Мен үшін әрбір қазақ көрермені қымбат

Мен үшін әрбір қазақ көрермені қымбат

Ермек АМАНШАЕВ, жазушы-драматург, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті:

– «Қазақфильмнің» басшылығына өзіңіз келгелі де үш жылға жуықтаған екен. Ә дегеннен-ақ киностудияның материалдық-техникалық жағдайынан бастап, еліміздің кино өндірісін сала ретінде дамыту стратегиясын қайта қарау­мен, прокат саласын жандан­дыру­мен айналысқаны­ңызды білеміз. Осы орайда, «Қазақфильмнің» бүгінгі таңдағы басты жетістігі қандай?
– Соңғы жылдар көлеміндегі атқарыл­ған шаруаларды айтсам, өз-өзімді мақта­ған­дай болып көрінуім мүмкін. Бірақ, шындығында, біз келе сала екі үлкен жоба­ны қолға алдық. Оның бірі – киностудияға техникалық модернизация жасау, екіншісі – ұлттық фильмдердің санын, сапасын көбейту. Осы тұрғыдан келгенде, біз Аме­ри­каның, Францияның, Германияның ірі-ірі киноқондырғылар шығаратын үлкен-үлкен компанияларымен байланысқа түсіп, бүгінгі таңда кино өндірісіне қажетті деген барлық қондырғыларды алып келіп, кино­студиямызға орнаттық. Бұрын киноның түсі­ріліп біткеннен кейінгі түсті жөндеу, дыбыс жазу, Долби жүйесі сияқты қым-қуыт ша­руа­ларының барлығы Мәскеуде жасалатын да, әрбір фильмге бөлінген қаржының 30 пайыздайы қайтадан сол жұмыстарға, шетелге кететін. Қазір оның бәрі өзімізде жасалады. Бүгінгі таңда «Қазақ­­фильм» киностудиясы бүкіл Орта­лық Азия өңіріндегі кино өндірісіне қажетті барлық қызметті көрсете алатын ең ірі орталыққа айналды. Анимациялық студия­мызды да жөндеп алдық, оны да қазір сандық жүйеге көшіріп жатырмыз. Биыл соның арқасында «Ер Төстік» ертегісінің ізі­мен тұңғыш толықмет­ражды анимациялық фильмді дайындау үстіндеміз.
Сонымен қатар ең қажетті нәрсенің бірі – кино өндірісінің заңнамалық негізі. Мысалы, осыдан 3 жыл бұрын еліміздің заң­намалық жүйесінде кино өндірісіне қатысты жарты беттік қана қағида, ереже­лер бар болатын. Ал былтыр «Мәдениет тура­лы» Заң қабылданған кезде кино өн­дірісіне байланысты 30-дан аса өзгерту мен толықтыру енгізілді, соның 21-і кино өндірісіне байланысты. Яғни ұлттық фильм деген статус не, продюсер деген не, кооп­родукция, яғни шетелдіктермен, басқалар­мен бірігіп жасалатын фильмнің құрылымы қандай болуы керек, прокаттық куәлік, прокатқа шығар алдында фильмге қандай талаптар қойылуы тиіс, дубляж мәселесі, міне, мұның бәрі тұңғыш рет заңнамалық түрде реттелді. Мұның барлығы – кино өн­дірісіне ең қажетті тетіктер.
– Сіз сондай-ақ кинопрокат мәселесін де шындап қолға ала бастаған сияқтысыз. Содан да болар, қазақ киносының көрерме­нін бір миллионға жеткіземіз деген мақсат қойылып, осы бағытта бірталай тың жобалар іске асырыл­ды, әрбір жаңа фильмді жарнама­лау, насихаттау шараларына көп көңіл бөліне бастады...
– Нақты айтар болсақ, осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан кинотеатрларына 262 фильм шықса, соның 3 пайызы ғана қазақ киносы еді де, 73 пайызы – Американың, 24 пайызы Ресейдің киносы болатын. «Қазақфильм» киностудиясы прокатқа бір-ақ фильммен шыққан. Мұндай жағдайда қазақ киносының сапасы туралы да ештеңе айтуға болмайды. Фильмдердің аздығының әсерінен қазақ киносы көрермендерінің саны да өте азайып кеткен. Сандық көрсет­кішпен айтатын болсақ, қазақ киносына сатылған билет саны 300 мыңға да жет­пейтін. Мысалы, 2010 жылдың аяғына таман Қазақстанда – 7,5 млн, 2009 жылы – 7 млн, 2008 жылы 6 млн 400 мың билет сатылды делік. Соның 170-200 мыңға жуы­­ғы ғана – қазақ киносына барған адам­­дар. Қазақ киносының сандық үлес салмағының қандай екенін осыдан-ақ көруге болады. Сол кезде мен «Бүгінгі таңда Қазақстандағы кино өндірісі шетелдік киноның прокаттық базасы деңгейінде ғана өмір сүріп жатыр», – деп ашық айт­қанмын. Осы мәселенің бәрін шұғыл түрде өзгертіп, бетбұрыс жасау керек болды. Содан кейін барып бірінші бағдарламамыз­ды техникалық модернизацияға арнадық, екінші бағдарламамыз ұлттық фильмдердің саны мен сапасы жөнінде болды. Екі бағ­дар­лама да қазір өз жемісін бере баста­ды.
Қазақ киносының еліміздің прокат жүйесіндегі сандық үлесі қазір 8 пайызға жақындап қалды. Демек, екі есе көбейді. Ал көрермендердің үлес салмағы жөнінен қазақ көрермендерінің саны былтыр ТМД кеңістігінде миллионнан асты. Яғни біздің «2010 жылы миллион көрерменге жетеміз» деген ойымыз жүзеге асты.
– Ал осы жетістіктің сыры неде?
– Түсірілген фильмдердің сандық, сапалық мазмұнын өсіру, саны жөнінде жаңа айттым. Бұрын кинолардың көпшілігі арт-хаус жанрында түсіріліп келген болса, біз көпжанрлы кино деген бағыт ұстандық. Яғни көрермендердің ықыласын оята алатын, сұранысына жауап беретін, оларды кинотеатрға алып келетін әртүрлі жанрлар­дағы фильм түсіру мақсатын қойдық. Қазақ киносы көрермендерінің миллионға жетуі – соның нәтижесі. Және бұл – азғантай жылдардың ішінде болып жатқан оқиға. Дәл осындай деңгейге басқа елдер, керек болатын болса, Ресейдің өзі де 8-10 жыл­дың төңірегінде жеткен. Біз оны 2-3 жылда аттап өттік. Дәл қазір киностудияның басқа бір сапалық кезеңіне келіп тірелдік.
– Тап осы кезеңде қазақ киносы қазақтың руханиятындағы құбылыс дәрежесіне көтерілді деп айтуға бола ма?
– Мен былай деп айтар едім: дәл қазір рухани салада ұлттың әртүрлі деңгейдегі, кейде пікірталас дәрежесіндегі пікірлерін жандандырған, мәдени-рухани, шоу-биз­нес саласында басқа салаларға қара­ғанда ерекше көзге түсіп, суырылып алға шыққан сала – бүгінгі таңда осы кино. Жұрттың көбісінің әңгімесіне арқау болатын да – сол. Себебі соңғы жылдары Қазақстанда кино өндірісі жанданды. Фильмдеріміз бірінен соң бірі шығып жатыр, біреуі дау туғызады, біреуі қызу пікірталасқа себепкер болады. Яғни қоғамдық пікір, әртүрлі көзқарастар шарпуы әбден жанданды. Бұл тек қана бір нәрсені білдіреді. Ол – осы кино саласының, кино өнерінің бәйгеде алға шыққандығының, жанданғандығының тікелей белгісі.
– Және бұл тек қана «Қазақфильмнің» туындыларына қатысты емес. Киноның жаппай қызығушылық туғызып, пікірталастарға себепкер болып отырғаны – бізде жекеменшік киностудиялар да көбейді. Сіздердің оларға қатысты саясаттарыңыз қандай болып отыр?
– Бұл арада бір нәрсені ұмытпау керек: «Қазақфильм» – жүйе қалыптастыратын киностудия. Яғни «Қазақфильм» киносту­дия­сы қандай бағыт ұстанса, Қазақстандағы киноөндіріс сондай бағытпен кетеді. Себебі «Қазақфильмнен» басқа, жеке киностудия­лардың үлес салмағы оннан бір бөлігіндей. Сондықтан біздің оларға көзқарасымыз дұрыс. Мысалы, еліміздегі жеке кинокомпа­ниялар мен продюсерлердің барлығы қазір бізбен бірге жұмыс істеп жатыр.
– «Қазақфильмнің» ұлттық менеджерлік рөлі, қызметі бұл тұрғыда да көрініп отыр дейсіз ғой...
– Жүйе қалыптастырушы құрылым болғандықтан, міндетті түрде солай бола­ды.
– Жалпы, оқырман сізді, негізінен, әдебиетші ретінде біледі. Ал енді киноның әдебиетке қызмет етуі, мысалы, қазақ әдебиетіндегі классикалық шығармалардың экрандалуы тұрғысында қандай жоспарлар бар немесе ол қаншалықты қажет деп ойлайсыз?
– Бұл – тамаша сұрақ. Себебі, шын мәнінде, өзім жазушы-драматург болған­дықтан, мені бұл – қатты ойландырып жүр­ген мәселе. Мысалы, ұлттық кино тарихын­да қазақ әдебиетімен ұштасқан жерде талай-талай тұшымды дүниелер шықты, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, І.Есенберлин шы­ғар­малары желісімен жақсы кинолар түсірілді. Біз қазір осы үрдісті жалғастырып жатырмыз. Мысалы, Д.Исабековпен «Лоте­рея» деген фильмді түсіруді бастап кеттік, енді Балуан Шолақты ойластырып жүрміз. Сондай-ақ М.Әуезовтің алғашқы әңгіме­лерін, Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парызын», Ғабеңнің «Ұлпанын», Т.Нұрмағамбетовтің, С.Елубайдың т.б шығармаларын қарасты­рып жатырмыз. Мұның бәрі белгілі бір уақыт өткеннен кейін бірте-бірте жүзеге аса ма деп ойлап отырмыз. Жалпы, қазақ ки­но­сы мен әдебиетінің арасындағы байла­ныс мен үшін өте маңызды.
– Неге екенін, соңғы уақыттарға дейін осы мәселеге мән берілмей келді. Мысалы, біз орыс жазушы­ларының үлкен шығармаларының денін экрандалған нұсқасы арқылы білеміз. Ал біздің классиктеріміздің қаламынан туған дүниелердің кино тілімен сөйлегені сирек...
– «Қыз Жібектің» жөні бөлек, әрине. Сол сияқты, 1954 жылы Ғабеңнің Қозы Көр­пеш – Баян сұлу жөніндегі «Махаббат туралы поэмасы» шықты. Біз қазір «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» туралы бір мюзикл түсіруді ойлап жүрміз. С.Елубайдың сцена­рийі бойынша «Аңшы бала» деген фильмді өндіріске жібердік. Сосын маған Т.Нұрма­ғам­бетовтің де біз жариялаған конкурсқа ұсынған бір шығармасы ұнады. Кино деген үлкен өндіріс болғандықтан, ойға алған нәрсенің бәрін бірден жүзеге асырып жіберу қиын. Қаржы-қаражат мәселесін шешу, режиссер табу оңай емес. Жалпы, жазушылармен байланысымызды одан әрі дамыта түсеміз.
– Режиссер демекші, біздің режис­серлеріміздің көпшілігі ұлт­тық әдебиеттен хабарсыз, киноға тек техникалық тұрғыда қарайтын адамдар сияқты. Мұндай жағдайда ойға алған іс-шараларыңыз қанша­лықты нәтиже береді деп ойлайсыз?
– Жалпы, қазақ киносының, қазақ режиссерлерінің табысын немесе олардың деңгейін қайта-қайта саралап, қайта-қайта бағалап немесе түгендеп отыратын жағдай жоқ. Бүгінгі таңда қазақ киносының әлемдік кино үрдісіндегі өзіндік орны бар, жөні бар. Мұның бәрі өзінен-өзі келген жоқ. Соның бәрін жасаған – сол қазақтың режиссерлері. Бүгінгі таңда С.Нарымбетовтен бастап, жиырмадан енді асқан Жасұлан Пошанов­тарға дейін жұмыс істеп жатыр. Оның ара­сында орта буыннан – Т.Теменов, С.Апры­мов, Ә.Қарақұлов, Т.Қарсақбаев, Р.Әбдіра­шев, Д.Саламат, кейінгі толқыннан – Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясын жаңа бітірген Ә.Ержанов, Т.Тұр­сы­нов, Қ.Мұстафин, Ф.Шарипов сияқты жиыр­мадан енді асқан жастар да бар. Ме­нің­ше, ең маңыздысы да – осы. Орта буын­мен қосылып, қазақ киносының болашақ­тағы даму үрдістерін қалыптастыратын да – осы жаңа буын. Әрине, режиссерлеріміздің ұлт әдебиетімен, оның фольклорлық көр­кем мұрасымен байланысын одан әрі тереңдете түсу керек. Оны да ойластырып жатырмыз.
– Қазір мақталып жүрген, жан-жақтан жүлде алып жатқан режис­сер­леріміздің түсіретіндері – көбіне­се орыс тіліндегі дүниелер. Ол, мы­са­лы, қазақ көрерменіне не береді?
– Көрермендер жөнінде мен сізге талай қызықты нәрселер айтып берер едім, бұл арада уақыт тығыз болып тұр. Айталық, Ақан Сатаевтың «Ағайындылар» деген сериалы шықты. Қазақ ауылы мен ағайын-туғандардың арасындағы нәзік байланыс­тарды арқау еткен сол фильмді қазақы дүние емес деп айтуға бола ма? Оның ал­дында «Рэкетир» деген фильм түсірді. Әр­түр­лі пікірлер көбіне соған орай айтылатын шығар. Бірақ сол «Рэкетир» осы соңғы кезге дейін Қазақстан көрерменінің ең көп барған фильмі болып келді. Көп жағдайда көрерменді біз өзіміз менсінбейміз, көз алдымызға елестете алмаймыз. Содан ба­рып «көрерменнің талғамы төмен, көрер­мен неғұрлым көп барса, ол фильмнің сапа­сы соғұрлым нашар» деп ойлаймыз. Сондай бір қалыптасқан пікір бар. Ал, шын мәнінде, бізге әрбір көрермен қымбат.
– Бірақ бәрібір адам ортасына, айналасындағы жағдайға қарай ыңғайланады ғой...
– Біз «анаған бар», «мынаған барма» деп ешкімге тыйым сала алмаймыз. Шама­мыз келгенше ұлтымызға ең қажетті деген ұстанымдар, көзқарас-пікірлер, тенденция­лар жөнінде айтып, «осыған назар ауда­рың­дар» деп, әрбір фильміміз арқылы қоғамға бір ақпарат жіберіп отырамыз. Біздегі мақсат – осы. Ал таңдау жасау – әркімнің, әр көрерменнің құқындағы нәр­се. Әйтпесе, әрине, мен үшін әрбір қазақ көрермені қымбат. Тағы бір айтайын деге­нім – Ақан қазір тарихи-романтикалық деңгейде түсірілетін «Мыңбала» фильмімен жұмыс істеп жатыр. Негізгі оқиғасы XVIII ғасырды қамтиды. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы тұрған кезеңі. Көбісінің әке-шешесін жоңғарлар өлтірген, жетім қалып зардап шеккен, «елім», «же­рім» деп жанын беруге даяр, 12-16 жас ара­лы­ғындағы балалар – барлығы қосы­лып жасақ құрып, жоңғарларға қарсы шығады. Ал бұл фильмді қазақ көрермені үшін жасалып жатқан жоқ деп айта аламыз ба? Ермек Шынарбаевты, Әмір Қарақұлов­ты алсақ та, әрқайсысының өзінің ізденетін бір тақырыптары бар. Егер де солар қазіргі уақыт, өз замандастары жөнінде фильм түсіремін деп келсе, «ол дұрыс емес, мына нәрсені түсір» деп айту, басқа бір тақырыпты тықпалау шығармашылық ізденісте жүрген адамға артықтау болып кетеді.
– Менің айтайын дегенім басқа нәрсе еді. Мысалы, соңғы уақытта түсіріліп жүрген дүниелердің ішінен «мұнда қазақтың тілі, ділі, мәде­ние­ті бар, қазақтың жаны тұнып тұр» деп іліп алатындай кино жоқ па деп ойлаймын...
– Негізі, осы мәселе – өте күрделі мәселе. Себебі ұлттық идея, ұлттық мүдде, ұлттық көзқарас деген бар. Шындығында, бүгінгі таңда ұлттық идея, ұлттық мүдде деген не? Ол тек қана бұрынғы заманымыз­ды көрсете беру, баяғы сол жоңғар шапқын­шылығы, ежелгі ғасырлардан қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз жөнінде фильмдер шығару ма? Әлемде қазір қаншама оқиға­лар болып жатыр! Алпауыттардың қор­шауындағы кеңістікте Тәуелсіздігімізді сақ­тап қалу, ары қарай дамыту – ұлтта бұдан артық қандай идея, қандай мұрат болуы мүмкін? Яғни менің айтайын деп отырға­ным – осы ұлттық идея, ұлттық мұрат, көзқа­рас дегенді сәл кеңірек қарастыруымыз керек. Ол – тек қана атқа мініп, саятшылық құрған бабаларымыз ғана емес, сонымен бірге өзінің Тәуелсіздігін сақтап қаламын, ары қарай дамытамын деп шауып жүрген біздің замандастарымыз. Біздің заман – аумалы-төкпелі өте күрделі заман. Жаһан­дану процесінің қазаны қызу қайнап, әлем­дік деңгейде біркелкі стандарт ұстаным­дарының қалыптаса бастаған тұсында бүгінгі замандасымыздың көңіл күйі, ой-өрісі, мұраты турасында көбірек айту ма­ңыз­ды. Ұлтымыздың басынан кешіп отыр­ған бүгінгі заман – бұрынғы жүріп өткен тарихи тағдырымызбен салыстырғанда, салмақ жүгі жағынан орасан зор, күрделі, тіпті шешуші кезең. Сондықтан шамамыз келгенше бәріміз бірігіп, бүгінгі заманның құрылымын, ондағы замандастарымыздың орнын аша түсуге күш жұмылдыруымыз керек. Немесе біздің отауын құрған жаңа Астанамыз. Ол ұлттық идея емес деп кім айта алады? Рас, мыңдаған, жүздеген жылдар бойы ата-бабамыз қалыптастырған салт-дәстүр бар. Ол бір – ұшан-теңіз дүние және оның біздің менталитетімізде, таби­ғатымызда, қанымызда алар орны ерекше. Бірақ бүгінгідей өте күрделі кезеңде осы заманға сай жаңа салт-дәстүрлерді де қалыптастыру өте маңызды. Кино – әрбір­ден соң мифотворчество, яғни жаңа аңыз­дар тудыру. Осы тұрғыдан келгенде, өз ұлтыңа, туған жеріңе деген махаббат та өте маңызды. Біздің «Мыңбала» секілді фильм­дерді дайындап жатқанымыз да – сол. Сонымен қатар «Қазақ елі» деген 50 серия­дан тұратын анимациялық сериал түсірмек­піз. Оның оқиғасы қазақ хандығының негізін қалаған Керей, Жәнібектен бастап бүгінгі күнге келіп тіреледі.
– Ол қай тілде түсіріледі?
– Бізде қазір «қай тілде түсіріледі?» деген проблема жоқ. Қазақша түсірсек – орысшаға, орысша түсірсек – қазақшаға дубляж жасаймыз. Немесе орысша, қазақ­ша түсірілген фильмдерді ағылшынша, французша, немісше субтитрмен шығара­тын да мүмкіншілігіміз бар. Оған барлық жағдай бар. Ал таза қазақ тілінде фильм түсіру үрдісіне белгілі бір уақыт керек. Себе­бі біздің режиссерлеріміздің көпшілі­гінің білім алған базасы, үйренген ортасы оған сәйкес келмейді. 2-3 жылдың көлемін­де оның бәрін 100 пайызға өзгертіп, басқа арнаға бұра алмаймыз. Бірақ қазірдің өзінде жылына түсірілетін фильмдеріміздің 70 пайызына дейін – қазақша, 20 пайызы екі тілде: қазақша, орысша түсіріліп жатыр, яғни кейіпкерлері орыс болса, орысша сөй­лейді, қазақ болса, қазақша сөйлейді.
Осы орайда менің есіме бір оқиға ора­лып отыр. Осыдан 20-30 жыл бұрын Мәде­ниет министрлігінде кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Соған қатысып қалдым. Ол кезде мен ҚазМУ-дың  филология  фа­культе­тін­де оқып жүрген жас студентпін. Сон­да академик Р.Нұрғалиев: «Бүгінгі мәжі­лісте 24 адам сөйледі, соның 22-сі Әзер­бай­жан Мәмбетовті сынады», – деді. Со­лар­дың негізгі сыны мынадай: «Әзербайжан Мәмбетов репетицияларын орысша немесе аралас жүргізеді» деді. Сол кезде академик З.Қабдолов па екен, әйтеуір, бір кісі тұрды да: «Айналайындар-ау, әңгіме онда ма екен? Әңгіме – режисссердің талантында, дарынында емес пе? Мысалы, осында репе­тицияларын таза қазақша жүргізетін жүздеген режиссер отыр. Ал солардың арасынан осы уақытқа дейін қазақ театрын, ұлттық сахна өнерін дүниежүзіне танытқан Мәмбетовтей бір адам шықты ма?» – деді. Сол кезде аналар үндемей отырып қалды. Айтайын дегенім, көпшілік жағдайда, әрине, біз өзіміздің ана тіліміз үшін күресіп, қолымыздан келгенше осы ұлтқа қызмет етіп жүрген адамдардың біріміз. Бірақ кейбірде мәселеге кеңірек қарау керек. Бір нәрсеге тыйым салып, әлдекімді маңдайы­нан ұрып, итеріп тастау дұрыс емес. Біз про­каттық куәлік дегенді неге заңға енгізіп жатырмыз? Оның ішінде «мынадай фильм­ді прокатқа жіберуге болады, мынадайды жіберуге болмайды» деген талаптар бар. Сол «болмайды» дегенге жаңағының бәрін кіргізіп қойып, сол арқылы жүйелеп, реттеп отыруға болады. Сосын айтасың, «айнала­йын, міне, мынадай талаптар бар. Экранға шығу үшін соның бәрі сақталуы керек. Ал сенде мына жағы сақталмай тұр» деп. Яғни біз заң арқылы мәдениетті түрде, өркениетті деңгейде сөйлесуге үйренуіміз керек.
– Әзербайжан Мәмбетовті айтып отырсыз. Мен ол кісінің спектакль­дерін көргенмін. Ол, шынымен де, орысша сөйлейтін, орысша оқыған адам болатын. Бірақ Ә.Мәмбетов мейлі театрда, мейлі кинода бол­сын, «Қарагөз» бен «Ана – Жер-Ана­дан» бастап, «Абай», «Қан мен тер», «Жаушы» сияқты, қазақтың жаны бар, қаны бар қаншама дүниелерді қойды! Шынымен де, мәселе – қай тілде сөйлегенде емес, ең өкініштісі, біздің бүгінгі режис­сер­лерімізде қазақша ойлау, қазақ­ша түйсіну жоқ. Меніңше, барлық проблема осында ма деймін...
– Қазақ режиссерлерінің барлығы сондай деп айту қиын. Мысалы, Талғат Теме­нов пен Сатыбалды Нарымбетов тура­лы солай деп айта аламыз ба?
– Т.Теменовтің түсіріп жүрген­дері о бастан қазақы дүниелер болатын. Ал С.Нарымбетовтің фильмдерін қарапайым қазақ көрермені көп жағдайда қабылдай бермейді...
– Бірақ солай екен деп, С.Нарымбетов кино түсірмесін дей алмаймыз ғой.
– Менің айтайын дегенім – қазақ киносын төл мәдениетімен, төл әдебиетімен табыстырамыз десек, дәл бүгінгі таңда бізге Әзербайжан Мәмбетов тәрізді төл әдебиетінің, мәдениетінің қадірін білетін режис­серлерді дайындауға, қалыптас­тыруға күш салу керек сияқты...
– Бұл енді 2-3 жылда біте қоятын шаруа емес қой. Ол үшін бағдарламалық негіздегі жұмыстар керек. Біздің театр академиясын жаңа бітірген жастарды тартып жатқанымыз да содан. Ә дегеннен мақтаған да қиын, бірақ мен Жасұлан Пошановтан баяғы Аб­дол­ла Қарсақбаев ағамыздың қасиеттерін көремін. Сол сияқты, Қанағат Мұстафиннен де бір нәрсе іздейміз. Негізі, қазір біз кинематографистердің жаңа бір буынын қалыптастыруымыз қажет. Жаңа ойлары­мен, тың ізденістерімен келіп, олар киноөн­дірісіне қан жүгіртулері тиіс. Жалпы, мен мәдениет саласында талай жылдан бері жүрген адаммын. Осы орайда, өзім білетін үш бағыт бар. Біріншісі – еуропацентристік, әлемшілдік бағыт. Екіншісі – таза қазақы топырақ иісі аңқып тұратын төл бағыт. Үшін­шісі – бойына осы екеуін де сіңіріп, яғни дүниетанымынан топырақ иісі аң­қыған, тамырын тереңге жіберген, екінші жағынан, әлемдегі ең озық методология, технологияларды игеріп, оларды өз мүдде­сіне иіп жұмсай алатын, мәуелі биік бәйте­рекке ұласатын ізденімпаз, жаңашыл, те­геуі­рін бағыт. Менің бүйрегім осы үшін­ші­сіне көбірек бұрады. Яғни біз де заманның талабына сай әлемдік үрдістерге бет бұр­ғанымыз жөн. Бір қуантатыны, топыра­ғы өзіміздің сол фольклордан, әдебиеттен нәр алған, сусындаған, тамыры сол жаққа кетіп жатқан, бірақ еуропалық, әлемдік деңгей­дегі әртүрлі методологиялық жаңалықтар мен технологияны игерген балалар келіп жатыр. Міне, болашақ – соларда. Біз ки­нос­тудиямыз, –  білім беру, ағарту мәселесі­мен айналыспаймыз, ол біздің құрылымы­мыз­ға ешқандай келмейді. Бірақ соның өзінде де соңғы жылдың ішінде Нью-Йорк киноакадемиясымен, Голливудтағы Universal кинокомпаниясы басшылығымен келісіп, алғашқы жылы 6 бала, қазір 4 бала жібердік оқуға. Оған қосымша қаржыны ешкім беріп жатқан жоқ. Осы киностудия­ның өзінің тапқан табыстарынан бөліп отырмыз. Себебі оның маңыздылығын түсіне­міз. Сол сияқты, әлемдік білім ордасы ВГИК-пен меморандумға қол қойып, жастарды оқуға тікелей «Қазақфильмнен» жіберетін болып келістік. Яғни шамамыз келгенше кинематографистердің жаңа буынын тәрбиелеу үшін біз де ізденіп, қолымыздан келгенін істеп жатырмыз. Неғұрлым көрерменнің ықыласын оятатын фильмдерге назар аударып жүрміз. Мыса­лы, біреу комедия жанрын, біреу детективті ұнатады. Біреулер фантастикалық фильм­дерді, біреу мультфильмдерді қарағанды жақсы көреді. Біз соның барлығын ескере отырып, бүгінгі көрермендердің қалың тобының сұраныстарына байланысты фильм­дер түсіруді ойластырудамыз.
– Әңгімеңізге көп рақмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста