«Медеу» – халық байлығы, Қазақстанның архитектуралық ғимараты

«Медеу» – халық байлығы, Қазақстанның архитектуралық ғимараты

Сабыржан Бектемісов, «Медеу» мұзайдыны спорт кешенінің директоры:

– Сабыржан Саматұлы, бүгінде «Ме­деу» мұзайдыны қарапайым ха­лық­тың да коньки теуіп, дем алатын орнына айналған. Сондай-ақ кейінгі жылдары қайтадан халықаралық дү­бірлі додалар да ұйымдастырыла бас­тады. Былайша айтқанда, екеуіне де қыз­мет етеді. Десек те, «Медеу» негізі­нен осы екеуінің қайсысына арналған? Түптеп келгенде, халық игілігіне көп қолданылатын сияқты ма?..
– Негізінен, халыққа көп қызмет етіп, халық игілігіне көп пайдаланылады. Оның бір себебі, қазір біздің мұзайдын үлкен спорттың заманауи талаптарының қайсы­біреулеріне сәйкес келмейді. Мәселен, конькимен жүгіру спортын алайық. Қазір біздің мұзайдында халықаралық маңызды додалар өткізуге келмейді. Нақтырақ айт­қанда, конькимен жүгіру спортынан әлем чемпионаттары мен әлем кубогының кезеңдік бәйгелерін өткізе алмаймыз. Себебі қазір бүкіләлемдік бұл бәйгелер төбесі жабық мұзайдындарда өткізіледі. Біз тек жастар, жасөспірімдер арасындағы бәйгелер мен басқа да додаларды өткізе аламыз. Бұл конькимен жүгіру спортына байланысты. Басқа спорт түрлерінен кез келген біріншіліктерді өткізе аламыз. Алайда бұл тұрғыда, әлемдік спорттың назары бізге ауа қойған жоқ. Сондықтан біз халықаралық ірі додалар өткізіп, төрткүл дүние назарын өзімізге аударуға тырысудамыз. Осындай сынақтық доданың бірі 2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындары болды. Одан кейін биыл, жыл басында бендиден (допты хоккейден) әлем чем­пионатын өткіздік (29 қаңтардан 5 ақпан­ға дейін). Үшіншісі 2014 жылғы конькимен жүгіру спортынан жастар арасындағы әлем чемпионаты болмақ. Бірақ бізде үлкен спорттан оқу-жаттығу жиынын өткізуге болатын тамаша база бар. «Медеудің» табиғи әсемдігі мен ерекшелігін ескерсек, бізде жаттығу жиынын өткізу – өте қолайлы және тиімді. «Медеудің» теңіз деңгейінен 1691 метр биікте орналасқандығын ескер­сек, бұл жер – спортшыларды дайындауға таптырмас орын. Осы жерде дайындалған спортшылар аса жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе алады. Мысалы, қазір бізде конькимен жүгіру спортынан Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Олар алдағы әлем кубогы маусымына дайындалып жатыр.
Әйтсе де, өзіңіз айтқандай, біз бұқара­лық спортқа көп көңіл бөлудеміз. Бұл сөз­дерімді математикалық көрсеткіштермен жеткізер болсам, біздің бұқаралық спортқа ден қоюымыз 80 пайызға жетіп жығылады. Бұл жоғары жақтың нұсқауын орындаудан жүзеге асып отырған тапсырма емес. Ашы­ғын айтайын, бүгінгі тірлігіміздің өзі осылай болып, осыған тіреліп тұр. Шындығы – осы. Сондықтан бүгінгі таңда, негізінен, ха­лыққа қызмет етудеміз. Ал тұтынушы­ларымыздың (яғни халықтың) көңілінен шығу үшін тәулігіне 12-14 сағат жұмыс істей­міз. Өйткені халықтың көбісі күндіз жұмыс жасайды да, мұзайдынға кешке қарай келеді. Кейбіреулер күндіз келіп, коньки тепкенді қалайды. Келетін халық әр санатты, яғни жас шамалары әрқилы. Балалар да қызығады, зейнеткерлер де келеді. Жастар да ағылады, ересектер де ат басын бұрады.
Халықтың арасында «Медеуге» үйреніп алғандары, осында бір келмесе, отыра ал­майтындары да баршылық. Оларды мұнда тар­тып тұратын «сиқырлы күш» – әсем таби­ғат аясы, жұпар таза ауа, мейірлі күн шуа­ғы, сылдырап аққан тау сулары. Міне, осы­лардың бәрі көптеген адамдарды «Ме­де­у­ге» магниттей тартып тұрады.
– Кешіріңіз, сонда «Медеуге» көп келе­тіндер кімдер? Қала тұрғындары ма, әлде Алматы қонақтары ма?
– Білесіз бе, қанша дегенмен – қала тұрғындары. Біз өзіміз де, осыған қызығып, есептеп (саралап) көрдік. Ресми түрде емес, әрине. Сонда көз жеткізгеніміз, «Ме­деуге» келетіндердің 70 пайыздайы – қала тұрғындары. Бірақ қараңызшы, студент­терді қайсысына жатқызуға болады. Қала тұрғыны деп қабылдайық па, әлде уақытша Алматыда тұрып жатқан білім алушылар деп пе? Міне, көрдіңіз бе? Біз студенттерді қала тұрғындарына жатқыздық. Ал егер оларды қонақтар қатарына жатқызсақ, онда қонақтардың үлесі басып кетеді. Себебі бізге топ-тобымен ең көп келетіндер, негізгі «қонақтарымыз» – осы студенттер. Олар осында келеді де, ойнайды, асыр сала­ды, алысады, жүгіреді, әбден шаршап, ұйықтап та алады. Бірақ ешқандай бұза­қылыққа бармайды. Тәртіп бұзбайды. Біз сол үшін оларға ризамыз. Содан соң «Медеудің» ішіне кіргендердің бәрі коньки теппейді. Кейбіреулері мұзайдынды айнала жүріп, айналасын тамашалайды. Баз біреулер орындықтарға отырып, дем алса, кеуделерін шешіп тастап, күнге қыз­дырынатындар да бар. Яғни бәрі таза ауа­мен тыныстап, табиғат аясында дем алады. Бізде тамақ ішетін орындар бар. «Шығыс» трибунасының астында 50 адамдық кафе, ал «Батыс» трибунаның астында 150-180 кісілік кафе-ресторан бар. Онда теледидар көріп отырып, тыныстауға болады. Сіздің сұрағыңызға қайта оралсам, бізге халықтың пайыздық көрсеткіші маңызды емес. Адам көп болса, болды. Әрине, адам көп болса, мұзды таптап тастайды. Сондық­тан біз мұз сапасын жоғалтпауына алаңдау­лымыз.  
– Бәлкім, халық лек-легімен ағылар да ма еді. Бірақ бірнеше жыл Экология бекеті «Медеуді» бетке алғандардың жо­лына кесе-көлденең тұрды ғой. Кейінгі кезде қазір сол бекет алынып тасталған ба?
 – Қазір олар жоқ. Олардың орындары ескерткіш сияқты ғана болып тұр. Бендиден әлем чемпионатының алдында, шамамен қаңтар айының аяғында Экология бекеті алынып тасталған. Қазір халық «Медеуге» емін-еркін, тегін келе алады. Тек бір өтініш, келгендер табиғатты ластамаса екен дей­міз. Әсте адам екенімізді ұмытпай, айнала­мызға құрметпен қарап, табиғатты аялай білсек, өзімізге жақсы емес пе?
– Осыдан бірер жыл бұрын заман талабына сай «Медеудің» төбесін жабу керек деген ұсыныстар айтылды. Одан кейін «егер әйгілі мұзайдынның төбесін жапсақ, онда оның барлық әсемдігі мен артықшылығынан айырыламыз, тұмшалап, тар қапасқа айналдырамыз, одан да сол қаржыға оның жанынан төбесі жабық басқа мұзайдын салу керек» деген дәлелді пікірлер айтылды. Бірақ ештеңе салынбады да, «Медеу­дің» төбесі жабылмады да.
– Айтпағыңызды түсіндім. Бірден айта­йын, бізде 2017 жылғы Бүкіләлемдік ақ уни­версиада дайындығы бағдарламасын­да төбесі жабық басқа мұзайдын салу ойлас­тырылуда әрі қаралуда. Бұл мұзайдын халықаралық талаптарға сай, соңғы үлгі­дегі спорттық кешен болуы керек. Ол Ха­лық­аралық конькимен жүгіру федерация­сының барлық талаптарына сәйкес са­лы­нады. Мұндай мұзайдын болады, бізде. Оған сөз жоқ. Менің білуімше, ол Ала­тау ауданында болады. Әрі оның жа­нын­да «олимпиада қалашығы» салынады. Конькимен жүгіру спортына арналған әлгі үлкен мұзайдынның жанында бірнеше кі­шігірім мұзайдындар болады. Олар шорт-трек, шайбалы хоккейге арналады. Ал «Медеуге» тиісудің, бүлдірудің, берекесін кетірудің қажеті жоқ. Әрине, ақшаны төгіп, оны қайтадан «рекордтар фабрикасына» айналдыруға болады. Бірақ бұл жерде халық денсаулығы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру бәрінен жоғары қойылуда. Бүгінде «Медеу» халықтың демалатын сүйікті орнына айналған. Сон­дықтан оны халықтан айырудың қажеті жоқ. Мысалы, Алматыда қаншама мұзай­дын бар. Бірақ халық алыс та болса, осында келеді. Неге? Әрине, «Медеу» тау төсінде, көз тоймас табиғат аясында орналасқан дерсіз. Негізі, ең бастысы, «Медеудің» мұзы бәрінен де ерекше. Мұзайдын қадірін білетіндер «Медеуге» сол ерекше мұзы үшін келеді.
– Сонау жылдары, КСРО тұсында «Медеу» шынымен-ақ мұзымен ерек­шеленді. Өйткені мұзайдын кәусар таза тау суынан қатырылды. Осыдан бірер жыл бұрын тау суы жайына қалды десек те болар. Тіпті құбырдан аққан судан қатырылған да шығар-ау. Ал қазір ше? Тау суы бұрынғыдай сүзіліп, тазартыла ма?
– Рас, осыдан үш-төрт жыл бұрын да судың сапасына аса көңіл бөлінбеді. Өйт­кені қайта құрылымдау жұмыстары жүріп жат­ты. «Медеуді» тезірек іске қосу қажет бол­ды. Халық «Медеуді» сағынды. Сонда суды, өзіңіз айтқандай, «құбырдан алып, қатыра бердік» деуге боларлықтай жағ­дайларды бастан кешірдік. Өйткені жағдай солай болды. Одан кейінгі жылдары араластыра бастадық. Ал қазір мұзайдын шынайы таза тау суынан қатырылады. Жо­ғарыда Кіші Алматы өзенінен жиналатын су қоймасы бар. Содан бері тау суы тазар­тылудың сегіз сүзгісінен (деңгейінен) өтеді! Соңғы тазарту сүзгісі, бұл – ультракүлгін сәулелер. Жеті сүзгіден өткен соң-ақ, суда бактерия қалмайды. Ал төбесі жабық кешендердегі мұзайдындардың мұздары неге шытынап кетеді? Өйткені оның суының құрамында бактериялар бар. Ал «Медеу­дің» мұзының құрамында бактерия атымен жоқ. Сегіз сүзгіден өткен тау суы залалсыз­дандырылған су болып шығады. Ішетін залалсыздандырылған судай таза. Қазір «Медеу» мұзының сапасы өте жоғары. Сонау 70-жылдардағы «рекордтар фабри­ка­сына» айналған кезіндегі деңгейіне жетті.
– «Медеу» қысқы 2011 жылғы Азия ойындары қарсаңында күрделі жөн­деуден өтті. Бірақ сыртқы көрінісі өз­гер­тілмеді. Мүмкін, заман талабына сай сыртқы пішінін де әсемдеп, өзгерту керек па еді?
– «Медеу» – халық байлығы, Қазақ­станның архитехтуралық ғимараты. Оның мол шежіресі мен өзіндік тарихы бар. Сон­дықтан оның сыртқы көрінісін сақтау керек болды. Бұл – біздің емес, жоғары жақтың шешімі. 1972 жылғы алғашқы көрініс-кейпін сақтай отырып, күрделі жөндеуден өткізілді. Бірақ «ине-жібіне» дейін барлығы айырбасталып, түгелі жаңартылды. Себебі қырық жылда құбырлары да, желілері де, жабдықтары да бәрі де, бәрі әбден тозған болатын. Ішінің бәрі қазіргі заманға сай жабдықтармен, механизмдермен алмас­ты­рылды. 
– Ал жазда не істейсіздер? Мұзай­дын қатырылмаса да, спорттық кешен басқа да мақсаттарда қолданылатын шығар?
– Мүмкін, біздің жарнамамыз аса жоғары деңгейде емес шығар. Бірақ бізде 2011 жылдан бері «Медеу жазғы саябағы» жұмыс істеуде. Ал «жазғы саябақ» дегеніміз не? Бұл – футбол, волейбол және баскетбол алаң­дары, теннис корттары, скейтбордқа ар­налған жолдар, велоспорт жолақтары және т.б. Жаз айларында «Медеудің» ауқым­ды ауданы бос қаңсып тұрмас үшін, осындай спорт алаңдарына бөлдік. Жазда төбесінен суретке түсіріп алсаңыз, өте әдемі. «Медеудің» іші қайнаған спорттық додаларға толы. Келіп, таза ауа жұтып, дем алып, доп теуіп, додаға түсетіндер аз емес. Біз жазда да қыстағыдай таңертеңгі сағат 9:00-ден түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс жасаймыз. Аптасына үш күн – жұма, сенбі, жексенбі. Бізде қаламен ауа температу­расының айырмашылығы 6-10 градусқа дейін жетеді. Мысалы, қалада 30 градус ыстық болса, бізде бар болғаны – (+)20 градус қана. Сондықтан келушілер өте көп болды.
– Бірақ жазда өрт шықты. Сол өрттен «Медеу» де зардап шекті ме? Жалпы, «Медеудің» қауіпсіздігі жөнінде не айтуға болады?
– Иә, жазда зор құлшыныспен тәп-тәуір жұмыс жасап жатыр едік. Келушілер де көбейе бастаған. Өкінішке қарай, «Шым­бұ­лаққа көтерілетін тау беткейінде, өрт шығып, тілсіз жау таудың сәнін келтіріп тұрған шыршаларды «жалмады». Басты зар­дап осы ғой. Ал қауіпсіздік жағына кел­сек, өрт кезінде қар көшкініне қарсы қорғаныстар (құрылғылар) зардап шекті. Ондағы өсімдік қабаты өртеніп кетті. Биік шыршалар қар көшкініне қарсы қорғаныс­тың негізгі бөлігі һәм «қалқаны» еді. Ма­ман­дар енді оның қалпына келуі үшін 100 жыл уақыт керек дейді. Абырой болғанда, негізінен, батыс беткейдегі шыршалар өртеніп, оңтүстік-шығыс беткейді өрт аса көп шарпымады. Яғни ең қауіпті аймақтар соншалықты зардап шеккен жоқ. Ең бастысы, «Медеудің» қауіпсіздігі мұнымен шектеліп, кеміп қалған емес. Осы саланың мамандары үнемі қауіпсіздік шараларын жүргізіп отырады. Бәрі олардың назарында. Бетін аулақ қылсын, бірақ қар көшкіні бастау алатын қауіпті жерлер мен «Медеу­ге» дейінгі арақашықтық – шамамен бір жарым шақырым. Мұны біз емес, кәсіби мамандар өлшеген. Яғни қар көшкіні бола қалса, тағы да қайталап айтамын, бетін аулақ қылсын, «Медеуге» дейін оның ек­піні бәсеңсиді. Өз орнына мығым жай­ғасқан мұзайдынды жапырып кете алмайды. «Медеу» соңғы жылдары заман қиыншылықтарын ғана емес, табиғат апаттарын да басынан кешіруде. Биыл өрт шықты, былтыр екі рет өте қатты, екпінді дауыл тұрды. Сонда бекітілмеген қондыр­ғы-құрылғылар ғана құлап, бүлінді. Қалғанының бәрі өз орнында. «Медеу» дүлей дауылға да төтеп беріп, аман қалды. Тіпті өте қымбат табло да, қып-қызыл ақшаға алынған жарықтандыру қондырғы­лары да өз орындарында тұр. Ештеңе құлаған да, бүлінген де жоқ. Соңғы екі жылда «Медеу» құдды, сынақ «поли­гонына» айналғандай, бірақ бәрінен аман қалды.
– Жамандық атаулысынан Құдай бетін аулақ қылсын. Енді жаңа маусым жайлы аз-маз айтып өтсеңіз.
– Бірінші жұмыс режімдерінен баста­сам. Біз қала тұрғындары мен қонақтар үшін бейсенбіден бастап, жексенбінің қою қара түніне дейін қызмет етеміз. Негізі, дүйсенбі-сәрсенбі күндері де жұмыс жасай аламыз. Бірақ бұл күндері халық аз болады. Әрі спортшыларға да уақыт қалдырғымыз келеді. Алайда қандай да бір кәсіпорын немесе мекеме өз жұмысшыларын осында әкеліп, демалуды қаласа, біз ондайларды қуана қарсы аламыз. Кез келген уақытта (күндіз болсын, түнде болсын) есігімізді айқара ашамыз. Ал бейсенбі-жексенбі күн­дердегі жұмыс режімдеріміз төмендегідей:
І-күндізгі уақыт – 10:00-ден 12:30-ға дейін.
Қысқа үзіліс – 12:30-дан 13:30-ға дейін.
ІІ-күндізгі уақыт – 13:30-дан 16:00-ге дейін.
Ұзақ үзіліс – 16:00-ден 18:00-ге дейін.
Кешкі уақыт – 18:00-ден 23:00-ге дейін.
Мұндай режімге көшу себебіміз, бұрын түске қарай мұзайдынның беті жіпсіп, барлық талаптарға сай болмайтын. Коньки тебуші қонақтарымыздың өздері мұзайдын сапасына кейіп жататын. Өйткені күн қыза келе, шынымен де мұзайдын сапасы нашарлай бастайды. Әрі мұзайдында жүргендердің бәрі кәсіби конькишілер емес. Конькиді бәрі бірдей дұрыс теппейді. Сондықтан біз күндіз екі рет үзіліс жасап, мұзайдынды қалпына келтіріп аламыз. Ал кешкі мезгілде мұзайдын өз сапасын жоғалтпайды.   
Екіншіден баға саясатына тоқтала кетсем. Біз биыл бағамызды сәл көтердік. Таратып айтар болсам, «Медеуде» биыл бір сағат коньки тебудің бағасы 320 тең­геден 480 теңгеге көтерілді. Бағаны көтеруге мәжбүрміз. Себебі өздеріңізге белгілі, электр энергиясы, жанармай қымбаттады. Ал біз 2009 жылдан бері бір бағаны ұстап келдік. Негізі, бір сағат коньки тебу құны 600-700 теңге болуы керек болатын. Бірақ біз халықтың қамын ойлап, бағаны көтермедік. Әрине, өзімізге бұдан ешқандай пайда түскен жоқ. Инфляцияға қарамай, бірнеше жыл бір бағаны ұстап келгенімізбен, биыл бағаны сәл көтеруге мәжбүр болып отырмыз. Алайда сонда да біз қаладағы ең арзан мұзайдынбыз. Қала ішіндегі мұзайдындардың бір сағаты – 800-1000 теңге айналасында. Бірақ нұс­қау­шылар (коньки теуіп үйретушілер) қызметі, конькиді жалға беру және коньки қайрау бағалары сол бұрынғысынша қала береді.
Осы ретте айта кетейін, коньки тепкісі келетіндерді үйрететін нұсқаушыларымыз да бар. Мәселен, балалар мен зейнеткер­лерге коньки тебуді үйретсек, олар қызы­ғып, тағы келіп тұратын болады. Өйткені бұл адамның денсаулығы үшін пайдалы. Ал олар коньки теуіп үйренсе, тылсым табиғат аясында дем алуға тез бейімделеді. Айтпақшы, естеріңізде болар, Азия ойын­дары кезінде бізде «Қар барысы» саябағы болған. Биыл да сондай саябақ ашып қой­мақ­пыз. Қар қалың түскен соң, демеуші­лерімізбен және серіктестерімізбен бірлесе отырып, балаларға арналған осындай сая­бақ жасаймыз. Онда коньки тебе алмайтын жеткіншектер мен жас балалар сырғанақ теуіп ойнай алады. Маусым бойы әртүрлі мәдени-бұқаралық шаралар өткіземіз. 
– Сабыржан Саматұлы, уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рақмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз.
– Сіздерге де рақмет. Сөз соңында 5 қазан күні, яғни алдымыздағы жұмада жаңа маусымның ашылуы болатындығын ескерте кеткім келеді. Бұл күні сағат 16:00-ге дейін коньки тебу – тегін. Келіңіздер!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста