Кәсіби білім берудің оқу бағдарламасы оқушының мәдениеті мен этикалық құлығына бағдарланған болуы тиіс

Кәсіби білім берудің оқу бағдарламасы оқушының мәдениеті мен этикалық құлығына бағдарланған болуы тиіс

Сейітқали ШАЛАБАЕВ, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің директоры, профессор, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері:

– Сейітқали аға, бүгінде дүниежүзінде адамның ақыл қуатын мақсатты және ұйымдас­қан ерікпен қоғамдық игілікке айналдыру талабы туып отыр. Бұған қатысты сіздің ұстаздық танымыңыз, талдауыңыз қандай?
– Жалпы, ХХI ғасырдың басы бүкіл­әлем­дік адамзатқа ерекше талаптар қойса, оның негізі – ғылыми білім, жаhандану мәселелерін шешуші білім болып отыр. Бұл туралы ноосфераның негізін салушы ғалым Владимир Иванович Вернадский «адамдардың ноосфералық ойлауы – бұл ғаламдық ұжымдық ақыл, адамзат этнос­та­рының кемелділігі, тәуекелдер, жалпы адамзатқа ортақ үй – Жердегі мемлекет­тер­дің өркендеуіне қауіпті қысымдарды ес­кере алу қабілеті». Ноосфера – (грек­ше- «ақыл, шар») ол қоғам мен табиғаттың байланысы, адам ақылы – өсіп-жетілудің анықтаушы факторы. Өзіміздің ұлттық құн­дылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді сақтай отырып әлемдік білім беру жүйе­сі­нің интеграциясына талпыну мемлеке­ті­міз­дің білім саясатының негізгі ұстанымына айналып отыр. Себебі біріншіден, қазір әлемнің 108 еліне өз өнімдеріміз (күріш, ұн, балық, ет, мұнай, газ т.б) экспортқа шы­ға­ды. Қазақстан шетел нарығына шикі­зат қана емес, шикізаттық емес тауардың көлемін де 2014 жылы 40 пайызға көбей­туді көздеп отыр. Әлемдегі соңғы, жетік технологиялармен еңбек өнімділігін арт­тырып, үдемелі индустриялық-инновация­лық бағытқа бет алу – еліміз алдындағы басты міндет. Экспорттық-бағдарлау эко­но­микасы әлемдік стандартқа сәйкес кәсі­би мамандар даярлауды талап етуде. Екіншіден, бүгінде ешбір мемлекет кәсіби білім беру жүйесінде халықаралық кәсіби және білім беру стандарттарында бәсекеге қабілетті болмай табысты дамуы мүмкін емес. Үшіншіден, білім беру саласы әлем­дік сауда қызметінде барынша тез дамушы әлемдік экономиканың ірі секторына айналуда. XXI ғасыр білім беру қызметі нары­ғының дамуына жол ашты. Бұл сая­си және экономикалық интеграцияда, телекоммуникация жүйесін жетілдіру мен басқа да факторлар қатарын, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруды жоғары деңгейге жетуге бейімдейді. Бұ­дан басқа қазіргі замандағы жоғары сапа­лы білімді азаматқа тек лайықты табыс немесе карьералық өсу ғана емес, рухани байлықпен анықталатын өмірінің саулығы да – көңіл аударарлық нәрсе. Адам өз еңбегінің сипатына, маңызына, сұранысы­на, жаңашылдығына сәйкес кәсібін таны­мал етуде шығармашыл тұлға болуға ты­ры­сады. Оған тек материалдық қажеттілікті қанағаттандыру ғана емес, рухани кемел­ділік те маңызды. Шын мәнінде, адамды «оқуға үйрету» және қоғамдық өмір мен жаңа өндіріс талаптарына бейімдеу тап­сыр­масы өте маңызды. Кәсіби білім беру­дің оқу бағдарламасы оқушының мәде­ние­ті мен этикалық құлығына бағдар­­лан­ған болуы тиіс. Планетамыздағы табиғи ре­сурс­­тарды пайдалану қажеттілігі ұлғайған сайын және өндірістердің экологиялық зиян­сыздығы мен қуат үнемділігіне қа­тысты «жасыл кәсіпке» қойылатын талап барлық мемлекетке тән. Жалпы, халықтың қоғам мен табиғаттың үйлесімділігін сақ­тауға байланысты ой-тілегі, ғалымдардың ақыл қуаты дүниежүзін бір мақсатқа жұ­мыл­дырып отыр.
– Халықаралық кәсіби және білім беру стандарттарында бәсекеге қабілетті болу шетелдер­мен тәжірибе алмасу негізінде ғана дамитыны белгілі. Ендеше, өзіңіз бұл бағыттағы қандай іс- шараларға куә болып жүрсіз?
– Отандық кәсіби білім беруді халық­аралық бәсекеге қабілеттілікке жеткізу үшін біздің еліміз де халықаралық деңгей­дегі іс-шаралардың белсенді үйлестіру­шісіне айналып келеді. Мәселен, үстіміздегі жыл­дың сәуір айының басында Беларусь мемлекеті «Жаһандану жағдайында кәсіби білім беру талабы» деген тақырыпта халы­қ­аралық ғылыми практикалық конферен­ция өткізді. Оған 240-тан астам Қазақстан, Австрия, Әзірбайжан, Армения, Бельгия, Вьетнам, Германия, Канада, Польша, Ко­рея Республикасы, Ресей, АҚШ, Швейца­рия, Швеция, Қырғызстан т.б мемлекеттер­дің ғалымдары, сарапшылары, білім беру басқармалары органдарының өкілдері, сондай-ақ Әлемдік банк және Халықара­лық жұмысшыларды дамыту ассоциация­сы, ЮНЕСКО өкілдері қатысты. Соған ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан Минск қаласына біз Қазақстан делегация­сы болып бардық. Жаһандану жағдайында мемлекеттер жаңа тәжірибелерімен ал­мас­ты. Кәсіби мамандар даярлау жүйе­сін­де енгізіп жатқан жаңалықтарымен ма­ман­дар ортаға шығып слайдтарын, деректі цифрларын көрсетті. Мұнай саласы ма­ман­дары да сөйледі. Мен өнер саласынан келгеннен кейін сол жерде өзіме керекті түйінді іздедім. Бізді қарсы алған Беларусь Республикасының кәсіби білім беру инс­титутының жетекшісіне бірден жолығып, өзімнің конференцияға келу мақсатымның бір бөлігі өнер саласымен байланысты екендігін және басшы ретінде Белоруссия мемлекетіндегі осы бағыттағы оқу орын­дарын көріп, мамандармен пікір алмассам деген ойымды айттым. Екіншіден, жалпы, осы конференцияға қатысып, дүниежү­зін­де болып жатқан жаңалықтарды білу, есту – менің де міндетім. Келген күннен бастап Республикалық кәсіби білім беру институ­тының ресурстық колледждері бар екен. Соларды аралап көрсетті. Менің қызыққа­ным – олар мұндай ресурстық колледж­дерді ашқанда және оған жаңа мамандық­тар қосқан кезде бірінші шеберханаларды әбден жабдықтап алады екен. Ішіндегі технологияның бәрі – өндірістегі техноло­гия. Мәселен, біздің колледждегі 11 ма­ман­дықты, яғни кескіндеме, мүсін, сәндік театр өнері, интерьер, киім, графика ди­зай­ны, көркем тоқыма, көркемөнер әше­кейлеу, ағашты, қышты, металды көркем­деп өңдеуді байланыстыратын бір орталық жасайтын болсақ, ол талапқа сай болмай қалады. Өйткені қазір біздегі жабдықтар оқу процесін ғана қанағаттандырады. Алайда біз, мәселен, Қырғыз Республика­сының С.Чуйков атындағы көркемсурет училищесімен үнемі тәжірибе алмасамыз. Қырғыз әріптестеріміз біздің колледжде болған кезде жабдықтарымызды көріп, «біздер әлі сіздерге жеткен жоқпыз» деп қызықты. Ал Белоруссиядағы ресурстық оқу орындары өндірістегі технологияның макеттік бөлігімен емес, нақты сол өндіріс­те қолданылатын құрал-саймандармен жұмыс істейтіндігі бізді таңғалдырды. Мы­са­лы, жиһаз шығарып жатқан бөлімді көрдік. Бәрі компьютерлендірілген, үлкен станоктар, оқушылар мен мамандар сол жерде өзінің кәсіби шеберліктерін шыңдап жатыр. Колледждің оқушылары сол жер­ден алған білімдерін бірден тәжірибелік жүйеде игеріп, үйреніп, республикалық дең­гейде тапсырыс алуда. Сол сияқты құры­лыс саласы бойынша да, мәселен, дәнекерлеу бойынша өндірістегі оның түрлері, қандай материалдар дәнекерле­генде бір-бірімен үйлеседі, барлығы компьютерден көрініп тұр. Студент қолына құралын алып, дәнекерлеуді бастағаннан сенсорлы экраннан дәнекерлеу процесі көрінеді. Бәрі көз алдыңнан өтеді. Нәтиже­сінде қанша пайызы дұрыс, қанша пайызы дұрыс емес жасалды, соны автоматты түрде көрсетіп, жіберілген кемшілік қалай жасалуы керек болса, солай түзетіледі. Одан кейін құрылысшылар дайындайтын бөлімге бардым. Онда үлкен залдың ішіне шағын құрылыс алаңын жасап қойған. Соған барып студенттер штукатурканың барлық түрін іс жүзінде жасап үйреніп жатыр. Жанында құрылыс шебері тұр. Ол үйретеді. Студент бұрыс жасаса, қырып тастап қайтадан жасатады. Құрылыста­ғы­дай нақты өмір жүріп жатыр. Қазір көпте­ген мемлекеттерде екіжақты оқыту жүйесі қалыптаса бастады. Десек те, мұнай, құры­лыс және басқа да техникалық салаларда жаңа мүмкіндіктер көп болса да, біздің өнер саласында ол мүмкіндіктер аз. Мәсе­лен, еліміздегі шикізатты өңдеп, тауар етіп шығаратын көп фабрикалар мен зауыттар жабылып қалды. Бұрынғы Алматы мақта- мата комбинаты қазір «Армада» сауда орта­лығына айналды. Бұрын ол жерден дүниежүзіне мақта өнімдері экспортқа шығып, зор әлеуетке ие болған. Одан бері айтсақ, біздің зергерлік бұйымдар жасай­тын зауыттар болған. Олар да жоқ. Жеке­шеленіп кетті. «Саяхат» автобекетінің жа­нын­да жиһаз шығаратын орталық болған, ол да қазір сауда орталығына айналған. Бізде сол жағы қиындау. Сонда да біз жекеше­ленген фирмаларға барып, іскерлік келіссөздер жасап, зергерлік бұйымдар жасайтын мамандарымызды сол жерлерге апарып, үйретіп жатырмыз. Белоруссияда ресурстық колледждерді көріп қуандым. «Қандай мүмкіншіліктерді пайдаланып, бұларды ашып жатырсыздар?» деген біздің сауалымызға олар «республикалық кәсіби білім беру институты демеушілер табады, әйтпесе сол құрылыс мекемесінің өзі демеуші болады, жабдықтарын өздері әкеліп орнатып, дайындап береді. Сөйтіп, сол мекемеге жұмысшылар дайындаймыз. Бір-бірімізге қолдауды осылай жасап, мем­ле­кеттік деңгейдегі тапсырысты орын­даймыз», – дейді. Тағы бір көкейіме ерек­ше ұялағаны – немістердің жүргізіп жатқан жұмыстары. Оларда да екіжақты білім беру, яғни студентті оқу процесімен бай­ла­ныстыра өндірістен қол үзбей оқыту жүйесі жақсы дамыған екен.
– Басшы ретінде осындай ой сізді бұрыннан мазалаған болар?
– Менің өнер саласында жұмыс істегеніме қырық жыл болды. Оның ішінде отыз жылымда Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында сәндік қолданбалы өнер және дизайн факультетінде жұмыс істедім. Сол жерде жаңадан дизайн кафедрасы ашылғанда, соның меңгерушісі болдым. Оның сыртында ректордың орынбасары болдым. Осы қызметке сол жердегі декан­дық жұмыстан ауысып келдім. Сол кезден бастап менің басымда осындай ой жүр. Функциясы бірнеше саланы қамтитын өндірістік орталығымыз болса, сол орта­лық­та біздің студенттер өндіріске бе­йімделіп қана қоймай, ол Халықаралық деңгейдегі симпозиум мен пленер өткізер еді. Шеберханаларда тек біздің оқушыла­рымыз ғана емес, басқа мектептерде жұ­мыс істеп жүрген шебер мұғалімдер білік­тіліктерін арттырар еді, ол жерде қолмен жасалып жатқан дүниелер туризм саласы­ның бір жүгін көтерсе, туристерге арнайы галереядан ұлттық дүниелерімізді көріп, сатып алса деген ойым болған. Әсіресе ұлттық кәдесыйдың жетімсіздігіне қатты қарным ашады. Себебі кәдесый жасау өнеріне қолынан іс келетін ынтасы бар азаматтардың бәрін баулуға болады. Мы­са­лы, Алматы қаласы Бостандық ауданын­дағы тұрғындардың әлеуметтік жағдай­ларын жақсарту бағытында зейнеткер жа­сын­дағы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тоқыма түрлерін, біз кесте, гобелен, батик жасауды үйретуге біздің колледж бір жыл бойы жоспар бойынша жұмыс істеді. Жетістіктеріміз жоғары. Алғысхаттар алып жатырмыз. Теледидар­дан да шеберлік сабақтарын жүргіземіз. Біздің мақсатымыз әр адамға өз қолымен қолөнер бұйымын жасап, қаржы таба алу мүмкіндігін туғызу болып отыр. Мұндай тегін шаралардың екіжақты пайдасы зор. Біздің тарапымызға пайдалысы - жоғары курс студенттері іс-тәжірибеден өтеді және адами қасиеттерін дамытады. Біздің колледждің әлі кәмелетке толмаған жеткін­шектері мүмкіндігі шектеулі жандарды көріп, ішкі жан дүниесінің мейірімі арта­ды. Қамқорлық көрсетіп, бар ынталарымен оларды шеберлікке баулиды. Колледжден шебер мұғалімдеріміз барып, үйірмеге жетекшілік жасайды. Бұл дегеніміз бір жағынан ұрпақ тәрбиесіне жақсы әсер етсе, екіншіден, өз қолымен бұйым жаса­ған адамның қуанышында шек болмайды. Өздері жасаған бұйымдарын жақында­рына сыйға тартады. Бұл шараның біз үшін қайырымдылық жағы маңызды. Сувенир жасау әлемінде осындай ортаны кеңейтіп, Қазақстанда сувенир жасау сапасы артса, отандық сувенир көбейсе деймін. Елбасы­мыз Қазақстанды әлемдік деңгейге көте­ріп жатқанда шетелге әкетілген әрбір сувенир кішкентай болса да сол танымалды­лыққа үлес қосар еді.
– Өзге елге тамсанған жақсы, бірақ солармен салыстырғанда өз еліміздің жалпы кәсіби білім берудегі ілгерілеушіліктерін байқадыңыз ба?
– Сол сапардан кейінгі екінші сапарым Астанада болды. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-тың «Бола­шақ» бағдарламасының 20 жылдық мерейтойымен қоса өткен I Халықаралық білім форумына қатыстым. Минск сапа­рында Астанадағы «Тұран-профи» халықаралық кәсіби білімді көтеру акаде­миясының ректоры Манен Омаровпен танысқан едім. Сол кісінің шақыруымен осы орталықты көргенде оның Минскідегі оқу орнынан асып түспесе кем емес екенін білдім. «Тұран-профи» орталығындағы технологиялар еліміздегі мамандардың кәсіби біліктілігін арттырады. Біз қазір ҚР Ғылым және білім министрлігінің қолдауы­мен колледжімізде келер оқу жылынан бастап шыны мен теріні көркемдеп өңдеу және анимация бөлімдерін ашуды көздеп отырмыз. Бұл істе біз Түркия мемлекетімен келісімшарт жасап жатырмыз. Ал «Тұран- профи» бізге мамандар біліктілігін арттыру мен олардың шетел технологияларымен мамандануына көмек бермекші. Астана­дағы Білім форумы да Халықаралық дең­гейде болды. Германия, Норвегия, Ресей, АҚШ, Франция, Голландия, Словакия т.б елдерден делегациялар келіп, жаңа технологияларын әкелген. Бір жақсысы олар әкелген соңғы үлгідегі технологияла­рын қайта алып кетпей, келісімшарт негі­зінде орталықтарға қалдырып кетіп жатыр. Мен Венгрия мемлекетінен келген азамат­пен сөйлестім. Қазір онымен келісімшарт жасауға ниеттеніп отырмыз. Олардың ди­зайн саласындағы технологиялары маған ұнады. Әрбір шебердің қолмен бұйым жасағандағы еңбек процесі компьютер бағдарламасы арқылы үлкен экраннан көрініп, жұмыс барысы тұтас сақталады. Сызған сызуға дейінгі қателіктер көрсеті­леді. Интерактивті білім беру жүйесі жақсы жолға қойылған. Біз де өз колледжімізде өзіміздегі мүмкіндіктерді пайдаланып, шеберге керекті құрал саймандарды шы­ғар­сақ деген ойдамыз. Сондай-ақ суретші­лердің еңбектерін сатылымға шығара­тын­дай мүмкіндіктерді қарастырудамыз.
– Әр саладағы көптеген еуропалық танымал адамдардың өмірбаянымен таныссаң, бітіргені – бір колледж... Ал бізде бала да, ата-ана да 3 жыл 10 ай оқыған колледждік білімді жоғары оқу орнына апаратын бір баспалдақ деп қана түсінеді. Колледждік білімге сұраныс аз деседі...
– Еуропалықтардың кәсіби білім берудегі өндіріспен байланысты қысқа мерзімдік тәжірибелерін мен қуана қол­даймын. Әйтсе де біздің салаға қатысты үнемі қойылатын осы сұрақ өз ретінде орын­ды болғанымен, кейде менің көңілім­ді қынжылтады. Мәселен, Алматыдағы республикалық деңгейдегі төрт колледж: П.И. Чайковский атындағы музыка кол­лед­жі, А.В. Селезнев атындағы хореогра­фия колледжі және Ж. Елебеков атындағы эстрада цирк колледжімен біздің О.Таң­сықбаев атындағы Алматы сәндік- қолдан­балы өнер колледжі ұстаздарына «сіздер­дің мамандарыңызға сұраныс бар ма?» деп сұрақ қою кей жағдайда орынсыз. Әрине, бізді бір жерде станок күтіп тұр, бір жерде шеберхана күтіп тұр деп қарауға бол­майды. Себебі біз жалпыға ортақ мамандық иелерін емес, өнер адамдарын тәрбиелейміз. Бұл оқу орындарына жет­кін­шектер дара талантымен қабылданады. Ешкім бізге ренжімейді ғой, бұл – қаншама өнер адамдарын дайындаған қараша­ңы­рақ. Өзінің 75 жылдық тарихында біздің колледжден қазақ бейнелеу өнерінің қайраткерлері Қ.Телжанов, А. Ғалымбаева, Г. Исмайлова, Д. Шоқпарұлы, А. Дүзелха­нов сияқты көптеген атақты қылқалам шеберлері шыққан. Шойынбет би айтпақ­шы, «Дәулет – қолдың кірі, жусаң кететін, Бақ – сел көшкіні, уақытпен өлшенген, Өнер – ризық, несібе, таусылмайтын, Тіл – ізгілік мұрат, ұрпаққа қалдыратын» деп, ендеше, біз кәсіби деңгейде жоғары білімі бар азаматтардан кем емес, кәсіби білімі жоқ азаматтардан жоғары өз маманды­ғына шебер өнер адамдарын дайын­дай­мыз. Олардың ішінде білімін жоғары оқу орындарында жалғастырып, шетелге кетіп жатқан мамандар да бар. Өнер туындысын жасайтын болғандықтан оларды сағатпен, уақытпен баулуға болмайды. Бала кезінен жасап, машықтанғаны қазақтың ұлттық сәндік қолөнер бұйымы болғаннан кейін, арман-мақсаттары үлкен бір қиял әлемі­мен, композициялық ұғымдармен, ұлттық өткен тарих және әдебиетпен байланыс­қаннан кейін бұл түсінікке ауқымды қарау керек. Бізде бұл – өте ауқымды ұғым. Сұ­ра­ныс бар ма, жоқ па дегенде, өнер ұлты­мызға керек пе? Керек. Ал өнерді кімдер жасайды? Өнер адамдары. Сондықтан біз керекпіз бе? Керекпіз. Біз ұлттық өнері­мізсіз, ұлттық тілімізсіз қазақ болып таныла аламыз ба? Жоқ. Сондықтан біздің жыл сайын ұшыратын жүздеген түлектеріміздің ішінен он адам қазақтың ұлттық өнерін жасап жатса – біздің берген біліміміз, еңбегіміз зая болмағаны. Біз адамның ішкі рухани мәдениетін көтеріп жатқан оқу орнымыз. Өнер адамдары – патриоттар. Бізде жүрген 60-70 жастағы ұстаздар – халқымыздың өнер жолында жүрген пат­риоттары. Олар өздерінің алтын уақыт­та­рын бөліп, студенттерге білгенін үйретеді. Өз шеберханаларында отырып, өз бұйым­дарын жасап, сатылымға шығарса да бо­ла­ды, бірақ керісінше жастарды өз өнеріне баулуға атсалысады... Тағы бір айтарым, тек өнер саласында маманданып жатқан жастарға ғана емес, мектептегі орта білімнен кейін кәсіби білім алып жатқан жалпы оқушылар үшін еліміздегі біліктілікті арттыратын орталықтар, сондай-ақ жоға­ры оқу орындарында білімін жалғастыру қолжетімді болуы тиіс. Кәсіби білім беретін оқу орындарында жасөспірімдердің білім мен ғылым, шығармашылықпен айналы­суына мүмкіндіктер жасалады. Ары қарай оның өзінің де, ата-анасының да шешімі болуы керек. Ертеңгі күні жеке кәсіпкер боламын, фирма ашамын, зауыт ашамын деп біліммен, ғылыммен айналысса, ол да өз еркінде. Қазіргі ата-аналар балама жо­ғары білім берсем деп ойлайды. Жалпы­лама бере берген білімнен не шығады? Кәсіби білімді дұрыс меңгермесе, ертең жоғары білім алғанымен, қоғамнан өз ор­нын таба алмайды. Сондықтан ұрпақ кәсіби білім алуға жауапты болуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста