Еліміздің экологиясын жақсарту үшін қомақты инвестицияларды осы бағытқа қарай тартуымыз керек

Еліміздің экологиясын жақсарту үшін қомақты инвестицияларды осы бағытқа қарай тартуымыз керек

Құралай КӘРІБАЕВА, Экология және орнықты даму институтының директоры, профессор, Халықаралық экология академиясының корреспондент-мүшесі:

– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Жасыл экономикаға» көшу стратегиясын жасау туралы тапсырма берген болатын. Қазір бұл бағытта түрлі жобалар әзірленуде. Енді заман көші алға озып, эконо­ми­ка дамыған сайын қоршаған ортаны қорғау қиынға соғып барады. Өндірісті дамытпаса, экономика алға баспайтыны белгілі. Осы ретте, «Жасыл экономика» бағдарламасы «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», экология­лық қиындықтан алып шыға алады деп айта аламыз ба?
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Жасыл экономикаға» көшу стратегиясын жасау туралы тапсырмасы бүгінгі күн талабына орай жасалған айтулы шаралардың бірі десек қателеспейміз. Өйткені бұл бүкіл әлем елдерінің алдында  шешілмей тұрған  басты проблемалардың бірі ретінде қаралып отыр. Әрине, жер – шағын планета, ол біреу ғана. Сол Жер шарындағы бүкіл тіршілік көзі – жасыл орман мен телегей мұхиттардың экологиялық хал-ахуалы қауіпті жағдайда екені баршамызға белгілі. Жер шарындағы табиғи ландшафтардың құлдырауы, судың сарқылуы, топырақтың тозуы, флора мен фаунаның бірқатар объектілерінің жойылып кетуі немесе ластануы адам өміріне өте зиянды. Сондықтан қолымызда бар табиғат байлығын сақтап қалу адамзат алдындағы басты мақсат болып қалуы керек. Міне, осындай шаралардың негізінде Елбасымыз экологияны әлем жұртшылығының алдына басты мәселе ретінде қойып отырғаны да құптарлық жайт. Сондықтанда ҚР Президенті 2013 жылғы 30 мамырда ҚР «Жасыл эконо­микаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – экологиялық тығы­рықтан алып шығатын бірден-бір бағдар­лама.
Ал енді табиғатқа өз қолымызбен жасап жатқан қиянаттарымызды қалпына келтіру оңай шаруа емес. Сондықтан сізбен-біздің негізгі мақсатымыз осы «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын жалпыға түсіндіру болып табылады. Себебі әрбір адам осы ұлы мақсаттарға жету үшін үлкен жауапкершілікті сезінуі қажет. Халықтың сана-сезіміне таби­ғат­ты аялап қорғауды сіңіруіміз керек. Бұл алдымен отбасынан, бала-бақшалардан бастау алуы тиіс. Яғни жас ұрпақтың көзқа­расын тірі табиғатқа қарай бұру, оны аялап сақтауға үйрету негізге алынуы қажет. Сонда ғана қоршаған ортамызды қалыпты жағдай­да сақтай аламыз. Ал егер маңайыңдағы жасыл желек өсімдіктер мен жануарлар әлеміне немқұрайдылықпен салғырт қарайтын болсақ, біз табиғат байлығының бәрінен айырылып, қауіпті жағдайға душар болуымыз әбден мүмкін. Өйткені адамзат өмірі табиғатпен тығыз байланыста. Онсыз адам өмірі жоқ десек те болады. Сондықтан әрбір адам жүрген жерінде табиғат бай­лығына оң көзбен қарап, шынайы махаббат сезімінде болуы міндетті. Бір ағашты жөнсіз отап тастасаңыз, оның орнына шығатын келесі өсімдік ағаштың өсіп жетілуіне бәлен жыл уақыт керек. Мейлі сіз қалада жүріңіз немесе далада жүріңіз ондағы әрбір өсімдік пен жасыл желекке аяушылықпен қарап жүрсеңіз, табиғат та сізге өз сыйлығын ая­май­тыны анық. Ал Жер-Анаға адам қолымен жасалған қиянат кешірілмейтін күнә дер едім. Қазіргі жаһандану дәуіріндегі ескі тех­нологияның қоршаған ортаға тигізіп жатқан зиянды жақтары да жоқ емес. Соның әсері­нен таза ауаның бұзылуы, өзен-көл­дердегі сулардың ластануы, ондағы жан-жануарлар мен өсімдік жамылғысының жарамсыз болуы – қазіргі химиялық қоспалар қалдық­тарының әсерінен болып жатқаны айқын. Оны тоқтатудың жолдарын қарастырып, қазірден қолымызға алмасақ, адам өміріне орасан қауіп төнері сөзсіз. Міне, осы мәсе­лелерді дер кезінде жоюды біздің Елбасымыз нақты тұжырымдармен белгілеп берді. Енді оны одан әрі алып жүру әрбір азаматтың парызы деп білемін.
– Негізі, «Жасыл экономика» бағдарламасының түпкі мәні – табиғатты жақсарту, жаңа технологияларды пайдалану арқылы экожүйені дамыту, экологиялық таза өнімдерді шығару болып табылады. Жалпы, мұның барлығын жүйелі түрде жүзеге асыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– «Жасыл экономика» тұжырымдама­сының түпкі мәні – аты айтып тұрғандай, бүгін­гі таңдағы тірі табиғаттың берген бай­лығы мен тамаша табиғи сұлулығын өз қалпында сақтап, болашақ ұрпағымызға қаз-қалпында жеткізу. Әрине, ол үшін жаңа технологияға да баса назар аударуымыз орынды. Тек оны асыра пайдаланып, артық кетпеу жағын да ойластырғанымыз абзал. Бүгінгі күндегі жан-жануарлар мен табиғи өсімдіктердің түрлі зиянкестіктен уланып, техногендік басымдықтан жойылып кету факторлары өмірде кездесіп те жатыр. Оған көптеген мысалдар да келтіруге болады. Кешегі Қарағанды аймағындағы киіктердің жаппай қырылуы немесе Каспий теңізіндегі итбалықтардың жойылуы неден деп ойлар едіңіз? Оның бәрі Каспий теңізіндегі мұнай қалдықтарының теңіз бетіне жайылуынан немесе топыраққа сіңіп кеткен улы заттардан дер едім. Осының бәрі адам қолымен табиғатқа аяусыз, заңсыз жасалынып жатқан іс-әрекеттері мен бір күндік өз пайдамызды ғана ойлаған көзқарасымыздан туындап отыр. Қалай десек те, еліміздің экологиясын жақсарту үшін қомақты инвестицияларды осы бағытқа қарай тартуымыз керек.
Онымен қоса, «Жасыл экономика» тұжы­рымдамасында еліміздің экологиясын жақ­сар­тудың алғышарттары анық көрсетілген. Соның ішінде ең негізгісіне тоқталып кетейін: 1.Бүгінгі таңдағы экономикалық ағымдағы «Жасыл экономикаға» көшудің алғышарт­тарын нақты анықтау; 2.Ел алдында тұрған «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі негізгі басты мақсаттары мен міндеттерін белгілеп алу; 3.Ресурстарды (су, жер, орман және басқа биологиялық табиғи ресурстар) пай­далану мен оларды басқару тиімділігін көте­ру; 4.Қолда бар инфрақұрылымды жаңғы­р­тып, заманауи технологияны пайдалана отырып жаңаларын салу; 5.Қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың рентабельдік жолы арқылы халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын көтеру; 6. Ұлттық қауіпсіз­дік­ті, соның ішінде су қауіпсіздігі, экология қауіпсіздігі, азық-түлік қауіпсіздігін көтеру болып табылады.
Бұл деген сөз – «Жасыл экономикаға» көшу, Қазақстан әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде қойылған мақсатқа қол жеткізуін және Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсарту мен өмір сүру сапасын арттыру, сонымен бірге қоршаған орта мен табиғи ресурстардың тозуын барынша азайтып, болашақ ұрпақ үшін қаз-қалпында сақтауды қамтамасыз етеді.
– Кейбір мамандар «жергілікті деңгейде өндірістік кәсіпорын­дардан жиналған экологиялық төлемдер сол өңірдің экологиялық проблемаларын шешуге жұмсалуы тиіс» деген пікірді айтып отыр. Яғни облыс әкімдері кәсіпорындардан жиналған экологиялық салық пен айыппұлды өз өңірлеріндегі экологиялық проблемаларды шешуге бағыттауы керек. Әйтпесе олардың барлығы басқа мақсат­тарға жұмсалып кететін көрінеді. Сіз бұған не деп жауап берер едіңіз, айыппұлдан жиналған қаржыны жергілікті бюджеттің құзырына берген дұрыс бола ма?
– Айыппұлдан жиналған қаржыны жер­гілікті бюджеттің құзырына беретін болсақ, онда бақылау үстіне бақылау қажет болады. Өйтпейтін болса, бөлінген қаражат талан-таражға түсіп, көрінгеннің қалтасында кетуі әбден мүмкін. Егер де сол өңірдің эколо­гия­лық проблемаларын шешуге жұмсалып жат­са, онда, әрине, құптарлық жайт. Бұл үшін жер­­гі­лікті облыстық әкімдер өз қарауына алып, міндеттерді мейлінше дұрыс бөлуді және өзекті проблемаларды шешуге жұм­салған қаржыны қатаң бақылауда ұстап оты­руы тиіс.
– Кейбір эколог мамандар «Жасылдар» партиясын құрып, оның бір өкілін Парламентке отырғызу керек» деген ұсыныс айтып отыр. Осы қадамға бару арқылы экологияның мәселесін толық шеше аламыз ба?
– Әрине, «Жасылдар» партиясын құруға болады, егер ол экология мәселесін нақты шешетін болса. Бізде қазіргі таңда ондай жағ­дайларға мүмкіндік бола да бермейді. Біріншіден, оған бөлінген қаражаттың жоқтығы әсер етсе, екіншіден, парламенттен орын бөліп, отырғызып қою еш қисыны жоқ нәрсе. Онсыз да парламентте қоршаған орта­ны қорғау мәселесімен айналысып отырған арнайы комитет (арнайы депутаттар) бар емес пе? Бірақ сол орында отырған адам экологиялық проблемаларды жақсы білетін маман болса дейсің. Бүгінгі таңда шешілмей қордаланып жатқан экологиялық проблема­лар бастан асып жатыр. Сондықтан біз, бүкіл қазақстандықтар бұл мәселе қашан елімізде шешімін табар екен деген бос үмітпен күн кешпей, әрбір азамат осы тұжырымдамадағы бекітілген елдің «жасыл» даму жолына кө­шуіне негізделген экономикамыздың орнық­ты әрі тиімді моделін қалыптастыруға, өзінің сапалы өмір сүру стандарттарын енгізуге жауапты түрде кірісуіміз керек.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтар төңірегінде қордаланып қалған мәселелер өте көп. Қаладағы кәсіпорындар, фабрикалар, ірі өндіріс орындары­нан, онымен қоса, қала тұрғында­ры­ның өздері шығаратын қалдық­тар елді мекендерде тау-тау болып үйіліп тұр. Ал тұрмыстық қалдық­тар­ды қайта өңдеуден өткізетін Астанадағы зауыт қаржылық мәселелерге байланысты жұмысын тоқтатып тұр. Енді бұл тығырықтан шығу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Бізде бұл мәселе әлі күнге дейін шеші­мін таппай келеді. Күнделікті тонналап шы­ғып жатқан ауыр өнеркәсіптік, агроөнер­кәсіптік, тұрмыстық қалдықтар қалаларымыз бен ауылдық жерлерде тау-тау болып үйіліп жатқанын көзіміз көріп жүр. Бұл қалдықтар­дың басым бөлігі уытты, ал кейбіреуі ра­диоак­тивті. Ол ұзақ жатқан сайын антисани­тар­лық жағдайларға апарып соқтырары сөз­сіз. Осыдан барып әртүрлі аурулардың таралуына жол берерін бәріміз жақсы білеміз.
«Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңға сәйкес, өндіріс және тұтыну қалдықтары қор­шаған ортаға қауіп келтірмейтіндей шарттар мен амалдар арқылы міндетті түрде жина­луы, қайта пайдаланылуы, залалсыздан­ды­рылуы қажет. «Өндіріс және тұтыну қалдық­тары туралы» заңның қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы экономикалық реттеудегі маңызды ұстанымдардың бірі – қалдықтар­дың көлемін азайту және оларды шаруашы­лыққа жарату болып табылады. Ендеше, бұл проблема да тез арада шешілуі тиісті. Шетел­дерде бұл мәселе бірінші кезекте шешілген. Еліміздің ірі қалаларында тұрмыс қалдықта­рын өңдейтін зауыттарды салып, іске қосу кезек күттірмейтін мәселе болуы тиіс. Өйт­пей­тін болса, мұрын жаратын сасық ауа мен қауіпті радиоактивті қалдықтар қоршаған табиғи ортаны ғана ластап қоймай, жер бетіндегі бүкіл тіршілік көзіне және адамдар­дың денсаулығына өте қауіпті. Сондықтан экологиялық ахуалды жақсарту және қорша­ған ортаға техногендік әсерді азайту, қалдық­тарды қайта өңдеу, сондай-ақ қалдықтарды кәдеге жарату есебінен жаңа жұмыс орында­рын құру өте маңызды.
– Елді мекен аумағында заңсыз қоқыс төккендерге айыппұл орнына қылмыстық жаза қолдану керек пе?
– Бізде, ең бастысы, қалдықтарды қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға арналған инфрақұрылым дамымаған, оған қоса, ха­лық­қа экономикалық ынталандыру шара­лары болмай тұр. Оның үстіне, халыққа тұр­мыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу шаралары дұрыс жолға қойылмаған және тұрмыстық қалдықтар полигондары сани­тарлық-экологиялық талаптарға сай емес, сондықтан қылмыстық жаза қолдану үшін біз Үкімет тарапынан нақты тұрмыстық қалдық­тарды жинауды, тасымалдауды, қайта өң­деу­ді, кәдеге жаратуды және сақтау­ды жүйелі түрде басқаратын муниципалдық құрылым­дар құрып, оның нормативтік-құ­қық­тық базасын нығайтуымыз керек. Содан кейін ғана, кейде айыппұл орнына қылмыс­тық жаза қолданғанымыз дұрыс деп есептей­мін.  
– Кейбір қала тұрғындары арнайы қоқыс салатын жәшікті көре тұра қолындағы қоқысын көшенің кез келген бұрышына лақтыра салады. Осының салдарынан қазір су ағуға тиіс арықтардың бойының бәрі қоқыстарға толы. Табиғат аясына демалуға барғандар да демалған орындарын ластап кетеді. Осы ретте, бізге тазалық сақтауды қадағалайтын экология­лық полиция құру керек пе?
–Оныңыз рас. Кейбір адамдар қолын­дағы қоқыстарын тұрмыстық қалдықтар төгетін арнайы орындарға емес, кез келген жерге лақтыра салады. Осындай жандарды көрген сәтте неткен надандық, неткен пасықтық деп еріксіз түңілесің. Сондықтан халықтың экологиялық сауатын арттыруымыз керек. Жер-Ананың ауасын жұтып, топыра­ғын басып жүргеннен соң, әр азамат өзі үшін болмаса болашақ ұрпағы үшін ойлануы тиіс. Шындығында, тазалықты сақтауды қадаға­лай­тын экологиялық полиция құру орынды болар еді. Мүмкін сонда ғана қала тұрғын­дары тазалыққа ден қояр деген үміт бар. Адам­дардың санасына сонда ғана жетер, өйтпейтін болса, бос әурешілік пе деп ойлай­мын.
– Биыл тағы да Бетпақдалада қаншама киік қырылып қалды. Өлекселер Ақмола мен Қарағанды облысының аумағынан табылып отыр. Жалпы, жыл сайын киіктердің жаппай қырылу себебін неден іздейміз? Кейбір мамандар пасте­рел­лез ауруынан қырылды десе, енді бірі – кен орындарының зиян­ды қалдықтарды суға көп төгуінен болды деп отыр. Жалпы, бұл адамдардың табиғатты аяусыз бүлдіруінен, экологиялық заңды­лықтардың бұзылуынан емес пе?
– Бұл, әрине, біріншіден, жалпы, эколо­гиялық заңдылықтардың бұзылуынан, таби­ғи жайылымдардың тозуынан және ласта­нуынан болып отыр. Қазақстанның сим­во­лы болып саналатын, қазақ даласы­ның көркі – киіктер өткен ғасырдың басын­да био­логиялық түр ретінде жойылып кету қаупінде болғандықтан, Қызыл кітапқа ен­ген. Ал бүгінде сол азайып кеткендіктен, киік тұяғы тимеген қазақтың сайын даласы тозып ба­ра­ды. Әрине, Бетпақдала мен Ақмола, Қара­ғанды облысының аумағынан табы­лып отырған киіктердің жаппай қы­рылуы – жа­нуар­лар әлеміндегі жантүрші­гер­лік жағдай. Тіптен жаның ауырып, оларға де­ген аяушы­лық сезіміңді оятады. Неге бұ­лай? Оған нен­дей жағдайлар әсер етті? Оның анық-қаны­ғына, тіптен байы­бына бара алмай, зерт­­теп-екшелеп алмай дол­бар жасай беретінімізге таңым бар. Әрине, қандай аурудан қырылса да, оларға техно­гендік әсерлер кесірінен бір белгісіз ауру­дың таралуы себеп болғаны анық. Оны болдырмаудың алдын алу жайын да ойлас­тырғанымыз жөн шығар. Өйтпейтін болса, жыл сайын киіктердің жаппай қырылуына қашанғы жол бере бермекпіз? Сондықтан қоршаған ортаны қорғаудың маңызды бір саласы – дала ресурстарын тиімді пайдала­нуы­мыз керек. Жануарлар дүниесін жойылу­дан сақтауды қатаң бақылауға ала отырып, бұл жер халықаралық маңызға ие бірден-бір ерекше қорғалатын табиғи аумақ болған­дық­тан, жүйелі басқарудың заманауи әдіс­терін енгізіп, қаржыландыру көздері мен экологиялық заң талаптарын үйлестіру керек деп есептеймін.
– Өткенде облыс әкімінің бастамасымен Оңтүстікте мың гектар аймаққа 400 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Бұл жоба Елбасының «Жасыл ел» бағдарламасы аясында қолға алынған еді. Алайда ел болып еккен осы көшеттер арада көп уақыт өтпей көктей солып жатыр. Жалпы, біз мұндай игі бастамаларды алаулатып-жалаулатып бастап, артынан сұйытып жіберетін науқан­шылдыққа айналдырып жіберген жоқпыз ба?
– Елбасымыздың «Жасыл ел» бағдар­ла­ма­сы аясында өтіп жатқан шаралар ауызтол­ты­рып айтарлықтай десек, артық айтқандық емес. Оның бір парасын Астана қаласының маңайындағы отырғызылған көшеттердің бүгінгі таңда жайқалып қалың орманға айналып өсуі, онда жан-жануарлардың келуі – ғажап дүниелер. Тіптен Ақордамыздың көркіне көрік қосып, көрген жандардың жанына шипа болғандай. Табиғаттың осын­дай тылсымына жан бітіріп жүрген жандарға рақметтен басқа айтарың жоқ. Бір ағаш отырғызсаң да, оның жапырақ жайып көктеп кеткенінше баптап күтуі сенің мойныңда еке­нін ұмытпағаныңыз абзал-ақ. Олай болса, Оңтүстіктегі отырғызылған ағаш көшеттердің дер кезінде күтіп-баптауының жетіспегендігі және қаражатпен қамтамасыз етілмегендігі дер едім. Яғни оның көктей солуына тікелей жергілікті басқарушы органдардың бақы­лауы­ның төмен дәрежеде болғандығын, бағбандарға күтуге қаржымен қамтамасыз етпегендерінен деп түсінуге болады. Бұл адам еңбегі мен мемлекет қаржысының далаға кеткені болып есептеледі. Өте  өкінішті жағдай.
– Осыдан біраз бұрын сіз еліміздегі бәйшешектерді сақтау туралы мәселе көтерген едіңіз. Жалпы, ерте көктемнің жаршысы бола білген бәйшешектерге мұн­шалықты араша түсуіңізге не себеп?
– Еліміздегі көктемнің жаршысы болып есептелетін бәйшешектер Қызыл кітапқа енген, жойылып бара жатқан өсімдік түріне жатады. Ғаламшардың біртұтастығын сақтау мен әрбір экожүйенің тепе-теңдігін қорғау үшін бәйшешектердің алғашқы тіршілік белгісі ретінде маңызы ерекше. Соның арқа­сында жер бетіндегі тіршіліктердің жанданып, өмір сүруіне бәйшешектердің атқарар рөлі өте жоғары. Адамдар соған қарап көктемнің тыныс-тіршілігін бағамдап біледі. Бәйшешек пен қызғалдақтардың жер бетінен жойылып кетуіне бірден-бір себепкер болып отырған адамдардың өзі екені анық. Өйткені бәйше­шектердің қылтиып көрінгенінен бастап, тамырымен қоса жұлып алуы – көп кездесетін жайт. Осыдан барып оның деградацияға ұшы­рауына, өсіп-өнетін жер көлемінің қыс­қа­руына, биологиялық құнының жоғалуына әкеліп соғады. Сондықтан көктемнің алғаш­қы тіршілігінен хабар беретін бұл маңызды өсімдіктің жер бетінен жойылып кетпеуіне жол бермеуіміз қажет. Оны жас балғындарға да түсіндіру – үлкендердің бір парызы. Сон­дықтан да бәйшешек гүлдерін аялай білейік! Ал қызғалдақ гүлдерінің сәнділігі мен сұлу­лығында баға жоқ. Ол адам өмірі мен оның ішінде махаббат сезімінің бір символы ретін­де қарауға әбден болады. Оның хош иісі жаны­ңа жайлы, көңіліңе медеу болары сөз­сіз. Бұл дегеніңіз табиғаттың адамдарға деген махаббаты мен сыйы емес пе?! Тіптен ақындармыздың өзі осы гүлдерді жырға қо­сып, жырлап жатуы да бекер болмаса керекті. Сол себепті Қазақстан –  қызғалдақтар ота­ны деп бекер аталмаған. 
– Жалпы, бәйшешек пен қызғалдақтарды жұлып, табиғатқа қиянат келтіргендерді қылмыстық жазаға тарту керек пе?
– Ал ондай нәзік гүлдерге қиянат жаса­ғандарға қылмыстық жаза болмаса да, айыппұл төлету орынды болар еді. Сонда ғана адам жанының нәзіктігі мен табиғаттың жарасымды байланысының ашылмаған сырына қанық болары әбден мүмкін. Ол үшін барлық баспасөз беттері мен телерадио ар­на­ларында қоршаған ортаны қорғау проб­лемаларымен қоса, экология жайын насихат­тау  жұмыстарын белсенді түрде қолға алып, оның жай-күйін жалпақ жұртқа құлағдар етіп жеткізіп отыруымыз тиіс.

Алашқа айтар датым...
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Астанада өткен ІV экономикалық форумда сөйлеген сөзінде былай деген болатын: «Қазір бірде бір ел бүгін дамып алайын, экологиямен кейін айналысамыз деген формуламен өмір сүре алмайды. Адамзат үшін планетаның қауіпсіз энергоэкологиялық жағдайын қамтамасыз етуді жүзеге асыратын сценарий қажет. Ол бүгінгі күн үшін де, ұзақ мерзімге де барлық елдерге пайдалы болуы тиіс. Табиғи ресурстарға бай ел ретінде біз әлемдік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өз жауапкершілігімізді жақсы білеміз. Ресурс үнемдеуші технологияларды, «Жасыл экономика» құралдарын енгізу – біздің жақын онжылдықтағы индустрияландыру саясатымыздың негізгі құрамдас бөлігі». Олай болса, осы бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыру әрбір Қазақстан азаматтарына жүктелетін міндеттердің бірі деп білу ләзім. Сол себепті «Жасыл экономикаға» көшу үшін кадрлық мәселелерді қамтамасыз ету және халықтың экологиялық мәдениетін артыру басты міндет болуы тиіс. Біз жастарымызды тек білікті маман ғана емес, Отанын сүйетін, туған табиғатын аялайтын, есімі үлкен әріптермен жазылып қалар азамат етіп тәрбиелеп шығаруға борыштымыз!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста