Қазақтың ендігі қасіреті ұлтшылдықтан емес, рушылдықтан тууы мүмкін

Қазақтың ендігі қасіреті ұлтшылдықтан емес, рушылдықтан тууы мүмкін

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры, ақын:

– Ханбибі Есенқарақызы, жақында Астана қаласында Сізге «Тіл жанашыры» деген құрмет белгісі тапсырылды.
Қуаныш құтты болсын!
– Рақмет. Тіл мәселесіне келсек, сонау 1989 жылдан бастап (одан бұрынғыны қоспағанда) осы мемлекеттік тілдің жүзеге асуы жолында тер төгіп келемін десем, ешкім жоққа шығара алмас. Облыстық қазақ тілі қоғамын басқарып, тіл туралы заңның жобасын жасауға атсалысқан­дардың бірімін. Сол жылдары мемлекеттік тіл 2000 жылы толықтай іске асады дегенді естігенімде «қандай көп уақыт» деп ренжіп едім. Сол ренішім бүгінде қайғыға ай­нал­ды. Себебі енді тіл бағдарламасы  2020 жылға дейін  сағызша созылып отыр. Бұл, әрине, менің жанымды ауыртады.

1992 жылы «Жан айқайы» деген кітабымда:

Ана тілім – таңдайыма жабысқан,
Басқа тілдер – көмейімде табысқан.
Өзге тілдер – тірі тышқан болғанда,
Ана тілім ажал құшқан арыстан...

Не есітіп, не көрмеді бұл басым,
Шындықты айтсам,
кетті өкпелеп құрдасым.
Ауызым да «арендаға» берілген,
Күні бітпес, Құдай шындап ұрғасын!... – десем,

Тағы бірде:
Құрғақ сөзді айта-айта жалықтым,
Сұрауы жоқ, жергілікті халықтың.
Нарқоспаққа  бағаланған ағалар,
Кетті айналып, артын бағып әліптің!

Суға түссе, судан шығып құрғақ-ақ,
Екі шоқып, жан-жағына бір қарап:
«Тілім», «жерім» «елім» дейді көлгірсіп,
Жайлы орынға жеткенінше сырғанап...

Маңымдағылардан қайран болмаған соң:

Өзегі жоқ, тілі жоқ, ойланбаған,
Қабағыңды қайтейін жайраңдаған.
Өзгелердің табар ек емін іздеп,
Мен өзімді қайтейін қайран бабам! – деп.
Қабанбай, Бөгенбайлардың аруағына да өксіген кездерім болды.

–  Әлі де жазып бересіз бе, өлең бе?
– Жоқ!  Малтаны езе беріп, популист болғым келмейді. Айтқан сөзің өтпесе, діттеген жерге жетпесе, не істеу керек? Ана тілінің қайғысын өлең айтып жүріп іздеген түйесі жоғалмағандар, сылқым жүріп, күле сөйлегендердің тасы өрге домалап, қызмет басқыштары жоғарылай берді, ал менің басқыштарым төмендей берді. Бірақ қара басым төмендеген жоқ. Есесіне, халқыма біртабан жақындай түстім. Жардан ұшсам, қағып алар халқым барына сендім.
– Сіздіңше,  ана тіліміздің Қазақстан қоғамында кең қолданысқа ене алмауының себебі неде деп ойлайсыз? Қандай саясат қолдануы қажет еді?
– Құлда қуат жоқ дегендей, сөзде салмақ қалмады. Баспасөз бетін шулата бермей іске кірісетін кез келді. Ішкі саясатты іске қосып, жүйеге келтіру қажет. Ішкі саясаты жоқтың сыртқы саясаты оңбайды.  Көрші өзбек халқы сияқты тілмен емес, көз бен қабақты істету  қажет. Қалғып жатқан қара халықты ояту керек. Қазақта: «айтқанды әркім түсінеді, ымдағанға түсін» деген сөз бар. Халықтың ішіне ену керек. Абайлап ояту керек. Абайлап...  Өйткені өзге де проблемалар көп.
– Қандай проблема бар деп ойлайсыз?
– Сыртқы саясат – бейбітшіліктің кепілі десек, ішкі саясаттың көтеретін жүгі одан бір де кем емес. Қазақ менталитеті жуас қашаған емес. Ол – іссіз, әрекетсіз отыра алмайтын халық. Дәл қазір ұлттық идеология ауадай қажет. Астары мен тіні, жүрегі мен ділі, тұтастығы мен діні бір ортақ денеге, ұлы ұлтқа айналуымыз қажет. Бұдан жиырма жыл бұрын:

Той болады, көл-көсір той болады,
Киіз үйге толтырып айналаны.
Сол ауылдың баласы батыл сөйлеп,
Сол рудың ақыны  бәйге алады!

Көңіліңді көп жайға бұрғызады,
Өтірікке шындықты ұрғызады.
Дай-дай болып бөлінген рушылдар,
Бір ауылға үш мешіт тұрғызады! –
деппін. Бүгінде үш мешітіміз  әлдеқашан еселеніп көбейіп кетті емес пе? Қазақтың ендігі қасіреті ұлтшылдықтан емес, рушылдықтан тууы мүмкін.
Тәуелсіздік  алған  жылдары «Президент» деген әңгімемде сексеуіл туралы: Сексеуіл мен қазақ бір сияқты. Сексеуілдің шоғы  көмірге бергісіз. Құрылысы жағынан өте қатты ағаш. Оны сындыру үшін кетпен, шот түгіл, айбалтаның өзі дәрменсіз. Сондық­тан да оны өзіне-өзін ұрып сындырады. Сырттан келген жау осыны әбден пайда­лануы мүмкін», – деп жазыппын. Әлі де осы ойдамын. Өйткені бүгіндері бүтін қазақтың  бөлшектеніп, ру-руға, ата-атаға бөлінуі қылама беріп келеді. Тек біздің Оңтүс­тікте ғана ма десем, өзге облыстарда да белең алып, етек жайып бара жатқан сияқты.
Оңтүстікте той да көп, ас  та көп. Шақы­ры­ласың. Барасың. Әсіресе бабаларға бағышталған асқа барғанда ыңғайсыз жағдайда қалатының бар. Аз да болса танымалдығың бар, ауылдың ақжарқын адамдары келіп: «Сіз де біздің рудан екенсіз ғой» деп, қуаныштан ақ жарылып жатады. Ондайда «мен қазақ деген ұлы халықтың руынанмын» деймін. Әлгілер    «е-е-е» деп күлген болады. Түсінбей күледі. Түсіндіру қажет  сияқты.
Олар ойлайды, қазақтың қалмақтан өзге жауы болмаған. Сол қалмақты көш асырып қуып шыққан, қазақ жерін азат еткен осы рудың өкілдері, яғни ата-бабалары. Оған шүбәм жоқ.
Әлгі ақжүрек адамдардың да кінәсі жоқ. Бірақ мұндайда бағыт-бағдар беретін идеологияның қажеттілігі байқалып қалып жатады. Облыста Мархабат Байғұт жүргі­зетін «Ұлысымның ұйтқысы – Оңтүстік» атты бағдарлама бар. Мақсаты, бағдары дұрыс. Бірақ бұл бөлінгіштерге ықпал ете алады деп ойламаймын. Өйткені мұндай бағдарлама мемлекеттік деңгейде, бүкіл халықты (қазақты) қамтитындай деңгейде болуы тиіс деп ойлаймын.
– Хан-апа, тілдің тағдырын, елдің тағдырын таратып айттыңыз. Дәл қазіргі уақытта қандай іспен шұғылданып жүрсіз?
Шаруам жоқ, саясат, ірі іспенен,
Қалмаған іс, мен сірә кіріспеген.
Болғаннан соң бәрінің баяны жоқ,
Айналыса бастадым тірі іспенен... дегендейін бірінен көңілім қалып, бірі менің көңілімді қалдырды. Сол себептен болар, көп болып түйінін шеше алмай жатқан нәрселерге айғайға аттан қоспай-ақ, өзімнің қолымнан келетін іске қатысып (келмесе келтіруге), Тәуелсіздікке өзімше үлес қоспақ болдым. Жоспарым жүзеге асып, жобам жоталы болып тұрған жайым бар.
Қазір «Мәдени мұра» қолға алынып, өткен тарихымызды жиып-теру ісі жүріп жатыр. Репрессия құрбандары туралы деректер іздеуге  Өзбекстанның архивіне жол түсіп, сол жерден «Шолпан­ның» түгел сандарын көріп, қатты қуандық. Амалын тауып, алып қайттық. Сондай-ақ қажеті болар деп «Ақ жол» газетінің де бес-алты саны қанжығаға байланды.
Келе сала Алматыдағы Тұрсынбек Кәкішев, Мәмбет Қойгелді ағаларыммен хабарласып, енді осы журналды төте араб әріпінен кириллицаға транскрипция қажеттігін ойлап, мамандар іздестірдім. Нәтижесінде «Шолпанның» түгел саны, жур­налдың сол кездегі форматымен ауда­рылған нұсқасы «Ан-Арыс» баспасынан кітап болып шықты. Қуанышымда шек жоқ. Бұл 2010 жылы болатын. Қазақ тарихы үлкен 1 том болса, оның  айшықты бір бетін жаса­дым. Алаш ардақтысы Иса Тоқтыбаев­тың басшылығымен шығарыл­ған журнал оқырмандарына құстай ұшып, қанат қақты. 1920-26 жылдары Таш­кент қала­сынан басылып шыққан Сұлтан­бек Қожа­нов, Міржақып Дулат, Иса Тоқтыбаев­тар шығарған «Ақ жол» газетінің 613 саны жарық көргенін білгеннен кейін көптеген мұрағаттармен (Өзбекстан, Алматы, Ресей) байланысқа шықтым. Нәтижесінде 60-70 пайызы Мәскеудің Хим­ки­дегі мұрағатынан алынды. «Шол­пан­нан» жи­нақ­таған тәжірибе бар, енді «Ақ жолды» транскрипциялауға көштік. Қазір қолы­мыз­да 25-30 баспа табақтан жарық көрген алты том кітап бар. Жеті-сегіз томы баспада терілуде жатыр.
– Бұл кітаптарды қайдан алуға болады? Насихатталу жағы қалай және қаржылай көмек көрсетушілер бар ма?
– Бұл кітаптар әрқайсысы 1000 дана­мен басылуда.  Алматы, Астана қалаларын­да тұсаукесері өтті. Біздің мұражай Мем­ле­кеттік қазыналық кәсіпорын бол­ған­­дықтан, билет сатудан түскен қаржыны мекеме мұқтажына жұмсауға құқылы. Бірақ есеп­теп көрсеңіз, 50-80 теңге аралығында сатылатын билетпен алысқа бара алмайты­нымыз белгілі.  Жергілікті әкімшілерден көмек сұрадым. «Мұражай кітап шығаруға міндетті емес» деген сияқты жауап алдым. Ендеше, дайын тауарды сатып алыңыздар, кітапханаларға таратайық деген ұсыны­сы­ма да жауап болмады. Сондықтан жеке­леген демеушілер іздеуге көштім. Бес-алты  том демеушілер көмегімен шықты. Менің әуел бастағы жоспарым баспадан шыққан кітаптардың қаржысына келесі томдарды шығару еді. Бірақ менің ойым «үйдегі сөз базарда тура келмейдінің» кері болып шықты.
Астанада мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің  қабыл­дауында болғанымда, ол кісі: – 2015 жыл­дың жоспарына енгізейік, ол үшін барлық нөмірін дайын етіп дискіге, планшетке кіргізіп, әкеліп тапсырыңыз, – деді. Біздің мұражайда үш-төрт қана ғылыми қызмет­кер бар. Ал бұл жүздеген адамы бар үлкен институт айналысатын жұмыс қой. Маман тапшылығына қарамай, аударғанын аудар­ғандай баспаға беріп отырмыз.
Министр мемлекеттік баспадан шығару үшін авторлық құқымның болуын ескертті. Әйтпесе өзгелердің  автор болып кетуі ықтимал деп сақтандырып қойды. Ол рас. Менікі сауатсыздық па, әйтеуір жалаң патриоттық іс екендігін ішім сезетін.
– Шын мәнінде, сіздің жасап жатқан шаруаңыз үлкен әрі ілгері іс екендігі көзіқарақты жандарға түсінікті. Бұл кітап қанша том болады?
– Шамамен 30 том болып қалар. Алда­ғы, яғни 2016 жылы «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл болады. Соған дейін қаржылық демеу болса, 30 томды шығара алсам деген арманым бар.
– Алаш ардақтылары өз деңгейінде құрметтеліп, аталып жүр деп ойлайсыз ба?
– Өзге үшін жауап бере алмаймын. Ал өзім басқарған мекеме Алаштың 90, 95  жылдығын облыстық  Жұмат Шанин атын­дағы драмалық театрда республикалық деңгейде атап өтті. Яғни қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақта­рының, сондай-ақ тарихшы ғалымдардың, саясаткерлердің қатысуымен ғылыми-теориялық конфе­ренциялар өткіздік.
Сондай-ақ былтыр тұңғыш рет ашар­шылық құрбандарына арналған кон­ферен­ция өткіздік. Жер шалғайлығына қарамай өзге облыстардан, сондай-ақ  Алматы, Астана, Өзбекстан, Қырғызстан рес­публикаларынан ғалымдар, құрбан­дар­дың  ұрпақтары қатысты. Бұлардан бө­лек, жыл сайын 31 мамыр күні Президен­­ті­міз Н.Назарбаевтың «Жаппай келісім және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» туралы жарлығына сәйкес митингілер ұйымдастырамыз. Алғашында 50 адам қатысса, бүгіндері мыңдаған адам қаты­сады, митингідегі театрландырылған көрі­ніс­те көзіне жас алмайтын адам аз шығар. Бір әттеңі ол кісілерден қалған ұрпақтар саны да кеміп келеді. Халық жауы ретінде атылып кеткен құрбан­дар­дың балалары­ның ең жасы – 75 жаста. Жасы ұлғайғанда­рына қарамастан бізбен үнемі байланыста. Митингіге міндетті түрде қатысуды өзде­ріне парыз санайды.
– Елімізде репрессия құрбандарына арналған қанша мұражай бар? Өз мұражайыңыз туралы айта кетсеңіз...
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып салынған бұл мұражай – тарихымыздағы ақтаңдақтарды, оның құрбандарын ұмытпау үшін жасалынған Тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы қарлығаштарының бірі десек те болады. Бүгінде он үш жыл толғалы отырған мұндай музей республикада жеке-дара деп айтсам, қателеспеймін. Өйткені дәл осындай музей тәуелсіз мемлекеттерде де, тіптен Ресейдің өзінде де жоқ. Тек  Украи­наның Харьков қаласында ғана бар.  Кейінгі  төрт-бес  жыл көлемінде Астанада  Алжир музейі, Қарағандыда Карлаг  музейі  ашылды. Алғашқысында 1937 жылдары халық жауы атанғандардың әйелдері отырған лагерь болса, соңғысы сол жылғы халық жауы ретінде қамауға алынып, атылып кеткен құрбандарға ар­налған.
Ал біздің мұражайдың өзі шағын болғаны­мен, атқаратын ауқымы кең. Ол- кешегі – кеңес өкіметін зорлықпен орнатқанынан бастап, оның зардаптарын, яғни ел игі жақсыларының малдарын тартып алып, өздерін қуғынға (кәмпеске)  ұшыратуы, нәтижесінде кіші Октябрь революциясын орнатып, халықты қолдан аштан қыруы, жұт, 1933-37 жылдардағы көзі ашық, көкірегі ояу ұлт қаймақтарын халық жауы ретінде тұтқындап Сібірге айдап, «өте қауіпті» дегендерін қарауыл­дың көзіне алып, атып-асқандығы, қау­қар­­сыз қалған қара халықты босқынға ұшыра­тып, шұрайлы жерлерге қара шек­пен­ді­лерді, яғни переселендерді орнық­тыруы, тау халықтарын, өзге де босқын ұлттарды Қазақстан жеріне тоғытып, қазақты  ұлттық келбет-ажарынан айыру мақсатындағы Кеңес үкіметінің әккі айла­кер­лігінің, соңы  Желтоқсан көтерілісіне арналған тарихи құжаттармен толыққан.
– Бүгінде ТМД көлемінде тұрып жатқан репрессия құрбандары балаларымен байланыста­ры­ңыз бар ма?
– Шымкенттегі біздің мұражайдың статусы – облыстық. Республика бойынша 107 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, оның 25 мыңнан астамы атылған. Ал тек  Оңтүстік Қазақстанда атылғандардың саны 2,5 мыңды құрайды. Сондықтан да Оңтүстіктен бұл мұражайдың ашылуы қажеттіліктен туған деп ойлаймын.
Ал енді біз тек Оңтүстікпен шектеліп қалмай, өзге өңірлерде мұндай мұражай­дың болмауына байланысты сол жердің облыстық мұрағаттарымен, жергілікті қауіп­­сіздік комитеттерімен (КНБ) байла­нысып, қажетті құжаттарды алып отырмыз. Біз өз бастамашылдығымызбен  (қоғамдық негізде) жұмыс істеудеміз. Қазір Алматы, Астана, Ташкент қалаларынан өзге  (Атырау, Ақтау, Қызылорда, Ақтөбе, Жам­был т.б.) облыстардың құрбан болғанда­рының  құжаттары мен суреттерінен тұра­тын  жекелеген   арнайы папка  ашылды. Ал  Алжир, Карлаг мұражайларындағы   құжаттардың  дені бізден алынған.
Жаңа бір сөзіңде ТМД елдеріндегі құрбандар жайлы сұрап қалдың, бұл сұрақ мені де қызықтырған. Алысқа бармай-ақ қояйын. Сол бір нәубет жылдары халық жауы ретінде Қырғызстанда 40 адам атылса, Өзбекстанда – жеті, ал Тәжікстанда бір-ақ адам атылған. Ал бізде ше? Ру-руға бөлінбейік деп шырылдауымның себебі осы фактілерді зерттегенімнен, таныға­нымнан болар. «Бүтін болсаң бүйі шақпас». Бір-бірімізге саусақ шошайтпайық деген­дік менікі!
– Әйел атыңыз болса да,  ел бірлігі үшін жан айқайын білдіріп, сөзіңізбен де, өлеңіңізбен де  қызмет етуде екенсіз...
– Ойларым мен сөздерім ықпал етер болса, тыңдар құлақ болса,  бірлік жолын­да тарих теперішін бір елдей көрдік. «Алтау болайық – ала болмайық, төртеу болайық – түгел болайық» деп ақ жаулы­ғым­ды ортаға тастаған болар  едім.
– Хан-апа, сіз туралы заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Ханбибі ылғи күйіп-жанып сөйлейді, күйзеле тебіренеді. Сергелдең сезім мен, сапырылыстағы сана ғана сөз өнерін құнарландыра алады. Ханбибіде соның екеуі де молынан байқалады. Оның шабыты – әлі арыны қайта қоймаған албырт шабыт. Ақ түтек шабыт...», – депті. Жұмысбасты болам деп, албырт шабытыңыз­дан айырылып қалам деп қорық­пайсыз ба? Өз шығармала­ры­ңызды дамытуға қалай уақыт табасыз?
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жұрт – бүгіншіл, менікі – ертеңдікі» деген. Менің жазатыным да, айтатыным да –  ертеңдікі. Бүгінім ит тірлікпен өтер, ертеңім жарқын болса болғаны. Ал шығармашы­лығыма келсем, бірде Фариза апай (Оңғарсынова): «Айтарың бар ақынсың, прозаң да төгіліп тұр. Сені  соны тастап кете ме деп қорқамын. Тарихшы немесе  ғалым емессің, архив ісі деген адамды тартып әкететін, жұтып жіберетін көрінеді, өз шығармашылығыңа орал!», – деді. Айна­ла­йын апам-ау, жаны ашығанынан айтты ғой. Мен: «Апа, жұтылып бара жатқандай­мын» деп қалжыңдаған болдым.
Ер сайманы –  бес қаруың түгел болма­са, майданға кірме! Мен аруақтардың ортасында босқа отырған жоқпын. Олар мені қолдайды, қуат береді. Өлең де жазылып жатыр. Айтпақшы, өзімді мұра­жай­дың директорымын  деп есептемеймін, Алаш аруақтарының шырақшысы санай­мын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста