Қазақ тілі – амандасу, қоштасу тілі емес, ол мемлекетті басқару тілі болуы керек

Розақұл ХАЛМУРАДОВ, Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:

– Қазақстандағы 100-ден астам ұлт пен ұлыстың бірлікте, тату-тәтті тұ­рып жатқаны талай мемлекеттерді, көр­шілерімізді қызықтыратын болуы керек. Сарапшыларымыз бен саясат­­керлеріміздің көбі бұл жетістік­­тің ба­сында Қазақстан хал­қы ассам­блея­сы тұр дейді. Қазақстан­­ның осы тә­жі­ри­бе­сіне әлем­дік қауымдастық немесе же­­ке­леген мем­ле­кет­тер тарапынан қызығушы­лық­­тар бар ма?
– Ассамблея құрылғаннан бері, біреу бі­лер, біреу білмес, бірақ еліміздегі осы бір­лік пен береке ынтымақ пен тату­­лық­тың нығаюына үлкен үлес қосып келе жа­тыр. Қазақстан халқы ассамблеясы де­ген­де, оның құрамына кіретін этно-мә­де­­ни бірлестіктердің алар орны бө­лек. Біз­де мысалы, 30-ға жуық республика­лық-аймақ­тық, 200-ге жуық об­­лыс­тық, аудан­дық, қалалық этно-мә­дени орта­­лық­тар бар. Солардың бар­лы­ғының жұмысына ұйытқы болып отыр­ған осы – Ассамблея. Бүгінде бүкіл әлем этносаралық, конфес­сия­аралық келісімде қазақстандық үлгіні үйреніп жатыр. Қазақстан халқы ассам­блея­­сының делегаттары шетелдерге, ха­лық­аралық ұйымдарға барып, өзінің істеп жатқан іс-тәжірибесімен бөлісуде  өте жоғары баға алып келіп жүр. БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанға келген сапарында Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысымен та­ны­­сып, еліміздегі этностардың, түрлі кон­фе­с­сия­лар­дың арасындағы жарасым­­ды келісімді, берік татулықты көріп, «Қазақстан басқа елдерге осы салада үлгі бола алады» деп баға берген. Бұл – әлемдік деңгейдегі саясаткердің бағасы. Сол себептен елдегі тұрақтылыққа Ассам­блея­ның үле­сі өте үлкен деп ұялмай айта аламыз.
Өткен жы­лы қа­зан айын­да бол­­ған Ас­сам­­блея­­ның 14-ші се­­ссия­сында Ас­сам­­­­­блея төра­ға­­­сының үш орын­­­басары та­­ғайындалды. Елі­­мізде болып жатқан ұлт­ара­лық мәсе­ле­лерді талқылап, ғылыми ұсы­­ныс беру мақсатында Ассамблея кеңе­сі­­нің қа­сынан ғылыми-сараптамалық ке­­ңес құрылды. Мен ойлаймын, бұлардың бе­­рер нәтижесі алдағы уақыттың еншісін­де.
Тіл саясаты жайына келер болсақ, бұл тек қазақ халқының ғана емес, бү­гіндері Қазақстан өздерінің тарихи Отанына айналған өзге ұлт өкілдерінің де үлес қосуы азаматтық парыз болса керек. Ал мемлекеттік тілді білген өзге ұлттарды біз кейде тым көтермелеп жіберіп жүрген жоқпыз ба? Олар да осы мемлекеттің азаматтары болған­дықтан, тілді білуге міндетті ғой...
– Жалпы, қазақ тілі мемлекеттік мәр­те­бе алғаннан кейін сол алған мәр­те­бе­­сіне лайық орын алуға тиіс. Бұл тек қа­зақ халқының ғана емес, Қазақстанда тұра­тын өзге ұлттардың да жұдырықтай жұ­мы­ла атсалысатын ісi. Парламентте біз осы мәселені жиі-жиі көтереміз. Ата заңы­мыз­да, «Тіл туралы» заңымызда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жазылғаннан кейін қай ұлт өкілі болсын, мемлекеттік тілді білуі міндет, парыз. Ал парыз деген – ол қарыз деген сөз, ал қарыз өтелмейтін болса, ауыр күнә деп ұқсақ болады. Сол себептен бар­лық ұлт өкілдері келешекте қазақ тілін білуі керек. Кез келген мемлекетті алып қараңыз, төңірегіміздегі Ресейді алсақ та, көр­шілес Өзбекстанды, тіпті дамыған, де­мократиялық жолда деген еуропалық мем­лекеттерді алсаңыз да мемлекеттік тіл­ді білмесең, мемлекеттік қызмет тұрмақ, қара­пайым жұмыс істей алмайсың.
Заманның талабына қарай тіл мәселесі осындай уақытқа келіп тұр, дегенмен жұ­мыстар атқарылып жатыр. Уақыт өте бұл мә­селе де реттеліп, қазақ тілінің мәртебесі биік­­тейтіні сөзсіз. Ал енді мемлекеттік тілді біл­ген өзге ұлт өкілдерін көтермелеу деген­ге келсек, ешкімді артық көтермелеп жат­қан жоқпыз деп ойлаймын. Бір кезде Президенттің тапсырмасы да болған, бас­қа ұлт өкілдері мемлекеттік тілді білсе, сыйақы төлеу деген секілді, бірақ әзірге ешкімге төленіп жатқан жоқ, өзім де алып көрген емеспін. Айтайын дегенім, өз тілiм­ді білу – менің міндетім, парызым деп есеп­тей­мін, өзге ұлт өкілдері де солай тү­сі­нуі тиіс. Мемлекеттік тілді біл­ген адам­ды көтермелеудің, мақтаудың қа­же­ті жоқ. Қайта тілді білмейтіндерге, «не­ге білмей­сің, неге мемлекеттік тілде сөй­ле­мейсің?» деп талап қойғанымыз жөн шы­ғар. Басқа ұлт тұрмақ, кейде қазақ қазақ­ша сөйлессе қуанып, соған алғыс айтып жа­тамыз. Ол оның міндеті емес пе, менің ойым – осы.
– Қазақстандық ұлт деген түсінік қалыптастыруды жөн көретіндер бар. Ол айтылып та жатыр, бұл Батысқа еліктеу емес пе? Төлқұжатымызда ұлты деген сөзді жазудың қажеті жоқ деушілер де болды. Бұл өз ұлтын жасыру немесе одан намыстану болып шықпай ма?
– Бұл мәселеде бізде бір түсініспеушілік болды деп ойлаймын, әрбір адам өз ұлтының патриоты болу керек. Өз ұлтын қадірлей білмеген адам Отанының да патриоты бола алмайды. Сондықтан қан­дай ұлт өкілі болсын, ол қазақ, қыр­ғыз, өзбек болсын, өзінің туып-өскен жерін, ұлтын, ана тілін білуі керек. Төлқұжа­ты­мызға ұлты дегенді жазбау мәселесі бойынша депутаттық сауал жолданып, әйтеуір, ол реттелді, қателіктер түзетілді. Біреу ұлтын жазбаса, ол өзінің құқы, ал менің ойымша, әр адам өз ұлтымен мақтануы керек. Бұл әрi-берiден соң бола­шақ өзінің ұрпағы үшін қажет нәрсе.
Ал енді қазақстандық дегенге келетін бол­сақ, бұл азаматтық туралы мәселе, жаңа ұлт жасау емес. Мен, мысалы «қазақ­стан­дықпын» деп қайда барсам да мақтанып айта аламын. Қазақстанда тұра­тын адамның бәрі «мен қазақпын» дей алмай­ды емес пе, өйткені әрбір азаматтың өз ұлты бар. Сондықтан қазақстандық деген ұғымнан қашудың қажеті жоқ, яғни бұл «Қазақстан – менің елім, менің же­рім» деген ұғымды білдіреді. Бұл – қайта мақ­таныш сезімі, осы елде өсіп, осы елде қыз­мет етемін деген ұғым, осы елдің өкілімін де­ген түсінікті білдірсе керек. Америкалық деген – ол да ұлтын емес, туған жерін, Ота­нын білдіріп тұр емес пе?! Біздің елде ұл­тын жазу бұрыннан бар, ал Батыста, кері­сінше, қалыптасып кеткен.
– Ассамблея ту­ра­лы заң қабыл­дан­ға­­лы көп уақыт өте қойған жоқ. Бірақ қо­­рытынды жасай бе­­­руге болатын се­кіл­­ді. Осы заң жұ­мыс­тарыңызға қан­ша­лықты серпін бе­ріп жатыр?
– Қазақстан халқы ассамблеясы тура­лы заң басқа елдерде жоқ. Оған кон­сти­ту­­циялық мәртебе берілген. Ассамблея атынан сайланған депутаттарға прези­дент­тің берген бірінші тапсырмасы – осы заң жобасын жасау еді. Яғни біз соны орындадық, қазір заң күшіне енді. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының кіші ас­сам­блеясы деп аталса, енді Оңтүстік Қа­­зақ­стан халқы ассамблеясы деп ата­ла­ды, яғни заң бойынша, құрылымдық жүйе­сі ретке келтірілді, олардың негізгі мақ­саттары айқындалды. Осыған сәйкес, рес­пуб­ликалық ассамблея бірлестік­те­рінің ұлта­ралық ынтымақ-бірлікке, халықтың та­тулығына арналған іс-шарала­рын мем­ле­кеттік бюджет арқылы қар­­жы­­­лан­­дыруға болатыны да осы заңда көрсе­тіл­ген.
Заң жұмыс істеп жатыр, әрине, заңның жұ­мыс істеуі, нәтиже беру үшін белгілі уақыт қажет. Бұл заңға, мүмкін, қосымша бір нормативтік-құқықтық актілер қабыл­дануы қажет болар, әзірге жұмыс жүріп жатыр.
– Парламенттегі кейінгі шақыры­лым­да Ассамблея өкілдеріне орындар берілген. Сол депутаттар өзіне жүк­телген міндет пен сенімді атқара алып отыр ма? Осы бағытта қандай пікір білдірер едіңіз?
– Енді бұған біз, өзіміз, Ассамблеядан сайланған депутат ретінде өзімізге өзіміз баға бере алмай­мыз, әрине. Оған халық пен қоғам Парламент жұмысына қарап, зерттеп жүрген адамдар баға берер. Біз өзі­мізге жүк­телген мін­деттер мен тап­­сыр­маларды орындаудамыз, ал бізге беріл­ген негізгі тап­сырманың бірі – жалпы ха­лық­тың, қоғамның мүддесін қор­ғау. Біз осы ба­ғытта жұ­мыс ат­­қа­рып жатыр­­мыз, айтай­ын де­­генім, біз өз ұл­­тымыздың ға­на мүддесін қор­­ғау емес, не­гі­зінен, жалпы хал­­­қы­мыз­­ға қа­жет нәр­се­лер­ді кө­теруді алға қо­йып отырмыз. Ал біздің жұ­мы­сы­мызға ха­лық өзі баға бе­рер.
– Қазақстан бірнеше жыл­дан бері әлем­дік және дәс­түрлі дін­дердің бас­шы­ларын Ас­та­наға жинап, өзара тү­сі­нушілікке үндеп жүр. Бір-бірімен ға­сырлар бойы жауласып келе жатқан алуан түрлі дін басшыларын бір үстел­дің басына отырғызу да оңай емес. Бұл өз нәтижесін беретін шара деп ойлай­сыз ба?
– Құранда «барлық мұсылмандар бір-біріне бауыр, туыс» деген сөз бар. Кез келген дін бір Жаратушы құдіреттің бар екенін айтады. Әрбір діннің өз қағида­лары бар, сонысымен де ерекшеленеді. Қазақстанда дәстүрлі діндердің съезін өткізу ұсынысын жасаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының көре­гендігі мен даналығы. Осы қадам арқылы Қазақ­стан әлемдегі барлық дәстүрлі дін­дер­дің басын қосып, сол арқылы бү­кіл әлем халықтарының татулығы мен бір­лігін қалыптастыруға болатынын үлгі етіп көрсетті. Өмірінде бір дастарқан басын­да отырып көрмеген діндерді қатар оты­рып сөйлестірудің өзі – өте үлкен жетіс­­тік. Құранда айтылғандай, «екі араз­дасқан жанды татуластырған адамға ең көп сауап беріледі, ол адам – жаннатқа ба­рады» деген. Өмірі бір-бірімен келісімге келіп көрмеген, бір-бірімен қарсыласып жүрген дінбасыларын бірге «Бәйтеректің» (Астанадағы монументті айтып отыр – авт.) төбесіне шығарып, қолдарын бір жерге қойғызғанының өзі ғажап құбылыс емес пе?! Келешекте қандай нәтиже беретінін көре жатармыз, бірақ осының өзі бүкіл әлем­ге үлгі боларлық оқиға. Қазақстанда ха­лық саны 17 миллионға жуық болса, бізде 45-46 дін конфессиялары бар. Мил­лиардтаған халқы бар Қытайда төрт-ақ кон­фессия бар. Нағыз демократияның бізде еке­нін осыдан-ақ біле беріңіз, ал бұл съез­дің негізгі мақсатының бірі – әлемге Қазақ­станды таныту. Өзбектерде бір сөз бар, «Адамның көзі бір-біріне түскен кезде бір-біріне деген мейірі артады» деген. Әр елдің дін өкілдері келіп, бірімен-бірі сөй­лесіп жатса, біз бұдан ұтылмаймыз, бұл тек жақсылыққа ғана бастайтын қадам екені анық. Бұл елімізге тек абырой әкеледі.
– Еліміздегі толеранттық, түптеп кел­генде, қазақтардың басқа ұлттарға деген төзімділігі секілді көрініп жүр бізге. Толеранттық таныту басқа ұлт­тар­­дың да міндеті емес пе? Мәсе­лен, өткен­де Үкімет қазақ тілінде жиын өткізе бастап еді, орыстілді жур­на­лис­тер құқымыз тапталды деп өре тү­ре­гелді. Ал бұған дейін тек орысша өтіп келген жиналыстарға қазақтілді жур­налистер ешқандай у-шусыз қатысып жүр...
– Оқырмандарыңызға айтарым, әр­түр­лі ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп жа­тыр­мыз дейміз. Бұл – біріншіден, Алланың біз­ге берген сыйы, одан кейін Елбасымыз­дың салиқалы саясатының нәтижесі. Одан кейін айтарым, қазақ халқының кеңдігі мен қонақжайлылығының арқасы. Егер қазақ халқының мейірімділігі болмаса, осыншама ұлт пен ұлыс бейбіт өмір сүрер ме еді, ол бір Аллаға ғана аян. Өз басым қай ұлттың өкілі болса да қазақ халқының осы қасиеттеріне алғыс білдіріп, ешуақытта жақсылықты ұмытпауы керек деп есептеймін.
Тәуелсіздік алғанымызға 18 жыл бол­ды. Осы жылдардың ішінде күніне бір сөз үйреніп отырса, адам 6,5-7 мың сөзді үйренуге болар еді. Осынша сөздік қоры бар адам қазақ тілінде еркін сөйлеуге болады. Неше жылдан бері үйренбеген адам өзгеге емес, алдымен өзіне ренжісін. Жоғарыда айтқан жур­на­листердің жағдайына байланысты ай­тар болсам, «біздің заңымызда солай жа­зылған, мемлекеттік тілде сөйлеген бол­са, ілеспе аударма болуы керек. Осы жағдайды ойластыру керек еді, ал біздің Парламентте бұл мәселе шешілген. Біз сондықтан да мемлекеттік тілде сөйлейік» деген мәселені жиі көтереміз. Бұқаралық ақпарат құралдары үшін осы ілеспе аудар­ма мәселесін ұйымдастыру қажет еді.
Ал Үкіметтің мәжілісі қазақ тілінде өтті екен деп реніш білдіруге болмайды, бұл жағдай, өзге тілде жиын өткізу, ресми тілде сөйлеу тек бізде –Қазақстанда ғана бар. Сол себепті журналистер де Қазақстанның азаматы болғандықтан, мемлекеттік тілді үйренуі тиіс.
– Осыдан біраз бұрын Үкімет бас­шысына қазақша сөйлеу туралы та­лап қойдыңыз. Үкімет басшысы сол талапты орындап, жиындарды қа­зақша өткізе бастады. Енді көңіліңіз тола ма?
– Мұны Парламент мәжілісінде айт­тым, депутаттық сауал ретінде қойған едім, сол жерде Үкімет басшысы Кәрім Қажымқанұлы үкіметтік отырыстарды қа­зақша өткіземіз деп сөз берген, сөзінде тұрды, оған әрине, ризамыз. Бірақ осы­дан кейін мемлекеттік тіл жетісіп қалды, осы­мен бітті деп айта алмаймын. Мен өткен­де Мәжілісте де айттым, Бекболат Тілеу­хан мен Алдан Смайыл да осы мәсе­лені көтерді. Мәжілісте қазақ тілін білетін, бірақ сөйлегісі келмейтін депутаттарға мем­лекеттік тілге көшулері керектігін айт­тық. Бір баяндаманың басын қазақша бас­тап, әрі қарай ресми тілге көшуді қою керек, қазақ тілі – амандасу, қоштасу тілі емес, ол мемлекетті басқару тілі бо­луы керек. Біз бұған енді-енді қадам бас­тық, сондықтан көңіл толатын уақытқа әлі жеткен жоқпыз, әлі біраз тер төгіп, атса­лы­су керек болады.
– Соңғы Ұлттық халық санағы нә­ти­жесінде, қазақ ұлтының үлесі 67 пайыз­ға жеткені анықталып отыр. Бұл – барлық ел тұрғындарының үштен бі­рі деген сөз. Енді мемлекеттік тілдің үле­сі артарына сеніміміз мол ғой?
– Ресми құжат бойынша 67 пайыз деп отыр­мыз, ал басқа қазақ тілін білетін ұлт өкілдерін қосқанда, мен 75 пайыздан кем емес деп ойлаймын. Қалған бөлігі әрекет жасап, осы тілді білуге деген ынтасы болса, үйре­нуге болады. Арнайы курстарды екі-үш ай оқып жатады, сол секілді тілді игеру­ге ең көп дегенде, бір жыл жетіп жатыр. Кейде мен депутаттық сауал алдын ала әзірленеді, соның өзі қазақша әзірленсе, қа­зақша қойылса болады ғой деп рен­жи­мін. Мемлекеттік тілдің мәселесі – ай­ты­ла-айтыла әбден жауыр болған тақырып. Тілдерді дамытуға бөлініп жатқан қар­жыдан еш кемшілік жоқ, бәрі жеткілікті. Тек әр адамның ниетіне байланысты бо­лып тұр. Біз мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмеген адам қабылданбайды деген та­лапты енгізсек жеткілікті, осыдан кейін-ақ тілді өздері үшін үйренеді. Қазір осы заң жобасы әзірленіп жатыр. Мүмкін, ар­найы уақыты белгіленер, мысалы, бір жыл уақыт берілер, сол кезде бұл талапқа ешкім ренжи алмайтын шығар.

МЕРЕКЕЛІК ЛЕБІЗ
Қандай адам болмасын, қай жерде тұрмасын, адам бала­сына ең басты керегі – бейбітшілік. Отбасы бүтін, жұ­мы­сы орнықты болса, еш нәрсені ойламай жұмысына ба­рып, бала-шағасы үшін алаңдамаса, тыныштық пен бей­біт­шілік болса, осыдан артық ешнәрсе қажет емес. Елба­сы­мыз айтқандай, дағдарыстан дамуға аса шығын­дал­­май, есен-сау өтіп кетейік. Қазақстандық әрбір отбасы­на құт-береке, ынтымақ пен бірлік, шаңырақтарына бақыт тілеймін!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста