Өзін елден жырақ ұстаған басшы ешқашан да халықтың көмегінсіз биіктерді бағындыра алмайды

Өзін елден жырақ ұстаған басшы ешқашан да халықтың көмегінсіз биіктерді бағындыра алмайды

Бердәулет Абдулдаев, Алматы облысы Іле ауданының әкімі:

– Бердәулет Ешенұлы, аудан әкімінің жұмысын бағалау – өзі басқарып отырған өңірге инвестиция тартуымен, ондағы өндірістік әлеуетті арттыруымен, халық­тың әлеуметтік жағдайын көтеруімен бағаланса керек. Сіз басқарып отырған ау­дандағы осы жайттарға тоқтала кетсе­ңіз...
– Өңірге инвестиция тарту – бұл бүгінгі заманның талабы. Елбасымыздың биылғы халыққа дәстүрлі Жолдауында да осы мәселе айтылды. Қазіргі таңда, расында, халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуі, ауданның экономикалық мүмкіндігінің артуы осы салынған инвестиция көлеміне байланысты. Өйткені инвестиция аудандағы істеліп жатқан жұмыстың айнасы іспетті. Ақша салынған жер­де жұмыс орны ашылады, қарапайым халық қызметке тұрып, нәпақа табады. Жұ­мыс орны ашылған соң, салық төлейді. Осы­лай ел бюджетіне тамшыдай болса да пай­дасы тиеді.
Былтырғы жылы біз ауданға 50 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарттық. 50 миллиардтың 38 миллиарды – осы ауданда­ғы жекеменшік кәсіпкерлердің салымы. Кейбіреулері айналысып отырған кәсіптерінің аясын кеңейтті, енді бірі өндірістің қуатын арттырды, жаңадан кәсіпорындар ашты. Осылайша өзіміздің ауданның кәсіпкерлері белсенділік байқатты. Бұл – облыс бойынша ең үлкен көрсеткіштердің бірі. Биыл да был­тырғы көлемде инвестиция салынып қалады деп жоспарлап отырмыз. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені біздің аудан мегаполис қала – Алматының жанында орналасқан. Тоғыз жолдың торабында орын тепкен. Іргемізде «Даму» логистикалық орталығы бар. Онда облыс­тық кеден орналасқан. Қалаға кетіп жатқан облыстық кеденнің салығы қайта өзімізге берілді. Оның ар жағында ғасыр жо­басы аталған «Жетіген – Қорғас» теміржолы салынды. Ол жерде де қызу жұмыстар жүр­гізілуде. Бірқатар жұмыс орыны ашылды. Сосын Боралдай елді мекенінде индустриал­дық аймақ бар. Жаңа технологияларды сонда орналастырамыз деген облыс әкімдігінің ше­шімі шықты. Қазіргі таңда 400 гектар жердің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, сарапталу үстінде. Және де G-4 City, яғни төрт серіктес қала салу жобасын да қолға алып жатырмыз. Міне, аудан аумағында осындай істер атқарылуда.
– Расында, Алматы мен Қапшағай қаласының арасына салынатын G-4 City серіктес қалалары Іле ауданының аума­ғында орналасқан. Соңғы уақытта осы жоба жайлы көп айтылмай кетті. Құрылыс жұмыстары басталды ма өзі?
– Бұл да – өте үлкен, негізді, мақсатты, пайдалы жоба. Мемлекет басшысының өзі тікелей бақылауға алған бұл серіктес төрт қаланың жұмыстары басталып кетті. Қазір қарап отырсаңыз, ауыл жастарының барлығы жұмыс іздеп қалаға ағылып жатыр ғой. Бұл құбылыстан біз де қашып құтыла алмаймыз. Біздің ауданда 11 ауылдық округ бар. Таңер­тең біздің аудан мен Алматының арасында адам өте алмайтын көлік тығыны пайда бола­ды. Бұл нені көрсетеді? Демек, адамдар қа­лаға ағылып жатыр. Осы олқылықтардың алдын алу үшін аталмыш төрт серіктес қала­ның септігі зор болмақ. Сонау тоқырау жыл­да­ры, одан беріде ес жия бастаған тұста да қалың ел күнкөріс қамымен Алматыға ағыл­ғаны белгілі. Оның барлығы қалаға қоныста­нып қалған жоқ. Қаланың айналасындағы аудандарға орнықты. Тіпті бір кездері саяжай ретінде ұстаған аймақтар да бүгінде тұрақты мекенге айналды. Ол жерлердің бәрінде – өзіміздің қара көз қазақтар. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген. Солар қалаға қарай жұмыс іздеп сабылады. Ал олардың бәріне бірдей қаладан жұмыс табыла бермейді ғой. Міне, осы ретте Алматы мен Қапшағайдың арасын жалғайтын төрт серіктес қаланың маңызы өте зор. Осы төрт серіктес қалада өндіріс орындары, кәсіпкерлік нысандар, басқа да жұмыс орындары ашылады. Жергі­лікті жас­тар­ды, мамандарды сонда жұмысқа тартамыз деп отырмыз.
Бүгінгі таңда төрт серіктес қаланың бір бөлімшесінің жұмысын аяқтау үстіндеміз. Ең бірінші инфрақұрылымды реттеп, инженер­лік-техникалық жүйелерді бітіріп қалдық. Су, жарық, жол түсуде. Елбасының тап­сырма­сымен жуырда өңірлік даму минис­трі Бақыт­жан Сағынтаев пен облыс әкімі Аңсар Мұсаха­нов аталмыш нысанды аралап қайтты. Осы инженерлік жүйе аяқталысымен, биыл қала­ның алғашқы құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп нақты айтты. Алла қаласа, биыл инфра­құрылымы біткен 18 гектар жерге қаланың іргесі қалана бастайды. Бұл серіктес қаланың бой көтеруі аудан орталығы – Өтеген батыр кенті үшін де, айналадағы ауылдар үшін де пайдалы болмақ. Өйткені құрылыс барысын­да аудан орталығының, басқа ауылдардың да инфрақұрылымдық жүйесін, ауызсумен қамту, жолдарды қалыпқа келтіру жұмыс­тарын да жүргізіп аламыз деген ойдамыз.
– Өзіңіз жоғарыда атап өткен «Қазақ­станның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасы мен серпінді жобалар қа­та­рына енген «Жетіген – Қорғас» темір­жо­лы да осы Іле ауданының террито­рия­сы­нан өтеді. Теміржол халық әлеуе­­тінің жақсаруына негіз болар қантамыр іспетті. Іле ауданының шебінен өтетін осы жо­ба­ның сіздер үшін маңызы қаншалықты, стратегиялық салмағы қандай?
– «Жетіген – Қорғас» теміржолы салынған сәтте бүкіл Қазақ елі болып қуандық. Өйткені іргедегі Қытай мемлекетімен біздің қарым-қатынасымыз күн санап артып келеді. Тауар айналымы да бірнеше есеге ұлғайып жатыр. Негізінде, Алакөлдегі «Достық» бекеті арқылы Қытайға бізден қатынайтын пойыз бар. Алай­да жаңа ашылған теміржолдың стратегия­лық маңызы өте зор. Өйткені Алматы облысының ауылшаруашылық өнімдерін өндіру әлеуеті жоғары. Бұл кәсіпкерлер үшін қолайлы бай­ланыс болмақ. Сосын Алматы облысына қатысты Жаркент өңірі – жүгері өндірумен аты шыққан аймақ. Осы өңірде өндірілген жүге­ріні бұрындары автокөліктер арқылы Сары­өзекке тасып, сол жерден пойызға артатын еді. Енді ол өңірдегі шаруалар өз өнімдерін осы «Жетіген – Қорғас» теміржолы арқылы Қазақ­станның түкпір-түкпіріне, қаласа, Қытайға да жөнелте алады. Теміржол – арзан тасымал құралы.
Былтыр біз экономикалық жағдайының төмендігін ескеріп, Күрті ауылынан 25 отба­сыны Жетігенге көшіріп әкелдік. Әлеуметтік бағдарламалар арқылы 33 адамды арнайы оқытып, теміржол саласына жұмысқа орна­ластырдық. Арнайы үй бердік. Бүгінгі күні сол ауылға 240 орындық бір мектеп салып жа­тыр­мыз. Алла жазса, биыл оны бітіреміз. Ауылдың экономикасы көтеріліп, құлпырып келеді.
Және де қайталап айтайын, бұл теміржол­дың бой көтеруі Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтерді. Ықпалдастықты арттырды. Сонымен қатар сырттан Алматыға келетін тауарларды сақтайтын, тіпті түсіретін орындар тапшы болатын еді. Кейбір ұзақ сақтауға шыдас бер­мей­тін тауар түрлері бұзылып, кәсіпкерлерге шығын келетін. Енді оны Жетіген стансысы арқылы шешуге мүмкіндік туды. Осы стансы­ның айналасына өндірістік базалар, уақытша жүк сақтау қоймалары салынады. Сонда бұл түйткілдердің түйіні тарқайды деп сенеміз. Бұл теміржол құрылысын енді Алматы қала­сының сыртымен Ұзынағашқа жалғаймыз деп отырмыз. Негізгі жоспар бойынша. Сонда Қытайдан шыққан тауар Алматыға тоқтамай, қала сыртымен солтүстікке, батысқа, шығыс­қа, көршілес мемлекеттерге жол тартады. Міне, сондықтан бұл теміржолдың ел эко­номи­касын арттырудағы рөлі ерекше.
– Іле ауданы мал шаруашылығы және агрошаруашылық өнімдерімен әлеуетті. Бүгінде Алматы секілді мегаполис қаланы шикізатпен, азық-түлік өнімдерімен қам­та­масыз етуге атсалысып келесіздер. Аграрлық сектор инновациясын қолға алдыңыздар ма?
– Біз аграрлық сектор инновациясын қолға алып жатырмыз. Неге десеңіз, бұл да – біздің алдымызда тұрған үлкен бір мәселе. Елбасы­ Нұрсұлан Әбішұлы Назарбаев та, облыс басшысы Аңсар Тұрсынханұлы да осы саланы жетілдіру қажеттілігін айтып жатыр. Біз үлкен қаланың түбінде орналасқан аудан болған­дықтан аграрлық инновацияны жетілдірмей болмайды.
Жалпы, аграрлық сектор инновация деген­де ең әуелі су шаруашылығына жаңалық енгі­зуден бастауымыз қажет. Сонда ғана бұл іс алға басады. Өйткені күллі әлемде, соның ішін­де бізде де судың жетіспеушілігі байқала бастады. Сонау 1980 жылдардағы арна толы мол суларымыз бұл күнде тартылды. Жасыра­тыны жоқ, өзен-көлдеріміз де суала бастады. Оған қоса, егін шаруашылығында бұрынғы­дай суды аста-төк пайдалану ешқандай пайда бермейтінін анық аңғартты. Суды жауып жі­бе­ріп суғару, біріншіден, топырақтың құна­рын құртады; екіншіден, еккен, сепкен дәні­ңізді шайып жібереді; үшіншіден, минералды тыңайтқыштарды ағызып әкетеді. Сондықтан да бүгінгі таңда бізге ең қажет тәсіл – тамшылатып суғару әдісі. Міне, бұл – нағыз инновация. Біз қазір осы әдіспен жұмыс жасап жатырмыз. Былтыр бір шағын шаруа қо­жа­лығының 4 гектар жеріне тамшылатып суғару тәсілін енгізіп, басқаларға үлгі көрсет­тік. Нәтижесінде әлгі шаруа қожалығы әр гек­тар­дан 60 тонна пияз алды. Ал басқа шаруа­шылықтар әр гектарынан 15-20 тонна ғана өнім жинады.
Алдағы уақытта осындай және де басқа инновациялық игіліктерді пайдалану үшін шағын шаруа қожалықтарын біріктіру қажет деген ойға тоқтадық. Өйткені жекелеген шаруаларға бұл қондырғыларды сатып алу, қондыру қымбатқа түсуі кәдік. Сондықтан да егер жер еміп, таза табыс табуға ниеттенген кәсіп иелері болса, өзара бірігіп, осындай технологиялық жетістіктерді еселей түсуге болады. Егін шаруашылығында жүргендер осындай мүмкіндікті пайдалануы тиіс деп ойлаймын. Өйткені аграрлық секторды да ғылыми жаңалықтарды енгізе отырып дамыт­пасақ, бұрынғыдай жерге дән септім, қалғаны бір Құдайға аманат деген дәуір өткен.
Байқасаңыз, соңғы уақытта Алматы облы­сында жылыжайлар көптеп ашыла бастады. Еңбекшіқазақ, Панфилов, Талғар, Қарасай аудандарында ірі-ірі жылыжайлар бой көтерді. Бұл үрдістен біз де қалыспай, жуырда өзіміздің жылыжайларымызды қолға алдық. Арзан, сапасыз құрылысқа жүгірмей, мол өнім алуға мүмкіндік беретін, пайдалану мерзімі ұзаққа шыдайтын жылыжайды 3 гектар жерге орнаттық. Және де «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Керімжан Бижанов пен оның орынбасары Ермек Үсенбаев бізге арнайы келіп, кәсіпкерлермен келісімшартқа оты­рып, біздің ауданға 32 жылыжай орнатты. Ол жылыжайлардың да алғашқы өнімдерін ала бастадық. Алматы қаласында өтетін жәрмең­келерге осы жылыжайларда өскен өнімдері­мізді шығарамыз.
Ауыл шаруашылығы саласында біздің экспортқа шығаратын тауарларымыздың негізгісі – ет пен бидай. 60 мың тонна етті сыртқа сата алатындай жағдайға жету үшін бізге мал шаруашылығын да дамыта түсу қа­жет. Осыны ескере келіп, өзіміздің ауданда мал бордақылау алаңын салмақпыз. Оған жемшөп қорын әзірлеуді де осы бастан қолға алдық.
– Өзіңіз де жақсы білесіз, Елбасы «Жергілікті өкілетті органдардың рөлін одан әрі арттыру үшін біз мәслихат арқы­лы ауыл әкімдерінің сайлауын енгіземіз» деген болатын. Яғни жергілікті әкімдерді сайлау 2013 жылдың соңына дейін енгі­зі­леді. Және ауыл әкімдерінің жеке бюд­жеті болады. Сол ауыл әкімде­рінің жеке бюджеті өңірдегі қордаланған мәселе­лерді шешуге, инженерлік-техни­ка­лық жүйені жаңартуға, жақсартуға сеп бола ала ма?
– Иә, бұл жаңа үрдіс болып тұр. Сондай-ақ өте қажетті, заманға сай бастама. Өйткені бір кездері бізде кадрлық олқылықтар орын алғаны рас. Ендігіде мұндай келеңсіздіктерге тап болмас үшін осы жүйені жетілдіріп, өзіміз­ге енгізуіміз керек. Қолынан іс келетін, ел басқара алатын, елге пайдасы тиетін азамат­тар болса, онда неге олар басқа салада істеуі тиіс?! Келсін, бағын сынасын, сайлауға түссін. Өзінің бағдарламасымен халықты иландыр­сын. Елбасымыздың көздегені де – осы, халыққа пайдасы тиетін, жұмыс істей алатын, қарымды азаматтарды ел басқару жүйесіне тарту. Нарыққа икемі бар, нарық заңдылық­тарын игерген азаматтарымыз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне келмесе, онда біз жаһандану кезеңінде өз есемізді өзгелерге жіберіп аламыз. Сондықтан да бұл жүйеге үлкен сенім артып отырмыз және де нәтижесі де жақсы болатынына кәміл сенеміз. Өйткені бізде де білім-білігі шетелдік мамандардан кем түспейтін азаматтар жетерлік.
Ауыл әкімдерін сайлау – бұл көп жылдар­дан бері халықтың өзі айтып келе жатқан тілегі. Әкімдер де сайланса, шын халыққа жаны ашитын азаматтар ортамызға келіп, бізді басқарса деген ұсыныстарды көп естідік. Ауыл әкімдерін бастапқы кезде мәслихат депутаттарының сайлағаны да дұрыс. Халық­тың ауыл әкімдерін сайлау мәдениеті қалып­тасқан кезде барып, бәлкім, сайлауды тікелей елдің өзі өткерер. Енді оны уақыт көрсете жатады. Алайда мәслихат депутаттары да – халықтың сенімді өкілдері. Өздерінің сайла­ған қалаулылары. Белгілі бір округтен сайлан­ған депутат та сол өңірді жақсы, білікті әкімнің басқарғанын қалайды. Сондықтан да бұл жерде бұра тартушылық, біреудің ығына жығылу, бұл түбінде мәслихат депутаттарының өздеріне таяқ болып тиеді. Олар да мұны жақсы түсініп отыр. Ары таза азамат ертеңгі күні ауыл басқару құқына ие болса, кез келген сәтте халықтың ортасына бара алады. Ауыл­дағы күрделі мәселелерді халықтың өзімен бірлесіп отырып шешеді. Қазір бізде бәрін үкімет жасап беруі тиіс деген жаман әдет қалыптасқан. Енді ауыл әкімдерінің өз бюд­жеті болады. «Ол бюджетті ең әуелі қай мәсе­лені шешуге жұмсау керек, ауылға ең бірінші не қажет» деген сауалмен әкім халықпен ақыл­дасып, халықтың өз қалауы бойынша қорда­лы мәселелердің түйінін шешеді деп ойлай­мыз. Мықты әкім ауыл халқының әлеуе­­тін көтереді. Ал бұл басқа көрші округ­тегі халық­қа да айқын көрініп тұрады. Осы ретте ауыл­дардың гүлденуге, өркендеуге деген ұмты­лыс­тарының нәтижесінде даму даңғылына бастайтын бәсекелестік пайда болады. Ал қолынан іс келмейтін әкімді халық өзі де қала­майды. Ол қанша жерден өздерінің ата­ласы, туысы болса да. Оларға нақты жұ­мыс істейтін азамат керек.
– Бізде бір қызығы – жыл сайын мил­лиондаған автокөлік иелері салық төлей­ді. Одан қалды, автокөліктің сапалы бо­луын және де тексереді. Ендеше, біздің жолдарымыз да сапалы болуы тиіс қой. Жуырда дүниежүзілік экономикалық фо­рум­ның мамандары сапалы деген жолға жеті балдық көрсеткішпен баға беріпті. Біздің жолдар 2,7 балға ие болыпты. Де­мек, жолдарымыз сапасыз. Іле ауданын­дағы жол сапасына қатысты не айтасыз?
– Жол сапасы – күрделі мәселе. Біздің аудандағы жолдардың сапасы орташа дең­гей­де деп айта аламын. Әрине, жасыратыны жоқ, әлі жол түспеген ауылдар да бар. Өйткені жаңа құрылыс алаңдары көптеп бой көтеруде. Ал жаңадан салынып жатқан ықшамаудандар, саяжайларға қатынайтын жолдар әлі жаса­лынбаған. Мұның себебі – бұл орындар кезін­де ешқандай жоспарсыз, жабайы түрде салынған. Өзіміздің қолдан жасаған дүниеміз. Бірақ та енді мұны сол күйінде қалдырып қоюға болмайды ғой. Сондықтан соңғы екі-үш жылда бұл жолдарды да жөндеуді қолға алдық. Өйткені онда халық тұрып жатыр. Халық – мемлекеттің басты байлығы. Өзіңіз де білесіз, бізде жолдар жасалмайды емес, жасалады. Үкіметтен қыруар қаржы да бөлі­неді. Алайда жол жөндейтін компаниялар ақшасын алған соң жол сапасына жүрдім-бар­дым қарайды. Олардың кейбірінің техни­касы да жетпейді, нақты сол салаға маман­данған адамдары да жоқ. Тек тендерді ұтып алған соң ғана жұмыссыз жүргендерді жинап алып, техниканы арендаға ұстап, сапасыз жол төсеп шығады. Іс бітті, қу зытты, шаруа сонымен тамам. Сосын мұның зардабын бір жылдан соң тағы да қарапайым халық тарта­ды. Жыл сайын автокөлігіне салық төлеп отырған соң, олардың жол сапасына қатысты дау айтуы заңды. Біз енді мұндай келеңсіз­діктерге жол бермейміз. Жолдың сапалы болуын міндетті түрде қатаң қадағалаймыз. Жолдың маңыздылығына қарай, жауапты компанияларға үш-төрт жылдық міндетті кепілдік жауапкершілігін жүктейміз. Сонда ғана тендерге кім көрінген таласпай, маман­данған, өз істеріне жауапты компаниялар ғана жол жасайды.
– Аудандағы ауылдар толықтай ауыз­су­мен қамтамасыз етілген бе?
– Кейбір жаңа бой көтерген ауылдарымыз­ға әлі де ауызсуды толық жеткізіп болған жоқ­пыз. Оған қоса біраз ауылдардың да су жүйесі әбден ескіріп, кезекті ауыстыру жұмыс­тарын күтіп тұр. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша бүгінге төрт ауылда ауызсу жүйесін қалыпқа келтіріп жатырмыз. Боралдай, Чапай, Бай­серке, Жетіген ауылдары осы бағдарлама негізінде қолға алынса, жергілікті халықтың өз бастамасымен, кәсіпкерлердің жұмылуы­мен бірқатар елді мекендерде тіршілік көзі саналатын су мәселесін шешу үстіндеміз. Алдағы үш-төрт жылдың көлемінде аудан бойынша ауызсу мәселесі толықтай қолға алынады деп жоспарлап отырмыз. Ішіп отырған суымыз жер астынан алынғандықтан, ауызсудың сапасы өте жақсы.
– Бердәулет Ешенұлы, өзіңізді халық­қа жақын әкіммін деп санайсыз ба?
– Қызық сауал екен. Жалпы, әкімнің жұмы­сын бағалайтын, негізінен, халық. Кез келген сәтте көшеге шығып, халықпен араласып, сөйлесіп жүре беремін. Біреуінен реніш-өкпе, көңіл толмаушылық наздарын естімедім. Өзім де қарапайым отбасынан шыққанмын. Агроном, бригадир болдық. Өзімді ешқашан халықтан бөлек санаған емеспін. Халықтан жырақталғым келмейді. Сенсеңіз, маған күні­не 30-40 адам кіріп, өз мәселелерін ай­та­ды. Қолымнан келгенін шешіп, қалғандарын жауап­ты мамандарға, округ әкімдеріне қолма-қол тапсырамын. Елдің арасында жүру өзім үшін пайдалы. «Кабинетім – қорғаным» дей­тін шенеуніктерді өз басым түсінбеймін. Бас­шы болған соң халықтың мұң-мұқтажын өз ауыздарынан есту керек. Кабинетке тығылып, халықтың жайын біреу арқылы естігім кел­мей­ді. Сондықтан халықтың ішіне өзім барам, араласам, көрем, тыңдаймын. Ал қабылдауы­ма сонау шеттегі ауылдардан келіп отырған ақсақалдарды, ақ жаулықты аналарымызды бүгін қабылдау күні емес деп кері қайтарып жіберу менің азаматтығыма сын емес пе?! Сондықтан менің жұмысыма шынайы бағаны көшеде кетіп бара жатқан осы ауданның кез келген тұрғыны бере алады. Менің жұмысыма халықтың бағасынан артық таразы жоқ.
– Басшылық қызметтің ең маңызды факторы – бұл кісі тану. Біздің қоғамда кеңестік кезеңде қалыптасқан кадрлар деген ұғым бар. Өзіңіз де сол топқа жата­сыз. Кеңестік кезеңде қалыптасқан және тәуелсіздік бедерінде билік сахнасына көтерілген кадрлардың айырмашылығын айта аласыз ба?
– Өте дұрыс. Расымен, қарап отырсақ, егемендік алғаннан кейін билік басына келген жас кадрлардың ой-өрістері өте кең. Біздікі сол кеңес кезеңінен қалыптасқан классикалық үлгі болса, жастар жаңашылдыққа бейім. Біздің олардан, олардың бізден үйренеріміз көп-ақ. Мысалға, біз олардан ақпараттық технологияны меңгеруді, жаңаша ойлау функцияларын үйренеміз. Ал олар кеңес кезеңінде тәрбиеленген кадрлардан елмен қалай сөйлесу, халыққа жақын болу, олардың мәселелерін шешу тетіктерін бойларына жұғысты қылады. Елімізде кең өріс алып келе жатқан электронды үкімет жобасын да осындай білікті жастарымыз енгізіп, халыққа қызмет көрсетудің тиімді жолдарын ұсынып жатыр ғой. Қуанатын дүние. Бірақ та таяқтың екі ұшы бар демекші, жастарымыз үлкендерді сыйлап, өзін халықтан кіші сезініп, қазақтың салт-дәстүрлеріне немқұрайды қарамаса екен тілегіміз бар. Елді сыйлау, халықтың ортасында жүру биліктегі жастарымыздың негізгі ұстанымы болуы қажет. Білім алдым, біраз дүние үйрендім, болдым-толдым деп, өзін елден жырақ ұстаған басшы ешқашан да халықтың көмегенсіз биіктерді бағындыра алмайды.
– Халық алдында істеуге тиісті ең бірінші парызым деп нені айтасыз?
– Ел басқарып отырған азаматтың халық­қа жасауы тиіс ең бірінші жақсылығы – ол адалдығы. Халыққа шынайы махаббатпен қызмет еткен басшы ғана өзін бақытты сезіне алады.
– Ақтарыла айтқан әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Ары таза азамат ертеңгі күні ауыл басқару құқына ие болса, кез келген сәтте халықтың ортасына бара алды. Ауылдағы күрделі мәселелерді халықтың өзімен бірлесіп отырып шешеді. Қазір бізде бәрін Үкімет жасап беруі тиіс деген жаман әдет қалыптасқан. Енді ауыл әкімдерінің өз бюджеті болады. «Ол бюджетті ең әуелі қай мәселені шешуге жұмсау керек, ауылға ең бірінші не қажет» деген сауалмен әкім халықпен ақылдасып, халықтың өз қалауы бойынша қордалы мәселелердің түйінін шешеді деп ойлаймыз. Мықты әкім ауыл халқының әлеуетін көтереді. Ал бұл басқа көрші округтегі халыққа да айқын көрініп тұрады. Осы ретте ауылдардың гүлденуге, өркендеуге деген ұмтылыстарының нәтижесінде даму даңғылына бастайтын бәсекелестік пайда болады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста