Қазақтың қанына сіңген жылқыға деген сүйіспеншілігі жойылып кете ме деп қорқамын

Жанмырза Нұрмағанбетов, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, техника ғылымының докторы, профессор:

– Жанмырза Омарұлы, сіз басқарып отырған Павлодардағы педагогикалық институт – мемлекеттік мәртебеге ие оқу орны. Институтқа бір тұлғаның есімі бұйырмай келе жатқанына да біраз уақыт болып қалды. Осы мәселе жөнінде қандай шаралар жүзеге асып жатыр?
– Павлодар облысының жыл сайын мек­теп түлектерінің білім көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда келе жатқаны бүкіл елге мәлім. Бірыңғай ұлттық тесті­леуде, республикалық, халықаралық білім сайыстарында біздің өңірдің оқушы­лары топ бастап жүр. Сол оқушыларға тәлім беріп, білім нәрімен сусындатып жүрген облыстағы ұстаздардың еңбегі ерен. Облыстағы жалпы педагогтердің басым бөлігі – осы біздің педагогикалық институт­тан түлеп ұшқан мамандар. Облыстағы оқушылардың білім деңгейі біздің институттың қандай мамандар даярлап жатқанын көрсетіп отыр. Мақтанғаным емес, 48 жылдық тарихы бар білім орда­сы облыстық, республикалық деңгейде көрініп жүрген педагог мамандарды дайындап шығарды. Облыстағы беделді оқу орын­дарының бірегейі болып табылатын біздің институтқа осы өңірден шыққан тұлғалар­дың бірінің есімін берсе деген ниет бар. Бұл мәселе қоғам талқысына шығып кетті. Көптеген ұсыныстың түсуі соның бір айғағы болса керек. Менің ойымша, әмбебап білім ордасын Павлодар жұртшылығына ғана емес, тұтас қазақ ұлтына танымал тұлға, үл­кен әулие болған Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлының есімімен атаған дұрыс. Бұл пікірімді басылым бет­теріне шыққанда, үлкен басқосуларда ауық-ауық қозғап жүрмін. Менің бұл пікірімді өңірдегі ақсақалдар, зиялы қауым қолдап отыр. Құранды қазақ­шаға тәс­пірлеп, қара өлеңмен түсіндірген шешен, әулие, жалпы, бесаспап болған Мәшекеңді Павлодар ғана емес, бүкіл ел жақсы біледі. Ол кісінің 20 томдығы жарық­қа шығып, елімен қайта қауышып жатыр. Әлі де 20 томға жетерлік ең­бектері зерттелмей жатыр. Өткен ғасырдың басын­да осындай мұра қал­дырып кеткен тұл­ғаның еңбектерін қазіргі ақпараттық заман­да ешкім жасай алмай келе жатыр. Сан саланы бір өзі меңгерген Мәшекеңдей тұлғаның есімін облыс жастарына жан-жақты білім беріп отырған білім ордасына беріп жатса, құба-құп болар еді. «Мәшһүр Жүсіп институтында оқып жүрмін» деген ой кез келген балаға қуат береді деп ой­лаймын.
– Білім ордасының басшысы – өзіңіз бастап институтқа ат беру мәселесіне мүдделі болып жүрсіз. Тұлғаның есімін беруге не кедергі?
– Халықты құлақтандырып, насихат жұмыстарынсыз бірден өзгерте салу мүмкін емес. Оның үстіне, әңгіме басында айтып өттім ғой, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көптеген ұсыныс жасалған. Көрнекті жазушы Сәбит Дөнентаевтың есі­мін беру туралы ұсыныс-пікірлер болды. Яғни облыс жұртшылығы бір тоқтамға келе алмай отыр, біздің қаланың аты да осындай қызу пікірталас тудырды. 60 пайыз қазақтар болса, солардың өзі бір тоқтамға келе алмай отыр. Біреуі Кереку, енді бірі Баянауыл деп атайық деген ұсы­ныстар айтады. Солардың барлығы насихат жұмыстары үшін жүргізіліп жатыр. Бүкіл республика деңгейінде құлақтандыру жұ­мыстары жүргізілуде. Қаланың аты да түптің түбінде ауысары сөзсіз. Дәл сол сияқ­ты институтқа да тұлға есімін беру мәселесін облыстық деңгейде насихаттай беруіміз қажет деп ойлаймын. Қазір осы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақыт­та Мәшекеңнің есімін беру үшін аянып қалмаймын.
– Қазір – қазақтың ұлттық құндылықтарын сақтап қалу үшін жанталасып жатқан уақыт. Осындай кезеңде білім ордасының жұмысынан бөлек, өзіңіз бастап ұлттық спорт түрлерін дамытуға күш салып жатқаныңызды естіп жатырмыз. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз дөңгеленіп жатыр ма?
– Қазақтың төл ойындары үлкен спорт­қа айналуы тиіс. Мысалы, аударыс­пақты ғана алып қарайтын болсақ, ата-бабала­рымыз жаугершілік замандарда өздерінің спорттық дене бітімдерін сақтап тұру үшін осы бір ойынды тұрақты түрде ұйымдас­тырып тұрған. Қазір олимпиада­ларға, әлем бірін­шіліктері мен құрлық жарыс­тарына қатысатын спортшылар спорттық бабын сақтап тұру үшін қалай жаттығады, қазақтар ежелден атүсті жекпе-жектеріне аударыспақ арқылы дәл солай машыққан. Ұлттық спорт­­ты дамыту мақсатында бүкіл рес­публика бо­лып жұмылып жатырмыз ғой. Бірақ Қазақстан бойынша арнайы маман­дар, атбегілер дайындайтын бірде-бір жоға­ры оқу орны жоқ екен. Қазір жылқы өсірумен, баптаумен айналысатын бірнеше клуб құрылып жатыр. Респуб­ликалық мектеп­тер бар. Сол жерге аттың жөнін білетін ауыл­дағы ағаларымыз бара­ды, бірақ арнайы дип­ломы жоқ деп жұ­мысқа алмайды. Жылқы баптау үшін ар­найы клуб­тар шетел­ден мамандар әкеліп жатады. Жылқының қадірін түсінетін, жыл­қы бала­сын қазақтан артық білетін жер бетінде басқа ұлт бар дегенге келісе алмай­мын. Республикадағы педагогикалық инс­титут­­тардың дене­ шы­нық­­тыру фа­культет­­терін бітіріп шыққан мамандардың өздерін ат спорты клубтары жұмысқа алмай жата­ды, тіпті жұмысқа алған күннің өзінде шетелден келетін мамандардың қасында өте төмен деңгейде жалақы тағайындап қояды. Айтатындары жергілікті атбегілердің арнау­лы дипломы жоқ дегеннен аспайды. Жергі­лікті атбегілер аттың қыр-сырын терең мең­герген болса да, дипломы жоқ бол­ғандықтан, жұмыссыз қалып отыр. Осы бір үрдіске өзіміздің бір пайдамызды тигізу үшін және де солтүстік өңірлерде жойылу­дың аз-ақ алдында қалған ат спортына кі­ретін қыз қуу, аламан, аударыспақ, теңге ілу сияқты төл ойын­дарымызды қайта жаңғыртуға бел буғаны­мызға екі жыл болды. Бүкіл Қазақстан бойынша біз бірінші болып қолға алып, педагогикалық институт­тың ішінде арнайы атбегі мамандар даяр­лап жатырмыз. Оған дейін де біз институт жанындағы колледжде ат спорты бойынша кадрлар әзірлеген болатынбыз. Үш күн қазақ күресімен айналысып, үш күн ат спор­тының сек­циясына барып жүріп, был­тыр колледжді тамамдады. Қазір солар инс­титутта білім­дерін одан ары жетілдіріп жатыр. Арнайы базамыз жоқ болғандықтан, әзірше студент­теріміз қаланың шетінде Кенжекөл деген ауылдағы балалар спорт мектебіне барып, тәжірибеден өтіп жүр. Сол жердегі аттарды бәйгеге жаратып, көкпарға әзірлеу жұмыстарына белсене ара­ласып жүр. Біздің ат спортына ден қой­ғандағы мақсатымыз  бәйгеден көлік пен теледидар ұтып алу емес. Көздегеніміз – әлі күнге дейін жо­ғарғы деңгейге көтеріле ал­май келе жатқан ұлттық спортымызға арнайы мамандар даярлау. Біздің институт­қа ауылдың жас­тары көптеп келеді. Солар ертең ауыл­дарына барып, өздерінен кейін өсіп келе жатқан жасөспірімдерге ат спор­ты­­ның қыр-сырын үйретсе екен дей­мін. Осылай жылқы шаруашылығының дамуы­на түрткі болсақ деген үмітіміз де жоқ емес. Біле білген адамға ат спортының тәрбиелік мәні өте зор. Бәйгеге бес-алты жастағы бала­­лар шабады ғой. Сол балалар атбе­гі­лер­­дің жанында жүріп өседі. Міне, мұндай бала­лардан ешқашан жаман адам шық­пай­ды. Құдай қаласа, ат спорты ма­ман­ды­ғы бойын­ша білім алғысы келетін жаста­ры­­мыздың қатары көбейсе, институт­тың өзіне жылқылар сатып алу ойымызда бар. База­ларды жалға аламыз. Егер ісіміз дөң­ге­леніп жатса, арнайы базалар ашуымыз мүмкін.
– Ат спортының бәйге саласы бойынша Еуропа мемлекеттері алдыңғы қатарға шығып кетті. Тіпті спорттық арналарда олардың жарыстарын көрсетіп жатады. Шетелдік атбегілердің тәжірибесі де мол. Сол мамандармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу жоспарда бар ма?
– Әрине, еуропалықтар бәйгеге қатты көңіл бөліп жатыр. Мықты мамандар бар­шы­­лық. Дипломдық жұмысының тақырыбы ат спортына қатысты бір магистрантымызды былтыр Беларусь еліне жібергенбіз. Сонда сол баламыз белорустардың атқа қанша­лықты көңіл бөлетінін көріп, таңғалып келді. Тіпті бір институтта ат спорты кафед­расы бар екен. Арнайы базалары құрылған. Жыл­­қыларға, атбегі мамандарға барлық жағдай жасалған дейді. Еуропаның көпте­ген мемлекетінде арнайы мектептер­ден бастап, жоғары оқу орындарына дейін ат спортына қатысты бөлімдер бар. Бір оқу орны бірнеше арнайы базаға ие. Біз қазақ­пыз, қазақтың жылқыға деген махаббаты қанына сіңген дейміз. Сөзбен айтқанда түбін түсіреміз. Бірақ нақты іспен айналысу аты­мен жоқ. Енді ғана қолға алып, кірісіп жатыр­мыз. Шетелдік мамандармен байла­нысқа келер болсақ, студенттерімізді тәжі­рибеден өту үшін жіберіп тұрамыз. Сол жастарымыз шет мемлекеттердің тәжірибе­лерін үйренсе, бізге әкелер деген ниетіміз бар. Алдағы уақытта студенттеріміздің саны көбейіп жатса, байланыстарды тереңдете түсеміз.
– Жылқы саласын зерттеп жүрген ғалымдарымыз қазақтың төл жылқысының құрып бара жатқанын айтады. Сіз не дейсіз?
– Қазір ірі бизнесмен азаматтар бәйге алуды, өзінің атағын шығаруды ғана ойлап, еуропалық, ағылшын тұқымын, түркіменнің ақалтекесін өсіруді әдет қылып алды ғой. Қаржысы бар сондай азаматтар қазақтың төл жылқысының өсуіне үлес қосса ғой. Дегенмен Қостанай қаласында жылқы зауыты бар. Мемлекет қамқорлығындағы сол орталықта қазақтың жылқылары өсі­ріліп жатыр. Бірақ баяғы қазақнаттың дең­гейіне жеткізу үшін қыруар шаруаны атқару қажет. Ол үшін ғылыми зерттеулер, тәжіри­белер керек. Әзірге ондай шаруаларды атқаруға біздің шамамыз келмейді. Біздікі – тек қазақтың ұлттық ат спортын жаңғыр­тып, дәріптеу ғана.
– Тағы бір ұлттық спортымыз – қазақша күрес бойынша облыстық федерацияны басқарып отырсыз. Жапондар – дзюдосын, корейлер таэквондосын тегін жарыстар өткізу арқылы кеңінен насихаттап, әлемді жаулап алды. Тіпті олимпиада ойындарының санатына дейін көтерді. Қазақтың күресін халық­аралық деңгейге көтеру үшін нендей шараларды қолға алу керек деп ойлайсыз?
– Қазақ күресінің бүгінгі жай-күйіне келер болсақ, тау қопарып, әлемдік сипатқа ие болатындай дәрежеге көтерілмесек те, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жақында ғана Астана қаласында қазақ күресінен үшінші рет әлем біріншілігі ұйымдас­тырыл­ды. Азия біріншілігін де өткізіп жүрміз. Туризм және спорт министрінің өзі қазақ күресін Азия ойындарының қатарына енгіземіз дегенді айтқан болатын. Азия ойын­дарының деңгейін жақсы білесіздер, кіші олимпиада десек те болады. Егер Азия ойындарының санатына енсе, қазақ күре­сінің танымалдық деңгейі де көтеріле түсетіні сөзсіз. Жалпы, қазақ күресі аузы­мыз­­дың суы құрып айтатын жапонның дзюдосынан еш кем емес. Қазақ күресін еркін меңгерген әрбір спортшыға қазақ­тың күртешесін кимоноға айырбас­тап, кез келген сәтте дзюдоның әдістерімен күресе беруге болады. Әлемге тарату үшін алдымен өз елімізде бұқаралық сипатқа айналдыруымыз қажет. Ол үшін ауылдық деңгейден бастап, республика көлеміне дейін жарыстар жиі ұйымдастырылып тұруы шарт. Тәуелсіздік алғанымызға жиыр­ма жылға толар-толмас уақыт болса да, бүкіл әлем бізді таныды. Астана мен Алматыда өткізілгелі отырған қысқы Азия ойындары қазақ елінің танымалдығын одан ары арттыра түспек. Спортқа жақын ел екенімізді жалпақ әлемге паш ете алсақ, халықаралық жарыстарды жиі ұйым­дастырып, аудиториясын кеңейте алсақ, олимпиадалық ойындардың да қатарына енгізуге талпыныс жасауға болады. Қазір олимпиадалық ойындардың қатарында жүрген еркін күресте, грек-рим күресінде балуандар кейде уақыт ұту үшін белдеспей жүріп алады. Ал бұл көрерменді жалық­тырып жібереді. Ал қазақ күресінде әдіске салып тастап жібергеннен кейін тоқтатылып, белдесу қайта жалғасады. Уақытты созып жүріп алған спортшыға ескерту беріледі. Яғни өзге күрес түрлеріне қара­ғанда әлдеқайда қызықты. Бұл – таза білек­­тің күшіне сүйенетін, тынымсыз қоз­ғалысты қажет ететін белдесу.
– Үш бірдей әлем біріншілігін ұйымдастырдық деп отырсыз. Қазақ күресі кеңінен насихатталмай жатқаны белгілі. Осындай кезде әлем біріншіліктерін ұйымдас­тырып, жүлде біткеннің бәрін өз қоржынымызға салып алып жүрген жоқпыз ба?
– Бұрынғы әлем біріншіліктеріне қатыс­қан мемлекеттердің саны аз болғаны рас. Бірақ осы үшінші әлем біріншілігінде 39 мем­лекеттен балуандар келді. Осынша мем­лекеттен балуандар келгеніне қара­ғанда, бұрынғы жарыстар арқылы қазақ күре­сін насихаттай алған сияқтымыз. Әри­не, қазақтар көп жүлде алып жатса, ол – заң­дылық. Себебі қазақ күресін қазақтан артық меңгерген ұлт жоқ. Республика бойын­ша арнайы мектептер осы қазақ күре­сі бойынша шәкірттер әзірлеп жатыр. Қызылорда облысы жастарды іріктеуде жақсы жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бірақ бірінші орын алғандардың арасында латыш балуаны болды. Абсолютті салмақ бойынша белдесуде ресейлік спортшы екінші орын алды. Күміс пен қола медальдардың бірша­масы шетелдіктердің қоржынында кетті. Сондықтан жүлденің бәрін өзіміз алып қала­тын жарыс емес, әділетті түрде төрелік жасалған әлем біріншілігін өткіздік деп айта аламын.
– Облыстық федерацияның басшысы ретінде сіз қандай шаруалар жүргізіп жатырсыз?
– Менің бұл қызметке тағайын­дал­ға­ны­ма көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ институт қабырғасынан, колледжде қазақ күресінен бапкерлер шақыртып, секциялар аштым. Қызығып, дайындыққа келіп жат­қан­дар­дың саны күн санап артып келеді. Спорт мектеп­терінде шәкірттер тәрбиелеу жұ­мыс­тары дұрыс жолға қойылған. Инсти­тут­та жылына екі-үш рет облыстық бірін­ші­лік өткізіп тұрамыз. Бұл да болса – наси­хат.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Мені қынжылтатыны,  қазір ауылдық жерлерде жылқы өсіріп, ат жарату жағы кемшін. Жайылым, қора-қопсылардан таршылық көрмейтін, зор мүмкіндіктері бола тұра, жылқы асырамайтындарына таңмын. Қыстың бораны мен аязында өз қорегін өзі тауып жейтін, тебінге икемі бар, шыдамды жылқыны бағуды ауырсынатындар көп. Қазіргі балалардың құлағын бұрасаң да, компьютерден тұрғыза алмайсың. Оларға жылқыдан гөрі, атыс-шабысқа толы компьютерлік ойындар қымбат болып барады. Осындай жайттарға қарап, қазақтың қанына сіңген жылқыға деген сүйіспеншілігі жойылып кете ме деп қорқамын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста