Исламдық ұйымдарға деген кері көзқарасты қайта қарауда Қазақстан өз сөзін айтуы керек
Сейфулла Сапанов, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Қазіргі таңда халықаралық ұйымдардың әлемдік қауымдастықтағы рөлі әлсіреп кеткені туралы жиі айтылады. Алдағы уақытта халықаралық ұйымдардың маңыздылығы арта түсе ме, әлде осы ұйымдардың рөлін ірі державалар иеленіп кете ме?
– Халықаралық саясатта халықаралық ұйымдардың рөлі, негізінен алғанда, өте маңызды. Тарихи тұрғыдан алғанда, халықаралық ұйымдар әлемдік саясатты реттеуде шешуші рөл атқарған кездер болды. Мысалы, өткен ғасырда 1919 жылы құрылған «Ұлттар лигасы» Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында халықаралық қатынастарды реттеп отырды десек болады. Мәселен, 1934 жылы «Ұлттар лигасына» КСРО-ның кіруін, ұйымның Жапонияға байланысты ұстанымын, бұл елдің Қиыр Шығыстағы агрессиялық саясатын тежеуін атап өтуге болады. Әрине, сол кездегі фашистік тәртіп орнаған Италия мен Германия мемлекеттері бұл ұйымның шешімдерімен санаспады, дегенмен жалпы халықаралық саясаттағы белгілі дәрежедегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі «Ұлттар лигасының» рөлін жоққа шығаруға болмайды. «Ұлттар лигасы» сол кездегі ұжымдық қауіпсіздіктің бірінші тәжірибесі болды. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған халықаралық ұйымдар «биполярлық жүйе» кезінде халықаралық саясатта шешуші рөл атқарды. БҰҰ сияқты универсалды ұйымдар АҚШ пен КСРО арасындағы үшінші дүниежүзілік соғысты болдырмауда, аймақтық қақтығыстарды реттеуде орасан зор қызмет жасады. Жалпы, халықаралық тәжірибеде бейбітшілік пен тұрақтылықты және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде халықаралық ұйымдарға арқа сүйеу саяси либерализм теориясының негізгі қағидасы болып табылады. Саяси либерализм теориясы бойынша, халықаралық қатынастардағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі факторлары – халықаралық ұйымдарға арқа сүйеу, ұжымдық қауіпсіздік және халықаралық саясаттағы мораль. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, саяси либерализмді негізінен орта және кіші мемлекеттер өздерінің сыртқы саясатының негізгі концепциясы деп қарастырады. Ал алпауыт мемлекеттер саяси либерализм тәжірибесін өте сирек қолданады. Соңғы уақытта алпауыт мемлекеттер халықаралық ұйымдарды өздерінің геосаяси мақсаттары үшін жиі пайдалануда. Мысалы, АҚШ, РФ мен ЕО тәжірибесі соған айқын дәлел бола алады. Меніңше, халықаралық қауымдастық қандай да бір мемлекеттің монополиясына жол бермейді. Сондықтан халықаралық ұйымдар өз маңыздылығын жоймайды.
– Былтыр Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, халықаралық ұйыммен қарым-қатынаста біраз тәжірибе жинадық. ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымызды қорытындыласақ. Қазақстан ұйымға, ұйым Қазақстанға не берді?
– ЕҚЫҰ – құрамына 56 қатысушы мемлекет кіретін жалпыеуропалық ұйым. БҰҰ Жарғысының 8-тарауына сәйкес, Еуропадағы дағдарыстық ахуалдардың ерте алдын алу және оларды болдырмау, Еуропадағы қазіргі бар жанжалды және жанжалдан кейін қалыпқа келтіруді реттейді. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі – халықаралық ұйымдарға мүшелікті стратегиялық басымдық ретінде анықтаған болатын. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасы халықаралық әмбебап ұйымдармен бірге, аймақтық беделді ұйымдарға мүше болуды мақсат етті. Оның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ, Ислам конференциясы ұйымы және т.б. бар. Сонымен бірге Қазақстан бірнеше аймақтық интеграциялық ұйымды құрудың бастамашысы болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа жету жолы оңай болған жоқ. 1996 жылы-ақ еліміз ТМД мемлекеттері тарапынан төрағалыққа ұсынылған болатын. Әлемдік қауымдастық Қазақстандағы демократиялық реформаларға басты назар аудара бастады. «Қазақстан деген қандай мемлекет, оның сыртқы саяси ұстанымдары қандай, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қандай тұлға» деген сауалдар «нысанаға» алынды. Төрағалық елдің саяси жүйесін демократияландыруда бірнеше батыл реформаға баруда және саяси жүйені реформалауда кезек күттірмейтін шараларды қолға алуды талап етті. Мәселен, Қазақстан президенттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға өтуді, саяси партиялардың парламенттік партияларға ұласуының алғышарттарын айқындауда, тәуелсіз БАҚ қалыптастыруда батыл қадамдар жасауды шындап қолға алды. Бұл тұрғыдан Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінен көш ілгері кетті. Мұның бәрі әлемдік қауымдастық тарапынан дұрыс бағалануда. Әрине, демократия жолы оңай емес, бірақ қоғам демократияға дайын емес, қазақ халқына демократия жат деген жаңсақ пікірлер келмеске кетті. Қазақстан азаматтық қоғам құру жолында өзіндік жолды таңдауда. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында көптеген саяси мәні бар шара өтті. Төрағалықтың басты қорытындыларына келетін болсақ, біріншіден, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның назарын Орталық Азияға аударды. Осылайша, Қазақстан еуропалық ынтымақтастықтың Азия бағытына қарай кеңеюіне мүдделілік танытуда. Екіншіден, еліміздің халықаралық қауіпсіздікке қатысты бастамалары Шығыс пен Батыс арасындағы қарым-қатынастардың жаһандық үйлесімінде шешуші рөл атқарады. Алдағы жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететін Қазақстанның бірнеше халықаралық ұйымның басын біріктіретіні даусыз. Үшіншіден, Астана Саммиті лаңкестік пен экологиялық тәуекелдер – адамзат баласының басына төнген ортақ қатерлерге назар аудартты. Бұл ұлт, нәсіл таңдамайды. Бұларға халықаралық қауымдастық мүшелері күш-жігерін біріктіргенде ғана қарсы шыға алады деген негізделген шешімдері маңызды болды. Төртіншіден, Астана Саммитінде ғаламды шарпыған қаржылық дағдарыстан шығу жолдары талқыланып, алпауыт мемлекеттердің экономикалық көрсеткіштерін кері айналдырған бұл дағдарыстың табиғаты бұрынғыларға қарағанда бөлек екендігі айтыла келіп, күллі әлем мемлекеттері ендігі жерде тұтқиылдан тап беретін қиындықтарды алдын ала болжауға және басқаруға болатын жаңа әлемдік тәртіпті орнатуды мақұлдады.
– Биыл Ислам конференциясы ұйымының СІМК-ке төрағалық етпекпіз. Бұл ұйым туралы ақпараттар жеткіліксіз. Әлемде көлемі жағынан екінші ірі ұйым болып табылатын ИКҰ туралы айтып өтсеңіз...
– Ислам конференциясы ұйымы Иерусалимде әл-Ақса мешіті өртенгеннен кейін 1969 жылы ресми түрде құрылды. Енді бір айдан астам уақыттан соң Қазақстан осы Ислам конференциясы ұйымының Сыртқы істер министрлер кеңесіне төрағалыққа кіріседі. ИКҰ – 57 мемлекет мүше болып табылатын, 1,5 млрд халқы бар ұйым. Ұйымға мүше мемлекеттер негізінен Солтүстік Африка, Таяу және Орта Шығыс мемлекеттерін біріктіреді. Бұл аймақ өте күрделі геосаяси және әскери-саяси жағдаймен ерекшеленеді. Мынаған назар аударыңыз, Ауғанстан, Кашмир, Ирак, Палестина және Судандағы қақтығыстар мен қайшылықтардың өзі неге тұрады?! Бұл аймақ сонымен бірге АҚШ мен Батыс әлемінің басты назарында екенін ұмытпағанымыз жөн. Сонымен бірге аталмыш аймақ соңғы кезде халықаралық лаңкестік пен радикалды исламның негізгі қайнар көзі болып отыр. Ислам конференциясы ұйымының аумағы ядролық қаруды тарату аймағы болып есептеледі. Пәкістан, Иран, Ирак, Сирия, Ливия, Мысыр, Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттер ядролық қаруы бар және ядролық қаруға ұмтылуға мүмкіндігі бар мемлекеттер деп есептеледі. Жалпы, ИКҰ-ға мүше мемлекеттер, әсіресе Африкадағы мемлекеттер экономикалық дамуы жағынан артта қалған болса, кейбір мемлекеттер керісінше, дамушы мемлекеттер қатарына ұмтылуда. ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің көпшілігі демографиялық, экологиялық және күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелері бар мемлекеттер қатарына жатады. Көріп отырғанымыздай, ИКҰ аймағы тұрақсыз саяси аймақ болып табылады. Осындай жағдайда Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы бірнеше саяси мәні бар қиыншылыққа апаруы мүмкін. Сондықтан да Қазақстанның өз төрағалығы кезінде саяси дағдарыстарға тартылып және ислам әлемімен, оның геосаяси қарсыластарымен қақтығысқа ұшырап қалмауы өте маңызды. Қазіргі жағдайда мұндай қақтығыстар тарапына Араб-Израиль қақтығысын, Ирак мәселесін, халықаралық лаңкестікті, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселелерді, ислам әлеміндегі шииттік ағымның күшеюін, Ауғанстан мен Пәкістандағы тұрақсыздықты, Үндістан мен Пәкістан арасындағы қатынастарды және соңғы кездегі Ливан, Мысыр, Ливия, Алжир, Йемендегі ішкі тұрақсыздықтарды жатқызуға болады. Біз үшін ең маңыздысы аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке әсер ететін қақтығыстардың географиясын тежеу және ҚР геосаяси мүдделері бар аймақтарда тұрақтылықты сақтау болып отыр. Оның ішінде Орталық Азия, Ауғанстан, ШҰАО, Иран, Каспий және Кавказ аймақтарын атауға болады.
– Қазақстанның ислам әлеміндегі рөлі қандай? Осы сұраққа түрлі ғылыми конференциялар ұйымдастырылса да, нақты жауап, объективті баға берілмей келеді.
– Соңғы уақытта ислам мемлекеттерінде саясилану үрдісі күшті жүріп жатыр. Соған байланысты мемлекет пен діннің рөлі, адам құқығы мен діни радикализм мәселелері өте өзекті болып отыр. Осы орайда Қазақстанның зайырлы саясатына деген көзқарас сарапшылар мен саясаткерлер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр. Қазақстандағы дін мен билік арасындағы қатынастар, діни институттардың рөлі ерекше. Осыған орай Қазақстанның ислам әлемімен саяси қатынастары жаңа сипат алуда. Біздің ұстаным бойынша, этникалық ұлтшылдық пен діни экстремизм мемлекеттің негізіне кері әсерін тигізеді, сондықтан да ИКҰ төрінде исламдық ұйымдарға деген кері көзқарасты қайта қарауда Қазақстан өз сөзін айтуы керек деп есептеймін.
– Көптеген ғалым Қазақстан ИКҰ-ға төрағалығы кезінде кейбір батыстық институттарды енгізу керектігін алға тартып жүр. Бірақ мәдениеті, діні бөлек өзге бір әлем оны қабылдай қоя ма?
– Ислам мемлекеттеріне батыстық идеология мен батыстық институттарды енгізу мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Менің ойымша, жалпы қандай да бір идеологияны немесе революцияны экспорттау қауіпті. Тарихта ондай тәжірибелер болған және оның немен аяқталғанын біз жақсы білеміз. Қарапайым ғана ерлер мен әйелдердің қоғамдағы теңдігі, гендерлік саясат, адам құқығы деген құндылықтардың ислам елдеріндегі өлшемі басқаша. Ислам әлеміндегі қоғамдық қатынастарды тек шариғат қана реттеп отырады. Батыс құндылық деп есептейтін кейбір институттарды араб елдері қабылдамайды. Қазақстан ИКҰ-ға төраға бола отырып, біз ондай радикалды қадамдарға бармаймыз деп ойлаймын.
– Жұмысы қожырап кеткен ЕҚЫҰ-ны бір серпілткен Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына қандай жаңа леп әкелуі мүмкін?
– Жалпы, өркениеттері екі түрлі, құндылықтары бір-бірімен қабыспайтын ЕҚЫҰ мен Ислам конференциясы ұйымын салыстыруға болмайды. Біздің
ЕҚЫҰ-ға төрағалық саясатымыз және ондағы ұстанымымыз негізінен ақталды. Ал Ислам конференциясы ұйымына басшылық ету ерекшеліктеріне біз жоғарыда тоқталдық. Меніңше, бұрынғы төрағалардың бастаған бастамаларын жалғастырып, ұйымның дамуына септік болу керекпіз. Осы принциптерден ауытқымауымыз қажет.
– Бізде Батыстың, Ресейдің ықпалы туралы жиі айтылады. Бірақ осы араб әлемінің ықпалы туралы айтыла бермейді. Осы ислам әлемінің ықпалы қаншалықты? Қауіп бар ма?
– Ислам әлемінен қауіптенбеу керек. Меніңше, бұл бұрынғы идеологиялық кертартпа саясаттан қалған мұра сияқтанады. Бір жағынан, ислам мемлекеттері қазіргі кезде дамудың үлгісін көрсетіп жатқанын ұмытпаған дұрыс. Араб немесе ислам ренессансы дейміз бе, әйтеуір, қазір ислам әлеміне деген көзқарас бүкіл әлемде өзгеруде. Тіпті бұрындары дамыған Батыс мемлекеттерінің өзінде бұрын мұсылмандарға жабайы көзқарас болғаны рас. Ал қазір Батыстың жаңа технологиясын, мәдениетін меңгергендер – мұсылмандар. Егер де бұрын Батыста және АҚШ-та болсын мұсылмандардың мансабы өсе бермейтін болса, қазір керісінше, медицина, микробиология т.б. ғылым салаларында мұсылмандардың саны көп. «Өнерді үйрен де, жирен» деген ғой. Қандай өркениеттен болсын пайдалы нәрселер алуға болады. Біз қоғамға пайдалысын алып, қауіптісінен дер кезінде бас тартып отыруымыз қажет. Мұндайда орыстың «ақысыз ірімшік – тек қақпанда ғана» деген тәмсілін естен шығармауымыз қажет. Қандай мемлекет болсын тегін көмек көрсете бермейді. «Судың да сұрауы бар» демекші, қай елдің қандай пиғылы бар екенін дер кезінде бағамдап отырған дұрыс.
Алашқа айтар датым...
Қандай өркениеттен болсын пайдалы нәрселер алуға болады. Біз қоғамға пайдалысын алып, қауіптісінен дер кезінде бас тартып отыруымыз қажет. Мұндайда орыстың «ақысыз ірімшік – тек қақпанда ғана» деген тәмсілін естен шығармауымыз қажет. Қандай мемлекет болсын тегін көмек көрсете бермейді. «Судың да сұрауы бар» демекші, қай елдің қандай пиғылы бар екенін дер кезінде бағамдап отырған артықтық етпейді.