Бауыржан ӘБДУБАЙЫТОВ, кәсіпкер:
– Бауыржан Тойшыбекұлы, сізді «еш қазақ қолына алмаған кәсіппен айналысып, футбол алаңдарын салып жүр» деп естиміз. Осы шаруашылығыңызға толығырақ тоқталып өтсеңіз екен. Бұл не кәсіп, қалай басталды?
– Мен кәсіби футболшы емеспін, ешқандай кәсіби клубтың сапында ойнаған жоқпын. Бірақ жастайымнан футболды сүйіп, осы спорт түрінің жарғақ құлағы жастыққа тимейтін жанкүйері болып өстім. Жалпы, іштей жан-тәніммен футболшымын. Кішкентайымнан аулада доп теуіп өстім. Есейгенде де сол әдетімнен жаңылмай, үнемі футбол ойнаймын. Сөйтіп жүріп, үнемі бірге доп тебетін таныстарыммен әуесқой футбол командасын құрдық. Үнемі қала чемпионатына қатысып жүрдік. Осы ретте ылғи бір проблема жолымызды кесе-көлденең кесіп, мезі қылды. Ол – футбол ойнайтын жақсы алаңның жоқтығы. Кім көрінгенге жалынып-жалпайып жүргеніміз. Оның өзінде жасыл желегі нашар алаңдар ылғи. Сол кездері «осылай тентіреп жүре бермей, бір жақсы футбол алаңын салып алар ма еді» деген ой басымды шырмауықтай шырмайтын. Сол ой бірте-бірте арманға айналып, жадымнан шықпай қойды. Сөйтіп жүргенде, кәсібім жемісін беріп, жағдайым түзеліп, қалтама ақша түсе бастады. Көп ойланбай, облыс әкіміне өтініш жаздым. «Сапасы жақсы футбол алаңын салу үшін, жер телімін бөлуіңізді өтінемін» деп. Әкімдік бұл өтінішіме таңғалды. Өйткені ол кезде кәсіпкер біткен казино, АЗС, базар, дүкен, мейрамхана сияқты пайда табуға болатын нысандарға қызығатын. Таңғалса да, менің бұл өтінішімді бірден қабыл алып, қолдады. Бос жатқан, күл-қоқыс басып қалған жер телімін берді. Ерінбей, сол жерді тазалап алдым. Әрі футбол алаңын салу үшін осы саланы мейілінше зерттедім. Өзіміздің климат жағдайын, оңтүстіктің ауа райын ескере отырып, бізге ыңғайлы болатын жасыл желек түрін таңдауға көштім. Іздендім, егжей-тегжейлі екшедім. Еліміздің жылы аймағында, оңтүстігінде орналасқанымызбен біздің жергілікті шым көгалы қысқа қарай сарғайып кетеді. Ақыры батыс технологиясына тоқталып, голланд көгалының дәнін ектім. Бірінші рет осы технологияны енгізіп, бірінші рет осы көк майса шөпті өсіре бастадым. Кейбіреулер «бұл көгал бізге жерсінбейді, бұған ықылым заманнан көз жеткізілген» деп, дәйектері мен дәлелдерін келтіре бастады. Иә, біздегі 40-45 градустық аптап ыстыққа кез келген көгал шыдай алмайды. Оған тек шым көгалының шыдайтындығын білемін. Бірақ оның кемшілігі, қысқа қарай сарғайып, «ұйықтайды». Содан тек сәуір айында ғана бой көтереді. Сондықтан мен әлгі голланд көгалына тоқталдым. Әрине оның жерсініп, жайқалып кетуі де оңай болған жоқ. Басында соны уайымдап, біраз күйзелдім де. Бірақ ақыр соңында әлгі шөп менің сенімімді ақтап, жайқалып шықты. Қыстан да, қардан да қорықпайды. Қысы-жазы жап-жасыл болып, түсін де өзгертпейді. Әрине, оның да кемшілігі жоқ емес. Тамыры нәзік, бар болғаны 2-3 см тереңдікті бойлайды. Сондықтан ол тапталып қалса, қайта шықпайды. Жаңадан егу керек болады.
Осылай футбол алаңын салып, жасыл желегін жайқалттық. Әу баста өзіміз үшін ғана салғанмын. Өзіміздің команда сол жерде үнемі жаттығып, қала біріншілігіне қатысып тұрамыз деген ой ғана болған. Бірақ көктем шықпай жатып-ақ, шамамен ақпанның аяғы немесе наурыздың басында маған «Ақтөбе» клубының басшысы келіп (В.Юрченко), әлгі алаңда жаттығу жиынын өткізгілері келетіндіктерін айтып, өтініш жасады. Таң-тамаша болдым. Осылай кәсіби клубтар келіп, сұрайды деп, мүлде ойламаппын. Үш ұйықтасам да, түсіме кірмейтін ой. Жылдың сол мезгілінде жайқалып тұрған желегіне қызыққан сияқты. Жасыл алаңға қарап, «Сан-Сиро, Сан-Сиро» деп қояды. Онысын түсінбедім. Тек кейіннен барып, нені меңзегенін ұқтым (Миланның әйгілі стадионы осылай аталады). Таңданысымнан арыла алмай тұрсам да, «жарайды» деп келісімімді беріп жатырмын. Сол кезде ол «бір сағаты қанша болады» деді. Шалқамнан түсе жаздамасам да, сілейдім де қалдым. Сол жасыл алаңнан ақша табамын деген ой қаперіме де кірмепті. Қапелімде жауап таппай, «білмеймін, ақылдасайын, ойланайық» деп сасқалақтап қалдым. Жарты күн өтпей жатып, «Астана» клубының директоры (А.Жидков) келіп, ол да осындай ұсынысын тілге тиек етті. Мен сонда ғана сапалы стадион біз сияқты қарапайым футбол жанкүйерлерінің ғана емес, кәсіби клубтардың өздерінің түйіні күрмеулі проблемасы екенін ұға бастадым. Содан әлгі жігіттер маған тың идея айтып кетті. «Бәке, жасыл алаң тамаша, мін жоқ, енді осының жанына қонақүй кешенін салыңызшы, біз жылда келіп, жаттығу жиынын өткізіп тұрар едік» деп басыма тағы бір ой салып кетті. Содан жоспар өзгерді. Әу баста футбол алаңының жанына киім ауыстырып, жуынатын шағын ғана бөлме сияқты бірдеңелер салармын деп жүргенмін. Енді қонақүй кешенін салатын болдық. Содан осы саланың мамандарынан футболшыларға арналған қонақүйде қандай жағдайлар жасалуы керек екендігін біліп алып, соның бәрін салдық. Тренажерлік зал, сауықтыру орталығы, сауна, футболшылар киім ауыстыратын бөлмелер, теориялық дәріс өткізетін үлкен бөлме, екі кісілік жайлы нөмірлер, олардың ішіне жуынатын орын мен әжетхана, бәрін-бәрін салдық. Нөмірлерде ыстық су да, суық су да бар. Теледидарды да ұмытқан жоқпыз. Футболшыларға жайлы болу үшін қонақүй кешенін Интернетке қосып қойдық. Қонақүй кешенін салып біткен бетте менің ең алғашқы «қонағым» (клиенттерім) Арно Пайперс жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы болды. Осы жерде «Алма ТВ» кубогы өтіп, біздің алаңымызда Әзірбайжан және Өзбекстан құрамалары да жаттықты. Содан премер-лига клубтары да келіп, жаттығу жиындарын өткізе бастады. Сөйтіп, менде тағы бір проблема пайда болды. Алаң жетпейді. Бір алаң аздық етті. Ақыр аяғы мен 15 гектар жер сатып алдым. Қаланың шетінен, экологиялық таза жерден. Алайда ол жердің бір кемшілігі болды. Су жоқ. Мұны да шештік. Екі ұңғыма бұрғылатып, іске қостық. Бірнеше шақырымдық су құбырын тарттық. Әрине, бұл оңайға түскен жоқ. Қыруар қаржы қажет болды. Машақаты көп болды. Бірақ сусыз болмайды. Батыстан әкеліп еккен шөптерімізді жиі-жиі суғару керек. Оларды жаздың аптап ыстығында үш-төрт күн суғармасаң, олар солып, өліп қалады. Ал шымның артықшылығы оны қашан суғарсаң да, қайтадан бой түзеп өсе береді. Яғни бірінің кемшілігін екіншісі жауып отырады. Бүгінде бізде 10 жасыл желекті футбол алаңы бар. Олардың екеуіне жасанды желек төселген, екеуіне жергілікті шым шөбін ектік. Қалған бесеуінде дат көгалы (біреуінде голланд шөбі) өсіп тұр. Дат көгалы – голланд шөбінен де шыдамды, төзімді желек. Үш түрлі желек төсеген себебіміз, солардың арқасынды біз жыл он екі ай бойы кез келген деңгейдегі, кез келген команданы қабылдай аламыз. Голланд немесе дат шөбі егілген алаңдарда өзімізге келген командаларды қыста да сапалы, жасыл алаңмен қамтамасыз ете аламыз. Қыс бойы алты алаңды қолданамыз. Бірақ шелектеп жауған жаңбыр кезінде бұл алаңдарда футбол ойнамаған жөн. Таптап, айдап тастауымыз мүмкін. Мұндай ақжауында жасанды желек үстінде алаңсыз доп тебе беруге болады. Құрғату жүйесі (дренаж) жақсы болса болды, қандай жауын болсын, ойнай беруге болады. Бірақ жасанды алаң ыстықта жақсы емес. Әрі кәсіби футболшылар жасанды алаңды аса ұнатпайды. Ал аптап ыстықта жергілікті шым көгалынан артығы жоқ. Сәуірден қазанға дейін сыр бермейді. Футбол ойнауға бильярд үстеліндегі жасыл шұғадай қолайлы. Күтімі жақсы болып, уақтылы суғарылып отырса болғаны. Сонымен дәл қазір бізде – 10 алаң, 100 адамға арналған қонақүй бар. Төрт жұлдызды қонақүй талаптарына сай келетін, 160 адамға арналған қонақүй салынып жатыр.
– Өз ойыңызды жүзеге асыруға қандай қиындықтар бөгет болуда?
– Бұл істі бірінші рет қолға алғандықтан бәрі де қиын болды. Бұрын жасап көрмегендіктен, бәрі де – таңсық. Жаза басқан тұстарымыз да болды. Ең бастысы – әрине, қаражат тапшылығы. Мен ірі кәсіпкер емес, шағын және орта бизнестің өкілімін. Сондықтан қолыма түскен ақшаның бәрін тек осыған салып жатырмын, салып жатырмын.
– Сіздің бұл бастамаңызға Қазақстан футбол федерациясының көзқарасы қандай?
– Қазақстан футбол федерациясы менің осы еңбектерімді жоғары бағалап, ұлттық федерацияның Атқару комитеті құрамына қабылдады. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Жалпы, Қазақстан футбол федерациясына, әсіресе Саян Хамитжановқа айтар алғысым шексіз. Ең алғашқы футбол алаңын салып бітіп, қалғандарының құрылысы енді басталып жатқанда Саян Жақсыгелдіұлы өзі келіп, бәрін көріп кетті. Содан бері қолдап, көмектесіп келеді. Бұл ретте былтырғы көктемде екінші санатты лицензия алғанымызды айта кеткім келеді. Осы лицензияның арқасында біз халықаралық ірі додалардың финалдық турнирлерінен басқасының бәрін өз алаңдарымызда өткізе алатын мәртебеге жеттік. Кез келген халықаралық ойындарды өткізе аламыз. Былтыр, мысалы, әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыз осы жерде екі ресми кездесу өткізіп, түрік және румын қыздарын қабылдады.
– Шетелдік командалар да келіп, жаттығу жиындарын өткізіп тұра ма?
– Бұл орталықта 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир өткен. Сол турнирге Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан жеткіншектері қатысты. Бәрі мақтап кетті. Жақын арада Ресейден «Динамо» (Барнаул) командасы келіп, жаттығу жиынын өткізбек. Биыл 9-27 қаңтар аралығында «Оқжетпес» (Көкшетау) клубы оқу-жаттығу жиынын өткізіп кетті. Былтыр қаңтар айында «Қайсар» (Қызылорда) клубы жаттықты. Премьер-лига клубтары табиғи жасыл алаңда жаттығу өткізгенді қалайтынын білесіздер. Бұл жағынан бізде барлық жағдай жасалған. Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың барлығы дерлік осында келіп, жаттығу жиынын өткізген. Маусым барысында Шымкентке «Ордабасымен» кездесуге келген клубтардың бәрі бізге ат басын тіреп, осы алаңдарда жаттығады. Менің мақтан тұтарлығым, 2007 жылдың көктемінде Қазақстан құрамасы осы жерде жаттығып, 2008 жылғы Еуропа чемпионатының ресми кездесуіне бір күн қалғанда ғана Алматыға жол тартып, ертеңінде азулы Сербия құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Сол жеңіске біздің құрама осы алаңдарда дайындалған.
– Онда неге біздегі футбол клубтары дәл осы кезде Түркияға барғанды ұнатады. Баға жағын салыстырсақ қалай? Сіздерде қымбат емес пе?
– Барлық клубтардың дәл осы уақытта Түркияға баратын себебі, қазір ол жақ қайнаған базар іспетті. Құрамдарын қандай да бір ойыншымен нығайтқысы келгендер өздеріне қажетті футболшыны сол жақтан таба алады. Содан соң онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген командалар көп. Жолдастық кездесу өткізуге өте қолайлы. Ал баға жағына келсек, бізде қымбат емес. Жатын орын, тамақ, алаңды жалға алу, бәрі – шамамен бірдей. Бірақ ол жақта ешбір қонақүйдің 10 алаңы жоқ. Яғни бізде анағұрлым ыңғайлы. Әрі ол жаққа ұшып бару керек. Яғни жолды есепке алсақ, Түркияға барып, жаттығу жиынын өткізу біздегіден әлдеқайда қымбатқа түседі. Сондықтан біздегі клубтар осы кездегі трансфер нарығының қызған кезінде Түркияға барғандарымен, командаларын жасақтап болған соң, бізге келеді. Өйткені бізде арзан, бізде барлық жағдай жасалған. Алаңдарымыздың сапасы артық болмаса, кем емес. Біз өзімізге келіп, жаттығу жиынын өткізген командалардың бәрімен сөйлесеміз ғой. Олардың бәрінің айтарлары – осы.
– Әйелдер арасындағы «Биік» клубы сіздердің командаларыңыз ба?
– Иә, тек қазір бұл команда «Биік-Қазығұрт» деп аталады. Өйткені бұл – облыстық әкімдік пен біздің біріккен командамыз. Өздеріңіз түсінулеріңіз керек, осындай инфрақұрылым мен бірнеше команданы ұстап тұру үшін қыруар қаржы керек. Жалғыз өзіме оның бәрінің шығынын көтеру өте қиын болды. Сондықтан біз облыстық әкімдікке жүгіндік. Олар біздің ұсынысымызды қабыл алып, көмектесті. Бұл орайда біздің барлық командаларымыздың, 2001 жылғы қыздарымыздан бастап, бойжеткендер арасындағы ұжымдарымызға дейін өздерінің жас шамаларында республика чемпиондары атанғандарын ескерді. Барлық жас деңгейіндегі командаларымыз жасөспірімдер арасындағы ел құрамаларының (әр жас шамасындағы) негізін қалайтын ұжымдар болып саналады. Бойжеткендер арасындағы ел құрамасының сапында біздің түлектеріміз көп. Осының бәрін ескере отырып, «Биік-Қазығұрт» клубына 20 миллион теңге бөлді. Былтыр қыздарымыз ел чемпионы атанып, ел кубогын да иеленді. Еуродода да тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті. Осының бәрі назардан тыс қалмайды деп ойлаймын. Біз қазір облыс әкімдігіне бөлінетін қаржы сомасын ұлғайту жөнінде өтініш жазып отырмыз. 20 миллионнан да көбірек қаржы бөлінеді деп үміттенемін. Әйтпесе, футбол орталығы мен барлық командалар шығынын көтеруге жалғыз менің шамам да, дәулетім де жетпейді. Ал барлық жас шамасындағы командаларымыздың ел чемпионы болуы, бұл біздегі инфрақұрылымның жақсы болуынан. Яғни жағдай жасалса, нәтиже де болады. Бұл – өмірде дәлелденген қағида.
– Сонда сіз өз басыңыздағы жағдайды негізге ала отырып, футболды дамыту үшін мемлекет пен жеке тұлғалар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керек демексіз бе?
– Әрине. Қазақстан футбол федерациясының ең соңғы есеп беруі және сайлау жиынында, аталмыш ұйым басшысы Әділбек Жақсыбеков ел футболын дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Соның бірі жеке тұлғалар мен мемлекеттік құрылымдардың мүдделерін біріктіру еді. Бұл – өте дұрыс бағыт-бағдар. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, мен шағын және орта бизнестің өкілімін. Қолға алған шаруам жаман нәтиже беріп жатқан жоқ сияқты. Ал егер ірі кәсіпкерлер футболды дамытуға көңіл бөлсе ше? Сондықтан біз футболымызды қарыштатып дамыту үшін жеке тұлғалар мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіруіміз керек. Бәрін бірдей мемлекеттің, оның ішінде ұлттық федерацияның мойнына артып қою, түп-тамырымен дұрыс емес. Жеке тұлғаларға ысыра салу, бүгінгі таңда ол да дұрыс емес. Сондықтан ортақ мүдде табу керек. Мемлекет те, кәсіпкер де ұтылмайтын, екеуі де мүдделі болатын бір шешімін іздестіру керек. Мысалы, сіз қазір бір қалталы кәсіпкерге қандай да бір жобаны ұсынсаңыз, ол бірден өз пайдасын есептей жөнеледі. Ал қазір футболда, тіпті спорт саласында бірден пайдаға бату мүмкін емес. Сондықтан әу баста кәсіпкер бірден пайда көрмесе де, ұтылмайтындай, шығынға батпайтындай жоба ұсыну керек. Меніңше, өзін-өзі жауып отыратын жоба болса, бизнесмен ондайға барады. Мысалы, «осындай орталық салсаң, онда жас балаларды футболға баулып қана қоймайсың, премьер-лига клубтары келіп, жаттығу жиындарын өткізіп тұрады, олар сол үшін ақша төлейді» десең, бизнесмен мұндай іске барады деп ойлаймын. Екі жақты ұтымды іс екенін дәлелдеу керек. Сонда кәсіпкердің ұзақ мерзімді шаруашылығы болады. Ал мемлекет ешқандай ақша шығармай, тамаша инфрақұрылымға ие болады.
– Бауыржан Тойшыбекұлы, Шымкентте боксқа деген сүйіспеншілік адам қызығарлықтай. Күреске деген қызығушылық та жаман емес. Ал сіз футбол шаруашылығын қолға алыпсыз. Неге боксқа немесе күреске емес, осы футболға қаржы салып жүрсіз?
– Футболды шынымен-ақ жан-тәніммен жақсы көремін. Өмірім футболмен қайнасып кеткен. Мен үшін футболдың орны бөлек. Қанша ақша тапсаң да, оның түбіне жетпейсің. Сондықтан мен өзімнің сүйікті ісіме ақша салып, одан рухани ләззат алып жүрмін. Осы орталықты салғалы маған Шымкенттегі таныстарым екі түрлі көзқараспен қарайтын болды. Кейбіреулер маған есі дұрыс емес деп қарайтындай. Өйткені олар мен 15 гектар жер алғаннан бері, сол жерге қанша базар, неше мейрамхана салуға болатындығын айтады. Немесе сол жерді сатып, қанша ақша табуға болатындығын есептейді. Тіпті сол жерге қанша дәріхана, қанша дүкен салуға болатындығын да санап шығады. «Құр ақшаны құйып жатсың» деп сөгеді. Не деймін, ондайларға? «Бәрін уақыт көрсетеді» деп, күлемін де қоямын. Ал басқалары «Молодец» деп, желпіндіріп қояды. Бірақ ешқайсысы көмектеспейді. Әркімнің өз көздегені болса керек. Ал өз пікірім, салауатты өмір салты қашанда біздің өзекті мәселеміз болған. Қазір де солай. Әлі де солай болады. Сондықтан менің ісім – өміршең.
– Неге орталықтың атын «Биік» деп атағансыз. Бұл қандай мағынаны білдіреді?
– Негізі, бұл «Бауыржан и компания» деген ұғымды білдіреді. Орысша «БИИК» болып жазылады. Неге екі «И» дерсіз. Бізде, қазақ әліпбиінде «Б» әріпі «би» деп оқылады ғой. «А» – әліп, ал «Б» – би. Сонда «Би и К», яғни «Бауыржан и компания» деген сөзден құралған. Содан соң қазақ тіліндегі «биік» деген сөздің мағынасын білесіз. Оны да ескере отырып, болашағымыз жарқын болсын, еңсеміз биік болсын деп, осы «Биік» сөзін таңдағанмын.
– Сіздің осы орталығыңызға қарапайым халық келіп ойнай ала ма?
– Шынымды айтайын, әзірше қарапайым халық келіп ойнай алмайды. Өйткені бұл алаңдардың күтімінің өзіне қыруар қаржы керек. Сондықтан оларды сағатына 2 мың теңгеге бере алмаймыз. Обал. Бірақ бізде ауданы 60х30 болатын шағын алаңымыз бар. Соны арзандау бағаға береміз. Әуесқой футболшылар соны жалдап, сонда ойнайды. Мен Шымкент қаласы футбол федерациясының президентімін. Футболымыздың ақсақалдары ұсынып, екінші мерзімге тағы сайландым. Сондықтан қала біріншілігіне қатысатын командалардың бәрі біздің алаңдарымызда тегін ойнайды. Футбол ойнайды, жуынады, бәрі тегін. Ал ермек үшін доп қуып, артын сыра ішуге ұластыратын әуесқойлар үшін (осылай уақыт өлтіретіндер үшін) алаңды тегін беруге жағдайымыз жоқ. Тұрғындарға көмек ретінде алаңдарды үнемі тегін ұсынып отыруға материалдық тұрғыда әлі дайын емеспін.
– Бірнеше командаларыңыздың бар екендігін айттыңыз. Оларды кімдер жаттықтырады? Талапкерлерді қалай қабылдайсыздар?
– Негізгі мақсатымыз – Оңтүстік Қазақстан облысында футбол ойнағысы келетін жеткіншектерге көмектесу. Негізінен, бізде қыздар футболдың қыр-сырына қанығуда. Бапкерлеріміздің көбісі – республикаға танымал білікті мамандар. Борис Емелин мен Андрей Вагановты таныстырудың да қажеті жоқ шығар. Оларға көмектесетін – Александра Светлицкая (кезінде Ресей құрамасының сапында ойнаған). Осындай білікті мамандарға психологтар, күш-қуат толықтыру жөніндегі жаттықтырушылар және басқа да мамандар көмектеседі. Біздегі ең қиын, қара жұмысты талапкерлер жинау жөніндегі жаттықтырушылар атқарады. Себебі қыздардан команда жинау – қияметтің қияметі. Біреуі ойнағысы келеді, бірақ мүлде қабілеті жоқ. Енді біреуі өте талантты, бірақ футбол ойнағанына – ата-анасы қарсы. Осылай-осылай кете береді. Жинаған 100 қыз баланың ішінен екі-үшеуі ғана команда сапында қалады. Көрдіңіз бе, машақаты көп жұмыс. Осындай қиын жұмысты бізде Юлдашев, Савченко, Прилепа сынды қажымас қайраткерлер атқарып жүр.
Енді бір айтарым, Шымкентте Нұрлан Орынбаев деген футбол фанаты бар. Қалалық №7 футбол мектебінің директоры. Бір-бірімізге көп көмектесеміз, тығыз байланыстамыз. Біз оған алаңдарымызды пайдалануға береміз, ол бізге жаттықтырушыларымен және басқадай шаруашылықтық жұмыстармен көмектеседі. Осындай адамдар көп болса, футболымыз да тез дами берер еді. Сондай-ақ маған футбол ісі бойынша Владимир Ляпкин көп көмектеседі. 2004-2007 жылдар аралығында Қазақстан құрамасының сапында ойнаған Дмитрий Ляпкиннің әкесі. Міне, айналамда осындай футбол өнерінің майталмандары бар.