Маған әулиелерге кесене орнату кейінге қалдыруды күтпейтін, заңды түрде орындалуы тиіс нәрседей көрінеді
Ерлан АРЫН, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Ерлан Мұхтарұлы, жалпы, қандай игілікті істің болмасын басы-қасынан сізді көреміз. Таяуда Павлодар облысындағы әулиелі Ақкөл-Жайылмада осы өңірге ислам дінін таратушы Исабек ишанға кесене ашылды. Кесенедегі құрылыс жұмыстарына сіз де, университет те елеулі күш жұмсадыңыздар. Әулиелерді елдің бәрі мойындап құрметтегенмен, оларды насихаттауға уақытын, қаржысын жұмсайтын адам көп емес қой...
– Жалпы, Қазақстанның қай өлкесіне барсаңыз да, есімдері тарихқа алтын әріппен жазылатын, артына үлгілі із қалдырған, халық пір тұтатын жандардың атын аз естімейсіз. Маңғыстауға барып көріңізші. Тұрғындары тіпті көліктеріне дейін «362» деген нөмір таққанды жақсы көреді. Себебі олар сол өлкеден 362 әулие шыққанын жатқа біледі, мақтан тұтады. Кереку өңірі де қасиетті адамдардан кенде емес, әйтсе де «Неше әулие шыққан?» деген сұраққа ешкім мандытып жауап бере алмайды. Әулие дегенді «сиқырлы күштің иесі» деп біржақты түсіну дұрыс емес. Әулиелер елге қамқор, қорған болған, жеке адамдарға ғана емес, дүйім халыққа рухани тұрғыда қызмет еткен адамдар. Павлодар облысында Мәшһүр Жүсіп әулиені бәрі жақсы білгенімен, Шалдайда жатқан Уахыт хазіретті көп кісі біле бермейді. Ұлы Конфуций «Ең мықты заңдар – халықтың дәстүрлері» деген екен. Ал халық әулиелерді ешкімнің үгіттеуінсіз, өз жүрек қалауымен мойындайды, олар жатқан орындарды іздейді. Осы аймақта ел тағзым жасайтын негізгі жерлер: Мәшһүр Жүсіп кесенесі, қожалар мекені – Ақкөл-Жайылмадағы Исабек ишан кесенесі, Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірі деп білемін. Жұрттың осы орындарға кедергісіз барып тұруына жағдай туғызу – азаматтардың парызы. Маған әулиелерге кесене орнату кейінге қалдыруды күтпейтін, заңды түрде орындалуы тиіс нәрседей көрінеді. Баянауылда, мәселен, Бұқар жыраудың жерленген жері бар. Бұқар жырауды ел әулие деп айтып жүрмесе де, өз басым оны пайғамбар деп те айтар едім. Мәшһүрдің аузына түкіріп, «Мәшһүр боласың» деп үкі таққан, ағартушы, аға сұлтан болған Мұса Шорман жатыр сол Баянда. Кереку топырағында кешегі Естай ақын мен әнші Майра мәңгілік қоныс тапқан. Сәбит Дөнентаев деген керемет ақын – осы өңір тумасы. Бірақ қазір аты аталмай кетті. Баянауылды «Қаныш елі» дейміз, алайда Қаныштың зиратын іздеп барып, құран бағыштап жатқан кім бар? Солардың қайда жерленгенін біліп, жұрт дұға қылып жүруі үшін этнографиялық экспедициялар ұйымдастыру қажет. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демей ме қазақ. Осы мақсаттағы жұмыстардан шаршамауымыз керек. Кеше ғана біз қазақ ғылымының іргетасын қалаған Әбікен Бектұровтың 110 жылдығына байланысты конференция өткіздік, себебі ол кісіні іздеп жатқан ешкім жоқ. Қазір мерейтой көбейді ғой, көп болғаны өте жақсы, соларды ұлыларымыздың еңбегін насихаттап қалуға пайдаланбасақ болмайды. Керек десеңіз, біз Қаныштың 111 жылдық тойын да өткізіп жібердік. Өйткені Қаныштың атын білгенімен, жасаған еңбегін айтып беруге шорқақпыз. Осы шараны пайдаланып, Қаныш ағаның сегіз томдық жинағын басып шығардық. Кітаптарда неткен ойлар, неткен сөздер тұнып тұр десеңізші!
– Павлодар мемлекеттік университетінде Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығы бар. Орталықта қандай жаңалықтар болып жатыр? Жалпы, өзіңізде Мәшһүр Жүсіп атамыздың қай қырына қызығушылық басым? Өз мақаласында журналист Сайлау Байбосын «Кейде пендешілікке салынып, «Атамыздың денесін қазір ашып көрсе, қандай күйде жатыр екен?» деген де ойға берілеміз» деп жазады. Сізде мұндай ой болды ма?
– Әрине, мен де «бісмілла» деп ашып қарасақ қайтеді деп ойлағанмын. Ғылым үшін ол, негізі, керек те. Мысалы, Бурятияда да денесі бүлінбеген әулие бар екен. Бірақ тіршілігінде кітаптары өртеліп, қудалауға ұшыраған, дүниеден қайтқан соң да бір зираты бір бұзылып, екінші зираты тағы қиратылған қасиетті бабамыздың басын реттейік, аруаққа да маза берейік дедік. Мәшһүр ата туралы әлі талай кітаптар шығып, талай зерттеулер жасалады. Мәшһүр маған ақын ретінде ерекше көрінеді. Егер біз қазақ тарихындағы алғашқы бес ақынды атасақ, осы бесеудің ішінде Мәшһүр Жүсіп тұрады. Поэзияның атасы Абайды – зайырлы ақын, Мәшһүр Жүсіпті діни ақын дер едім. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің стилі, лексикасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Зерттеушілік қыры да керемет. Бұқар жырау туралы жазған дүниелерінің өзі бір әлем ғой. Негізі, қазақтан шыққан шығыстанушылар көп емес. Белгілі шығыстанушылар қатарынан Шоқан Уәлиханов, Әбубәкір Диваевты білсек, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің де бұл салаға қосқан еңбегі орасан. Аудармашылық өнерімен де таңғалдырады. Және еңбектерінен кезінде өте жақсы білім алғаны, сауатының жоғарылығы аңғарылып тұрады. Жақында біз Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 20 томдық еңбегінің 17 томын дайындап шығардық. 17 томдағы туындылардың жартысы – бұрын жарық көрмеген материалдар. Осыған қоса үлкен энциклопедия жарық көрді. «Мәшһүр Жүсіп және шығыстану», «Мәшһүр Жүсіп және қазақ поэзиясы», «Мәшһүр Жүсіп және этнография» іспеттес еңбектер қаншама. Осының бәрі – Мәшһүртану орталығының ерен еңбегінің жемісі. Мәшһүр Жүсіпті орыс, ағылшын тілінде сөйлетуге де тер төктік. Ағылшын тіліндегі нұсқасын шетелдердің шығыстану кафедралары бар ірі оқу орындарына тараттық. Қазір Америка, Бельгия, Франция сияқты елдерде ғалымдар баяндама жасап жүр, олар үшін Мәшһүр Жүсіп – тың тақырып. Осындай игі істерге Мәшһүр Жүсіптің немересі Қуандық Пазылұлы бастаған ұрпақтары ұйытқы болып отыр.
– Бір сөзіңізде Естай Беркімбайұлын ауызға алдыңыз. «Естайға әлемде жоқ ән салдырған» сұлу Қорланның Ресей жеріндегі зиратына былтыр ескерткіш тас қойылды. Осынау әсерлі шараға ПМУ-дің бір топ жастарын бастап бардыңыз. Барған адамдар «Қорлан апамыздың қайынжұрты Естай туралы әңгімелерді ұнатпайды, тіпті намыстанады екен» деп келді. Сол сапардан кей адамдардың, тіпті Мұхтар Шаханов «Ғашықтық ғаламатында» жырлаған Қорланның Естайға жүзік сыйлау оқиғасы болмаған, айтылып жүрген әңгіменің бәрінде ақиқаттан гөрі қиял басым деген оймен оралғанын байқадық. Сіз үшін Естай мен Қорлан махаббаты ақиқат па, аңыз ба? «Қорланның жүзігі қайда екен?» деген сұрақ сізді мазалап көрді ме?
– Қазақ – ырымшыл халық. Мен кезінде Мәшһүр Жүсіптің тақиясы мен шапаны кімнің қолында екен деп те іздестіріп едім. Фотосуретіне қарап Естайдың домбырасын табуға да талпынып көргенмін. Дұрыстап ешкім жөн сілтей алмады. Қорланның жүзігі жерленгенде қолында кетті деп айтылғанымен, нақты дерегі белгісіз. Бір білерім, Қорлан мен Естай бірге жүріп-тұрған жандар емес, олардың арасын кіршіксіз сезім ғана жалғаған. Қорлан апа тұрмысқа шықты, бала сүйді. Сұлулығы мен ақыл-парасаты келіскен, еріне адал жолдас болған Хорлығайын апамыздың тіршілікте тартпаған тауқыметі жоқ. Басына барып тас орнатқанымызда туыстары үлкен қорымнан оның нақты жерленген жерін тауып бере алмады. Егер Естайға ескерткіш орнатылса, мен оны міндетті түрде Қорланмен бірге қояр едім. Естайдың қолына домбырасын ұстап отырған күйін бейнелеп, ар жағына Қорлан апамыздың мүсінін орналастырып, «Ақын және Муза» деп атар ем. Естайдың ақын болуы, сері атануы – Қорланға деген ғашықтық сезімнің арқасы. Себебі Естай үшін ол – нағыз Муза.
– Сіздің пайымыңызша, қазіргі заман қазағының санасы «жақсы менен жаманды айырмадың» деп Абай жырлайтын қазақтан несімен ерекшеленеді?
– Қазір дәуір басқа, жағдай басқа, өмірге көзқарас та бөлек. Қазақ әлемдегі бәсекелес ұлтқа айналып келеді. Тілдің шеберлігі емес, технократизм, компьютермен жұмыс басым. Бір жағынан қуанасың. Ал енді жапондарды алайық. Оларды жапон емес деп кім айта алады? Түрі де, тілі де сақталған. Дәстүрлерін де бұзбай, императорлықты да сақтап қойды. Сонымен қатар бүкіл әлемді машинасымен де, компьютерімен де, басқа техникасымен де мойындатып отыр. Кішкентай аралда тұрса да, әлем бойынша екінші орында тұрған мемлекет. Қазақстанның да сондай болатын мүмкіндігі бар. Бұл орайда мен сабақтастық жөнінде айтар едім. Әуезовтің «Абай жолын» еске түсірсек, Кеңгірбай бидің Еңлік пен Кебекті ат құйрығына байлауы, Қодар мен Қамқаға бүкіл елдің тас жаудыруы нені білдіреді? Оларды халық жек көргеннен өлтірген жоқ, тек дәстүрді сақтау керек болды. Абайдың кезінде қай қазақтан болмасын «Сен кімсің?» деп сұрасаң, «Мен қазақпын» деген бір-ақ жауап болатын еді. Қазір мұндай сұраққа біреу «Мен Қазақстан Республикасының азаматымын» дер, біреу «қазақпын» десе, енді біреу «адаммын», «ғалыммын» немесе «мұсылманмын» деп жауап береді. Осындай алуан жағдайда мемлекетті басқару да бір өнер деп ұғамын. Маған бірде «Сіз де жас болдыңыз ғой. Сіздің кезіңіздегіден қазіргі жастардың қандай айырмашылығы бар?» деген сауал қойылған-ды. Иә, біз де жас болғанбыз, біз де сабақтан қашқанбыз, жұдырықтасқанбыз. Жастар өзгерген жоқ, ата-аналар өзгерді, әке-шешенің функциясы өзгерді деп айтпақпын. Бұрынғы тәрбие қандай еді? Өкініштісі, мен өз әкем Мұхаңдай тәрбие бере де алмай отырмын ғой. Абайда – Құнанбайдай әке, Мәшһүр Жүсіпте – Мұса Шормандай тұлға, Абылайда ақыл айтатын Бұқардай дана болған. Қазір осындай тұғалар бар ма? Болса да, өте сирек.
– Әңгіме ауанын университет өміріне бұрсақ. Біраз уақыт бұрын Ресейде тіл үйрету орталығын аштыңыздар...
– Иә, Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетімен бірігіп, Омбы қаласында қазақ тілі мен мәдениеті орталығын ашқанбыз. Ондағы мақсатымыз – Омбыдағы қандастарымызды қазақ мәдениетімен, әнімен, әдебиетімен сусындату. Орталықты кітаптармен қамтамасыз етіп тұрамыз. Бүгінде сондағы қазақтың қара домалақ балалары «Менің атым – Қожа», «Қыз Жібек» фильмдерін тамашалауда. Тіл үйрету бойынша бірнеше курс ұйымдастырылып, оқытушыларымыз барып дәріс оқып тұрады. Ондағы қазақтарда тіл үйренуге деген сұраныс, қызығушылық басым. Мен әсіресе дәріс алушы қыз балалардың көптігіне қуанамын. Өйткені қыз бала – болашақ ана, ал тілдің болашағы аналардың тәрбиесіне тәуелді. Осы жұмыстан қабілетімізді де, қаражатымызды да аяп жатқан жоқпыз. Бір айта кетерлігі, Омбы университетінің ректоры – қазақ жерінде туып-өскен азамат. «Қазақ елінен жақсылықтан басқа көргеніміз жоқ» деп, бізді құрметтейді, күш-жігерін аямайды. Екатеринбургтегі бір университеттің ректоры да Қазақстанда өскендіктен, «Қазақ балаларын осында оқуға жіберіңдерші, мен қазақ жеріне қарыздармын, міндетімнен құтылайын» деп, қолынан келгенше көмектесіп жатады. Осындай достықтың игілігін студенттеріміз де көрсе екен деймін.
– Еліміз индустриялық-инновациялық жобаларды мықтап қолға алып жатыр. Осы салаға маман дайындау мәселесі қалай жүзеге асуда?
– Техникалық сала мамандарын даярлау бізге өте тиімді, себебі университетте бұрынғы индустриялық институттың тамаша базасы сақталған. Қазір өз аймағымыздағы және басқа облыстардағы өндіріс орындарынан 36 филиал аштық. Аудиторияда отырып лекция тыңдаудан білім аласың, бірақ прагматикалық түрде ғана. Мұндайда студенттен инженер тәрбиелеп шығару қиын. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша технологиясы мүлдем бөлек жаңа зауыттар ашылып жатыр. Бізде оларға бірден сіңіп кететін маман даярлауға қажетті оқулық та жоқ. Сондықтан зауыт инженерлерімен бірігіп әрекет етудеміз. Студенттердің курстық және дипломдық жұмыстарының 80 пайыздан астамының тақырыптарын бізге инженерлер ұсынып отыр. Яғни кадрларды солардың тапсырмасымен даярлаудамыз. Мұндай байланыс кейін түлектерді жұмысқа орналастыруға да пайдасын тигізбек. Бүгінгі таңда Қазақстанда 10 университетке инновациялық зерттеу орталығы мәртебесі берілген болса, сол тізімде ПМУ де бар.
– Отбасыңызда бәріңіз бас қосып отырғанда, жұбайыңыз екеуіңіз балаларға дауыстап кітап оқитын дәстүр бар екен. Қазір қандай кітап оқып жүрсіздер?
– Қазір мектеп оқулықтарын оқып жүрміз. Таң атқанша тақпақтап отырамыз. Кітаптарда жазылғандардың маңызы төмендеу. Балаға мынадайды кім оқытады деп ыза боламын. Бала тұрмақ, өзіміз ұқпай, дал боламыз.
– Биыл 50 жасқа толдыңыз. Мұқағали «дәнеңе жоқ дара тұрған» деп жырға қосқан қырық жас пен елудің айырмасын сезіне алдыңыз ба?
– Қырық жасымда басымнан пәлендей сезім өткермеген екенмін. Өмірде адам баласына қатты әсер ететін тек пен орта деген үлкен күш бар. Жақсы текпен жаман ортаға түскен адам жаман болып шығады. Екі кезеңнің мен үшін айырмашылығы – туып-өскен ортам азайды. Әкем қайтыс болды, әжелердің біреуі де жоқ, дос-жарандар да сиреді. Қазір ауыл зиратына барсақ, үлкен қала сияқты. Қырықта мұндайды ойлап, мән бермеген екем, «бәрі бар ғой» деп отыратынбыз. Бұрын ауылға барғанда әкем «Үлкендерге сәлем берейік!» дейтін. Қазір ауылға барғанда «Үлкендерден кім бар?» деп сұрап алатын болдық. «Елу жылда – ел жаңа» деген деген осы екен. Сол ортаға енді өзіміз бас болып отырмыз. Мен ректорлыққа 38 жасымда келгенмін. Сонда адамдар мен туралы сөздерін «Жас болса да бас болып...» деп бастайтын. Енді «жас» деген анықтауыштан арылдық. Бұрын жұрт «сен», «Ерлан» деген сөйлесе, енді «Ереке», «аға» деуі көбейді. Адам жас келген сайын өзгере береді екен. «Жігіт ағасы» деген жақсы сөз бар. Елу кәрілікке мойынсұнып тұрған жас емес қой, дегенмен анау қырдың астында алпыс тұрғандықтан, қартая білу – ол да бір өнер. Кішіге ақыл-кеңес беріп, «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» бола біліп, ағалық парызды да дұрыс орындау керек.
– Салиқалы сұхбатыңызға мың алғыс!
Алашқа айтар датым...
Қазір дәуір басқа, жағдай басқа, өмірге көзқарас та бөлек. Қазақ әлемдегі бәсекелес ұлтқа айналып келеді. Тілдің шеберлігі емес, технократизм, компьютермен жұмыс басым. Бір жағынан қуанасың. Ал енді жапондарды алайық. Оларды жапон емес деп кім айта алады? Түрі де, тілі де сақталған. Дәстүрлерін де бұзбай, императорлықты да сақтап қойды. Сонымен қатар бүкіл әлемді машинасымен де, компьютерімен де, басқа техникасымен де мойындатып отыр. Кішкентай аралда тұрса да, әлем бойынша екінші орында тұрған мемлекет. Қазақстанның да сондай болатын мүмкіндігі бар.