Қазақстанның 20 жылдағы ең басты жетістігі – экономикалық өрлеу мен білім беру саласы
Джон ОРДВЕЙ, Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі:
– Биылғы жылдың басында елші Ричард Хоугланд басқа қызметке ауысқан сәтте Ақ үйдің таңдауы сізге түсті. Біз бұл шешімді Орталық Азияны, оның ішінде Қазақстанды жақсы білетін кәсіби маман болғандықтан, сізге үлкен міндет жүктелді деп түсіндік. Қазақстандағы уақытша елші болу туралы ұсынысты қалай қабылдадыңыз?
– Қазақстанға қайтып келгеніме қуаныштымын. Төрт жыл елші болып қызмет істеп, 2008 жылдың қыркүйегінде жетістіктерімізге қанағаттанғандық сезіммен елге қайттым. Осы төрт жыл ішінде көп нәтижеге қол жеткіздік деп ойлаймын. Дегенмен саналы ғұмырымда маған жұмыс істеу және өмір сүру бақыты бұйырған әлемдегі осындай ең қызық та ғажайып елді тастап бара жатқаныма өкініш сезімі де болғанын жасырмаймын. Қазақстаннан кеткен соң жартылай зейнеттегі өмірім басталды, әлемнің біраз елінде, атап айтсақ Австрияда, Болгарияда, Непал мен Чехияда, АҚШ-тың уақытша сенімді өкілі болып қызмет атқардым. Мемлекеттік департамент Қазақстанға қайтып баруға ұсыныс айтқанда қатты қуандым. Бір адамның бұрын тұрған үйіне қайтып баруы – дипломаттың өмірінде өте сирек кездесетін оқиға. Әрине, Қазақстанды, мұндағы саяси-экономикалық ахуалды жақсы білемін. Мұнда достарым көп, кейбірімен жеке өмірде таныссам, енді біразымен Үкіметте, саяси, экономикалық ортада жолыққанмын. Сондықтан Қазақ елімен және мұндағы жұртпен қайта қауышу мені қатты тебірентті.
– Қазақстандағы уақытша елші қызметіне кіріскеннен кейін еліміздің қорғаныс министрімен кездестіңіз. Биылдың өзінде екі ел арасында бірлескен 110 шара өткізіледі екен. Бұлар, әрине, маңызы жағынан үлкен шаралар. Әсіресе қазақстандық әскери мамандардың тәжірибе жинақтауы үшін. АҚШ үшін бұл шаралардың маңызы қаншалықты?
– ҚР қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековпен кездесуім түрлі саладағы көшбасшылар мен үкімет өкілдерімен кездесіп, қайта танысу процесінің бір бөлігі болды. АҚШ пен Қазақстанның әскери күштері арасындағы қарым-қатынасқа әрдайым марқайып жүремін. Біздің мақсаттарымыз өте айқын әрі қарапайым және ол мақсаттар Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері өзгерген жоқ. Біз Қазақстанның егемендігі мен Тәуелсіздігін қолдаймыз, оның өркен жаюына мүдделіміз. Оның үстіне кез келген ел үшін әскер – осы үш асылды баянды етудің кепілі. Көп жылдан бері біз Қазақстан сарбаздарының біліктілігін арттыру мақсатында оларды АҚШ-та тәжірибеден өткізіп, бірлескен жаттығуларға қатысып, Қазақстан әскерінің кәсіби шеберлігін шыңдау бағытында жұмыс істеу арқылы қоян-қолтық әріптес болып келеміз. Сондай-ақ біз белгілі бір бағдарламалар аясында Қазақстанға түрлі әскери жабдықтар табыс еттік. Бұл ұзақ мерзімге созылар сәтті әріптестікке негіз болады деп үміттенеміз. Қазақстан да, Қазақстанның әскері де көрші мемлекеттермен кіршіксіз қарым-қатынас орнатуы керек деп санаймыз. Біз осы ұстанымды қолдаймыз. Сонымен қатар біз екі елдің осы саладағы мақсаттарына жетуіне аз да болса маңызды үлесімізді қосамыз деп үміт етеміз.
– Өзіңіз білесіз, БҰҰ-ның Женевадағы еуропалық бөлімі қызметіне Қазақтың білікті дипломаты Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындалды. Бұл қызметке Азия құрлығынан тұңғыш рет тағайындалып отыр. Бұны біз үлкен жетістік деп қабылдадық. Қарусыздану мәселесіне ден қоятын бұл қызмет қазақ баласына сеніп тапсырылғанынан әлемдік қауымдастық бейбітшілікке үлес қосып жүрген Қазақстанға берген баға деп түсінгеніміз дұрыс па?
– Америка Құрама Штаттары БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің жұмысын белсене қолдайды. Әсіресе оның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті күшейту және адам құқықтарын қорғау мақсатында үкіметтер арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытындағы шараларын құптайды. Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның осы жауапты қызметке тағайындалуын қуана қолдаймыз және оны Премьер-министр, сыртқы істер министрі және соңғы уақытта Сенат төрағасы ретінде Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы дәрежесіне дейін көтерілуіне үлкен үлес қосқан саясаткер деп білеміз. Біз сондай-ақ Қазақстанның Ирак пен Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастыру ісіне қосқан сүбелі үлесін ерекше ілтипатпен айтамыз. Мәселен, Қазақстан халықаралық күштерге қолғабыс жасау үшін өз әскерилерін Ауғанстанға жөнелтуді жоспарлап отыр, сондай-ақ жақында ел үкіметі Ауғанстанның мың студентіне математика, ғылым, инженерия, ауыл шаруашылығы және медицина салалары бойынша Қазақстанда білім беру ісін қолға алып, бұл мақсатқа 50 миллион АҚШ долларын жұмсайтынын жариялады.
– Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен Қазақстанның әлемдік қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа қосқан үлесін қалай бағалайсыз?
– ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан өткен жылы қарышты қадамдар жасады, мәселен, соңғы 11 жыл ішінде алғашқы рет және бұрынғы Кеңес Одағы аумағында тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының саммитін өткізгенін ерекше атап өту қажет. Бұған қоса Қазақстан Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға үлес қосты, Ауғанстандағы халықаралық күштерге «Солтүстік тарату жүйесінен» бастап ауған студенттерін Қазақстанда оқытуға дейінгі аралықта түрлі көмек көрсетті, осы істерге қатысы бар тараптар Қазақстанның бұл әрекеттерін қуана құптады.
– Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тізгінін тапсырған Қазақстан биыл өзі басшылық жасайтын Ислам Конференциясы Ұйымына көңіл аудармақ. Қалай ойлайсыз, Қазақстан бұл ұйымдағы төрағалығы кезінде нендей мәселелерді қолға алуы қажет?
– Қазақстанның діни және этностық әркелкілік пен толеранттылықты сақтауда көпжылдық тарихы бар, сондықтан мұндай келісімге жетуде осы елдің өзін-ақ үлгі ретінде ұсынуға болады. Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық етудегі негізгі тақырыбы да осы болады деп тұспалдаймын. ИКҰ төрағасы ретінде Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды жақсарту ісінде ИКҰ-ның рөлін арттыру, Исламдық білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ISESCO) «Ғазни – Ислам өркениетінің астанасы – 2013» бағдарламасын қолдау, сондай-ақ полиомиелит ауруын жою, ана мен бала денсаулығын жақсарту және осы сияқты бағдарламалар аясындағы АҚШ пен ИКҰ-ның ынтымақтастығын нығайту сияқты тақырыптарға баса назар аударады деп ойлаймыз.
– Араб әлеміндегі оқиғалардан әркім әртүрлі себеп іздеп жатыр. Түрлі пікір, көзқарас бар. Сіздің пайымдауыңызша, Таяу Шығыстағы толқулардың басты себебі не?
– Таяу Шығыстағы жағдай көрсеткеніндей, біз бір шешуші әрі қызықты сәтті бастан кешіп отырмыз. Соңғы бірнеше жыл бойы «Фридом хаус» сияқты ұйымдар әлемнің көп бөлігінде бостандықтың шеңбері тарылып кеткенін айтып, ескертумен болды. Мәселен, Таяу Шығыста халық сол қыл бұрауға жауап берді, жастардың көбі жұмыс жоқтықтан, саяси еркіндіктің болмауынан күйзеліске түсіп, соған қарсы үн қатты. Өткен күннің биігінен алып қарасақ, мұндай өзгерістердің болатынын болжау қиын емес еді. Көпшілігіміз әлгі елдер басшылары билікте қала берудің жолын табатынына сендік және олар ұзақ жылдар бойы амалын тауып орындарын сақтап отырды. Бірақ ақыр соңында олар халықтың мұң-мұқтажына жауап қатпайтын деңгейге дейін құлдырады. Ол елдердің өкіметтері өз халқының, әсіресе жастардың, талап-тілегіне көзжұма қарады. Тунис, Мысыр сияқты елдерде жақсы білім алған жастар жұмыс таба алмады және бұл оларды қатты ашындырды. Айта кетерлік бір мәселе үкіметтің нарықтық экономиканы дамытуға лайықты көңіл бөле алмауында болды. Мысалы, Тунис сияқты елдерде саяси партиялардың, ақпарат құралдарының үстінен қатаң бақылау орнады, саяси белсенділіктің кез келген түрі жіті қадағаланды. Бұған қоса ол елді жаппай сыбайлас жемқорлық жайлады. Осы проблемалардың барлығы халықтың біраз бөлігінің ашу-ызасын туғызды, ақыры бұл ашу-ыза көшеде көрініс тапты.
– Батыс қоғамында исламофобия қалыптасқаны жасырын емес. Тіпті 2001 жылғы әйгілі террактіден кейін өршіп кетті десе де болады. Өзіңіз ислам әлеміне мүше мемлекеттерде қызмет істеп жүрсіз. Қарапайым азамат ретінде айтыңызшы, мұсылмандар, шынымен де, қауіпті ме?
– Президент Б.Обама 2009 жылдың 4 маусымында Каирде сөйлеген шешуші сөзінде: «Ислам мен Батыс арасындағы қарым-қатынасқа айырмашылық тұрғысынан қараған сайын біз бейбітшіліктен гөрі өшпенділікті, бүкіл халықтың әділдік пен гүлденуге қол жеткізуіне мүмкіндік беретін ынтымақтастықтан гөрі кикілжіңді насихаттайтын боламыз», – деген еді. Президент Б.Обама Каирде сөйлеген сол сөзінде АҚШ пен мұсылман әлемі арасындағы жаңа дәуірдің басталғанын жариялап тұрып: «Бұл қарым-қатынас өзара мүдделестік пен құрметке негізделеді және Америка мен ислам бөлек, бір-бірімен кереғар ұғымдар емес деген шынайы қағидаға сүйенеді. Қайта олар бір-бірімен үйлесетін, әділдік пен прогресс, толеранттылық пен адам баласын құрметтеу сияқты принциптерге арқа сүйейтін ұғымдар», – деген болатын.
– Мемлекеттердің амбицияға салып гегемондыққа ұмтылуы қазіргідей заманда маңызды ма? Қырғиқабақтық, ықпал ету аймағы үшін жүргізілетін тайталастар өткеннің сарқыншағы емес пе?
– ХХІ ғасырдың қалған бөлігінде заман қалай өзгеретінін болжап білу тіпті мүмкін емес. Жалғыз айқын нәрсе – ол тәртіп әлемнің өткені емес, дәл қазіргі сәтінің көрінісі болуы керек. Мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон 2009 жылдың 15 шілдесінде Сыртқы қарым-қатынас кеңесінде сөйлеген сөзінде: «ХІХ ғасырдың күштер ымырасы жүйесін де, ХХ ғасырдағы күштер тепе-теңдігі стратегиясын да бұл заманға бейімдей алмаймыз. «Қырғиқабақ соғыс» кезіндегі тежеу процесін де, біржақтылық концепциясын да қайтара алмаймыз», – деген еді. Мемлекеттік хатшы Х.Клинтон біздің бүгінгі ғаламды тура сипаттайтын екі фактіні мойындауымыз керектігін шегелеп айтты: «Біріншіден, бірде-бір ел әлемдегі қауіп-қатерге жалғыз қарсы тұра алмайды. Бұл мәселелер тым күрделі. Күш алып келе жатқан корпорациялардан бастап қылмыстық картельдерге дейін, үкіметтік емес ұйымдардан «әл-Қайдаға» дейін, мемлекеттік басылымдардан «Твиттерді» пайдаланатын жекелеген адамдарға дейінгі аралықта ықпал ету үшін күресіп жатқан ойыншылар тым көп. Екіншіден, әлем елдерінің көпшілігін толғантатын мәселелер ортақ, олар: ядролық қаруды таратпаудан бастап аурудың таралуына тосқауыл қою, лаңкестікпен күрес. Дегенмен бұларды ауыздықтауда кедергілер де бар, олар: тарихи, географиялық, идеологиялық алшақтық және әрекетсіздік. Әлем елдері осы кедергілермен бетпе-бет келіп отыр және олар қазір ортақ мүдделерді ортақ әрекетке айналдыру жолында тұр».
– Өзіңіз бірнеше жыл қызмет жасаған Қазақстанның Тәуелсіздігіне биыл жиырма жыл толады. Түрлі мемлекеттерде болдыңыз, тәжірибеңіз бар дегендей. Жиырма жылда жүріп өткен Қазақстанның жолын қалай бағалайсыз?
– АҚШ – 1991 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш болып таныған елдердің бірі және біз соңғы 20 жылда сауда мен инвестицияны ұлғайтуда, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуда, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, адам құқықтарына құрмет көрсетіп, ядролық қатердің қаупін сейілтуде Қазақстанмен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Бәлкім, Қазақстанның жиырма жылдағы ең басты жетістігі экономикалық өрлеу мен білім беру саласы болар. Бұл екі сала да Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері Президент Н.Назарбаевтың негізгі стратегиялық басымдылығы болып келеді. Ашық нарықтық экономиканың арқасында Қазақстан дамудың ерекше қадамын жасады, сол арқылы шетелдік инвесторлар мен олардың жергілікті әріптестері білімдері мен тәжірибелерін, технология мен капиталды бірге салып, жемісін бірге көруде. Бұған қоса Қазақстан өз азаматтарының білім алу мүмкіндігін арттыруға қомақты инвестиция салды, бұл әсіресе «Болашақ» бағдарламасынан, қазіргі күндері Назарбаев университетін құру шараларынан көрініс тауып жатыр. Жоғары білімге салынған бұл инвестиция ұзақ мерзім аралығында қоғамға пайда келтіреді, тіпті қазірдің өзінде осының арқасында жаңа көшбасшылар, сарапшылар, инженерлер, ғалымдар мен кәсіпкерлер шоғырын қалыптастыруға жәрдемдесті. Ал бұлар Қазақстанның алдағы жылдары үздіксіз дамуына үлес қосатын болады.
Дипломат ойы:
Америка Құрама Штаттары – діни бостандық және толеранттылық принциптерін берік негіз ете отырып құрылған ел және бұл – әлемнің көп еліне ортақ құндылық. Өз тәжірибемізбен бөлісіп, АҚШ-тың өз ішінде және бүкіл әлемде осы құндылықтардың құрметтелуін қамтамасыз ету жолында қандай қиындықтарды бастан кешкеніміз жөнінде пікір алмасуға әрдайым ниеттіміз. Мұны жүзеге асырудың бір жолы ретінде біз Қазақстанда және мұсылмандары басым басқа да елдерде мәдениет, экономика және білім салаларында сан түрлі қызықты алмасу бағдарламаларын ұйымдастырып жатырмыз. Бұл бағдарламалар да – Батыс пен мұсылман әлемі арасындағы өзара түсіністікті дамытудың ұтымды жолы және бұл үрдісті әрі қарай жалғастыра бермекпіз.