Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор:
– Әбдімәлік аға, гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар саласында қандай кемшіліктер бар? Батыс ғылымынан қандай модельдерді отандық ғылым игілігіне жаратуға болады? Индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында ғылымның алар орны қандай болмақ?
– Алдымен гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдарды ілгері бастырмай тұрған кемшіліктер қандай? Сол жайлы айтайық. Кеңес Одағының құлағанына 20 жыл өтсе-дағы аталған саладағы ғылымда өрлеу байқалмайды. Мәселен, ғылыми ортада 3-4 адамның басын қосқан жеке тұлға өте сирек болады. Топ жетекшісі белгілі бір мәселені таңдап алып, өзгелер қолдап жатса, әрі қарай үлкен жоба ретінде салыстырмалы түрде қанша қаражат, қанша мерзім қажет, әдіснамасы қандай болуы керек, бағыт-бағдары, динамикасы қалай өрбиді, түпкі нәтижесі не береді дегендей, бас-аяғын әбден ойластырып барып, кешенді, терең, жан-жақты зерттеулер жүргізуге тәуекел етеді. Біздің ғылымда жетекші ғылыми тұлға зерттелуге тиіс проблеманы таңдауда кемшіліктерге бой алдырып жатады. Я болмаса «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» дегендей, жарым-жартылай шешіліп қойған, маңызы шамалы, ғылыми құндылығы төмен мәселелерге босқа күш-жігерін, қайран уақытын зая кетіреді. Сондықтан проблема таңдауда қателік жібермеу керек. Біздегі ғылыми зерттеулерде көбіне баяндау басым болып жатады. Батыс елдеріндегідей баяндаудан гөрі компаративистік (салыстырмалы), герменевтикалық әдісті кеңірек қолдануға ұмтылуымыз керек. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығып жатқан ұлы Абайдың «Қырық бес қара сөзін» немесе Шәкәрімнің сырлы шығармаларын герменевтикалық талдау жағы бізге жетіспейді. Баяғыда әл-Фарабидің, әл-Ғазалидің герменевтикасы батысқа жеткен. Қазақта да герменевтикалық талдау болған.
– Осы арада герменевтикалық талдау дегенді түсіндіре кетсеңіз...
– Герменевтикалық талдау дегеніміз – өлең немесе этикалық формадағы туындыда, мифологияның мәтінінде тұнып жатқан философиялық, дүниетанымдық, құндылықтық, рухани ой-пікір інжу-маржандарының мәні мен мазмұнын ашып көрсету деген сөз. Кеңестік ғылымның барлығында қолданылған маркстік әдіснаманы белгілі бір салада ғана кәдеге жаратуға болады. Мысалы, қазақтың дәстүрлі қоғамын зерттеуге өркениеттік әдіснама керемет ыңғайлы, ал формациялық әдіспен қазақтың болмысын терең зерделей алмаймыз. Бұдан басқа, ғалымдардың шенеуніктерге тәуелділігі ғылымды ұйымдастырудағы кемшіліктердің бірі болып отыр. Бұрын ғалымдарға қаржыны Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитетіндегі шенеуніктер бөліп келді. Былтыр 4 қыркүйекте Елбасы Н.Назарбаев ғылым бойынша үлкен жиын өткізді. Бұл жиынның қорытындысы бойынша бұдан былай шенеуніктер ғылыми жұмыстарды қаржыландыруға қатыстырылмайды, ғалым мен ғылым шенеуніктерден тәуелсіз түрде жұмыс істеуі керек. Сол жиынның үлкен жаңалығы – құрамы мықты отандық және шетелдік ғалымдардан тұратын тәуелсіз ғылыми кеңес құрылып жатыр. Оның бір ерекшелігі – ғылыми кеңестің өзінің аппараты болады, ғылыми зерттеулердің бюджетін ғалымдардың өздері айқындайды. Министрліктерге, Ғылым комитетіне, жалпы, шенеуніктерге бағынбайтын ғылыми кеңесті ғалым басқаратын болады. Ғылыми жобалар тіркеліп, сарапталып отырғанда ғана ғылымда шынайылық пен объективті шешімдер жасалады. Қазіргі кезде Үкіметтің жанында Премьер-министр басқаратын жоғары ғылыми-техникалық кеңес бар, Қазақстанның ғылыми жобаларының жүзеге асуына, елдің инновациялық-индустриялық дамуын біз ғылыми жағынан қамтамасыз етуіміз керек. Ғалымдармен санаспайтын қасаң көзқарасты өзгертуіміз қажет. Отандық ғылым инновациялық, технологиялық дамудың негізі болуы керек.Ғылыми технологияларды батыс пен шығыста ғана екен деп іздей бермей, отандық ғалымдардың өнертапқыштық жаңалықтарын игілікке жұмсаған абзал болар еді. Білім және ғылым министрлігінің басшылығына көрнекті ғалым, академик Б.Жұмағұлов келіп, Президентіміздің былтырғы 4 қыркүйекте ғылым турасында айтқан ойлары мен қонымды пікірлері іс жүзінде қолға алына бастады. «Ғылым туралы» жаңа заң жобасы бір жылдан бері талқыланып жатыр. Президент айтқан ұсыныстар тез орындалуы керек деп ойлаймын. Шенеуніктерден тәуелсіз болу ғылымды дамытудың аса маңызды факторы болады деп есептеймін.
– Мұндай қадамға шенеуніктер дайын ба?
– Қазір дайын емес, дегенмен Елбасының тапсырмасына сай, министрліктер осыған дайындалып, ғылымды реформалауға күш салып жатыр. Біздің елімізде нағыз ғылымға бағдарланған, тұрпаты бөлек, бұрын-соңды болмаған Назарбаев университеті ашылды. Онда іргелі, кешенді жұмыстар жүргізетін үш зерттеу орталығы бар. Жаңа университеттің өзінің дербес жарғысы бар, министрліктерге бағынбайды. Назарбаев университетінің студенттері бірінші курстан-ақ алаңсыз ғылыми зерттеумен айналысып, тәжірибе жинақтайды. Назарбаев университеті айрықша үлгідегі әлемдік деңгейдегі беделді оқу орны болады деп үміттенеміз.
– Қазіргі кезде жастар ғылымға бармайды. Өйткені кеңестік кездегідей жас маманның үлкен ғалым болып қалыптасуына жағдай жоқ, оның ғалым болуына игі ықпал ететін ғалым тұлға, ғылыми мектептердің жүйесі жоқтың қасы. Ғылымда жаңалық ашуға деген құштарлық азайып бара жатқан жоқ па?
– Рас, бізде талапты жастың ғалым болып қалыптасуының жүйесі жоқ. Кеңес дәуірі кезінде керемет ғылыми мектептер ғылымды алға сүйреді. Мысалы, академик Қ.Сәтбаев негізін қалаған металлогениялық мектептің бүкіл әлемге мәшһүр болғаны белгілі. Ғылым академиясының тұңғыш басшысы болған Қаныш Имантайұлы Қазақстандағы ғалымдардың ғалымы еді. Ол ешкімге бағынбайтын, сол үшін таяқ та жеді, теперіш те көрді. Ол кісі Менделеев кестесі секілді Қазақстанның металлогениялық картасын жасады. Осының арқасында елдегі ашылғаны-ашылмағаны бар пайдалы қазбалар ел игілігіне жұмсалды. Ғылымды алға жетелеуші маңызды жайт – жаңалық ашуға ұмтылу. Ескі және жаңа теорияларға тұжырымдама сыни көзқарас әманда қажет. А.Эйнштейннің ғылымға төңкеріс әкелген екі бірдей теориясы, Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясы сыналып жатыр. Бұрынғыға сыни көзқарас арқылы жаңалық ашылып, жаңа бағыттағы іргелі зерттеулерге соқпақ салынады. Р.Декарт айтқандай, күмәнданбайтын адам жаңалық аша алмайды.
– Физика, математика секілді жаратылыстану ғылымдарында ашылған жаңалықтар бірден көзге түседі, жұрт оның игілігін сезінеді. Ал гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдарда ашылған жаңалықтардың жемісін қаншалықты байқап жүрміз?
– Әлеуметтік-гуманитарлық салаға адамзаттың тұтас өткені, бүгіні мен келешегі, саяси-қоғамдық, рухани-мәдени өмірінің барлық саласы, адамдардың өзара қарым-қатынасы, жаратылыспен байланысы кіреді. Философиядағы сана, адам болмысы, адам не үшін дүниеге келді деген сұрақтар – талай ғасырлардан бергі пікірталасқа жалғасып келе жатқан мәңгілік мәселе. Мысалы, адамның санасына тәжірибе жасай алмайсыз, оның ішіне кіре де алмайсыз. Өйткені адамның миы өте күрделі, онда 14 миллиард нейрон бар. Сол арқылы ойлайды, бар нәрсе материалдықтан идеалдыққа айналады. Баяғы антикалық заманда Грекияда Милеттен шыққан Фалес деген жұрттан асқан данышпан кісі өмір сүрген. Гректердің бәрі соған жүгінетін. Сол данагөй Фалес өзіне-өзі үш сұрақ қояды. Бірінші, «Бұл дүниедегі ең жеңіл нәрсе не?» деген оның сауалына ешкім жауап бере алмайды. Сонда ол: «Ең жеңіл нәрсе – кеңес беру» дейді. Сол айтқандай, ақыл айтқыштар көп қой. Екінші, «Дүниедегі ең қиын нәрсе – өзін-өзі тану» деген екен. Расында, өзін-өзі тануды мақсат тұтпай, Абай айтқан қоғамдағы өз орнын бағамдамай, өзгелерге зиянын тигізіп жатқандар көп. «Дүниедегі ең қымбат не?» деген сұраққа Фалес: «Алтыннан да, бәрінен де қымбат – уақыт» деп жауап берген екен. Адам өз уақытының қадірін біліп, артына із қалдыруы керек. Фалестің замандасы, эфестік Гераклит «Көп оқығандық ақылға ақыл қоспайды» деп қандай дәл айтқан. Сондықтан гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдардың зерттейтін проблемасы мәңгі, ал оның жемісі Абай айтқан «толық» адами қасиеттерге жетелеуі керек.
Бізде ғылыми зерттеудің технологиясын, әдіснамасын өзгерту қажет. Әлемдік деңгейде зерттеулер жүргізуді жолға қою керек. Мысалы, Түркияда бір кісі белгілі бір мерзімдік ғылыми жоба бойынша грант ұтып алып, шетелден ірі ғалымдарды, соның ішінде, мені де шақырды. Бізде ондай жоқ, өзіміздің университеттерден ғана шақыра аламыз, ал отандық ғылым дамуы үшін жобаларға шетелден ғалым шақыру керек. Біздегі ғылыми жобалар ұлттықпен шектеліп қалмай, ауқымына қарай халықаралық деңгейде болғаны жақсы. Еліміз әлемдік қауымдастыққа етене кіріп, ашық қоғам құрып жатырмыз, ал ғылым жағынан өзімізді шектеп, бұрынғы кеңестік формада қалып қойды. Мен сізге айтайын, кеңестік ғылым өзінің қоғамына сәйкес жасалды, өз алдына бәсекеге қабілетті болды, физика мен математика қатты дамыды, ең алғаш болып ғарышқа адам ұшырды. Қазір біз экономика мен заңды оқитын болып кеттік. Ал дамыған шетелде компания немесе әскери кешендер мамандарға өздері тапсырыс беріп, оқу кезінде тәжірибеден өткізіп, бітірген соң дайын кадр қылып жұмысқа қабылдайды. Бізде оқу процесі мен өндірістің арасында сабақтастық жоқ. Біздегі үлкен компаниялар тек теорияны оқыған түлектерді жұмысқа алмай жатады. Бізге қайтадан инновациялық даму үшін физика мен математикаға бетбұрыс жасау керек. Нарықтық ғылым жасақтап, ол Президентіміз айтқан 2020 жылға арналған индустриялық-инновациялық дамудың басында тұруы керек. Бұрын біз ғылымға мән бермей, білімге ден қойып келдік. Ғылым жетекші орынға шыққанда ғана бәсекеге қабілетті бола аламыз. Президенттің ұсынысымен қазіргі кезде ғылымды қаржыландыру үш түрлі болайын деп жатыр. Бірі – шетелдегідей гранттық, екіншісі – базалық, ал үшіншісі – мақсатты бағдарламалық қаржыландыру негізінде болмақ. Бұрын бір-ақ мемлекеттік қаржыландыру болатын. 2-3 жылға межеленген гранттарды топ құрып, ғылыми зерттеулер жүргізуге кең мүмкіндік туады. Базалық қаржыландыру арқылы ғылыми зерттеу институттарының инфрақұрылымын, керек-жарақтарын жабдықтай аласыз. Ғалымның техникалық құрал-жабдықтарды қайдан аламын деп басы ауырмауы керек. Мысалы, мен директор бола тұрып, ғылымға керек қаражатты іздеп, әркімге алақан жайып жүремін, олай болмауы керек. Мақсатты бағдарламалық ұлттық қауіпсіздік, сыртқы-ішкі саясат мәселелерін, ұлтаралық татулық, дінаралық түйткілдерді зерттеуге бағытталады. Құдайға шүкір, еліміз тыныштықта, татулықта өмір сүріп жатыр, осылай жүре береді деп қарап отырмау керек, оны жетілдіріп зерттеген жөн. Мысалы, көрші Қытай елінде 100 пайыз мемлекет қаржыландыратын қоғамдық ғылымдар академиясы бар. Бұл академия Қытайдың тарихын, даму динамикасын, қытай ұлтының рухын зерттеп, 10 томдық еңбек шығарды. Мен «сіздер ежелгі өркениеттің, бәйтеректей мәдениеттеріңіз бар, миллиардтан астам үлкен халықсыздар, кімнен қорқасыздар?» деп сұраймын ғой. Сонда олар «ойбай, біз жаһандануға жұтылып кетеміз бе деп қорқамыз» дейді. Ал біз отарлық, одан бері тоталитарлық дәуірдегі жаншылған рухымызды неге зерттемейміз? Қазақ – тумысынан дарынды халық, біздің жастарымыз шетелдегіден асып түспесе, кем емес. Баланың басына білімді шелектеп құйып тастау мақсат болмауы керек. Әл-Фараби айтқандай, тәрбиесіз берілген білім – қауіпті. Білім тәрбиемен бірге берілуі тиіс. Ұлттық негізде ғана батыс пен шығыстың әмбебап құндылықтарын игерген абзал. Бірақ білім әлемдік деңгейде, тәрбие ұлттық деңгейде болса деген тілегім бар. Қазақ бай болмай, Қазақстан бай болмайды.
– Елбасымыз ЕҚЫҰ-ға қатысты батыс пен шығыстың арасында әлі де сеңі сөгілмеген қасаң стереотиптер барын айтты ғой. Сол сияқты ғылымда да өзге мәдениетке мұрын шүйіре қарайтын еуроцентристік көзқарас, пайымдау үстемдік құрып келеді. Еуроцентристік көзқараспен қазақтың өзіндік болмысын, дәстүрлі қоғамын бағалау мүмкін емес қой...
– Дұрыс айтасыз. Әсіресе әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бойынша бел алып кеткен еуроцентристік көзқарастарға қарсы күресіп келе жатырмыз. Еуразиялық кеңістікте отырған бізге батыстың ақыл-ойы, озық технологиясын да, шығыстың имандылығы, даналығы мен адамгершілігін ұштастыра білген тиімді. Алла нәсіп еткен стратегиялық, алтын көпір іспетті орнымызды орайлы пайдалануымыз керек. Осы аралықта түркілік бастауларымызға және болмысымызға терең үңілуіміз керек. Батыс дүниетанымы сыртқы дүниені өзгерту арқылы өзіңді өзгертуге басымдық берсе, шығыста өзіңді өзгерту арқылы сыртқы әлемді тануға болады деген қағиданы ұстанады. Сондықтан еуроцентризмге де, шығысцентризмге де бой ұрмай, қазақтың болмысын, құпиясын мәдени өркениеттік деген іргелі әдіснама арқылы ашуға болады. Жақында Ш.Уәлихановтың 175 жылдығына арналған конференцияда баяндама жасадым. Сонда айттым, Қазақстанның тарихы бар, ал қазақтың тарихы жоқ деп. Бұл үшін қазақтың шығу тегі, қалыптасуы, яғни этногенез проблемасы шешілуі керек. Башқұрттар өздерінің этногенез мәселесін зерттеп қойған. Осы бағытта қазақтың нағыз тарихын зерттейтін мемлекеттік емес орталықтар жұмыс жасап жатыр. Мысалы, он шақты жыл бұрын кәсіпкер Хайрулла Ғабжалилов деген азамат «Алаш» тарихи зерттеу орталығын құрып, қазақтың ру-тайпаларының тарихына түрен салды. Осындай мемлекеттік емес, ұлттық мүддені темірқазық еткен, тамаша тәуелсіз зерттеулер бізге ауадай қажет. Қазақ тарихында өткір дискуссиялық мәселелер, ашылмаған ақтаңдақтар өте көп. Сондықтан тарихты зерттейтін мемлекеттік және мемлекеттік емес зерттеу орталықтары бірлесіп, қазақтың ортақ тарихын жазып шықса, көп мәселе шешілер еді. Біз де осы уақытқа дейін ғылыми-зерттеу жұмыстарын бір пәннің төңірегінде жүргізіп келдік, пәнаралық зерттеулер болған жоқ. Бұл мәселені мен таяуда өткен Білім мен және ғылым министрлігінің мәжілісінде көтердім. Әлеуметтік-гуманитарлық бағдардағы институттар арасында пәнаралық кешенді зерттеулерді бастау қажеттігін ұсындым. Әйтпесе, тіл мамандары өз қазанында қайнап, әдебиетшілер өз бетінше, тарихшылар мен археологтер өз алдына, философтар өз бетімен кетіп, бас-басына үй тігіп, бірін-бірі білмейтін де, оқымайтын да халге жетті. Бастама ретінде барлық қоғамдық-гуманитарлық институттардың қатысуымен «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы: тәжірибе, мәселелері мен келешектері» деген атпен көлемі 50 баспа табақ, екі томнан тұратын ғылыми зерттеулер жинағын ұйымдастырып, осы атауда конференция ұйымдастыруды ұсындым.
– Шетелде бүкіл қоғамдық пікірге, саяси шешімдер қабылдауға ықпал ететін КАТО, Брукингс, Карнеги, Ранд корпорациясы секілді танымал ақыл-ой орталықтары бар. Бізде осындай ақыл-ой орталықтарының жұмыс істеуіне алғышарт бар ма?
– Өкінішке қарай, осындай ақыл-ой орталықтарына алғышарт болатындай отандық бизнес елдегі ғылымға қарай бет бұрған жоқ. Алпауыт бизнесмендер ғылымды онша жақсы көрмейді. Біздегі үлкен бизнес Алла Пугачева секілді ресейлік әртістерді, Италиядан ариялар орындайтын әншілерді шақыруға бейім тұрады. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар. Бірақ Тәуелсіздігімізге бақандай 20 жыл болған кезде бизнес ғылым-білімге қарай, мәдени кешенді жасауға, ұлттық мәдениетті көтеруге, қазаққа қарай бет бұруы керек қой. Айналып келгенде, жиған дәулеті қазақтың ақшасы емес пе? Шетелде не көп – қаптаған қор көп, көрші Ресейде толып жатқан арнайы ғылыми гуманитарлық қорлар жұмыс істейді. Бізді жобаларға қатысуға шақырып жатады. Біздің министрліктің олармен ынтымақтастық туралы келісімінің мерзімі өтіп кетіп, жобаларға атсалыса алмай жатыр. Сол сияқты отандық бизнес мемлекеттен бөлек, бір-бірімен бәсекеге түсетін қорлар құрып, байқаулар жарияласа, ғылымның өркендеуіне үлес қосып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Өзіңіз елдегі кәсіпкерлерге ғылымға қаржылай қолдау білдіру жөнінде салмақ салып, өтініш жасап көрдіңіз бе?
– Айтып та, хабарласып та көрдім. Конференциялар өткізуге дегендей, аздаған көмек береді. Көмектескенде де, баспасөзге өзінің аты-жөнін жазуды сұрайды, «міне, 60 мың теңге беріп қолдап жатырмын», осы арқылы өзін өзгелерге насихаттағысы келеді. Әлбетте, зерттеу кітапқа қаржы бөліп жатса, біз де осындай еңбек жанашыр азаматтың қаржылай демеушілігінің арқасында жарыққа шықты деп жазып қояр едік. Бір кезде «Қазақ энциклопедиясын» басқарып тұрғанда «Түркістан» энциклопедиясын шығармақ болып, қолдау білдіруін сұрап, ЮНЕСКО-ға арнайы хат жаздым. Сонда ЮНЕСКО 10 мың доллар берді. Бұдан бөлек, Түркиядағы Намык Кемал Зейбек деген азамат «Қожа Ахмет Ясауи» қорынан 25 мың доллар бөлді. Сол кезде министр болып отырған марқұм Алтынбек Сәрсенбаев мемлекет тарапынан біздің жұмысымызға қолдау көрсетті. Сөйтіп, тұңғыш рет құрастырылған «Түркістан» энциклопедиясын Елбасына көрсетіп, ол кісі біздің еңбегімізді жоғары бағалады. Оны түріктер өз тіліне де аударып, басып шығарды.
– Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына байланысты Үкімет ғалымдар қауымына ұсыныстар жасап жатыр ма? Ғалымдар бұл жобаға қалай атсалыспақ?
– Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мырза ғалымдармен өткізген үлкен жиынында 15 желтоқсанға дейін жаңа «Ғылым туралы» Заң қабылданып қалатынын айтты. Бұдан соң алдағы жылы 1 қаңтардан бастап ғылымды қаржыландыру жоғарыда айтқан үш бағытта жүргізілетін болады. Осыған байланысты ғылыми-техникалық ресурстар инновациялық дамуының негізгі факторы болуы қажет. Индустриялық-инновациялық бағдарлама негізінде байқаулар жарияланады, соған дайындалуымыздың қажеттігін айтты. Бұған ұсынылған жобаларды ғылыми кеңес сараптаудан өткізеді. Сондықтан жаңа реформа отандық ғылымға үлкен серпіліс әкеледі деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет.
Ұсыныс
Ұлыбританияда Лондон университетінің жанында ХІХ ғасырдан бері үзілмей келе жатқан деңгейі өте жоғары ғылыми семинар өткізіліп тұрады. Сол сияқты ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бері Италиядағы Рим клубында дүниежүзіне әйгілі ғалымдар бас қосып, әлем дамуының тенденциялары мен динамикасын, ғаламдық экологиялық мәселелер бойынша дискуссия жүргізеді, іргелі еңбектер жариялайды. Олардың мүшелерінің көбі Нобель сыйлығының иегерлері болып саналады. Бұдан басқа, Лондонда физиканың негіздері және философиясы деген әлемге әйгілі ғылыми семинар өткізу дәстүрге айналған. Мен Орталық Азияда шетелдік ғалымдардың басын қосып, жаңа пікірлердің алаңы болатын Алматы семинарын ашсақ деп армандаймын.