Нумизматика ғылымын дамытуға қамқорлық жасалса, артық болмас еді

Нумизматика ғылымын дамытуға қамқорлық жасалса, артық болмас еді

Нәпіл Базылхан, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің Музейлік деректану және қолжазба орталығының жетекшісі:

– Нәпіл мырза, нумизматика деген­де көптің есіне алдымен шақа (монета) жинаушылар түседі. Ал шындығында бұл – ең әуелі ақша тарихын зерттейтін ғы­лым. Осы саланы зерттеп жүрген ға­лым ретінде әлі күнге жер қойнауынан табылып жататын ақша  бедерінен  өткен өмірдің белгілері қалай анық­тала­тынын әңгімелеп берсеңіз.
– Иә, нумизматика – ең әуелі тарих ғы­лы­мының бір саласы. Кез келген монетаны алып қарасаңыз, ондағы жазу-таңбалар өт­кен күннің елесі іспетті. Бір ғана тиыннан қан­шама мәлімет аласыз. Сондай-ақ қазақ же­рінде соғылған тиындардың Аме­ри­кадан, Бейжіңнен не болмаса Мәскеуден та­былып жатуы да көп нәрсені аңғартады. Мә­селен, Қытайдан – қарахан тиындары, біз­дің жерімізден  қытай тиындары табы­лады. Мұның өзі екі елдің арасында сауда-экономикалық қарым-қатынастың өркен­дегенін,  халықаралық валюта алмасу про­­цесі жүргенін айғақтайды.  Нумизматика архео­логия ғылымымен де тіке­лей бай­ланысты. Сенсеңіз, біз қа­зір бұрынғы Алма­тының тиын соғылған тұсында тұрмыз. Сон­дық­тан бүгінгі Алматының ас­тындағы бұ­рынғы елді мекен­дер­дің мәдени қаба­тынан әлі та­лай-талай құнды жәдігер та­былары анық. 
Тіпті жазба деректерде жоқ, ешкім біл­мейтін мағлұматты да титтей тиын айтып бе­реді. Айталық, тарихта аты қалмаған би­леушілердің бірі – Ташкенттегі Тұрсын ханды біз білмейтін едік. Оның есімі моне­тада кездеседі.
Ежелгі заманда өмір сүрген көне түріктердің шашы бұрымды келеді, сол бейнелері монетада соғылған. Ал енді дәл сол бейне Түркістаннан табылған тас мүсін­де де кездеседі.  Бағзы заманда түрік баба­ларымыздың бұрым таққанын этногра­фия­лық тұрғыдан дәлелдейтін бұл бір де­рек болмақ. Еліміздің аумағында жол­барыс болғанын дәлелдейтін де монета бар. Өзіңізге белгілі, «Қазақстандағы соңғы жолбарысты 30-жылдары атып өлтірді» деген дерек бар. Сондықтан монеталардың  көп мәліметті сығымдап беретін қасиеті ғажап. Ата-бабаларымыз алтын  мен кү­місті, мысты өңдеуді, мысты алтынмен және күміспен жалату технологиясын жақ­сы білген.  Шақаға сурет салу, жеке қол­таң­ба соғудың өзі – бірін-бірі қайталамайтын ға­жайып өнер. Кейбір жазулар өте көркем. Сон­шама жіңішке, әсем жасалуы жағынан қа­зіргі теңгелермен тең түседі. Мәселен, түр­геш теңгелерінің диаметрі қазіргі біздің 100 теңгелікпен бірдей.  Ортасы тесік, ұстауға ыңғайлы етіп жасаған. Бұл енді  Қытаймен сауда жасауға бейімдеп жасағаны ғой. Тек қана қытай елінде тесік тиындар қолданыста болған. 
– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын той­лау қарсаңында өзіңіз жұмыс істей­тін Мемлекеттік орталық мұражай «Қа­зақстан монеталарының шежіресі» көр­месін ұйымдастырған еді. Көрмеге кө­не заманғы құнды жәдігерлермен қо­са, бүгінгі егемен еліміздің төл ақ­шасы да қойылды. Бұл туған жеріміздің ке­шегі тарихын бүгінгі күнмен бай­ланыстыру ниетінен туындаған секілді. Ен­деше, біздің жерімізден табылған монеталар шежіресіне тоқтала кет­сеңіз.     
– Қазақстан монеталарының шежіресі со­нау ежелгі көшпенділердің «тауарға – тауар» (мал, аң терісі, жібек, алтын, күміс, ме­талл кесектері, асыл тастар ақша ретінде тең­герілді) саудасынан бастау алғаны мә­лім. Көне түрік (VІ-ІХ ғғ.), түргеш дәуі­рін­де «жылқыға – жібек» саудасы қар­қын­ды дамыды. Түрік қағандығы монеталар шы­ға­рып, ақша айналымында қолданылды. Түр­геш теңгелері ірі территорияда айна­лым­­ға түсті, олар көбіне Суяб, Таразда соғы­лып тұрды.
Қарахан әулетінің (Х-ХІІ ғғ.) мыс фельстері Орта Азия аумағында ақшаның кең қол­даныста болғанын көрсетеді. Ол кезеңде қа­лаларда сауда-саттық күшейіп, жаңа қалалар арқылы маңызды сауда жолдары өтті. Бұл сауда бағыты Шу өзені, Іле Алатауы арқылы Талғарға жеткен. Бір тармағы Ше­лекті басып өтіп, Шығыс Түркістанға дейін, екін­шісі Іле өзені мен Алакөлден өтіп, Моң­ғо­лияға, одан Қытайға жетті. Қарахан әу­леті дәуірінің 2145 дана мыс монета көм­бесі 1976 жылы Ақтөбе қалашығынан та­былған еді. Бұл көмбе тұңғыш рет осы көр­меге қойылды.
Сондай-ақ көрмеде моңғол империясы (ХІІ-ХІV ғғ.) Жошы, Шағатай, Темір әулеті кезеңдеріндегі сирек кездесетін монеталар қойылды. Орта ғасырларда  Йасы, Отырар, Ба­ласағұн, Тараз, Мерке, Атлақ, Шаш, Са­рай, Сарай-әл-жадид, Сарайшық, Са­мар­қан, Бұқара, Хоженд және басқа да монета со­ғатын орындарда пени, фулс, дирхем, ди­нар секілді алтын, күміс, мыс монета-ақ­шалар тұрақты соғылды. Қала эко­но­ми­ка­сында, базар мен сауда орындарында ақ­ша­ның рөлі едәуір артты. Мысалы, Жошы ұлы­сында жылқының бағасы 50-60 динар (ал­тын монета), тіпті 500 динарға дейін жеткен.
Оңтүстік Қазақстанда Шағатай әулетінің монета ақшалары кең қолданыста болды. Оның айқын айғағы ретінде Алматы көмбе­сін атауға болады. 1967 жылы Алматы қаласы «Таулы қырат» ұжым шаруашылығы жерінен  табылған күміс монеталар саны 1387 сақтау бірлікке жетеді. Бұл көмбе де көрмеде алғаш ұсынылды. 
Көрмеде Қырым, Қазақ, Бұқара, Хиуа хандығы дәуірінің монеталары, Ресей патшалығы мен Қазақ КСР кезеңінің, Қа­зақстан Республикасының ұлттық валю­тасы да қамтылған еді. Еліміздің әр жерінен та­былған монета көмбелері, түрлі қоймалар, со­нымен қатар мұражай қорындағы мо­неталар Отырар, Тараз, Йасы, Түркістан, Сау­ран, Сайрам, батыста Сарай­шық, Барскент, шығыста Тараз, Кенже сияқты қа­ла­ларда ақша жүйесі мен ақшалай сау­даның дамығанын айқын көрсетеді.
– Осылардың ішіндегі ең көнесі түрік дәуірінің тиындары ғой?
– Алғашқы түрік дәуірінде түрік импе­риясы Корей түбегінен  Қара теңіз, Ду­найға дейін созылып жатты ғой. Сон­дықтан негізінен батыс түріктер сауданың та­сымал жолы  – Жібек жолын бақылауға алып, сауданы қалыптастыру үшін соғды үлгісінде (ол кезде Қытайда да тиын болған) монета шығара бастаған.  Ябғу қағанның монетасы деген сияқты тиындар соғылған.  Суретіне қарасаңыз, көне түрік дәуірінің адамдары екеніне дау жоқ. Батыс түрік қағандарының, түргештердің, жалпы  би­леу­ші әулеттің таң­балары көп кездеседі. Көне соғдыша «Тұң жабғы қағанның ақ­шасы» деп жазылған. Ол тиындардың көбі Шаш­тан, яғни Ташкент маңы оазисінен та­былды. Ал  2010 жылы өз жерімізден та­былған монетада жолба­рыс­тың бейнесі бар.  Айта кететін жайт, бұл жерде «түрік» де­ген атауды қазіргі осман түріктерімен ша­тас­тырмау керек.  Совет идео­логиясына сай өз­гертілген «түркі»  де­ген де – жасанды атау. Дұрысы – түрік.  
Бастапқыда көшпелі тайпалар сауданы та­уар алмасу арқылы жүргізген. Мемлекет орнаған соң, ол өзінің ішкі-сыртқы сауда­сында билікті, экономиканы, сауда-сат­тықты жөнге келтіру мақсатында осын­дай тиын, монеталар  шығарып, мемлекеттік жү­йені құрған. 

Қарахан дәуірінде алғаш рет ислам діні қабылдана бастады. ІХ ғасырда пайда бол­ған Қарахан әулеті Шыңғыс ханның дә­уіріне дейін жалғасты. Жер аумағы оң­түс­тік Қазақстан, Жетісу, Шығыс Түркістанды алып жатты. Қарахан дәуірінде мыс, күміс тиындар көп болған. Діні бір болғандықтан,  араб елдерінің дәстүрін сақтаған.  Бір ерек­шелігі, ислам діні енгеннен кейін моне­та­ларға кәлима жазыла бастайды.
Қарахан дәуіріне қатысты монеталарды бұрын-соңды ешкім көрмеген еді.  Археолог Уахид Хамзаұлы Шәлекеновтің жетек­ші­лігімен 1974-1976 жылдары Ақтөбе қала­шы­ғының орнында қазба жұмыстары жүр­гі­зілгені мәлім. 1976 жылы ІХ-ХІІ ға­­­­сыр­лардағы қарахандықтар дәуірінің мыс монеталар көмбесі табылған. Қыш құмыра ішінен барлығы 2145 дана монета шықты. Араб графикалық мәтіндері сақ­талғаны  –  812 дана. Бұл Оңтүстік Қа­зақ­стандағы Ақтөбе қалашығында тиын со­ғатын  ірі орын болғанын көрсетеді. Осы ну­мизматикалық кешен алғаш рет жария­ланды. 2008 жылы аталмыш монеталарды У.Шә­лекенов ағамыз ҚР МОМ қорына сый­ға тартқан.
– Мына бір ортасында тиын сала­тын­дай жырығы бар қыш құмыра өзі­міз тиын жинайтын дүңгіршекті, яғни «ко­пилканы» елестетеді екен. Бұл тиын­дар қай дәуірге тиесілі?
– Қарахан әулетінен Сатық Бурахан деген алғаш ислам дінін қабылдаған хан бар, бұл монеталарда соның аты кездеседі. Белгісіз көмбе. Өте тотыққан. Тиын салатын «копилкасымен» қоса табылған.  Қарап отырсақ, бүгінгі өмірден еш айырмашылығы жоқ.
– Күллі әлемді өзіне бас идірген Шың­ғыс ханның дәуірінде соғылған монеталар өзгелерден ерекшелене ме?
– Тарихта жазылғандай, Шыңғыс хан көп қаланы басып алады. Солардың бірі – әй­гілі Отырар. «Отырарды өртеп жіберді» дейді. Алайда археологтер қала орнында әзірше ешқандай күл табылмағанын айта­ды. Отырарда ақшаның құйылғаны туралы 1967 жылы Самарқанд қоймасы ашылған соң анықталды. Осы қоймадан Х ғасырдағы Фараб теңгелері табылған. Біріншісі – алға ұмтылып, секіргелі тұрған арыстан бей­нелен­ген мыс теңгелер. Екіншісі бетінде садақ пен шаршы түріндегі түріктердің тай­палық таңбасы (дүниенің төрт бұрышын мең­зеген рәміз) бейнеленген теңге бол­ған.
Егер Шыңғыс хан бәрін қиратып тастаса, сол заманғы тиындар қалай шыққан деген сауал туындайды. Күйреген қалаларда ақша соғатын мүмкіндік қайдан? Керісінше, сол кезде моңғол монеталарының дәуірі деген ерекше дәуір басталады. Шыңғыс ханның немересі Мөңке хан Шыңғыс хан­ның атынан, кейін өз атынан алтын, күміс тиындар шығара бастайды. Монетада Мөң­кенің таңбасы анық көрінеді.  Тіпті Шыңғыс хан  дәуірінде алтын тиындар да болған. Бағдадта, Бұқарада, ауған жерінде  соғылған тиындар бар. Қала өркендеп, сауда-саттық емін-еркін дамыған.   Керуен сарайлар еркін жүріп-тұрған. Тиісті салығын төлеген. Тіпті оларды шығарып салып, жол көр­сеткен кедендік қызмет те болған. Де­мек, Шыңғыс қаған дәуірінде қол астына қараған көптеген қалада монета соғу ісі тіпті дамыған деуге әбден болады.
Қазақстан тарихында Жошы ұлысы бізге маңызды. Өйткені біз Жошы ұлысынан кейінгі дәуірді жалғастырамыз. Сарайшық Жошы ұлысынан қалған.  Мұнда көп зерттеу жүргізілді. Рас, Сарайшықтың көп жерін су шайып кеткен. Сөйтсе де, мыңнан астам монета табыл­ған. Осы монеталарды белгілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен экспедиция анықтаған еді.  Жуырда тағы үш монета  табылды.  Айта кету керек, көне қаланың орнын қазу оңай емес. Құрта­қандай жерді бір ай қазасыз. Са­рай­шық қала­сынан табылған нумизматикалық дерек­тер ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасыр аралығын қамтиды. Ол жерден табылған көне теңгелер Өзбек хан билігінің алғашқы жылдарында Сарай қаласынан шыққан. Осы кезеңдегі өзгерістер ақшалардың сырт­қы түрінен көрініс тапқан. Күміс тең­ге­лерде ислам дінінің енуі, орнығуы күміс теңге – дирхемдердегі сунниттік сенімнің белгісі мен Құранның алғашқы жол­дары­ның жазылуынан көрінеді. Теңге­лерде «кутлуг булсун» деген орта ғасырлық түрік сөзі жазылған.  Бұл құтты болсын, яғ­ни қолыңа түскен ақшаң құт болсын дегенді білдіреді. Жошы ұлысында алғаш рет ис­лам­ды қабылдаған – Өзбек хан. Бұлар да шақаға кәлиманы, өз есімдерін жазады. Жібек жолы торабындағы үлкен қала­лар­дың бәрінде монета соғатын орындар бол­ған. Сарай­шықта соғылған мына бір моне­тада «Сұлтан әділетті Жәнібек хан» деп жазылған, яғни патша әділ болса, халық әділ болады деген мағынаны білдіреді.  Алтын ордаға саяхат жасаған арабтың саяхатшысы Ибн Батут өз  жазбаларында «50-60 дирхемге жылқы сатып алдық» деп жа­зады. Әрбір тиындағы қалалардың атауы (Бұқара, Самарқан, Отырар, Хорезм) сауда қатынас­тарының қайда болғанын, шақаның қай жерде  соғылғанын көрсе­теді.
Шағатай – Шыңғыс ханның екінші ұлы.  Қайшы секілді таңба Шағатайдікі. Көлем­де­рі әр түрлі.  Осы орайда айта кетейін, Ша­ға­тай дәуірінен бұрынырақта оңтүстік өңір­де монета соғатын күміс аза­йып қа­лады. Қазіргіше айтсақ, дағдарысқа ұшы­райды. Содан ба, табылған монеталардың ішінде жалған түрлері де ұшырасады.
– Жалған ақша жасаушылар сол кез­де де болған дейсіз ғой?
– Иә, осы Шағатай дәуірінде соғылған монеталардың арасынан табылды. Салыстырып қарағанда, оңай ажыратуға болады.
– «Әмір Темір» деген араб қарпімен жазылған монеталар шынымен де Ақсақ Темір дәуірінде шыққан ба?
– Темірлан, Ақсақ Темір деп аталған Әмір Темірдің кереметтігіне дау жоқ. Монетада «Мұхаммед бин Әмір Темір күркән» деп жазылған. Ол Шыңғыс әулетіне күйеу бала ғой, күйеу бала дегенді білдіретін «күркен» (горгон) сөзі – ескі моңғол сөзі. Бұл монеталарда да кәлима жазылған. 
– Іргелес Қытай елімен сауда қа­рым-қатынасы ежелден дамығанын көне шақалардан көруге болатынын әлгінде бір айтып өттіңіз. Осы сауданы жүргізу ерекшелігі қандай еді?
– Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы сауда-саттық 1757 жылдары жақсы дамыды.  Мәселен, Абылай хан Цин патшасына төрт арғымақ сыйлап, жеті адамды елші етіп жіберген. Цин патшалығы осы жеті елшіге киім-кешек, 1000 лән күміс ақша сыйлаған. Кейін Цин патшалығы Абылай хан, Әбілпейіз хан және Қабанбай батырдың  ұсыныстарын қолдап, 1757 жылы – Үрімжіде, кейін 1765 жылы Құлжа мен Тарбағатайда сауда жәрмеңкесін («жылқыға – жібек»  саудасын)  ұйымдас­тырды. Ішкі қытайда сатып алынған есек пен сиырдың құны қазақ жылқысының құнымен салыстырғанда арзандау болды.  
– Енді бүгінге оралсақ, ел Тәуелсіз­дігінің бір белгісі төл теңгесі ғой. Осы теңгеміздің дизайнына қатысты пікір көп. Біреулер алғашқы теңгелердің ди­зай­нын қайтару қажет десе, біреулер тең­гедегі  алақанның суретіне сын ай­та­ды.  Соған орай сіздің пікіріңіз қан­дай?
– Меніңше, 1993 жылы шыққан тұңғыш теңгелердің дизайнын қайтарған дұрыс сияқты. Ұлттық сана-сезіміміз әбден ор­нық­қанша, осындай дүниелеріміз болғаны жақсы.  Ал енді ақшадағы алақанға келсек,  қолда тұрған түк те жоқ. Бұл – ежелгі дәстүр.  Әлгінде айтқандай, монетаның бәрінен түрлі-түрлі бейнелерді көруге болады. Негізінде, көне дәстүрді сақтайтын болсақ, теңгемізді металл монета түрінде шығару керек секілді. Қараңызшы, сонау  VII ғасырдағы тиынымыз бұл күнге дейін жетті. Экономика жағынан ойлағанда, осы дұрыс. Сондықтан 10 мыңдық теңге­лерді қымбат металдан жасап шығарсақ деген ой  да келеді.  
– Ел аумағынан табылған монета­лардың мұражайда тұрғаны дұрыс. Әйтсе де жеке адамдардың сандығында  талай түрі сақтаулы шығар. Соның бәрінің басын құрап, бір жерге жинақ­тау жағы қалай? Жалпы, ел тарихының айнасы іспетті монеталарды зерттейтін ғы­лым­ға қамқорлық бар ма?
–  «Мәдени мұра» жобасы бойынша 64 мыңға жуық монета коллекциясы, 8-9 мың­дай шығыс монетасының ғылыми ка­та­логын дайындап қойдық. Жалпы, біздегі ну­мизматика ғылымын дамытатын ма­мандар  жетіспейтінін мойындау керек. Ке­ңес кезінде көбі Ресейге кетіп қалды. Жал­ғыз ғана Райхан Зәкиқызы Бурнашева де­ген ғалым апайымыз бар.
Ал монеталарды бір жерге жинастыру жағына келсек, құнды дүниелерді өздерінде ұстап отырғандар баршылық. Әлбетте, олар бізге әкеліп, тегіннен-тегін өткізе салмайды. Археологиялық қазбалардан табылған дүниелер мемлекеттің меншігі болғанымен, ақшаға құныққандар оңай­лықпен бере салмайды. Сатып алу үшін қаржы керек. Ал келешекте құнды жәді­герлер көптеп табылатыны хақ. Сондықтан нумизматика ғылымын дамыту­ға қамқор­лық жасалса, артық болмас еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста