Кітап бетін парақтап шыға салып, сын жазатындар көбейді

Кітап бетін парақтап шыға салып, сын жазатындар көбейді

Зинол-Ғабден БЕЙСЕНҒАЛИ, филология ғылымының докторы, профессор:

– «Қазан төңкерісіне дейін қазақта түк те болған жоқ» деген заманда «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы» деген тақырыпты қорғап шықтыңыз, тың тақырыпқа қалай келдіңіз?
– ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихына, оның ішінде прозаға мен Бейсенбай Кен­жебаевтың арқасында келдім десем де бо­лады. Университетті бітіріп, арада 6 жыл­дай уақыт жұмыс істеп, аспирантураға қайта келген соң Мұқағалидың поэзиясын зерттеймін деген болатынмын. Сонда ма­ған жетекші етіп Бейсекеңді тағайындады. Жетекшім «Мұқағалиды зерттесең, жетекші бола алмаймын, егер менімен жұмыс істе­гің келсе, ХХ ғасырдың басындағы әдебиетті аласың» деген соң біраз ойландым. Кафед­ра меңгерушісі Зейнолла Қабдолов қалай болғанда да, Бейсекең айтқанды орын­дауым керектігін қадап айтты. Нақты ны­сан­ды анықтауда да қиналдық. Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мыр­залиевтердің поэтикасына қарағанда өткен ғасыр басындағы дидактикалық ағарту ісін баяндайтын әдебиет маған қарабайырлау көрінді, ұнамады. Біраз жүріп, кітапханаларды аралаған соң «ХХ ғасыр басындағы проза» деген тақырыпты таңдап едім, Бейсекең қатты қуанып, «Ой, айналайын, жақсы тақырып таңдадың, енді зерттеуге кіріс» деп батасын берді. Осылай ХХ ғасырдың басындағы прозаға келдім. Ол кезде енді белгілі ғой, 30-ыншы жылдарға дейін қазақта дені дұрыс проза болған жоқ, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы» эскиз, ал Спандияр Көбеев­тің «Қалың малы» эксперимент, нашар үлгі делініп жүрді. Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын» оқуға мүмкіндік жоқ еді. Түпнұсқасын тауып оқысақ та, айта алмайтын, тіпті атын атай алмайтын заман еді. Жүсіпбек Аймауытовтың да прозасы қолға тимейтін, белгісіз қалып келді. Мен зерттеуге 1978 жылы келгенде Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» елге енді ғана қайтып келіп жатқан тұсы еді. Оны 1976 жыл­дарға дейін қазақ әдебиеттану жур­нал­дары еркін басып шығара алған жоқ. 1967 жылы Рымғали Нұрғалиев алғаш газетке жазып, Ғабит Мүсірепов пен Ахмет Жұбановтар мақұлдаған соң шықты. Міне, осындай жағдайлар да болатын. Енді осы тақырыптарды зерттеу керек болды, сонда ең бірінші сүйенген мәліметім «Айқап» жур­налы мен «Қазақ» газеті болған. Ағыл­шын тілін оқып, араб қарпінен сауатым болмағандықтан, ептеп, ежіктеп оқитын деңгеймен жүрдім.
– Тарих және этнология инсти­туты директорының орынбасары Светлана Смағұлова жақында «Қазақ» газетінің тарихын зерттей келе тағы да біршама саны табылғанын анықтаған. Газеттің жаңа табылған сандарымен де жұмыс жасау керек шығар?
– Әрине, зерттелуі, қарастырылуы ке­рек. «Айқап» журналында және «Қазақ» газеті­нің бетінде шыққан шығармалардың ав­тор­лары сол әңгімені біреуден естігендік­тен, көргендіктен жазады. Және сол нұсқа­лар халықтық проза стилінде жазылады. Сіздің айтып отырған жаңалығыңызға келсек, бізге белгісіз болып келген сандары табы­лып та жатыр, табыла да береді. Олар­ды қарастыру арқылы біз ХХ ғасыр басын­дағы қазақ әдебиетінің бір шетін толықтыра береміз. Мәселен, сол газет-журналдарда жарияланған нұсқалар әдебиет тарихына өлшеусіз үлес қосады.
– Сіз зерттеуіңізде кеңестік идеология ықпалымен өзгеріске ұшыраған, бұрмаланған туын­дылар жайлы көп айттыңыз, солардың бірқатарын атап өтсеңіз...
– 1958 жылғы «Орындалған арман» деген жинағында Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы бар. Басты әрі бірінші нысаным осы туынды болды, сосын түпнұс­қасын 1913 жылғысымен салыстыра баста­дым. Сөйтсек, екеуінде жер мен көктей айырмашылықтар бар болып шықты. Тұрлығұлдың образы кейінгі нұсқада біршама өзгергені белгілі болып, автордың туындыны 1934 жылы қайта редакциялау­дан өткізіп, өзгерту жасағанын анықтадым. Оны ашып, диссертациямда қорғасам да, әлі күнге дейін түпнұсқаны оқып жүрген немесе алғашқы нұсқаны қайтара басып шығарған ешкімді көрмедім. Романда қайшылық өзгертуден кейін, яғни идеоло­гиялық қысымның әсерінен пайда болға­нын біліп отырмыз. Тіпті кейбір эпизодтар алынып тасталып, кедейлер мен байлардың ортасындағы конфликтілер қосылған. Жүсіпбек Аймауытовтың да «Ақбілек» романы туралы Бейсенбай Кенжебаевтың айтуымен кейін білдік. ХХ ғасырдың басы дегенде Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» романын бөлек айтуымыз керек. Бұл «Садақ» журналында 1915 жылы жа­рияланды деп айтылады, ол башқұрт қа­ламгері Саифи Құдаштың естелігінде де бар. Мінекей, осыларды анықтауда Бейім­беттің шеберлігі мен көркемдігін қазақтың байырғы халық прозасынан алғанын да білдік. Қазақтың халық прозасы академик Сейіт Қасқабасовтың зерттеулерінде кең түрде айтылды да. Осыларды ойлай келе әдебиетімізден тысқары қалып қойған дүниелердің көп екенін аңғара бастадық. Сол мәселелердің біреуі – қазақтың халық прозасы. Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» – ең көркем жазылған жәдігер. Ал сол мөлдіреп тұрған тіл мен көркемдік халық прозасының негізінде жазылып шыққан. Халық прозасы дегеніміз не? Халықтың жағдайы туралы ойлар болсақ, онда қазір­гідей газет-журнал, телевидение жоқ. Ал енді қазақ не істейді сонда? Әрине, көркем тілмен әңгіме айтады, ауыл адамдарының ел арасында жүретін атақты сөздері, айтқыштық басым болды. Уфадан келе жатқан шәкірт Бейімбет осы Шұға туралы бір жолдасынан естиді, екеудің әңгімесінен шыққан бұл туынды осылай халықтық прозаның айқын бір көрінісі емей не? Ал мұндай әңгімелер халық арасында өте көп болды, ал сол керемет әңгімелер әдебиет болып саналмады да, бертінге дейін жетпей қалды. Сондықтан Бейсенбай Кенжебаев халық прозасын өте жоғары бағалап, оның бастауын Рабғузидың  «Қисса-сүл-Әнбий­я»-сынан алуымыз керектігін айтқан. Бірақ сол жәдігерлерге бірде өзбектер, бірде басқа түркі халықтары болып таласып жатады. Осында айтарым, басқа түркі халықтары оған қаншалықты иемденетін болса, ол соншалықты қазаққа да тиесілі.
– Ұлттық әдебиет пен ортақ әдебиет тарихы деген түсініктерге ойысып келе жатырмыз. Бізде «Абайға дейін әдебиет болмады» деген канонды осы мәселелер бұзып-жаратындай әсер қалдырады...
– Бұл мәселе көп айтылып келе жатыр. Қазақ әдебиеті бірде Орхон-Енисейден басталады деді, одан кейін тіпті әрмен қарай біздің дәуірімізге дейінгі VІ ғасырдан басталады делінді. Оған «Диуани лұғат ат-түрікте» жолығатын әдебиет үзінділерін, Шу батыр туралы дастанды, Ергенеконды қосады. Ол кезде өзбек, қазақ деген жоқ. Осы аймақтарда тұратын этникалық топтың мұрасын ортақ әдебиетке жатқызамыз. Осының барлығын айта келе біз кейінгі Абайдың да оқығанын, Біржан мен Сара­ның айтысында кездесетіндіктен, Сараның да сол ортақ әдебиетті оқығанын біліп отыр­мыз. Халық прозасы негізінде жазыл­ған «Қисса-сүл-Әнбий-я» жинағында діни, мистикалық шығармалардың, ауыз әде­бие­тінің алуан түрлі жыр-дастандары бар. Жалпы, халық прозасы деген терминнің өзі орыс әдебиетінде 1960 жылдарда шыға бастады. Бізге де кейін келіп, оның теория­сын жасап, Сейіт Қасқабасов «Қазақтың халық прозасы» деген үлкен еңбек жазып шықты. Айтайын деп отырғаным, Роберт Оуэн деген америкалық жазушының 1958 жыл жарық көрген, ал бізге 1978 жылы аударылып келген «Әдебиет теориясы» деген кітабында оның жазба әдебиет пен халықтың әдебиет жайлы қызықты ойлары бар. Сол еңбекте олардың ортасындағы айырма соншалықты айтарлықтай емес делінеді. Оқып та, естіп те керемет әсер алуға болады. Енді Бейімбетке оралсақ, «Шұғаның белгісін» біреуден естіген әңгіме арқылы жазғанын білеміз ғой. Абайды мысалға алайық, ол шетелдің кітаптарын оқып отырып, сол сюжетін Баймағамбетке айтып берген. Енді Абайдан естіген дүниені Баймағамбет өзгелерге өз қиялы мен әсе­рін қосып әңгімелей бастаған. Міне, осын­дай әдебиет те бар. Және ол әдебиеттің тари­хы ертеде. Б.Кенжебаев та қазақ романының қайнарын іздесек, сол «Қисса-сүл-Әнбий-я» жинағынан, ондағы «Жүсіп-Зылиқа» хиссасынан басталатынын айтқан. Бұл – 78 беттік көлемді шығарма. Сол сияқты Бабырнаманы, Мұхамед Хайдар Дулатиды біздің прозаның басы ретінде тексеруге болады. Бірақ, өкінішке қарай, біз осы мұралардың барлығын да жауып қойып отырмыз.
– Сонда осы ортақ әдебиеттен ұлттық әдебиетке өткен тұстары­мыз деп қай дәуірлерді, кезеңдер­ді атағанымыз дұрыс болмақ?
– Бұл – өте қиын сұрақ. Бізде бұған дейін Жәнібек пен Керей 1465 жылы бөлініп шықты, сосын сол жерде Қазақ хандығы пайда болды деген түсінік болатын. Бірақ оған Мұхтар Мағауин бастаған бірқатар тарихшы қарсы шықты. Расында да, Жәні­бек пен Керей бөлініп шықпас бұрын қа­зақ­та ел болмады деу сауатсыз адамның айтатын сөзі. Қазақ мемлекеті құрылғанға дейін қазақ этносы болды және оның дәлелі түрлі архивтерден шығып та жатыр. Жалпы, қазақ деген сөз VІ ғасырларда тарихи деректерде болды деген де пікірлер бар. Ал енді қазақты ұлт ретінде идеоло­гиялық дүниетанымы дәл қашан анықтала бастағанын ажырату оңай емес. Оның үстіне назар аударарлық жайт, бүгінгі тіл мен ғасырлар қойнауында қалған тілдің айырмашылығы бар. Мысал үшін айтайық, орыста «Слово о полке Игорове» деген бар. Ал соны қазір орыстар оқыса түсінбейді. Бірақ ол орыстың жәдігері ретінде қалып қойған. Сондықтан да біз көне тіліміз, көне философиямыз, көне әдебиетіміздің бар­лы­ғын кезең-кезеңге дәуірлеуде назарға алуымыз қажет.
– Әдебиет тарихының негізгі зерттеу нысаны – өткен дәуірлердің көркем әдебиеті, сол әдебиетті жасаушылар дейміз. Ал сол хронология бойынша дәуірлеуімізге келсек, бірқатар мәселе алға шыға келеді. Мәселен, 2002 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихында» (жалпы редакциясын басқарған профессор Т.Кәкішұлы) Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауы­товты ХХ ғасыр басындағы әде­биет­ке жатқызса, он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихының» 7-нші томында 20-30-жылдарға, яғни кеңес  әдебиетінің өкіліне жатқызыпты. Осының ара-жігін қалай ашсақ болады?
– Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Ай­мауы­товты, тіпті Сәкен Сейфуллинді совет әдебиетінің өкіліне жатқызу қате. Мәселен, Мағжанның «Шолпанның күнәсі» револю­цияға дейінгі туынды ғой. Сәкеннің де алғашқы өлең жинағы 1912 жылы жарық көреді. Демек, олар ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің өкілдері. Оған тіпті ешкім де күмәнданбауы тиіс. Олардың 1929 жылға дейінгі шығармалары еркіндеу болған. Ал кейін бәрін түрмеге жауып, қыра бастаған соң сап тиылады. Жалтақтау белең алады. Сонда бай мен кедейдің тақырыбы, біз қараң едік, совет үкіметі келіп адам болдық деген идеяларды барлығы да бұлбұлдай сайрай бастайды. Жүсіпбектің де талай шығармалары революцияға дейін жазыл­ған. Бұл тақырыпқа келерде мені қатты ойлан­дырғаны – ХХ ғасыр басы дегеніміз – нақты қай жылдар және оның өкілдері кімнен кімге дейінгісі екені еді. Енді оның 1900 жылдан басталатыны даусыз, ал қай жылдармен аяқталуы керек деген сұрақ әлі күнге нақты емес. Бірде 1922, ал бірде 1930 делініп жүрді. Мен ХХ ғасыр басын­дағы әдебиет деп 1900-1929 жылдар аралығындағы әдебиет деген шешімге кел­дім. Себебі бұл аралықта біздің әдебиетіміз біршама еркін дамыды, ал осы уақыттан кейін қысым басталды. Бірақ сол 1900-1929 жылдар аралығында да жаңа тұрмыс идеясы, ескі әдебиетті ұмыттыру, Абай мен Пушкинді ысыру идеялары болған. Себебі Пушкиннің арғы тегі аристократ делінді, ал Абайдың арғы тегі бай делінді. Бірақ келе-келе Абайсыз, Пушкинсіз әдебиеттің болмайтыны белгілі болды. Ал 1929-1937 жылдар аралығындағы әдебиеттің бағыты мен стилі бөлек болды. Осы екі ара  әлі де нақты ашылмай келеді. Біз осы аралықты қазақ әдебиетінің көркемдігі күшейген тұсы болғандығынан да, әлі де қарастыруы­мыз қажет.
– Қазіргі ақын-жазушылардың шы­­ғар­маларын оқисыз ба? Бүгінгі көркем әдебиет жайлы қандай көз­қа­рас­та­сыз? Көркемдікке қатысты қандай сыныңыз бар?
– Оқимын. Қолдан келгенше оқуға ты­рыс­сам да, олардың көптігінен көз жазып қалмау қиын болып кетті. Қазір баспалар да, ақын-жазушы да көп. Қазіргі баспалар­дың жиынтық моделі мынадай: директоры сол баспаның қожайыны, оның бухгалтері әйелі, балалары мен туысқандары редак­тор­лары. Кейін кітапқа «Мәтінде кеткен қатеге редакция жауап бермейді» деп жа­зып қояды. Өз басым, кітап оқуды бастаған соң оны аяқтағым келеді. Себебі оның соң­ғы жағында керек бірдеңе қалып қой­ғандай болады. Дегенмен де қазақ әде­биетін шетел әдебиетімен салыстырып көрсек, мықты екенін аңғарамыз. Мықты прозашыларымыз бен ақындарымыз бар. Біздің поэзия кез келген елдің ақынымен сынаса алады. Драматургия да дамып келеді. Жалпы, постмодернизмге бармай тұрып, модернизмнің не екенін ұғынып алайық. Егер модернизм шығармадағы идеялық жаңа бағыттар болатын болса, оны біз қазақ әдебиетінде ХХ ғасыр басында-ақ болғанын айта аламыз. Мәсе­лен, соғыстан кейінгі заманда жалқы адам­ның қоғамға тәуелді екені жайлы идеялық, стильдік бағыттар көрінсе, ал постмодер­низмде көбіне жалқы авторлық идея сан түрлі әдістер арқылы беріледі. Десек те, постмодернизмнің ірі-ірі қағидалары әлі де қалыптасып үлгерген жоқ. Әлі де қалып­тасып жүргенін экспериментті зерттеуші ғалымдар да айтып жүр. Осы экспериментті жазып жүрген жазушыларымыз Төлен Әбдіков, Мұхтар Мағауин, Дидар Амантай, Айгүл Кемелбаева, Алтай Асқарлардың ізденістері бар. Өмірден өтіп кеткен Баққо­жа Мұқайды, жаңа тақырыпты өзінше жазып жатқан Смағұл Елубайды айтуға болады. Дей келе, әдеби сынның алдында­ғы проблеманың көптігін айта кетейік. Се­бе­бі мен қаламгермін деп жүрген қаншама адам болса соншама проблема бар. Қазақ әдебиетінде 700-ге жуық қаламгер бар. Ал әдеби сын жоқ. Тіпті кейде кітап бетін парақтап шыға салып, сын жазатындар кө­бейді. Сыншы нағыз парасатты адам болуы керек, дамыған, эстет, сезгіш, сұңғыла бо­луы қажет. Бізге қазіргі түсініксіздеу болып жүрген постмодернистік шығармаларды жалпыға түсіндіріп бере алатын адам керек.
– Ғаламтордың көркем әдебиет ті­лі­не, әдебиеттануға ықпалын байқап отыр­­сыз ба? Жалпы, ақпараттық тех­но­­логияның әдебиетімізге, сөз өнеріне алып-қосары не болмақ?
– Ақпараттық технологияның әдебиет­ке, қоғамдық санаға деген ықпалы өте зор. Қазір қағазсыз әдебиет пайда болды. Бірден сол компьютер бетіне түсіре алатын адам бұрынғылардан гөрі аса дарынды, өте ақылды, байқампаз болуы керек. Себебі монитор алды мен қағаз бетіндегі мәтін екі бөлек дүние. Қате сөз тіркестері де кетуі мүмкін. Сондықтан да қаламмен жұмыс жасау қауіпсіздеу.
– Шәкірттеріңізге әдебиетте не нәрсеге көңіл бөліп оқуын қадағалап, талап етесіз?
– Қазіргі студенттер оқулықта жазылған қысқа білімді оқып алады да, қайта айтып бергеннен басқа дым да істемейді. Бұрын шәкірттеріме бір семестрдің ішінде 20-30 кітап оқуын талап ететінмін. Қазір олай емес, олардың басқа да салалардағы білімі жетілуін ойлап, талапты жұмсарттым. Бірақ Абайдың өлеңдерін, ғақлияларын, қара сөздерін қарау, М.Әуезовтың романдарын, Ғ.Мүсіреповты, Ә.Кекілбаевты, Ә.Нұрпейі­сов­ты, М.Мағауинды оқу – әрбір жастың міндеті. Қазір 100 кітап оқу деген ұран шығып жатыр, расын айтсам, бұл көп кітап­ты ешқайсысы да оқи алмайды. Сондықтан да орындалатын тапсырмалар беруге тырысып келе жатырмыз. 40 жыл бойғы педагогикамның мақсаты да – осы.

Алашқа айтар датым...
Адам өз тегін ең бірінші кезекте білуі керек. Ешкімге ұқсамайтын ғаламат өнері бар, арманы биік, мақсаты айқын ата-бабаларымыз­дың рухын ілгері апаруымыз керек. Сол үшін де сауатты, ақылды, парасатты, төзімді бола түскеніміз абзал. Біз ұлттардың алдында бірінші болып шыға аламыз деудің өзі қате, оның орнына жұрт қатарлы, ешкімнен қалыспай, алдымызға  заманымызға сай мақсат қоя білсек деген арман қойсақ, бұдан артық ештеме жоқ деп ойлаймын. Елімізде тыныштық болсын, аман болайық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста