Нағыз әнші анадан әнші болып туады

Нағыз әнші анадан әнші болып туады

Хабиба ЕЛЕБЕКОВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

– Хабиба апа, сіз «әннің Абайы» атанған Жүсіпбек атамыздың жары ғана емес, қазақ өнеріне еңбегіңіз сіңген актриса, сондай-ақ бірнеше қазақ әнін бүгінгі күнге жеткізушісіз де. Былтырғы жылы жарық көрген белгілі күйші Мұрат Әбуғазының «Сарыарқа әндері» антологиясына сіздің айтуыңызбен үш ән кіріпті. Бұл әндерді кімдерден үйрендіңіз? Ел білмейтін тағы қандай әндерді білесіз?
– Мағжанның «Сен сұлуының» Мағжан­ның өзі шығарған әуенін ешкім білмейді. Оны осыдан 40 жыл бұрын Әбікен Қасенов Жүсекеңе үйреткен. Дәлила тәтем де айтушы еді, содан менің де миымда қа­лып қойыпты. Бұл әнді алғаш осыдан бір­не­ше жыл бұрын Ерлан Рысқалиға айтқан едім. Содан өзің айтқан кітапты шығарарда күйші бала Мұрат пен Еркін Шүкіманов екеуі маған келіп, өздерің секілді ел білмейтін, ескі әндер жайын сұрады. Мен онда Жаяу Мұсаның «Ләйлім» атты әнін айттым. «Мы­нау тамаша ән ғой» деп таңданып кетті олар. Осындай қазақтың әндерінің әлі менде бірнешеуі бар. Бірақ керемет ән болмаған соң, мен оларды айтпаймын. Бала кезімізде әнді көп естідік. Көбі сол бетімен қалып қойған. Мұхаң айтқан ғой: «Абайдың қара­сөзінен қалған ештеңе жоқ. Ал әнінен әлі де болса айтылмай қалып қойған нәрселер бар деп білемін», – деп. Ол рас. Абайдың «Сегіз аяғының» әні менің бала күнімде басқаша айтылатын. Қазір орындалып жүрген нұсқасы – Шәкәрімнің «Ең қызық жастық» өлеңінің әні. Әкем әнші, сері адам болатын. Қайда жақсы әнші бар десе, оны алдыртып тыңдайтын. Қайда жақсы ән шықты десе, соны үйреніп алатын. Есімде, тоғыз-он жастағы бала кезімде әкем Зәру­бай атты інісін Шәкәрімнің бір әнін үйреніп келуі үшін үш-төрт күндік жердегі білетін біреуге жіберген болатын. Сол Зәрубай аға­мыз, шынында да, ерінбей барып, әнді үйреніп келді де, бәрімізге үйретті. Қазіргі әнін ызаланып айтуға болады, ал ана әнде мұң бар, ойлану бар (ыңылдап отырып, «Се­гіз аяқты» Абайдың өз әнімен айтып берді).
– Айтпақшы, «Ақылбайдың әнін» ең алғаш рет Мұхтар Әуезовтің жеткізгенін осы күні көпшілік біл­мей­ді. Сол әнді Мұхаң айтып бер­ген­де, Жүсіпбек атамызбен бірге өзіңіз де болған екенсіз ғой. Сол туралы айтсаңыз.
– Шараның (Жиенқұлова. -автор) Болат дейтін баласы үйленіп жатқанда, тойдан соң бір топ адам қалып қойды. Мұхаң марқұм: «Сендер өңшең әншілер жиналып отыр екенсіңдер, мен сендерге бір ән үйретейін», – деді. Мұхтардың ән салғанын әлі ешкім естіген жоқ қой, елдің бәрінің есі шығып кетті. «Қайсың бұрын үйренсеңдер, соған бәйге береміз», – деп күлді. Сөйтті-дағы алдымен әннің туу тарихын баяндап берді. «Абайдың әншісі Әлмағамбеттің бір баласы дәулетті қайын жұртына барғалы жатып: «Оларды дүние апарып таңғалдыра алмаймыз, бір жақсы ән шығарып беріңіз, соны айтып барайық»,– деп Ақылбайға қолқа салыпты. Тегінде Ақылбай Абайдың өзі ең осал санаған баласы болса керек. Сол осалдау баласының өзі небәрі бес-он минутта осы әнді шығарып тастапты», – деп Мұқаң шырқай жөнелді. Менің нені болсын, тез қағып ала қоятын зеректігім бар. Жүсе­кең оны біледі, сол үшін де «есіңде сақтап ал» деген ниетпен мені түртіп қалды. Орта­мызда Күләш пен Құрманбек те бар. Әнді Мұқаң екі рет айтқанда, алдымен солар қағып алды. Үшінші айтқанда – Жүсекең, төртінші айтқанда Манарбек үйренді. Қазір ойлап қарасам, егер сол кезде Мұқаң әнді айтпағанда, «Ақылбайдың әні» бұл күнге жетер ме еді, жетпес пе еді, кім білсін?!.
– Қазақты әлемге танытқан біртуар әнші Әміре мен Жүсіпбек атамыздың кездескендігі жайлы бір тамаша аңызға бергісіз әңгіме бар. Соның анық-қанығын, шын мәнінде қалай болғанын сіз білесіз ғой. Айтып берер ме екенсіз?
– Жүсекең ең алғаш Семейге келгенде он алты-ақ жаста екен. Жас та болса, кере­мет әнші. Семейде бір жақындарының үйінде жатқанда көршінің әйелі босанып, шілдехана болыпты. Ол уақытта шілдехана­ға шақырмайды, жұрт өзі келе береді. Жап-жас бала Жүсекең домбырасын алып шілдеханаға барады, басында мән бермей отырғандар ән салғаннан кейін «өй, айна­ла­йын, жоғары шық» деп төрге шығарыпты. Семейде 1920 жылдары ашылған «Ес-аймақ» деген театр, концерттерді ұйым­дас­тыратын ұйым болған. Жиналған жұрт ішінде сол ұйымның мүшелері де отырса керек, ертеңінде-ақ Жүсекеңді концертке шығарыпты. Алғаш сахнаға шыққан сәтін Жүсекең былай айтып отыратын: «Сахна дегенді білмеймін, бойым шарқы болатын, орындыққа отырып едім, аяғым жерге ти­ме­ді. Аяғыма қарап едім, ел ду күлді. Соған қысылып қалдым». Жас кезінде даусы тіпті ащы болатын. Айқайлап әнге басқанда  алдыңғы қатардағылар құлағын басыпты. Соған қарап Жүсекең «мыналар менің әнімді ұнатпады-ау» деп көңілі пәсейіп қал­са керек. Әмірені Жүсекең сол «Ес-ай­мақ­та» жүргенде көріпті. «Әміренің әнін тыңдауға жиналған жұрт тіпті орын жет­пеге­ніне қарамастан, жағалап кеп, қаума­лап тұратын. Ал ән салғанда, тамағында құдды бір қалта бар сынды, толып кететін», – дейтін Жүсекең.
Ұйғыр, Кеген, Нарынқол – үшеуі бір аудан болған тұста, Әміре, Жүсіпбектерге тағы екі әнші қосып, төртеуін сол аудандағы бір жиналысқа жіберіпті. Алматыдан ау­дан­ға жеткенше Жүсекең Әмірені ұйық­татып, демалдырып барыпты. Клуб жоқ, далада ән салыпты. Ең бірінші Әміре шы­ғып, әуелете әнге басқанда, дүбірлеген аттар тұяғының дыбысы естіліпті. Ел «қарақ­шылар келді ме?» деп шошып кеткен көріне­ді. Сөйтсе, сегіз шақырымдай жерде жыл­қы зауыты бар екен. Сондағы кісілер Әмі­ре­нің үнін ести салысымен, бірден атқа қонып, шауып келген беті екен. Біржанның «Қозы­көш» деген әні бар ғой. «Қозыкөш жерге дауыс қалай жетеді? Сегіз шақырым қозы­көш болмайды да ғой», – деп Жүсекең таң­да­ныпты. Мінеки, сол Әмірені Жүсекең те­ң­­дес­сіз әнші деп бағалап, қатты сыйлай­тын. Қайран, Әміре! Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Жарқын Шәкәрім – бар­лығы Мәс­кеуге бірнеше рет барып жүріп, Әміре­нің даусын тапты. Бірақ ол әбден то­зы­ғы жеткен таспа, сондықтан ондағы дау­сына қарап, Әміренің әншілігіне баға беру – қателік. Жарқынның арқасында, әйтеуір, Әміренің басына белгі қойылды,  әйтпесе, болашақ ұрпақ Әміренің кім еке­нін де біл­мей қалар ма еді?..
Театр бірде гастрольдік сапармен Ташкент қаласына барғанда, Хадиша, Шол­пан, Бикен – үшеуі өзбектің атақты бишісі Тамара ханумның музейіне соғыпты. Үйін музей ғып қойған екен. Қазақ деген халықты дүниежүзі халқы білмейтін еді ғой. 1925 жылы Парижде өткен дүниежү­зілік көрмеге барып, ән салған Әміре арқылы алғаш қазақтай халықтың барын әлем халқы білгенін әлі күнге аңыздай қылып айтамыз. Міне, сол көрмеге Тамара ханум да барған. Ертең концертке шығамыз деп отырғанда, оның ыстығы көтеріліп, дірілдеп-қалшылдап қатты ауырып қалады. Сонда Әміренің өзіне жаны қалмай қарап, ыстық шай бергені жайлы Тамара біздің Хадиша, Шолпан, Бикен – үшеуіне айтып беріпті. Қайран Әміре сонда биші қызға: «Тамара, тұр, біз өзіміз үшін емес, елімізді танытамыз деп келдік», – деп намысын жа­нып, жігерін оятыпты. Сол сөздерден кейін Тамара бірден-ақ бойын тіктеп, жазылып кеткенін білмей қалса керек. Сондықтан сол кездесуде біздің актриса қыздарымызға өзбек бишісі көзіне жас алып тұрып: «Мен Әміренің арқасында концертке шықтым. Дүниежүзілік байқауда Әміре қазақтың абыройын қорғап, атын шығарды. Сол үшін Әміренің басына алтыннан ескерткіш қоятын да жөндерің бар еді, бірақ, әттең, қазақтар Әмірені ұмыттыңдар ғой!» – депті. Айтса, айтқандай, біз, қазақ Әміренің алтын басын сыйламақ түгіл, «Парижде Шоқай­мен кездесті» деп, оны жау қылып шығар­дық емес пе? Қазақ десе, өзімізге тиеді, бі­рақ, шыны керек, біз өзіміздің барымызды қадірлей алмайтын халықпыз ғой...
– Қазақ әнін жеткізуде Манарбек Ержанов атамыздың да еңбегі ерен. Бірақ кейінгі кездері қазақта сондай бір дарынды әншінің болғандығы туралы тіпті ауызға да алынбайтын болды. Сондықтан да кейінгі ұрпақ Манарбек Ержанов тұлғасын таны­мауы да ғажап емес. Қали Байжанов сынды әнші атамыз да ұмыт болып барады. Көзкөрген адамнан бүгінде сіз ғана қалған сияқтысыз ғой, сондықтан реті келгенде сол ата­лары­мыз жайлы айта отырсаңыз.
– Жүсіпбек үнемі: «Манарбектің ән сал­ғаны – Әміренің ән салғанындай», – деп оты­рушы еді. Мысалы, «Манарбек әнді әуе­ле­те шырқап, кілт үзетін, Әміре де тура солай шырқаған», – дейді Жүсекең. Паһ, шіркін, Манарбектің үні керемет еді ғой. Өмірінің соңғы кезінде ғана жүрегі дертке шалдықты да, содан тыныс алуы нашарлап қалды. Әлі есімде, 1936 жылы қазақтың бі­рін­ші дека­да­сында Манарбек «Қыз Жібектегі» Шеге­нің ариясын шырқағанда, бір ғана Базар­байдың байлығы емес, бүкіл қазақтың кең­дігін айтып тұрғандай сезілуші еді. Бейнелеп айтсақ, үлкен тайқазанды үш бұты ұстап тұрады емес пе, сол онкүндікті тайқазан десек, үш бұтының біреуі – Ма­нар­бек, екіншісі – Күләш, үшіншісі – Құр­манбек сияқты еді. Манарбек ұмытылып барады, Манарбектің еңбегін ешкім айт­пайды. Неге айтпайды? Қазақтың кім екенін танытқан әншінің бірі Манарбек емес пе? Нота деген болмаған уақытта Біржан, Ақандардың әндерін солар үйреніп алып келмесе, бүгінгі ұрпақ қайдан алар еді? Батыстың әнін жеткізген Ғарифолла болса, Арқаның әнін алып келген – Жүсіп­бек пен Манарбек. Сондықтан бүгінде Манарбек жайлы айтылмайды деп жүрегім ауырады.
Ал Қалидың әнін көп естігенім жоқ. Қали Шәкен Аймановқа жезде болып келетін. Қалидың әйелі – Кенжетайдың апасы. Қали бала сияқты қызық адам еді ғой. Жүсіпбек: «Қалеке, әнді бұзбау керек дейсің де, бірін­ші айтқаныңда басқаша, екінші айтқаныңда ән бұзылып кетті ғой», – десе, Қали: «Қой­шы, Жүсеке, соны өзім де байқамай қала­мын, сөйттім бе?», – деп өзі аң-таң болатын. Әйтпесе, әр әнші ішкі толқынысына, жаны­ның сүюіне қарай әнді әр кезде әрқалай құбылтып айта беруіне болады ғой. Жақсы әнші өзі композитор да болуы керек, бірдеңесі жетпей тұрғанын сезсең, қосып жібер, онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі «Жиырма бесті» Қалидың ай­туы ұнайтын маған. Бұрынғы айтылуын қойып, Жүсекең кейінгі кезде Қалидың нұс­қасын айтып жүрді.
– Апа, Кеңес үкіметі тұсында халық композиторларының әнде­рін­де мұсылмандық, дінге қатысты сөз болса, оны мүлдем айтқызбай­тын не сөзін өзгертіп тастаған ғой. Қазақтың көп әнін сіз баяғыда бас­тапқы қалпында тыңдаған ада­м­сыз, қазір қай әнді сондай қат­ты бұрмалауға ұшыраған дер едіңіз?
– Жаяу Мұса өзінің жары Сапар дүние­ден өткенде, қабірінің басында зарлап тұрып Сапарға ән арнаған. Сол әндегі қазір айтылып жүрген «қайғыға қайғы қосылды» деген жолдың орнында «Әптиек басы ясин­ді» деген болатын. Ясин деген Құран­ның сүресі ғой. Сондықтан оны діншілдікті уағыздайды деп бұрмалап жіберген. Сол секілді «Қанатталды» әнінің де өз сөзі басқа болатын.
Тау қалқып, тамылжыған шілде күні,
Ызылдап шыбын-шіркей шықпайды үні.
Жалғыз-ақ сорғалаған бұлбұл күйі,
Дауыстан естілгенде өмір жыры, – деген жолдардағы «шыбын-шіркей» дегенді ке­дей­лерге арналған сөз деп айтқызбай тас­таған. «Әнім еді сүйіп салған «Қанаттал­ды» деген қазіргі айтылып жүрген өлең сөзін Қанабек Байсейітов жазған. Біраз әндердің сөзін Қанабек жазды ғой.
– Қазақта Керекуден шыққан Тоқбай деген әнші болғанын бүгінгі буын мүлдем білмейді. Сол Тоқбайды Жүсекең қатты жақсы көрген, қамқорлығына алған екен ғой. Тоқбай туралы айтсаңыз.
– Тоқбай бай болған деп, оны жер ау­дарған екен. Сол Тоқбайды Жүсекең тауып алып, филармонияға кіргізген. Үй бермеді, жағдайы болмады, қайта кетіп қалған. Оқиға былай болған: Бұрынғы жүрген жері Белағаштан сұрастырса, Тоқбай жоқ, ешкім білмейді. 1937 мен 60-жылдар аралығында, 23 жыл өткен соң Жүсекең тағы ойда-жоқта тауып алған. Іссапармен жүрген уақта машинамен ағызып келе жатып, жолдың арғы бетінде бір салт аттыны көріп, көлікті дереу тоқтатқан екен. «Анау кетіп бара жат­қан – Тоқбай», – десе, елдің бәрі: «Қойы­ңыз­шы, Жүсеке, оның түрін көріп тұрған жоқсыз ғой, мықырайған бір шал, қайдағы Тоқ­бай?!», – деп күлген екен. Көлікті бұрып, қай­та барса, әлгі адам, шынымен, Тоқбай болып шығыпты. Тоқбайды Алматыға алып келді. 1960 жылы осы үйге кірген жылымыз болатын, Ғылым академиясына, радиоға барып, әнін жаздыртты. Әлі есімде, ән жаздыртқаны үшін 300 рубль ақша алып берген болатын. Кейіннен Тоқбайдың әнші екенін біліп, павлодарлықтар іздеп келіп әнін сұраса, бірін де таба алмапты, барлы­ғының үстінен жазып тастаған. Бір күні «Тоқбай өлді» деген хабар келді. Жүсекеңнің жылағанын көрсең. «Ол өзінің әнші екенін еліне түсіндіріп айта алмай кетті ғой», – деп, қатты жылады. Тоқбай әнді балалай­камен айтатын. Жүсекең: «Балалайканы тастасаң­шы», – деп, домбыра алып берген. «Жоқ, Жүсеке, мұны тастамаймын. Күзетші болып жалғыз өзім отырғанда, осымен ызыңдап отырып ән салатынмын, серігім еді ғой. Домбыраға қалай көшем?!» – депті. Жүсекең қызық өзі. Бір-екі ай жол жүріп келгенде: «Мен осы сендердің түрле­ріңді ұмытып қаламын. Ұмытпайтын екі-ақ адамым бар: кенжем Естай мен Тоқбай. Тоқбайды есіме алсам болды, мұрны қоң­қиып көз алдыма тұра қалады», – дейтін. «Қайран, Тоқбай-ай» деп есіне алып, өксіп жылайтын (даусы дірілдеп, өзі де көзіне жас алды).
– Апа, сіз бір сұхбатыңызда «атақты адамдар, атақты әншілер жерге байланысты туа ма?» депсіз, осының мәнін ашып айтсаңыз...
– Оған сөз жоқ. Мысалы, Көкшетауды алып қарасаңыз: Ақан, Біржан, Үкілі Ыбы­рай – бәрі сол жерден шықты ғой. Көкшенің жеріндей жер бар ма? Бойыңда өзің де білмейтін жасырынып жатқан тырнақтай бірдеңе болса, Көкшеге барсаң, көтеріліп шығып кетеді.
«Арқада Бурабайға жер жетпейді», – деп Мағжан тек айтпаған ғой. Жақсы жер адамға еріксіз ой салады. Ақан, Біржан­дар­дың жүрегін тербеп, ән шығарған Көк­ше ғой. Егіндібұлақтың тауы – Балқан тау­дың айналасынан көп әнші шыққан ғой. Жүсіпбек, ағасы Жақыпбек, Қуан Лекеров, Нығыман Әбішев, Ғаббас Айтбаев. Құдай­дың құдіреті, сол Ғаббастың тұқымдарының бәрі әнші екен!.. Ғаббасты: «Ақын-әнші, ол ән айтқанда, өзі шығарып тұрғандай айта­ды», – деп Затаевич айтқан екен ғой. 1927 жылы шақыртумен он бір әнші Москваға барды, солардың бірі – Ғаббас. Ол уақытта ол театрда жоқ, елде болатын. Елден ал­дыртқан екен.
– Қазіргі дәстүрлі әншілерге көңіліңіз тола ма, апа?
– Өнердің ішінде адамға ең тез жететіні, асылы – ән. Бірақ әншілердің барлығы әнді түсініп айта бермейді. Мысалы, Жаяу Мұса­ның «Хаулау» әнінде: «Мінгенім қаз мойын мен майда жалды, Мекенім Баян тауы, шіркін-ай, артта қалды», – деп зарланып айту керек қой. Қайғылы әнді желпілдетіп, ле­пір­тіп айтады. «Та-та-та» деп айтсаң, күлкілі ғой.
– Жүсіпбек атамыздың қазақ әнінің көсегесін көгерткен, маңдай- алды шәкірті Жәнібек балаңыз туралы не айтар едіңіз?
– Тегінде тек ән жайында Жәнібектен басқа ешкім жазған емес. Оның сөз тап­қырлығы, шешен сөйлеуі, әншілігінен де мін таба алмаймын. Мәселе, балам, дауыс­тың күштілігінде емес. Күшті дауыс есекте де бар. Даусым бар екен деп, елдің бәріне «әншімін» деп айтуға болмайды. Түйені де үйретіп, билетіп қоюға болады екен ғой. Сол сияқты адамды да үйретіп, еріксіз әнші қылып шығаруға болады. Ал нағыз әнші Алланың жазуымен, анадан солай әнші боп туады деп білемін. Мен әнші емеспін, бірақ әнді жақсы түсінемін. Ең мықты әнші деген Жүсіпбегім: «Дұрыс айттым ба?», – деп, мені­мен ақылдасып отыратын. Абай:  «Сұлулық ол – дененің берген сыйлығы, бет сұлулы­ғын елдің бәрі таниды, ал сұлу сөз бен әдемі ән – жан сыйы. Жан сыйын елдің бәрі тани бермейді», – дейді. Жәні­бек­тің артық­шылығы – осында. Өзі қайтыс болған соң, әйелі Тоты Жәнібектің Жүсіпбек туралы «Әніңнің халық жетпес бұрмасына» деген кітабын шығарды. Әннің қасиетін тек қана Жәнібек біледі десем, қателеспес едім. Екі ауыз ән адамды жылатып жібереді. Мұны Жәнібек ғана ашқан. Адамның өнері мен адамгершілігі бірдей бола бермейді. Өнері бар, адамгершіліктен жұрдай адам­дар қаншама?! Жәнібекте екеуі де бар: нағыз адам, нағыз әнші, нағыз жазушы, нағыз адамның жанын түсінуші (көзіне жас алды). Былтыр 60 жылдық еске алу кешінде Қай­рат «Айбозымды» айтқанда мен жылап отырдым. 60 жылдығын Жәнібектің өзі өткізгенде қалай болар еді? Баласы Шәкә­рім тамаша жігіт болып өскен екен. Соған қуандым. Тоты да жақсы. Жақсы азамат­тардың жолдастары жақсы кездессе, өнері өсе береді. Әйелдері ақымақ болса, құри береді. Құдай тағаладан өнерлі жігіттердің жолдастары жақсы болса екен деп тілеймін. Жәнібек Тотыны «нағыз мыстан, тәте» дей­тін. «Мыстаны несі?», – деймін ғой. «Мыс­тан­дар барлығын біледі ғой, Тотының да біл­мейтіні жоқ», – дейтін. Жәнібекті туған ба­­лам­­дай жақсы көретінмін.

Алашқа айтар Датым...
– «Ғасыр қасіреттері» деп атап, қазақ халқының өткен ғасырда көрген нәубетін жазған едім, сол іске аспай жатыр, соған қатты қиналамын. Сендер оны көрген жоқсыңдар. Ал мына мен қазақ қасіретінің бәрін дерлік көрдім. Ашаршылықта шөберелес інім бір әулеттегі 33 жаннан жалғыз өзі қалса, мен өзім де екі әулеттегі 17 жаннан жалғыз қалдым. 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы репрессия. Бір ауыз сөз үшін талай арыстарымыз абақтыға жабылды. Арыдағы ол қасіретті айтпағанда, бертін келе Семей полигоны қандай қасірет?! Абайдың кіндік қаны тамған қасиетті жерге ядролық сынақ жасап, бірнеше дүркін болған улы жарылыстан балалар қалай боп туып жатты? Өзіне-өзі қол жұмсап, асылып өліп жатқан жігіттерді көрдік. Бір ауыз сөз айтуға шама келді ме? «Ғасыр қасіреттері» дегенде, мен осыларды қозғадым. Бір журналистің «мұрағаттан ашаршы­лық уақытында адам адамның етін жеп жатқан кадрларын көзіммен көрдім» дегенін естідім. Сондықтан қасіретті шақтарымыз телебағдарлама арқылы халыққа жетсін деген оймен «Қазақстан» арнасының басшысына барғанмын. Ол: «Мұндай тарихи деректі хабарларды Ғафудың баласы Бақыт Қайырбеков қояды», – деді. Бақытқа барсақ: «Ондай кадрлар бізде жоқ, Мәскеуден, Украинадан алдырту керек, оған қырғын ақша қажет», – деді. «Президенттің өзіме тағайындаған стипендиясын өліп қалсам, қонағасыма керек деп жинап жүргем, соны берейін», – дедім. «Ол жетпейді, оның үстіне Хабиба апаның ақшасын алған адамшылыққа жатпайды», – депті. «Бағдарламаны теледидардан бере ме, жоқ па?» деген бір ауыз сөзді айту үшін, қанша рет телефон соқтым. Қашып, жауап бермеді. Сонда ел бастап отырған қазақтың азаматтарының барлығы өтірікші болғаны ма? Содан кейін қатты ауырып, жатып қалдым. Іске аспаған іс үшін өзіме қатты ренжіп жүрмін.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста