Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, профессор:
– Кәрімбек Арыстанбекұлы, әңгімемізді білім мен ғылым саласының өкілі болғандықтан, еліміздегі білім беру ісін дамытудың бағыт-бағдарын айқындайтын мемлекеттік бағдарламадан бастасақ. Бағдарламаны жүзеге асыруға байланысты қандай мәселелерге мейлінше мән беріліп отыр?
– Еліміздің білімі мен ғылымын дамытуға арналған бағдарламаның қабылдануы Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы Президент жарлығына сәйкес дайындалып, күшіне енгені белгілі. Бағдарламада алдымызға жаңа міндеттер жүктелгенін, атап айтсақ, білім саласындағы басым бағыттарға мамандар даярлаудың жаңа сапасына көшу, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдарының мазмұнын жетілдіре түсу, педагог кадрларды қайта даярлауды және қоғаммен байланысты күшейту мақсатында қамқоршылық кеңес қызметін үйлестіру сияқты бірнеше мақсаттар мен міндеттерден туындап отырғандығын тілге тиек етсек артық болмас. Алғашқы кезекте білім беру қызметін қамтамасыз етуге бағдарланған қаржыландыру жүйесін жетілдіру мен педагог мамандығының беделін көтеруді мақсат еткенін атап өткеніміз абзал. Білім беруді басқарудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесін қалыптастыру мен білім беру процесінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үлкен міндет етіліп қойылғанын ерекше атап өтуге болады.
Білім беруді қаржыландырудың жаңа тетіктерін белгілеу; білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету; педагог қызметкерлердің еңбегін ынталандыру, яғни олардың мәртебесін арттыруға бағытталған мүмкіндіктерді қарастыру бағдарламаның басты ерекшеліктері.
– Тағы бір мәселе, 12 жылдық білім жүйесіне көшуге байланысты. Осы орайда мемлекеттік бағдарламаларда көзделген мерзімде мұндай міндет үдесінен шығу үшін ең алдымен қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр және осыған орай педагог кадрлар дайындау мәселесі де күн тәртібіне көтерілмей ме?
– Жаңа бағдарламада мектепке дейінгі және орта білім беру деңгейіндегі атқарылатын міндеттердің бірі ретінде 12 жылдық білім беруге толығымен көшуді қамтамасыз ету міндеті қойылғаны рас. Бұған дейін де бірнеше рет осындай 12 жылдыққа көшуге ұмтылыс болғаны, бірақ кейінге қалдырылғаны белгілі. Сіздің сұрағыңыз сол жағдай қайталанбас па екен деген мақсаттан туындап отыр ғой деймін.
Елбасы Н.Назарбаев министрлікке нақты тапсырма беріп, 12 жылдыққа көшуді міндеттеп отыр. Ендеше, күрмеуі қиын күрделі мәселені шешудің қисыны келіп тұрғанын баса айтқымыз келеді. Сондықтан бұл жолы бағдарламада көрсетілген мерзімде, яғни 2015 жылы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшетін боламыз. Бұл шараның нақты іс-жоспары айқындалып, нақты кестесі белгіленгені министрліктің даму жоспарында айқын көрсетілген. Сонымен, аталған мерзімде 1-5 және 11 сыныптар 12 жылдық бағдарламасы бойынша кезең-кезеңмен білім алуды бастайтын болады.
Ал енді, жаңа жүйе бойынша педагог кадрларды дайындау мәселесі бойынша мынаны айтқым келеді. Аталған деңгей жүйесінде жемісті еңбектің жетістігін көргіміз келсе, ең алдымен кадр мәселесін реттеп алуымыз керек. Кезінде еліміздегі педагог кадрлар тапшылығын шешу мақсатында Үкіметтің шешімімен еліміздің бес өңірінде ашылған Педагогикалық институттардың атқарар мақсат-міндеттерін қайта бір пысықтау керек. Өйткені жергілікті жердегі жетекші университеттердің көлеңкесінде қалып қойып, оларда дайындалатын кейбір мамандықтарды даярлауды қайталау өріс алып отыр. Біздің пікірімізше, жаңа бағдарлама аясында атқарылар іс-шаралар жоспарына аталған педагогикалық институттарда мектепке дейінгі және 12 жылдық білім беруді қамтамасыз етуге қажетті мамандарды, яғни жаңа тұрпаттағы педагог кадрлар дайындауды міндеттеу керек. Сондай-ақ педагог кадрлардың біліктілігін арттыратын арнайы курстар мен семинарлар да ұйымдастыру педагогикалық жоғары оқу орындары құзырына берілу керек. Осылай ғана педагогикалық ортада көкейтесті мәселелер қатарында көтеріліп жүрген «педагогтардың құзыреттілігін» арттыра алар едік. Педагогикалық институттардың әлеуетін әлеуметтік істерге бағыттайтын уақыт келді. Жаңа бағдарламаны жүзеге асырудың тетіктері ретінде жергілікті билікке бағынатын білім ошақтары мен орталық атқарушы биліктің құзырындағы педагогикалық институттардың іс-қимыл жоспарларының бірлесіп, келісіліп түзілуін мықтап қадағалаған жөн. Педагогикалық кадрларды дайындау ісінде де мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жаңа ережелер қабылдану керек деп есептеймін. Бұдан бұрын да айтып жүргенімдей, жоғары оқу орындарында педагогикалық мамандықтар бойынша маман дайындау тек қана күндізгі оқу жүйесі арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Айрықша жағдай ретінде, мектептерде ұзақ жылдар ұстаздық етіп жүрген тәжірибесі мол, кезінде белгілі себептермен жоғары білім ала алмаған, орта арнаулы білім ордаларын тамамдаған талғампаз тәлімгерлерді ғана қабылдауға рұқсат берілуі тиіс. Тек осындай жолмен ғана ұстаздардың абыройын арттыра аларымыз анық. Әйтпесе бүгінгі күні байқап жүргеніміздей, биыл ғана мектеп бітірген оқушыны сырттай оқу бөліміне қабылдап, төрт жылдан соң қолына диплом тапсырумен шектеліп жүргеніміз де шындық. Мектепке арнайы дайындалған мамандардың білім сапасы жоғарғы деңгейде болсын десек, осындай шараларға баруға мәжбүрміз.
– Мамандар дайындау мәселесін дұрыс айтып отырсыз. Кезінде университет басқарғаныңызды, министрліктің жоғары білім беру департаментінің директоры қызметін атқарғаныңызды білеміз. Шындығын айтыңызшы, жоғары оқу орындарын бітірген мамандардың білім сапасына көңіліңіз тола ма?
– Иә деп жауап беріп, ұятқа қалатын жағдайым жоқ. Соңғы кезде тек қана жоғары білім алу керек деген үрдіс пайда болып, техникалық және кәсіптік білім алуға қаракөз бауырларымыз онша құлық танытпай жүргені шындық. Неге біз жұмысшы кадрларын, атап айтқанда, елімізге керекті сылақшы, құрылысшы, дәнекерлеуші, әрлеуші, ағаш ұстасы және т.б. мамандықтарды игеруге ұмтылмаймыз? Жұрттың бәрі тек қана жоғары білім алып, ертең жұмыс таппай жүрмесіне кім кепіл?! Қазіргі күні екінің бірінің қалтасында екі-үш дипломнан жүргені жасырын емес. Бірақ солар маман ретінде үлкен іс тындыра алады деп ойлайсыз ба? Шынын айту керек, бүгінгі таңда көптеген жұмыс берушілер жоғары оқу орындары оқытып шығаратын мамандар сапасына қанағаттанбайды. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің күткен нәтижелеріне жауап бере алмайды және бүгінгі күнгі нарықтық экономика талаптарына төтеп бере алмауда. Біз осылай шындықты шырылдатып айтпасақ, ертең ең қабілетті елу елдің қатарына емес, шаңына да ілесе алмай қаламыз. Мұның себебін тереңнен іздеудің қажеті жоқ. Жұртқа мәлім Қазақстанның барлық жоғары білім беру жүйесін қамтитын маңызды жасырын фактор жемқорлық деген бәле жегідей жеп тұрғаны бағдарламада ашық айтылуы және онымен күресу бағыттарының бағамдалуының өзі – алда тұрған міндеттердің маңыздылығын көрсетеді. Студенттер алатын білімнің мазмұнына емес, дипломға мәз болып, алған мамандықтарының санымен жарысқа түсіп жатқаны жағымды нәрсе деп кім айта алады?! Ендеше жастардың арасында жаңа көзқарас қалыптастыруды қолға алу керек. Құр қағаз жоғары білім біліктілігін көрсете алмайды. Ертең маман болып еңбекке араласу үшін дипломнан басқа жұмыс берушілер, мемлекеттік емес ұйымдар және студент оқыған жоғары оқу орнының ұстаздарынан құралған біліктілік комиссиясының қорытындысы керек болады. Биылғы Елбасының Жолдауында да осы мәселе ерекше міндет ретінде министрлікке тапсырылды. Сондықтан университеттегі уақытын босқа өткізген, терең білім алуға талпыныс жасамаған талапкер жұмысқа орналаса алмай, жалақысы жоғары лауазымды иелене алмай, бармағын тістейтінін студент кезінен оларға түсіндіру ұстаздардың да, ата-аналардың да парызы екенін ұмытпауымыз керек. Біз жастарға айтудан жалықпағанымыз жөн. Сонда дипломның санымен емес, білімнің сапасымен санасатын, сөз сайыстыратын емес, ой жарыстыратын кез келеді. Міне, осыны жақсылап ойлануымыз керек. Білім беру сапасын арттыруда ешкім оқшауланбай, әркім қоғам алдындағы өзінің жауапкершілігін мықтап сезінуі тиіс. Сонда ғана бәсекеге қабілетті, жоғары білімді кәсіби мамандар даярлауды қамтамасыз етуде жетістіктерге жетуге болады.
– Кәрімбек Арыстанбекұлы, білім саласындағы өзекті мәселелерге біршама тоқталдық-ау деймін. Елдің әлеуетін арттыруда, бәсекеге қабілеттілігін айқындауда ғылымның алатын орны бөлек екені белгілі. Ендеше Ұлттық ғылым академиясының басшыларының бірі ретінде ғылым жүйесіндегі атқарылып жатқан іс-шаралар туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінгі таңда білім мен ғылым мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының, сондай-ақ инновациялық жүйе мен адами капиталдың басты факторына айналғанын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Елімізде үдемелі индустриялы-инновациялық мемлекетке айналдыруға бағытталған 2020 жылға арналған арнайы бағдарлама қабылданғаны белгілі.
Біз шикізат әзірлейтін елден өндірістер ашып, өз өнімімізді тұтынуға шығармайынша толыққанды бәсекеге қабілетті ел бола алмайтындығымыз анық. Президенттің ғылым мен инновацияны екінші орынға қойған ел, ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтере алмайтындығы туралы қағидасы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында қабылданған «Ғылым туралы» заңда ерекше орын алғанын айтқанымыз абзал. Елдің болашағы үшін аянбай еңбек етіп жатқан ғалымдардың отанымыздың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуде атқарар ауқымды істері анықталған бұл заңда, ғылымды дамытуға байланысты үлкен жаңалық болғанына ғылыми жұртшылық өз бағасын беріп те жатыр.
Шынында да, «Ғылым туралы» жаңа заң отандық ғылымның дамуына өзіндік көмегін бере бастағанын отандық оқымыстылар орынды айтуда. Жалпы, еліміздің білім мен ғылымы, индустриялы инновация саласы даму қарқынын үдетуге бет алуда. 2009 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен ғылым және ғылыми саясат бойынша кеңесте айтылған келелі ойлар мен айқын міндеттерді, атап айтқанда, ғалымдардың қағазбастылықтан құтылу жолдарын айқындап, олардың ашқан жаңалықтарын өндіріске ендіру мәселелерін толыққанды ойластыру туралы толғамды ойларынан туындайтын міндеттер жаңа «Ғылым туралы» заңда жан-жақты қарастырылғанын, ғалымдар тарапынан қолдау тапқанын қадап айтқымыз келеді. Өткен жылы 1 желтоқсанда бүкіл қазақстандық ғалымдар форумы өтті. Сол кезде Елбасымыз Білім және ғылым министрлігінің ғылымды жаңа тұрпатта дамытуға бағытталған «Ғылым туралы» Заңның орнын ерекше атап өтті. Сайып келгенде, қазір ғылымымыз дамып, жаңа технологияларымыз жетіліп жатыр.
Ал енді, бүгінгі күні қолданысқа еніп отырған, әрі көптің көңілінен шыққан жаңа Заңның нақты іске асу тетіктері туралы сөз қозғасам, өткен жылы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысында 2012-2014 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыру мәселесі қаралған болатын. Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігі гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларға арналған конкурстың нәтижесін де жариялап үлгерді. Ғылыми-зерттеу институттары және жоғары оқу орындарынан түскен өтінімдермен қатар, жеке тұлғалардан да өтінімдер түсуі, яғни ғалымдардың жеке тұлға ретінде конкурсқа қатыса алу құқығына ие болуы – жаңа заңның жаңалықтарының бірі. Ғылыми еңбектерді сарапқа салып, еліміздің дамуына аса қажет ғылыми жобаларды таңдау құқығы республикаға белгілі, көрнекті ғалымдардан құралған Ұлттық ғылыми кеңесте қаралып, қорытындысы шығарылғанын да жаңа заңның жаңалығына қосуға болады. Елбасының «ғалымдардың еңбегін шенеуіктер араласпай, ғалымдардың өздері бағалайтын болсын» деген тапсырмасының іске асып жатқанын, нақты тәжірибелік ісімізде байқағанымызды да жеткізгіміз келеді. Ғалымдардың Елбасына деген құрметі ерекше екендігі байқалып отыр.
– Сонда елімізде ғылымның қай саласына басымдық беру керектігін де ғалымдардың өздері айқындау құқына ие бола ма?
– Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттер мен басымдылықтарды қалыптастыру мен ғылым бағыттары бойынша басымдыққа ие іргелі және қолданбалы зерттеулерді айқындау – Қазақстан Республикасының Премьер-министрі басқаратын Жоғары ғылыми-техникалы комиссияның құзыретінде. Ол комиссияның құрамына елдің белгілі ғалымдары, білім жүйесінің әртүрлі салаларының білікті сарапшылары, ғылыми қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Сонымен бірге Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамдарының көпшілігін ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының және ғылыми-қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен шетелдік ғалымдар қалыптастыратындықтан ғылыми жобаларды қаржыландыруды ғалымдардың өздері айқындайды.
– Талантты жастарды ғылымға тартуда қолға алынатын басты мәселелерде назар аударуды қажет ететін жағдайлар не деп ойлайсыз? Осы бағытта Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының атқарып отырған қызметі туралы пікіріңізді білсек. Өйткені қоғамда ғылым жүйесінде жастар санының күрт азайып кеткені жиі сөз болып жүр.
– Дұрыс айтасыз, бұл мәселе, шынында да, бүгінгі күні өзекті болып отырғанын жасыруға болмайды. Тек елімізге ғана емес, сонымен қатар аты әлемге әйгілі ғалымдарымыз аға буын қатарында екені рас. Осыған байланысты, ғылым докторларының орта жасын 40-50 жас көрсеткіш деңгейіне жеткізіп, орта буын ғалымдарды дайындау бағытында атқарылар шаруалар жетерлік. Сондықтан да, аға буынның ісін жалғастырып, отандық ғылымды алға сүйрейтін, әлемдік ғылыми-технологиялық бағыттағы жаңалықтардан хабардар жастарды ғылымға баулымасақ, ғылым жүйесіндегі дәстүр сабақтастығының үзіліп қалу қаупі туып отыр. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдар академиясы бүгінгі танда 30-дан енді асқан талантты жастарды академияның корреспондент мүшелігіне қабылдап, өздерінің ғылымға бейімдігін танытып үлгерген бір топ жастарға қолдау көрсетіп отыр. Мысалы, елімізде ғана емес, әлемдік ғылыми жұртшылыққа етене таныс, беделі мен білімі асқан, болашақтың ғылымы – биотехнологияның білгірі – Ерлан Раманқұлов сияқты жастар академияның жастар қанатын жарастырып жүргенін айтуға болады. Жастардың ғылымда жарқырап көрінуіне жағдай жасап, еліміздің ертеңіне өлшеусіз қызмет қылуға қызығушылығын арттыру мақсатында, осындай нақты істерді қолға алуда. Біздің ойымызша, әрбір елеулі ғылыми еңбегімен көзге түскен жас ғалым атақ- дәрежеге, марапатқа дер кезінде ұсынылуы керек. Мұндай көзқарас жас таланттардың шеберлігін шыңдауға, тың жаңалықтар ашуына мүмкіншілік береді. Жалындап тұрған жастық шағыңда жастардың диссертация қорғауына да қолдау көрсету керек. Бүгінде 30 жасқа толмай-ақ PhD докторы ғылыми атағын алуға болады. Бұған да жаңадан қабылданған «Ғылым туралы» Заң жол ашып отыр.
Ғылымға талантты жастарды тартудың төте жолын сөз етсек, «Назарбаев Университеті» және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жетекшілері мен халықаралық сарапшылармен өткізген, еліміздің білім саласын халықаралық тәжірибеге сүйеніп, ғаламдық деңгейге жеткізуге арналған мәселелер қаралған аталмыш оқу ордасында өткен келелі кеңестегі айтқан стратегиялық даму бағыттарынан іздегеніміз дұрыс. Кез келген елдің дамуы – оның білімі мен ғылымының дамуымен өлшенетіні белгілі. Біздің елде бұл салаларға деген көзқарастың оң екенін жоғарыда айтқанбыз. Елбасы Астананың халықаралық университетінің – отандық жоғары білім жүйесінің майталманы, әлемдік білім кеңістігіне мықтап ену үшін нағыз кадрлар дайындалатын білім-ғылым ордасына айналатынын атап өтті. Университет пен зияткерлік мектептердің инновациялық ғылыми-білім беретін кешенін қалыптастырудағы рөлінің үлкен екеніне мән берді. Білім, ғылым және инновация үйлесім тапқан ғылым ордасында жаңа технология, ғылымға негізделген өндіріс, жаңа материалдар салаларындағы елімізге зәру мамандар дайындалатын болады. Бұл талантты, дарынды жастарды мамандыққа баулуға өлшеусіз көмек болмақ.
Мемлекет басшысы ғалымдарға тапқан ғылыми жаңалықтарын өндіріске енгізу басты міндет екенін екшеп айтты. Бұл – өте үлкен жауапкершілік. Сондықтан, Ұлттық академия іргелі зерттеулердің ұйытқысы болып, бұл күнде осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтсақ, министрлік жариялаған гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларға қатысып, іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша гранттар жеңіп алып отыр.
Ғылым жүйесіндегі жастар санын арттыруды ойласақ, жас ғалымдарға әлеуметтік қолдауды күшейту керек. Дарынды, талантты жастарды ғылымға шақырғанда, біріншіден, тұрғын үй мәселесін түпкілікті шешіп беру керек. Екіншіден, жас ғалымға ұлттық компаниядағы қызметкерлердің жалақысынан кем төленбеуі тиіс.
– Кәрімбек Арыстанбекұлы, бірнеше шет тілдерін жетік меңгерген тілші-ғалым болған соң, тіл мәселесін аттап өте алмаймыз. Қазақ тілінің қоғамдағы рөлін арттыра түсу үшін қандай мәселелер бірінші кезекте қарастырылу керек деп есептейсіз?
– Тілдің қолдану аясын кеңейту тікелей білім саласына байланысты десек қателеспейміз. Осыған байланысты, Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасында мектеп оқушыларының қазақ тілін жетік меңгеруіне үлкен мән беріліп отыр. 2020 жылы мектеп бітірген түлектердің 100 пайызы мемлекеттік тілді меңгеру керектігі міндеттелген. Ақпарат құралдарынан белгілі болып отырғандай, соңғы жылдары қазақ тілінде білім беретін мектептер санының өскені байқалады. Осыған байланысты, қазақ балаларының 86 пайызы қазақ тілінде білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл жаман көрсеткіш емес. Оқушылардың білім деңгейін көтеруге арналған жұмыстар болашақ жастардың қазақ тілін мемлекеттік білім беру стандарты талаптарына сай меңгеруіне өзіндік септігін тигізері анық. Бірақ біздің бағдарламада көзделген межеге жету үшін әлі аянбай тер төгуімізге тура келеді.
Жастарды қазақ тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін жақсы меңгерген елінің патриоттары етіп тәрбиелеудің де мәні зор. Бұл тұста «Өз тіліңді біліп тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – сүйініш, өз тіліңді білмей, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш» деген Ж.Досмағанбетовтің қағидасын әрбір жастың санасына ұялата білуіміз баршамыздың парызымыз.
– Кешіріңіз, Сіздің орыстілді аудиторияларға арналған қазақ тілін оқытып-үйретуге, сондай-ақ шет тілдерін оқитын қазақ бөлім студенттеріне арналып жазылған он шақты оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы екеніңізді білеміз. Оқулықтар сапасына байланысты қоғам тарапынан айтылып жүрген сындарға қалай қарайсыз?
– Әрине, оқулық авторы ретінде, оқулық сапасына байланысты айтылатын қисынды сындарға түсіністікпен қараймын. Кеңестік дәуір құрдымға кетіп, еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары оқулықтарды басып шығаруда біршама кемшіліктердің орын алғанын мойындауымыз керек. Оқулық сапасын қадағалау барысы да өз деңгейінде болмағандықтан, оқулық жазушылар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай күрт көбейді. Оның ішіндегі мазмұнының мәніне тиісті деңгейде назар аударылмағандықтан, әдістемелік негіздері әлсіз оқулықсымақтар көбейіп кеткені де шындық. Осыдан келіп қоғамда, өзіңіз айтып отырғандай, сыни пікірлер де айтыла бастады. Білім министрлігінің басшылығына Бақытжан Жұмағұлов келгелі бері оқулықтар мен оқу әдебиеттерін шығаруға байланысты түбегейлі талдаулар жасалып, олардан шығарылған қорытынды негізінде, сапалы өнімдер басып шығарудың жаңа ережелері бекітіліп, күшіне енді. Қазіргі заманғы заманауи технологиялар негізінде дайындалған, ғылыми негізделген стандарт пен оқу бағдарламасына сәйкес әзірленген оқулықтар еліміздің белгілі әдіскер-ғалымдары, оқулық авторлары мен қоғамдық ұйымдар мүшелері кіретін республикалық сараптамалық кеңестің шешімімен ғана жарық көретін болды. Яғни, ертеректегідей әркімнің оқулық шығаруына тосқауыл қойылды, әрі мемлекеттік маңызы бар бұл істі министрліктің өз бақылауына алғанын ғылыми жұртшылық пен ата-аналар қауымы қолдап отыр.
– Алты алашқа айтар тілегіңізбен бүгінгі сұхбатымызды аяқтасақ...
– Біріншіден, ғалым, ұстаз және азамат ретінде елдегі білім сапасының және жоғары оқу орындарының түлектерінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің артуына әсер ететін әрбір мұғалімнің, оқытушы мен ғалымның өз қызметінде абырой биігінен көрінуін тілер едім.
Екіншіден, жастардың қазақ тілімен қатар, шет тілдерін еркін меңгеріп, елін сүйген, жерін сүйген нағыз патриот болып, қалыптасуын қалар едім.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыланып жатқан мәселелердің бірі – елімізде жүріп жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынақтарына байланысты болып отыр. Бұл үрдістің әлемнің көп елінде бар екендігін көпшілік қауым жақсы біледі. Тест арқылы сынақтар өткізу – мектеп бітірушінің білімін шыңдап, келешекте білікті маман иесі болуына жол ашатын кепілдіктің бірі ретінде әлемдік білім кеңістігінде өзін-өзі ақтаған жүйе екені белгілі.
Ал біздің елімізде тест арқылы білім сапасын тексеруде пікір ала-құлалығы не себептен туындап отыр деген сұраққа біз әлі толыққанды жауап таба алмай отырғанымыз рас. Өйткені ол соңғы жылдары ҰБТ тапсыру кезіндегі бой алдырып отырған келеңсіздіктерге, яғни адами факторға тікелей байланысты екенін де жоққа шығара алмаймыз. Ата-аналардың сеніміне енген кейбір «серкелер» сыбайластық жолмен олардың қалтасын қаққан өткен жылғы Қызылорда облысында орын алған оқиғалардан кейін тестің нәтижелілігіне күмән келтіргендердің қарасының көбеюіне әсер еткені де ащы шындық.
Қолдауға тұрарлық бұл жүйенің оң нәтижелілігіне қол жеткізу мақсатында Білім министрлігі басшылығы әрбір оқушыны тест тапсыруға кірер алдында мұқият тексеру мен ұялы байланыс құралдарын сөндіру ережесін енгізіп еді, сынақ нәтижесі өткен жылмен салыстырғанда 15 балға кеміп кетті (былтырғы еліміздегі тест тапсырудың орташа көрсеткіші – 85 бал болса, биыл – 70), әрі шектік өту баспалдағын бағындыра алмағандар пайызы да артып кетті.
Білім бәсекесі әділ болсын деген ниеттен туындаған игілікті істің де арты дау-дамайға ұласуы түсініксіз. Көп жағдайда тест тапсырушылар мамандық таңдағанда, қайсысына өзінің бейімі бар екенін ескере бермейді. Олардың грантқа іліксем деген ойдың жетегінде кететіндерін көріп жүрміз. Математика және физика пәндерінен білім деңгейлерінің төмендігіне қарамастан, елімізге керекті басымдық мамандықтар, атап айтқанда, техникалық мамандықтарға гранттардың көп бөлінгенін көріп, соларды таңдайды. Өзі іштей қаламай тұрса да, грант үшін оқуға түсетіндерге мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, түпкілікті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймын. Сонда ғана тест өзінің оң нәтижесін береді.