Ел спортын дамытуға әлі де өз үлесімді қосамын деп ойлаймын

Ел спортын дамытуға әлі де өз үлесімді қосамын деп ойлаймын

Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ,  «Астана-СК» корпоративті қорының бас директоры, балуан:

– Сіз бұрын боз кілемде ел намысын қорғап, даңқты балуан атандыңыз, одан соң ел спортының тізгінін ұстап, басшы болдыңыз. Қазір халықаралық ұйымда (FILA-да) туған елдің мүддесін ойлайтын спорт қайраткерісіз. Қайсысы қиын, қайсысының жүгі ауыр?
– Мен ешқайсысын да бөле-жара атамас едім. Жіктеп, жіліктеп шыққым келмейді. Өйткені мені осылардың бәрімен бір ғана сезім тығыз байланыстырады. Ол – спортқа деген шексіз сүйіспеншілік. Бұл – әкемнің тәрбиесімен дарыған айнымас сезім. Ол қанымда бар. Бүгінде бір сағат тұрмақ, бір минут уақытымды спортсыз өткізе алмаймын. Спорттан мүлде кете алмаймын. «Кетемін!» деп бірнеше рет ойласам да, шешсем де, кете алмадым. Ол қолымнан келмеді. Бүгінде Қазақстан спортшыларының әр жеңісіне қуанып, әр жетістігіне марқайып жүріп жатқан жайым бар. Жасырмаймын, әсіресе балуандардың аяқ алысына жіті көз тігіп, боз кілемді жағалап жүремін. Олардың әрбір ерен жетістігі еліміздің абыройын, беделін өсіреді. Қазақтың қайратты ұлт екенін паш ету – бұл. Боз кілемнен кетсем де, ел спортының абыройын өсіру мақсатында тырысып еңбек етіп жатырмын. Осы мақсатта Халықаралық күрес федерациясына (FILA-ға) бюро мүшесі болып бардым.
– Спорттан кете алмайтыныңызды іс жүзінде көрсеттіңіз де. Биліктен кетсеңіз де, спортты айналшақтап, гандбол мен ауыр атлетиканы дамытуға күш салып келесіз. Бұл спортқа деген махаббат па?
– Иә, махаббат. Егер боз кілемде біздің балуанымыз немесе рингте боксшымыз қарсыласын жеңіп жатса, бұл қай қазаққа әсер етпейді дейсіз? Бойымызды мақтаныш сезімі кернемей ме?! Жалпы, біз намысқой халықпыз ғой. Мені спортқа жетелеген, спортқа үйір қылған – осы намыс.
– Жақында ҚР күрес түрлері федерациясының президенті ауысты. Өзіңіз «бұл – қосымша қаржы тарту қамымен жасалып жатқан іс» дедіңіз...
– Иә, жақында Ұлттық федерация құрамында өзгерістер болды. Федерация президенті қызметіне Абай Садықовты сайладық. Қазір бізде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келісімге келген де секілдіміз. Осы келісім толық жүзеге асса, күрес түрлері федерациясына қомақты ақша бөлінеді. Біздің сұрап отырғанымыз – бір жылға 3 миллион доллар, күрестің үш түріне. Осы қаражаттың есебінде балуандарымыз қосымша жалақы алатын болады. Сондай-ақ жаттықтырушыларға да еңбекақы төленеді. Үнемі солармен бірге жүретін дәрігерлер мен массажшыларға да жалақы беріледі. Өйткені олар жеті-сегіз ай бойы жырақта жүреді. Уақыттарының көбісін отбасыларынан тыс жаттығу жиындарында өткізеді. Сондықтан олардың еңбегін бағалауымыз керек. Отбасылық жағдайларына алаңдамас үшін жағдай жасағымыз келеді.
–    Аға, біз осы шетелдерден балуан әкелуді доғарар емеспіз. Сіз осыған қалай қарайсыз?
– Шетелден балуан әкелудің пайдасы да, зияны да бар. Әрине, өз балуандарымыздың болғаны жақсы ғой. Бірақ біз мұндай қадамға шекеміз шылқығаннан барып отырған жоқпыз. Жоғары деңгейлі балуандар тым аз. Мұндай жағдай, негізінен, еркін күресте белең алған. Мысалы, еркін күрестегі Марид Муталимов, Леонид Спиридонов, Таймураз Тигиев сынды сырттан әкелген балуандарды өз жігіттеріміз жеңіп тұрса, онда, сөз жоқ, олардың жолдары ашық. Ал егер оларды жыға алмаса, онда дүбірлі додаларда неғұрлым жоғары жетістікке қол жеткізу үшін шетелден келген балуандарды апарамыз. Апарып жүрміз. Шетелден балуан әкелудің пайдасы – біздің жігіттеріміз солармен бірге жаттығып, бірге күресіп, шеберліктерін шыңдай түседі. Деңгейлері өседі. Біраз нәрсені үйренеді. Дәл қазір біздің бапкерлеріміз деңгейі жоғары, хас шебер балуандар тәрбиелеп шығара алмай жатыр. Бірақ бұл – бір күндік жұмыс емес. Алысқа бармай-ақ, тереңге бойламай-ақ, еліміз Тәуелсіздігіне қол жеткізгелі бергі тарихымызға көз жүгіртсек, Мәулен Мамыров, Ислам Байрамуков сынды саңлақтарымыз болған. Мен болашақта Мәулендей жігіттеріміз өсіп шығады деп ойлаймын. Бұл – жаттықтырушылардың жұмысы. Біз ешкімнің жолын жауып, бағын байлап жүрген жоқпыз.
–    Сіз дайын спортшы әкелгенді жақсы көресіз бе, жоқ әлде, бапкер шақыртқанды қалайсыз ба?
– Әрине, білікті бапкер шақыртқанды құптаймын. Өзім Қазақстанға әкелген бапкерлерімнің ішінде ауыр атлетика маманы Энвер Туркелеридің шоқтығы бәрінен биік. Осы сыралғы бапкердің ерен еңбегінің арқасында Қазақстан ауыр атлеттері соңғы әлем чемпионатында төрт алтын медаль жеңіп алды. Төрт алтын! Төрт әлем чемпионын шығарды! Мұндай жетістікті біздің елде қайталайтын бапкер жақын арада шыға қоймас. Мен осы бапкермен 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында сөйлесіп, біздің елге шақырғанмын. Содан бері қанша спортшыларымыздың бағын ашып, бабына келтірді? Бір өкініштісі, ол кісінің жасы келіп қалды. Бізде қанша жүреді дейсіз... Белгісіз. Сондықтан жанындағы өзіміздің бапкерлер ол кісіден өнеге алып, ілімін үйрене берулері керек. Ал одан ертеректе Ресейден кезінде КСРО құрамасының бас бапкері болған Геннадий Сапуновты шақыртқан болатынмын. Ол кісі де Қазақстанның грек-рим күресінің дамуына сүбелі үлес қосты. Әйелдер арасындағы қол добынан әлемде Кореяның көші озық екенін білесіздер. Мен осы елден де бапкер шақыртып, біраз уақыт одан да көп нәрсе сіңіріп алуға тырыстық. Бізге аймақтардағы (аудан орталықтарындағы) бапкерлердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлу керек. Олардың бастарын қосып, оқыту керек. Әлемдегі спорттың қай бағытта дамып бара жатқандығын жеткізіп отырған жөн. Оларды өз жұмыстарына қызықтыра түсіп, тәжірибе жинақтауларына ықпал ету қажет. Әрине, олардың өздері де ізденіс құшағында болғаны абзал.
– Спортты ғылыми тұрғыда дамыту керек деген мәселеге қалай қарайсыз?
– Ол туралы көп айтылып, көп жазылып жүр. Бірақ іс жүзінде атқарылып немесе орындалып жатқаны шамалы. Мысалы, мен кезінде допингке қарсы зертхананы іске қосқанмын. Бірақ ол да сол қалпында тұр. Тек спортшылардан сынақ алып жүр. Болды. Негізі, ол орталықта ғылыми тәжірибелер жасауға да болады.
– Егер шетелден келген балуан аса жоғары жетістікке қол жеткізсе, онда оның бапкері болып тіркелген жаттықтырушы да атақ-даңқтан құр қалмайтындай. Мәселен, қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде «Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы» болып шыға келеді. Осындай атаққа бапкерлік ғұмырларының барлығын сарп еткен кейбір жаттықтырушыларымыз әзер қол жеткізеді. Айырмашылық жоқ сияқты...
– Иә, бұл солай. Тіпті шетелден келген балуан Олимпиада чемпионы болса, Үкіметтің қаулысы бойынша оның бапкеріне де 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі. Күміс медаль алса, жаттықтырушысы 150 мың доллар алады. Осылай 6-орынға дейін. Сонымен қатар Күрес федерациясы да алтын алған балуанға 100 мың доллар сыйақы тағайындап отыр.
– Сіз Қазақстан күрес түрлері федерациясының кеңейтілген жиынында «балуандарымыздың намазға жығылуы олардың жоғары нәтижеге қол жеткізуге кері әсерін тигізіп отыр» дегенге саятын сөздер айттыңыз. Сонда балуандарымыздың бес уақыт намаз оқуларын хош көрмейсіз бе?
– Жүктемесі ауыр жаттығу жұмыстары кезінде, сондай-ақ маңызды турнирлер барысында олар шаршап, шалдығады. Жаттығу жұмыстары ауыр, одан қалса, салмақ қуады. Ол оңай емес. Күніне бес-алты белдесу өткізеді. Ал намазға жығылу – психологиялық тұрғыдан алғанда,  қосымша жүктеме. Қарбалас дайындық пен боз кілем бәсекесі кезінде жүйкеге әсер етеді. Өйткені бес рет намаз оқу, әркімнің қолынан келе бермейтін үлкен жауапкершілік. Бұған тек ішкі сезімдері мықты, рухы күшті адамдар барады. Құдай мені кешірсін, бірақ мен «балуандарымыз намазға боз кілеммен қоштасқаннан кейін жығылса да болады ғой» деп ойлаймын. Өйткені олар ел намысын қорғап жүр. Бұл – өте жауапты іс. Әлем чемпионаты немесе басқа да маңызды турнирлерде боз кілемге бекітілген уақытта шақыртады. Ешкім де «намазыңды оқып ала ғой» деп тосып тұрмайды. Мен де барлық қазақ жастарының инабатты болғанын, дұрыс жолмен жүргенін қалаймын. Сол үшін біз жағдай жасауымыз керек. Бірақ соңғы 1,5-2 жылдай уақыт ішінде жіті бақылап жүрмін, маңызды белдесулер өтетін күні намаз оқудың осындай бір кедергілері бар. Нақты айтқанда, ірі турнирлер барысында алаңдап, тықыршып мазалары кетеді. Балуандарымыз өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыра алмай жүр. Сіз мені дұрыс түсініңіз, егер теріс жолға түсіп кеткен, арақ ішіп, темекі тартып, наша шегіп жүрген жастар өмірге деген көзқарастарын өзгертіп, намазға жығылса, мен оған қуанамын.
– Балуандарымыздың алдына нақты мақсат қойып, дүбірлі додалардан жүлде алуды жүктеп отырған көрінесіздер...
– Бізде білекті балуандар жоқ емес, бар. Әсіресе грек-рим күресінде, қыздар күресінде. Тек осыларды жақсылап дайындап, спорттық баптарына келтіріп, бақтарын аша білуіміз керек. Алда әлем чемпионаты мен Азия ойындары бар. Әлем чемпионаты 6-12 қыркүйек аралығында күрестің үш түрінен Мәскеуде өтеді. Еліміздегі күрес жанкүйерлеріне құлаққағыс ретінде айтарым, бұл чемпионат ұлттық телеарна арқылы көрсетіледі. Яғни өз ұл-қыздарымыздың бүкіләлемдік біріншіліктегі өнерлерін эфирден тамашалай аласыздар. Мұнда алтын алу оңай болмайды. Сонда да намысты қолдан бермей, өздерін көрсеткісі келетін кейбір балуандарымызға мүмкіндік береміз. Одан кейін 12-27 қараша аралығында Қытайда XVI жазғы Азия ойындары өтеді. Біз үшін осы доданың саяси маңызы зор. Сондықтан алтынды көп алсақ деген ойымыз бар. Қытай кілеміндегі басты бәсекелестеріміз, қарсыластарымыз Иран, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Өзбекстан балуандары болмақ. Әйтсе де балуандарымызға бес алтын алуды жүктеп отырмыз: қыздар күресінен – екі алтын, грек-рим күресінен – екі алтын, ал еркін күрестен – бір алтын. Ал екі жылдан кейін Лондон Олимпиадасы өтеді. Оған да уақыт аз қалды. Ағылшын жерінде өтетін Олимпиада ойындарында елімізге екі алтын медаль алып берсек деген ойымыз бар. Осы мақсатта бапкерлеріміз жүйелі түрде еңбек етіп жатыр. Олар өздеріне жүктелген тапсырманы біледі.
–    Сіз тәуекелге бел буғыш адамсыз ба? Мұны сұрап тұрған себебім, кезінде, өзіңіз ел спортын басқарған жылдары, кейбір спорт түрлерінде ұлттық құраманың тізгінін күні кеше ғана спортшы болып жүрген жас жігіттерге ұстаттыңыз. Солардың бәрі бірдей сенімді ақтай алды деп ойлайсыз ба?
– Бәрі бірдей ақтаған жоқ, әрине. Юрий Мельниченко (күрес) ақтады. Марқұм Анатолий Храпатыйдың (ауыр атлетика) бұл лауазымды қызметте бағы жанбады.  Ермахан Ибраимов (бокс) жартылай ақтады. Жаттықтырушы бір күнде білікті бапкер болып шыға келмейді. Бұл да – ұстаз секілді машақаты көп жауапты іс. Мұнда да шәкірт тәрбиелеу керек. Туабітті қасиет керек, мол тәжірибе қажет. Негізі, бәрі де адамның өзіне байланысты. Егер жан-тәнімен беріле істеп, қолына алған істің жауапкершілігін түсіне білсе, ондай адамнан жақсы жаттықтырушы шығады. Ал тиіп-қашып жүрсе, өз қызметіне бір күндік пендешілікпен қараса, ондай адам жаттықтырушы болып жарытпайды. Шәкірттерінің, жас спортшылардың сана-сезімін ояту да жаттықтырушыға байланысты. Жаттықтырушы мен спортшы әке мен баладай болып кетуі керек.
– Министр болғаныңызға да, яғни ел спортын басқарғаныңызға да біршама уақыт өтіп кетті. Бүгінде сол кездеріңізді ой елегінен өткізесіз бе? Дәл қазір сол кездегі өз қызметіңізге баға бере аласыз ба?
– Рақмет сұрағыңызға. Орыстар «век живи, век учись» дейді ғой. Адам өмірі қателіксіз, кемшіліксіз бола ма?! Мен өзімнің кемшіліктерімді мойындаймын. Бірақ спорт маманы ретінде қалыптасып шықтым деп ойлаймын. Тәжірибе жинақтадым, ысыла түстім. Қазір қандай жұмыс болсын атқара алатыныма сенімдімін. Кез келген адамен келіссөздер де жүргізе аламын. Енді өзімнің білген-түйгенімді қазақ спортының дамуына қоссам деймін. Әлі жаспын ғой, ел спортын дамытуға әлі де өз үлесімді қосып, еңбек етемін деп ойлаймын.
– Сіз қазір «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында жұмыс істейсіз. Қызмет бабымен велоспорт, хоккей, бокс, футбол және басқа да спорт түрлерімен тығыз байланыстасыз. Қалай ойлайсыз, қазақ балаларына осы спорт түрлері жат па? Өзіңіз балуан болдыңыз ғой, айтыңызшы, біз тек бокс пен күреске ғана бейімбіз бе? Қалғанын меңгере алмаймыз ба?
– Жо-жоқ, біз бәрін де меңгере аламыз. Біз өте талантты халықпыз. Біз меңгермейтін ғылым жоқ. Қазақтар ғарышқа да ұшып жатыр. Тілсіз тау-тастың да сырын ұғып, геологияны да меңгердік. Бұл тұрғыда Қаныш Сәтбаев ағамызды атап өтуге болады. Ешбір ұлттан кем емеспіз. Бәрі қолымыздан келеді. Тек бәрі де қоршаған ортаға, тәрбиеге, жас баланың өзінің талпынысына байланысты.
– Ал қазақ балаларын спортқа көптеп тарту үшін не істеу керек?
– Аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде спорт кешендерін ашу керек. Доп ойнайтын алаңдарды көбейту қажет. Содан соң мамандар жағына көп көңіл бөлу керек. Ауыл мектептеріндегі дене тәрбиесі мұғалімдеріне көмектесіп, олардың қосымша секциялар ашуына жағдай жасау керек. Жаттықтырушылар санын арттырсақ, бұқаралық спорттың дамуына ықпал етеміз. Ал бұқаралық спорт қанатын жая дамыса, одан кәсіби спортқа ойысу, оны одан әрі жетілдіре түсу аса қиын болмайды.

Саралы сөз
Халықаралық аренада ірі жетістіктерге қол жеткізіп жүрген Марид Муталимов (1980 ж.), Леонид Спиридонов (1980 ж.), Таймураз Тигиев (1982 ж.) сынды тәжірибелі балуандарымыз, міне, үшінші олимпиадалық циклде белдесіп жүр. Енді олардың деңгейлері жоғары өрлей бермейді. Қайта бірте-бірте төмендей бастамаса. Қайда Мәулен Мамыровтар, кәне, Ислам Байрамуковтар? Қайда жергілікті балуандар? Көрсетіңіздерші шәкірттеріңізді, көрсетіңіздерші жұмыстарыңыздың жемісін...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста