Ғылыми-техникалық жетістіктердің жылдам қарқын алуы жаңа құндылықтарды қалыптастырды

Ғылыми-техникалық жетістіктердің жылдам қарқын алуы жаңа құндылықтарды қалыптастырды

Гүлмира Сұлтанбаева, саяси ғылымдар докторы, профессор:

– Гүлмира Серікбайқызы, ақпарат пен технологияның жылдам дамуы техникаға тәуелді адамды, техногендік қоғамды дүниеге әкеледі деген бол­жам айтылып жүр. Оның алғы­шарт­та­рын көріп те жүрміз. Сонда ізгілікке негіз­дел­ген руханиятты қоғамды жо­ғалтып алмаймыз ба?
– Біз өмір сүріп отырған қоғам жаңа талап­тар мен міндеттерді ұсынуда. Оның басты себебі неде? Ақпарат немесе білім қоғамы ғылым мен технологияны, сондай-ақ олардың қоғаммен байланысын мүлдем жаңа арнаға бұрды. Ғылыми-техникалық жетіс­тіктердің жылдам қарқын алуы аза­мат­тардың қоғамдық болмысы мен қоғам­дық санасын өзгертті, жаңа құнды­лық­тар пайда болды.
Қазіргі замандағы ғылым жаңа техно­логия­ларды өндірумен қатар, қоғамның рухани құндылықтарына бағытталған жаңа саланы – гуманитарлық технология сала­сын дүниеге әкелді. Бүгінде гуманитарлық ғылым­дардың жаһандық үндеулер алдын­да шоғырлануы оларға пәнаралық сипат берумен қатар, қоғамның рухани-гума­ни­тарлық, этно-мәдени, философиялық-дүние­танымдық салаларын біріктіре, бір арнаға тоғыстыра бастады. Гуманитарлық ғылымға деген жаңа көзқарас құндылықтар проблемасына қайта оралуға, гумани­тар­лық ілімнің өзегіне айналуға негіз болды.
Интеллектуалдық қоғам жолында да­мып келе жатқан Қазақстанда аталып отырған мәселелер бізге жаңаша міндеттер жүктеуде. Қазақстанға ұлтымыздың әлеуе­тін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасай­тын интеллектуалды құбылыс қажет­тігі осыдан үш жыл бұрын билік тарапынан айтыла бастады және ол аяқсыз қалмастан, мемлекеттік саясаттың басты векторына айналады деген үміт бар. Сондықтан да жал­пыадамзаттық ізгілікке, ұлттық құн­дылықтарға негізделген руханиятты қоғам құру – әрбіріміздің міндетіміз.
– Сонда интеллектуалдық қоғам құру үшін қандай қадамдар жасалуы тиіс? Басты құндылықтары неде?
– Интеллектуалдық қоғам қалып­та­суы­ның басты ядросы – адам капиталы. Ұлттың интеллектуалдық капиталы мен халықтың менталдық капиталының дамуы еліміздегі азаматтардың аталған мәселелерге жаңа көзқараста қоғамдық санасының қалып­та­суын күн тәртібіне қойды.
Қазақстандағы интеллектуалдық қор­лар­дың басты көрсеткіші ретінде білім мен ғылым дамуына ықпал етерлік фактор­лар­ды, рухани-мәдени құнды­лықтар мен эти­калық нормаларды сақтау, дәріптеу дәс­түрге айналуы тиіс.
Ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арт­ты­рудағы басты құндылықтар ретінде адам капиталын дамытудың басты орында тұруы заңды. Адам – қоғамның басты жемісі.
Елімізде интеллектуалды азаматтың қалыптасуы жолында олардың қоғамдық сана­сына ықпал етерлік гуманитарлық тех­но­логиялар кешенді зерттелуі, нәтижелері стратегиялық мақсатта орындалуы тиіс. Қазақстандағы ғылым жаңа технологияның дамуына, атап айтқанда, қоғамның ізгілік­ті-рухани құндылықтарының қалыптасуына негіз боларлық жаңа сала – гуманитарлық технологиялар саласының дамуын қорда­лан­ған мәселелердің жауабы деп қарас­тыр­ған жөн.
– Интеллектуалды азамат қалып­тас­тыруымыз керек деп қалдыңыз. Жалпы, бізде интеллектуалды қоғам қалып­тастыруда қандай да бір жұмыс­тар атқарылып жатыр ма? Бірлі-жарым кон­ференциялар мен жиындарды айтпай-ақ қоялық. Нақты бір бағыт-бағдар ұстанған, кешенді түрде, мақ­сат­ты түрде іргелі істер басталды ма?
– Әрине, интеллектуалды қоғам құру бір күннің шаруасы емес және де біз өмір сүріп отырған қоғам – интеллектуалды қоғам жолында. Шын мәнінде, интел­лек­туал­ды қоғамда саяси-экономикалық, әлеу­меттік, өн­дірістік, инновациялық салалардың бар­лық тетігіне интеллектісі жоғары, ізгі адам еңбегімен үлес қосады. Еңбек адамы – білім адамы. Сондықтан да қоғам үшін адам басты капитал саналады.
Жаһандық талаптарға сай әлеуметтік-гуманитарлық, қоғамдық-саяси ғылым­дар­дың шоғырлануы нәтижесінде гума­ни­тарлық ғылым мен білімнің осы бағытта дамуы – бүгінгі адамзаттың өркениетті құнды­лықтарды сақтауға, ізгілікті қоғам құру­ға деген ұмтылысынан.
Интеллектуалды қоғам қалыптастыру еліміздегі білім мен ғылымның дамуына бағытталған «ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жж. арналған мемлекеттік бағдар­ламасының» әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық тиімділіктерді қамтамасыз етуге бағытталған шараларының, «Интел­лек­туал­ды ұлт – 2020» бағдарламасының білім беру мен ғылыми әлеуетті арттыруға бағыт­талған кешенді жобасының орын­да­луына қажетті гуманитарлық ілім мен құн­ды­лықтарға негізделген әдістерді зерт­теумен, орындалу құралдарын әзірлеу мен ком­муникациялық стратегияларды ұсы­нумен айқындалып отыр.
Қазақстанда адам капиталы страте­гиялық ресурс болып табылады. Аза­мат­тар­дың интеллектуалдық капиталы қалып­тасуының базалық қондырғысы – білім мен ғылым. Интеллектісі жоғары азамат заманауи инфрақұрылымды дамыта, тиім­ді мемлекеттік аппаратты құра, қолайлы бизнес климатты қамтамасыз ете алады. Сондық­тан елімізде саяси ерік пен қоғам­дық санасы қалыптасқан әлеуметтік тұл­ғаны жетілдіруге бағытталған «Елдің интел­лектуалды әлеуеті» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында ғылыми зерттеулердің жүргізіле бастауы – оңды нәтиже.
– Расында, интеллектуалды қоғам құру мәселесі әлемдік деңгейде кө­те­ріліп отыр. Шетелдік ғалымдардың бұл бағыттағы айтарлықтай зерт­теу­лері, орындалған тәжірибелері бар шығар. Олардан үйренеріміз бар ма?
– Әлем елдерінің алдында тұрған проб­леманың өзі де қоғамның рухани әлеуетін арттыру болып отыр десем, жаңы­лыс­пас едім. Өйткені адамның әлеуметтік қажетіне жараған озық технологиялар заманы бел­гілі бір деңгейде адамзаттың рухани құл­ды­рауына, танымдық тоқырауына әкелген болатын.
Бүгінде әлемнің көптеген елінде бұл бағытта бас қосқан ғалымдар түрлі бағыт­тар­да мәселені шешуге атсалысуда. Мәсе­лен, АҚШ-тың Гарвард университетінде гуманитарлық бастамалар бағытында, сон­дай-ақ Катар мемлекетінде гуманитарлық ғылымдарға байланысты зерттеулер ке­шен­­ді түрде жүргізілуде. Осы елдегі гу­ма­ни­тар­лық зерттеулер базасы дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарлы ақпараттар қорына ие. Жоба аясында зерттеу траек­то­рия­сы дүние­жүзінің 191 елін қамтиды. Зерт­теу негізінде таяу арадағы гума­ни­тар­лық сипаттағы қауіп-қатерді ескертуге ар­нал­ған Дағдарыс картасы жасалды. Ол жобаның мақсаты соңғы технологиялық жетістіктердің адам өміріне ықпалын анық­тау және дағдарыс жағдайларында техно­ло­гиялық жетістік­тер­ді мүмкіндігінше тиім­ді пайдалану жол­да­рын зерттеу болып та­былады.
Әлем назарындағы табысты жобалар­дың бірі ретінде осы Катар еліндегі «ілімге, білімге және оны игеруге деген ықылас барлық мүмкіндікке жол ашады» деген қағида негізінде жұмыс істейтін Инновация және білім беру саммиті аясындағы зерт­теу­лерді атауға болады.
Әлемнің Судан, Гаити, Либия, Сомали, Сирия сияқты елдерінде аталмыш жоба бағы­тындағы зерттеулер тәжірибесі бар. Бұл жобалардың барлығы да төтенше жағдайларда және қақтығыс жағдай­ла­рын­да гуманитарлық сипаттағы жаңа техно­логияларды қолдану жолдарын зерт­тейді. Сондай-ақ бұл салада әлемнің ғылы­ми қауымдастығының басын қосқан Жене­ва, Швейцария, Вашингтонда өткен халы­қ­аралық конференцияларды атауға бо­ла­ды.
Біз үшін ізгілікке құрылған, ілім мен білім­ді ту еткен шығыстық Катар тәжірибесі лайықты. Дегенмен қаржылық-эконо­ми­ка­лық, әлеуметтік-саяси тұрғыдан алғанда, катарлық тәжірибені тұтастай елімізге көші­ре алмаймыз. Әмірлік резиден­ция­сында университеттердің университетін салып, ең озық ойлы ғалымдарды жинап, ізгі қоғам құру жолында батыл әрекет еткен катарлық идея – қай елді болсын ойландырарлық рефор­ма.
– Қазір қарап отырсақ, дамыған ел­дер­дің өзі ел экономикасын интел­лек­туалдық инвестиция арқылы, яғни адам капиталы арқылы дамытуға бағыт­талу­да. Адамның интеллектуалдық әлеуе­тін инвестиция ретінде қарас­ты­руға болатынын олар баяғыда-ақ дәлел­­деп қойды. Бұл тұрғыда біздің әлеуетіміз қаншалықты?
– Иә, әлемдік тәжірибеде ел эконо­ми­кас­ын интеллектуалдық инвестиция арқылы дамыту өзін-өзі дәлелдеп берді деуге толық негіз бар. Адамның интеллектуалдық әлеуетін инвестиция ретінде қарастыру – ғасырдың үздік теориясы. Атақты ғалым Гэри Бэкер осы саладағы ғылыми еңбегі үшін эконо­мика бойынша Нобель сыйлы­ғының иегері атанды.
Соңғы жылдары Қазақстан қоғамының интеллектуалдық әлеуетінің дамуы және өзекті проблемалары зерттеліп, талдау жүр­гі­зіле бастады. Қазақстандағы гума­ни­тар­лық құндылықтардың заманауи қағи­да­ларын талдау, қажетін қабылдау, құн­­ды­­лығын сақтау, дәстүрін жалғастыру – жаңа заман­ның, өрлеуге бет бұрған қазақ елінің басты мақсаты, айқын мұраты.
Ақпараттық қоғам немесе индустриялық қоғамның дамуын тереңірек зерделеуде өзге елдердің тәжірибесіне сүйенеріміз анық. Дегенмен өзіміздің ұлттық ерек­ше­лігіміз бен болмысымызды, ұлттық интел­лек­тіміз бен әлеуетімізді тек өзіміз құраймыз, өзіміз жасаймыз және ол тек бізге керек.
Сол үшін мынадай сұрақтарға жауап іздеу қажет: ақпарат интеллектуалдық құн­ды­лықты жасаушы күш болғандықтан, әлем­дік ақпараттық бәсекелестік қанша­лық­ты қолжетімді және ол қалай өзгеруде, ол интеллектуалды қоғамды айқындаушы фактор ретінде жаһандану үдерісіне қалай ықпал етуде, алдыңғы қатарлы ел ретінде дамыған мемлекеттердің қандай басым­дық­тары бар, олардың осы мақсатта қолда­нып отырған қоғамдық құралдары қандай, ол ел дамуына қалай әсер етуде?
Адамның интеллектуалдық әлеуетін инвес­тиция ретінде қарастыру үшін де бізге сол адамды интеллектуалды азамат ретінде қалыптастыру керек және оның интел­лек­туал болып өсуі үшін де салым салу керек. Салым дегенім – сол азаматтың зерделі де сергек, зерек те зиялы болып өсіп, қалып­та­суына қажетті қаржылық-материалдық, рухани-мәдени, өнегелі-тәрбиелік ортаны жасай білу дегенім. Сонда ғана қоғамға интеллектуалды азамат өз тарапынан қа­ры­мын қайтара еңбек етеді. Бұл тұрғыда біздің әлеуетіміз қаншалықты деп сұра­мас­тан, бізді басқалар атап көрсетіп, нысана етер­ліктей қашан жоғары деңгейде дами­мыз деген сұрақтың жауабына жетуіміз керек.
Мұның өзін таяуда Елбасы бағдар­ла­ма­лық мақаласында нақтылап берді: «Шын­дық­ты мойындайық: болашақта ХХІ ғасыр­да тек еңбек қана барлық қазақстандықтың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады».
Қазақстан ғылымында адам капита­лы­ның дамуы мен интеллектуалды қоғам әлеуетін арттыруға арналған гуманитарлық технология саласы бойынша зерттеулер жүргізіле бастауының бұл мәселеге жаңа дем беріп отырғаны рас. Және де елімізде ұлттың интеллектуалдық капиталының қалып­тасуына бағытталған мемлекеттік рефор­малардың тиімді жүзеге асуына қатысты гуманитарлық базистің әзірленуіне, сараптамалар жүргізілуіне ықпал етерлік ғылыми орта қалыптастыратыны тағы бар.
Елбасы қолдауымен іске асқан зият­кер­лік мектептері мен Назарбаев универ­ситетінің құрылуы осы саладағы зерт­теу­лерді жүргізудің балама құрылымдары болып табылады. Гуманитарлық техно­ло­гия­ларды Қазақстанда интеллектуалды азамат әлеуетін арттыратын инвестиция капиталына айналдырудың таяу болашақта перспективалық мақсатта қолға алынуы – құптарлық жайт.
– Интеллектуалды азамат концеп­ция­сы деп отырсыз ғой. Жалпы, бізде сол концепция түзілді ме? Түзілмеген болса, оның функциясы қандай болуы керек? Біздің менталитетіміз, дәстүріміз ескерілуі керек пе бұл концепцияда?
– Батыс ғалымдарының болашақта ұлт­тар, халықтар жойылып, жер бетінде жаһан­дық азамат деген бір ғана ұғым қалады деген ойларын тәптіштеп, арнайы депар­та­мент ашып, зерттеулерін ұсынғанына куә болдым. Бұл, меніңше, жаһандану ұғымын бетке ұстап, астамшылық саясат жүргізуді көздеу деп түйдім. Сонда интеллектісі жоға­ры азамат өзінің ұлттық түбірінен, халықтық дәстүрінен ада болуы керек пе? Жоқ! Тағы да жоқ деп жауап бергім келер еді. Себебі біз айтып отырған интеллект-азамат ұлттық тамырынан нәр алып, ұлттық тектіліктен қорек жиюы тиіс. Сонда ғана ол заманауи құндылықтардың озығын пайдалана отырып, елінің дамуына, халқының өркен­деуіне себін тигізерлік азамат болады.
Дәл қазіргі күнде ғылыми ортада интел­лектуалды азамат концепциясын жасау түрліше талқыға түсіп отыр. Интеллектуалды азамат кім, ол қандай болуы тиіс дегенде тағы да гуманитарлық ілімге келіп тірелеміз. Гуманитарлық құралдар арқылы тұрғын­дардың шешім қабылдау процесіне қаты­суын, әлеуметтік-саяси белсенділігін арттыру, сондай-ақ гуманитарлық техно­логия­ларды өркендеу құралы ретінде пай­далану сияқты міндеттер жүктейді. Бас­тысы, гуманитарлық құралдардың сенім­ге құрылуы тиіс, яғни адам мен қоғам ара­сындағы сенім – азаматтардың жауап­кер­ші­лікті түсіне, орындай білуінен.
– Елімізде негiзгi ұлттың, мемлекет құрушы халықтың интеллектуалдық капиталын қалыптастыруға бағыт­тал­ған нақты реформаны қолға алуға, гума­нитарлық негіз әзірлеуге ғалым­дарымыз неге немқұрайдылық таны­тып отыр?
– Қазақстандық қоғамдық-саяси ғылым саласында гуманитарлық технологиялар саласын зерттеудің әлсіз жағы басымырақ. Өйткені бізде бұл ғылым саласы жайлы әлі жалпы түсінік қалыптасып үлгермеген. Зерттелуі жағынан кенже ғылым болып табы­лады. Оның үстіне бізде гуманитарлық технология саласында интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған гуманитарлық құралдарды басқару саласында кешенді зерттеу орталықтары, зертханалар жоқ.
Әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, интеллектуалдық капитал, адами инвестицияны қалыптастыруға, арт­тыруға ұзақ мерзімді жұмыс істейтін Катар саммиті, Дағдарыс картасы сияқты фор­мат­тардағы жобалар жетіспейді. Сондай-ақ шетелдік тәжірибеге сүйене оты­рып, табыс­ты жобаларды ұлттық нарыққа лайықтау, осы саланы дамытатын инновациялық идеяларды жүзеге асыратын ғылыми әзірлемелер жетіспейді.
Гуманитарлық сипаттағы құралдарды пайдалана отырып, жаңа технологияның негізінде ақпараттық қорлар мен базаларды әзірлеу, халықтық сипатта қолжетімді ету – мемлекет қолдауымен ғылыми қауым­дас­тықтың орындайтын міндеті.
– Ендеше, ұлттың интеллектуалдық капиталын қалыптастыруға неге ше­тел­дердегідей бизнес ортаны тарт­пасқа?!
Ұлттың интеллектуалдық капиталын қалып­тастыру – тікелей мемлекеттің мін­детінде. Билік тарапынан идеология мәж­бүрлеу мақсатында емес, азаматтардың ерікті де еркін таңдауына, шешім қабыл­дауына мүмкіндік неғұрлым сеніммен беріл­се, азаматтарымыз да соғұрлым жауап­кершілікті қабылдай алатындай сеніммен жауап қайтарған жағдайда пара­сатты қоғам орнайды. Бұл бағытта бизнес орта өкілдерін белгілі бір ізгілікті, руха­ният­ты, мәдени жобаларға меценат, филантроп ретінде тарту тәжірибесі әлем елдерінде дәстүрлі орын алғаны белгілі. Дегенмен мұның кешенді де тұрақты, ауқымды да бұқаралық сипат алмайтынын ескерсек, жағдай түсі­нікті. Сол үшін де парасатты да ізгілікті, руха­ният­ты да өркениетті қоғам қалыптастыру жолында мемлекеттік меха­низмдер мен билік қамқорлығы қажет.
Бір оңынан келген іс деуге болар, таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінде осы аталған бағытта зерттеулер жүргізетін «Медиа­тех­но­логиялар» ғылыми орталығын құруға мүмкіндіктер беріліп, дайындықтар жүруде. ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұ­танов мырза таяуда оқытушылармен болған кездесуінде: «Еңбек қоғамы бізге интел­лектуалдық мүмкіндіктерімізді танытуға жол ашады. Ғылыми орталықтарымыз гумани­тарлық ілімге негізделген бұқаралық шараларға бастамашыл ошаққа айналуы тиіс. Азаматтарды еңбек қоғамына апа­ратын медиаплатформа құруға біздің университеттен жол ашылады», – деген болатын.
– Гүлмира Серікбайқызы, соңғы сауалым болсын, интеллектуалды аза­мат әлеуетін арттырудың қандай меха­низмдерін ұсынасыз?
– Жауапты «мәдениет ақыр соңында қа­зіргі заманғы еңбек адамына қарай бет­бұрыс жасауы тиіс» деген Елбасының бағ­дарламалық мақаласындағы қағидалы сөзден бастасам. Қазақ қоғамында пара­саты жоғары азамат қалыптастыру жаңа қоғамға қадам басу дегенмен тең. Жалпыға ортақ еңбек қоғамына апаратын да – осындай азаматтар.
Интеллектуалды азаматтың әлеуетін арттыру жаңа ілім мен біліммен толығады. Сондықтан да интеллектуалды қоғамның басты қоры – білім. Білімсіз қоғам – қараңғы қоғам. Біз үшін білім жаңа ұғымға, жаңа мәнге ие болып отыр. Ақпарат қоғамы – білім қоғамы. Сондықтан бұл бағытта кешен­ді түрде озық технологияларды тиімді пайдалана отырып, бұқаралық ақпараттық науқандар мен руханиятты, ізгілікті шара­ларды ұзақ мерзімді жүргізу басты техно­логия деп санар едім. Оны орындауды әлеу­мет­тік топтардың, тұрғындардың ерек­шеліктеріне қарай жүргізу – бұқарамен жұ­мыс жөніндегі PR-технологтардың мін­деті.
Интеллектуалды қоғамға көш түзелді. Бағыт анық, бағдар нық. Сол үшін қоғамда интеллектуалдық әлеуетті құрайтын, жасартатын, жаңғыртатын серпіліс бар. Тек соны жеріне жеткізе орындауға мүмкіндік беретін қоғам мен адам арасында сенімге құрылған жауапкершілік қажет.

Алашқа айтар датым...
 Адамның интеллектуалды әлеуетін инвестиция ретінде қарастыру үшін де бізге сол адамды интеллектуалды азамат ретінде қалыптастыру керек және оның интеллектуал болып өсуі үшін де салым салу керек. Салым дегенім – сол азаматтың зерделі де сергек, зерек те зиялы болып өсіп, қалыптасуына қажетті қаржылық-материалдық, рухани-мәдени, өнегелі-тәрбиелік ортаны жасай білу дегенім. Сонда ғана қоғамға интеллектуалды азамат өз тарапынан қарымын қайтара еңбек етеді. Бұл тұрғыда біздің әлеуетіміз қаншалықты деп сұрамастан, бізді басқалар атап көрсетіп, нысана етерліктей қашан жоғары деңгейде дамимыз деген сұрақтың жауабына жетуіміз керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста