Пеш түбінде жатып алып «мен қазақпын» деп мақтанғанды ұнатпаймын
Асылбек ЫҚСАН, жазушы, режиссер, драматург:
– Аға, бүгінгі қазақ драматургиясының деңгейі қалай?
– Орташаның шамасында.
– Неге олай дедіңіз? Әлде, бұл сөзіңіз театрды аударманың жаулап алғанымен байланысты ма?
– «Орташа» дегенді мен көңілжықпастықпен айтып отырмын. Бүгінгі драматургтер сахнаға не берді екен?! Мен сізге үстелімнің тартпасында жатқан «бүгінгі драматургтердің шедеврларын» оқытайын, аяғына дейін оқуға шамаңыз жетсе. Бізде бір тарихи тақырып деген бар. Бәрі соған жүгіреді. Махамбет, Құрманғазы, Кенесарының т.б. атымен өтіп кетсем деп ойлайтын болулары керек. Махамбетті бір жалаң қылыш «боевик» қылып қояды. Ол «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, Жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едім» деп неге айтты екен. Қайран, Махамбет! Көтеріліс жеңіліске ұшырап, арыстан ағасы Исатайдан айырылып, өмірлік мұраты күйреп, өкінішпен өлген Махамбет «Мен мен едім, мен едім, Исатайдың барында екі тарлан бөрі едім...» деген сөзінің астарында не барын ойланатын кез келген сияқты. Бұл мемлекеттік дәрежеде айтылған ой емес пе? Кейбір драматургтер сахнаның заңын, актерлік өнердің құпиясын білмейді. Білмейтіндері «пьесаларынан» көрініп тұрады. Содан соң аударма қоймағанда не қоямыз? Театр мектебі әлемдік дәрежедегі Чехов, Островский, Гоголь, Розов, Вампилов сияқты көптеген классикалық деңгейдегі драматургтері бар Ресей театрларының репертуары 30-40 пайызы шетел драматургтерінің пьесаларынан тұрады. Немесе, тіпті Борхес сияқты прозаиктерді де сахналайды. Шекспир, Мольер, Чеховтар қазақ болып тумады, енді қайтеміз, біз «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» ел, жер қорғап жүрдік. Айналамыз анталаған жау, тарихымыз толы жаугершілік заманда, зәулім сарай салып, сол сарайда отырып, театр көретін мұрша болмағаны қазақта... Сіз маған атап айтыңызшы, мүмкін, бүгінгі қазақ драматургтерінің мықты пьесаларын мен білмейтін шығармын, оқымаған шығармын. Меніңше, мәдениетте шекара болмайды, айтатын ойы, идеясы бүгінгі біздің қазағымызға пайдалы болса, шетел драматургтерінің шығармаларын неге қоймасқа? Әуелі орысшамыз жетпей қиналсақ та, өзіміз әлем әдебиетін орыс тілінде оқып өстік. Бүгінде орыс тілін білмегеніне мақтанатын жастар бар. Әуелі орысшамыз жетпей қиналсақ та. Пеш түбінде жатып алып «мен қазақпын» деп мақтанғанды мен дұрыс дей алмаймын. Әлем өркениетіне біз не бердік? Компьютер ме? Мерседес, Тойота ма? Радио, Телевидение ме? Ресей әскери қару сатудан жылына 4 миллиард АҚШ долларын табады. Индия жаңа технологиядан 40 миллиард пайда табады. Осында достарым бар, «бизнесменбіз» дегенде басқан жері ойылып кете жаздайды, сонда бар бітіретіндері –базардағы тауарды дүкеніне әкеліп үстемелеп сату. Бұл – кәдімгі алыпсатарлық. Оған алып бара жатқан ақыл керек емес сияқты. Олар Қытайдың экономикасына, өзі бір тал көкөніс екпейді, өзбектің экономикасына жұмыс жасап отыр.
– Сахналанып жүрген пьесалар бүгінгі қоғамның талаптарына қаншалықты жауап береді?
– Бұл сұрағыңызға жауап беру үшін әуелі, «бүгінгі қоғам» дегеніміз – қандай қоғам деген мәселенің басын ашып алған дұрыс. Біз бүгінде күрделі жағдайда өмір сүріп отырмыз. Әлемдегі саяси жағдай өте шиеленісті. Айналамыздағы геосаяси ахуал ойландырады. Жабайы капитализмге келіп кірдік, әдет-ғұрып, дәстүр сияқты құндылықтарымыз сынға түсті. Кедейлер жайлаған қоғам ақпанның сары аязына шыдай алмаған мұздай шытынап сала берді. Бұрынғы қонақжайлылық сиреп барады. Дастарқаны жиылмаған, есігіне құлып салып көрмеген қазақ зәулім үй салып, түйенің мойны жетпес дуалмен қоршап алды. Қоғам екіге жарылды: бір ауылда бай да, кедей де бар. Үйі жыртық еңселі сарайда тұратын көршісінің есігінен сығалай да алмайды. Ал сол өзін бай санайтындардың үйінде не кітап, не домбыра жоқ. Жақында атыраулық бір досым «Осы Әбіш Кекілбаевтың өзі нашар ақын-ау деймін» деп қарап отыр. Қалтасында екі дипломы бола тұра, Кекілбаевтың бір кітабын оқымаса да, тиын санағанда аузы-аузына жұқпайды. Дастарқанындағы тамағын қай базардан, қаншаға алғанын, саудагер әйелінің орман жаңғағының келісін Түркиядан 2,5 мың теңгеге алып келгенін айтып күпсінумен болды. Қазақ қай заманда қонағына дастарқанындағы тамағының бәсін айтып еді? Сұмдық па? Сұмдық! Ол тәрбиелеген бала, немере не өнеге көріп өседі? Қазағы қалың бір облыстың шалғай ауданында тұратын егде тартқан әйел күйеуге шыққан қызын сыбайлас қылып, киллер жалдап күйеуінің көңілдесін өлтіруге білек сыбанып кіріскенін, ол қылмыстың кесірінен бір жас әйел оққа ұшып, енді біреуінің ауыр жараланғанын «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Қылмыс пен жаза» бағдарламасы эфирге шығарды. Ол кезде мен сол арнада бас редактор едім. Бірнеше баланың анасы болып отырған адамның соншалықты ауыр қылмысқа барып, бесік тербеген қолын қанға малғанын көргенде бірнеше күнге дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Менің ойымша, ол әйел дүниеқоңыздықтан адам өлтіруге барды. Күйеуінің көңілдесі ертең дүкен, кафені өз атына жаздырып алады-ау деген қорқыныш оған киллер іздетті. Бұл мысалдарды келтіріп отырған себебім, драматургия қоғамның осындай ауруларының диагнозын дер кезінде, дәл қоя білуі керек. Шекспирден бергі мықты драматургтердің шығармаларының негізгі өзегінің құнары осындай тақырыптарды көркемдеп, адамзатқа ортақ ой тастай білгендігімен де құнды.
Біздің пәленбай ғасыр бойғы дәстүріміз, рухани құндылықтарымыз капитализмнің бір шайнағанына неге төтеп бере алмады?.. Өнер, әдебиет, театр қай заманда да қоғамның бітеу жарасының бетін, қанын сорғалатып ашпаса, жауырды жаба тоқып, ит мініп, ирек қамшылап күн көрем десе, ол өнер бір күні өледі. Ондай өнер қоғамды тоғышарлыққа ғана үндейді. Бұл кеселдің біздің өнерде де бой көрсете бастағаны жасырын емес. Бүгінгі көрерменнің сахнадан ән-күй, әзіл-сықақ қана іздейтіні, махаббат пен байлық, намыс пен мансап, ерлік пен ездік тақырыптарын қозғайтын, бес күндік дүниенің байлауы неде деген сұрақ төңірегінде ой тастайтын театр қойылымдарына сирек келуі неліктен? Өйткені біз кейде ойлануға да ерінеміз. Театр ермек іздейтін, демалатын, көңіл көтеретін орын емес, театр – қоғамды алға сүйрейтін, күштердің алдыңғы қатарындағы киелі орда. К.С.Станиславскийдің «Театр — өнердің киелі ордасы» деп айтуы да бекер емес.
– Бүгінгі тірліктің диалектикалық үрдісін, қоғамдағы әлеуметтік күрделі мәселелерді ашып береді деген пьесаларды атап бере аласыз ба?
– Бұл сұрағыңызға жоғарыда біраз жауап бердім-ау деймін. Дегенмен де айтайын, біздің жазушы қауымда бір жалтақтық бар. Атаққа, шенге алаңдау басым. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген жүрек қайраты кемшін. Махамбет өзінің бас пайдасын ғана ойласа, басынан айырылар ма еді?.. Данышпан Абай неге өз жұртынан таяқ жеді? Ақан сері неге қартайғанда мылқау, меңіреу баласын құшақтап, көл жағасында, ел-жұрттан қашып өмір сүрді? Әлде, елі оны аластады ма? Біржан сал неге өлер алдында «Теміртас, Асыл, Ақық балаларым, ...байлаудағы қолымды шеш» деп зар еңіреді?.. Өнердің бір құпиясы бар. Өнер адамы шерлі болмаса, қас өнер тудыра алмайды. Кей жазушыларымыз «бүгінгі күннің кейіпкерін таба алмай жүрмін» деп мұң шағады. Ол да сол Кеңес дәуірі идеологиясының «жағымсыз кейіпкер, жағымды кейіпкер» деген қалыбынан шыға алмай жүргендерінен болар. Кеңес Одағының қас батыры Тоқтар Әубәкіров кейіпкер емес пе? Жақында, өздеріңіз білесіздер, біздің Махамбет атындағы театрымызда жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың «Көрген-баққан» деген шағын әңгімесінің желісімен қазақ театрының тарланы Чапай Зұлқашев жазған «Жаңғырық» пьесасы сахналанды. Чапай ағамыз өзі режиссер әрі басты рөлді өзі ойнап та берді. Ағамыз Қалыбек Қуанышбаев, Асанәлі Әшімов, Нұрмұхан Жантөрин сынды алыптар мектебінің ірі өкілі екенін актер ретінде де дәлелдеді. Жарайды, ол – басқа бір әңгіменің еншісі. «Жаңғырықта» жазушы мен драматург-режиссер, өзіңіз айтқан, «бүгінгі қоғамның диалектикалық үрдісін», өзіміз қайнап жатқан «қоғамдағы әлеуметтік күрделі мәселелердің» қақпағын да ашып-ақ тастаған. Өздері екі қолын қайда қоярын білмей отырып, Америка мен Қытай кәсіпкерлеріне жерінің иелігін беріп қоятын, бір кезде малының санын білмейтін қазақтың бүгінде соңғы қойын сойып жеп, мұхит асып келген бұқаның күйлегенінен нәпақасын айырмақ болған күйкі тірлігін актерлеріміз шынайы жеткізді. «Жеріңе, байлығыңа өзің ие бол, еңбек ет, тырбан!» деген идеяны Чапай Зұлқашевтың Шалы көрерменге жүрегінің қанына бояп ұсынады. Ал, негізінен, осындай пьесалар бүгінгі күні жазылуы керек, театрларда қойылуы керек. Сыпайылықты былай сыпырып қойып айтайын, менің «Соңғы Мамонт» пьесамды оқып көріңіз. Сонан кейін жаңағы сұрағыңызға жауап толыға түседі. Одан басқа да қазақтың абсурд жанрындағы пьесасын жаздым. Осы театрға келгелі жазып жатқан «Қанатсыз періште» атты пьесамды жақында, ИншАлла, бітірмекпін.
– «Қазіргі драматургиялық шығармалардың «пьеса» деген аты бар, идеясы бар, бірақ көкейкесті мәселелерді бүгінгі қоғамның талабына сай психологиялық, философиялық топшылауға келгенде әлсіз» дегенге не айтар едіңіз?
– Пьесаның негізі – тартыс, конфликт. Ол тартыс жанрға байланысты, драматургтің жазу стиліне байланысты әртүрлі беріледі. Итальян драматургтерінде ашық конфликт, қайнаған эмоция басым болса, А.П.Чеховтың пьесаларында конфликт бірден көзге көрінбейді, тереңдегі теріс ағын сияқты ақырын ғана ағып жатады. Орыс драматургтеріне, негізінен, оқиғаны беруде психологиялық ширығу, әр кейіпкердің характерінің деталін шебер сомдау басым. Орыс халқына «самовичевание», өз-өзінің жанын жеп, «не істеу керек?» деген сұрақ қою тән ғой. Достоевскийдің кейіпкерлерінде әуелі күнәға батып алып, артынан күнәдан арылуға ұмтылу, жұрт алдында өзінің істеген күнәсін жасырмай жайып салып, тазару деген бар. «Идиоттағы» Анастасия Филлиповна тамам жұрттың көзінше князь Мышкинге «Мен көшенің салдақысымын...» дей алады. Яғни Достоевский кейіпкерлері – судан ақ, сүттен таза емес, күнә жасайтын кәдімгі пенде, Құдайдан кешірім сұрайтын, сөйтіп жүріп тағы да күнә жасайтын, тағы да тәубеге келетін, өмір бойы осылайша ебіл-себіл өтетін адамдар. Ал біздің классиктеріміз әйел бостандығын, жеке бас азаттығын жырлады, қазақтың түнекте оянбай жатқандығын, төңкеріс келіп, күн көсемнің көзімізді ашқандығын қуана жазды. Кейбір пьесалар арқауы, негізінен, имандылық, қайырымдылық тақырыбына құрылды. Ол кездің кей пьесаларының тақырыбы бүгінде мен үшін, өзектілігін жойды. Малға сатылған, теңіне тие алмаған сорлы қыздардың зары немесе атеистік ұрандарға құрылған пьесалар он жерден классик жазса да, бүгінгі күні қызық емес. Баяғы құл, күң тақырыбы да ескірді. Оны қашанғы айтуға болады. Бізде психологиялық терең иірімдерге құрылған, философиялық ой толғауларға бай шығармалар бар деп айта алмаймын. Өйткені біз қазақты әлі танып болған жоқпыз. Бай мәдени мұрамыздың мұрты да бұзылған жоқ. Біз сол рухани байлықтың құпиясын аша алмай, әлі күнге бетінде қалқып жүрміз.
– Аға, шығарманың көрерменге өз деңгейінде жетуі алдымен кімге байланысты, драматургке ме, режиссерге ме, әлде актерге ме?
– Бұл «дүниеге алдымен тауық келе ме, әлде, жұмыртқа ма» деген сияқты қызық мәселе. Үшеуі де мықты болмаса, жөнді спектакль шықпайды. Негізінен, жауапкершілік режиссерде деп білемін. Мықты режиссер ортан қол автордың ортан қол дүниесін ширата алады. Актерлердің талантын ашатын да, образды қалай сомдау керектігін үйрететін де режиссер. Репетиция кезінде кәсіби кемел режиссер актерді қуыра да, шыжғыра да алады. Актер, негізінен, жанын қинамай образ сомдағысы келеді, режиссердің тәжірибесі аздау болса, анау-мынау актер жалған ойнап оны алдай салады. Бұл – әсіресе біздің режиссерлеріміздің жиі түсетін тұзағы. Орташа ғана таланты бар актердің орташа ғана ойнап шыққан рөліне «О, тамаша, мықты ойнайды!» деп таңдай қаққандарына талай жаңа фильмдерді талдау кезінде куә болдым. Актердің психотехникасынан хабары шамалы, өзі актерлік мектептің қыр-сырына қанықпаған, тек қана қоюшы болып қалыптасқан режиссер актерді мұрындықтап, жетелеп жүре алмайды. Режиссердің бойында режиссер-қоюшы, режиссер-педагог, режиссер-актер, режиссер-философ сияқты қасиеттердің болуы – сирек кездесетін құбылыс. Даңқты Әзірбайжан Мәмбетов осындай тұлға еді. Сондықтан да оның тұсында қазақ театры гүлдеді, көптеген КСРО Халық әртістері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаттары шықты. Актердің бағы режиссерге байлаулы. Актердің бойындағы талантын танитын да режиссер.
– Шынайы әңгімеңіз үшін бек рақмет!