Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы, ғалым:
– Сапабек Әсіпұлы, сізді жұрт «айта-айта тілі жауыр болған, жаза-жаза қаламы қару болған» жазушылардың қатарына қосып жібергелі қашан? Осыған байланысты сұрайын дегенім, нақ бүгінде тіліңізге тиек етер, жаныңызға батып жүрген, қоғамға ой салатын көкейде жүрген қандай түйгендеріңіз бар?
– Негізінде, нақ қазір өркендеу жолында біраз істерді тындырған болып жүрміз. Бірқатар реформаға да реңк берудеміз. Бірақ күнгейдің көлеңкелі тұсы болатыны тәрізді осы жаңа экономикалық саясатымыздың көлеңкелі жерлері бар екенін жасырмауымыз қажет. Осы тұста басымдық беріп айтатын нәрсе, бізде бұйрық айтылады, жоспар жасалады. Әйтсе де соны орындау жағы кемшін. Сөз бен істің арасы байланыспайды. Бұл – үлкен кемшілік. Адам баласында өткенді саралау деген болу керек. Ал біздің мойнына жауапкершілік жүктеген құзырлы тарапта осы өткенді саралайтын қасиет аз. Белгілі бір енгізілген жаңа жүйенің, реформаның нәтижесін бақылау жоқтың қасы. Бір сөзбен айтқанда, науқаншылдық басым. Әсіренауқаншылдықтың асыра жақсылық бермейтіні – бесенеден белгілі дүние. Сондықтан өз басым нақ қазір істеп жатқан тірлігімізді «өте жақсы» деп бағалай алмаймын.
– Осы сіз үнемі сын айтуға құмарсыз. Сіздің белгілі бір істің нәтижесін көріп, көңіліңіз толатын сәттеріңіз бола ма?
– Мен бұл пікіріңізбен келіспеймін. Рас, мені «биліктің сыншысы» етіп алғандар да бар. Бірақ мені «сын айтқыш» дегеннен гөрі «кемшілікті көзге тізіп айтасыз» десеңіздер, орынды болар еді. Маман ретінде, адами тұрғыда кемшіліктердің бар екенін көріп-біліп тұрып, тілімді тістеп қалғым келмейді. Болмаса мен қайсыбіреуге мін тағып, сыртынан сын айтып, жік іздеп жүрген жоқпын.
– Дегенмен қандай да бір тындырымды істерге көңіліңіз көншитін тұстар бола ма?
– Болады. Неге болмасын?! Мәселен, қазіргі жауапкершілігі мол қызметтерге қырағы саясаткерлердің, білімді экономистердің келіп жатқанын мойындауымыз керек. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, әйтсе де олардың біразының қарым-қабілеті мықты. Кей сәттері сол жастардың ісіне, шынымен де, көңілім толып, ішім жылып қалатыны бар. Тек сол жастар бойындағы білімін, көрегендігін өзінің жеке басына пайдаланып кетпесе екен, халыққа бір қадам жақын жүрсе екен деп тілеймін. Әйтпесе біздің қазіргі әкімқаралар өздерінің көрегендігі мен талантын жеке басына пайдаланудан әрі аса алмай жүр. Осындай берекетсіздікті көресің де, ішің ашиды. Өкініштісі – осы.
– Сіз кезінде өзіндік ұсыныстарыңызды баса айтқан ғалымдарымыздың бірісіз. Жасыратыны жоқ, қазірде жаңағы өзіңіз сөз еткен жас ғалымдардың, қырағы мамандардың қолымен біраз реформа жасалып жатыр. Бұл реформаларға көңіліңіз тола ма?
– Кезінде біз алғаш нарықтық қағидаға бас сұғар тұста жекешелендіру саясатын дұрыс жүргізбедік. Ол тұстары алды-артын пайымдаған елдердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласын тұралатпауды ойлады. Біз, керісінше, ауылдағы шаруаның алдына қажетті дүние бере алмадық. Жекешелендіру тұсында үлес бергенде бір тракторды төрт шаруаның қолына ұстатып, «осымен жұмысыңды бітір» дегенді де көзімізбен көрдік. Әлгі бір тракторға күні қарап қалған шаруалар ақыры таласқа түсе берген соң, трактордың төрт доңғалағын төртеуі бөліп алып, сатты да жіберді. Қазір «ауыл шаруашылығын жандандырамыз, ауылды жерлерге жас мамандарды тартамыз, техникалық қабілетін арттырамыз, кәсіпкерлік әлеуетін көтереміз» деп өрекпиміз. Өзіңіз ойлап қараңызшы, ескірген көне үйді жөндеу үшін де біршама уақытыңыз бен біраз қаржыңыз кетеді. Елімізде бүгінде қолайсыз аймақта тұрып жатқан 70-ке жуық аудан орталығы бар. Осы аудандарды қалпына келтіріп, күйісі кеткен ауылдардың басын біріктіріп, ауыл халқының еңсесін көтеру үшін әлі біраз уақыт, үлкен күш керек. Кезінде осыны сауатты түрде жүзеге асырғанда, қазір сол істің жемісін көріп, жетістікке жетіп отыратын едік. Ал біз ол кездері дұрыс ойланбадық. «Бұл дұрыс емес» деп байбалам салғандардың ұсынысы ескерілмеді.
– Ал қазір сол кемшіліктердің орнын толтыруға тырысып жатырмыз ғой енді.
– Мұны 10 жыл бұрын ойлану керек еді. Сол нарықтық экономикаға ең алғаш енген тұста дүниенің бәрін тегін көріп жүрген қазақтардың дені кедейленді. Өзіңіз ойлаңызшы, сол тұстары бір бөтелке арақты бір тоқтыға сатып алған жайттарды кезіктірдік қой. Бұл рас. Қазір біздің қазақтарда екінің бірінен сұрасаңыз, мұндай көріністермен бетпе-бет келгенін айтып шыға келеді. Мұны дамушы елдердің сарапшыларына айтсаңыз, олар бетін басып тұрып күледі. Сол кезде «бұл – еркелікті, жалқаулықты, шолжыңдықты көтермейтін нарықтық экономика. Оның қағидасы бойынша, еңбекпен күнелту керек. Еңбекпен күнелткісі келетіндерді мемлекет қолдайды» деген насихат керек еді. Мұндай насихат сауатты жүргізілген болса, қазірде тұрмысы төмен отбасылардың, жұмыссыздардың, айлығын шайылығына жеткізе алмай жүргендердің көрсеткішін біз екі еселеп алмаған болар едік. Өткенде сіздердің басылым арқылы қазақтың зиялыларының бірі, академик-ғалым Камал Ормантаев: «Біздің мінберлерде есеп беретін сол азаматтар «халықтың жағдайы өте жақсы, елдегі жұмыссыздықтың көлемі 5-ақ пайыз» деп есеп береді. Ал, керісінше, өз басым елге барған сайын төмендеген халықтың жағдайын көріп егіліп қайтамын. Халықтың жағдайы төмен. Жұмыссыздықты 5 пайыз дегенді қайдан шығарып жүргендерін білмеймін, менің есебімде жұмыссыздық 25-30 пайызды қамтиды. Себебі ауылды жерде мұғалім мен дәрігер ғана жалақы алады. Ал қалған жұртшылық өлместің күнін көріп отыр», – депті. Мен мұны оқып, «егер сол мінберлерде есеп беретін азаматтар нақ осылайша ойлап, таразылай алса, мәселе басқаша орын алар еді» деген ойды айқындай түстім. Бұл пікірге мен де қосыламын. Қазір елде жұмыссыздық дендеп тұр. Жұмыссыздық 5-6 пайыз дегенмен келісуге болмайды. Бұл – көзді алдарқату үшін беріліп отырған деректер. Сондықтан мұндай алдаусыратудан аулақ болғанымыз жөн. Мұны бір деп қойыңыз. Бұдан соң біздің елімізде халықтың өмір сүретін аймақтары қолайлы және қолайсыз аймақтар болып бөлінеді. Оның бірі егіні бітік, сулы-нулы жерлер болса, енді бір аймақ – қуарған, шөл және шөлейт жерлер. Ол жерлер – жатқан бір қу дала. Осы аймақтарда халық тұрып жатыр. Сол халықтың ішерге суы жоқ, малының жейтін азығы жоқ, азығы өз алдына, малдың басын көбейтейін десе, оны өрістетіп жаятын жайылымы жоқ. Міне, жағдай қандай! Осыған байланысты мен арнайы зерттеу жүргіздім. Сол зерттеулерімнің нәтижесі көрсетіп отырғандай, шөл және шөлейт аймақтарда тұрып жатқандарға АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, «бізден дамуы артта қалды, ғылымы жетілмеді» деп біз мұрын шүйіріп менсінбейтін Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса үстеме төлемақы төленіп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде жүзеге асып отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттерде тұрғындарға мемлекеттік мекеменің үш деңгейінен көмек беріліп тұрады. Біріншісі – округтік әкімшілік, екіншісі – штаттық әкімшілік, енді бірі – федералды әкімшілік. Байқаған шығарсыз, үшеуі де – мемлекеттік мекеме. Бұл өзге елдерде мемлекеттік деңгейде үш мәрте, яғни 250-300 пайыз мөлшерінде төлемақы берілетіндігін көрсетеді. Тіпті сол шөлейт аймақтарда туған үндістер басқа жаққа қоныс аударып кетіп, туған жеріне қайта айналып келсе, елде тұрмаған жылдардағы өтемақысын даулап алуға құқы бар. Ал біз зиянды қалдықтар қоймасына айналған елді мекендерде тұрып жатқан, полигонның зардабын көрген жандарды шөміштен қағып, олар өзге қалаға қоныс аударса, болар-болмас жәрдемақысын төлеуден бас тартамыз. Бұл – бізге сабақ болатын дүние. Сондықтан құзырлы орындар бұл мәселені мықтап ойланып, шөл және шөлейт аймақта тұратын, сынақ алаңына айналған жерлерді мекендейтін халыққа мемлекет есебінен көлемді жәрдемақы беруді қарастырған жөн. Қазір жеріміздің 67 пайызы – шөл және шөлейтті аймақтар. Бұларды ғылым тілінде «адамның күнкөрісіне мейлінше қолайсыз аймақтар» деп есептейді. Бізде қазір осындай аймақтарда орналасқан 72 аудан бар. Өнеркәсіп дамытпақ түгіл, ол аудандарда күн көру тауқымет. Осы аудандардың халқын құнарлы жерлерге орналастыру мәселесі шешімін табуы керек. Осы екі мәселені шешкенде ғана қазақтың тұрмыстық жағдайы түзелетін болады. Бұл екі мәселені түзетіп алмай, ауылға қандай реформа апарсақ та, оның жуық арадағы бесжылдықта нәтиже беруі қиын. Сондықтан шөл және шөлейіт аймақтарда тұрып жатқан халықтың тұрмысымен, қолайлы аймақтарда тұрып жатқан халықтың тұрмысын теңестіру керек. Қазақ ауылдарының болашағын ойласақ, осы мәселені шешуді жеделдету керек.
– Қазірде осы өзіңіз айтып отырған мәселелерді жеңілдету мақсатында дамымай қалған қалаларды қатарға қосу тұрғысында моноқалаларды дамыту жүйесі, бір салалы қалаларды дамыту бағыты бастама алуда. Жалпы, көпшілік үміт артып отырған бұл жұмыстарға айтар өзіндік пікіріңіз қандай?
– Бұл атап-атап көрсетіп отырған жүйелерге көпшілік үміт артып отырса, оған менің бірауыз сөзіммен күдік ұялатуға еш қақым жоқ. Дегенмен бір басымдық беріп айтарым, мысалы, Арқалық, Қаратау тәрізді елді мекендерде өндіріс орындарын жетілдіруге мүмкіндік тым төмен. Ол жақта халықтың қолында қаржы жоқ. Бұл аймақтарда шикізат өндіріп, оны дайын өнімге дейін жеткізу өте қиын. Ал жаңағы қалалардың әкімдіктері немесе тұрғындары сол аймақтардан «жаңа өндіріс ошақтарын ашамыз, шаруаны дүрілдетеміз» десе, оларға мемлекет тарапынан бөлінетін гранттардың бастапқы жарнасы 1,5 млн мен 3 млн теңгенің аралығында болады екен. Меніңше, бұл – қандайда бір өндіріс орындарын ашу үшін өте аз қаржы. Әншейінде қайсыбір жобаларды қаржыландыруға қыруар қаржы бөлінеді. Ал жаңағыдай шағын қалада өндіріс орнын ашып, шаруаны дөңгелеткісі келетіндерге берілетіні бар-жоғы 1,5 млн теңге, әрі кетсе 3 млн теңге бола ма? Сондықтан мұның барлығын арнайы бақылаудан, тексеруден өткізу керек. Егер бір салалы қалаға салынған қаржы өзін-өзі ақтайтын болса, қаланың өндірісі өркендеп, жұмысы алға басса, әрине, мемлекеттен бөлінер қаржы көлемі өсуі керек. Осы жағын үнемі ескеріп отырған абзал. Негізінде мұндай дамымай жатқан, адамның өміріне қолайсыз аймақтар дүниежүзінің барлық елінде бар. Оны мен жоғарыда мысал еттім. Оңтүстік Африканың өзінде ауа тапшылығының, су тапшылығының, топырақтың құнарсыздығының есебінен мемлекет 200 пайызға дейін төлемақы төлейтінін де айттым. Біз «отсталый» деп айтатын Африканың осындай ауқымды көмек көрсетуге әлеуетті болып отырғанда, неге біздің тиісті орындар бұған мән бермей отыр? Біздің алдымен ойлайтын мәселеміз – біз үшін әділетті бөлініс керек. Сонда ғана елдің жағдайы түзелетін болады.
– Нақ осы әділетті бөлініс турасында «қолайсыз аймақта тұрып жатқан халықтың жағдайын көтеру үшін табысы жоғары, әсіресе анау-мынау заңға ықпайтын алпауыт компаниялардың табысынан салық жинау қажет» деген ұсыныс айтылып жүр. Қалай ойлайсыз, сол әділетті бөлініске қол жеткізу мақсатында алпауыттардың табысын салық ретінде теңдей қылып бөліп бердік делік. Бірақ бұдан сол қолайсыз аймақта тұрып жатқан халықтың жағдайы түзеле қояр ма екен?
– Осы үрдіс «тұтастай пайдаға батырады» деп масайрауға тағы болмайды. Әйтсе де бұл олардың бір жыртығын жамайды. Бізде қаншама жыл бойы шөл азабын тартып отырған аудандар жетіп-артылады. Жыл өткен сайын олардың күнкөрісі ауырлап барады. Бұл аймақтар толыққанды қолдау көріп отырған жоқ. Оған «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңға пысқырып қарамайтын алпауыт компанияларды қосып қойыңыз. Сол алып компаниялардың өзі Экологиялық кодексте көрсетілген заңдылықтарға мойынсынбай, салық төлеуден жалтарып отыр. Қазір ғалымдар Атырау мен Маңғыстаудың топырағының мұнайдан уланып жатқанын жиі қаузап жүр. Бұл сол аймақта тұрып жатқан елдің денсаулығына сөзсіз әсер етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «қазақ халқының орташа өмір сүру жасы 60-65 жастан әрі аспайды» деген есеп-қисап шығарды. Біздің ел ең ұзақ жасады дегеннің өзінде 80-90 жастың аралығын құрайды екен. Көрдіңіз бе, қазақ ұзақ ғұмыр жасай алмай отыр. Оның барлығы елдің салауатты тірлік кешуіне жағдай жасалмай отырғандығынан. Сондықтан елдегі алпауыт компанияларға деген бақылауды, қадағалауды күшейту керек. Негізінде, сол компаниялардағы мемлекеттік меншіктің үлесін басым ету керек. Мәселен, қазірде біз қоғамның дамуына тікелей әсер ететін бірқатар компанияларды, мекемелерді, мемлекеттік маңызы бар нысандардың біразын жекеменшіктің қолына беріп қойдық. Өзгелер жекеменшіктің қолына бергеннің өзінде 70 пайыздық үлесін мемлекет меншігіне алып қалып, олардың жұмысына бақылау қойып отырады. Ал біз осы жағынан келгенде салғыртпыз. Мемлекеттік үлес көбейсе, сол компанияларға мемлекеттің сөзі де өтімді, бақылауы да күшті болады. Меншігі жоқ мемлекет дәрменсіз, сондықтан мемлекет иелігіндегі меншіктің үлесін көбейту керек. Сонда жекелеген алпауыт компанияларға сөзіміз өтімді болады. Олар заңымызға бағынышты, өзімізді қадірлеп сыйлағыш келеді. Демек, жекелеген компаниялардағы мемлекеттік үлесті еселеген жөн. Әсіресе шетелдіктер басқарып отырған алпауыт компаниялардағы мемлекеттік үлесті көбейтпей болмайды. Біз соңғы кездері шетелдің дайын инвестициясына, дайын мамандарына, технологиясына көбірек иек артып кеттік. «Осы үрдіс біздің өзіндік қарым-қабілетімізді тұншықтырып тастамай ма?» деген қауіп те жоқ емес. Бұған дейін де «шетелдің дайын технологиясына, дайын инвестициясына, дайын мамандарына арқа сүйеу потенциалы мықты қазақ ғылымын тұншықтырады» дегенді мен бірнеше мәрте айтқанмын. Біз «шетелдіктер қазақты жарылқайды» дегеннен аулақ болуымыз керек. Жат ел бізге жақсысын беріп жатқан жоқ. Олар бізге жақсы болып көрінгісі келіп, құндылықтарымызды құртып жатыр. Бізге мұны ұғынатын кез әлдеқашан жеткен. Біздің қазақ өзі, негізінен, ұжымдық жұмысқа бейімделген. Бір қателігіміз – көбінде қазақтың осы қасиетіне мән бермейміз. Ата-бабаларымыз кезінде көшіп-қонып жүрген тұста киіз үйін бірлесіп тігіп, отын-суын бірігіп қамдаған. Өз басым «қазақтың қазіргі әлеуметтік жағдайының әлсіздігі халықтың осы ерекшелігін ескермеуде жатыр деп ойлаймын. Бұл жерде әр нәрсені сауатты ұйымдастыру, әрбір реформаны сауатты жүргізу деген түсінік болуы керек. Мұндай сауаттылық болмаса, істеген істің оң нәтиже беруі екіталай.
– Сіз бір сөзіңізде «менің қаламгерлік мақсатым – қазақтың миына кірпішешен кіргізіп, көкірек көзін ашу болды» деген едіңіз. Шыныңызды айтыңызшы, қаламгерлік жолыңызда осы арман-мақсатыңызға жете алдыңыз ба?
– Мен қазіргі жастарға сенемін. Солардың көзінен от көрсем, қуанамын. Болашағымыз жастардың қолында болғандықтан, жастарға үміт артамын. Солардың көкірек көздері ояу болғанын қалаймын. Менің бұған қатысты орайластырып айтарым, халық пен билік арасында терең байланыс болуы керек. Бұл жерде басымдық беріп айта кететін нәрсе, мәселен, біз «жемқорлыққа соққы береміз» дейміз. Бірақ сол жемқорлықпен күресіп жүргендердің өзі жемқорлар ғой. Олардың басым бөлігінде жекелеген өндіріс орындары бар, көбі шылқыған бай. Ал мемлекеттік қызметкердің жалақысымен мұндай байлықты олар қайдан жинапты? Міне, осы жағы ескерілуі керек. Халықтың байлығы, тапқан табысы талан-таражға түспеуі керек. Халық әрбір өзгерісті, болып жатқан дүниелерді үнемі сауатты түрде сарапқа салып отыруы керек. Сонда ғана біз жұрттың «көкірек көзін ашып, оның миына кірпішешен енгізу» туралы әңгіме қозғаймайтын боламыз. Сауаттылық, сауатты түрде пікірді білдіре білу, сауаттылықпен өз ойыңды білдіру – нақ қазір біздің қоғамға керек дүние. Сондықтан сауатты таразылар ойы болса, адам азбайды, қоғам тозбайды.
Алашқа айтар датым...
Менің Алашқа айтарым, біз шөлейт дала – аш ана екенін ұмытпауымыз керек. Қазақтар сол аш ананың балалары болмауы қажет. Қазірде халықтың денсаулығы жоқ, қазақтың ғұмыр жасы 60-70, әрі кетсе 80-нен аспайды. Себебі халық құнарлы жерді еміп отырған жоқ. Құнарсыз, сусыз, тұзы мен соры бетіне шығып жатқан жерлерде қоныс теуіп, сол жерлерде күн көріп отыр. Егер еліміздегі шенді мен шекпенділер, мемлекеттік шенеуніктер елдің жағдайын бетпердесіз, шынайы көре алғанда, біз дүниежүзіндегі озық 50 елдің қатарына емес, озық 30 елдің сапына әлдеқашан ілініп кетер едік. Жеріміздің ауқымы кең дейміз, салыстырмалы түрде айтсақ, Францияның жерінен біздің жеріміздің көлемі 5,5 есе артық. Жердің астындағы байлық та, үстіндегі байлық та шексіз. Бірақ осыны олақ әйел тәрізді ұқсата алмай жүрміз. Менің қарнымды ашытқан да – осы. Мұны тіліп айтып біреулерге жақпай қалып, қадірімді қашырған да – осы. Қазір мені мемлекеттік қызметкерлердің дені «Сапабек Әсіпұлы дейтін заржақ шал» деп, ұсыныстарымды ескерусіз, елеусіз қалдырады. Менің ойым, кемшілікті бетіне айтып түзету. Болмаса болмашы жерден ілік іздеп заржақ атану ойымда жоқ. Менікі – жанашырлықтан туындаған шындық. Кейде осыны осы уақытқа дейін түсіндіре алмай келе жатқаныма назаланамын.