Өкпе құрт ауруын емдеу саласында білікті мамандар жетіспейді

Өкпе құрт ауруын емдеу саласында білікті мамандар жетіспейді

Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымының докторы:

– «Қазақстан құрт ауруына шал­дыққан адамдар санының көптігі жа­ғынан ТМД мен Еуропа елдерінің ал­дында келе жатыр» деген қауесет бар. Осы қаншалықты рас? Маман ретінде айтыңызшы, еліміздегі құрт ауруы таралуының қазіргі деңгейі қалай?
– Кеңес кезінде Қазақстан туберкулез аурулары жөнінен басқа одақтас мемле­кеттерге қарағанда көрсеткіш жағынан жо­ғары деңгейде болды. Одан кейінгі эко­номикалық тоқырау жылдарында аталмыш індет елімізде күрт өсіп кетті. Оның ішінде алғашқы науқастану да, құрт ауруынан қаза болатындар саны да артты. Мұндай жағдай 1991-ден 1998 жылға дейін тұрақты түрде өсіп отырды. Осыны ескере отырып, Ел­басымыз Н.Ә.Назарбаев 1998 жылы «Ден­саулық сақтау саласындағы кезек күттір­мейтін ша­ралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Осыдан бастап елімізде туберкулезге қарсы күрес бағдарламасы бекітілді. Бағ­дарлама аясында қаржыландыру мәселесі нақты қолға алынды. Мемлекеттік қам­қорлықтың арқасында ауруханаларды дәрі-дәрмекпен, тамақпен қамтамасыз ету, нау­қастарға жіті көңіл бөлуге ерекше назар аударылды. Бұрын толыққанды ем ала ал­май жүрген науқастар бұдан кейін барынша емделуге мүмкіндік алып, өлім көрсеткіштері азая бастады. Қаржыландыру күшейгеннен кейін нау­қастарға нақты әрі тез арада диагноз қою мүмкіндіктері жоға­ры­лады. Осылайша біз халықтың құрт ауруымен науқастану деңгейін төмендете бастадық. Демек, 1998 жылдан 2009 жылға дейін өлім көрсеткішінің төмендеу қарқыны 100 мың адамға шаққанда 38,0-ден 12,9-ға тө­мендеді. Бұл 66 пайызды құрайды. Ал алғашқы науқастану көрсеткіші 165,1-ден 105,4-ке азайды. Демек, бұл – 36 пайыз төмендеді деген сөз. Мұның барлығы – мемлекеттік қамқорлықтың әрі қолға алын­ған бағдарламаның дұрыс бағытта жүргізіл­гендігінің нақты айғағы. Алдағы уақытта да біз алғашқы науқастану мен өлім көрсет­кіштерін бұдан да төмен дәрежеге жеткіземіз деген сенімдемін, оған мүм­кіндігіміз толық жетеді. Өйткені бізге рес­публикалық бюд­жеттен бөлек, халықаралық қорлар да жәр­демдесіп тұрады. Олар құрт ауруын емдейтін заманауи құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, тубер­кулезге диагноз қоюда бактерио­ло­гиялық диагностикасыз жұмыс жасау қиын. Себебі ол туберкулездің бар-жоғын 100 пайыз анықтай алады. Ал флюрорентген түсіргенде ондағы түрлі көлеңкелер тубер­кулезді нақты анықтауға кедергі келтіреді. Демек, ол – «туберкулездің бар болуы мүмкін» деген күдік қана береді. Ал абсолюттық 100 пайыз диагностиканы анықтаудың жолы тек қана бактериологиялық жолдармен ше­шіледі. Міне, құрт ауруын емдейтін ауру­ханалар осындай заманауи қон­дыр­ғы­лармен жаб­дықталып отыр. Егер де тубер­кулезбен күрес бағытында осындай игі шаралар жиі атқарыла беретін болса, онда 2015 жылға дейін біз туберкулездің эпиде­миологиялық негізгі көрсеткіштерін жалпы қоғамға қауіпсіз деңгейге дейін түсіруге мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай, дәрігерлерді жоғары дәрежеде қор­ғайтын мұрындықтармен (маскалармен) қамта­масыз етіп отырмыз. Бұл – жеке басты қорғаудың тәсілдері. Ауруханаішілік ауаны алмастыру жүйелері де ретке келуде. Со­нымен қатар адамға жұқтыру дәрежесі күрделі ауруларды тек өздерінің дәре­же­сіндегі науқастармен бір бөлімшеге шоғыр­ландырдық. Қазіргі таңда тубер­кулездің жаңа түрлері пайда бола бастады. Тіпті біздің та­ғайындаған дәрілеріміз оларға әсер етпейтін де жағдайлар кездесіп жатыр. Сондықтан біз оларды бірнеше бөлімге бөліп, емдеу шараларын қолға алып отырмыз. Мәселен, бірінші қатардағы нау­қастарды қажетті дәрімен емдесек, екінші-үшінші қатардағы науқастар дәрінің көп түріне бейімделіп кеткендіктен, оларды ұзақ уақыт емдеуге тура келеді.
– Жалпы, сіздерде дәрі-дәрмек жеткілікті ме? Шетелден әкелінетін дәрілердің сапасы қалай?
– Дәрі-дәрмек жеткілікті. Әлгінде айт­қанымдай, бізді республикалық бюд­жеттен бөлек, халықаралық қорлар да қажетті дә­рімен қамтамасыз етіп отыр. Қор арқылы келетін дәрілер еуропалық стан­дарттарға сай, сапалы келеді. Республикадан келетін дәрі-дәрмектердің те тиімділігі жоғары, арнайы тексерілген. Бұл жағынан бізде мәселе жоқ. «СК-Фармация» ком­па­ниясы дәрі-дәр­мектерді орталықтан­дырылған түрде жеткізіп беріп отыр.
– Сіз әлгінде ғана дәрігерлердің мұрындық (маска) тағу мәселесін айтып қалдыңыз. Қайбір жылдары тубер­кулезді емдеу орталықтарында жұмыс жасайтын медицина қызметкерлерінің өзі құрт ауруына шалдықты. Бақандай 33 қызметкер. Бұл дәрігерлердің салақ­тығы ма, әлде басқалай себептері бар ма?
– Біз бір нәрсені мойындауымыз керек. Кеңес үкіметінің тұсында елімізде құрт ауруы көп белең алды. Тіпті туберкулезді емдемек түгілі, нақты диагноз қоюдың өзі қиынға соғатын. Себебі заманауи аппараттар бол­мады. Одан кейін экономикалық тоқырау жылдары басталды. Осы кезде біз науқас­тарды туберкулездің дәрісімен тұрақты қамтамасыз ете алмадық. Осылайша еліміз­де түберкулездің күрделі түрлері пайда бола бастады. Қазірдің өзінде біз туберкулездің жалпы деңгейін азайтқаны­мыз­бен, оның күрделі түрлерінің үлес салмағы басым екендігін байқап отырмыз. Сондықтан да аурухана ішіндегі ауа алмастырғыштарды заманауи қондырғылармен қамтамасыз етіп, жеке басты қорғайтын маскаларды пай­далануға деген талапты күшейтіп отырмыз. Негізінен, бұл әр адамның жеке басының тазалығы мен ұқыптылығына байланысты. Бізде кейде орта буын, кіші буын медицина қызметкерлері, тазалық­шылар ауруханада жүргенде маскасыз науқастармен тілдесіп қоюы мүмкін. Осы­лайша ол өзінің ден­саулығына залал кел­тіріп, уақыт өте келе иммунитеті әлсіреген тұста түберкулезбен ауыру қауіптілігі жо­ғарылай бастайды. Сон­дықтан бұл әркімнің жеке басына, медицина қыз­мет­керлерінің өзінің денсаулығына жа­уап­­кер­шілігінің жоға­рылығына байланысты бо­лады. Сонымен қатар біз ауруханаға келген науқастардың туыстарына да маска киюді талап етеміз. Ауру да, оған келуші адам да міндетті түрде маскада болуы керек. Бірақ кейбіреулер аурулардың көңіліне қарайды немесе кейбір аурулар «ой, мен бір ай емделіп шықтым, мен жұқпалы емес екен­мін, маскасыз жүре беруіме болады» деп жалған ақпарат таратып, немқұрай­ды­лыққа салы­нады. Мұндай кезде ол ең бірінші өзінің жақындарына қауіп тудырады. Әйтпесе, республикамызда ауруларды тек өздерінің жұқпалы дәрежесіне қарай бөліп, орна­ластыру мәселесі жолға қойылған. Мәселен, бір облыста бірнеше тубдиспансерлер бо­лады. Оның бірінде тек жұқпалы емес ауру­ларды емдейміз, екіншісінде жұқпалы болғанымен, дәріге сезімтал түрлерін шо­ғыр­ландырамыз, үшіншісіне дәрінің көп түрлеріне бейімделіп кеткен аса ауыр науқастарды бөлек бөлімше немесе басқа ғимаратқа жатқызамыз. Бактериологиялық лабо­ра­ториялардың өзі таза және жабық зона болып екіге бөлінген. Таза зонада күнделікті жұ­мысымен медицина қыз­меткерлері қағаз толтырып отырса, ал екінші зонада қа­қырықпен, іріңмен бакте­рио­логиялық жұ­мысшылар бөлек отырады. Олардың өз ауа тазалағыштары, филтрлері, қауіпті сақтайтын жоғары деңгейдегі маска­лары болады. Міне, осылайша біз науқастан – науқасқа, немесе науқастан медицина қызметкерлеріне жұқ­пайтын жолдарын қарастырып отырмыз.
– Институт құрт ауруын анықтауға және емдеуге қажетті заманауи қон­дырғылармен толықтай жабдық­талған ба?
– Туберкулез мәселелері ұлттық орта­лығында рентген аппараттарының ең жо­ғарғы түрі – компьютерлік томограф жұмыс жасайды. Мұның туберкулезді анық­тауда пайдасы мол. Мәселен, өкпе ауру­ларының ішінде өкпенің тесілген түрлері өте көп кез­деседі. Міне, сол тесіктің нақты қай деңгейде тұрғандығы, ол емделгеннен кейін қан­ша­лықты жабылып келе жатқандығын анықтауда таптырмайтын құрал. Сондай-ақ сүйек, буын туберкулезін тексеруге де өте қолайлы. Екінші бізде бактериологиялық лаборатория жұмыс жасайды. Одан кейін былтырғы жылы халықаралық қордың қаржыландыруымен заман талабына сәйкес, жұқпалы ауруларды бақылау Ұлттық референс – республикалық бактерио­логия­лық зертхана ашылды. Осы арқылы біз ауруханада жатқан науқастардың ауруын бактериологиялық жолмен анықтауға және облыстағы бактериологиялық лаборато­риялар­дың сапасын тексеруге мүмкіндік алдық. Қазіргі таңда Еуропадан әкелінген соңғы үлгідегі аппараттардың барлығын сонда орналастырып жатырмыз. Сонымен қатар, бізде Батек Мжит 960 аппараты бар. Бұрынғы қондырғылар бойынша, қақы­рықты «питательный средаға» еккен кезде туберкулез таяқшалары үш айдан кейін өсіп шығатын. Осыдан соң ғана біз соған бай­ланысты дәрі тағайындайтынбыз. Демек, аурудың нақты жолдарын емдеу үшін 3,5 ай уақыт жоғалтамыз. Ал науқас 3,5 айға дейін алғашқы топтағы дәрілермен емделгенімен, олардың кейбіріне бұл дәрілер әсер етпейтін болып шығады. Оның үстіне, осы уақытқа дейін олар қанша маска кисе де, басқа аурулармен байланыста болады. Міне, айналдырған 3,5 айдың ішінде басқа ауру­ларға да туберкулездің күрделі түрін жұқ­тырып алу қаупі туындайды. Ал бұл ретте Батек Мжит 960 аппаратының тиім­ділігі ерекше. Өйткені ол небәрі екі аптаның ішінде-ақ туберкулездің таяқша­ларын өсіріп шы­ғарады. Қазір біз осы қондырғының кө­мегімен бір айдың ішінде аурудың дәріге төзімділігін анықтауға мүмкіндік алдық. Демек, бұрынғы бактерио­логиялық зерттеу­дің жұмысын біз қазір үш есеге қысқартып отырмыз. Сонымен қатар бұл қондырғыны тек қана өзімізде емес, облыстағы барлық тубдиспансерлерге және Қарағанды облы­сында орналасқан бір қылмыстық жазаны өтейтін колонияға алып беруді қамтамасыз еттік.
– Жаңа аппараттарды әкелген бөлек те, оны қолдана алатын мамандардың болуы – мүлдем бөлек әңгіме. Елбасы айтқандай, жаңа аппараттарды қолдана алатын мамандар болмай, олардың кейбірі бөлмелерде шаң басып тұрған жоқ па?
– Осы мәселе туындамас үшін біз ма­мандықты жетілдіру оқу орталығын ашып, дәрігерлердің кейбір жаңа қон­дырғыларды үйренулеріне мүмкіндік жасап отырмыз. Өйткені жаңа қонды­рғыларды пайдалануды облыстағы дәрігер­леріміз, бактерио­лог­тарымыз біле бермеуі мүмкін, сондықтан олардың іс-тәжірибесін арттыру үшін, осын­дағы оқу-әдістемелік базасына шақырып, теориялық және практикалық жағынан үйретіп жатырмыз.
– Бұрындары ауыл-ауылдарда тубер­кулезге шалдыққандарды анық­тау үшін жылжымалы флюорографияны жиі қол­данатын. Көлікпен жүріп-тұр­ғындарды тексеретін еді. Қазір осы жүйе сақталған ба?
– Облыс, аудан тұрғындарының ара­сындағы туберкулезді анықтау мәселесі алғашқы медициналық көмектің жұмысы болып табылады. Демек, әрбір облыс, аудан-ауылдардағы емхана-амбулатория­лар тү­беркулезді анықтаумен айналысады. Осы ретте олар жылда туберкулезге қарсы тек­серулер ұйымдастырады. Жылжымалы флюромен жергілікті халықтың денсаулығын анықтайды. Оның ішінде дәрігерлер, мұ­ғалімдер т.б. бюджет саласының қыз­мет­керлерінің барлығы тұрақты түрде тексеріліп тұруы тиіс. Бұдан бөлек тубер­кулезбен ауырып қалу қаупі жоғары топтар да үнемі облыстық-аудандық денсаулық сақтау саласының назарында болады. Қазір біз екі жолмен анықтаймыз. Бірі – жыл­жымалы флюро болса, екіншісі қақырықты микрос­коппен тексеру жолы. Мысалы, жылжымалы флюро жылына бір-ақ рет келеді. Одан кейін ауыл тұрғындары не істейді? Олар жергілікті дәрігерлік амбула­торияларға барады. Демек, жөтеліп, қа­қырық тастап, одан қан араласып шықса, температурасы көтеріліп, әлсіздік пайда болса, онда оны жергілікті дәрігерлер емдеп көреді. Егер оңды нәтиже болмаса, олардың қақырықтарын алып, лабо­рато­рияларға жібереді. Бактериологиялық жол­мен тек­сергенде олардың нақты тү­бер­кулезбен ауыратынын немесе ауыр­майтынын 100 пайыз білуге мүмкіндік бар. Одан кейін ауруханаға жатқызып, ем-домын қабыл­дайды. Негізі, ауылдық жерлерге жыл­жы­малы флюроны апару әр кезде әрқалай ұйымдастырылады. Мәселен, кейбір аудан­дардың өздерінің флюросы бар. Олар кесте бойынша жылына бір рет ауылдарға шығып, тұрғындардың денсаулығын анық­тайды. Ал кейбір аймақтарда екі ауданға бір флюро берілген. Мұндай кезде екі ауданның келісімі бойынша, бірінші туберкулез қаупі көп ауылды тексеріп, одан кейін басқа ауылдарды тексеру жалғаса береді. Міне, осы жүйе бізде бұрыннан қалыптасқан.
– Осыдан біраз бұрын мамандар «Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін арзан жұмыс күшінің арасында тубер­кулезбен ауыратындар толып жүр» деп мәселе көтерген еді. Мүмкін сырттан келетіндердің денсаулығын шекарада тексеріп өткізу керек шығар. Бұған не дейсіз?
– Қазіргі таңда бізде шеттен келетіндерді шекарадан арнайы тексеріп өту мәселесі қарастырылмаған. Себебі «сырттан келетін гастарбайтерлер арасында да туберкулезбен ауыратындар кездесіп жатады» дейді білетіндер. Дегенмен бізде еңбек мигрант­тары арнайы медициналық тексеруден өтеді. Өйткені уақытша еңбек мигранттары алғаш келгенде облыстық немесе аудандық жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламаларды үйлестіру департаменттеріне тіркеледі. Олар жұмыс істеуге рұқсат қағаз берерден бұрын мигранттардың қолында медициналық кітапшалар болуы міндетті. Егер олардың арасында туберкулезге шал­дығуы мүмкін деген күдіктер болатын болса, онда оны бірден еліне қайтарады. Бізде осындай заң бар. Бірақ оның қаншалықты деңгейде орындалып жатқан­дығын мен нақты айта алмаймын. Себебі әлеуметтік сала бізге емес, аймақ басшы­ларына және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарайды.
– Елімізде құрт ауруына шалдыққан адамдардың нақты саны қанша? Олар сіздерде арнайы тіркеле ме? Әсіресе, қай өңірлерде басым болып тұр?
– Әлбетте, құрт ауруына шалдыққандар бізде тіркеледі. Жаңа науқастанған адамдар да, бұрыннан емделіп келе жатқандар да біздің республикалық базамызда тұрады. Сонымен қатар, бұрын бізде Батыс Қазақ­стан, Атырау, Қызылорда, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында тубер­кулезге шалдыққандар көрсеткіші басым болатын. Қазір олардың барлығы орта деңгейге түсіп келе жатыр. Десек те, қазіргі таңда Астана қаласы аталмыш ауру көр­сеткіштері жөнінен алда келеді. Себебі онда миграциялық процесс қарқын алған. Ше­телден де, өзіміздің аймақтағы басқа өңірлерден де барып жұмыс істейтіндер көп. Қазіргі біздің жүйе бойынша егер адам бір жерде алты-жеті ай жұмыс істеп, сондағы емханаға қаралса, оның науқастану деңгейі сол жерге тіркеледі. Осыдан келіп Астана қаласындағы көрсеткіш басқа өңірлерге қарағанда жоғары болып тұр. Дегенмен де, Құдайға шүкір дейік, осыдан біраз жыл бұрын туберкулезге шалдыққандар көрсет­кішінің көптігі жөнінен әлем бойынша 22 орында тұрсақ, қазіргі кезде 33-інші орынға төмен­дедік. Демек, елімізде туберкулез мәселесі біршама жақсарып келеді деген сөз. Оның үстіне, халықаралық қорлар да бізге бұ­рынғыдай қаржы бөлуді бірте-бірте шектеп келеді. Неге? Оның себебі: олар бізді жек көр­гендіктен емес, Қазақстанның эконо­микалық мүмкіндігі Орталық Азиядағы басқа мем­лекеттерден көшілгері болғаннан кейін осындай қадамға барып отыр.
– Денсаулық сақтау саласы құрт ауруын емдейтін білікті мамандармен қаншалықты қамтылған? Ауылдарда кәсіби фтизиатрлар мен рентгенологтар жеткілікті ме? Әлде олардың да көпшілігі айлық-жалақы аз болғандықтан, басқа салаға кетіп қалып жатыр ма?
– Шыны керек, құрт ауруымен күрес саласында ауылдық жер тұрмақ, облыс орталықтарының өзінде мамандар жетіс­пейді. Ауруханалардағы медициналық қыз­меткерлерді қажетті деңгейде ұстап тұру үшін зейнет жасындағы дәрігерлердің жұ­мысын пайдалануға мәжбүрміз. Дегенмен бұл бағытта да жұмыстар жасалынуда. Қазір туберкулез саласында жұмыс жасайтын медициналық қызметкерлерге инфек­ция­лық қауіптілігі жоғары орында жұмыс істе­гені үшін айлықтан бөлек 29 мың теңге шамасында қосымша ақы төленеді. Аурудың күрделі түрін емдейтін дәрігерлерге де қосымша ақы тағайындалған. Бұл шара соңғы 2 жылдан бері жүзеге асып отыр. Егер де дәрігерлерге қосымша ақы төлеу бұдан да жоғары дәрежеде шешіле беретін болса, онда бұл салаға жас мамандардың қызығушылығы артатыны сөзсіз.
– Кейбір сала мамандарының ай­туын­ша, елімізде туберкулездің та­ра­луына негізінде түрмелер септігін тигізіп отырған көрінеді. Өйткені онда­ғылардың көбі абақтыдан босап шық­қаннан кейін, өздерінің нақты тіркелген мекенжайында болмай, әр жерде жүреді екен. Мүмкін, абақтыдан шық­қандарды бостандыққа шығар­мастан бұрын олардың ден­саулықтарын тек­серіп, тубдиспансер­лерге емделуіне мүмкіндік жасауымыз керек шығар?..
– Абақтыдан шыққандардың басым бө­лігі өздерінің тұрғылықты тіркелген ме­кен­жайларында болмай, жан-жақта ша­шырап жүреді деген дұрыс емес. Қазіргі талап бойынша, абақтыдан жазасын өтеп шыққан адам міндетті түрде өзінің тұр­ғылықты жерінде болып, жергілікті тубер­кулезді емдеу мекемелерінде тексеріліп тұрады. Егер оның мекенжайы дұрыс көр­сетілмей немесе онда өзі болмайтын болса, онда жергілікті туб­диспансер мамандары бұл туралы Қыл­мыстық атқару комитетіне хабарлайды. Бүгінгі таңда туберкулезді емдеу мекемелері Қылмыстық атқару ко­митетімен де, ко­лониялардан босап шық­қандармен де бай­ланысты нығайту мә­селелерін жолға қойып келеді. Әрине, кейбір жазасын өтеушілер өздерінің тұр­ғылықты мекен­жайларында болмай қалатын бірен-саран фактілер кездесуі мүмкін. Бірақ бұл да бірте-бірте шешімін тауып жатыр. Бұл жерде ең бірінші ту­беркулезге шалдыққан адам бір нәрсені жете түсінуі керек. Ол ауырғанын біле тұра, емделуге келмей, өз денсаулығына нем­құрайды қарайтын болса, онда ол осы арқылы өзін ғана емес, өзінің жақындарына да қауіп тузызатынын жақсы түсінуі керек. Сондықтан бұған кез келген емделуші нем­құрайды қарамаса деймін.

Датым...
– Туберкулезді әлеуметтік қолдауға көп назар аударуымыз керек. Себебі құрт ауруына шалдыққандардың басым көбі жұпыны жанұялардан шыққан. Оларды біз ауруханада қанша емдеп шыққанымызбен, бәрібір олар отбасына барғаннан кейін, дұрыс тамақтанбай, өзін-өзі дұрыс күтпей, қайтадан ауруын асқындырып алу қаупі бар. Сондықтан туберкулезге шалдыққандардың отбасына әлеуметтік қолдау көрсетіп, жұмыс тауып беруге немесе азық-түлікпен қамтамасыз етуді жолға қоюымыз керек. Сонымен қатар кейбір облыстарда туберкулездің күрделі түрімен ауыратындар бар. Оларды отбасынан оқшаулап ұстауымыз қажет. Ол үшін мұндай науқастарды шағын пәтерлермен қамтамасыз етсек, дұрыс-ақ болар еді. Әрине, туберкулезді әлеуметтік қолдау кейбір аудандарда тәуір жүзеге асып келеді. Бірақ құрт ауруының күрделі түрімен ауыратындарды шағын пәтерлермен қамтамасыз ету мәселесі ақсаңқырап тұр. Сондықтан бұған аймақ басшылары селқос қарамаса екен деймін. Сондай-ақ жергілікті әкімдер тубдиспансерлердің материалдық-техникалық базаларын ДСҰ талаптарына сай жабдықтау, жөндеу жұмыстарын басты бақылауда ұстаса деген тілегім бар. Негізі, біз әдістемелік ақыл-кеңес беретін орталықпыз. Ал одан нәтижелі қорытынды шығару жергілікті басшылардың біліктілігіне байланысты. Егер біз көтерілген мәселеге дұрыс көзқарас танытып, оны болдырмаудың жолдарына барынша көңіл аударсақ, онда алдағы уақытта дұрыс жолға қойылып келе жатқан жұмыс одан әрі жақсара түсетініне сенімдімін.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста