Эседулла ОГУЗ, Newsweek журналының Орталық Азия бойынша сарапшысы:
– Эседулла мырза, біздің қазақта «сырт көз – сыншы» деген жақсы сөз бар. Әлемдегі саяси һәм экономикалық-әлеуметтік динамиканы ұдайы бақылауда ұстап отырған маман ретінде айтыңызшы, сіздің танымыңыздағы Қазақстан қандай?
– Өз басым Қазақстанға осымен тоғызыншы мәрте келіп отырмын. Қазақ елі маған қатты ұнайды. Өмірімнің жиырма жылы Мюньхенде өтті. Сондықтан да болар, Алматыны сол Мюньхенге қатты ұқсатам. Жап-жасыл тамаша қала. Және де мені таңдандыратыны, қазақтардың Орталық Азия елдеріне ұқсамайтындығы. Еуропалық сияқты. Азиялықтар қонақжай болса, еуропалықтар өзінің тұрмысына, жүріс-тұрысына жақсы қарайды емес пе?!. Қазақтар осы екі дәстүрді де бойына жинаған. Былайша айтқанда, модерн мен дәстүрді әдемі үйлестіре білген.
Қазақ елінің дұрыс саясат ұстанып, ашық қоғамда азаматтардың ой-еркіндігін қалыптастырғандығына осы елге келген сайын көзім жете түседі. Өйткені Азияның басқа елдеріне сапар барысында олардың әлемде болып жатқан саяси-экономикалық, басқа да түрлі оқиғаларға көзқарасын сұраймыз. Бір ғана Түрікмен елін алайықшы, қарапайым халықты айтпағанда, мұғалімі мен ғылым докторлары аралығында халық зиялыларының өзі әлемдегі көптеген жаңалықтардан, оң өзгерістерден, саяси сахнадағы шиеленіскен жағдайлардан мақрұм. Ал сіздердің елде олай емес. Кез келген адаммен сөйлессең, ойын ашық жеткізе алады. Өзіндік көзқарастары бар. Ең бастысы, жастардың көзі ашық.
Байқап отырсаңыз, Орталық Азия елдерінің біразы жабық қоғамда өмір сүруде. Ашық жарияламағанмен де, сондай шектеулер, кедергілер көп кезігеді. Былтырғы жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, Астанада саммит өткізген, Азия елдерінің басын қосып, спорттан қысқы олимпиаданың жалауын желбіреткен қазақ жұртын батыстың көзі ашық адамдары еуропалық үлгідегі мемлекет деп қабылдайды. Әлемдегі алпауыт мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орнатып, өз ішіндегі ұлтаралық татулықты сақтай алған ел ретінде мойындалған Қазақ еліндегі демократиялық оң үрдістерден хабардармыз. Сондықтан да мен Қазақстанды азаматтық қоғам қалыптасып, ой еркіндігі, сөз бостандығы салтанат құрған Орталық Азиядағы дамушы мемлекет деп білемін.
– Біздің Тәуелсіз ел болғанымызға 20 жылдың жүзі болды. Тарихи өлшеммен алсақ, бұл аса көп уақыт емес, бірақ та елдегі этникааралық тұрақтылық, экономикалық прогресс біздің біршама жетістіктерге жетуімізге оң ықпалын тигізді. Осы жиырма жылдың ішінде Қазақ елінің қол жеткізген ең табысты шыңы деп нені бағалар едіңіз?
– Иә, жиырма жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын! Барша қазақ жұртын осынау мерейлі мерекемен құттықтаймын.
Қазақстан Тәуелсіз ел болған жиырма жылдың ішінде өте көп дүниелер өзгерді. Мен ең алғаш тоқсаныншы жылдардың басында келдім. Ол кезде кеңестік идеологияның әсері қатты байқалатын. Социалистік жүйенің сарқыншақтары жойылмаған болатын. Ал қазір нарықтық экономикаға көшкен. Бірақ та кейде осы қазақ ағайындарға көңіліміз толмай қалады.
– Себебін білуге бола ма?
– Сіздер бай елсіздер. Құдайдың берген байлығы жетерлік. Мұнай-газ, көмір-темір, осы Орталық Азиядағы байлығы жағынан озық тұрған бірден бір ел – Қазақстан. Сөйте тұра сіздерде сервистік қызмет жақсы дамымаған. Мұнайды толық өңдемей сыртқа сатасыздар. Жапонның Тойотасын мінесіздер. Ендеше, неге Тойотаны өздеріңізде құрастырып, Орта Азияға экспорттамайсыздар? Сонда қазаққа технология келеді, ғылым келеді, жұмыс болады. Жалпы, қазақтарға ғана емес, Азия елдерінің көбіне тән ауру – бұл жалқаулық. Менің білуімше, Қазақстанда жоғары білімді адамдар, ғылыммен айналысып жүргендер, ғылым докторлары өте көп. Солардың потенциялын бүгінгі заман ғылымына, технологияны меңгеруге неге пайдаланбасқа? Қазақ елі көп өнімді сырттан сатып алады. Неге осынының бәрін өздеріңізде өндірмейсіздер? Өйткені бір жағында – Қытай, екінші бүйірінде Ресей сынды алпауыт империялар тұрған кезде Қазақстан өте мықты болуы керек. Тауарлық өнімнің сыртқа тәуелділігін жойып, отандық өнімнің әлеуетін көтермесе, болашақта сіздерге түрлі экономикалық қауіп төнуі мүмкін.
– Жақсы, ескертпеңізге рақмет. Эседулла мырза, әуелгі сұрағымызға қайта оралсақ, біздің 20 жылдағы жетістігіміз деп нені атар едіңіз?
– Қазақстан Тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде елде соғыс болған жоқ. Этникааралық қақтығыстарға жол бермеді. Бұл – үлкен жетістік. Екіншіден, ел экономикасы даму динамикасының ырғақты ритміне түсті. Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып алға жылжыды. Жас мемлекет бола тұра, даму көрсеткіші бойынша алпыстыққа кірді. Бұл, расында, таңғаларлық жағдай. Үшіншіден, елордаларыңыздың Астанаға көшуі қауіпсіздік шараларының барлық параметрлеріне сай келетін орталыққа көшірілген Астананың бүгінгі келбеті көз тартарлық, кісі қызығарлық. Аз ғана уақыттың ішінде осындай көркем қала тұрғызғандарыңызды да жетістік деп бағалау керек.
– Бүгінде Қазақстанды жаһандық кеңістіктен бөле қарау мүмкін емес. Әлемдік күрделі мәселелерге араласуда елдің сыртқы имиджі де айтарлықтай рөл ойнайды емес пе? Қазақ елін бұл тұрғыда қалай бағалайсыз?
– Қазіргі таңда батыс елдері арасында Орталық Азия дегенде ең бірінші Қазақстан ауызға ілігеді. Былайша айтқанда Орталық Азия деген ұғым Қазақстан деген түсініктің шеңберіне кіріп кетіп отыр. Бұл сіздердің сыртқы имидждеріңіздің жағымды қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Былтырғы жылы Түркияға 300 мың турист барыпты, Еуропаға қаншамасы қыдырып қайтты. Және де былтырғы жылы сіздердің футбол командаларыңыз Түркияның командасымен ойнады. Ойын барысы маңызды емес шығар, бірақ сонда түрік ағайындар, осы ойынды тамашалауға келген Еуропадағы спортсүйерлер Қазақстан жайлы жақсы пікірлер айтып жатты. Сондай-ақ ауыр атлеттеріңізді де біз жақсы білеміз. Мен жоғарыда Орталық Азия дегенде ең әуелі Қазақстанның аты шығады деп айттым ғой. Орталық Азия дегенде әлем жұртшылығының көз алдына Қырғызстанның да бейнесі келеді...
– Мемлекеттік жүйенің сипаттамалық белгілеріне ие – имиджді қалыптастыруда ақпараттық саясат шеңберіндегі жұмыстарға басымдылық берілері хақ. Қазақстанның шетелдік БАҚ-тардағы бейнесі жайлы айтып өтсеңіз...
– Рас, Қазақ елі туралы шетел басылымдарында көп айтыла бермейді. Өйткені ел іші ынтымақты, экономика тұрақты, саясат дұрыс бағытта. Былайша айтқанда журналистерді қызықтыратын дүние аса көп емес. Ал жоғарыда айтқан Қырғыз еліндегі екі мәрте қайталанған революция әлемді елең еткізді. Барлығының назары соларға ауды. Бірақ жақсы көзқарас қалыптастырмады. Қазір туристер Қырғыз еліне баруға қорқады. Оларда әлі жүйе толық орнамады. Ауғанстан да солай. Басқаларын айтпай-ақ қойсақ та болады.
Қазақстан туралы шетел БАҚ-тарында көп айтылмайтындығы – бұл қобалжи қоятын нәрсе емес. Ең бастысы, әлем халқы сіздердің елдеріңізді позитивті тұрғыдан жақсы таниды.
Бүгінде көптеген елдердің аты спортпен және туризммен танымал. Бұл сіздерге де қолайлы. Қазақстан спорты керемет. Толайым табыстарға қол жеткізіп жатырсыздар. Бір ғана қысқы Азия ойындарының өзі неге тұрады? Ал туризмге келер болсақ, сіздерде табиғаты тамаша өлкелер өте көп. Байқоңыр ғарыш айлақтарыңыз бар. Ғарыштық мұражай ашуға мүмкіндіктеріңіз толық жетеді. Америкада осындай мұражай бар. Жылына қаншама миллион турист осы мұражайды аралап, адамзат баласының ғарышқа жасаған алғашқы қадамының куәсі болады. Танып-біледі.
– Сіз Newsweek журналының Орталық Азия бойынша сарапшысысыз. Жалпы, Қазақстанның Орталық Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі қандай?
– Қалай айтсақ та, Қазақстан Орталық Азияның лидері. Былтырғы жылы Қырғыз елінде орын алған келеңсіздіктердің зардабын жоюда үлкен еңбек еттіңіздер. Құрманбек Бәкиевті тірі алып шықтыңыздар, ол елдегі азаматтық соғыстың туып кетпеуіне мүдделі болдыңыздар. Ауғанстанға да ел Үкіметі көмек қолын созып жатыр. Батыстағы елдердің көбі Қазақ елін Орталық Азиядағы аға ұлт ретіндей мойындайды.
Қазақстанның Орталық Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыруға мол мүмкіншілігі бар. Еуропамен, басқа да алпауыттармен қарым-қатынасы жақсы, елдің әлеуметтік әлеуеті жоғары. Ең бастысы, Ресей-Белорусь-Қазақстан Кедендік одағы негізінде тәжірибесі бар. Сондықтан да Орталық Азияның локомотиві ретінде Қазақстан осы мәселені оң жолға қойса, өздеріңізге де тиімді, басқа да елдердің жағдайларын көтеруге болады.
– Қазақстан Орталық Азия елдерінің басын қосып, біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастырып, Кедендік одақ құрса дейсіз ғой?
– Иә. Өйткені Азия елдері батыс елдерінен көп кейінге қалып келеді. Әлеуметтік жағдайы болсын, экономикалық күш-қуаты жағынан болсын. Әсіресе, Орталық Азия мемлекеттері. Қараңызшы, Сингапур, қарапайым Малайзия қалай дамыды. Азияның барысы болды. Сол сияқты әлемдік қауымдастық алдында Орталық Азия елдерінің де әлеуетін көтеру керек. Қазақстан өзі бай болғанмен, көрші елдері кедейшіліктің зардабынан құтыла алмай отырса, ол бәрібір сіздердің экономикаларыңызға әсер етпей қоймайды. Ал бұл Кедендік одақты құруға Қырғызстанның иә Өзбекстанның мүмкіндігі жоқ. Тәжірибелері де жетпейді. Тәжікстан мен Түрікменстан сүйреп кете алады дегенге сену қиын. Бір ғана мүмкіндік, ол – Қазақстанның саяси һәм даму механизмдерін оңтайлы шешкен тәжірибесіне сүйену.
Орталық Азия елдерінің Кедендік одағын құру арқылы сіздердің бірталай табысқа жетулеріңізге болады. Өздеріңіз білесіздер, көршілеріңіздің көбінде жеңіл өнеркәсіп орташа деңгейде дамығанымен, ауыр өнеркәсіп, бүгінгі өмірге қажетті технологиялық өнімдерді өндіру әлі оңтайлы жолға қойылмаған. Сіздер көршілеріңізден жеңіл өнеркәсіп өнімдерін арзан бағаға ала отырып, оларға өздерінде жоқ өнімдерді, ауыр өнеркәсіп тауарларын өткізуге даңғыл жол ашасыздар. Өз басым, алдағы 15 жылдың көлемінде осындай Кедендік одақ құрылса, онда Қазақстан Орталық Азияның ағасы және көшбасшысы ретінде өзінің саяси және әлем елдері алдындағы беделін нықтай түседі деп ойлаймын.
Біздің қолдағы мәліметтер бойынша, Орталық Азия елдерінің негізгі жұмысшы күштері Қазақстанға қарай ағылуда. Неге дейсіз ғой. Қарапайым ғана отбасылық жағдайды жақсарту мақсатында. Шындығында, қазір қырғыздың да, өзбектің де, түрікменнің де қазақ сияқты болғысы келеді. Қазаққа ұқсағысы келеді.
– Неге?
– Өйткені сіздердің ашық қоғамда өмір сүріп, өз болашақтарыңыз жайлы еркін ойлай алатындықтарыңыз, ең бастысы – балаларыңыздың ертеңгі күні қалай болып кетеді екен деген қорқыныштан ада өмір сүретіндіктеріңізді олар көріп отыр. Соған қызығады.
– Эседулла мырза, бүгінгі Түркі әлемінің қарым-қатынасы, саяси-мәдени байланысы жайлы оң пікірлер болғанымен, олардың бір-бірінен діни ұстанымда қауіптенетіндігі де көп айтылып жүр.
– Рас, мұндай пікірлер бар. Ішінара айтылып та қалады. 1990 жылы Өзбекстанда қырғыздар мен өзбектер қақтығысып қалды. Оның соңын ала, Ташкентте өзбектер мен түріктер жанжалдасты. Осындай ел ішінде болып жатқан түрлі ұлтаралық түсініспеушіліктер Түркі әлемінің бес саусақтың саласындай жұмылып, бір жұдырық болуы керектігін көрсетеді. Қазақстанда этностар көп, діни ұстанымдары да әртүрлі. Бірақ ешқандай алауыздыққа жол бермей отыр. Осындай өміршең, жан-жақты тәжірибені оларға да енгізу керек. Сіздерде қалай екенін білмеймін, өз басым Орталық Азия елдерін көп аралаймын. Сондағы көзімнің жеткені, олар Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның ғана Президенті емес, біздің де ортақ жолбасшымыз, Түркі дүниесінің лидері деп қабылдайды.
Тілі жақын, түрі ұқсас түркі халықтарының шыққан тегі бір, түп тарихы ортақ. Ал осы елдердің мұсылманшылығына келер болсақ, расында, әралуандылық байқалады. Өзбектер әу бастан отырықшы халық болғандықтан Исламға қатты. Ал қазақтар бұл ұстанымда еркіндеу. Дәстүр мен исламды байланыстырып, өздерінің өмір сүру қағидаларына негіздеген. Түрікмендер де дәстүріне көп көңіл аударады. Бірақ та ортақ Исламды ұстанған елдер бір-біріне айтарлықтай қауіп төндіреді деп айта алмаймын. Тек мұнда сенімге деген құрмет керек. Дінде зорлық жоқ.
Алайда алаңдатарлық жағдаяттар да жоқ емес. Бұл – секталардың көбейіп кеткендігі. Радикалды Исламның бой көрсете бастағандығы. Радикалды ұйымдардың әрекетін тыйып, тез арада тежеу қоймаса, бұл өте үлкен қауіп төндіреді. Ислам атын жамылған ұйымдардың негізгі мақсаты – Орталық Азияда халифат құру, бір ортақ Үкімет жасау. Олардың арнайы жоспары да бар. Сондықтан да бұл мәселені ешқашан назардан тыс қалдыруға болмайды.
– Қазақстан жайлы кітап жазбақ ниетте екенсіз? Құпия болмаса айтыңызшы, кітабыңыз нақты қай саланы қамтымақ?
– Осыған дейін үш кітап жаздым. Екеуі Ауғанстан жайлы, біреуі Орталық Азия туралы. Бұл төртінші кітабым да Орталық Азия тақырыбына арналады. Бұл кітапта посткеңестік елдердің тәуелсіздік алғаннан кейінгі жағдайы туралы болмақ. Осы мақсатта Қазақстанға келіп отырмын. Әлі біраз еңбектенуім керек.
– Әңгімеңізге рақмет.
Тоғызыншы сапардағы толғам
Қазақстанға ең алғаш қадам басқан 90-жылдардың басында мен қазақтар туралы жақсы ойда болмадым. Орыстанған, ұлтсызданып кеткен болар деп ойладым. Немістер сияқты қонақжайлылықтан қалған, түрлері суық болар деген болжам жасадым. Бірақ та келіп, араласқаннан кейін қазақтардың ақжарқын, дәстүршіл, мәдениетті екендігіне көзім жетті. Қазір мен Қазақстанды шетел деп қабылдамаймын. Өзімнің Отаным сияқты.