Мен ешқашан өз кинома өзім түспеймін!

Мен ешқашан өз кинома өзім түспеймін!

Талғат ТЕМЕНОВ, ҚР Халық әртісі, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, режиссер:

– Өнер адамының шабыттана жұмыс істеп, соның нәтижесін де көретін белгілі бір кезеңі болатыны рас қой. Еліміздің мәдени өміріне, өнер саласына көз салсақ, биыл сіздің көп тер төккен жылыңыз болып жатқандай. Театр труппасын Мәскеуге апарып қайттыңыз, одан қалса, классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» қойылымының тұсауын кесіп, оған Қырғызстаннан делегация, тіпті мәдениет министрінің өзі келіп жатыр. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғандардың қатарында барсыз. Сізге осынша шабыт берген не болды екен?

– Қай кезде де мен «былтыр жұмыс істедім, биыл демалайын» деген емеспін. Жалпы, демалу дегенді өз басым білмеймін, соңғы рет демалысқа қашан шыққанымды тіпті ұмытып та қалдым. Ол аз десеңіз, өмірімде таңғы сағат 8-де ұйқысы қанып оянған адам емеспін. Таңғы сағат 5.30-6-ларда оянып аламын да, жұмысқа кірісіп кетемін. Бәлкім, кейде ұйқы қанбай, шаршармын, бірақ ең негізгісі – осы өнер, осы жұмыс. Мәскеудегі гастрольден оралғаннан кейін бес-алты күн демалыс алып, жатып алуыма не шетелге қыдырып қайтуыма болар еді. Бірақ олай ете алмаймын. Осы «Қызыл орамалды шынарымның» тұсаукесері өткен күннің ертесіне де мен жұмыс алаңының қақ ортасында болдым. Осы кезде де демалуыма болар еді, бірақ оған материалдық жағдай болғанымен, уақыт жағынан мүмкіндік жоқ. «Неге?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Бүгін қазақ өнері, әсіресе, кино мен театр  қарқынды даму үстінде. Осы кезде жатып алып, аспандағы айға қарап, шырт түкіріп, «мен биыл біраз жұмыс бітірдім-ау, қатырдым-ау» дейтін болсақ, онда өнер өрге жүзбейді. Жалпы, өнер адамының «болдым, толдым» немесе «бір нәрсеге жеттім» дегені   – ештеңеге жетпегендігі. Өнердің құдіреті сонда – қашанда бір жұмысыңды бітіре салып, келесі күні таңертең басқа жұмысты бастағандығыңда. Сонда ғана ілгерілеу, сонда ғана өсу, сонда ғана алға даму болады. Кез келген адамның бойындағы дарын, талант – бір адамның ғана бақыты емес, ең алдымен, ананың сүті, әкенің қанымен келетін, тіпті ата-бабаларының бойындағы генетикалық қасиеттерінен сұрыпталып келетін құдіретті күш. Осы қасиет бір адамның бойына қонған кезде, дер кезінде елге, халыққа бермесең, біріншіден, әке-шеше, ата-бабаларыңның аруағы алдында үлкен күнә болады. Өйткені «базарға мың кісі барар, әркім сүйгеніне сәлем берер» дегендей, Құдай дарынды кез келгенге бере бермейді. Мысалы, Нұрғиса Тілендиев бойындағы ерекше қасиетін, асқан дарынын күй арқылы шығарып, халыққа бермегенде, ХХ ғасырдағы қазақ музыка өнері кем болар еді. Сол сияқты Шәмші Қалдаяқов та өз бойындағы дарынын ән арқылы қалдырмағанда, біздің халық қалай шерін тарқатар еді? Мұқағали өзінің бойындағы ақындық өнерін барынша сарқып халыққа бермегенде, қазақ поэзиясында орны толмас олқылық сезіліп тұрар еді. Абай да сол! Яғни дарын қонған адам мүмкіндігінше бар уақытын сарқып елге, жұртқа, халыққа, бала-шағасына, ұрпағына беруі керек. Сенің өреңді, сенің ойыңды, сенің көзқарасыңды, сенің философияңды, сенің сезімталдығыңды, сенің ел шерте алмайтын сезіміңді сенен басқа кім бере алады? Әсіресе, жас кезіңде «бір нәрсе жазсам» деп ойлайсың, егер де күнделікті күйбең арасында сол идея, сенің жан дүниеңнің бір бөлшегі жоғалып, жүзеге аспай қалып қоятын болса, күндердің күнінде сол клетка шеменге айналады. Ал ол шемен – өмірге келуі керек өнердің сәбиі, сол сәби оны жарық дүниеге әкелмегеніңізге өкпелеп, сізді жазалайды. Сондықтан бойыңдағы өнерді сыртқа шығарып, халыққа бермеу де аса ауыр күнә болып саналады. Ал өнерге барыңды бергенде ғана арың таза болады. Әрине, қазақ болғаннан кейін той көп болады, бірақ қонаққа шақырған жердің 99 пайызына бармаймын. Өйткені уақытым жоқ. А.П.Чехов 50 жасқа толғанда, Ресейдің бүкіл зиялы қауымы аппақ көйлекте, сәнді фракта тойлауға жиналыпты. Түнгі сағат 12-ні соққанда, Чехов сыртқа шығып кетіпті де, 5-10 минутта үстіне үй халаты мен тәпішкесін киіп қайта кіріпті де: «Құрметті ханымдар мен мырзалар, бүгінгі кеш сіздерге ұнады ма?» – деп сұрапты. «Әрине, ұнады», – депті жиналған қауым. «Көңілдеріңізден шықты ма?» депті. «Әрине, шықты», – дейді олар. «Онда сіздер тағы да осылай жақсы демалып, арқа-жарқа отыру үшін мен жұмыс істеуге кеттім», – депті де, өз кабинетіне кіріп кетіпті. Мен де қазір сол Чеховке ұқсап барынша аз демалып, аз ұйықтап, есесіне, барынша көп жұмыс істеп, елге тек мен ғана бере алатын өнерімді берсем деп жүрмін. Өкінішке қарай, мен талай жылдар бойына кино түсірмедім. Бірақ бұл – менің түсіргім келмегендігімнен емес, қазақ халқының алатын рухани дүниесін сол кезде қазақ киностудиясының ұлтқа жаны ашымайтын басшылары бергізбегендігінен. Мен мұны олардың мені емес, халықтың рухани дүниесін тонағандығы деп түсінем. Сол тұрғыдан келгенде, қазір «иттің ұлы Байқотан» кино түсіріп жатқанда, менің түсірмеуім – әділетсіздік! Өйткені мен Мәскеудің ВГИК-ін бітірген кәсіби режиссермін, мен алғашқы киномды Ролан Быков «Мосфильмде» түсірген режиссермін. Менің кинома Нонна Мордюкова түскен. Сондықтан мен үшін жеміссіз, мен үшін демалатын жыл деп ешбір кезді айта алмаймын.

– Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның биік бағасына ие болған қойылым режиссер ретінде өз көңіліңізден шықты ма, әлде олқы тұстарын байқадыңыз ба?

– Өнер адамы «мына дүнием 100 пайыз көңілімнен шықты» десе – не оның өтірік айтқандығы, не ақымақтығы. Себебі өнердің суреткердің бойынан 100 пайыз шығуы ешқашан мүмкін емес. Сондықтан да келесі туындыңды жасауға құштар боласың. Білетінім бір-ақ нәрсе – бұл спектакль кез келген адамды бейжай қалдырмайды, көруге келген адамның ешқайсысы қалай келді, солай кете алмайды. Спектакльде «катарс» деген ұғым бар, ол тазару, арылу дегенді білдіреді. Мына спектакльге келген адам бір басқа болып келеді де, басқа адам болып шығады, яғни адамның ойы, санасы, сезімі, жаны, жүрегі тербеліп шығады. Өнер тербелу мен арылудан, тазару мен жаңарудан тұрады. Әр туынды көрерменге басқа ой, басқа сезім, басқа әсер сыйлауы тиіс. Сонда ғана ол өз миссиясын орындайды деп білем.

– Бұрындары қазақ көрермені сізді кинода өзіндік қолтаңбасы бар кинорежиссер деп танитын. «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Махаббат бекеті» т.б біз білмейтін фильмдеріңіз бар шығар, алайда актер ретінде сіз осы «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмінде көріндіңіз. Бұл сіздің, шынында, тұңғыш актерлік ойыныңыз ба, әлде оған дейін де осы салада өзіңізді байқап көріп пе едіңіз?

– Жоқ, тұңғыш актерлік ойыным емес, бұған дейін де «Қазақфильмде» біраз киноларға түскенмін, «Мосфильмде» Соловьевтің киносына да түскенмін. Актерлік мен үшін жаңалық ашатын сала емес. Өйткені менің о баста-ақ алғашқы бітірген мамандығым – актерлік. Сондықтан мен сахнаның сыртында гримнің иісін иіскеп, қалам мен қағаздың құдіретін біліп өскен адаммын. Солай қалыптастым. Бір нәрсені анық білем – мен ешқашан өз кинома өзім түспеймін. Басқасының бәрі қолымнан келеді, бірақ өз кинома түспеуге өзіме ант бергенмін.

– Жалпы, кинодан театрға келу  ойыңызда бар ма еді? Сіз екі саланы да меңгерген кәнігі мамансыз, сондықтан мынаны айтыңызшы: кино режиссері мен театр режиссерінің, сондай-ақ театр актері мен кино актерінің айырмашылығы бар ма? Әлде олай бөліп қарағанның өзі қателік пе?

– Театр мен киноның айырмашылығы да, ұқсастығы да бар. Ұқсастығы – екеуінің де түпқазығы – драматургия, екеуінде де актерлер ойнайды. Бірақ кинодан айырмашылығы – театрда көрермен деген құдірет иесі бар. Көрермен сені қолпаштап отырады, қолдап, жылап, күліп отырады. Бұл – актер үшін үлкен қолдау, үлкен демеу. Онсыз актер ойнай алмайды. Ал кино деген – техникалық дүние, мұнда камера, жарық, монтаж, трюк, компьютерлік графика бар. Кинодағы ойлау мен театрдағы ойлау екі басқа. Мысалы, ер мен әйелдің айырмашылығы – еркек оң мишығымен, әйел сол мишығымен ойлайтын болса, кино мен театр да осы секілді. Сондықтан театрдың режиссері киноға келгенде қателесетін болса, киноның режиссері де театрда солай адасады. Ал екеуін бірге алып жүру – өте қиын нәрсе.

– Сіз сондай қиындықты сезіп жүрген жоқсыз ба?

– Менің о бастағы мамандығым театр актері болғандықтан, мен театрдың құдіретін білемін. Театр маған қиын емес. Киноға кетуіме себепкер болған осы театр өнері, актерлік өнер және жазушылық өнер де.

– Актердің тұлға болып қалыптасуы не таланттың тасада қалауы режиссерге байланысты дейді. Сіз осыған қосыласыз ба?

– Тек қана режиссерге байланысты! Қандай ұлы актер болсын егер дер кезінде оны ашатын режиссер болмаса, ол өшеді. Сондықтан актердің бағын ашатын – тек қана режиссер. Ал режиссерлік құдірет – тәңірімен тілдесу секілді нәрсе. Сен өмірде бір рет қателесіп үйленген болсаң, сен ол адаммен ажырасып кете аласың, ал киноға түстің бе, ол мәңгілікке қалады. Киноның құдіреті де, қауіптілігі де – сонда. Киноға дұрыс актерді таңдай алмай қалса, онда сен мәңгілікке қателескен боласың, оны көрермен кейде кешіреді, кейде кешірмейді.

– Өзіңіз басшылық жасап отырған Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың тарихына үңілсек, онда сіз қай басшының тұсында театр алтын заманын бастан кешірді дей алар едіңіз?

– Театрдың алтын заманы сол өткен ғасырдың 60 пен 80-жылдар аралығы болды дер едім. Ол кезде Байділда Қалтаев, Әмина Өмірзақова, Сәлима Саттарова, Мәрияш Жақсымбетова, Файзолла Зұлқашев, Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Мәкіл Құланбаев, Аққағаз  Мәмбетова, Жамал Бектасова, Досхан Жолжақсынов, Ғазиза Әбдінәбиевалар осы театрға қызмет еткен. Одан кейін театр әртүрлі кезді бастан кешірді. Мен келгенде, театрдың жағдайы өте қиын болды. Театр тозған, қираған қалыпта қарсы алды. Шүкір, сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов театрды қалпына келтіруге көп көмек берді. Бүгінде театрдың ішіне кірсең шыққысыз. Актерлерге барынша жағдай жасалған. Жатақхана салып бердім. Қонақүйі, кафесі бар. Актерлердің әнін, даусын жазатын өзіміздің студиямыз, тіпті би залы мен жаттығу залына дейін бар. Кітапханамыз бар. Жылына мың доллардай ақшаға газет-журналдар жаздырып аламыз. Актерлердің биллиард ойнайтын залы бар. Жыл сайын әр актердің суретімен күнтізбе шығарып жатырмыз. Ең негізгісі, мен алғашқы рет театрды Мәскеуге гастрольге апардым. Мәскеуде өзім оқып, ұзақ жылдар тұрып, қызмет еткеннен кейін, онда орыс зиялыларының арасында менің таныс жолдастарым көп. Солардың бірі Александр Калягин шақыру қағазын берді, оны біздің Мәдениет министрлігі қолдап, 50 адамның барып қайтуына қаржы бөлді. Мәскеуде Роман Виктюк, Армен Джигарханян, Сергей Соловьев, Наталья Орынбасарова, Рашид Нұғыманов, Олег Хамраевтардың біздің спектакльдерді көруге келуі, алдымен, осы театрдың, қазақ өнерінің абыройы.

– Мәскеу сапары жалпы театр ұжымында қандай серпіліс тудырды?

– Мәскеуге келген сәтте-ақ мен «қазақ өнерінің туы желбіреп барып, желбіреп қайтты» деп айтқан болатынмын. Қаншама газет-журналдарымыз жазып, телеарналар көрсетіп жатыр. Мәскеу вокзалынан түскен кезде біздің афишаларымыз ілулі тұрды. Сол кезде онда шетелден де театрлар келіп жатты. Бірақ біздің қойылымдардың барлығында залда ине шаншар орын болмады. Сапарымыз сәтті болды. Бізге Мәскеу сапары үлкен жауапкершілік артты, біз сол жауапкершілікті абыроймен атқарып шықтық.

– Бүгінде техника, технология қарыштап дамып, оның өнерге әсерін тигізіп жатқаны рас. Бірақ техниканың соңғы жетістіктері бізде тек кинода ғана қолданылмаса, театрда әлі байқалмайды. Атап айтар болсақ, сахнаны безендірудегі виртуалды эффектілер т.б сол сияқты заманауи технологиялар неге қазақ театры сахнасында кездеспей жүр?

– Театрдағы негізгі құрал – актердің жаны, жүрегі. Біз егер осындай техника мен технологияның соңғы мүмкіндіктерін алдыңғы орынға шығарып, актердің ойынын екінші планға қойсақ, онда театрдың жаны мен жүрегі қалмайды. Бұл техногендік өнердің басқа саласы болып кетуі мүмкін. Бірақ, әрине, бүгінде техника мен технологияның көмегінсіз тағы болмайды. Мысалы, осы «Қызыл орамалды шынарымда» біз Әселдің қызыл орамалын желбіретіп тұратын сахнасында, сол сияқты күн күркіреп, найзағай ойнаған эффектіні беруде ондай техника мүмкіндіктерін пайдаландық. Әрине, музыка болсын немесе сахнаның айналуы – бәрі техникалық дүние. Бірақ оның бәрі актердің жанын, сол сахнадағы температураның көрермен эмоциясына жақсы әсер етуіне қосымша қызмет қана атқарады. Ал театрды қай кезде де театр етіп сақтап қалатын негізгі күш – актердің жаны, актердің жүрегі, актердің көзі, актердің сөзі.

– Өзіңізбен бүгін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында кездесіп отырмыз. Осында жаңа бір фильм түсіріп жатқанға ұқсайсыз, фильм не жайлы, көтеретін тақырыбы не, қандай жанрда, осы жайлы біраз мағлұмат берсеңіз.

– Бұл фильм «Менің күнәлі періштем» деп аталады. Бұл бүгінгі күнгі биші қыздың тағдыры жайлы. Қашанғы біз тарихта өтіп кеткен Қыз Жібектің болмаса Ақтоқтының, Баянның, яғни эпостағы үлбіреген аруды айтып өткен шаққа қарай бермекпіз? Біле-білсек, ішінде сол Жібектің жаны, Баянның сұлулығы, Ақтоқтының ақылдылығы бүгінде қасымызда жүрген қыздардан табылады. «Жаныңда жүр жақсы адам» деген тегін айтылмаған. Сол жақсы адамдардың жанын, жүрегін, сезімін экранға әкелу – бүгінгі режиссердің міндеті. Өйткені әр заманның өз геройы болады.

– Кино қай деңгейде, түсіріліп жатыр ма, әлде әлі дайындық кезеңіндесіздер ме?

– Дайындық кезеңі жүріп жатыр, түсіруді шілденің 10-ынан кейін бастаймыз.

Алашқа айтар датым...
Мені қатты алаңдататын екі нәрсе бар. Бірі – енді жүз жылдан кейін осы біздің тіліміздің тағдыры не болады? Осы қалпында қала ма, қалмай ма, менің ұрпағым қай тілде сөйлейді, мен соған елегізимін. Екіншіден, болашақта осы біздің шекарамыз, бүгінгі дербестігіміз қалай болады? Ал, жалпы, өмір бар жерде өнер болады, ол – заңды нәрсе. Халық бар жерде өнер өлмейді. Өнер өлмеу үшін екі-ақ нәрсе керек: ол – еліміз бен жеріміздің, тіліміздің амандығы; халықтың ауызбірлігі. Осылар болса, қалғаны болады. Ел ерді туғызбай тұрмайды. Сондықтан осы екі нәрсені берік сақтайық! Сонан соң ішкі руханиятымызды былғап алмайық. Бүгінгі кока-кола, гамбургер мен интернетке, киноға әуестенген ұрпақ өзінің негізгі тарихын, тағдырын, өз болмысын жоғалтып алмаса екен. Осы ретте, ешқандай да Еуропаға емес, қандай техногендік заман болса да, өзінің ұлттық болмысын сақтап қалған жапон, қытай халқына қарап бой түзеу керек. Бүгінгі экономикалық даму кезеңінде өнер екінші орынға ысырылып отыр, бірақ білетінім – ерте ме, кеш пе, өнер алдыңғы орынға шығады. Өйткені адам баласына нан мен тамақтан бұрын рухани азық қажет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста