Еркеғали РАХМАДИЕВ, КСРО және ҚазССР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор, композитор:
– Кезінде өмірдің небір бұралаң кезеңдерін бастарынан өткеріп жүдеп-жадап жүрген адамдардың қайғы-қасіреті мен мұң-мұқтажын сал-серілер мен күйшілер ән-күймен сейілтетін болған. Тәттімбеттің 62 тамырлы «Қосбасары» жалғыз ұлынан айырылып, бүк түсіп жатып алған байдың бетін бері қаратты емес пе? Сол секілді елдің жанына жұбаныш болып, қуаныш сыйлаған шығармаңыз бар ма?
– 1968 жылы Мұхтар Омарханұлы дүние салды. Жылына жеткізбей «Мұхтар аға» деген кантата жаздым. Қанша жылап, зарлағанмен Мұхтар тіріліп келмейді. Ел аман болса, «Мұхтардай азамат дүниеге келер» деген ой негіз болды. 1985 жылы Ғабит Мүсірепов қайтыс болғанда, Ғабеңді жоқтап, жеті бөлімді оратория жаздым. 1948 жылы оқуға келгенімізде академиялық драма театрында көріністерге қатысатынбыз. Атқаратын қызметіміз – көпшіліктің қарасын көбейту. Соған ақы алатынбыз. «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклінің бас жағында мешітте мүриттер отырады ғой, сонда Құраннан «Субхана зил мулки мәләкут» деген әуенді хазіреттің алдында айтып отыратынбыз. Ғабитке арнаған ораторияма осы әуенді алдым. Неге десеңіз, Ғабиттің аты «Ақан сері-Ақтоқтымен» шықты, «Қозы Көрпешпен» шықты, кейін «Қыз Жібекпен» асқақтады.
1977 жылы қазан айында Брежневтің Жаңа Конституциясын қабылдады. Конституцияның жобасын алдын ала ОК-те талқылаған тұста «тек орыс тілі ғана мемлекеттік тіл болып қолданылады» делінген. Басқа тілдер туралы ештеңе айтылмайтын. «Грузиндер қарсы шығып жатыр» деген пікірді пайдаланып, мен де сөйледім 15 минут. «Қазақтың тілі керек болмаса, мынау ту, герб, әнұран кімге керек? Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болу керек» деп айтқам. Енді мені ұстайтын шығар деп ойладым. Үйге кетіп бара жатқанда, жан-жағыма жалтақ-жалтақ қарайтынмын. Бірақ ұстамады. Өйткені ол кезде менің атағым шығып кеткен. Содан мамыр айының басында Имашев Саттар Нұрмашұлы деген ОК-тің идеология жөніндегі хатшысы шақырып алды. Димаш Ахметұлы «Конституция мерекесінде орындалу үшін Жамбылдың сөзіне біреу музыка жазсын» деген екен. Бізде 134 композитор бар, солардың біреуіне жаздыртамыз дедім. Ол кісі: «Сен ондай сөзді қой! Депутат кім? Сен! ОК мүшесі кім? Сен! Сен жазасың! Екінші демалыс үйінен коттедж дайындап қойдық. Әйеліңді ал да ертең кет. Ешкімге айтпа! Жамбылдың «Я славлю велики Советский Закон!» өлеңін екі күннен кейін өзім апарып беремін!» – деді. Бас тартайын десем, анау күнгі айтқанымды есіме салайын деп тұр. Содан бардық. 4-5 шумағын ыңғайлап алып келді. Орысша жазып көрмегем, қиын болды. Бір айға жетер-жетпес уақытта жазғанымды Саттарға алып бардым. Дирижер Тимур Мыңбаев, әншілер Мұрат Мұсабаев, Әнуарбек Молдабековтер орындап, барлығы тыңдап ұнатты. Содан КСРО-ның Үлкен театрында орындалды, Брежнев бастаған Саяси бюро түгелдей келді. Ортасында Қонаев отыр. Әйелім екеуіміз ешкімге көрінбей тығылып, театрдың балконында отырдық. Бір жағынан қорқыныш бар. Бір кезде аяқталды, жұрт дән риза. Керемет қабылдады. Мінеки, қуанту, біреуді жұбату дегенің. Ол уақытта Кеңес өкіметі құлайды, орнына басқа өкімет келеді деп кім ойлаған, қарағым?!
– Халқының қамын ойлаған Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың ұлтына деген ниетіне күйе жағылып, «халық жауы» болып атылып кетті. Қазақ ССР-і ОК-нің бірінші хатшысы боп тұрған шағында Жұмабай Шаяхметовті де соғысқа аттанып бара жатқан сарбаздарға «Абылай ханның әруағы қолдасын!» деген сөзі үшін орнынан алып тастады. Ұлтыңыз үшін сондай бір ерлік жасап, опық жеген кезіңіз болды ма?
– 1989 жылы Горбачевтің алдында 15 минут сөйлегенімде, Кеңес өкіметінің тұсында тәуелсіз болып отырса да, қазақтың көрген қорлығын, теңсіздігін, көрген қасіретінің барлығын айтқам. Сендер білмейсіңдер, қарақтарым. 30-шы жылға дейін қазақтар арабтың әліпбиінде жазатын болған. Орыстар бізді «сендердің тарихтарың жоқ, тілдерің де жоқ, мәдениеттерің де жоқ» деп жанши беретін. «Мың жылдап қолданылып келе жатқан араб әліпбиін алдыртып тастадыңдар. Оның орнына латын әрпін кіргізді. 40-жылы латын әрпін алдыртып тастап, кириллицаны кіргізді. 30 жылға жетпей қазақ әліпбиі үш рет өзгерсе, қазақта қандай тарих болсын?!» деп айттым. Содан соң, ол уақытта Ермак деген қала болатын. Ермак деген кім? Ол – қыпшақ шоқынған. Бір кісіні жазықсыз өлтіріп қойған. Иван Грозный оны өлтіреміз дегенде, кешірім сұрап, Сібірді жаулап алып беремін деген ғой. Біздің қазір Сарыарқа деп жүргеніміз – оңтүстік батыс Сібір. Ол уақытта қазақта Көшім деген хан болған. Ермак соның хандығын қырып-жойып кеткен. Бірақ кейін Ермак керейдің Сәтбек деген жауынгерінің қолынан өлген. Сонда айтқаным: «Қазақстанның қақ ортасынан Ермактың атына қала бердіңіздер. Жарайды, дұрыс шығар. Оған қойылған ескерткіштің астына «от благородных потомков» деп жазыпсыздар, «от каких потомков?» міне, мәселе қайда? Бір кезде Горбачев айқай салды: «Прекратите, Рахмадиев! Ваше время истекло!». Мен: «Нет, у меня еще две минуты есть», – дедім. Тағы бір айтқаным – Екібастұздан Ресейге шейін 400-ден астам шақырым. Сол жердегі қойшылар, егіншілер, маңайында отырғандардың біреуінде жарық жоқ. Қоқсықтың барлығы Қазақстанда қалады, ал игілігін Ресей көреді. Олардың қандай хақысы бар? Қаншама мың киіктер қырылды. Бәрін айттым.
– Айтқаныңызға өкінбейсіз бе?
– Пәлі, құдай, несіне өкінемін. Елден анда-санда сондай азаматтар тумаса, онда қатын бала тауып неғылады?! Елін қорғайтын ер азамат болмаса!
– Айтқан сөзіңізден нәтиже шығарды ма?
– Оның кейбірі орындалды, мысалға жарықты берді. Кейбірі қалып қойды. Оларға бәрібір болды емес пе.
– Консерваторияны, Қазақстан Композиторлар одағын, Мәдениет министрлігін де басқардыңыз. Құдай бойыңызға дарындылық берді. Атақ-даңқтан да кенде емессіз. Абай атамыз өзінің бір қара сөзінде «адам күніне болмаса да аптасына бір не істедім деп есеп беріп тұруы керек» деген екен. Сол лауазымды қызметтерді атқарып тұрғанда, не істедім және не істей алмадым деп айтар едіңіз?
– Қазір, міне, «Абылайханнан» кейін көп ештеме жазбаймын, ұлғайдым. Көз де бұрынғыдай емес. Жазатынды жаздық қой. Менен бұрын, менен кейін бір қазақ бес опера жазған жоқ. Бұл менің операларым бәрінен артық деген сөз емес. Енді анау әндер, күйлер, оратория, кантаталар – өз алдына бір төбе. Менің 50 жылдық мерейтойымда орыстың Р.К.Щедрин деген талантты композиторының кешті өзі жүргізіп тұрып айтқаны бар: «Рахмадиевтің музыкасы Африкада, Австралия, Америка, Еуропада, барлық жерде орындалып жүр. Жалпы, Рахмадиевтің симфониялық күйлері бұл қазіргі заман қазақ музыкасының визиттік карточкасы». Щедрин әлі күнге тірі. Мен оған олай айт дегенім жоқ. Әрбір адам өз өмірінде еліне жақсылықты шамасы келгенше істесе, мендей-ақ істесін. Менің арманым жоқ. Құдайға шүкір, балаларым бар, немерелерім өсіп келеді, елім тыныш, жұртым аман!
– Қолыңызда билік болған кезде өнерде жүрген жастарға қандай көмек бердіңіз?
– Он шақты жыл консерваторияны, 25 жыл Одақты басқардым. Ең қиын уақытта министр болдым. Қолымнан келгенше жақсылық істеуге жанталасатынмын. Бірақ ойыңдағының барлығы орындала бермейді. Сол кезде 63 жасты күндерін көріп, білімдерін жетілдірсін деп шетелге жібердім. Елден қуған жоқпын. Еліміз 4-5 жылда есін жинайды, сонда қазақ екендеріңді ұмытпай, қайтып келерсіңдер деп. Семейден шыққан Қайыржан Жолдыбаев Германияда екі опера театрының солисі. Алдыңғы жылы Президентке: «мұнайдан миллиардтап пайда тауып отырмыз, енді сол жастарды елге қайтарыңыз» деп, қазақтың ұл-қызының тізімін апарып бердім. Олар қазір бабында жүрген шақта келмесе, ертең зейнеткерлікке шыққан кезінде қажеті не, қызығын басқа ел көретін болса?! Солардың төрт-бесеуін қайтарды-ау деймін, үй беріп, жағдайларын жасап жатыр.
– Сіздің осындай дәрежеге жетуіңіз кімнің арқасы? «Қазақтың Еркеғали Рахмадиеві» болып қалыптасуыңызға үлесі болған адамдарды атай аласыз ба?
– Ең алдыменен Алланың берген өнері, таланты ғой. Әкеңнің белінен, шешеңнің сүтінен келеді. Жас күнімнен өскен ортам жақсы болды. Ғабит Мүсіреповпен 25 жыл жолдас болдым. Ол кісі менен 30 жас үлкен. Дәм-тұзымыз жарасып, араласып кеттік. Біздің үйге жетісіне екі рет келмесе тұра алмайтын. Біз де оның үйінен шықпайтынбыз. Сол Ғабең, Құрманбек, Қанабек, Манарбек, Жүсіпбек, Шәкендерді көріп өстік. Арғы тегімізде Орман деген ақсақал болған екен. Бірде атамыздың түсіне ақшалмалы адам кіріп: «Ореке, өлең берейін бе, көген берейін бе?» – деп сұрапты. Атамыз: «Сенің көгеніңмен боқ-боқ боп жүрейін бе, берсең өлеңіңді бер!» – деген екен. Біздің тұқымға өнер осылай дарыған.
– Әкеңіз Рахмади Жақыпбаев ел арасында танымал халық ақыны болған адам. Мақсұт Қайырбековпен айтысқан екен. Арғы бабаңыз Уәйіс Шондыбайұлы да ақын, әнші, сазгер. Демек, қанда бар өнердің үйір жылқының ішіндегі жүйрік тұлпарындай ерекшеленіп суырылып шығатынына сенетін боларсыз? Әлде, бәрі жатпай-тұрмай еңбектенгеннің арқасы ма?
– «99 пайыз еңбек, 1 пайыз талант» дегенді Чайковский айтқан. Оның айтқанына қарағанда, еңбексіз ештеңе келмейді. Жасырақ кезімде 12-14 сағат қозғалмай отырып, рояльді тоқпақтай беретінмін. Қазір енді ол қайда... Бәрі артта қалды. Біреу біліп, біреу білмей жатыр.
– Аға, осы күнгі сазгерлердің туындыларынан қазақы бояу, ұлттық нақыш жоғалып кеткендей ме, қалай?
– Осы сұрақты мен де өзіме қайта-қайта қоямын. Бірақ соған жауап таба алмай жүрмін. Бұл заманның ағымы ма деп ойлаймын. «Американың мәдениеті» дейді ғой, Америкада мәдениет жоқ. Олар немістердің, ирландықтардың, испандықтардың, португалдықтар, француздар мен басқа да халықтардың ере келген дүниесі. Қазіргі «америкалық мәдениет» деп жүргендерің, афро-америкалық ритмдер, негрлердің ритмдері. Менің ойымша, бұл уақытша дүние. Қазақтың түйесінің қомымен, айғырының жалыменен мың жылдап келе жатқан мәдениет аяқ астынан жоқ боп кетпейді. Бірақ бүлініп жатыр. Жастардың өзі «бұл қазақша ма, қазақша емес пе» деп түйсінуі қажет. Қазіргі жастардың басым көпшілігі консерваторияға білім алу үшін емес, диплом алу үшін келеді. Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, А.В.Бычков және мен консерваторияда профессор болған уақытта «ұлттық бояу бар ма, жоқ па» деген әңгіме болмайтын. Ұлттық бояуды жастардың бойына сіңіруде әртүрлі әрекет жасайтынбыз.
– Сегізсеріні жоқтаушылардың бірі – өзіңізсіз. Автордың талай әні «халық әні» деп айтылып жүр. Халық композиторының әндерін өзіне қайтаратын күн туа ма?
– «Қазақстан» телеарнасынан Сегізсерінің «Гауһартасын» халық әні деп беріп жүр. Бибігүл кезінде сол әнді Жүсіпбектен үйренген. «Бұл – Сегізсерінің әні» деп анық айта алмады ғой. Сегізсері кезінде Омбыдағы аудармашылар училищесін бітірген. Оның бар кінәсі – «Кенесары көтерілісіне қарсы орыстың генералына тілмаш болып барасың» дегенде, «қазаққа қарсы шықпаймын!» деп бас тартқаны ғана. Соңынан атарман қойып қудалағанда аталас інісі, досы Нияз сері екеуі Қызылжар асып, Торғай арқылы Ақтөбеге өтіп кетеді. Артынан қуған орыс солдаттарын жанын сақтау үшін, атып кетеді. Сегізсерінің 17 әнін білемін. Былтыр ақын, композитордың туғанына 190 жыл толды. Өкінішке қарай, концерт өткізе алмадық. Оның нотаға түскен әндерін Жоламан Тұрсынбаев деген композитор «түзетіп берейін» деп әлі жүр. Жинағын шығарайық дегенбіз. Сегізсерінің нақты өмір сүргендігі туралы Әлкей Марғұланның архивінен еш жерде жарияланбаған қолжазбасы табылыпты. Қаныштың әкесі Имантайдың атын Сегізсері қойған. Ол туралы жазылған үлкен дастан бар. Сол дастан түгелдей дерлік Сәтбаевтың қызы Шәмші-Қамардың кітабында бар. Сегізсеріні Ақан да, Біржан да «ұстазым» деп мойындайды. Демек, серілердің бастауы сол Сегізсеріден басталады.
– Әңгімеңізге рақмет.
ӘТТЕГЕН-АЙ:
Осы күні «халық әні», «халық күйі» деген шықты. Халықтың әнін, халықтың күйін отыра қалып қазір неге шығармайсыңдар? Шығарманың кімге тиесілі екенін айтқызбау үшін заманның репрессиясынан ән-күйлерге зорлық болған. Кезінде марқұм Жүсекеңнен сұрағанмын: «Қанатталды» неге кейінгі кезде «Қанат толды» боп кетті?» деп. Ол кісіні 37 жылдары КГБ-ға шақырып ап: «Советтің қанаты талмайды, Советтің қанаты тек толады» деген ғой. Баяғыда музыка зерттеушілері, ақыл айтатын адамдар болушы еді. Қазір бірінің әнін біріне теліп айта береді.
Датым...
Егеменді елдің өзінің тілі болмаса, онда ол егемендікті қалай ұстап тұра алады? Егемендік алғанымызға 19 жыл болды.
Біз қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялап алып, әлі күнге шейін қалпына келтіре алмай жатырмыз. Бір ғана адамға емес, өзінің ұлтын, елін, жерін сүйетін азаматтың намысына тиетін дүние...