бар. Ал жылқымда сан жоқ» делiнген. Көрдiң бе, ертеде ата-бабамыз миллиондап жылқы баққан. ХХ ғасырдың басында қазақ халқында 20 миллион жылқы болды. 1920-жылдары Кеңес үкiметi жаңадан құрыла бастағанда, арқадағы қазақтардың кейбiреуiнде 20-40 мың жылқыдан болған. Ал 40 мың жылқы деген аз дүние емес. 40 мың қой да мақтанып айта алардай сан. Сондықтан жылқыны қазақ халқы ертеден көп өсiрген.
– Қазiр елiмiзде қазақы атқа қарағанда, асыл тұқымды жылқыларға қызығушылық күннен күнге артып бара жатқан секiлдi ме, қалай?
– Кейбiреулер асыл тұқымды жылқыға қызығушылық бiлдiредi. Оны асырап, баптауына пәленбай мың қаржы салады. Айтқандарын естiсем, күлкiм келедi. Асыл тұқымды жылқы саған не бередi? Қой бағуға жарайды, ал жылқыны қайыруға жармайды. Өзiмiздiң жылқы болмаса, асыл тұқымдылармен жылқы қайырған жанды әлi көрмеппiн. Өйткенi бұл жылқылардың шамасы жетпейдi. 20-30 шақырым өрiстеп кететiн малды қайдан қайырсын? Ол күнiне 20 шақырым жүрсе, өлiп қалады. «Қазақ өз жылқысына мiнсе, тоқтамайды. Басқа елге кетiп қалады. Тауға кiрiп жасырынып кетедi. Асыл тұқымды жылқығы мiнсе ешқайда бара аламайды, есекке мiнгеннен жаман» деген пиғылдары ғой. Мiнiлмейтiн, iске жарамайтын жылқыны бiзге бердi. Асыл тұқымды жылқының асылы – тек түсiнiң сұлулығы ғана. Басқа ештеңесi жоқ. Етi де, майы да, сүтi де бiздiң қазақтың жылқысына жетпейдi. Өйткенi ол қолда ғана бапталады. Он шақты түрлi ғана шөптi жейдi. Ал сенiң жылқың мыңдаған шөптiң түрiн жейдi. Екеуiнiң өзгешелiгi, өз парқы бар. Бiз осы нәрселердi жақсы жiктей алмай отырмыз. Жылқыға ерекше көңiл аударып, қазақы жылқыны өсiрудi алға қоюымыз керек. Қазақтың осы төрт түлiк малы өз топырағымызда жаратылған. Ал сырттан келген мал бiзге ешуақытта жерсiнбейдi. Жетпiс жылдың iшiнде қойдың санын әрең дегенде 45 миллионға жеткiздiк. Оған үкiмет қаншама қаржы шығындады? Бiздiң қазақтың қойы көнбiс, мұздың үстiнде туса да жүрiп кете бередi. Ал сен ақ қойыңды электр астындағы жылуға апармасаң, мал болмайды. Асыл тұқымды жылқы да сондай, жетi күнге дейiн ауызданбайды. Сондықтан бiз малдың мүмкiншiлiгiн бағамдауымыз керек. Әсiресе, жылқыны көп өсiрмесек, талай нәрседен кенжелеп қаламыз. Өйткенi жылқы малының сүтiн iшiп, етiн жеген адам көптеген ауруға қарсы тұра алады, денсаулығы мықты болады. Ал бiз қолымыздағы табиғи дәрi-дәрмектi лақтырып тастап, шетелдiк қолдан жасалған дәрi-дәрмектiң көмегiне душар боламыз.
– «Дүниежүзiлiк сауда ұйымына ұлттық бренд арқылы кiремiз» деп жар салып жатырмыз. Бiрақ сол ұлттық брендтi әлi айқындай қойғанымыз жоқ. Төрт түлiктен алынатын ұлттық өнiмдерiмiздi қаншалықты дәрiптей алып отырмыз? Бiздiңше, ұлттық бренд деген осы емес пе?
– Төрт түлiк мал жойылса, қазақ та тарих парағынан жойылады. Ал бұл оңай шаруа емес. Төрт түлiк мал көшпелi кезеңде қаншама салт-дәстүрдi, тiлдi, ырымды жасады. Соның бәрiнен бүгiнде айырылып қалдық. Қазiр орнымыздан тiк тұрып орыстың арағын iшiп, темекiсiн тартқаннан басқа ештеңенi дәрiптемеймiз. Кешегi тондар, елтiрi тымақтар қайда? Сүрленген еттерiмiз, сап-сары қымызымыз қайда? Қымызды бiздiң сусын деп немiстер ЮНЕСКО-дан өткiзiп, өзiне меншiктеп алды. Аталарымыз сонау кезден қымызды жасап келген. Ендi бабалары қымызды көрмеген ел бiздiкi деп, кеудесiн кередi. Абылай ханның ордасының айналасында он мың атты бие желiге байланған екен. Он мың боз биенiң сүтiн тек ақ сүйектер ғана iшедi. Немiстiң қай арғы атасы он мың боз бие сауып көрiптi. Бұл – бiздiң аталарымыздың ғана байлығы, дәулетi, артықшылығы. Соны да бiз осы күнге дейiн таныта алмай отырмыз ғой.
– Төрт түлiктен алған өнiмiмiздi шетелге шығаруымызға не кедергi болып отыр?
– Өзiң өндiрмей отырсаң, шетелге қайдан шықсын? Соңғы жылдарда қойдың терiсiн ешкiм алмайды. Ал ол – шикiзат, қойдың жүнi далада жатыр. Неге бiз оның қадiрiн бiлмеймiз? Сыртқа қарап, қол жайып, қайыршы болдық ақыры. Өз байлығымызды өзiмiз өндiре алмай отырмыз. Ал оны өңдеп сыртқа шығарсақ, мол пайдаға кенелемiз. Бұның барлығы мемлекетiмiздiң алдында тұрған мiндет болып табылады.
– «Қазақ төрт түлiк малдың арқасында көшiп-қонып жүрiп, мәдениеттi бай халыққа айналды» деп бiр сөзiңiзде айтып кеттiңiз?
– Қазақ отырықшы мәдениетпен көшпендi мәдениетiн қатар алып жүргеннiң арқасында бiраз сөздiк қор жинады. Мәселен: тамақты iшiп-жеудiң 200-ден аса атауы, бастың өзiнде 500-дей атау жиналған. Ал оған басқа сөздердi байланыстырып жiберсең 2000-дай атау шығады. Бiр ғана көздiң өзiнде 300-ге жуық атау бар. Қайсы ұлтта мұндай сөздiк қор бар. Қазақ тiлiн қадiрлеуiмiз керек. Қазақ тiлiнiң бай екенiне сенейiк. Өз тiлiмiздi өзiмiз құрметтейiк. Бiлмесек үйренейiк, бiлмегендерге көмектесейiк. Бiзде «холодильниктi» «тоңазытқыш» деймiз. Iшiндегi мұздататын жерiн «мұздатқыш» деймiз. Ал осыны қытайлар «беусан» дейдi. Аударғанда сандық дегендi бiлдiредi. Осы сөз бе? Ал мына тiлдiң байлығына келгенде, қазақ әлдеқайда алда тұр. Жолаушы тасымалдайтын көлiктер тоқтайтын жердi «аялдама» деймiз. Қандай жақсы сөз. Осы сынды сөздердi көбейтейiк. Жастар өз тiлiмiздi құрметтей бiлу керек. Қазақ тiлiнiң бай екенiн дәлелдейтiн мынадай мысалдар келтiрсе болады: Қытайлар тiлдiк қорды құрастырғанына 2300 жыл болған екен. 1968 жылы Тайваньнан келген деректе 1500 сөздiк қор жиналды делiнген. Одан кейiн мәлiмет кездестiргем жоқ. 500 мың түбiр – 50 мың әрiп. Ал бүкiл әлемде бiзден басқа тiл жоқ деп отырған ағылшындар 240 мың ғана түбiр сөз жинаған. Балтық бойындағы мемлекеттер 100 жылда 4,5 млн сөз жинаған. Түбiрi де, әрiпi де соның iшiнде. Қытай да, ағылшын да отырықты мәдениеттi жинап отыр. Ал қазақ бiр уақытта отырықты да көшпелi де мәдениеттi жинады. Балтық жағалауындағы мемлекеттер 4,5 млн сөз жинаса, қазақ халқы 10 млн сөз жинап отыр. Бiр миллион түбiр сөз бар деп отырмыз. Алайда бұл нақты анықталған жоқ. Қоржынымыздағы бар байлығымыз жоғалып бара жатыр. Тiлдi жоғалтпаудың бiрнеше жолы бар. Оның бәрiн алда келтiрiп кеттiм. Тек оған қосарым сөздiк қорды халық аузынан жинау керек. Сөздi әдебиеттен iздеп, жинаудың қажетi жоқ. Әдебиетте бар сөз айналымға кiрген. Ал бiзде айналымға кiрген 20-30 мың сөз ғана. Менiң келтiрiп жатқан мысалдарым тiлдiк қорда бар, әдебиетте тiркелмеген. Оны халық аузынан жинау керек. Мен тiгiстiң 76 атауын үш күн жүрiп жинағанмын. Тiлдi жинау үшiн бiрiншiден, мемлекет қаржы бөлсiн, екiншiден, халық аузынан жинайтын жасөспiрiмдердi тәрбиелеу керек. Елiмiзде 300 мыңға жуық оқушы бар. Әрқайсысына күнiне бiр сөзден жинап келудi ұстазы тапсырса, бiр жылда 360 мың сөз жинауға болады.
– «Ауырып ем iздегенше, ауырмаудың жолын iзде» демекшi, қазақ тiлiн жоғалтпау үшiн қандай шара қолдану қажет?
– Қазақ тiлiнiң жоғалуына тiкелей ғалымдар кiнәлi. Үкiмет тiлдiң құндылығын жоғалтпау үшiн бiрнеше шара қолдану қажет. Қазақ азаматтарының түйсiгiнде ұлттық рух деген сезiм жоқ. Ұлттық рух жоқ болғандығынан осындай күй кешiп отырмыз. Мен бiрде газет қарап отырып, «Иранда өзге тiлде ақпарат тарататын телеарна, радио, газеттер жабылып, өз тiлiнде хабар тарататын ақпарат құралдарына қолдау көрсетiлiп жатыр» деген ақпаратты көзiм шалып қалды. Ондай шараларды бiзде де қолданса артық болмас едi. Үкiмет Ата заңдағы «орыс тiлi – ресми тiл» деген бапты алып тастап, Парламент депутаттары, министрлердi қазақ тiлiнде сөйлеуге мiндеттейтiн өзгерiстер енгiзу керек. Қазақша сөйлемейтiн азаматтарды жауапты қызметке қоймасын.
Орыс тiлiнiң сөздiк қоры қазақ тiлiнiң үштен бiр бөлiгiн ғана құрайды. Мәселен, орыстарда әке, бала, немере деген туыстық атаулар бар да, одан басқа атау жоқ. Ал қазақ тiлiнде 350 туыстық атау бар. Әке, бала, немере, шөбере, немене деп кете берсең, он атау шығады. Ал әкеден жоғары қарай баба, ұлы баба деп кете берсең, тағы он атау шығады. Бiздiң сөздiк қор орыстарға қарағанда екi-үш есеге артық. Тек бiз сол барды қадiрлемей отырмыз.
– Ат жарыс, көкпар, бәйге тағысын тағы тiзбектелiп ат спортының түрлерi кете бередi. Жалпы ұлттық спортты санап шықсаң бiршама болар. Бiрақ бүгiнге дейiн Халықаралық аренадан көрiне қойған жоқ. Бұл сонда ұлттық спорттың осалдығы ма әлде қолдау көрмей отыр ма?
– Ұлттық спорт ойындары тым көп. Менiң қолымда Қытай қазақтарынан жинаған 270 ұлттық спорттың түрi бар. Құсбегiлiк деген – үлкен ғылым, оны зерттеу керек. Жошы ханның ордасында 3000 қыран құс болған. Абылай ханның ордасының маңында 9000 қыран ұсталған. Осындай тарихи деректерге қарағанда, бүгiнде құсбегiлiк ғылымы зерттелмей жүргенiн көрiп қарның ашады. Негiзi ЮНЕСКО-дан өткiзiп алатын дүниенiң бiрi осы. Шiркiн, Спорт және туризм министрлiгi осыған ие болса!! Тәуелсiздiк алғалы берi спорт және туризiм министрi бiрде-бiр рет ұлттық Спорт ойындарын көтерген жоқ. Мемлекеттен бөлiнген ақшаны шетелдiң спортына жұмсап отыр. Министрдiң бұл қылығын қалай түсiнсе болады? Жарайды, өзге елдiң спортына ақшаны бөлсiн, көтерсiн. Арасында ұлттық спортқа көңiл бөлсе артық болмас. Ұлттық спорттың ешқайсысын осал деп санауға болмайды. Құсбегiлiктi осал деп кiм айтады? Қазақ топырағында қыранның 11 түрi жаратылған. Спорт десе жанын берер азаматтар осыған ие болып, халықаралық деңгейге шығарса болады ғой. Бiраз жылдан кейiн бұл спорт түрiнен де айырыласың. Ағылшын, француз, немiс ұлттары құсбегiлiктi қолға алып, қызығушылық танытып жатыр. Ат спортының да 20-ға жуық түрi бар. Тек Спорт және туризм министрi ұлттық спорттың жүздеген түрi бар екенiне назар аударып, сақтап қалса болғаны.
ЕСТЕЛIК
– Менi 1947 жылы белгiсiз себеппен сегiз айға әскери қамауға алды. Сегiз ай үн-түнсiз жаттым. Бiр күнi бас штабтың барлау басқармасының орынбасары кiрiп келдi де маған қолын нұсқап «Жағда, – дедi. Сен ағардың («күнәң жоқ» деген сөзi ғой)», – дедi де есiктi жауып шығып кеттi. Содан штаб бастығына екi жол жаздым: «менiң iсiмдi сотқа берiңiз, болмаса түрмеден шығарыңыз», – дедiм. Содан менi екi әскер келiп, штаб басшысына алып барды. Ол маған қарады да «сен әлi жас екенсiң ғой», – дедi. Екi аптадан кейiн жаңағы екi жауынгер маған конверт әкелiп бердi. Ашып оқысам, «түрмеден шығарамын бiрақ, бас штабқа саяси басқарманың орынбасары боласың» деген бұйрық жазылыпты. Мен солай бiрден штабқа саяси басқарманың орынбасары болып кеттiм.