Ең үлкен өкініш – Абайдың сынынан қазақ қорытынды шығарған жоқ

Ең үлкен өкініш – Абайдың сынынан қазақ қорытынды шығарған жоқ

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Мырзаға, сіздің көргеніңіз, түй­ге­ніңіз, білгеніңіз көп. Мәселен, Күлте­гіннен бастасақ, күнді-күнге жалғай­тын айтар табыларына сенім бар, бір­ақ оған көп уақыт керек. «Басы барды игізіп, тізесі барды бүктірген» түркінің бүгінгі ұрпағы Тәуелсіздіктің тағылы­мын қаншалықты сезінеді деп ойлай­сыз?
– Қазақ – бағзы замандардан бері та­лай мемлекеттің құрамында болған, бай­тақ ұлы далада небір жарқын мемлекет орнатқан, керек болса. Сақ заманында ал­тын сарайларда тұрып, алтын тақтарда отыр­ған халықпыз. Кейін ІІІ ғасыр бодан, Ресейге байланған, табанға тапталған, күлкі, мазақ болған, тарихымыз саясаттан­ған, хандарымыз әжуаға, байлар, билер келекеге айналған сұрқия заманды басы­мыздан өткердік. Сөйтіп, сан мыңдаған жылдар тарихтың небір таласына түсіп, ши­қанымыз шығып, Тәуелсіздікке шар­шап-шалдығып зорға жеттік. Тәуелсіздік үшін басын бәйгеге тіккен, қаны шашыл­ған, сүйегі айдалада қалған бабалар жете алмады. Біз жеттік. Елбасы өзінің халқымен бірге жетті. Бұл тарихтағы қазақ халқының ұлы көшінде көрген жақсылығы деп біле­мін.
Біздің тарихымызды құрайтын алуан-алуан мемлекеттер бар. Соның ең жақыны кешегі қазақ хандығының алдында, Алтын Орда болды, оның алдында осы Түрік қа­ғанаты еді. Сол заманнан қалған жәді­гер­лерден оқып, қайран қаламыз. Бабалары­мыз кешегі билер, шешендер сияқты ірі сөй­леген. Қара қылды қақ жарып, кесіп айтқан. Оның бәрін бір көзінен жас, бір көзінен қан ағып отырып, тасқа қашап жазып кеткен. Мәселен, сол таста айбынды Күлтегінге, жарықтық абыз Тоныкөкке, Білге ханға арналған ескерткіштерден оқи­ты­нымыз: «Көкте – тәңірі, төменде – жер, екеуінің арасында адам баласы жа­рал­ған. Адам баласының үстіне менің ата-тегім Бумын қаған, Естемі қаған отырған, дүниенің төрт бұрышы соларға қараған, азды – көп, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған. Олар осындай ұлы, білікті қағандар еді» – дейді.
Содан кейін кешегі Абай сынаған қа­зақ­тың алауыздығы бір күнде пайда бол­ған жоқ. Бағзы замандардан келе жатқан бақастық, бақталастық, қызғаншақтық сияқ­ты сұрқия мінездер адам баласына кейде көшке ілескен ит сияқты ұлып қал­майтын қу әдеті бар. Сол замандарда дәу­рен сүріп тұрған, мәңгілік ел орнатамыз деп талпынған Түрік қағанаты, қарамағын­дағы халықтар бір кезде быт-шыты шы­ға­ды. Соны да тасқа қашап: «Ей, түріктің бек­тері, сендер таққа кіріптарсыңдар! Әке мен баланың, аға мен інінің даулас­қанды­ғынан, бекті халқының жауласқандығынан сен қағандығыңнан, хандығыңнан айы­рыл­дың! Сонда не таптың? Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың. Барған жерде не пайда таптың? Бек ұлдарың – құл, пәк қыздарың күң болды» деп жазған. Сөйтіп, ұлы – құлға, қызы күңге айналған заман­дарды басымыздан кештік. Сонда: «сен өкін» деп халықты бірлікке, ынтымаққа шақы­рады.
Мен ойлаймын, Елбасы Н.Назарбаев осы Тәуелсіздік орнатқанда өзінің саясатын берік ту етіп, елдің бірлігін, ынтымағын негізге алды. Ынтымақсыз ел мақсатына, арманына жете алмас еді.
– Көк түріктердің мем­лекет­тік бас­қару жүйесін, әскери демократия жа­йын, діни дүниетанымын зерттеп, зер­де­ледіңіз. Әрине, көк түрік пен Тәуелсіз көк байрақтың арасында қазақ халқы небір замандарды бастан кешті. Құ­дай­ға шүкір, егемендік алдық, есімізді жидық, экономикамыз өрледі. Қазақ мемлекетін әлем таниды. Әлем және Қазақ мемлекеті туралы айтыңызшы.
– Гумилевтен бастап, Түрік қағанатын зерттеген ғалымдардың барлығы сол кез­дегі абыздықты, әскери демократияны, дала халқының өмірін, олардың ұғымы, діни нанымдары жайлы көп жазды. Біз дәл бүгін осы ислам санасымен оянып, соны­мен пайда болған халық сияқты болып көрі­неміз. Шындығында, олай емес. Біл­гіш­тердің айтуына қарағанда, кез келген ұлт­тың тарихы 1200-1500 жылға созыла­ды екен. Ешбір тәуелсіз мемлекет болмай­ды. Көршісіне, өзге де ірі мемлекеттерге тә­уелді болады. Бұл саясатта желісін үзбей келе жатқан үлкен үрдіс деп есептеймін. Қы­таймен көрші, кейде қабысып, кейде табы­сып келе жатқан елміз ғой. Қытай ылғи айламен, бабаларымыздың қойнына сұлу қыздарын салған. Солар жылан сияқ­ты қойнына жатып, түрлі саясат жүргізіп, қағанатты ірітіп-шіріткен. Осындай әдістер болған.
Ал бір замандарда бабаларымыз Буд­да дінін де қабылдаған. Бірақ ол заманнан жарқырап қалған, халықты тәрбиелеген, әлпештеп алақанына салған үлкен өнеге мектебі – дін еді. Оның ішінде – тәңірлік діні. Кеше Шыңғыс ханға дейін Моңғол дей­тін ел болған жоқ. Ол Түрік қағанатынан ыдыраған ру, тайпаларды біріктіріп, со­ның негізінде мемлекет құрды. Оның мө­рін ұстағандар да, жорығын бастағандар да түріктектестер болды.
«Моңғол» деген сөздің этимологиясын көп жерден оқимын. Әркім әр қалай айта­ды. Менің жорамалым «моңғол» деген «мәңгі ел» дегеннен шығады-ау деймін. Сондықтан сол кезде сенген дін – тәңірлік дін болған. Табиғаттың өзіндей, көк аспан­дай таза дін болған. Соны армандаған. Біз мәселен, әжеміздің тәрбиесін көрдік. Сонда жер таянып орнынан түрғанда: «Я, Пірім! Я, Жасаған өзің қолдай гөр!» – дей­тін. Халықтың санасынан бүгін де кеткен жоқ. Мәселен, құрғақшылық болса, тасат­тық беру. Көкке қарап тілеу. Исламға VIII ғасырда көштік. Қазақта мақал бар ғой «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» деп. Бұл да – ұшы-қиырсыз про­цесс.
– Қазақы болмысымызға жақын дәстүрлі мұсылманшылық туралы не айтасыз? Дінді басқа жақтан іздеп жүр­ген жоқпыз ба?
– Кезінде кеңес заманында оқыдық, тоқыдық, өстік, өндік, адам болдық. Әйте­уір бір Жаратушының бар екенін білуші едік. Санамызда, кеудемізде тұратын, бір­ақ ең үлкен құдірет – коммунистік пар­тия дейтінбіз. Идеологиямыз, дініміз сол болды. Атеизм. Дінге қарсылық. Дін­сіздік. Құдайсыздық. Осындай ғасырлар өтті ба­сы­мыздан. Ал енді, шын мәнінде, ой­лап көр­сең, он сегіз мың ғаламды жарат­қан құдірет бар сияқты. Ол қайда тұр? Құран Кәрімді оқимын, дінге қатысты көп нәр­селер айтылады. Ананы істеу керек, мы­на­ны істеу керек деген сияқты. Ал, шындығын ойлап қарасам, мәселен, о дүниеге барып келіп, осының бәрін таратып жатқан адам жоқ. Енді, көзі қарақты, санасы, көкірегі ояу, кеудесінде шуақ сәулесі бар адамдар біледі, осының бәрі идеология екенін. Елді ұстап тұру үшін идеология, наным керек. Міне, осы үшін күрескен. Мәселен, Ақсақ Темір ХІ ғасырда мидай далада Түркіс­тан­да Қожа Ахмет Ясауидің ескерткішін не үшін салды? Халықты ұстап тұру үшін сал­ды. Кеңес Одағының заманында «дін – у, апиын» деп те айтты. Бұл Құдайға, Жа­ра­ту­шыға күпіршілік деп ойлаймын. Кім біле­ді, сол пейілінен тапты ма, больше­вик­тер империясы құлады ғой. Дей тұр­ған­мен, қазақтың ғасырлар бойы қалып­тас­қан дәс­түрлі діні жағында тұрған адам­мын. Дінді байқамаса болмайды. Менің жазған үлкен мақалам бар. Жұрт шектен шығып, бетімен кетіп бара жатқанын, жастардың бәрі табан астында мешітке барып, жан­дарына кішкене тәй-тәйлап жүрген бала­ларын, інілерін жетектеп, сәждеге бас қой­ғандарын көп көрдім. Бала ұғым, наным дегенді өзі қабылдау керек. Құдай­ға тәу­бе, менің өсіп-өнген ауылымда дін­нен кү­дер үзгеніміз жоқ. Кеңес кезінде жапа-тар­мағай жапырылыс­қан коммунис­тер едік. Тәуелсіздік ала сала бәріміз мұ­сыл­ман болып шыға келдік. Мен теледи­дардан көріп, жүрегім айниды. Ақ жаулық таққан, ақ дамбал киген әйел­дер төрде отырып уағыз айта бастайды. Ол – Ислам тарихында болмаған нәрсе. Жап-жас ба­ла­лар уағыз айтады. «Уағыз» деген «өси­ет», ол – тәрбие әңгімесі деген сөз. Жап-жас бала не айтады? Ол маған не үйретеді? Жүректен шықпаған сөз, ешқа­шан жүрек­ке жетпейді. Әр нәрсеге абай­лап баруы­мыз керек. Сондықтан «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қа­сі­ретің» деген мақала жазғанмын. Бұл сөз­ді ешқашан ұмытпауымыз керек.
– Ұлттық идеология жөнінде лауа­зым жоқтығы айтылып жүр. Бабала­ры­мыздың асыл мұраты – «Мәңгі ел» ұғы­мын ұлттық идеологияға неге не­гіз­демеске? Осы ойды алғаш айтқан да Сіз емессіз бе?
– Былай ойлап қарасақ, мың жыл емес, жүз жыл емес, бас-аяғы айналдыр­ған жи­ыр­ма, жиырма екі жылдың ішінде есіктегі басымыз төрге шықты. Қазір кеше­гі ЕҚЫҰ, Ислам елдерінің, ірі мемлекеттер­дің төрін­де отырдық. Мұндай бақытқа қазақ ешқа­шан жетпеген. Қаншама іргелі мемлекеттік құ­рылымдар болғанымен, дәл мұндай дәрежеге шықпаған едік. Әлемде кез кел­ген мемлекетпен иық тірес­кен, шекарасы бар, мемлекеттік шарттары қалыптасқан елге айналдық. Бұл – біздің үл­кен мақта­нышымыз. Астана, Ақорда сал­дық. Ел бас­қарудың, ұлт болып ұйысу­дың, бірігудің ал­ғышарттары жасалып жатыр.
Мемлекет құрылардың, Тәуелсіздік алардың алдында бас-аяғы бес жыл мем­лекеттің идеологиясын басқарған адам­мын. Менің санамда, ең алдымен, тұраты­ны – ұлттық идеология, ұлттық сана. Соны қалыптастыру, жастардың санасына құю, қанына сіңіру еді. Біздің Конституциямыз – идеологиясыз Конституция. Өйткені Ел­басы алғашқы кезде «Біз алдымен халықты киіндіруіміз, тойындыруымыз керек. Одан кейін идеологияны қалыптастырамыз» деді. Ол да дұрыс шығар. Мен оған қосы­ламын. Бірақ қазір Құдайға тәубе! Етек-жеңіміз жиналып, өзге елдермен тереземіз теңелді. Бұл мемлекеттің өз идеологиясы болу керек деп ойлаймын. Ол идеология тек ұлттық идеология болу керек. Әйтпесе, қазір қарасаң, жастардың көбі қанша айт­қан­мен, қаншама сынағанмен, қаражат бөлгенмен мемлекеттік тілде сөйлемейді. Бұрын қалай сөйледі, сол қалыптасқан дәс­түр жалғасып келе жатыр. Себебі не? Себебі, әңгіме баста деп ойлаймын. Ресми жиындарда өкіметтің түгелі мемлекеттік тілде сөйлеу керек. Қазір не кедергі келті­ре­ді? Біріншіден, өз ана тілің. Қазақтан басқа дүниежүзінде бір халық, бір ұлт ана тілім деп атамайды екен. Бұл – анаңның, ата-бабаңның тілі. Ал көбінің сорлайтыны – қазақ тілінің шұрайын игере алмай жүр­гендігі. Қазақ тілі – өте бай, әдемі тіл. Бұл – ше­шендердің, көсемдердің, кемеңгер­лер­дің тілі. Сондықтан біз елге жақсылап түсіндіруіміз керек.
– Мырзаға, өз сөзіңізбен айтқанда, дүлдүл, бұлбұл Кенен атамыз:
Сағынып сәлем жаздым
                                              Мырзатайға,
Баласың сөзге шешен, тілің майда.
Қормалы, қорғаушысы
                                               ақындардың,
Маған да көп еңбек қып тиді
                                                          пайдаң,
Өз жүзің көрсеткендей өз келбетін,

Жігітсің алтын сөзді, асыл айна, – депті. Әр заманда кейінгі буынға үл­кен­дердің көбіне көңілі толмай жата­ды ғой. Бүгінгі буынның, өзіңізден ке­йінгі інілеріңіздің қандай қасиеттері қымбат?

– Үлкеннің соңынан ерген жеткіншек­тер болды ғой. Кенен Жамбылдың соңы­нан ерді. Үзеңгілес досы болды. Мен он жыл Кененнің соңынан ердім, ілестім. Көп нәрсе ұқтым, сырын алдым. Қазақ тари­хын, кісілік, адамгершілік, ақындық, ком­по­зиторлық өнерлері туралы білдім. Ме­нің де талай жастарға шапағатым тиді деп ойлаймын. Ең қиын кездерде, Тәуелсіздік­тің алғашқы жылдарында жанымда бо­лып, бірге ақылдаса, селбесе, бір-біріміз­дің қолтығымыздан демесе, қанатымның астында жүрген жастардан мен мақтана­тын азаматтар бар. Еліміздің қазір тұлға­сына айналған Иманғали Тасмағамбетовті айрықша айтар едім. Мемлекетке қызмет етіп жүрген Қырымбек Көшербаевты ата­ған болар едім. Мен осы інілеріммен мақ­та­намын. «Егемен Қазақстанның» прези­денті болып жүрген Сауытбекті айтар едім. Бұл жігіттер – ең қиын кезде, сын сағатын­да менің қасымда болған азаматтар. Тә­уелсіз мемлекеттің, Елбасының қасында жүріп, идеологиясын қалыптастырдық. Қазір жан-жағымызға қарасақ, заман өз­гер­ді. Қоғам, адам, адамның санасы өз­герді. Кезінде империяның құрамында болған аты бар, заты жоқ Қазақстанмен, қазіргі айдарынан жел есіп тұрған, құла­шын көкке сермеген, қанатын кеңге жай­ған Қазақстанды салыстыруға болмайды. Елбасының ерен еңбегін ешбір заман, ешбір тарих ұмытпайды деп ойлаймын. Артымызда өсіп келе жатқан қалың та­лант­ты ұрпақ бар. Жастар тілді жетік мең­геруге шебер. Кемінде алты, жеті тілді бі­ле­тін жастар бар. Елбасы талантты, дарын­ды жастарға арнап зияткерлік мектептер ашты. Астана қаласынан Назарбаев уни­вер­ситетін ашты.
– Абай – ауқымды, терең, күрделі. Дегенмен Абай атамыздың әлеуметтік көзқарастарына тоқталып, бүгінгі өмір­мен байланыстырып көрсек. Абай­дың сынынан қазақ халқы қан­ша­лықты нәтиже шығарды?
– Абайдың сынынан қазақ қорытынды шығарған жоқ. Баланың қазасы оңай емес әрине, Ақылбайдың, Мағауияның қазасы Абайдың жанына батты. Бірақ одан гөрі қазақтың күйігі батыңқырап кетті. Ауырлау болса да айтайын, меніңше, Абайды өл­тір­ген өзіміз. Абайдың сөзін тыңдамады. Қазақтың ішінен кемеңгер де, данышпан да, шешен де, білгір де, ақын да көп шық­қан. Сондықтан ба екен шетінен данышпан санайды өзін. Бірін-бірі тыңдағысы кел­мейді. Осыдан 11 жылдай бұрын «Сөзді ұға­тын кез келді» деген мақала жаздым. Сон­да осыларды айттым. Бір-бірімізді тың­дайтын, сөзімізді ұғатын, селбесіп жү­ріп салтанат құратын жағдайға келдік деп. Мен кейінгі кезде тарыққанда, шиырлаған өмірдің сұрағына жауап іздеген кезде Абай­ға жүгінемін. Абай – ешқашан ескір­мейтін біздің данамыз. Пайғамбарымыз десе де болады. Мүмкін, артық айтармын. Адамды пайғамбар деуге болмайтын шығар. Дегенмен, кезінде М. Әуезов Жам­былға сұрақ қойған екен: «Абай қандай ақын?» – деп. Ол кісі ойланып, мырс етіп кү­ліп «Абай ақын ба?!» депті. М.Әуезов шо­шып кетіпті. Сәлден кейін «Абай ақын емес, Пайғамбар!» – депті. Абай сынаған кем­шіліктерден қазақ арылған жоқ. Осы жағынан жұмбақ халықпыз. Жұптаса, ақылдаса жүріп, сол кемшіліктерден ары­луымыз керек. Кейде тіпті Абай сынамаған кемшіліктер пайда болды ма деп қаламын. Кезінде біз М.Әуезовтен дәріс алдық. Бір сөзінде айтып еді: «Өзім қатарлы теңдес орыс достарымнан үш жыл кем жүремін, олар Пушкинді тоғыз жасында, мен 12 жасымда оқыдым» деп. Пушкинді қайдам, Әуезовті оқымаған адамдар бар ма деп шошимын. Оқу жағымыз кемшіндеу бо­лып келеді. Ал Абайды оқыса, қазақ жа­ман болмайды.
– Қазіргі уақытта жаныңыз нені қалайды?
– Жаным біріншіден, кез келген адам­заттың баласы сияқты тыныштықты қалай­ды. Үйлестікті қалайды. Елімізде алауыз­дық болмаса екен. Халықтың табан ақы, маңдай терін жейтін алпауыттар болмаса екен. Әрбір қадамдарын халықпен өлшеп басса екен деймін. Ұрпақ аман болып, еліміз тыныш болса екен деп тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Оқшау ой
Дінді байқамаса болмайды. Менің жазған үлкен мақалам бар. Жұрт шектен шығып, бетімен кетіп бара жатқанын, жастардың бәрі табан астында мешітке барып, жан­дарына кішкене тәй-тәйлап жүрген бала­ларын, інілерін жетектеп, сәждеге бас қой­ғандарын көп көрдім. Бала ұғым, наным дегенді өзі қабылдау керек. Құдай­ға тәу­бе, менің өсіп-өнген ауылымда дін­нен кү­дер үзгеніміз жоқ. Кеңес кезінде жапа-тар­мағай жапырылысқан коммунис­тер едік. Тәуелсіздік ала сала бәріміз мұ­сыл­ман болып шыға келдік. Мен теледи­дардан көріп, жүрегім айниды. Ақ жаулық таққан, ақ дамбал киген әйелдер төрде отырып уағыз айта бастайды. Ол – ислам тарихында болмаған нәрсе. Жап-жас ба­ла­лар уағыз айтады. «Уағыз» деген «өси­ет», ол – тәрбие әңгімесі деген сөз. Жап-жас бала не айтады? Ол маған не үйретеді? Жүректен шықпаған сөз, ешқашан жүрек­ке жетпейді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста