Марқұм Өзбекәлі Жәнібеков тіріліп келсе, «мыналар менің жазғандарымды оқымапты» деп ренжір ме еді?

Марқұм Өзбекәлі Жәнібеков тіріліп келсе, «мыналар менің жазғандарымды оқымапты» деп ренжір ме еді?

Мұхамбедия АХМЕТ-ТӨРЕ, дәрігер, Астана медицина университетінің профессоры:

– Наурыз мейрамын дүрілдетіп тойладық. Бірақ осы мерекені шынайы жүрекпен қабылдап, жаратылыстың қайта түлеген ерекше мезеті ретінде танығаннан гөрі, әншейін бір форма ретінде ғана қабылдайтын секілдіміз. Ал Ұлыстың ұлы күнін кім қалай тойлады, ойыншыққа айналдырып алған жоқпыз ба, баба дәстүрін бұлжытпай атқара алдық па дегенге де көп бас қатырып жатқан жоқ сияқтымыз. «Әйтеуір өткіздік, құтылдық, болды» деген керенау пиғыл сезілетіндей...

– Наурыз мерекесі – ешбір патшаның, ешбір әміршінің, тірі пенденің бұйрығымен жасалмаған құбылыс. Табиғатта биологиялық ритм деген бар. Сол секілді өлі табиғаттың да өз ритмі бар. Әрбір заттың бойында жиналған информация болады. Бүкіл әлемді информациялық байланыстар басқарып тұр. Бұл – табиғаттың заңдылығы. Адамның санасы да информациялардан құралған. Мысалы, шыр етіп өмірге келген нәрестенің жаны мен тәніне анасының уызымен еніп, сіңетін информация, дүние жүзіндегі бүкіл кітапханаларда жиналған информациядан асып түседі деген тұжырым бар. Ана сүтінің құрамындағы нәруыздар, майлар, көмірсулар, толып жатқан микроэлементтер, иммунитетке қажет қосылыстар, соның бәрі – информация. Тіпті туылысымен емшекке салынған нәресте үшін анасының алғашқы иісі де – информация. Соның бәрін қабылдаған сәбидің бойында информациялар жиналады. Кім информацияны көп меңгерсе, сол әлемді билейді деген ұғым бары белгілі. Бүкіл әлем информациядан тұрады. Соның ішінде тағам арқылы алынатын информацияның рөлі басым. «Біз не жесек, солмыз» деген қанатты сөз бар.

– Бұл  информациялардың Наурызға қандай қатысы бар?

– Жеті түрлі тағамдық өнімдерді үйлестіре қосып дайындалған наурыз көженің информациясы пасха мерекесіндегі түрлі-түсті етіп боялатын жұмыртқаның информациясынан әлдеқайда күрделі екендігін айтқым келіп отыр. 21-22 наурыз күні жаратылыс ритмінің он екі айдан кейін бір айналып, ауысып келетін сәті. Біздің өнбойымызда әр секунд сайын жүріп жататын биологиялық, биохимиялық ритмдер белгілі бір циклмен, оралымменен қайталанып отырады. Сол секілді минуттық, сағаттық, апталық, айлық, тіпті ғасырлық ритм өз ретімен қайталанып жаңарып отырады. Табиғаттың бойындағы сол біржылдық ритм нағыз жаңару кезеңі екенін Шығыс даналары дәл аңғарған. Бүкіл тіршілік әлемінде біржылдық цикл спираль секілді айналып келген сәтте бәрі жаңарады.
 
Ол – адам организмінде де болатын табиғи өзгеріс, серпіліс. Сол табиғи өзгерістің энергиясы, сенің «тойла, тойлама» дегеніңе бағынбайды. Енді осы мерекені әр халық дәстүрлі ойын-сауығы, ырым-жоралғылары, наным-сенімі арқылы тойлайды. Сол арқылы ұлттық болмысын, мәдениетін, табиғат анаға деген құрметін танытады. Сол арқылы жаңалыққа да ұмтылады. Әр тойдың, заман ілгерілеген сайын өзгеріске ұшырайтыны да белгілі. Мәселен, бұрын орыстар жаңа жыл келсе болды, ормандағы шыршаларды қырқып әкеліп мерекелік символ ретінде пайдаланатын. Мұның табиғатқа жасалған қиянат екенін түсіне бастаған халық қазір пластик материалдардан жасалған жасанды шыршаға ауысып жатыр. Міне мерекелік дәстүрге осы тақылеттес ішінара өзгерістер енуі мүмкін.

– Мерекенің мән-мағынасын арттырып, шырайын кіргізетін өзіндік атрибуттары болуы керек дейсіз ғой?

– Әр нәрсенің өз жүйесі болуы керек. Мәселен, Ұлыстың ұлы күнінде ішетін біздің мерекелік асымыз – наурыз көжені стандарт деуге болады. Оның ішінде жаңа айтқанымдай, үлкен информация бар. Сол тәрізді мерекеде бір-біріне тілек айту, бата беру, төс қағыстыру, көрісу, кешірім сұраудың бәрінде бағзыдан жеткен информация жатыр. Балалардың асық ойнап, арқан тарту дәстүрі де қазақ үшін үлкен бір серпілу тәсілі. Бірақ біз осы дәстүрді дұрыс жүргізіп отырмыз ба? Заман өзгерді екен деп бәрін быж-тыж қылуға болмайды ғой. Дұрыс, жаңалық болуы керек делік. Бірақ ол тарихи іргетастың үстіне қалануы керек. Табиғи өзгерістер туындайтынында дау жоқ. Тіліміз бен психикамызда да бұл құбылыс жүріп жатыр. Тіпті, осыдан мың жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда адамзаттың санасы ғана емес, тәнінің құрылысында да өзгерістер туындаған. Өзгердік екен деп, өзгеруіміз керек деп ескі дәстүріңді түбірімен құртуға бағытталған әрекеттер – өзің отырған бұтақты балталағанмен тең. Тарихи құндылықтарымызды құртпақ болған ұлыдержавалық өктемдікті де, қағынан жеріген нигилизмді де көрдік қой. Ондай үстемдік 100 жылға жуық Наурызды тойлатпай келді.

– Қазақтың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібеков бастап қайта тірілткен Наурызды тойлағанда, сіздіңше, қай жерден мүлт кетіп отырмыз?

– Бұрында да көңілге қонбайтын нәрселерді көріп жүргенмін. Осы жолғы мейрамда да кейбір көріністердің куәсі болдым. Қазақта бесікке салу дейтін тамаша дәстүр бар. Оны түсіндіріп жатпай-ақ қояйық. Кейбір шала қазақтарымыз соны мереке кезінде көрсетеміз деп, бесікке пластмассадан жасалған қуыршақты бөледі. Атам қазақ «құр бесікті тербетпе, ырымға жаман» демеуші ме еді. Бірақ олар құр бесікке көзі көкшиген қуыршақты салып, оны айдай әлемге жария етіп жатыр. Ал бесіктің түбегі неге ұқсайтыны белгісіз, шүмегі де пластмассадан жасалған істиген трубка секілді бірдеңе. Асық жіліктен ойып тұрып қыз балаға бөлек, ұлға бөлек арналып жасалатын сүйек шүмек қайда?! Басына орамалын тарта салған орта жастағы бір әйелдер, әжелерінен кезінде көзі шалған шығар, әйтеуір осындай бірдеңелерін студенттер мен оқушыларға көрсетіп әлек. Ол былай тұрсын, ортасында тесігі болатын жөргек пен жаялықтың атауын шатастырып жатыр. Тіпті, бесіктің теріс жағынан отырып, бала бөлегенді көріп пе едің? Атқа теріс жағынан ер салып, теріс жағынан мінген секілді. Жалпы, біздің қоғамда атты арбаның арт жағына жеккен секілді теріс, бұрмаланған әрекеттер жасалып жатыр. Бұл не? Білместік пе, әлде әдейі жасалған қысастық па? Қазақтың ұлттық дәстүрлерін әжуаға айналдыруға болмайды ғой. Онымен қоймай, баланың қырқынан шығу салтын көрсетеміз деп, қуыршақтың басына су құйып, әлем-жәлем қылады.

– Білместіктен болар?..

– Білмесе, бүлдірмесін. Наурыз деген концерт көру емес. Ол – әр адамның жанында, санасында, тәнінде туындаған өзгерісті сезіну, сезіндіру. Әр адам қуанып, әр адам шаттану керек. Бес-алты адамға ән айтқызып, би билетіп, қалғаны соны көріп тамашалап отырады. Тіпті, қазіргі сайқымазақ КВН ойыны секілді қылып, жұмбақ жасырып, сұрақ қоюмен өткізген мекемені де көрдік. Ол не сонда, интеллектуалдық білімін тексеретін тест орталығы ма?! Кейбір емхана ұйымдары студенттер мен дәрігерлерін, мейірбикелерін жинап алып, «Наурыз деген не?», «Бір жылда қанша күн бар?» деген секілді сұрақтар қойып жатты. Мына қызықты қараңыз. Бір емхана ұжымы «Қыз қуу» ұлттық ойынын көрсетпекші болды. Шоғырланған бір қотан адамның ортасындағы алақандай жерге шығып алып біреуі: «Сейчас вам покажем «казахский кыз куу», – деді. Сол кезде ортаға домбыра ұстап бір жігіт шықты да, домбырасын ат қылып, секіріп мініп кеп алғаны. Соны күтіп тұр екен, мына бүйірден астына швабра мінген бір қарындас андағайлай «шауып шықты». Сосын екеуі ордаң-ордаң етіп шапқылап бірін-бірі айда кеп қуаласын. Қазақтың «Қыз қууы» қылжақ па, сонда оларға? Қыз қуу кәдімгі далада, шынайы түрде, өзінің ерекшелігімен, шынайы әсерімен көрсетілсе, арқам қозып кетер еді, ал мына көріністен жүйкем тозып кетті. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу – бәрі шынайы болуы керек. Қыз қууды көрсету үшін қасиетті ұлттық аспабымыз домбыраға мінгені несі. Ал швабраны қайдан шығарды. Қазақ қызы сыпырғышқа мініп шабатын орыстың Баба Ягасы ма еді? Келесі мысалға Беташар дәстүрін алайық. Бәрін жақсы ұйымдастырған. Сәукелесін киген кермаралдай қызды ортаға шығарды. Беташар айтатын жігіт те сарнап тұр. Қарап тұрып сенгің келеді. Шын болып жатқан секілді. Бірақ бет ашу деген өмірде қыз балаға бір-ақ рет бұйыратын бақыт емес пе. Ертең тағы бір жерде Наурыз болады және бір орында мерекелік шара өткенде тағы беті ашылады дейік, сосын ол қыз күйеуге шығып, шынымен беті ашылады. Сонда бес-алты рет беті ашылған қыздың Беташар дәстүріне деген сезімі бола ма? Санасын құрттық қой оның. Бұл не? Он рет күйеуге тиюге де болады деу ме! Қазақта ғана бар дәстүріміздің қадірін кетіру ғой. Адамға екі рет жаназа шығарғанды көріп пе едің?! Сол секілді беташарды да, қыз баланы да қолжаулық қылу орынсыз нәрсе. Мектептегі, балабақшадағы баланың басына сәукеле кигізіп, «үйлену тойы осылай болады» деп көрсетіп жатады. Бұл да масқара ғой.

– Наурызға басқа ұлыс өкілдері де қызу атсалысқан секілді ғой...

– Наурыз әлемдік тойға айнала бастаған соң, оған барлығының атсалысуын заңды жағдай ретінде қарауға болады. Мәселен, біз осы мерекеде бір мекемеге бардық. Алдымызға неміс, украин, кәріс мәдениет орталықтарының өкілдері ұлттық киімдерін киіп шықты. Иә, құптарлық іс. Тойласын. Бірақ қазылар алқасының мүшелері болып отырған біздің дастарқанымызға семіздігі сере шыққан шошқаның салосын әкеліп қойды. Бұнысы не? Менің қазақ екенімді, ал қазақтардың ислам дініне сенетін ұлт өкілі ретінде доңыздың салосын жемейтінін білмей ме? Ертең менің алдыма табақпен торайдың үйіткен басын тартар, бәлкім? Бұл әрекетті мерекені пайдалана отырып, дәстүрді мазақ ету деп түсінбеске амал жоқ. Әйтпесе Наурыздың, әсіресе, иісі мұсылман елдерінің қастерлі мерекесі екенін түсініп, мәніне үңіліп алу керек қой. Әркімнің салты солай деп Наурызда кім көрінгеннің ығына жығыла берсек, дәстүрімізде мән қала ма? Ертең «қытайдың салты еді» деп алдымызға құрт-құмырсқа, тарақан қуырып әкелмесіне кім кепіл. Сондықтан доңыздың майы секілді тағамдарды Наурыздың мерекелік асына айналдырып алудан сақтанайық...

Сөз жоқ, дастарқанда қазақтың ұлттық тағамдары мол көрсетілді. Бірақ оған өзінікін араластырып, айран-ботқа жасаудың қажеті қанша?! Наурызды атап өткісі келсе, мерекенің дәстүрін сақтасын, ұлттық сезімді сыйласын.

– Жаңа қазылар алқасының мүшесі болдым деп қалдыңыз, сонда сіздер мерекелік шараларға арнаулы тексеру тобын құрып, бақылау жасадыңыздар ма?

– Мұның бәрін мен ойдан шығарып отырған жоқпын. Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазықызы маған «ұлтымыздың салт-дәстүрінен хабарың бар ғой» дегендей және ұпай қойып, баға беруде менің «сараң сарапшы» екенімді ескерді ме, әйтеуір жаныма дәстүрді білетін төрт-бес маман қыз-келіншекті қосып қазылар алқасының төрағасы етіп тапсырма берді. Сол бойынша, Астанада 17,18,19, 20 наурыз күндері барлық мекемелерді аралап, өткізіп жатқан мерекелік шараларын бақылап қайттық. Осы айтып отырғандарымның бәрі – сонда көргендерім. Жалпылай айтсақ, қазақ арасында серпіліс бар, ұлттық сананың үстемдігі де байқалып тұр. Бірақ сол өзіміздің қала қазақтарымыз кейбір дәстүрімізді долбарлап жасап, салт-сананың дәм-тұзын кетіріп алып жатқанын көрдік. Жаңағы шара өткізушілердің бірінде тұсау кесер салты көрсетілді. Онда ала жіптің орнына қыздың бұрымындай қылып өрілген түрлі-түсті шұбарала жіппен баланы тұсады. Ақ пен қара аралас иірілген ала жіпті пайдалану керек емес пе? «Біреудің ала жібін аттамасын» деген ырым ғой бұл. Тұсау кескен кезде баланың алдыңғы жағынан иіліп келіп, тиісті бата-тілектерін арнап, «бісмілләсін» айтып кеспей ме? Өзі тәлтіректеп тұрған баланы тоңқайтып қойып, арт жағынан келіп жіпті кесіп жатыр. Ұят нәрсе ғой. Осыған жаным удай ашыды. Тұсау кесетін адамның кітаптан оқыса да осы дәстүрдің жол-жоралғысынан хабары болса ғой дейсің. Және де мен баланың тұсауын қайшымен кесуге қарсымын. Қайшыда қарама-қарсылық, екіжүзділік информация бар. Өткен ғасырдағы бір буын ұрпақтың, қазіргі 30-40 жас шамасындағылардың көбінің кіндігі «роддомда» қайшымен кесілген. Мен этнограф, мәдениеттанушы емеспін, дәрігермін. Жалпы баланың тұсауын да, кіндікті де өткір кездікпен кескенді құптаймын. Әңгіменің басында әр заттың өз информациясы бар деп айттым ғой. Мәселен, әр ұста пышақ соққанда «бісмілләсін» айтып, оның неге арналғанын айтып соғады дегенді естігенім бар. Тіпті, пышақты қайрағанда да «құр қайрамаймын, құланға қайраймын, жай жанымаймын, жыланға жанимын» дейді екен. Неге қазақ өзінің жүз жасаған ата-әжесінің көйлегін немесе тақиясын, орамалын, жүзік-білезігін тәбәрік етіп сақтап ұстайды? Себебі онда ата-тектен қалған информация бар. Сол ұрпаққа жұғысты болсын деп ырымдайды.

– Сіздің сөзіңізге қарағанда Наурызды өткізуде бұрынғы дәстүрден бізге жетуге тиіс информацияны дұрыс қабылдай алмай отырмыз ғой?

– Наурыз тойын дәстүрді сақтай отырып өткізуде кемшіліктер бары анық. Кеңестік дәуірдің кесірінен көнекөз қарттарымыздан кезінде үйреніп алуға ден қоймадық. Ал енді бүгінгі орыс пен батыстың бағдарламасымен басын толтырып алған, рухы бұрмалаған жаңа буын ұрпаққа нені өнеге ете алып жатырмыз? Бұрмаланған дүниені жеткізудеміз. Орта буын болып саналатын біз өзіміз жөн-жосықты, дәстүрді жақсы білмейміз. Мен қаладағы орыс мектебін бітірсем де, ауылда туып-өскендіктен, әкемнің қартайған шағында өмірге келгендіктен, жасы үлкен аға-апаларымнан естіп-көргенім бойынша айтып отырмын. Менің өзім де толық білмеймін ғой. Сонда келесі ұрпаққа не жеткізуім керек?!

– Сондықтан да Наурызды тойлауды арнаулы жүйеге түсіріп, заңдық тұрғыдан реттелген ортақ бағдарламамен тойлауды жүзеге асырған жөн секілді?

– Ол үшін осы саланы жете зерттеп жүрген білгір адамдар анықтамалық, энциклопедиялық кітаптар шығарса деймін. Бірақ бұл қалада туып-өсіп, естігенін, одан-бұдан көшіріп, жинап алғанын ғана жаза салатын жас ғалымның дүниесі болмауы керек. Арнаулы зерттеу арқылы жазылған анықтама болса игі. Наурызды өткізудің әр түрлі нұсқалары дайындалып, солар сараланып алынғаны жөн. Наурызды мазаққа айналдырмайтындай орталықтанған тәртібі бар, жан-жақты сценарий болуы қажет. Және ол нағыз дәстүрге сүйенген мерекелік бағдарлама болуы үшін ауыл-ауылды аралап, көзі ашық, көкірегі ояу ата-әжелеріміздің білетіндерінің бәрін жинақтау керек. Әрине, Наурыз тойын өткізу ешкімге есеп беру үшін жасалмауы тиіс. Ең бастысы, дұрыс тойлануы шарт. Осы жолғы мерекеде елордадағы «Хан шатырының» алдындағы алаңға тігілген киіз үйлердің безендірілуін бағаладық. Сандықтарын сатылап, қақ төрге жинап қойғандарды да көрдік. Қазақ дәстүрінде төрде қонақ отырмай ма? Оқушы балалардың жасаған кәкір-шүкір қолөнер туындыларын киіз үй ортасындағы үстел үстіне қаз-қатар тізіп қойып, «Наурыз тойына әкелгеніміз осы» дегенді де көрдік. Бұл не, көрме ме? Ішіне сабан тығып, қатырып қойған түлкі, қасқырдың тұлып мүсіндерін төрге тұрғызып қойған киіз үйді де көрдік. Бұл не, аңдардың мұражайы ма? Киіз үй ішін безендірудегі ғасырлар бойы қалыптасқан талғам қайда? Айта берсең, дәстүрді дәріптеудегі осындай кемшіліктер көп. Тіпті, текеметке салатын қошқар мүйіз оюды алабажақ «дежурный» шапанымыздың жағасына жапсырып алып, мәз болып жүре беретін болдық. Осындайда, ғасырлар бойы өзбектің өзбек екендігін әлемге әйгілеген ала тақиясына бас игім келеді. Ал біздің той-томалақта сыйлыққа беруге ғана жарайтын шошиған, мыржиған, қызыл ала, көк ала тақияларымызды көз алдыңа елестетші. Өзбекәлі Жәнібеков марқұм тіріліп келсе, «мыналар менің жазған еңбектерімді оқымаған екен ғой» деп өкпелер ме еді, кім білсін?! Жалпы, ұлт болып ұйысуға бет алған соң, әлем мойындап жатқан, Ұлы күнімізді өз мәнерінде өткізсек қой, шіркін!
 Наурыз мейрамын атап өту барлық мекемелерде нашар өтті деуден аулақпын. Мерекеде салт-дәстүрімізді сақтап, сапалы ұйымдастырушылықпен, өте керемет өткізген мекемелер де жеткілікті. Бірақ ұжымында қазақ ұлты аз немесе жоқ кейбір мекемелер Наурыз тойын тойлауда тек көрермен рөлінде қалғандары да бар. Менің сыни пікірді көбірек айтып отырғаным – дәстүріміздің «бір қарын сары майын шірітетін құмалақтан» арылсақ деген ниет.

Саралы сөз
Әр ұлттың дәстүрінде мақтанарлық өз ерекшелігі бар емес пе? Біз Индия мен Африканың биін билеп, әлемді таңғалдыра алмаймыз. Біздің брэйк билегеніміз батысқа таңсық емес, орысша жетік сөйлеп жазғанымызбен, Лев Толстой бола алмаймыз, ағылшынша сайрағанымызбен Шекспирдің ширегіне де жетпейміз. Тоғызқұмалақ пен көкпарды қырғыз алып кетсе, қымыздың патентін неміс иемденсе, қаршыға, ителгі салуды арабтар біздікі деп алып қойса, қазақтың «Қаражорға» биі Қытайға кетсе, мақтанатын неміз қалды? Бір күні киіз үйіміздің шаңырақ, уық, керегесін американдықтар ойлап таптық деп иемденіп алса, қол қусырып отыра беретін түріміз бар. Біз бар дәстүріміздің өзін қойыртпақ қылдық, эстетикамызды эклектизмге шалдықтырдық. Жалпы, «көршінің көңілін қалдырмайық» деген көңілшек психологиядан арылуымыз керек.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста