Жасан Зекейұлы, Халықаралық инемен емдеу академиясының мүшесі, медицина ғылымының докторы, профессор, академик:
Шығыс-Тибет медицинасы біздің еліміз үшін күні бүгінге дейін қыр-сыры белгісіз ғылым болды. Оның ауруға пайдасы зор екенін сіз арқылы танып-біліп жатырмыз. Осы орайда аталмыш ілімнің ерекшелігі жөнінде кеңінен әңгімелеп берсеңіз...
— Бұл ғылым негізінен Қытайда жақсы дамыған. Біздің одан хабарсыз қалуымыздың басты себебі Қазақстан 70 жыл Ресейдің құрамында болғандықтан, КСРО шекарасын асып келіп, біздің елімізде дамуына мүмкіншілік болмады. Егемендік алғаннан кейін, ел арасындағы тығыз байланыс пен адамдардың қарым-қатынасы нәтижесінде ғана ел ішіне тарала бастады. Шығыс-Тибет медицинасы байырғы бес мың жылдық тарихы бар Шығыс елінің медицинасымен ұштасып жатыр. Бұл саланың басты мақсаты — адам денесіндегі табиғи энергия көздерін ашу. Табиғи энергия көздерінде 12 жұп, 24 меридиандық жолдар болады. Онда 700-ден астам нүктелер бар. Солардың барлығы адамдардың 12 мүшесімен жалғасып жатыр. Инелер сол нүктелер арқылы адамдардың ішкі ағзасын емдейді. Дәрі кейде бір жеріңізді емдегенімен, екінші жеріңізге зардабын тигізеді. Оның үстіне еліміздегі медициналық қызметтің нашарлығы да рас. Соның айғағы, қазір халық жағдайы келсе, шетел асып емделуге тырысады. Себебі еліміздің медицинасына сенбейді. Ал алтын ине емі басқа жеріңізге зиянын тигізбей, тек ауырған жеріңізге ғана бағытталады. Және біз бел омыртқасының жарығы, мастопатия секілді ауруларды отасыз емдейміз. Мысалы, инсульт алған адам сал болып қалады. Медицина инсульт алған адамды алғашқы көмек жасап, бетін бері қаратқанымен науқастың одан әрі қарай аяқтан тұрып кетуіне қауқарсыз. Ал ол адамның бұрынғыдай аяқтан тұрып кетуіне тікелей көмек жасайтын Шығыс-Тибет медицинасы. Алтын ине емі адамды емдеп қана қоймай адамның бойындағы ауруға деген қарсылық иммунитетін көтеріп, адамның бойындағы қуат көздерін ашады. Кейде адам күнделікті қым-қуыт тіршілік, мазасыз жұмыс, ластанған ауа мен дұрыс тамақтанбау секілді күнделікті режимнің бұзылуынан шаршап, әлсірейді. Көптеген өркениетті елдерде адамдар ауырмай-ақ, бойындағы әлсіздікті жойып, дене қуатын арттыру үшін Шығыс-Тибет медицинасының қызметіне жүгінеді. Адам бойындағы қуат көздері жеткілікті жұмыс істесе, кез келген ауруға төтеп бере алады. Шығыс-Тибет медицинасын зерттеп, жұмыс істеп жатқаныма қазір 20 жылдай болды. Ал медициналық орталықты ашқаныма 5 жыл. Осы уақытқа дейін 40 мыңдай адам ем алды. Оның ішінде әлеуметтік жағдайы нашар 1500-дей адамға тегін ем жасалды.
— Бірнеше профессорлар мен академиктер «Үкіметке үндеу жазды» деп естідік. Солардың ішінде сіз де бар екенсіз. Үндеу жазуларыңызға не себеп болды?
— Дүниежүзілік қаржы дағдарысын пайдаланып, кейбір азаматтар адам емдеуді бизнес көзіне айналдыруда. Қазіргі таңда Қытайдың Да Лиян қаласындағы Шығыс-Тибет медицинасымен айналысатын орталықты елордамыз Астанаға әкелуге мүдделі болып отырғандар бар. Бір анығы, Қытай жақсысын сыртқа жібермейді. Қытайда өз Үкіметінен қолдау таппай отырған бұл орталықты елордамызға әкелу – өзге елдің қаңсығын таңсық көрумен барабар. Шындығына келер болсақ, қаны қазақ, Шығыс-Тибет медицинасынан кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған білгір мамандар Қытайда жетерлік. Тіпті олар елге оралуға ниетті. Неге соларды әкелмеске?! Олардың көп бөлігі Қазақстанға көшіп келіп, осында тұрып жатыр, жұмыссыз жүргендері де жетерлік. Қытайдан гөрі білгір маман қандасымыз артық емес пе?! Таяуда ғана Президентіміздің өзі халыққа Жолдауында шетелден маман әкелуді тоқтатып, ең алдымен отандық мамандар мен ішкі еңбек күшін жұмыспен қамтуды атап өтті. Ендеше, қытайлықтарды жерімізге әкелу арқылы біз не ұтамыз? Шетелден барып білім үйренетіндердің өзіне медициналық құпиясын ашпайтын Қытайдың ем-домшылары біздің елді емдеуі былай тұрсын, жымысқы саясат жүргізбейтініне кім кепіл? Олар Қазақстанға жаны ашып емес, нан табу мақсатында келуде. Сондықтан шетелдің көзбояушыларына жол бермей, Астанамызда заманауи техникалармен жабдықталған, отандық мамандар топтасқан, жалған емшілерге де тосқауыл бола алатын бір орталық ашу қажет. Бұл – бір жағынан, ұлттық қауіпсіздігімізге тиімді болса, екіншіден, өз мамандарымызды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жайлар 100 шақты профессор мен академиктердің Үкіметке хат жазуына түрткі болды.
— Қытайлықтар күнделікті тұтынатын тауарымызды басып алды, мұнайымыздың да бір пұшпағын иемденді. Енді медицинамызға ауыз салуға талпынуда. Осы орайда көпшілік «қытай үнсіз жаулайды» деген пікір айтып жүр. Жалпы, біздің елімізге қытайлықтардан осындай қауіп бар ма?
— Егер шынымен Астананың қақ төрінен медициналық орталық ашып алса, қауіп болады деуге негіз бар. Онда жанды жерімізден ауыз салды деп те айтуға болады. Ал қытайлық сапасыз тауарға келер болсақ, бұған алдымен өзіміз кінәліміз. Дәл қазіргі кезеңде біз Қытай тауарына өзіміз мүдделі болып отырмыз. Олар жаулайтын болса зиянды тағамымен улау арқылы емес, өз қызмет түрін мойындату арқылы жаулайды. Олардың «Қазақстанға жөнелтеміз» деп әдейілеп сапасыз тауар шығарумен айналысып жатқан зауыттарын көргенім жоқ. Басқа елдер алдында ұятқа қалмас үшін олар ондай тірлікке бармайды да. Қазір қытайлықтардың жалпы саны 2 миллиардқа жетіп қалды. Осынша адамды тұтыну тауарларымен қамту мүмкін емес. Сондықтан халыққа арнап сапалы да, саны көп, сапасы жоқ тауар да шығарады. Себебі 2 миллиард халықтың бәрін сапалы тауармен қамту мүмкін емес. Ал біз олардың сапасыз тауарына «ортақтасамыз». Бұған ең алдымен елімізге ала дорбамен тауар тасымалдап жатқан кәсіпкерлер кінәлі. Болмаса, алманың отаны – Алматыда тұрып, ауламыздан бір себет алма жинай алмай отырмыз. Қытайдың 2 миллиард халқын қамтамасыз ету үшін көп өнім беретін тыңайтқышпен улап тастаған алмасына ұмтыламыз. Жұртты кінәлаудан бұрын өзімізге қарап алуымыз керек. Өз-өзімізді қамтамасыз етіп, қытайға ауыз ашпайтын болсақ, кім бізге қой деп отыр...
— Жалпы, Қытайдың қай жағынан болсын алға озып, дамуында не сыр бар?
— Қазір Американың өзі Қытаймен санасады. Қытай көп салада алда келе жатыр. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Қытайдың белгілі ғұламасы «Біз ғылыммен ғана алдыңғы орынға шығамыз» деген еді. Аспан асты елі әлі күнге осы қағидамен өмір сүріп келеді. Қазір Қытай сол ғылымымен технологиясы, экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарына шығып отыр. Ал біз қазір тек мұнайға сеніп алдық. Байлық қашанға жетеді? Ертең ол таусылса, күніміз не болады?! Сондықтан бізге де басшылыққа ғылымды алатын кез жетті.
— Әңгімемізді медицина саласына бұрсақ, қазір адамдар көбінесе қандай ауру түрімен жиі шағымданады?
— Бүгінгі таңда аурудың барлық түрі дерлік жасарып кетті. Бұрын инсультпен тек жасы келген адамдар ғана ауырса, қазір қалшылдаған жастардың өзі инсульт алып жатады. Тек қана Алматы қаласының өзінде күн сайын 10-11 адам инсульт ауруымен тіркелсе, бір күн ішінде екі-үш адам инсульт салдарынан қаза табады екен. Бұрын 70-80-ге келген қарттарды «белінен шойырылып қапты, қарттық қой» — деп жататын, қазір белінен шойырылып жастар келіп тұрады. Себебі адамдардың көптеп қалаға ойысуымен, халқымыздың тұрмыс салты өзгерді. Соған сай сүйек өсуінде де өзгерістер болып жатыр. Сүйек арасындағы өзгеріс жұмсарғаннан кейін сіңірлер қысылып, арада жарықтар пайда болып жатады. Ол жастардың белінің құяңы ұстауға себеп болады. Бұрын жастар үйленгеннен кейін келер жылы сол уақытта ата-бабаларымыз сәби күтіп отыратын. Қазір үйленгеніне 5-6 жыл болған, бірақ бала көтере алмай жүрген жастар өте көп.
— Диагнозды тамыр басу арқылы анықтайды екенсіз. Тамыр басу арқылы барлық ауруларды анықтауға бола ма?
— Тибет медицинасының басты методикасы – тамыр басу. Қанның көтеріліп немесе түсіп тұрғанын, қан айналымының бұзылғанын, анықтауға толық мүмкіндік бар. Тамыр басумен анықталмайтын да аурулар бар. Мәселен, бүйректегі тасты, сынған сүйекті, жұқпалы ауруларды тамыр басу арқылы анықтай алмайсыз.
— Аурулардың бәрінің айығуына толық кепілдік бар ма?
— Тибеттік емнің негізі қаланған Қытайда арнаулы Тибеттік зерттеу академиясы бар. Сол академияның зерттеуі бойынша осы ауруларды емдеп жазуға болады деген шешім шығарған. Мен пәлен ауруды емдеп жаздым деп мақтанбай-ақ қояйын. Талай рет медицинада «кеспесе болмайды» деп, диагноз қойылған мастопатия секілді ауруларды екі сеанста емдеп жазған күндеріміз болды.
— Кіреберіске қазақтың түбіне жететін төрт кесел бар. Олар күншілдік, жалқаулық, рушылдық, намыссыздық деп жазып қоюыңыздың себебі неде?
— Біз барымызды қадірлей алмайтын елміз. Елімізде адам құндылығы сақталмаған. Кезінде спорт шебері атанып, қазаққа талай алтын, күміс әперген тарландарымыздың аула сыпырып жүргені бар. Түскен киносы қазақ елінің алтын қорына сақталған шеберлерімізді анда-санда журналистеріміз «сіз қайда жүрсіз?» деп іздеп қойғаны болмаса, мемлекеттің іздеп жатқанын естімейміз. Осындай адамдарымыз бола тұра шетелден бапкер шақыртып, шетелден актер іздейміз. Жат елдің адамының жүрегі қазақ деп соғып, қазаққа жаны ашып тірлік ете алмайтыны бесенеден белгілі ғой. Ендеше, өзіміздің саф алтынымыз тұрғанда, неге біреудің қаңсығын таңсық көреміз?! Тіпті біреуге иек артуға неге намыстанбаймыз?! Мұның себебі біз күншілміз, намыссызбыз. Бір-бірімізді көре алмаймыз. Қазақтың қазақша сөйлемеуі, шетелден бапкер, әртіс шақыртуы – бәрі айналып келгенде, намыссыздығынан... Намыссыздықтан қорқуымыз керек. Мен Қытайда жүріп, қытай қызына үйленген бір қазақ жігітті көргенім жоқ. Ал Қазақстанда қазақ қызына үйленген талай қытайды көрдім. Тағы да сол намыссыздығымыздан. Қытай елі кезінде шенеунік болған адамын кейін ол орнынан түсіп қалса да төбесіне көтереді. Ал біз елеусіз қалдыра салуға үйренгенбіз. «Жүзігі бар да Сүлеймен, жүзігі жоқта сүмірейген» болады да шығады. Қытайлықтар белгілі адамы орнынан түсіп қалса да арнайы мәшинесі мен жүргізушісін, оққағарын беріп қояды. Ең бастысы, адамдық құндылық сақталады. Ал бізде адамдық құндылық аяқ асты болып тапталуда. Жақында менің қабылдауымда кезінде белгілі депутат болған кісі болды. Бүгінде ешкім іздемейтін халге жеткен. Оны көрген бүгінгі ұрпақ халыққа қызмет етуден де бас тартпасына кім кепіл?! Осы секілді кемшіліктердің барлығының түп төркіні жоғарыдағы төрт кемшілігімізден. Қай кезде де дұшпан қарсыласының жанды тұсынан ұстағысы келеді. Біздің кемшілігіміз әрдайым қаперімізде болып, жоюға тырыссақ екен деген ниетпен оны кіреберіске жазып, іліп қойдым.
— Қазір ел арасында жалған емшілер көбейіп кетті. Жалған емшілердің әрекетіне тосқауыл қоя аламыз ба?
— Бұл жалған емшілердің әрекетін сіз бен біз дәлелдей алмаймыз. Бұған мемлекеттік тұрғыдан тосқауыл керек. Халық емшілеріне арнап, міндетті түрде Астана немесе Алматыдан арнайы бір орталық құрылуы керек. Ал қалтасын қағып, алаяқтарға алданғысы келмегендер осы орталықтан басқа жерге бармасын. Орталықты әрбір жұмысы үшін заң алдында жауап беруге міндеттеуіміз керек. Арнайы комиссия орталықтың жұмысына тексеру жүргізіп отырса құба-құп. Бір кездері мұндай алаяқтар Қытайда да қаптады. Алайда олар осы әдіс арқылы оларға тосқауыл қойды.
Датым!
Мен датым ретінде ана тілдің мәселесін айтқым келеді. Қазақ тілінің Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Қазақ тілін көтеретін де, қадірлейтін де — Қазақстан. Алайда қазақ тілі Қазақстанда жетімсіреп жүр. Мен Қытайда жүргенде мамандығым да, кәсібім де болды. Бірақ тойған жерінде жүре беретін ит емеспін ғой, туған жеріме барайын деген шешімге келіп, еліме келгендегі ең бірінші кедергі қазақ тілін білмеуім емес, орыс тілін білмеуім болды. Біз Қытайдан оқу үшін кетіп бара жатырмыз демесек, жібермейтін. Сондықтан мен қайтсем де Қазақстанда аспирантураға түсуім керек болды. Ал орыс тілін білмесең, аспирантураның есігінен де сығалатпайтын. Сол үрдіс әлі күнге дейін бар. Алдағы уақытта ана тілімізді дамыту басты мәселеміз болуы керек. Керек десең, қазақша білмейтін адамға айыппұл төлету керек.
Сөз арасында
Есірткі сатушыларды әлі күнге құрықтай алмай келеміз. Неге? Себебі біздің заңнан ешкім қорықпайды. Қытайда бір рет ескертеді. Екінші рет есірткі сатып ұсталса, бірден атады. Бізге де осындай тәртіп керек. Жақында құқық қорғау органының маманымен осы мәселе жөнінде сөзге келіп қалдым. Ол «бізге ол тәртіп жарамайды. Біздің ЕҚЫҰ-мен келісіміміз бар» — дейді. Әр мемлекеттің даму ерекшелігіне байланысты өзіндік тәртібі болуы керек қой. Мақұл, елдер арасында адам құқы туралы заңдар қабылдансын. Бірақ «ерекше жағдайларда қолданылады» деп жазып қойса болады ғой.