Мал шаруашылығының ел экономикасындағы алар орны ерекше

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, ауыл шаруашылығы министрі:

– Ақылбек Қажығұлұлы, әңгімемізді соңғы кездері өзекті тақырыпқа айналған, қазақ онсыз күн көре алмайтын ет мәселесінен бастасақ. Сіз бір сөзіңізде «биыл Ресейге 5 мың тонна, ал 2014 жылы 40 мың тоннадан астам ет экспорттаймыз» дедіңіз. Алайда  кейбір сарапшылар етке деген ішкі сұраныстың өзін толық өтей алмай отырғанымызды айтады. Осының түйткілін тарқатып берсеңіз...

– Алдымен ішкі сұраныс туралы айтайын. Бүгінгі таңда республика бойынша ішкі нарықтағы сиыр етінің жылдық сұранысы – 402 106 тонна. Ал елімізде жыл сайын 400 мың тонна сиыр еті өндіріледі.

Ал ет экспортына келер болсақ, бұл – Ресей Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары И.Шувалов және Қазақстан Республикасы Үкіметі Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің 2010 жылғы 25 наурызда Мәскеуде болған кездесуінде жасалған уағдаластық. Сонда Қазақстанның ет өнімдерін Ресей нарығына енгізу мәселелері талқыланып, 2010 жылы Ресей еліне 5 мың тонна ет, ал 2014 жылы 64 мың тонна ет экспорттау туралы шешім қабылданған.

Қазіргі уақытта осы кездесу шеңберінде жасалған Хаттамаға сәйкес, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан «Ресей еліне Қазақстаннан ет экспорттауға арналған» екіжақты жоспар жасалынды. Сонымен қатар, осы мәселеге байланысты екіжақты алқа отырысы да өткізілді. Ветеринариялық мәселелерді шешу үшін Қазақстан Республикасында эпизоотиялық мониторинг жасалынып жатыр. Оның бірінші кезеңі бітіп, екінші кезеңі басталды. Ал Қазақстаннан Ресей Федерациясына етті негізгі экспорттаушы «ҚазАгро» АҚ-тың «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ болып белгіленді. Қазір «ҚазАгро» АҚ тарапынан Алматы мен Батыс Қазақстан облыстарында мал бордақылау алаңдары салынып жатыр. Етке сойылатын малды осында бордақылап, Ресейге экспорттау жоспарланып отыр.

 Мұның бәрінің толыққанды жүзеге асуы ұзақ мерзімді перспективаға жоспарланғандықтан, Ресейге ет экспорттау дәл қазір шешіле қалады деп айта алмаймыз. Келешекте Ресей нарығына қазақстандық еттің кіруі жоспарланған және мұндай мүмкіндіктер мал шаруашылығында бар.

– Халық қалаулылары Статистика агенттігінің еліміздегі мал санына байланысты шығарып отырған мәліметтеріне сенбейді. Агенттік елімізде мал басы өсті дейді. Алайда депутаттардың бұған күмәні көп. Бұған сіз не айтасыз? Бізде мал басы өсті ме, жоқ па?

– Статистика агенттігінің мәліметі көбінесе шындыққа сәйкес келмейді, себебі нақты мал басының саны малды аса қауіпті ауруларға қарсы еккенде немесе аса қауіпті ауру ошақтары табылғанда анықталып отыр. Ауылдық әкімдіктерде мал санағын өткізу және оны шаруашылық кітаптарына енгізу нақты жүргізілмейді. Мұндай фактілер көптеп кездесуде. Мал басын құжаттандыру ісі жергілікті әкімдер тарапынан нашар жүргізіледі, малдың басым көпшілігінің нөмірлік сырғалары және ветеринарлық төлқұжаттары жоқ. Нәтижесінде, малдың едәуір бөлігі есепке алынбай қалады және бұл ветеринариялық алдын алу шараларын жоспарлауға, жүргізуге кері әсерін тигізуде. Егілмеген мал аса қауіпті ауруларға шалдығып, елімізде қолайсыз індет жағдайын қалыптастырып отыр. Осы айтылғандарды ескере отырып, мал басының нақты санын анықтау үшін малды жаппай құжаттандыру (идентификация) жүргізу қажет.

Дегенмен жыл сайын өткізілетін мемлекеттік тізім (регистр) мәліметі бойынша 2010 жылғы 1 қаңтарға малдың барлық түрінің өсуі байқалады. Республикада 2009 жылы ірі қара мал саны 5991,6 мыңды құраса, биыл бұл көрсеткіш 6095,2 мың басқа немесе 102,0 пайызға өсті. Алайда кейбір облыстарда ірі қара мал саны 2009 жылмен салыстырғанда азайғаны байқалады. Мысалы, Ақмола облысында ірі қара мал басы 403,7 мыңнан 400,2 мыңға дейін, Батыс Қазақстан облысында 438,5 мыңнан 428,6 мыңға дейін кеміді. Бірақ 2010 жылы асыл тұқымды ірі қара мал саны 344,1 мыңға дейін өсті немесе 34 мың мал басына көбейді. Қой саны өткен жылмен салыстырғанда барлық облыстарда өсті. Қазір барлық санаттағы шаруашылықтарда 14 660,8 мың бас қой бар, ол 104,0 пайыз немесе 535,0 мың басқа көбейгенін көрсетеді. 2010 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сүйенсек, асыл тұқымды мал басы 1724,2 мың басқа жетіп, 2009 жылмен салыстырғанда 110 пайызды құрады. Республика бойынша жылқы басы барлық облыстарда өсті. 2010 жылдың 1 қаңтарының ақпаратына сәйкес, жылқы басының саны 1438,7 мыңға дейін жетті, ол 2009 жылмен салыстырғанда – 105 пайыз. Түйе – 2010 жылы 155,5 мың бас немесе өткен жылмен салыстырғанда 105,0 пайызға артты. Шошқа саны 2010 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 21,0 мыңға азайды, қазір 1326,3 мың басты құрайды. Алматы облысында 80,0 пайызға, Қарағандыда 97,0 пайызға, Жамбылда 92,0 пайызға, Шығыс-Қазақстанда 97,0 пайызға дейін кеміп отыр. Құс саны республикада биылғы жылы 32 686,5 мың басқа дейін өсті, ол 2009 жылмен салыстырғанда 109,0 пайыз.

– Базардағы ет бағасының өсуін сарапшылар елдегі мал басының азаюымен түсіндіруде. Сіз не дер едіңіз?

– Базардағы ет бағасының өсуіне, негізінен, маусымдық факторлар әсер етті. Биыл қыс аяғы созылып, көп жерлерде мал азығының жетіспеуі байқалды. Мал қыстан нашар шықты. Мал бордақылайтын шаруашылықтардың саны өте аз, сондықтан да қажеттілікті өтей алмай отыр. Ал жекеменшік мал иелерінде базарға өткізетін семіз мал жоқ. Олар, негізінен, малын күзге салым семіргесін ғана сатады. Жыл бойы үздіксіз мал бордақылайтын алаңдар салу мәселесін қолға алуымыздың да бір себебі – осыдан.

– Ал енді ветеринария саласын ретке келтіру үшін қандай шаралар қолдану қажет?

– Әрине, бұл саланың дамуының ең негізгі шарттарының бірі – мал басының індеттерден аман, ал мал өнімдерінің ветеринариялық-санитарлық талаптарға сай болуы. Өздеріңізге белгілі, бұл мәселелер 2002 жылы қабылданған «Ветеринария туралы» Заңмен реттелген болатын.

 Алайда одан беріде көп өзгерістер болды. Әкімшілік реформа жүзеге асты. Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту келіссөздерін жүргізіп, өз іс -қимылдарын, заңнамаларын халықаралық талаптарға сай үйлестіру бағытында көптеген міндеттемелер алды. Соларды орындау жолында нақты істерді жүзеге асыруға кірісті. Осыған байланысты «Ветеринария туралы» Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қабылданған заңның негізгі мақсаты – ветеринария саласындағы заңнаманы, мемлекеттік басқаруды Қазақстан Республикасының ветеринария жүйесін жетілдіру арқылы реттеу, сонымен қатар жануарлар денсаулығын және тамақ, ветеринариялық препараттар, дәрі-дәрмектер қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан ветеринария саласын халықаралық талаптарға сай ретке келтіру үшін енгізілген келесідей жаңалықтарды атап өтуді қажет деп санаймын.

Біріншіден, әкімшілік аумақтық бірліктің аясында ветеринарлық-санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында ветеринариялық шараларды жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың осы саладағы қызметтерін жүзеге асыратын бөлімшелері құрылды. Осыған байланысты бұған дейінгі мемлекеттік ветеринариялық қызмет атқарған көптеген функциялар жергілікті атқару органдарының құзыретіне берілді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасы заңнамаларында белгіленген тәртіпке сәйкес, ветеринариялық іс-шараларды уақытында жүзеге асыру үшін мемлекеттік ветеринариялық кәсіпорындар құру құқығы берілді.

Екіншіден, қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңында ветеринария саласын мемлекеттік басқару органдарына ветеринария саласындағы мемлекеттік уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ шекарадағы және транспорттағы аумақтық бөлімшелері жататын. Енді әкімшілік өзгерістерге байланысты шекарадағы және транспорттағы аумақтық бөлімшелер ветеринария саласындағы мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды жүзеге асыратын ведомствоның қарамағына берілді.

Үшіншіден, республикадағы барлық мал басын республикалық бюджет есебінен идентификациялау және оның компьютерлік базасын дайындау мәселесі қолға алынып отыр.

Төртіншіден, аса қауіпті аурулардың таралуының алдын алу және ветеринариялық шараларды маңызды жоспарлау мақсатында алғаш рет әкімшілік аумақтық территорияларды зоналарға бөлу тәртібі енгізілді. Әкімшілік аумақтық бірліктердің аумағын зоналарға бөлу: жануарлардың жұқпалы ауруларының сырттан әкелінуіне және таралуына жол бермеу; ветеринариялық шараларды жоспарлауды жетілдіру; халықаралық сауда жүргізу мақсаттарынан туындады.

Сонымен қатар заңда Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге енгізілген, жануарларға аса қауіпті аурулардың ошақтарын жою жөніндегі; шекара және кеден бекеттерінде көлік құралдарын дезинфекциялау жөніндегі; ветеринариялық препараттардың республикалық қорын сақтау жөніндегі; жануарлардың аса қауіпті ауруларымен ауырған малдарды алып қою және жою жөніндегі функцияларды атқаратын мемлекеттік ветеринариялық мекеме құру қаралған.

Жануарлар денсаулығын және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ветеринариялық зертханаларды халықаралық талаптарға сай модернизациялау мәселесі де қарастырылған. Осыған байланысты 11 облыстық және бір аудандық модульдік ветеринариялық зертханалар жаңадан салынып, іске қосылды. Алдағы жылдарда  осындай 115 аудандық модульдік зертхананы іске қосу көзделуде.

Сондай-ақ қабылданған заңның негізгі жаңалықтарының бірі – еті сатуға түсетін малды сою тәртібін реттеу болып отыр. Ұсынылып отырған нормаға сәйкес, еті сатуға түсетін малды кез келген жерде союға тыйым салынған. Оларды сою ветеринариялық нормаларға сәйкес келетін мал сою пункттерінде немесе уақытша мал сою алаңдарында жүзеге асырылуы тиіс. Бұл шара, біріншіден, мал ауруларының таралуына жол бермесе, екіншіден, ет және ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осы жоғарыда аталған ветеринария саласындағы жаңалықтарды, іс-шараларды уақытында жүзеге асыру үшін жыл сайын қажетті мөлшерде республикалық бюджеттен қаржы бөлініп отыр.

Ал енді соңғы айларда республикамыздың кейбір аймақтарында бой көтерген аусыл, сібір жарасы секілді індеттерге тоқталсақ. Олардың негізгі шығу және таралу себептері мал иелерінің ветеринариялық талаптарды дұрыс және уақытында толығымен орындамауларының салдарынан болып отыр деген ойдамыз. 

Осыған байланысты сөз соңында айтарымыз, қабылданған заңның құқықтық нормалары, жалпы алғанда, шаруашылық субъектілерін жануарлардың созылмалы ауруларынан тазартуға және республика аумағында қалыптасқан эпизоотиялық жағдайды жақсартуға, мал денсаулығы мен олардан өндірілетін тамақ өнімдерінің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен әсер ететініне толық сенім білдіреміз. Ендігі мақсатымыз – қабылданған заңның сапалы және уақытында орындалуын қамтамасыз ету.

– Кеңес Одағы кезінде қазақы ақбас сиырларымыздың атағы жер жаратын еді. Сол кеңестік заманда біздің ауылдан үш бұқа Мәскеудегі ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне жөнелтілген екен. Үшеуінің де салмағы шамамен 1 тоннаға дейін тартып, мойындарына алтын медаль тағып келгенін ауыл тұрғындары тамсана айтушы еді. «Қазір мұндай тұқымды сиырлардың саны бар-жоғы 76 мыңнан сәл ғана асады», – деген болатын жақында «Мал өнімдері» корпорациясының басқарма басшысы Александр Селюлев. Еліміздегі ауыл шаруашылығының бренді болған малдың бұл тұқымын көбейту үшін қандай шаралар атқарып отырсыздар? Бұл тұқым неге азайып барады?

– Қазақтың ақбас сиырының тұқымы еліміздің тек Атырау, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан басқа аймақтарының барлығында да өсіріледі және республика бойынша басым бағыттағы тұқымға жатады.

Шаруашылықтардағы қазақтың ақбас сиыры 2009 жылы 135 854 басқа жетіп, республика бойынша етті ірі қара тұқымының 84 пайызын құрады.

Қазақтың ақбас сиыр тұқымының басы мен өнімділігін көбейту және тұқымын жақсарту мақсатында республика көлемінде біраз жұмыстар атқарылуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2009 жылдың наурыз айының 24 жұлдызындағы №161 бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының мал шаруашылығында кең ауқымды селекция жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына республика бойынша қазақтың ақбас сиыры тұқымын өсіретін 324 шаруашылық кіріп отыр. Ал кең ауқымды селекция – асыл тұқымды малды көбейтуге арналған жаңа бағыт. Бұл жүйені кезінде көптеген дамыған елдер қолданып, өзінің асыл тұқымды малдарын қысқа мерзімде көбейтіп алған. Ірі көлемді селекция бағдарламасы аясында жаппай қолдан ұрықтандыру және эмбриондар отырғызу (трансплантация) әдістерін кеңінен қолдану арқылы ірі қара малдың асыл тұқымдық құндылығын және өнімділік деңгейін жоғарылату жоспарлануда. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында алғашқы рет Ақпараттық аналитикалық жүйе (ААЖ) әзірленуде. Осы ААЖ арқылы болашақта әрбір шаруашылық бойынша арнайы селекциялық жұмыстар және әрбір аналық малға сәйкестігіне қарай, тұқымдық бұқаларды таңдау жұмыстары жүргізілетін болады. Шығыс Қазақстан облысының «Шалабай» ЖШС-інде «Асыл түлік» РМШАО мамандарының көмегімен қазақтың ақбас сиыры тұқымының 89 эмбрионы салынып, сол сиырлардың алғашқыларынан 16 бұзау алынды, кейінгілері қыркүйек айында төлдейді. Биыл Батыс Қазақстан облысының «Агрофирма Ақас» ЖШС, Ақмола облысының «Балтабеков» шаруа қожалығындағы қазақтың ақбас сиырларына эмбриондар отырғызу қолға алынуда. Республиканың басқа да аймақтарының шаруашылықтарымен ақбас сиыр тұқымының эмбриондарын отырғызуға келісімшарттар жасалған.

Былтыр, 2009 жылы республика шаруашылықтарына әрі қарай өсіру үшін асыл тұқымды зауыттар мен асыл тұқымды шаруашылықтардан 2 450 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырының төлі жеңілдетілген бағамен (бюджеттік субсидия арқылы) сатылды. Ал биылғы жылы асыл тұқымды малды сатып алушы – ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге сатып алуға жұмсаған шығынының жарым-жартылай бөлігі қайтарылады. Бұл қазақтың ақбас сиырын өсіріп, көбейтемін дегендерге Үкімет тарапынан жасалынып отырған нақтылы көмек болып отыр.

– Бүгінгі таңда еліміздің ауыл шаруашылығы, соның ішінде егіс алқаптарының құрылымы кейбір өңірлерде біртекті болып қалыптасып қалғаны байқалады. Мысалы, солтүстік өңірлерде, негізінен, бидай, оңтүстікте мақта деген секілді. Министрлік осы егіс алқаптарын диверсификациялау мәселесін қарастырып отыр ма?

– Өсімдік шаруашылығын дамыту, егіс алқаптарын диверсификациялау мәселелері Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарында. Ағымдағы жылы субсидиялау жүйесінің тиімділігін жоғарылату мақсатында мемлекеттік қолдау тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданды, бюджеттік субсидияларды алушыларға қойылатын талаптар күшейтілді. Сол сияқты субсидияның ынталандыру рөлі күшейтілді, яғни жаңа технологияларды, озық еңбек әдісін қолданған, егіс айналымын сақтаған, өндірісті жетілдірген, кооперативтерге бірлескендер субсидияларды жоғары нормативтерімен алады.
Мысалы, дәнді дақылдарды аймақтық ғылыми негізделген агротехнологияларды сақтай отырып өсірген жағдайда (ғылым ұсынған құрамында сүрі жердің (пар) үлесі бар, сорты төрт репродукциядан кем емес, Қазақстан Республикасында пайдалануға жіберілген, Мемлекеттік селекциялық жетістіктер тізіліміне енгізілген немесе перспективалық деп танылған тұқыммен сүрі жерге (парға) себілген бірінші дақылға) бюджеттік субсидия базалық нормаға қарағанда, екі есе көбейтілген нормамен төленеді.

Көктемгі егіс қорытындылары көрсеткендей, субсидиялау тетіктерін жетілдіру нәтижесі жаман емес. Бұл ретте алдын ала алынған мәліметтер бойынша, 2009 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың егіс алқабы 529,4 мың га немесе 44,6 пайызға өсті, соның ішінде Ақмола облысында – 84,1 мың га немесе 2,5 есеге, Қостанай облысында – 98,4 мың га немесе 2,8 есеге, Солтүстік Қазақстан облысында – 204,2 мың га немесе 1,9 есеге көбейді. Сонымен қоса, қант қызылшасының егіс алқабы – 0,9 мың га (4,7 %), күріш 6,2 мың га (7,2 %) өсті.

Саралы сөз
Халқымыздың ата кәсібі – мал шаруашылығының ел экономикасындағы алар орны ерекше. Ауыл экономикасының, яғни ауылдағы халықтың тұрмыс жағдайының деңгейі негізінен осы саланың даму қарқынымен тікелей байланысты екені баршаңызға мәлім. Сондықтан да мал шаруашылығындағы ахуалды жақсарту, оның жоғары деңгейде дамуына қажетті жағдайларды туғызу бүгінгі таңдағы үлкен мақсаттардың бірі болып табылады.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста