Мұндай жоғары деңгейдегі спорт шарасын өткізу әр елдің қолынан келе бермейді

Мұндай жоғары деңгейдегі спорт шарасын өткізу әр елдің қолынан келе бермейді

Анатөлі ҚҰЛНАЗАРОВ, «2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ президенті:

– Анатөлі Қожекенұлы, спорт саласындағы ең маңызды мәселелердің бірі – алдағы қысқы Азия ойындарын лайықты өткізу. Осынау дүбірлі жарыс басталар күнге де жарты жылдай ғана уақыт қалды. Дайындық барысы қалай?
– Еуразияның кең төрінде орын тепкен қазақ жерінде тұңғыш рет әлемдік деңгейдегі спорт додасы өткелі отыр. Бұл, шын мәнінде, Тәуелсіздік алып, басқа әлем мемлекеттерімен терезесі тең болған Қазақстан үшін зор мәртебе. Сонымен бірге үлкен жауапкершілікті артатын шара. Азияның 45 мемлекетінің басын біріктіріп, туын желбірететін бұл додаға дайындық осыдан бірнеше жыл бұрын басталып кетті. Бүгінгі таңда спорт нысандарының көбінде құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. «Дайын асқа тік қасық» демекші, атқарылып жатқан қыруар жұмысқа сырттан сын айтушылар аз емес, алайда сол іске қара терін төгіп еңбек етіп жатқандардың ерен еңбегі еленбей келетіні қынжылтады. Байқап қараңыздаршы, азғана уақыттың ішінде Алматы мен Астанада бұған дейін армандап та көрмеген бірнеше алып спорт ғимараттары салынуда. Олардың арасында Астанадағы футбол және коньки тебу стадиондары, велотрек бар. «Қазақстан» спорт кешені болса күрделі жөндеуден өтуде.
Ал Алматыдағы іргетасы көтеріліп жатқан халықаралық деңгейдегі шаңғымен тұғырдан секіру кешені мен Талғар тауларының қойнында тұрғызылып жатқан шаңғы және биатлон стадиондары ше? Бұл екеуі еліміздің бұрын-соңды болып көрмеген спортшылар мен жанкүйерлердің басын біріктіретін алпауыт кешендер емес пе? Шаңғышылар мен коньки спортының жанкүйерлерінің сүйікті жеріне айналған «Шымбұлақ» пен «Медеу» мұзайдыны араға көп жыл салып күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ол да болса – үлкен қуаныш.
– Бізде салынып жатқан спорт ғимараттары әлемдік стандарттарға сай келе ме? Осы жағын тереңдетіп айтып, оқырманның көңілін орнына түсірсек.
– Жасырмаймыз, шынында да, жұмыс барысында олқылықтар кездесіп жатады, алайда шешілмейтін мәселе жоқ. Елбасының тікелей қатысуы арқасында спорт нысандарын халықаралық талаптарға толық сай етіп, тез арада салып бітіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз.
Айтып өткен жөн, күрделі спорт нысандарын жобалау жұмысына француз архитекторы Поль Андре мен Халықаралық Олимпиада комитетінің мамандары тартылды. Сонымен қатар Астанадағы коньки тебу стадионының құрылысына Түркияның Sembol, Голландияның Baukens компаниялары бірлесе жұмыс істеуге шақырылды. Шаңғы-биатлон стадионын жобалау ісіне Швейцарияның беделді компанияларының бірі – J.de Heer Consulting тартылып отыр. Неміс, француз компаниялары К-95 және К-125 шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешенін жобалау ісіне де атсалысты. Қысқы Азиада өтетін барлық дерлік нысандарда спорт саймандары мен жабдықтарын шығарушы беделді голландиялық, германиялық және финляндиялық компанияларда жасалған жаңа құрал-жабдықтар мен технологиялар пайдаланылуда.
– 32 мемлекеттің өкілдерін күтіп алу – оңай шаруа емес. Волонтерлер, аудармашылар, әр делегацияға жауапты қызметкерлерді іріктеу ісі қалай жүріп жатыр?
– Қысқы Азиаданы өткізу барысында тек спорт додасының жағдайына ғана емес, сонымен қатар қонақтарды   күтіп, қарсы алу қамына да ерекше ден қойылады. Шетелден 10 мыңнан астам турист және спорт додасына қатысы бар 5 000-ға жуық шетел қонақтары келеді деп күтілуде. Олардың ішінде мың жарымға тарта спортшылар, 500-ден астам жаттықтырушы-бапкерлер мен мыңға тарта алыс және жақын шетелдің журналистері бар. Олардың барлығын орналастыру, қарсы алу, тамақтандыру, көлікпен жүріп-тұру мәселелері толығымен шешіліп қойылған. Оларға қызмет көрсету үшін 3000-нан астам еріктілер тартылады. Олардың денін жоғарғы оқу орындарында қандай да бір шетел тілін меңгеріп жүрген студенттер құрайтыны айтпаса да түсінікті болар. Олардың қатары күн санап толығуда. Аудармашыларды да дайындау мәселесі назардан тыс калған жоқ. Қызмет көрсететін барлық саланың мамандары үшін арнайы ағылшын тілін меңгеру курстары ұйымдастырылуда.
– Азиадаға көптеген мұсылман мемлекеті келеді, олардың ас-суы шариғатқа сай болуы керек. Осы бағытта атқарылатын шаруалар туралы айтып өтсеңіз.
– Расында да, Азия құрлығындағы 45 мемлекеттің денін мұсылман ағайындар құрайды. Олардың арасында исламның қағидаларын ұстанып, тәулігіне бес рет намазға жығылатындары қаншама. Ұйымдастырушылар оның барлығын ескеріп отыр. Барлық қонақүйлерде дін жолында жүргендерге ыңғайлы болу үшін намаз  оқитын, демалатын арнайы бөлмелер қарастырылған. Қазақстанда халал индустриясы жақсы дамып келе жатқаны белгілі. Алланың атын айтып сойылған малдың етін жегісі келетін мұсылман бауырлардың саны күн санап бізде де артып келеді. Ал шариғатпен жүретін Кувейт, Иран, Ирак, Ауғанстан сынды елдерден келген мұсылман бауырларға деген көңіл мен жауапкершіліктің ерекше болуы керектігін сезініп, қолымыздан келгенше тырысамыз деп уәде берем. Егер де ресми деректерге жүгінсек, бір ғана Қазақстанда халал индустриясында 500-ге тарта тауар өндірушілер еңбек етіп жатыр, солардың барлығы міндетті түрде осы ойынға тартылатындығына күмән жоқ.
– Спорттың 11 түрі бойынша өтетін Азиадаға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде комментатор, диктор дайындау мәселесі – маңызды шаруаның бірі. Бұл мәселе алдын ала шешілмесе, ертең комментаторлардың қысқы спорттан репортаж жүргізуге шамалары жетпей қалуы мүмкін. Осы бағытта конкурс, іріктеу бола ма?
– Біз жас мемлекетпіз. Оның үстіне, бұған дейін мұндай дәрежедегі спорт додаларын өткізу тәжірибеміз де болған емес. Сол себептен де біз шетелдік мамандармен келіссөздер жүргізіп, тәжірибе алудамыз. Ойындарды тарату құқығы көпжылдық тәжірибесі бар шетелдік компанияға берілді. Дикторлар мен комментаторларды әзірлеу мәселесі солардың еншісінде болмақ. Біз оларға тек қолымыздан келгенше көмектесе аламыз.
– Азиадада біздің елдің тарихи, мәдени, этнографиялық ерекшеліктерін көрсету керек. Бұл бағытта қандай ізденістер бар?
– VII қысқы Азия ойындарын қабылдаушы жақ, яғни қожайын біз болғаннан кейін спорт додасының салтанатты ашылу және жабылу рәсімдерінде міндетті түрде кең-байтақ даланы мекендеп жатқан көшпенді қазақ елінің тарихынан, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарынан сыр шертетін сахналандырылған көріністер көп орын алатынын айта кеткен жөн. Өздеріңізге белгілі, спорт ойындарын қабылдайтын әрбір ел өзінің ұлттық болмысын, ерекшелігін нақышына келтіріп, барша халыққа паш еткізгісі келеді, ол түсінікті де. Мұндай жоғары деңгейдегі спорт шарасын өткізу әрбір елдің бағына жазыла бермеген, қолынан келе бермейді де. Сол себептен де ондай мүмкіндікке қол жеткізген қандай да бір ел өзін бүкіл әлемге таныстырып, кеңінен танымал болғысы келіп тырысып бағатыны тағы да рас. Ол заңды да. Неғұрлым жақсы жағынан жарнамаланған ел өзіне болашақта көптеген туристі тартпай ма, яғни елдің қазынасына мол қаржы құйылады деген сөз. Қорыта айтқанда, Азиаданы өткізгеннен ұтпасақ ұтылып, намысты қолдан берейін деп тұрған біз жоқ.
– Астана мен Алматыны Азиада қарсаңында безендірген кезде ұлттық нақыштарымыз ескеріле ме?
– Әлбетте, Азиада ойындары қарсаңында бір ғана Астана мен Алматы емес, барлық облыс орталықтары безендірілетін болады. Жер-жерлерде Азиадаға шақыратын ұлттық ою-өрнектермен нақышталған ұрандар желбіреп, билбордтар ілінеді. Мұның бәрі еліміздің ұлттық болмыс-сипатын бүкіл әлемге танытып, паш ету үшін.
– Спорт ғимараттарын сынақтан өткізу қашан басталады? Шетел командаларымен келісім бар шығар?
– Негізгі ойындар кезінде орын алуы мүмкін олқылықтар мен кемшіліктерді болдырмай, алдын алу мақсатында сынақтық жарыстар өткізу халықаралық тәжірибеде бар. Спорт нысандарының қаншалықты дайындығын, төрешілер ұжымының құрамын, спорт түрлері бойынша қызмет көрсететін мамандардың, ойындарды өткізу кезінде тартылатын қызметтердің өзара ықпалдасу деңгейін тексеру және тағы басқа мәселелерді Азиада басталмай тұрып толық шешіп алуымыз керек. Сол себептен де сынақтық ойындар спорт нысандарының құрылысы немесе күрделі жөндеу аяқталып болғаннан кейін бірден өткізіледі. Жарыстар Ойындар бағдарламасы шеңберінде немесе Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты кубогы түрінде өтуі мүмкін.
– Азиадаға қанша спортшы, қанша төреші келеді деп отырсыздар?
– Алдын ала мәлімет бойынша, 45 елдің 32-сі қысқы Азиадаға қатысатындарын растап отыр. Жарыстардың бағдарламасына сәйкес, спорттың 11 түрі бойынша 69 жарыс өткізіледі. Сәйкесінше 69 алтын жиынтығы сарапқа салынады, оның 25-і – Астанада, ал 44-і – Алматыда. Өз кезегінде Қазақстан Азиада ойындарында спорттың 11 түрі бойынша 169 спортшымен сынға түсіп, Жапония, Корея, Қытай сынды алып елдермен жүлделі орындар үшін бәсекелесетін болады.
– Қонақүй мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Алматы мен Астана бойынша Азиадаға қатысушыларды қабылдайтын қонақүйлердің саны мен сапа деңгейі толық анықталып болды. Астанада – 10, Алматыда 14 қонақүй ресми делегация мен спортшыларды, жаттықтырушылар мен журналистерді қабылдауға толығымен дайын десе де болады.
– Ал енді сенім артқан спортшыларымыз жарыстың қай түрлерінен топ жаруы мүмкін?
– Біз биатлон, шаңғы және коньки жарыстары, хоккей, шаңғымен бағдарлау, бенди, яғни допты хоккей сынды спорт түрлері бойынша мықты екенімізді, намысты қолдан бермейтінімізді алға тартқым келеді. Ұлттық спортшыларды баптап әзірлеу жұмысына отандық мамандар тартылып отыр. Олардың арасында биатлоннан А.Ткачук, шаңғы жарысынан бас жаттықтырушы А.Батяйкин, допты хоккейден бас жаттықтырушы А.Ионкин, биатлоннан мемлекеттік жаттықтырушы С.Тлеубаева, трамплиннен шаңғымен секіруден бас жаттықтырушы К.Биекенов, шорт-тректен бас жаттықтырушы М.Қарсыбековтердің барын мақтанышпен айтуға болады.

Саралы сөз
Қазақстан үшін VII қысқы Азия ойындарын өткізу – ең алдымен еліміздің соңғы 10 жылдағы жеткен жетістіктерін әлемдік қауымдастыққа таныстырудың керемет мүмкіндігін беретін имидждік жоба. Еліміздің имиджі мен жоғары деңгейдегі халықаралық ойындарды өткізе алатын спорттық держава болуға деген талпынысымыз да осы «Азиада 2011»-ді қаншалық сәтті өткізетіндігімізге байланысты. Сондықтан Қазақстанда Азия ойындарын өткізу мәселесі таза спорттық жарыс ауқымынан асып, жоғары қоғамдық-саяси сипат алып та қойды. Сондықтан ұйымдастыру комитеті, спорт саласының басшылығы, бапкерлер мен спортшыларымыздың алдында «Азиада 2011» ойындарына лайықты дайындалып, табысты өткеру міндеті тұр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста