Қалай десек те, Қазақ радиосына тең келетін радио жоқ

Қалай десек те, Қазақ радиосына тең келетін радио жоқ

Раушан АЙТЖАНОВА, Қазақ радиосының ардагері, International Educational Center президенті:

– Раушан апай, биыл радио­жиі­лік­те қазақ үнінің естіле бастағанына 90 жыл толып отыр. Біз жас журналистер буы­ны­нан­быз ғой. Жас буын өткенді біле­мін десе де, білмейді, заманы басқа. Сон­дық­­тан радио ардагерлерінің ес­те­лігі біз үшін қашанда қымбат әрі қа­шан­да бей­мәлім. Ра­диода еңбек еткен ке­зіңізді қа­зіргі ке­зең тұрғысынан қа­лай ба­ға­лай­сыз?
– Қазақ радиосының 90 жылдығын үл­кен та­рихи оқиға деп есептеймін. Ол ақ­па­рат құ­­ралы ғана емес, өнер мен мә­де­ниет­тің, жыр­­дың, қазақтың зиялы аза­мат­та­ры­ның үлкен шаңырағы болды. Қазақ қо­ға­мының тұтас бір бөлігі Қазақ радиосымен бірге өмір сүрді, со­нымен бірге өнер жо­лын, еңбек жолын іздеді, Қазақ радиосымен қазақтың тілін үйренді, ғы­лымға ұмтылды. Қазақтың радиосы әр ша­ңырақта естіліп жатты. Радио­ның 90 жыл­ды­ғын айтқан кезде «оны бүгінгі кезеңге кімдер жеткізді?» деген сұраққа жауап беріп кету қажет. Бұл орайда қазақтың не­бір зия­лы­сы­ның, ақын-жазушысының, қоғам қай­рат­кер­ле­рінің ең­бегін айтқан жөн. Мен радиоға кел­ген кез­дің өзін алатын бол­сақ, ол кезеңде Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұ­қанов, Әбділда Тә­жі­баев, Тахауи Ахтанов сияқ­ты талантты ақын-жазушыларымыз әде­биет ре­дакция­сы­ның бірден-бір тірегі, қол­даушысы, жал­пы­халыққа қазақтың үнін тара­тушы бола білгенін атап өту керек. Латиф Ха­миди, Евгений Бру­си­ловский, Ахмет Жұ­банов сын­ды өнердің озық ойлы теоретиктері де радиода қызмет етті. Олар қазақтың әрбір әнін іздеді, оларды жеке-жеке талдады, ұлт­тық әуендерді бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, көп­теген шығармаларға арқау етті. Мы­салы, Ев­гений Брусиловский қазақтың бір топ әні­нен «Қыз Жібек» операсын жазған бол­са, Ахмет Жұбанов халық әуендерін сим­фония­лық оркестр орындайтын туын­ды­ларға ай­нал­дырды. Мұқан Төлебаев, Мә­кәлім Қой­­шы­баев, Мансұр Сағатов, Нұр­ғиса Тілендиев шығармалары Қазақ радиосынан орын­да­лып, халық жүрегінен орын алып жат­ты, сол арқылы радиомыздың абыройын жо­ға­рылатты. Бір айта кетерлігі – сол кезең үшін ұр­паққа пайдасы бар, та­ғы­лымы мол хабар­лар мен шығармалар беріліп тұрмаса, ра­дио­ның құны бір тиын еді. Мысалы, қазіргі ра­дио­ны жаман деп айта алмаймын, бірақ ма­ған бір ұна­май­тыны – эфирдің алтын уа­қы­ты «Ал­ло, сә­ле­метсіз бе, кімге сәлем жол­дай­сыз?» деген әңгімемен өтетін болды. Бұ­рынғы ке­зең­де сәлем жол­дай­тын адам ұла­ғаты мол ар­дақты ана, халықтың өсіп-өр­кен­деуіне ең­бегі сіңген ғалым, қазақтың дала­сын­да мың­ғыртып малын айдап жүрген шо­пан, батыр, күні-түні шахтадан шықпайтын кен­ші, өнердің пұшпағын илеп жүрген адам болушы еді. Қа­зір кез келген адам, тіпті бес жастағы бала эфир­дің қымбат уақытын алып, бір-біріне сәлем жолдап, ән сұрайды. Осы­ның керемет бір тәрбиелік мәні бар деп айта ал­маймын. Одан гөрі белгілі бір ақы­ны­мыз­дың өлеңдер топтамасынан жыр оқылса не бол­маса бүгінгі жастардың көз­қа­расына қатысты пікірталас, ток-шоу жүр­гі­зілсе, мы­са­лы бүгінгі білім беру мен өнер­дің деңгейі жө­нінде немесе жас­тар­дың сая­си партия­лар­ға көзқарасы туралы. Эфир­де осындай та­қы­рып­тарға қатыс­ты қызу пікірталастар жүріп жат­са, онда басқа әңгіме. Қай­тыс бо­лып кет­кен адамның дауысын беріп тұ­рып, іле-шала «Нұр-Мұқасан» дуэтін тың­даңыздар» дей са­лады. Қазақтың тарихы үшін бүгін де қа­жет, өткен де қажет, бірақ оның бәрін сауат­ты түр­де саралай білу ке­рек. Халқымыздың қай мұ­расы да ба­ғалы. Бірақ эфирден «Бал­қа­диша» әнінен кейін бірден қазіргі заманғы бір тыр­қылдақ ән берілсе, ол екеуі екі бөлек дү­­ние болған­дық­тан, үйлесім таппай тұра­ды. Со­нымен бірге халық­тың сұранысына ие ха­бар­лар аз. Көбі үстірт хабар. Дегенмен өмір бүгін­гі­мен тоқ­та­майды. Радионың бү­гінгі ха­бар­­ла­рын түгел на­шар деуге бол­май­ды. Қа­зіргі өміріміздің тынысына сай радио да жа­ңа­рып келеді.
– Сіз қазақ кәсіби музыкасының не­гі­зін қа­лаушы Ахмет Жұбановтан дәріс алып қана қоймай, онымен және Ми­на Сейіт­қызы, Әнуарбек Нығ­мет­жан­ұлы сияқты қазақтың дикторлық мек­тебінің танымал өкілдерімен бірге қызметтес болдыңыз...
– Қазақ радиосының 90 жыл жасауына ал­дыңғы буынның зерделі, ойы өткір ата-әжелері үлесін қосты ғой. Мұндай адамдар, әри­не, кейінгі жастардың арасынан да шы­ға­тынына күмән келтірмеймін. Қазіргі жас­тар­дың ара­сын­да да талантты қыз-жігіттер, ор­таға ой тас­тай алатын адамдар бар. Со­лар­дың бәрінің еңбегі еліміздің, хал­қы­мыз­дың рухани өсіп-өнуіне арналса деп ойлаймыз. Өзіме кел­сек, Қазақ радиосында 30 жылдан артық еңбек еттім. Радионың қорына 280-нен астам хабар қалдырдым. Мысалы, «Өмір өт­келдері» циклы бұрынғы өтіп кеткен та­лант­­тарымыздың дау­сын, өне­рін баян ететін хабар болса, «Мені тер­­бетіп жүреді ылғи», «Әсем ән» атты хабар­лар жастардың шығар­ма­шылығына ар­на­ла­ды. «Маэстро Ғабит Несіп­баев» деген хаба­рым бар. Мұхит күй­ші­нің айшықты той­ларына ар­нал­ған «Ұр­па­ғы­мын Мұ­хит­тың» деген ха­бар жасадым. Үрия Тұр­ды­құ­лова, Шора Үм­бет­әлиев, Суат Әбусейітов сияқты өмірден өтіп кет­кен халық әртіс­те­рінің шығармашылық пор­треттерін радио қорына қостым. Дири­жер­ларымыз ту­ра­лы көптеген хабар жасадым. Белгілі тұл­ға­лар­ға арналған хабарларды айта берсем көп. Олар­дың біразын әлі күнге дейін эфирге сұрап алып жатады. Демек, бұлар – мен үшін немесе арамыздан өтіп кеткен адам­дар үшін емес, жас ұрпақ үшін жасалған дү­ние­­лер. Осы хабарлардың ішінен бір сөйлем бол­са да, жастардың санасында қалып жат­са, бағ­дар­лама өз міндетін атқарды деген сөз. Қазақ радиосында менімен бірге қа­жырлы еңбек еткен адамдар көп болды. Дүйсенбек Қанат­баев­тың «Сыр сандығы» қандай?! Хұс­ман Егесіновтің «Дөңгеленген дүниесі» неге тұрады?! Қазақтың Левитаны бол­ған Әнуар­бек Байжанбаевтың даусы­ның өзі неге тұ­ра­ды?! Сауық Жақанова мен Әнуарбек Бай­жан­баевсыз бірде-бір көркем хабар жазыл­май­тын. Мансұр Сағатов му­зы­ка редакциясын бас­­қар­ды, Ілия Жақанов өнер туралы көп хабар жа­са­ды. Таңат Дос­баев режиссерлер тобын бас­қар­ды. Қазақ­тың тілін бұзбай, ше­бер аударма жасай білген Светлана Мусина сияқты ма­ман­да­ры­мыз болды. Үмітжан Бал­тае­ва соңғы ха­бар­ларды эфирден шашасына шаң жұқ­тырмай бере білді. Сәркен Оспанов аға­мыз «Шалқар» радиосын құрудың басы-қасында жүрді. Қазақ әндерінің інжу-мар­жан­дарын орын­дап, күй­табаққа жазған со­лис­теріміз Лаки Кесоглу, Зей­неп Қой­шы­бае­ва, Люция Тө­ле­шева, Венера Қар­мы­сова, Суат Әбу­сейі­тов­тер еді. Біздің өз ор­кестріміз, эстра­далық-камералық оркес­трі­міз болды. Ол кез­дегі радионың бүкіл бол­мысы, тіршілігі бү­гінгіден әлдеқайда өзгеше еді. Кеңес Ода­ғы құлап, бәрі қайта құрылған уақытта ра­дио­ның осы болмысын сақтап қалу ақшаға келіп ті­рел­ді. Менің күні бүгінге дейін жүре­гім­ді ауыр­татыны – сол кезеңде тиын-тебеннің жетіс­­пеу­ші­лігі­нен қазақтың әрбір үйінде естіліп тұрған «Шалқар» радиосының жабы­лып қалғаны. Қазіргі «Шалқар» әр үйде ес­тілмейді. Ке­зін­де оны шетелдегі қазақтар да тың­дайтын. Олар­дан мыңдаған хат келіп жата­тын. Дей тұр­ған­мен қазіргі кезде де бәрібір Қазақ радиосына тең келетін радио жоқ. Қан­ша кемшілігі болса да, ар жағында тап­тал­ған жолы бар, терең ба­засы бар, алтын қо­ры бар. Жуырда Ғабит Мүсірепов пен Ғаби­­ден Мұс­та­фин­нің достығы туралы ша­ғын, әзілге құрылған хабар болды. Бұ­р­ынғы ха­барлардан алынған. Сондай та­маша бол­ды! Қазіргі ұрпаққа терең мағлұмат бе­ретін хабар­лар­дың әлі де болса, бар екеніне қуанамын.
– Қазір телевизия мен радиодағы дик­­­торлыққа қатысты дау да, сын да аз емес. Бұған себеп – бір кездері дик­тор­лық­қа ай­рықша көңіл аударылса, бүгінде ақпаратты кө­зімен көріп, құ­лағымен еститін, өзі жазатын жур­на­лис­тердің ха­бар­­лағаны бағаланады. Сахна тілінің маманы оқыған жа­ңа­лықтан гөрі теле­жур­налист хабар­ла­ған жа­ңалық маңыз­ды­­рақ саналады. Ал сіз бұрынғы дик­торлық мектептің өкілі ретінде бұл пікірді қол­дамауыңыз мүм­кін, осы қарама-қай­шы­лықты қа­лай шешкен жөн деп ойлай­сыз?
– Егер журналист озық ойлы, даусы эфир­­ге жатық болса, сөйлеу тілі көркем әрі анық болса, оған қарсылығым жоқ. Мы­са­лы, ке­­зін­де біздің өзіміз де шетелдегі жур­налис­тер­дің жұмысына қызығатын едік. Оларда сол кездің өзінде сыртта репортаж жасап жүр­ген адам эфирге келіп те, тура сол қал­пында сөй­леп кете беретін. Міне, осын­дай шебер­лік­пен жасалып жатса, оның бөтендігі жоқ. Ал бізде көбіне олай бола бермейді. Сөйлеу тілінің таза­лығына қатысты мәселенің ара-жігі ажы­ратылуы үшін диктор деген адам міндетті түрде қа­жет. Теле­визияны алсақ, онда диктор­дың түрі эфирге келісіп тұруы керек. Көрермен оның келбетіне қарап, сө­зі­не қарап, ми­ми­касына қарап, ол хабарлап отыр­ған ма­те­риал­ды ұғына алады. Жүргі­зушінің түрі кө­рер­менге міндетті түрде әсер етеді. Ал ра­дио­дағы диктор даусының құдай берген ерекше тембрі бар адам болуы тиіс. Тың­дарман таза дикцияны естуі керек. Кейбір журналистер ке­ре­мет етіп жаза алға­нымен, оны соншама ке­ремет етіп, мәнерлеп оқи ал­мауы мүмкін. Міне, мұндай адамдар эфирдің артында қа­луы керек те, оған еш на­мыстан­бауы қажет. «Мен төмендеп қа­латын бол­дым» деп, эфирге шығуға ұмтылу дұрыс емес. Иә, біздің уа­қы­тымызда дау­сың эфирге кел­месе, сені эфирге шы­ғармайтын. Хабарды міндетті түрде дау­сы дұрыс диктор оқиды. Ол сөзді бұзбай, инто­нациясын келтіреді. Қай сөздің қай буынына екпін түсіру керектігіне дейін білетін олар. Сон­дай талап әлі күнге дейін бар болса да, қазір кез келген бала мик­­ро­фон алдына оты­рып, қалай болса, со­лай оқып бере салады. Хабар тілінің тазалығы – өте маңызды мәселе. Әсіресе бұл қазақ ті­лінің насихаты үшін керек. Қазір эфирден қа­қалып-ша­шалып, дұрыс сөй­лемейтін жас­тар қазақ тілі­нің жанашыры ретінде ойбай­лай­тынды шығарды. Қазақтың тілінің мәр­тебесін көтеруге жауапты адамдар – сөйлеу­ші­лер, жүйрік жур­на­листер, радио ше­бер­лері. Бұлар, ең алды­мен, тілдің таза­лығына атсалысуы керек. Ал ол үшін әрбір қазақ жур­налисі өзіне-өзі сынмен қарауы тиіс. Қазақша анық сөйлей алмайтын жур­на­лист қазақ тілін қорғап қарық қылмайды. Қа­зір оқу жүйесінің тө­мен­дігінен болса ке­рек, бұрын жур­на­лис­тика факультетін бітіріп кел­ген балалар оқы­ғандарын тәжі­рибемен жал­ғас­тырып, іліп әкетуге дайын болатын. Ал қа­зіргі түлектерді көріп жүрмін, тіпті адаммен сұхбат жүргізе алмайды. Бір ба­ла бірде менен: «Сіз радиоға қашан кел­діңіз?» деп сұрайды. Мен айттым: «Ба­лам, менің радиоға қашан келгенім ма­ңызды емес, Қазақ радиосының қорындағы дүние­лер маңызды». Сол сияқты кей­бі­реу­лер эфирге өнер адамын шақырып алып: «Сіз өнер­ге қалай келдіңіз немесе өзі­ңіз­ді та­лант­­ты­­мын деп ойлайсыз ба?» – деп тақ-тақ етіп оты­рады. Жұлдыз атаулының бәрі­­не қойы­­ла­ты­ны – осы сұрақтар. Осындай сұ­рақ бола ма?
– Шынымен де, қазіргі радио желі­ле­рінде жаңалықтарды сөйлеу де­фектісі бар, даусы жағымсыз, ин­тел­лекті төмен, қазақ­шасы нашар жүр­гізушілер де оқи­тын болды. Сондай ақ­парат құралы бас­шы­ларының мұн­дай жайтқа немқұрайды қарауының се­бебі неде деп ойлайсыз?
– Енді 90-жылдардан бастап, радио мен те­леарналарға бірінен соң бірі кім бол­са, сол басшы болып жатыр. Менің түсі­ні­гім­де, мұндай ақпарат құралына келген бас­шы өте шешен және сол саланың бүкіл бол­мысын ұғы­натын адам болуы қажет. Біздің бақы­ты­мыз­ға мен радиоға қызметке келген кезде Кен­­жеболат Шалабаев, Камал Смайыловтар басшылық етті. Басшылардың көп білетіндігі, ораторлығы журналистерді жетелеуге жақсы. Журналистің өзі де көп ізденуі керек, бірақ жастың аты – жас. Ел мойындаған тәжіри­бе­лі­лердің мектебін көру журналист үшін аса қажет. Қазір енді бас­шы­лардың бәрі қағаз­бас­ты. Олардың эфирдегі журналистерді ба­сы­­нан-аяқ тың­дап отыруға уақыты болмай­ды. Біздің кезі­міз­де басшылар өз ішіміздегі және штаттан тыс адамдарға эфир­ге шолу жа­­са­тып тұра­тын. Олар әр хабар­дың артық­шы­лығы мен кемшілігін қарап, ойларын, сын-ұсы­ныс­та­рын қағазға түсіріп әке­ліп бе­ретін. Бұл мәселе лездемеде тал­қы­ланатын. Осын­дай әдіс болмаса, эфирдегі кем-кетікті түзеу мүм­кін емес. Эфирді нашар жүргізетін адам да өзгелердің сынын ескеріп немесе өзін-өзі сынай білуі керек. Мен әлі күнге дейін бір ха­бар­ларды қарап отырып, «Қап!» сол кезде мынадай ой айтуға болар еді, соған менің білімім жетпеген екен, мы­на бір жерді дұ­рыс­тау­ға тәжірибем жет­пе­ген екен» деп отыра­мын.
– Соңғы кездері жиі айтылып жүрген бір мәселе бар – журналистерді қоғам­дық өмірдің түрлі саласына бейімделген ма­мандар арасынан дайындап шығару жө­нінде. Осы мәселеге қалай қарайсыз? Ке­лешектің журналистерін экономика, сая­с­аттану, халықаралық қатынастар, өнер­тану салаларынан іздеу керек пе?
– Мен бұған қосыламын. Мысалы, Ға­ділбек Шалахметов әуелде басқа ма­ман­дық иесі болатын. Бірақ өте шешен еді. Жур­на­листиканы кейін мең­геріп, білікті бас­шы бол­ды. Жалпы, жа­ра­ты­лы­сы­нан сөз­ге шебер, сөз құдіретін түсінетін, ойын анық жеткізе білетін адам журналист бола алады. Ол үшін жур­на­лис­тің дипломын алу міндетті емес. Кейде жур­налистика ма­ман­дығын бітіріп алған адам­дар өз ойын жет­кізе де, жинақтап, орта­ға да сала алмай жа­тады. Сіз айтып отырған мәселені біздің жур­на­лис­тиканың деңгейін көтерудің бір тәсілі деп білемін. Менің ма­ман­дығым – оркестр дири­жері. Бірақ дири­жер болып жұмыс істеген жоқ­пын. Ақтөбе педа­гоги­калық училищесін бітіріп, одан кейін Орал педагогика институтында сырт­тай оқып әрі мұғалім болып жұмыс істеп жүріп, кон­сер­ваторияға түстім. Жетім бала едім, бірақ музыкаға деген талабым, өнерге деген ынтам болғандықтан шығар, халық ас­пап­тары ор­кестрінің домбыра факультетіне оқу­ға қа­был­дандым. Ұлы Мұхиттың тұ­қымы – Құбыш Мұхитов деген профес­сор­дың класына тап болдым. Екінші мамандық ретінде оркестр дирижерлығын меңгердім. Дири­жер­лықты әуелі Евгений Трем­бо­вель­ский­ден, кейін Шам­ғон Қажығалиевтен оқыдым, дип­лом­дық жұмысымды Алда­берген Мырза­бе­ков­тен қорғадым. Еңбек жолымды Қазақ ра­диосының музыкалық редакциясынан бас­та­дым. Комментатор болдым, редактор бол­дым, хабар жаздым. Еш нәрседен қорыққан жоқ­­пын. Техниканы да, репортерлікті да мең­геріп алуға тырыстым. Көпшілік концерт залындағы 80 жолы бар үлкен пультті бас­қа­рудан қор­қатын. Сөйтсем, қорқатын дәнеңе жоқ екен, бі­луге тырысқан адам қай перне құ­лақтың дыбысы, қайсысы микрофон еке­нін анықтап, үйреніп алады. Ол кезде адам­ның сөйлеген сөзін таспаны қайшымен қиып-желімдеп отырып, монтаждаймыз. Қазір мұның бәрін компьютердің өзі жасайды. Радиода жұмыс істеп жүріп, журналист ма­ман­дығын да мең­геріп алдым. Бірақ қайталап айтарым: нағыз журналист үшін бұл – міндетті емес.
– Журналистің жұмысы көбіне небір құрбандықтарға баруды талап етеді. Адамгершілік тұрғысынан болсын, кәсі­би көзқарас тұрғысынан болсын. Сіз Қазақ радиосында кеңес дәуірі тұсында қыз­мет еттіңіз. Осы сала үшін әлде­қан­дай батыл­дық­қа барған кезіңіз туралы ай­тып бер­сеңіз.
– Ондай жағдай болды. Қызметке жаңа келген кезім, көп нәрсені біле қоймайтын жас едім. Бір күні Шекспирдің «Много шума из ничего» атты музыкалық картинасын эфир­ден берейін десем, әлгінің аудармасын тап­па­дым. Жазушылар одағына, әдебиет сын­шы­ларына хабарластым, ешкімнен жауап ала алмадым. Ресми аудармасы болмағаннан кейін оны эфирден «Айдағаның бес ешкі, ыс­қырығың жер жарады» деп беріп жібердім. Сәлден кейін «Өсебаев деген төраға шақырып жатыр» деді. «Сен, қыз, классиканы неге олай аударасың?» деді ол. Мен «Сіз ау­дар­ма­сын айтыңыз, мен түзе­тіп, тыңдар­ман­дар­дан кешірім сұрап, эфир­ден қайта айтайын» дедім. Ол «Сенің аудармаңның мағынасы дұ­рыс, бірақ мұндай батылдықтың керегі жоқ, жассың, байқау керек» деп шығарып салды. Мұны менің қате­лігім деп есептеуге болады. Ал бұдан бөлек, менің басшылармен келіспей қалып, қатты кеткен кезім де болды. «Маэстро Ғабит Несіп­баев» деген хабар жасарда кітап­ха­надан Шоқан Уәлиханов Финляндияда болған кезде орган үнін естігені жайлы бір мәліметті тауып алған едім. Органның аңы­раған аккордтарын естіген Шоқанның көз ал­дына қазақтың дала­сы келіп: «Шіркін, мы­нау қазақтың кең дала­сын­да ойналатын ас­пап екен» деп тамсанған. Аспаптың үнінен ерек­ше әсер алған ғалым бұл концерттен соңғы алтын ақшасын да аямапты. Мен қазақ­тың тұңғыш органшысы туралы хаба­рым­да «Шоқанның арманы орындалып, міне, орган қазақ даласына келді» деп жаз­ған­мын. Мұндай үзіндіні басшылар артық санап, қарсы болды. «Шоқанның бұл жерде не қаты­сы бар, алып тастаңыз» деді, мен кешегі арман­ның бүгін ақиқатқа айналғанын айтып, түсіндіріп жатырмын. Бірақ басшылар бәрібір келіспеді, содан кейін мен ерегісіп, хабарды жұлым-жұлым еткім келмей, эфирге мүлдем бермей қойдым. Сол кезде эфирге келіп, хабарды тыңдап кеткен Ғабиттің ғалым әкесі директорға барып, автордың Шоқан жайлы дерегі хабарға өте сәтті қосылғанын ай­тыпты. Бұдан кейін басшылар менен ха­бар­ды еш өзгертпестен эфирге беруді өтінді. Міне, кейде өзің анық біліп тұрған нәрсені осылай батыл қорғауға тура келеді.
– Бұрынғы әріптестеріңіздің көзі тірі­лерімен кездесіп, радиохабарлардың бүгін­гісі туралы әңгімелесіп тұрасыз ба?
– Иә. Қазақ радиосының «Алматы, алма­тин­цы» деген редакциясын басқарған Шол­пан Шәкірова деген журналист болды. Сол кісімен әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Радиодағы бір бағдарлама көңілімізден шықпай жатса немесе, керісінше, бір сәтті жасалған дүние ес­тісек, бір-бірімізге қоңырау шалып, айтып оты­рамыз. Кейде музыкалық хабарларда әлде­қандай симфонияларды кез келген жерінен үзіп-жұлып беріп жатады. Тактының иә басы, иә аяғы жоқ болып шы­ға­ды. Бір әңгіменің бас-аяғын үзіп тастаса, не бо­лады?! Бұл да сол сияқты. Мұндай хаба­р­лар­ды музыкалық білімі бар адамдар әзірлеуі керек. Осындай нәрсе­лер­ді өзара талдап, талқылап отырамыз. Енді Қазақ радиосының 90 жылдығын тойлаудың қар­са­ңында жас жур­налистерге, жас ұрпаққа айтатын бір өтінішім бар: ол – қай кезде де істеп отырған жұ­мысыңа деген жауапкершіліктің болуы. Хабар­ды, шығарманы, бастық айтқан­дық­тан ғана жақсы жасамау керек. Өзің сүйіп, жақсы көріп отырғандықтан істеуің қажет. Тіпті дыбыс қо­рынан таспа алуға қажетті карточка жыр­ты­лайын деп тұрса, оны ешкім тапсыр­май-ақ өзің жөндеп қойғаның абзал. Жұ­мыс­тағы әрбір нәр­сеге асқан жауапкершілік қажет. Жас жур­на­лис­тер көненің көзін сақтап, жаңаны биіктете бер­сін!
– Әңгімеңізге рақмет!

Оқшау ой
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының зертханасында ел арасынан жазып алынған, ешкім естімеген ән-күйлер таспа-таспа болып бос­қа жатыр. Мен кезінде бұл қордан Махамбеттің «Қайран, Нарын» және «Жұ­мыр қылыш» деген екі күйін кездейсоқ тауып алып, оларды нотаға тү­сіріп, сол бойынша дипломдық жұмыс қорғадым. Осындай зерттеуге зәру бо­лып жатқан дүниелер әлі де көп. Бірақ біз Затаевич жазып кеткен мың әннің айналасынан шыға алмай жүрміз. Беймәлім жатқан әндерді жарыққа шы­ғарғысы келетін, олардың тарихына үңілгісі келетін ешкім жоқ. Әйтеуір қазір­гі жастар бұрынғы термелерді қайта өңдеп, дүрсілдеген ән жасауды сәнге айналдырды, оған да шүкір. Өнер академиясының қорында да халыққа ұсы­нылмай, нотаға түсірілмей жатқан ән-күйлер жетерлік. Оны зерттеудің ор­нына қазір өнер адамдары ақша іздеп кетті. Қай жерде той барын біліп, со­ған барып, ақша алып қайтуды ғана ойлайды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста