Қазақ тілін саяси іс-шараларға араластыру мүлде қате әрі қауіпті

Қазақ тілін саяси іс-шараларға араластыру мүлде қате әрі қауіпті

Бейбіт ИСАБАЕВ, Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, саяси ғылымдар докторы:

– Құрметті елші мырза! «Елдестірмек – елшіден» дегендей, ауылы аралас, қойы қоралас бауырлас Қырғыз елінде екі халықтың ортасында дәнекер болып келесіз. Қазаққа ең жақын халық та – осы айыр қалпақты қырғыз ағайын. Қыр­ғызстан Президенті Алмазбек Атам­баевтың шетелге ең алғашқы мем­лекеттік ресми сапарының Қа­зақ­станнан бастауы да тегін емес. Былтыр Қазақстан-Қырғыз дипло­матиялық байланысына 20 жыл толды. Осы белес тұрғысынан алғанда, туысқан екі ел арасындағы саяси байланыстар қалай дамып келеді?
– Екі ел арасын жалғастырып жатқан жалғыз саяси байланыстар емес. Атам заман­нан белгілі қазақ пен қырғыздың ортасындағы дәстүрлі туыстық, достық, көршілік тату қарым-қатынастар бүгінде стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеріліп отыр. Халықаралық маңызды мәселелер бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның ұстанымдары ұқсас, бір-біріне жақын. Орын алған кез келген сұрақтарды біз алдын ала талқылап, екі жақтың да ұлттық мүддесін ескере отырып шешіп келеміз.
Сонымен бірге бүгінгі күні екіжақты қа­рым-қатынастарда күрделі, шешілмейтін даулы мәселелер жоқтын қасы.
Қырғыз елінде соңғы жылдары орын алған белгілі оқиғалардан соң шетел ин­весторларына, оның ішінде қазақстандық компанияларға қатысты құқық бұзушылық фактілері, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөніндегі келісімдердің орындалмауы салдарынан әлсін-әлсін туындап отыратын түсініспеушіліктер, Қыр­ғызстаннан ауылшаруашылық өнім­дерін Кеден одағы елдері нарығына экспорттау бойынша шектеулер, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жақсарту т.б. бүгін болмаса ертең оң шешімін табатын уақытша мәселелер.
Ең бастысы, Қазақстан тап қазір Қырғыз Рес­публикасының негізгі сауда-эко­но­ми­калық әріптестерінің қатарында. Мәселен, соң­ғы 15 жылдың ішінде Қазақстан Қыр­ғыз­станның экономикасына 1,5-2 мил­лиард АҚШ доллары төңірегінде инвес­ти­ция сал­ған. Бұл – Қырғызстанмен эко­­­но­­ми­ка­лық байланыстағы мемлекеттер арасындағы бү­гінге дейінгі ең үлкен көр­сеткіш. Ресей тарапынан құйылған инвестиция көлемі 1 мил­­лиардтан жаңа асса, Қытай 1 мил­лиард­қа енді жетті. Қазақстан, негізінен, банк секторына, тау-кен өндіру саласына, құрылысқа, ауыл шаруашылығына, су энер­гетика саласына инвестиция салып отыр. Қазір Қырғызстан аумағында 100-ден ас­там бірлескен қазақ-қырғыз кәсіп­орындары жұмыс істейді. Мұның ішінде «Қазақмыс Голд Қырғызстан», «Кант цемент» зауыты, «Халық банкі», «Казкоммерцбанк» тәрізді 10-12 аса ірі кәсіпорындар бар. 2012 жылдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы сауда айналымы 1 миллиард 140 миллион долларды құраған екен. Оның 70 пайызға жуығы Қазақстаннан шығатын экспорт болса, біз көршімізден 30 пайыз көлемінде импорт аламыз. 2010 жылы сәуір, маусым айларындағы Қырғызстанда болған оқи­ғалар кезінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде халықаралық беделді ұйымның әлеуетін тиімді пайдаланып, Азия даму және қайта құру, Еуропалық даму және қайта құру банктері т.б. халықаралық донорлық ұйымдардың қаржысын Қыр­ғызстанға бағыттауға күш салды. Екін­шіден, дәл осы қиын-қыстау кезеңде, бас­қалар ойланып жатқанда бірінші болып Қыр­ғызстанға қол ұшын создық. Сол кездегі Үкіметіміздің бірінші вице-премьері Ө.Шү­кеев пен Қырғыз мемлекеті премьерінің бірінші орынбасары деңгейінде шұғыл жұмыс тобы құрылып, 12 миллион АҚШ доллары көлемінде көмек көрсетілді. Оның ішінде құны 6 миллион болатын құрылыс материалдары, 6 миллионға жуық тұр­мыс­қа қажетті заттар мен азық-түлік Қыр­ғыз­станның оңтүстігіне жеткізілді. Жалпы, біз 2010-2012 жылдар аралығында Қыр­ғыз­станға 40 миллион долларға жуық гу­манитарлық көмек көрсетіппіз. Қазақстан­ның Қырғызстанға деген бауырлық ниеті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың былтырғы жылғы Қырғыз еліне ресми мемлекеттік іссапары кезінде нақтылана түсті. Сапар барысында мерейтойлық декларацияға қол қойылды. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытудың 2012-2015 жылдарға арналған бас жоспары бекітілді. Сол құнды құжаттар аясында біз бұдан бы­лай да көмек қолымызды созудан бас тартпаймыз. Биыл қырғыз бауырларға тегін екі мектеп салу ісі жоспарда тұр. Менің ойымша, «қазақ-қырғыз бір туғандықты» ұрандаған жай сөз тұрғысынан емес, осылайша нақты істер арқылы дәлелдеген жөн секілді.
Қорыта айтқанда, Қырғызстан мем­лекеттік құрылымның қай формасын таң­даса да, біз оған сыйластықпен қараймыз. Қандай жолмен жүргісі келеді, оны қырғыз халқы өзі шешсін. Бірақ бір анық нәрсе бар. Біз Қырғызстанның ішкі саяси тұрақтылығын қалаймыз. Ұлттық экономикасының тезірек аяғынан тұрып, жұмыс істегенін қалаймыз.
– Кезінде Қазақстан мен Қырғызстан арасында инвестициялық портфелі 100 млн АҚШ долларын құрайтын қор құрылғанынан хабардар едік. Бірақ нақты іс байқалмайтын тәрізді. Бұған не себеп?
– Аталмыш Қор 2007 жылы біздің Ел­басымыздың ұсынысымен жасалған жоба болатын. Араға 2010 жылғы оқиғалар кірді де, жоба біраз кешеуілдеп қалды. Был­тыр Бішкекте Қордың ресми тұсаукесері өтіп, жұмысын бастап кеткен. Тартымды жобалар да баршылық еді. Ішінен төрт-бес жобаны таңдап алдық. Енді соларды нақты қаржы­ландыру мәселесі шешілуі тиіс. Қазір қар­жыландырудың көздері мен тетіктері қарастырылуда. Кешеуілдеп жатуының негізгі себебі – біздің Қаржы министрлігі мен «Самұрық-Қазынаның» ортасында шет мемлекетке қаржы аударудың заңдық, құқықтық механизмі жасалмаған екен.
– Негізінде, Қырғыз елінің сыртқы саясаты өте күрделі тәрізді. Өйткені қырғыз жері АҚШ-тың, Ресейдің және Қытайдың мүдделер тоғысына айналып отыр. Бұл қырғыздардың әуел бастан ұстанған саясаты ма, (мүдделер қақ­тығысы арасынан пайда табу) әлде геосаяси жағдай солай қалыптасты ма? Болашақта Қырғызстан қандай бағыт ұстанатын болады, америкалық па, қытайлық па, ресейлік пе? Әлде қазаққа қарай бет бұра ма?
– Бұл – Қырғызстаның әуел бастан ұс­танған саясаты емес. Бұл – Қырғызстанның географиялық орналасуына байланысты қалыптасқан геосаяси жағдай. Шын мәнісінде, жалғыз Қырғызстан ғана емес, жалпы, Орталық Азия аймағы әлемнің алпауыт мемлекеттерінің мүдделері тоғысқан өңірге айналып отыр. Көпшілік өзге аймақтар нарығы халықаралық қауымдастық арасында әлдеқашан бөлініп қойылғаны ешкімге жасырын емес. Тұмсық сұғар саңлау жоқ. 70 жыл Кеңес Одағының шылауында болып, Тәуелсіздік алып шыға келген тұста жер қойнауы газ бен мұнайдан бастап, уранға, алтынға, күміске тұнып тұрған бай өлкеге кім қызықпасын?! Әр­кімнің де бұл аймақтан өзінің үлесін, қазақ­ша айтқанда, «жіліктің майлы басын» алғысы келетіні анық. Әрине, мәселенің әскери-саяси астары да бар. Екінші жағы­нан, Орталық Азия мемлекеттерінің де өз таңдаулары бар емес пе? Ендеше Тәуелсіз мемлекет ретінде Қырғызстан ішкі саясаты тәрізді, сыртқы саясатын да өзі айқындауы шарт. Басым бағыттарын өздері біледі. Бірақ, менің байқағаным, дәл қазіргі қырғыз мемлекетінің жүргізіп отырған сыртқы саясаты – көпвекторлы саясат. Екіжақты форматты да, көпжақты форматты да бірдей ұстап отыр. Дегенмен алдағы орта мерзімді болашақта Ресей, Қытай, Қазақ­стан, АҚШ, Түркия мемлекеттері Қырғыз­станның сыртқы саясатында басты бағыт болып қалады деп болжауға негіз бар. Қырғыз мемлекеті ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ сияқ­ты халықаралық ұйымдардың аясында жоғарыда айтқан мемлекеттердің көпші­лігімен тығыз араласады. Өмірдің өзінің қазіргі қажеттілігі осыны талап етеді.
– Дегенмен соңғы кезде Қыр­ғыз­станға Қытайдың экономикалық ықпалы артып отырғаны байқалып отыр. Ол теміржол, тау-кен сала­сындағы инвестициялық белсен­ді­лігінен көрініс беріп отыр. Таразының басы солай қарай ауып тұрған жоқ па?
– Қытай – Қырғызстанмен тікелей шекаралас жатқан ел. Екіншіден, Қытай – өте үлкен нарық. Үшіншіден, Қытай бұл елмен сауда-экономикалық қарым-қатынас жүргізуге өте мүдделі. Қазірдің өзінде жол-көлік, энергетика салаларына қомақты инвестиция салып отыр. Балықшы-Бішкек тас жолы құрылысы, жоғары кернеулі «Дат­қа-Кемин» электр желісінің құрылыс­тары қарқынды жүргізілуде. Кезінде Қытай жағы пайдалы кен орындары бар жерлерге инвестиция береді деген сөз болған. Бірақ қырғыз тарапы мұны қабылдамады. Жо­горку Кенеш пен Қырғыз халқы мұндай ұсыныстарға аса сақтықпен қарайды. Сон­дықтан жүзеге аспаған секілді. Дегенмен экономистер мен сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы бес жылда екі ел ара­сындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар күрт дамиды және жаңа дең­гейге көтеріледі.
– Қырғызстанның Манас әуежайы туралы ұстанымы аймақтағы геосаяси жағдайға қандай да бір ықпалын тигізе ме?
– Манасқа байланысты жағдай былай. Үстіміздегі жылдың 21 мамыр күні Қырғыз­стан үкіметі АҚШ пен Манас транзиттік транспорттық орталығы жөніндегі келісім­шартты бұзу жөнінде шешім қабылдады. Сөйтіп, ол шешімді Жогорку Кенешке берді. Қырғыз парламенті бұл құжатты 20 мау­сымда ратификациялады. Яғни 2014 жыл­ғы шілде айынан бастап «Манас» казіргі жағдайында қалмайды. Биыл 28 мамырда Мемлекет басшыларының қатысуымен Біш­кекте өткен ҰҚШҰ-ның саммитінде Қыр­ғызстан Президенті А.Атамбаев «аталмыш орталық базасында халықаралық азаматтық транспорттық хаб құрылады» деп мәлімдеді. Қазір көрші мемлекеттермен бірлесіп, соның жобасын ойластырып жатыр. Ал өт­кен­ге көз салатын болсақ, «Манас» Ауған­стандағы НАТО-ның және АҚШ-тың коа­лициялық әскери күштерінің жұмысына көп жәрдемін тигізді. Жанар-жағармайдың 100 пайызы, 50 пайыздан астам әскери жүктер, 97 пайызға жуық жауынгерлер мен офи­церлер осы «Манас» арқылы тасымалданды. 2014 жылдан бастап коалициялық күш­тердің басым көпшілігі Ауғанстаннан шыға­рылатын болса, «Манасқа» қажеттілік те азая түседі. Бір сөзбен айтқанда, АҚШ пен Қырғызстан арасындағы әскери-саяси байланыс әжептәуір баяулайды. Атап айтар­лығы, бұл бәсеңдік қазір біз анық байқап отырған Ресей мен Қырғызстан арасындағы екіжақты экономикалық, әскери-техни­калық қарым-қатынастардың күрт өсуіне тап келіп отыр. Әрине, мұны кездейсоқтық деп айта қою қиын. Мемлекеттің өз сыртқы саяси басымдықтарын объективті жағ­дайларға байланысты ауыстырып отыруы – үйреншікті нәрсе. Дегенмен бұл бетбұрыс Қырғызстанның геосаясатына түбегейлі ықпалын тигізеді деуге болмас.
– Өзбек, тәжік шекарасында Қыр­ғызстан үшін шешімін табуға тиісті мәселелер баршылық тәрізді ғой...
– Шекара мәселесі бойынша, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан ортасында шешімін таппаған өте күрделі түйін бар. Оның негізгі кілтипаны мынаған келіп тіреледі. Үш мемлекет арасында әлі күнге делимитация, демаркация мәселелері шешілмеген. Мысалы, қырғыз бен тәжік ортасындағы 971 шақырым мемлекеттік шекараның 471 шақырымына әлі дели­митация жасалмаған. Сол сияқты, қырғыз бен өзбек шекарасы 1378 шақырымды құ­раса, соның 61 учаскесі, яғни 320 шақырым жері даулы аймақтар болып отыр. Бұл мәселе – баяғы 1920 жылдары қабылданып кеткен шала шешімдер мен соқыр саясаттың кесірі. Кеңес үкіметі кезінде халықтың тарихи орналасуын ескерместен, жерді көрпе пішкендей, бөліп-бөліп бере салды емес пе? Ферғана, Сох, Шахимардан, Фа­рух аймақтарында анклавтар бірінің ішіне бірі кіріп кеткен. Жер – қырғыздікі, ал халықтың 95 пайызы не өзбек не тәжік болып қалыптасты. Керісінше, өзбек, тәжік жерінде қырғыздың анклавы қалып қойды. Осы жағдай бүгінгі күні даулы мәселеге айналып отыр. Бұл жердегі басты кілтипан мынада: Қырғыз жағы Кеңес үкіметі тұсында қабылданған бір құжатқа сүйенсе, ал өзбек жағы басқа бір құжатқа иек артады. Қыр­ғыздың құжаты бойынша, шекара басқа жерден өтеді. Ал өзбек жағы басқа сызықты нұсқайды. Ортақ ұстаным жоқ. Сондықтан дәл қазір олар келіссөз үстеліне отыра алмай отыр. Бұл жерде ымыра­шылдық керек. Саясатта үнемі 100 пайыз ұтыспен шығу мүмкін емес. Мәселен, біз Қытаймен, Өзбекстанмен, Ресеймен шекара мәселесін екі жақтың мүддесін ескере отырып, даулы учаскені екі жаққа да тиімді ымыраға келіп шештік емес пе?! Сөйтіп, іргемізді мықтап бекі­тіп алдық. Ал бұл үш мемлекет бір жерден ұтып, бір жерден ұтылатын қимылға барғылары келмейді. Сарапшылардың айтуынша, тараптар бір тоқтамға келмесе, бұл түйткілдің түйінін тарқату мүмкін емес. Мәселен, Кеңес үкіметі кезінде Одақ пен Қытай арасында төрт даулы участок болғаны белгілі. Сол 70 жыл бойы шешілмей келді. Өйткені екі империя да бір-біріне иілмей, мәселені әрқайсысы өз мүддесіне қарай шешуге ұмтылды.
– Бейбіт Өксікбайұлы, су – Орталық Азиядағы өте күрделі мәселелердің бірі. Аймақта су төңірегінде өзекті мәселелер бар екендігі кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Су ресурсына қатысты мәселелер қалай шешімін тауып жатыр?
– Дұрыс айтасыз, Орта Азиядағы су мәселесі – ең қиын мәселе. Жалпы, су мә­селесі әлемдік проблемаға айналғалы тұр ғой. Ғалымдардың айтуынша, су және оның ішінде тұщы су қоры бүкіл әлемде тартылып келе жатыр. Алдағы уақытта халықаралық қатынастарда болсын, екіжақты қатынас­тарда болсын, көпжақты форматта болсын, су тауар ретінде пайдаланылады, тауар ретінде сатылады. Сондықтан су аймақтық саяси процестерде пайдаланылатын қо­сымша саяси тетік болады ғой деп ой­лаймын. Біздегі Сырдария, Шу, Талас өзендері бас­тауын Қырғызстаннан алады. Өзбекстан экономикасының басым көпшілігі тәжіктен, қырғыздан келетін суға тәуелді болып отыр. Енді осы су көздерін әркім өзінің ұлттық мүддесіне сай пайдалануға тырысады. Ши осы жерден шығуы мүмкін. Сондықтан трансшекаралық аймақтардағы су балансын сақтау дұрыс шешілмеген жағдайда Орта­лық Азия аймағы – үлкен шие­леністердің, кикілжіңдердің, жанжал­дардың ошағына айналып кету қаупі бар. Аймақтағы су балансының сақталуына тікелей мүдделі мемлекет ретінде, біздің көзқарасымыз айқын. Қамбарата, Нарында жоспарланып отырған ГЭС-тер аймақтағы өзге мем­лекеттерге ешқандай зиян келтірмеуі тиіс. Сондықтан да осы құрылыс­тар аймақ­тардағы мем­лекеттердің қатысуымен және олардың мүдделері ескеріле отыра салынуы керек. Біз осы бағытта жүйелі жұмыс істеуге тиіспіз. Бір үстел басына отырып, мәсе­ленің оң шешілуіне күш салуымыз қажет.
– Елші мырза, мәдениет саласындағы екіжақты байланыстардың көкжиегі қандай?
– Біз қазақ пен қырғыз жақын деп жүріп, соңғы 10 жылда көп мәселені ескерусіз қалдырыппыз. Екі ел арасындағы мәдени, рухани, әдеби ынтымақтастықтың саябыр­сып кеткенін былтыр Қазақстанның Қыр­ғызстандағы мәдени айлығын өткізген кезде анық сезіндік. Байқап отырсақ, соңғы 15-17 жылдың ішінде Қазақстан тарапынан үлкен көлемдегі мәдени шара бірде-бір рет өткізілмеген көрінеді. Өтпелі кезең болды. Әркім өз қотырын өзі қасып, мемлекет құру­дағы ұлттық мүдделердің шылауында бұл мәселелерді ұмыт қалдырыппыз. Алыс-беріс болмағаннан кейін ағайын жат болады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Бішкекке, бірнеше облыс орталықтарына опера, балет, театр, фоль­клор, кино, эстрада, сурет өнеріндегі қазақ­тың дүлдүлдерін алып келіп, бір ай бойы дүркіретіп концерт бердік. Театрларда спектакль таза қазақ тілінде өтті. Сонда залда екі сағат бойы шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық болды. Актерлердің қазақтың әдеби тілінде сөйлеген сөздерінің бәрін қырғыздар аудармасыз түсініп отыр­ды. Біздің Президентіміз жөнінде «Балалық шағымның аспаны» фильмі көрсетілген кезде жұрттың қол соққанын көрсеңіз. «Мұстафа Шоқай» фильмін ова­циямен тік тұрып қарсы алды. Сонда қырғыз бауыр­лардың қазақ өнеріне шөліркеп қалғанын, сағынып қалғанын байқадым.
Асанәлі Әшімов, Нұржыман Ықтымбаев, Болот Шамшиев, Айтұрған Темірбаевалар бір апта арқа-жарқа көпшіліктің көзайымы болды.
Алла жазса, биыл Астана мен Алматыда Қырғызстан өзінің мәдени айлығын өткізейін деп отыр. Үстіміздегі жылдың 6-26 маусым аралығында Қырғызстан суретшілері Астана күнінің қарсаңында «Астана – Қырғызстан суретшілерінің өнерінде» деген арнайы көрме өткізді. Онда майлы бояумен салынған 70-тен аса авторлық картиналар қойылады. Бұл – Қырғызстан мәдени күндерінің бастамасы болып табылады. Негізгі іс шаралары тамыз, қыркүйек айларында өтеді.
Ал Астанада Манас ескерткішін ашу, Шыңғыс Айтматовтың атына көше беру мәселесі Астана қаласы әкімдігінің оно­мастикалық комиссиясында оң шешімін тапты. Қазір ескерткіштің эскиздері талқы­лану үстінде. Ол бекуі керек. Көше де сол сияқты. Ал Бішкекте Абайдың ескерткішін ашып, Шоқан Уалихановтың атына көше беру жөнінде де Бішкек мэриясы өзінің шешімін қабылдады. Енді оның нақты іске асырылуы ғана қалды. Бұл алдағы күн­дердің еншісінде ғой деп ойлаймын.
– Біз алдымен журналист Исабаевты таныдық, кейін биліктегі Исабаевты көрдік. Осы уақыттардың барлығында қаламгер ретінде, ұйымдастырушы ретінде белсенділігіңізбен көзге түсіп, халықтың көз алдында болдыңыз. Ал елші болғаннан бері ел сізден көз жазып қалғандай. Елші Исабаевтың өмірінде не өзгеріс болды?
– Жалпы, халықаралық тақырыпты мен бала күнімнен жақсы көрдім. Әкем марқұм аудан көлемінде партия-совет қызметкері болған еді. Сондықтан болар үйде халық­аралық тақырыптарға арналған журналдар көп болатын. Солардағы мақалаларды қиып алып, желімдеп, альбом қылып қарап отыратынмын. Қазір ойлаймын, ауылдың қара домалақ баласына сол кездегі Иран­гейттің, «Сэм ағаның» карикатура­ларының, Америка мен Кеңестер Одағының ара­сындағы саяси мәселелердің не қажеті бар еді. Кейіннен журналистика факультетін бітіргенде де дипломдық жұмысымды «Қазақ баспасөзіндегі халықаралық тақы­рыптың жазылуы» деген тақырыпта қорғадым. Шамасы, сол кездің өзінде тағдыр мені осы салаға қарай икемдеген тәрізді. Үкіметте қызмет істедім, әкімнің орынбасары, министрдің орын­басары, Елбасының Баспасөз хатшысы болдым. Елші болып қызмет атқарғаныма да 10 жылдай уақыт болып қалыпты. Сонда байқағаным, журналист мамандығы осылардың еш­қайсысына да жат емес. Ал дипломаттық қызметті журналистикадан, өнерден, мәдениеттен алыс деп айтуға ауыз бар­майды. Менің түсінгенім, журналистика мен дипломатия бірін-бірі толықтыратын мамандықтар. Менің алғашқы мамандығым зиялы қауыммен жұмыста, дипломатиялық қызметімде маған көп жәрдем берді. Халықтық дипломатияны меңгеру, көп­шілікпен сөйлесе білу мәдениеті, жөн сөзге тоқтау, ортақ бәтуаға келуді осы мамандық арқылы меңгердім десем артық айтқан­дығым емес.
– Сан салалы елшілік қызметтің қиындығына қарамастан, уақыт тауып, ғылым докторы деген атақты қорғап шығыпсыз. Енді ғылымға бет бұратын ойыңыз жоқ па?
– Ғылымда да мен журналистикадан алысқа кете қойғаным жоқ. Журналис­тиканың, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамның саяси өміріндегі атқаратын рөлі мен жауапкершілігін зерттедім. Журна­листиканың, бұқаралық ақпарат құрал­дарының, қоғамның саяси коммуникативтік жүйесіндегі қызметінің саяси аспектілері тың тақырып. Кезінде кандидаттық жұ­мысым да осы бағытта болды. Қазір қолым тигенде Бішкектегі ұлттық университетте дәріс оқимын. Түркияда қызметте жүргенде де бірер оқу орындарында осы тақырып бойынша лекциялар оқығаным бар. Сон­дықтан мені журналистикадан қол үзіп кетті деп ешкім айта алмас. Екеуін байланыстыра қатар алып келе жатқан жайым бар. Елшілік қызметтің сырт көзден таса ішкі өмірінің талай түйткілдері қойын дәптерге түртіліп келеді. Уақыт келгенде, бәлкім, басы-аяғын бүтіндеп бірдеңе шығаратын да ойымыз жоқ емес.
– Елшінің адам ойын қабақтан танитыны, отыз тістен шыққан әр сөзге сақ болатыны белгілі ғой. Кезіндегі олқылықты орып түсетін орақ ауызды журналистке бұл тірлікке көндіге қою оңайға соқпаған шығар. Абай айтқандай, мінезді өзгертуге бола ма екен?
– Әрине, дипломатикалық қызметтің өзінің ерекшеліктері бар. Бірақ табиғи болмыс, азаматтық ұстаным, өмірлік прин­циптер өзгермейді. Сондықтан да мінез жағынан өзгердім деп ойла­маймын. Бірақ ішкі эмоцияңды, тіл ұшындағы жауа­быңды, көкіректегі көңіл күйіңді ауди­то­рияға ашық білдіруге үнемі мүмкіндік бола бермейді. Барлығын дипломатикалық протокол, қызметтік этика шеңберінде жүргізуге тиіс­сің. Бірақ сөздің астарын, сөздің құдіретін дұрыс пайдалана білсең, ойыңды ашық айтсаң да, қатты айтсаң да, ақырын айтсаң да діттеген жеріне жеткізесін, иландырасың деген ойдамын. Қалған уақытта бұрынғы журналист Исабаев қандай болса, сол күйімде қалған тәріздімін. Өмірімде алып бара жатқан басқа өзгеріс жоқ. Балалар ер жетті. Немерелі болдық.

Алашқа айтар датым...
Ұзақ жылдар шетте жүріп,өзім көзіммен көріп түйген ойым – туған тілдің жайы. Түркияда жұмыс істегенде аңғарғаным, өзінің табиғи Отаны Орта Азиядан кеткеніне ықылым заман болған Түрік мемлекеті Еуропа, Византия, Словян, Рим, Грек мәдениетінің ортасында отырып, соншама ғасырдың ішінде өзінің ұлттық тілін сақтап қалды. Неміс тілінде сайрап тұр, французша ағып тұр. Бірақ бірінші кезекте түрікше сөйлейді. Ал Пәкстанда мемлекеттік тілді дабырайтып урду тілі деп қойған. Бірақ урду тілі бейшара қалде. Ол тілде сөйлейтіндер аз. Аясы тар. Бұларда бірі – бенгал, бірі – пуштун,бірі пенжаб тілінде сөйлейді. Солтүстігі – оңтүстігінің, шығысы-батысының тілін түсінбейді. Қырғыз парламентінде орысша сөйлесең, депутаттар үстелді ұрып отырып алады. Словян тектес депутаттарына қырғыз тілінде сөйле деген талап қойыла басады. Ең аяғы тілдік норманы сақтамағандарға айыппұл салады. Мүмкін, этикалық жағынан дұрыс емес те шығар. Бірақ айыр қалпақты ағайындардың туған тілге деген құрметі мен тілді сақтаудағы талпыныстарын мойындауға тура келеді. Менің алаңдайтыным, біздің Қазақстанда қазақ тілі саясаттың құралына айналып барады. Тілді саяси іс-шараларға араластыруға, түрлі науқандарда пайдалану мүлде қате әрі қауіпті. Тілді оқып үйренуге нақты жағдай жасалуы тиіс. Қаражат бөлу керек. Елбасы айтқандай, қазақ қазақпен қазақша сөйлесін. Шетел тілдерін үйренейік. Бірақ өз тіліміз бірінші кезекте тұрсын. Ең бастысы, өз-өзімізді алдамайықшы. Қазақ тілінде өткен кейбір меморгандардан келген хаттарды оқып отырсаң, қарның ашады. Грамматикалық қателерді былай қойғанда, логикалық байланыс жоқ. Адам ұялады. Науқаншылықпен, көзбояушылықпен бұлайша қазақшаға көшуге болмайды ғой. Жанға бататын нәрсе – осы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста