Қазақ әдебиетінің сыртқы насихатын күшейту қажет

Қазақ әдебиетінің сыртқы насихатын күшейту қажет

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, ақын, аудармашы, филология ғылымының докторы, профессор:

– Сіз «салыстырмалы әдебиеттану» деген мамандық бойынша Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде докторлық диссертация қорғаған ғалымсыз. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы осы бір жаңаша ұғым деуге келетін салыстырмалы әдебиеттану ғылымы туралы оқырманмен өз ойларыңызбен бөліссеңіз. Сондай-ақ оның кешегісі мен бүгіні, болашағы, қазақ әдебиеттану ғылымы үшін өзектілігі деген мәселелерге де өзіңіздің пікіріңізді білсек деп едік.

– Бұл арада әсіресе қазақ әдебиеттанушыларына, жалпы көзі қарақты оқырман қауымға «салыстырмалы әдебиеттану ғылымы» туралы түсініктеме беріп, ол туралы ұзақ сонар сөз айту басы артық әңгіме болар еді. Өйткені салыстырмалы әдебиеттану ғылымын зерттеп жүрген кейбір ғалымдар оның қазақ топырағындағы негізін салушысы М.Әуезов екенін айтады. Алайда негізін салу, іргетасын қалау деген сөз – қалай дегенмен де, сол ғылымды қалыптастырды, дамытты, өркендетті деген сөз емес. Сол ұлы Мұхтар Әуезовтер ХХ ғасырдың 30-40-жылдарында негізін қалаған салыстырмалы әдебиеттану ғылымы қазақ елінде 50-жылдардан кейін мүлде сұйқыл тартып, сұйылып барды да, араға жарты ғасырдай уақыт салып, тек Тәуелсіздіктен кейін ғана ғылым ретінде орнығып, қалыптаса бастады. Оның осынша кешеуілдеп, кенжелеп қалуының, әрине, өзіндік себептері болмай қалған жоқ. Ең басты себептердің бірі ретінде кеңестік кезеңде салыстырмалы әдебиеттану ғылымына «буржуазиялық ғылым» деген айдар тағылып, оны арнайы қарастырудың, әдеби зерттеу тәсілі ретінде жандандырудың мүмкіндігі болмағандығын айтуға болар еді. Екінші бір себеп – ұлттық республикалардағы ақын-жазушылардың бәрін жаппай «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан» деген таным белең алды да, «салыстырмалы әдебиеттану ғылымы» тұрғысынан кім не жазса да, осы бір идеяны ғана «тиянақтауға, дәлелдеуге» мәжбүр болды. Әрине, біз бұл арада «қазақ әдебиетіне орыс әдебиетінің игі ықпалы болған емес, орыс қаламгерлерінен нәр алған, үлгі-өнеге алған ақын-жазушы болған жоқ» деуден аулақпыз. Тіптен осы бағыттағы «ықпал-әсерді, өзара үлгі-өнегені» зерттеудің өзі салыстырмалы әдебиеттану ғылымының бір бұтағы, бір тармағы ғана болатын. Яғни салыстырмалы әдебиеттану ғылымының өзі «ықпалдастық теориясы» және «параллель зерттеу теориясы» деп жіктелетін болса, кеңестік идеология осындағы тек «ықпалдастық теориясына» ғана жылы қабақ танытып келді. Оның өзінде бұл теория жоғарыда айтқанымыздай, тек бір бағытта, яғни одақтас республикалардан шыққан қаламгерлердің тек «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққандығын» «дәлелдеу» үшін қызмет етуі керек болды.

Ал салыстырмалы әдебиеттану ғылымының тағы бір үлкен саласы адамзат ақыл-ойының, сана-сезімінің, эстетикалық аңсарының, арман-мұратының үндестігін, сәйкестігін, тамырластығын, қанаттастығын, өзектестігін, сарындастығын айқындауға бағытталған, сөйтіп, бүгінгі жер бетіндегі діні, тілі, түрі бөлек халықтардың өмір сүру мұраты, әлемді қабылдауы мен тануы, махаббаты мен ғадауаты қарайлас, о баста, шынымен де, Адам ата мен Хауа ана дейтін бір тектен, бір атадан тараған «Адамзат» деп аталатын бір жұрт екендігін дәлелдеуді мақсат тұтатын «параллель зерттеу» деп аталатын бұтағы мүлде шеттетіліп келді. Әрине, Кеңес Одағында өмір сүретін халықтардан бір ғана «кеңес ұлтын» жасауды мақсат тұтқан қызыл империяға бұл бағыттағы танымның да, теорияның да ұнай қоймасы екібастан анық болатын.

– Сонда Әуезовтен басқа біздің әдебиетшілер бұл салада ізденбеген бе?

– Біздің әдебиеттанушы ғалымдарымыз «қызыл идеология рұқсат етпейді» деп, мүлде қол қусырып қарап отырмаған. Яғни М.Әуезовтен бермен қарайғы қазақ ғалымдары салыстырмалы әдебиеттану ғылымын жеке-дара, өзінше ғылым ретінде қарастырмағанымен, Қожанасырдың «жауын-жауынның арасымен жүргеніндей», өзге еңбектерінің ара-арасында, басқа тақырыптардың орайында салыстырмалы әдебиеттану ғылымына жиі-жиі соғып, аталған ғылымды теориялық та, практикалық та тұрғыда орнықтыруға атсалысты. Сондай ғалымдардың бірі һәм бірегейі осы біз сөз еткелі отырған академик Рымғали Нұрғали десек, артық та, асыра да айтқандық болмайды.

Басын ашып айтар бір нәрсе – өмір бойы қазақ әдебиетін, оның түрлі жанрлары мен өзекті мәселелерін, ондағы Алаш рухын жеріне жеткізе зерттеген академик марқұм Р.Нұрғалидың барлық әдеби-зерттеу мұраларын қарап отырсақ, ғалымның салыстырмалы әдебиеттану ғылымының да бірегей білгірі екендігі, аталған ғылымның өткен-кеткенімен, қыр-сырымен жан-жақты хабардар, жай хабардар емес, тіпті оның үлкен теоретигі екендігі менмұндалап тұрады. Әрине, бүгінгі күні әлдекім жер шары дейтін ортақ мекенде іргелес жасап келе жатқан халықтардың ақыл-ойының, мәдениеті мен өнерінің өзара ықпалдастықта дамитындығы туралы айтса, ол, әрине, ешқандай жаңалық та, ерлік те болмас еді. Ал «сендер Қазан төңкерісінің арқасында ғана адам қатарына қосылдыңдар, ұлы орыс халқының арқасында өркениетке жеттіңдер» деген жалғыз ұранмен ғана өмір сүргізген, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде ағысқа қарсы жүзу, қарағайға қарсы біткен бұтақтай тірлік ету ғалыми парасаттылықты былай қойғанда, ерлікпен парапар болатын. Бүгінде Қазақстан мен өзге елдердегі салыстырмалы әдебиеттану ғылымының даму тарихын, пәнді зерттеудің теориялық, методологиялық негіздерін, басты категориялары мен түсініктерін айқындай түсу үшін нақты ғылыми тұжырымдар жинақталып келеді. Байыптап қараған кісіге жаһанданудың жойқын үдерісі ұлттық тіл мен ұлттық территорияны өзінің басты нышаны, өзекті өлшемі еткен «ұлттық әдебиет» атты ұғымға белгілі деңгейде көлеңке түсіре бастағаны бірден аңғарылады. Керісінше, салыстырмалы әдебиеттану ғылымына кең өріс ашып берді. Өйткені жалпыға мәлім болғанындай, «ұлттық әдебиет» ұғымы ХVI ғасырда ұлттық мемлекеттердің жаппай бой көтеруі мен ұлттық тіл бірлігі мәселесінің тарих сахнасына атойлап шығуына ілесе өмірге келген мәдени, идеологиялық құбылыс болатын. Сондықтан ұлттық әдебиет о баста-ақ өңірлік, ұлттық, тілдік, мәдени ерекшеліктерді өзінің басты қайнар бұлағы, тіршілік тынысы, бет-бейнесінің қалыбы етіп қалыптасты. Ал салыстырмалы әдебиеттану болса, өмірге жолдама алған күннен-ақ ұлтаралық, мәдениетаралық ұғымдарды басты тұғыр ете отырып, алды-алдына «би» болған, жеке-дара өмір сүріп жатқан ұлттық әдебиеттерді «ымыраға» шақырумен бірге, олардың арасындағы ықпалдастықтар мен үндестіктердің себеп-салдарын, қыр-сырын, заңдылықтарын аша отырып, олардың бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз етуді басты мақсат етті.

Өкінішке орай, кеңестік кезең бұл игілікке қолымызды жеткізген жоқ. Ендігі жерде қазақ әдебиеті мен өзге елдер әдебиетін терезесі тең әдебиеттер тұрғысынан салыстырыла қарастыруға көбірек ден қоятын, ерекше назар аударатын уақыт жетті деп ойлаймын.

– Қазақтың ұлы суреткері М.Әуезов пен қытайдың танымал жазушысы Лу Шүн шығармашылығын салыстыра қарастырып, докторлық диссертация жазғаныңыз белгілі, «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» деген монографияңыздың жарық көргенін де білеміз. Жалпы, М.Әуезов пен Лу Шүнді салыстыра зерттеуіңізді қытайлар қалай қабылдады?

 – Жұртқа мәлім болғанындай, Қытай деген де – ірі мемлекет, алып ел. Олар сыртқа жымын білдірмей, жымиып қана жүргенімен, іштей оңай-оспақта өзгелерді бойына тоғыта қоймайды. Әсіресе біз секілді көшпелі тірліктен келген елдерді тіптен көзге іле бермейтіні анық байқалып тұрады. Осыдан 4-5 жыл бұрын Пекиннен шығатын «Лу Шүн зерттеу» деген журналға қытай тілінде жазылған «М.Әуезов және Лу Шүн: шығарма өзегі – ұлт тағдыры» деген мақаламды жібердім. «Қазақстанда ұлы Лу Шүнмен Мұхтар Әуезов деген бір қазақты салыстырып, біреу докторлық диссертация жазыпты» дегенді естігенде, алғашында қытайдың лушүнтанушы ғалымдары миығынан күліпті. Көп өтпей маған хат келді. Хатта: «Лу Шүнмен салыстырылатын жазушының деңгейіне біз ерекше мән береміз. Лу Шүнмен салыстыратындай бұл М.Әуезов деген – кім өзі? Ең әуелі, бізге сол туралы мәлімет берсеңіз», – депті. Әуезов туралы анықтама бердім. Қытайлар табынып оқитын Л.Арагон, М.Шолохов, Л.Федин, А.Фадеев, Ш.Айтматовтардың Әуезовке берген бағасын айттым. Содан кейін барып олар мақаланы басты. Өткен жылы аталған журнал бетінде бір қытай ғалымының Лу Шүнмен салыстырыла зерттелген әлем жазушылары туралы мақаласы жарық көрді. Мақала авторы Әуезовті де ерекше ілтипатпен ауызға алыпты. Қазір Қытайда менің сол «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» деген монографиям қытай тіліне аударылу үстінде. Демек, бір ғана біздің осындай болмашы ізденісіміз қытайлардың Алаш қозғалысы туралы, ХХ ғасыр басындағы қазақ елі туралы, қазақ әдебиеті туралы, М.Әуезов туралы қасаң түсінігінің мұзын ерітті деуімізге болады. Ал егер бір ғана Мұхтар Әуезовті емес, басқа да ұлы қаламгерлерімізді әлемнің өзге де классиктерімен салыстыра қарастырсақ, зерттеу еңбектерімізді сол елдерде жарияласақ, артынан шығармаларын аудартсақ, өз елімізде қайта-қайта қалың-қалың томдарын шығарғаннан гөрі, әлдеқайда жемісті, мәнді, мағыналы шаруа болар еді.

- Бүгінгі қоғамда әдебиет ұлт мүддесіне қызмет етуі үшін бірінші кезекте нендей мәселелерді қолға алу қажет?

- Күллі адамзаттың тарихына қарап отырсақ та, өз тарихымызға үңілсек те, қай кезде де, қандай қоғамда да сөз өнерінен, сөз өнерінің құдіретінен пайдаланбаған ел болған емес. Өзгені былай қойғанда, баяғыдағы қазақ билері мен шешендері, ақындары мен жыраулары өз заманындағы қазақ қоғамының сақшысы да, жоқшысы да болатын. Ал Абай сөзі күні бүгінге дейін қазақ руханиятының бағдаршамы болып келеді. Тіпті қыл аяғы кешегі кеңестік кезеңнің өзі де сөз өнерінің құдіретін әлсіреткен жоқ. Әрине, олардың ұстанған жолы, бағыт-бағдары ұлт мүддесіне қайшы болды, соның өзінде әдебиетті өз идеологиясына қызмет еттірді. Сол идеологияға қызмет ете жүріп те, қазақтың керемет әдебиеті жасалды. Сол әдебиетте жасырын түрде ұлттық рух сақталды, мүлде жымысқы түрде ұлт-азаттық күрес насихатталды. І.Есенберлиндердің тарихи романдары, Ж.Молдағалиевтердің «Мен қазақпын» поэмалары әр кезде өз оқырманының жігерін қайрап, намысын жанып отырды. 1986 жылғы желтоқсандағы оқиғаны, екінші бір сөзбен айтқанда, сондай ұлттық рухтағы әдебиеттің жемісі деуге де болады. Ал Тәуелсіз елге әдебиет керек емес пе? Керек болғанда қандай, әдебиет бізге ең бірінші кезекте азат еліміздегі азат сананы қалыптастыру үшін, ұрпақтарымыздың санасына патриоттық сезім-түсінік ұялату үшін, жалпы, мәңгі азат Қазақ елі болып қалуымыз үшін керек. Бұл – бір. Екіншіден, бүгінгі күні дүниежүзіндегі мемлекеттер мен халықтардың өмірі мен мәдениетінің бар саласына дендеп еніп бара жатқан жаһандану үдерісі барлық ұлттар мен ұлыстардың алдына ауқымды да көкейкесті міндеттер жүктеп отыр. Ол міндет – жаһандану үдерісімен бірге келетін тиімділіктер мен жеңілдіктерден ұтымды пайдалана отырып, әр халық өзінің төл құндылықтарын сақтап қалу және оны әрі қарай дамыту. Бұл міндетті жүзеге асырудың басты тетігі – әр халық өзінде бар рухани құндылықтарды жедел түрде әлемдік аренаға шығарып, жаһандық рухани айналымға енгізу. Бұл шараға, әрине, ұлттың өзге де рухани құндылықтарымен бірге, әдебиеті мен өнерінің, мәдениеті мен ғылымының алтын діңгек, сом тұлғаларын да тарту – парыз. Ондай тұлғаларға қазақ әдебиеті мен өнері, мәдениеті мен ғылымы да кенде емес. Бұрын да кенде болмаған, Құдайға шүкір, қазір де кенде емес. Сондықтан мемлекеттің әдебиет пен өнерге салған ақшасы зауыт-фабрикаларға салған ақшасы секілді күні ертең қып-қызыл ақша болып қайта оралмауы мүмкін, бірақ елдің тағдыры үшін, ұлттың болашағы үшін өлшеусіз пайда әкелетіні жасырын емес. Осыны ойлағанда, батыстағы әлдебір болған-толған елдерге еліктемей, әдебиетіміз бен өнерімізді барынша әспеттеп, оның құдірет-киесін де, өресі мен өрісін де кемітіп алмағанымыз дұрыс. Нақтырақ айтқанда, қазақ ақын-жазушыларының, қазақ әдебиетінің жағдайы, кем дегенде, кеңестік кезеңдегі құдіреті мен құрметінен төмен болмауы керек деп ойлаймын. Әрине, қалам ұстаған жұрттың бәріне болмаса да, мемлекет аса талантты тұлғаларға шығармашылық жағдай жасағаны жөн.

– Сіздің ойыңызша, бүгінгі жас ұрпақ, оның ішінде қала өркениетінде, ұлттық өнерден гөрі батыстық мәдениеттің бесігінде тербеліп өскен балдырғандар әдебиет деген ұғымды қалай түсінуі мүмкін?

– Біздің қазақта қалада туып-өскен, шығармаларын қазақ тілінде жазатын ақын-жазушы бұған дейін болған емес. Бар болса, кешірсін, бірақ ондай ақын-жазушыны естіген емеспін. Бұның себебі не? Бұның себебі – күні бүгінге дейін қалада қазақ мәдениетінің өрісі, қазақ руханиятының бесігі болған жоқ. Қысқасы, Қазақстанның қалаларында қазақ өмірі жоқ. Тіпті өзгені былай қойғанда, қарым-қатынас жасайтын тілдің өзіне тыныс, өріс жоқ. Егер ана тіліне уызы жеткілікті жарып келген біреу болмаса, ауылдан келген адамның өзі аз жылдан соң-ақ тілдік кембағалдыққа ұшырай бастайды. Сондықтан қалаларымызда қазақ мектептерінде оқып жүрген балаларымызға сөз өнері дари қоймайды. Олар үшін әдебиет деген – мектепте оқытылатын көп пәннің бірі ғана. Өлі түрде жаттап алса, жақсы баға алса, болғаны. Сондықтан біздің зиялы қауым қаладағы қазақ мәдениетінің, қазақ руханиятының өсіп- өркендеуінің кешенді бағдарламасын жасау керек. Өйткені біз әрідегі көшпенді халықтың ұрпақтары болғандығымыз үшін көшпелі мәдениет, көшпелі ой-сана қалаға келгенде, еріксіз отырықшы елдің өркениетіне орын береді. Сөйтіп, өз-өзінен ығыса, суала береді. Бұл өз кезегінде бөгде мәдениеттің диірменіне су құятын күштердің санын арттырумен бірге, өз ішімізден шыққан өз мәдениетімізге қарсы нигилистердің де қатарын өсіруі мүмкін. Сондықтан бізге тездетіп, тіпті мемлекеттің атсалысуымен қалалық-отырықшылық мәдениеттің үлгісін жасақтау керек. Онсыз урбанизация екпіні әкеліп, қалаға тоғытып жатқан бүгінгі қазақтардың ұрпағының бәрі ертең басқаша бағытта қалыптасуы мүмкін. Мәселен, қытай тарихына қарап отырсақ, көшпелі моңғолдар мен манжурлар қытайларды билеп-төстеп отырып-ақ екі-үш ғасырда жұтылып кеткенін көреміз. Оның ең басты себебі – көшпелілердің мәдениеті қалаға келген соң, әдіре қалып, түкке жарамай қалады. Сондықтан қалада туып-өскен баланың қазақ әдебиеті туралы түсінігі былай тұрсын, қазақ ұлты туралы түсінігін жөндеуге мән беретін уақыт жетті ғой деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым!..
Әншейін отырып алып, өз қазанымызда өзіміз қайнап, өз буымызға өзіміз семіріп, «Абайымыз ұлы», «Әуезовіміз классик», «Мағжанымыз керемет» деп отыра берудің заманы өтіп барады. Әсіресе бүгінгі мынау жаһандану заманында өз ұлттық құндылықтарымызды әлем халқының назарына ұсынып, әлемдік рухани қазынадан орын алуға ұмтылмасақ, ертең бәрі кеш болады, кеш болған соң, еткен еңбек, жиған байлық еш болады. Иә, Абай да, Махамбет те, Мұхтар да, Мағжан да... – бәрі-бәрі де әдебиетіміздің ұлы тұлғалары. Тіпті бүгінгі көзі тірі классиктерміз де әлемнің менмін деген алыптарынан бір мысқал да кем емес. Бірақ олардың бәрін жалпақ жаһан жаппай біле бермейді ғой. Бізге қазақ әдебиетінің сыртқы насихатын күшейту қажет. Егер өзге елге «сенің бәленше деген ұлы ақының секілді біздің Абайымыз бар» дейтін болсақ, бұл пікірге олардың көзін жеткізу үшін сол екі ақынды салыстыра зерттеу керек, ғылыми түрде олардың көзін жеткізу керек. Сонда ғана олар Абайды мойындайтын болады. Демек, жай ғана аударма арқылы танытып жібереміз деу де – жаңсақ ұғым. Негізінде, салыстыра зерттеудің арқасында қазақ әдебиеттану ғылымы да, қазақ әдебиеті де әлемдік рухани кеңістіктен өз орнын иеленуге мүмкіндік алар еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста