Қазақ үшін дамудың жаңа дәуірі басталмақ
Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:
– Қуаныш Сұлтанұлы, аз күнде тәуелсіз Қазақстанның жиырма бірінші парағы жабылады. Сондықтан әуелгі әңгімені «осыдан 21 жыл бұрын кім едік, қазір кім болдық» деген сауалмен бастасақ...
– Тәуелсіздіктің 20 жылын онжылдықтан есептегенде алғашқы екі буын деп қарасақ, ендігіде біз егемен еліміздің жаңа буынының жаңа тарихын қалыптастыру үрдісімен бетпе-бет келіп тұрмыз деп айтар едім. Мен, менің қатарлас-замандастарымның басым бөлігі солай деп ойлайтын шығар. Бұрынғы қоғамды бастан өткізген ұрпақ Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап «шіркін, дербес ел, тәуелсіз мемлекет болған Қазақ елінің 10 жылдығын, 15 жылдығын көрсек... Тәуелсіз Қазақстанның жолы қалай болар екен» деп армандаған едік. Құдайға шүкір, шексіз тәуба! 20 жылдық жетістігімізді өзіміз ғана емес, әлемдік қауымдастық та мойындағанын көзіміз көрді. Расында, Тәуелсіздік алған тұста «енді қандай ел боламыз, қай жолмен жүреміз, өркениет қоғамдастығына қалай үйлесеміз» деген маңызды сұрақтар күн тәртібінде тұрды. Асыра айтқаным емес, сол тұста дәл бүгінгідей әлемге таныламыз ба дегеннен гөрі, дербес мемлекет болып тұра аламыз ба деген күдік басым еді. Әлбетте, Тәуелсіздігіміздің ақиқаттығы анық білініп, бөрікті аспанға атып, қуанғанымыз өз алдына, сол күннің ертеңінде-ақ бүкіл қоғам, ел болып, мемлекет құру мәселесімен бас қатыруға тура келді.
Біз Кеңес Одағының күйреуін көз алдымыздан өткізген ұрпақпыз. 70 жылдан астам мызғымас болып келген Одақтың шаңырағы ортаға түсіп, одан өз дербестігін алған тәуелсіз елдердің жағдайы тым мүшкіл болды. Саяси жүйенің күйреуімен қоса, сол кездегі бір-біріне байлаулы кәсіпорындардың жұмысы да тоқтады. Ал өнеркәсібінің 93 пайызы Мәскеудің қолында шоғырланған Қазақстанның күйі қандай болғанын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Дегенмен ондай күйзелістің бәрінен Тәуелсіздік атты ұғым, Тәуелсіздік туралы түсінік биік тұрды. Экономика, тұрмыс тұрғысынан алғанда Қазақстанның өнімдері, кәсіпорындар шетінен тоқтап жатты. Елді жұмыссыздық жайлады. Қаржылық күйзеліс басталды. Қоғамның күйі келмеді. Көп ұлтты Қазақстанның болашағына күмәнді болжаулар айтылып жатты.
Осындай жағдайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапқырлығы, көрегендігі, соның ішінде тәуелсіз мемлекетті құрып, оның тізгінін қолына алып, алмағайып апаттардан Алаш жұртын аман алып шығуға деген өзінің іштей дайындығының да куәсі болдық. Президент қазақтың көптеген қабілетті, білімді азаматтарын дербес елдің билігіне тартып, мемлекет құру ісіне жұртты жұмылдыра білді. Бір сөзбен айтқанда, осыдан 20 жыл бұрын «біз қайтсек күйзелісті еңсереміз, қайтіп ел боламыз» деген мәселемен бас қатырған болатынбыз. Ал қазір кімбіз? Біз ел бола алдық. Өркениет көшіне ұмтылған қазақ жұртының мемлекеттігін әлемге мойындаттық. Ендеше, арманымыз орындалды. Жалпы, Тәуелсіздік шежіресін кезең-кезеңімен бөлсек, алғашқы онжылдықта мемлекетті құру және оған қосақталған дағдарыспен күресу кезеңінен өттік. Одан кейінгі он жылда даму кезеңіне бет бұрып, ұлттық өрлеуді ұлттық жаңғыртумен ұштастыра алдық. Біздің экономикамыз ғана түлеп қоймай, жұртымыздың санасы да жаңғырды, рухы да мығым болды. Соның арқасында елдігімізді әлемге таныттық.
Ал ендігі біздің межеміз – Елбасы жақында ғана халыққа Жолдауы арқылы айқындағандай, мәңгілік ел болу мұраты. Жалпы, келісті, кемел, бәсекелестікке әбден лайық ел болғанымызды көру, жай көру ғана емес, оның бел ортасында жүру – әрине, үлкен бақыт. Түйіндей айтсақ, осы 21 жыл ішінде Қазақ елі әлемдік қауымдастық арасында өз орнын тапқан мемлекет атанды, елдің еңсесі көтерілді. Ғасырлар бойы санаға сіңірілген мешеуліктен арылып, басқа ұлттардай өзінің бәсекеге қабілетті, терезесі тең, өз жүрісіне жүріс қоса алатын мемлекет екенін танытты. Мұндай рухани сананы сезіну – зор бақыт.
– Ендеше, сол Тәуелсіздіктің 21 жылдығы ішіндегі биылғы 2012 жыл – ұлу жылының еншісі туралы не айтар едіңіз?
– Әлбетте, біздің әрбір жылымызды халқымыздың орасан еңбегімен өлшенетін ерекше кезеңдерге балауға болады. Биылғы бітуге тақау жылдың да қазақ үшін айрықша есте қалатын, тарихтың қатпарындағы маңызы әлі де әспеттелетін жылдардың қатарынан орын алатыны сөзсіз. Сол үшін Тәуелсіздігіміздің ерекше жылдарының қатарына биылғы жылды да қосуға әбден болады. Біз соңғы он жылда еліміздің экономикасын арттырып, әлеуметтің әлеуетін көтеруде бұрын-соңды болмаған биіктерді бағындыра алдық. Соның нәтижесін де, жемісін де көре бастағандаймыз.
Жылды қорытындылау тұрғысынан айтар жетістігіміз баршылық. Олардың барлығын санамаламай-ақ, халқымыздың рухын көтерген оқиғаларды айтсақ та, жеткілікті. Бұл да, ең біріншіден, мемлекеттің ұзақ жылдар бойғы берік қолдауы мен Алаштың асыл азаматтарының қажырлы еңбегінің арқасында орын алды деп білемін. Ұлт рухын асқақтатқан дүниенің бірегейі – Лондон Олимпиадасы. Қазақтың асығы алшысынан түсіп, біздің спортшыларымыз кезек-кезек тұманды Альбионның аспанында қазақтың көк Туын желбіретіп, Әнұранын асқақтатты. Әлгі Илья Ильин сенсациялық алтынды қоржынға салып, өзі де сол қуанышын жасыра алмай: «Алға, Қазақстан!» – деп айқайлағанда делебесі қозбаған қазақстандықтың кемде-кем болғаны анық. Серік Сәпиев соңғы нүктені қойып, қоржынға жетінші алтынды салғанда бұдан бірде-бір қазақ шет қала алмады ғой. Сол Олимпиаданы тамашалап отырған әр қазақ Сәпиевтің алтынына астындағы атын да бере салуға дайын болды емес пе? Міне – рухтың кереметтігі, намыстың қайрауы. Бұл – Қазақстанның бұған дейінгі белестерінің ішіндегі биігі. Әрине, шыңы емес деп ойлаймын. Біз бағындырар шың әлі де алда. Сонымен қатар, бұл – қуатты ұлттың, қуатты мемлекеттің көрінісі. Қазақтың әлеуетін төрткүл дүние сол Лондонда тағы бір мәрте мойындады.
Екіншіден, ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесін өткізу құқығы үшін бәсекеге түскен Астананың бағы жанды. Сөйтіп, биыл Халықаралық көрме бюросының қабылдаған шешімі тарихи шешім болды. Жер-жаһанның жетістіктерін паш ететін осынау әлемдік шара ТМД мен Орталық Азия елдері арасында алғаш рет Еуразияның кіндігіне қадам баспақшы. Ал таңдау неге Астанаға түсті? Ең алдымен, Қазақстандағы экономикалық, саяси реформалардың нәтижелілігін, елдің әлеуетінің көтерілуін, әлемге оң өзгерістермен танылуын айту керек. Сондай-ақ еліміздің бас қаласы барлық қырынан бәсекеге қабілетті, ауқымды шараларды өткізуге әбден лайықты екенін танытты. Бұдан бөлек, сарапшылар мемлекеттің дамуына, оның мүмкіндіктеріне де жоғары баға берді. Сонымен қатар, Астананың «Болашақтың энергиясы» атты өзекті тақырыпты таңдауы да жеңіске сеп болды деген ойдамын. ЕХРО – 2017-нің еліміздің қуаттанып, дамуына елеулі ықпал етері де хақ. Ендігі маңызды міндет – халықаралық шараны лайықты деңгейде өткізу. Бұл – Қазақстанды тағы бір қырынан танытуға болатын тың мүмкіндік.
Қазақстанның биылғы жетістіктерінің бастыларына тоқталғанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшелікке өтуін айтпай кете алмаймыз. Мұны да халықтың өз мүмкіндігін өзі пайдалана білуін, халық санасының өсуін көрсететін деңгейге балаймын. БҰҰ-ға Қазақстан – 1991 жылдан бері мүше. Аталған ұйымның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 2006 жылдан бері қарай жұмыс атқарып келеді. Кеңес ротациялық тұрғыда қызмет етеді. Оған 47 мемлекет мүше. Соған орай, әрбір сайланған ел онда үш жыл тұрақтауы мүмкін. Біз осы уақытқа дейін бұл кеңеске өз кандидатурамызды ұсынбаған едік. Тұңғыш рет ұсынылып, сол жолда бізді 183 мемлекеттің делегациясы қолдап, сайлады. Бұл да – Қазақстанның барлық қырынан танылғандығының белгісі. Мемлекетте халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жүргізіліп отырған экономикалық, сондай-ақ еліміздегі жүзеге асып жатқан саяси-құқықтық реформалардың құпталуы. Әрине, кемшілік жоқ, мұнтаздаймыз деп айта алмаймыз. Кемшілік бар. Кемшіліктен Қазақстан ғана емес, кез келген өркениетті, жоғары дамыған деп саналатын елдердің бірде-біреуі кенде емес. Дегенмен біздің мақсатымыз – ұстанымымыз сондай кемшілікті жүре келе азайту, халықтың пайдасы үшін содан арылу. Біздің мемлекеттік институттарымыз дәл осы адам құқықтары бағытында білікті, сауатты жұмыстар атқара алатынын танытып келеді.
Бұл жылдың ең маңызды оқиғалары туралы айтсақ, алдымен әрине, «Қазақстан – 2050» стратегиясының айқындалуы. Барша қазақстандық алдында Президенттің Тәуелсіздік күні қарсаңындағы салтанатты жиында осынау 2050 жылға дейінгі мәңгілік ел болуға негізделген идеяны жариялаған Жолдауы бүкіл елдің көңіл күйіне үлкен ықпал етті, жұртты өз әсерімен бөледі деп айта аламын.
– Ендеше, елдігіміздің ертеңін айқындаған осы «Қазақстан-2050» стратегиясы туралы не айтар едіңіз?
– Президент Нұрсұлтан Әбішұлының «Адам кешегісімен, қазіргісімен және келешегімен өмір сүреді, қазіргі сәт тез өтеді, тез кешегіге, өткенге айналады, яғни біз өмір бойы келешекке ұмтылып ғұмыр кешуіміз керек» деген сөзі есіме түсіп отыр. Расында да, болашағының қамын жеу – ықылымнан қазақтың қалпында бар дүние. Біздің қарияларымыздың «біз өзіміз бірдеңе болармыз, болашағымыз не болады» деп, ылғи да өзінің күнін былай қойып, келешегіне алаңдаумен жүргенін білеміз. Мұндай алаңдайтын дүниеге, яғни Қазақстанның кемел болашағына қатысты мәселеге Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 2050 жылға дейінгі стратегиясы арқылы толық жауап берді деп есептеймін. Ал мұндай болжамды сүрлеу жасап, елдік дамудың даңғылына соны бетке ұстау қайдан шықты?
Сонау 1997 жылдың қазан айында Елбасы «Қазақстан – 2030» стратегиясына негізделген бағдарламаны жария еткен болатын. Сол кезде бұған сенімнен гөрі, сенімсіздік басым болды. Оны жазғыра да алмаймыз. Өйткені уақыттың өзі сенімсіздікке қарай ойысып тұрған болатын. 1996-1997 жылдары көпшілік жұртқа жалақы, зейнетақы төлене алмай тұрған шақта мұндай гүлденген мемлекет қайдан келмек дегендер болды. Әлі де дағдарыс жүріп жатқан болатын. Өнім жоқ, өндіріс қаңыраған, соның салдарынан еңбекақы төлеу проблемасы түпкілікті шешімін таппаған. Алайда бәрі өз орнымен келді. 2030-ға дейін асамыз деген асудың барлығын соңғы он жылда еңсердік. Көптеген әрі қаптаған көрсеткіштерді айтпай-ақ қояйын, әлемдегі бәсекеге қабілеті зор 50 елдің арасынан көріну міндеті орындалды. Ендігі келешегіміз ше? Біз еңселі 50 елдің қатарынан көріну межесін артқа тастап, барынша жан-жақты дамыған 30-дың ортасынан табылуды мұраттап алып отырмыз. Мінеки, осы мақсатта жарияланған Елбасы Жолдауында ең алдымен өткен 20 жылға қорытынды жасалып, жетістіктер жіктеліп көрсетілді. Осы жылдардағы халқымыздың қабілеті сарапталып, атқарылған шаралар тиянақталып, соның өзі алдағы 40 жылға болжам жасауға негіз болды. Онда да бұл жай долбар, болжам емес. Нақты ойластырылған, ширатылған, бағыты айқын, бағдары жөн бүкіл халықтық стратегия. Мұнымен жақынырақ танысқан әрбір азаматтың өзінің қоғамдық дамудан еш шет қала алмайтынын сезініп, құштары артатыны айқын. Сол үшін мәңгілік ел болу тұрғысынан бұл Жолдаудың маңызын, оның ішіндегі әрбір ойдың түйіні ретіндегі мәселені баса айтар едім. Біз ел болып, осы идеяға жүгінсек, онда ойдағымыз орындалады.
– Мемлекеттің ішкі өміріндегі оқиғаларға келсек. Осы жылдың көпшіліктің көңілінде еліміздегі төтенше оқиғалардың қайталануымен де есте қалғаны рас. Шекарадағы шетін мәселелерден бастап, терроризмнің қоғамға қатерлері де орын алды. Бұған қатысты не айтар едіңіз?
– Мына айтылған екі мәселе бойынша да олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған заң Парламентте жақында қабылданғанын алдымен еске салып өткім келеді. Әрине, «заман талабынан туындайтын мұндай заң нормалары, құқықтық тетіктер бұған дейін қолданыста болса, қатердің, оқыс жағдайлардың алдын алар ма едік» деген сауал мені де, Парламенттегі әріптестерімді де мазалаған.
Жалпы, терроризмге, лаңкестікке қатысты айтқанда, мұндай қауіпті құбылыстан ешкім де сақтана алмайтын заманға тап келгенімізді мойындау керек. Әлемде терроризм болмайды деп айта алмайтын жағдайға жеттік. Терроризмде шекара жоқ, оның нақты орналасқан орнын табу да оңай емес, түйіндегенде, төтеп бас салатын жау анық емес бізге. Жымысқы ұрлықпен, жасырын жолмен келетін құбылыстың зор қаупі лаңкестік әрекет арқылы бейбіт халыққа бағытталады. Сөйтіп, қарапайым халықты құрбан ету арқылы мемлекетке доқ көрсеткісі келетіндер пайда болды. Дегенмен мемлекет қатердің, қауіптің қандай түрінен болсын, өз халқын қорғайды. Мұндай кері құбылыстың алдын алу шараларын ұйымдастырып, жұртшылықтың жағдайын жақсартады, алаңын сейілтуге тырысады. Биыл қабылданған заң да тұтастай алғанда сондай жымысқы әрекеттерге мемлекеттік органдардан бастап, халықтың өзін жұмылдыруға бағытталып отыр.
Ал Арқанкергендегі атышулы оқиғаға келсек, оның себебі де, түпкі мәселесі де біреу ғана емес, бірнешеу, бұл – тіпті кешенді түрде қарауды талап ететін үлкен проблема. Жылдар бойы қордаланған мәселелер десек те болады. Орын алған оқиғадағы проблеманы да бір ғана кісінің қылмысы тұрғысынан бағалау ағаттық болар. Өйткені басты мәселе соған қалай жол берілгендігінде болып отыр. Салғырттық, салақтық, әскердегі бейберекеттік, тәртіптің сақталмауы. Міне, мәселе қайда жатыр! Мұнда да кешенді шаралардың қажеттігі көрінді. Оның тек қана әскери тәртіппен байланысты дүние еместігі тағы да айқын. Тәрбиемен, отаншылдықпен қаттасып жатқан рухани салаға көңіл бөлінбей кеткендігінің көрінісін де байқауға болады. Түптеп келгенде, біздің шекараны кімге сеніп қорғатып отырғанымызға осы оқиға көзімізді ашып берді. Жалпы, Қазақстанда шекаралық қызметтің сырттай сипаты жақсы көрінгенімен, ішіндегі бүліктің сыртқа шыққанын көрдік. Біз заңды қабылдау барысында осындай олқы дүниелердің барлығын жеткілікті етіп айттық деп ойлаймын. Ең бастысы, Парламент депутаттары шекаралық аймақтарға барып, кездесулер өткіздік, нақты жағдайды көзімізбен көрдік. Сүреңсіз жағдайларды ғана емес, шекарашы қызметкерлердің тұрмысының олбыр-солбырлығын да аңғардық. Бұған қатысты құзырлы орындарға хат та жолдадық, уәдесін алдық.
– Ал биыл орын алған осындай оқыс оқиғалардан алар сабақ не болмақ?
– Жымысқы әрекеттерге, жасырын дүниелерге жол бермеуіміз керек. «Ауырып, ем іздегенше ауырмайтын жолды іздеген» ләзім. Әлбетте, мұнда кешікпеуге тиіспіз. Өкінішке қарай, біздің мемлекеттік органдар да, құзырлы ведомстволар да кешікпеу, алдын алу жағынан кемістікке жол берді. Бәрі орын алып болған соң ғана алашапқын болып жатқанымыз өкінішті. Бұл – ел болып арылатын мәселе.
Екінші жағынан, терроризм туралы әңгіме туғанда таразыдағы табақтың екінші басына дін мәселесінің де тартылатыны қалыпты жайтқа айналды ғой. Дінді желеу етіп, бетіне бүркеп, жас өреннің санасын улап, хақ жолдан бұрып кетушілік бар. Шын дінде ешқандай адамды басқа адамға қиянат жасауға сілтемейді. Ал енді кейбір діндік сектанттар жұмысын адамды адамға қарсы қоюдан бастауды әдетке айналдырған. Мысалы, баласын әкесіне қарсы қояды. Әкесі өлген күннен бастап баласы оны ұмытуы керек деп уағыздайды. Ол қандай дін, қандай мораль?! Сондықтан да биылғы жылғы Парламент қабылдаған маңызды заңдардың бірі де осы діни ұйымдар мен діни қызметті реттеуге бағытталды. Арнайы агенттік құрылып, ол тиянақты жұмысқа кірісті.
– Осы тұста биыл дін төңірегінде әлемдік деңгейде орын алған дау-дамайға да тоқталып өтсек. Пайғамбарды келемеждеп, арандатқыш фильм түсіргендердің ислам әлеміндегі тұрақсыздықты тағы бір қоздатып тастағаны белгілі. Тіпті баз біреулер сондай сұмпайы да сорақы әрекетті сөз бостандығымен ақтағысы келді емес пе? Мұндай тірлік өркениеттер арасындағы дағдарысты білдірмей ме? Қалай ойлайсыз?
– Дәл осы мәселеге қатысты мен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының Тирана қаласында өткен күзгі сессиясында пікірталас барысында назар аудардым. Жалпы, сөз бостандығын бетке ұстап, бір қоғамға, бүкіл саналы бағыттардағы діни ағымдарға дөрекілікпен үн қату – демократияның құндылығына қайшы. Мәселен, сол туындысымақты алсаңыз, оның қайсысының қоғамға қандай қажеттілігі бар еді? Соған мұсылмандар әлгі басқа дін өкілдерінің сезімін, сенімін қорлайтын, тума-табиғатын күстаналайтын дүниелермен жауап берсе, не болар еді? Көз алдымызға елестетудің өзі сұмдық емес пе?! Діндер арасында жақсылық жоғалып, қайшылық өршитін еді. Сол үшін мен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының сессиясындағы пікірталаста әлгіндей оспадарсыздыққа қоғамдық тұрғыдан жол бермеу керектігіне мән беріп сөйледім. Расында, басқасына бармай-ақ, осы ЕҚЫҰ аясындағы көп ұлтты және мультимәдениетті қоғамдастықтың қорғалу мәселелері өзекті. Сол үшін мынандай бір өркениеттер қақтығысының алдын алу жөніндегі шараларды қабылдау күн тәртібінде тұр. Осыларды айта келіп, исламға қарсы шығарылған арандатқыш фильмді қатаң сынға алып, сөз бостандығын жамылып, діни сенімді қорлаудың кез келген түріне жол берілмеу керектігін баса айтқан едім. Шындығында, биыл мұндай кері құбылыстар әлемде тағы да қайталанбай қалмады. Пастырьлардың «Құран» өртеген фактілері де болды. Бұл – нағыз жабайы, варварлық, сұрқия әрекеттер. Оған басқа баға да жоқ. Гетенің айтқан сөзі бар екен: «Кітап өртеген елде адам өртеу де қиындыққа соқпайды». Сол сөзді айтқан данышпанның жерлесі Гитлер де кітап өртеді. Бұдан қандай сабақ алдық? Керісінше, пастырьлар «Құранды» қайта-қайта өртеп жатты. Түйіндей айтқанда, сөз бостандығын пайдаланып, әдейі қақтығыс туғызу мақсатында жасалатын дүниелерден жер-жаһан тітіркенеді. Ізгілікті, өркениеттіміз деп жүрген еуропалық қоғам соны ауыздықтаса, жазғыратындай баға беріп, соны өз деңгейінен айта алса, игі еді.
– Қуаныш Сұлтанұлы, «қазіргі сәт тез өтеді, тез кешегіге айналады» деп өзіңіз айтқандай, бұл жыл да аяқталып келеді. Әлбетте, қазақтың жаңа жылы наурызда басталады. Дегенмен жаһандық жүйемен келсек, жылан жылы табалдырықта тұр. Ендеше, келер жылдан не күтеміз?
– Президенттің жаңа Жолдауының өзегі: 2013 жылдан бастап біз жұртымызды жаңғыртудың екінші кезеңіне қадам басамыз. Расында да, модернизацияның бұған дейін бір кезеңін еңсердік. Кешегі кеңестен қалған «қоқыстан» бас тартып, әлемдік стандарттарға ұмтылуды жөн санадық. Әлемдік, жаһандық технологияны келтіруді қолға алдық. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа модернизациялау жұмыстары жанданды. Әлемдік технологияға ілесіп қана жүре бермей, жаңашылдықты өз жерімізде жөнге салатын жолды таңдадық. Осыны үдетуге өзіміз араласпасақ, көштен қалып қоюымыз әбден мүмкін. Сондықтан да Президент «Қазақстан – 2050» стратегиясында көп мәселені межелесе, соның ішінде 2013 жылдан бастап кірісетін ауқымды дүниелер де жеткілікті. Ал тұтастай даму, өрлеу тұрғысынан алғанда, біздің келер жылғы басты міндетіміз – жұмыссыздықтың белең алуын жою. Бұл біздің қолымыздан келеді.
Біріншіден, осыдан бір ай бұрын алдағы үш жылға, оның ішінде негізінен 2013 жылға арналған республикалық бюджетті бекіттік. Соған қарасақ, Қазақстанның шығыс-кірісін тұтастай айқындайтын басты қаржы құжатының салмағы едәуір артты. Біз 6 трлн теңгенің аумағындағы әңгімені айттық. Ал он жыл бұрын бюджеттің көлемі небәрі 300 млрд теңгені ғана құраған болса, қазір бізде бір облыстағы бюджеттің өзі осымен шамалас. Ендеше, келесі жылы да халықтың әл-ауқаты жоғарылайды, жұртшылықтың жағдайы жақсарады. Түйіндей айтсам, мемлекет ісі бір күнде «Туды көтердік, ел атандық» деумен, сонымен біте салмайды. Бұған халықтың да көзі жетті. Ендігі меже – мәңгілік ел жасау. Ал мұндай идеология үшін бір сәт те тыным болмауы керек. Ізденіс, тұрақты өсу мен даму жолы қажет. Бұл – сайып келгенде, заманауи экономиканың, қазіргі заманғы саясат пен әлеуметтік сұраныстардың зор талабы.
Алашқа айтар датым...
Қасым Аманжоловтың «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен қазақтың баласы. Есе тиер енші алар, Ел болсам деп ойлаушы ем. Қазақпын деп айта алар, Мен болсам деп ойлаушы ем» деген өлеңі бар. Біздің басымыздан «мен қазақпын» деп айта алмайтын кез де өтті. 70 жыл бұрын жазылған Қасым ақынның сол тұста советтік Қазақстанның жетістігіне көзі жетсе де, «қазақпын деп айта алатын болсам» деп армандаған. Қазір «қазақпын» деген дауысымыз әлемге жетеді. Қазақты әлем танып тұр. Біз осы бақытты уыстан шығарып алмайық. Осының жауапкершілігін ұмытпайық. Ол үшін ұлттық мүддемізге, ұлттық бостандығымызға ешқашан салғырттықпен қарамауымыз керек. Ұлттық еркіндігімізді сақтауымыз керек. Түйіндей айтсақ, Елбасы міндетін белгілеген, елдігіміздің мұраты – мәңгілік мемлекет болуға әрбіріміз атсалысуымыз керек. Сондай кезең туды бізге. Қазақ үшін 2013 жылдан бастап жаңа дәуірдің жаңа сатысы басталды. Біз келер жылы Президент айтқан қазақтың алтын ғасырына да аяқ басамыз. Осыны сезінуіміз керек. Алайда «алтын ғасыр» өздігінен келмейді. Алтынның аптабына оранып жатамыз деп ойламай, сол алтынды, сол асылды өз қолымызбен жасауға, қалап, тұрғызуға мүдделіміз. Бұған бүкіл халық, ел жұртымыз мүдделі.
Сара сөз
Қазір қазақты әлем таниды. Ал халық тұлға арқылы танылады. Біздің жол бастар басты тұлғамыз – Тұңғыш Президент – Елбасы. Егер Нұрсұлтан Әбішұлы келісті қазақ болмаса, онда қазақтың кім екенін халықаралық қауымдастық біле бермейтін де еді. Елбасының қайратты, көреген, білгір, қай жерде болса да сөзін өткізетін, ұтқыр қазақ болғандығынан көп жерде танылып, өтіп жүрміз. Мұны еш қоспасыз айта аламын.
Тағы бір айрықша айтарым – ұлттық сана. Сол сананы өзгерту арқылы біз бәрін өзгерте аламыз. Президент тіл туралы тағы да айтты және тағы да жетеге жеткізе айтты. Бұдан артық қазаққа не керек?! Неге кейбіріміздің санамыз оянбайды, намысымыз көтерілмейді? Министрлік аппараттарында 90 пайыз қазақ жұмыс істейді, сол 90 пайыз қазақ неге қазақша сөйлеспейді бір-бірімен?! Әсіресе кілең жас қызметкерлер өз ана тілінде сөйлескісі келмейді. Әрине, орысша білгені – артықшылығы, ал қазақ тілін, өз ана тілін білмегені кемшілігі емей, немене?! Ендеше, сол кемшілігімізді неге түземейміз?! Президенттің тағы да қайталап айтқаны да сондықтан. Бұдан артық қалай айту керек екені маған да белгісіз. «Орысша сайрап тұратын қазаққа қазақ тілін меңгеру қиын болады екен» дегенге мен еш сенбеймін. Пайымымша, бәрін көтеретін, өсіретін – сана, ұлттық сана.