Экологиялық талапсыз «экономиканы дамыттық» деп айқай салуға еш құқымыз жоқ

Экологиялық талапсыз  «экономиканы дамыттық» деп айқай салуға еш құқымыз жоқ

Зейнолла Алшымбаев, Мәжіліс депутаты:

– Зейнолла Өтежанұлы, мұнай тақырыбы сізге етене жақын деген оймен әуелгі сауалымызды арагідік баспасөзде айтылатын «мұнай қазақтың бағы ма, соры ма» деген сұрақпен бастасақ. Сіздіңше қалай? Мұнай қазақтың бағын ашты ма?
– Дүниежүзінде мұнай өндіріле баста­ғанына 1,5 ғасырдан астам уақыт өтіп­ті. Соның соңғы 111 жылында Қазақстан да мұндай байлықты игеру үдерісіне қосы­лып, бүгінгі күні «қара алтын» арқылы да жаһанға танылып отырғаны рас. Қазақтың бағына орай, еліміз жерасты қазба байлық­тарына кенде емес. Ал сондай иен байлық­тың ішіндегі мұнай мен газдың орны бөлек, мұны ең алдымен қазақтың маңдайына біткен несібесі деп білген жөн. Ал ел несібе­сін қалайша «ұлттың соры» деп айтуға ауыз барады. Мұнай мен газ өндіру көрсеткіш­теріне бас қатырмай-ақ, «бұқара халық сол мұнайдан не пайда көріп отыр» деген сауалға келетін болсақ, Қазақстан бюджетінің төрт­тен бірін мұнай саласы, оның ішінде осы са­ла­дан құйылатын салықтық түсімдер құрап отыр. Ал жалпы, мұнайдың ел дамуы­на тигізіп отырған оң әсері ретінде басты-басты үш мәселеге назар аударғым келеді. Біріншіден, әлеуметтік саланы қолдауға қатысты мұнай саласының атқарып отырған шаруалары, көтерген жүгі аз емес. Екіншіден, жаһандық дағдарысты Қазақстанның қалай еңсергені бәріне де аян. Халық жалпылама алғанда дағдарыс салқынын сезген де жоқ. «Қиын кезеңге» деп жиналған мұнай қар­жы­сы өз уақытында әрі мақсатына сай пай­даға жарады. Әлемді дағдарыс дауылы шайқағанда, мұнай арқылы Ұлттық қорға құйылған 20 млрд долларды алып жарат­тық. Осындай жинақталған қоры жоқ елдер әлі де күйзелістен айыққан жоқ, оның ішінде алпауыт АҚШ-та. Үшіншіден, елдегі индус­т­рия­лық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы жобаларды жүзеге асыру ең алды­мен мұнайдан түскен табысқа байланысты. Яғни мұнай қазақтың бағын ашып қана қой­ған жоқ, елдің келешек игілігіне әлі де көп жәрдем бермекші. Тек маңдайға біткен «қара алтынды» тиімді әрі орнымен пайда­лана білу керек.
– Дегенмен «бағы ма, соры ма» дегенде, негізгі әңгіме мұнай саласы­ның осы уақытқа дейінгі ел экономи­ка­сының басқа бағыттарын тұншық­тыруы, сосын мұнайдың эколо­гия­лық салдары, келешек ұрпақ алдындағы экологиялық жауапкершілік мәселесі негізге алынатын сияқты...
– Бұл бағыттағы әңгіменің жөні бөлек. Ал­­ды­мен экономикадан бастайық. Дүние­жү­зінде жылына 3 млрд тонна мұнай өнді­ріледі. Бұл көрсеткіш 8-10 жыл бұрын 3,8 млрд болатын. Яғни мұнай өндіру үрдісі бір­тін­деп төмендеп келеді. Ал ғалымдар есебі­не жүгінсек, қазіргі қарқынмен үдете берсе, әлемдегі мұнай қоры 80-90 жылдан арыға аспайды. Қазақстанның жылына өндіріп отырғаны – 74-76 млн тонна. Алдағы жос­пар­­лар­да ірі кен орындарының есебінен бұл көрсеткіш 150 млн тоннаға дейін артатыны болжанады. Сол жылдары мұнай өндіруден алғашқы он елдің қатарына енуіміз де ғажап емес. Яғни Қазақстан алдағы жылдары дү­ние­жүзінде белді мұнай жеткізуші ел болуы керек. Сол тұрғыдан алғанда мұнай саласы­ның алдағы мақсаты да, ел экономикасы үшін қосатын үлесі де, мемлекеттік даму үшін көтерер жүгі де зор. Мұның ішінде Мемле­кет басшысының дәл қазіргі уақытта индустрия­лық-инновациялық дамытуды қолға алып отырғаны – көрегендік. Өйткені дәл бүгінгі күні қолда бар қаражатты, яки мұнай байлы­ғын оңды пайдаланып қалмасақ, опық жейміз, болашақтың алдында күнәміз тау­дай болуы да мүмкін. Сол үшін басқа сала­лар­ды дамытуға, мұнайдан түсетін пайда­ның басым бөлігін экономиканы жаңғыртуға жолдауымыз керек. Қанша дегенмен қара­жат­ты ақша күйінде болашаққа жеткізудің тәуекелі де зор. Ал мұнай пайдасынан бола­шақ ұрпақ та дәм татсын, ризығын айырсын десек, оның жолы осы индустрия мен инно­вацияны дамыту арқылы жүзеге асады. Жо­ға­рыда айтқанымыздай, дүниедегі секілді, Қазақстанда да мұнай қоры шектеулі. Теңіз бен құрлықтағы қорлардың бәрін есепке алғанда, қазақ елі әлі 70-80 жыл бойы тура қазіргі қарқынмен мұнай өндіре алады. Ал одан кейін ше? Әлемдік тәжірибеде мұнай өнеркәсібін дамыта отырып, басқа сала­лар­ды қолдауға көп көңіл бөлінеді. Экономи­кадағы «голланд ауруы», яғни экономиканы ентіктіріп алмаудың жолы дұрыс жүрмесе, «қара алтын» таусылысымен, әртүрлі «экономикалық дерттер» білініп, ел дамуына үлкен соққы болуы мүмкін. Оның үстіне, дәл бүгінгі кезең – Қазақстан үшін 2030 жылға дейін жоспарланған межеге жетудің серпінді кезеңі. Сол үшін даму стратегиясында Мем­ле­кет басшысы мұнай-газ саласын басым ба­ғыттардың қатарына жатқызған бола­т­ы­н.
– Дегенмен алысқа бармай-ақ, мұнайлы мемлекеттегі бензин бағасы­ның ырыққа көнбей тұрғанын қалай түсіндіресіз?
– Баға бәсекелестігінде опық жейтініміз – мұнайды өндіруге ғана емес, оны өңдеуге ілгеріден-ақ көңіл бөлінбеуінен. Расында, мұнай өнімдеріне ішкі сұранысты әлі күнге қамтамасыз ете алмағанымыз ешбір сын көтермейді. Үш зауытымыз болғанына қа­ра­мастан, көктем мен күзгі егіс науқанында жанармай бағасының қияметін жұрт біледі. Бірақ бұл – ішкі нарықтың, мұнай өндірісін әртараптандырудың проблемасы. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту кезек күттір­мей­тін мәселе әрі осы бағытта жұмыстар қолға алынғаны белгілі. Сондықтан бензин бағасының тұрақтылығына алдағы жылда­ры қол жеткіземіз деген үміт бар.
– Ал экологиялық салдары ше? Біздегі жағдайды қалай бағалайсыз? Мексика шығанағындағы апаттан кейін Қазақстан ондай кесапаттың алдын алуда қандай тәжірибелерді жүзеге асыруы тиіс?
– Каспий теңізін жаһандық апат орын алған Мексика шығанағымен салыстыруға еш келмейді. Алайда Каспийдегі экология­лық проблема – ең күрделі әрі қордаланған проблема. Теңіздің солтүстік айлағы аса сезімтал. Бекіре тұқымдас балықтар, теңіз итбалығының өсіп-өнетін бірден-бір қолай­лы ортасы, Каспийдің ең таяз тұсы да – осы жақ. Ең терең деген жеріңіз 3-8 метрге де­йін. Суы тұщылау, мұндағы тұздың мөлшері төмен. Сондықтан да Каспий теңізін өз ал­ды­на ерекше экожүйе әлемі ретінде қарас­тырған ләзім. Сол үшін де теңіз ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Мексика шығана­ғында 500 мың тонна мұнай төгіліп, әйгілі «Бритиш Петролеум» компаниясы 22 млрд доллар шығынға ұшырағаны белгілі. Әрине, мәселе ақшада емес, орны толмас апатта. Бұл тұр­ғы­дан алсақ, Каспийге бір тонна тұрмақ, бір тамшы мұнай да төгілмеуі тиіс. Расында, Каспийдің нәзік экожүйесін мыңдаған емес, ондаған тонна мұнай-ақ жойып жібереді, біртіндеп жойып та жатқан тәрізді. Теңізге мұнайдың төгілуі сөзсіз үлкен қатер, оған бір тамшы лас дүниені салмау арқылы ғана сақтай аламыз.
– Ол үшін қандай қам жасау қажет?
– Қазір теңіздегі мұнай байлығы игерілу жолына түсіп кетті, мұны тоқтату еш мүмкін емес. Дегенмен теңіздегі мұнай өндіруге қатыс­ты экологиялық талаптар толық сақта­луы шарт. Мәселен, Ұлыбританияны алып қараңыз, 100 пайыз мұнайды теңіздегі кәсі­п­орындардан алады. Дүниежүзіндегі әрбір төртінші тонна мұнай теңіз қайраңдарынан игерілетіні де белгілі. Қазақстанның бола­шақ­тағы мұнай саласының даму перспек­ти­васы да Каспийдегі мұнайды игеруге байла­нысты. 2018 жылдары Каспийдің өзінде ғана игерілетін мұнай 100 млн тоннаға жетуі тиіс. Сол үшін теңіз қайраңындағы барлық жұмыстарға экологиялық талап жоғары болуы қажет. Бұл ретте теңіздің солтүстік бөлігінде биоресурстарды қорғау бойынша әлі де тиісті шаралар қамтылып отыр деп айта алмаймын. Бір ғана мысал келтірейін, Каспий теңізі айлағының Қазақстан секто­рын­да 2008 жылы он бес, ал 2009 жылы тоғыз рет мұнай өнімдерінің төгілу фактісі анықталған. Бірақ тұрақты қадағалау мони­тор­ингі болмағандықтан, әлгі залал үшін кінәлілер анықталмай қалды. Мұндай жағ­дай­да теңізге төгілген мұнайды сумен ара­лас­тырмай, демде келіп, шапшаң таза­лап кету қажет болатын. Оның үстіне, Маңғыстау мен Атырау облыстарының теңізбен шека­ралас аудандарында бұрын қазылған мұнай ұңғымалары әлі толықтай залалсызданды­рыл­ған жоқ, 60 шақты ұңғыма су астында жатыр. Бұлардан сыртқа мұнай төгілу қаупі де зор. Осы мәселеге қатысты әлемдік статистиканы келтірейін. Мамандар теңізде өндірілетін мұнай көлемі мен ұңғымалардан теңізге төгілетін ластануды есептеген. Сонда қанша ұқыптылық сақталса да, өндірілген мұнайдың 0,1 пайызы сол теңіз ортасына төгілетіні белгілі болыпты. Ендеше, есептеп көрелік, алдымыздағы онжылдықта біз тек қана Каспийден 100 млн тонна өндіреміз деп жоспарласақ, оның 0,1 пайызы теңізге төгіледі. Міне, адам айтқысыз апат! Бұл де­геніңіз – Каспийдің ерекше экожүйесін құрту деген сөз. Мұндай залалдан кейін теңізді қайта қалпына келтіру туралы ойламай-ақ қоюға болады. Жоғарыда айтқанымдай, Каспийдің суына бір тамшы да мұнай там­бауы тиіс. Ал қазіргі әрекеттерге қарасақ, біз көз алдымызда Аралдың қасіретін Каспийге ұластырып жатқандаймыз. Теңізге төгілген мұнай фактілері бар, соған қарамастан тез тазалайтын орталықтар, онымен айналыса­тын кәсіпорындар әлі жоқ. Мұндай үлкен экологиялық талапты орындамасақ, орасан зор трагедияға ұрынуымыз бек мүмкін. Ал экологиялық талапсыз, теңізді әбден ластап, «Экономиканы дамыттық!» деп айқай салу­ға еш құқымыз жоқ.
Ескеретін тағы бір жайт, теңізден мұнай алудың өзіндік құны жоғары, шығыны да көп. Әрбір қазылған ұңғыманың орташа бағасы Канадада 10 млн доллар, Норвегия мен Солтүстік теңізде 4 млн доллар, Атлант мұхитының шеткері тұсында 45 млн доллар­ға дейін барады. Әлемдік сұраныс болған­дықтан, қиындығына қарамастан, «қара алтын» сорылып жатыр. Ал Каспийге келетін болсақ, мұнда үш арал салынып жатыр, оның саны 30-ға жетуі керек дейді. Бұл – үлкен капитал салымы ғана емес, Каспий экожүйесіне үлкен салмақ. Каспий теңізінің экологиялық сыйымдылығын әлі толықтай біле бермейміз. Қазақстанда осы аймақтан қанша мұнай өндіруге мүмкіндік бар дегенге әлі жауап жоқ. Каспийдің сейсмикалық зо­на­лары да зерттелген емес. Экологияға қа­тыс­ты қазақстандық заңнама талаптары да осалдау.
– Каспийдің экологиялық мәселесін бір Қазақстан ғана шеше алмайтыны да белгілі емес пе?
– Әлбетте, көршілес бес мемлекет бірігіп шаралар атқарулары тиіс. Каспий жаға­лауын­дағы халық саны 15 млн шамасында. Осы халықтың сапалы өмір сүруі де Каспий экологиясына тікелей байланысты. Сол үшін ортақ теңіз бассейнінде табиғатты қорғауды реттейтін бірегей заңнама болғаны қажет. Бірлескен экологиялық мониторингті де қол­ға алған орынды. Балықтар мен итба­лық­тардың, теңіз түгілі, оған жақын жазық­тағы ақбөкендер қырылуының барлығына экологиялық сараптамалар жасалуы шарт.
– Соңғы кездері Қазақстан мұнайына Қытайдың ерекше қызығушылығы байқалатын тәрізді. Тіпті әлем дағдарысқа алаңдаған тұстың өзінде аспанасты елі қазақтың «қара алтынына» қарай инвестициясын аямай-ақ төгіп жіберді. Осының астарына бойлап көрсеңіз?
– Қытайдың инвестициялық саясатының астарында экономикалық мүддемен бірге, өз азаматтарына қайдан болса да «нан тауып беру» әрекеттері байқалады. Дәл осы «нан үшін» Қытай әлемнің кез келген нүктесі­не барып инвестиция салуға мәжбүр. Яғни дүниенің қай бұрышында инвестицияға сұраныс болса, сол жерге Қытай жетіп барып, қаржы құюға дайын тұр. Өйткені аспанасты елі сол инвестиция арқылы ғана халықтың біршама бөлігін шетелге жолдап отыруға мүмкіндік алады. Халқы көп елде жұмыссыз­дық та көбірек болатыны жасырын емес. Ал осы тұрғыдан алғанда, аспанасты елінің жүр­гізіп отырған саясаты тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл елдерге, барлық құрлыққа бірдей. Өйткені 1,5 млрд адамға «нан тауып беру» де – үлкен саясат. Енді Қытайдың Қаза­қ­­­стандағы мұнай активтеріне келетін болсақ, негізінен, 2005 жылға дейін кана­да­лық ком­пания иелігінде болып келген «Ақ­тө­­бе­мұ­найгазда», «ПетроҚазақ­станда» қы­тай­лық үлес бар. Біз осы активтің 33 па­­й­ы­­зын, Шымкент мұнай өңдеу зауытының 50 пайы­зын өзімізге қайтарған болатынбыз. Деген­мен Қытайдың қолында «Маңғыс­таумұнай­газ» компаниясының 50 пайыз үле­сі бар. Сондай-ақ Солтүстік Бозашы, Қара­жанбас­мұнай, Сазанқұрақ, Ембіве­до­йл секілді мұ­най кен орындарында да үлесі баршылық. Баспасөзде Қытайдың Қазақ­стан мұнай өндірісіндегі үлесі 22 пайыз деп айтылып жүр. Әрине, бұл аз үлес емес. Алай­­да менің білуімше, Қазақстандағы болашағы зор деп болжанған үлкен жоба­ларда Қытайдың ешбір үлесі жоқ. Мәселен, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орын­да­рында олардың үлесі жоқ.
Жалпы, Қазақстанның мұнай саласын­да­ғы позициясы мығым болуы, мұнайға қатысты ірі құрылымдарды өз бақылауымыз­да ұстауға тиіспіз. Парламент қабылдаған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайда­ланушылар туралы» Заңда ұлттық компа­ния­ның мұнай кешендерінен өз үлесін көбірек алуы заңдастырылған. Қашаған кен орнының 16,81 пайызын қайтарып алдық, Қарашығанақтағы үлесті қайтару үшін жұ­мыс­тар атқарылып жатыр. Дегенмен ұлттық байлықты игеруде ұлттық мүддені бірінші орынға қойсақ, ұтарымыз анық. Қоғамдық пікір болғаннан кейін, оны ысырып тастауға да болмайды. Ең бастысы, қамсыз болма­ғанымыз жөн.
Ал Қытай компаниялары жұмыс атқарып жатқан жерлердің барлығында жергілікті халықпен тіл табысып, қызмет бабында, жұ­мыс орны жағдайында да тиісті жағдай­лар қамтылуы, ешқандай да алалық бол­мауын қадағалауымыз қажет.
– Өмірдерегіңізге көз жүгіртсек, АҚШ-тың мұнайлы штатында тұрып, мұнай саласында үлкен еңбек еткен қайраткерлігіңіз де бар екен. Шетелдік, әлемдік тәжірибені де жақын білерсіз. Жалпы, Қазақстанның мұнай саласында қандай тәжірибе жеткіліксіз? Нені үйрену қажет?
– Мен Техастағы мұнай компаниясында инвестициялар жөніндегі вице-президент болып қызмет еттім. Сондағы бір түйгенім, жалпы мұнай өндірісі – көп қаржыны талап ететін сала. Сол үшін бұған қандай да бір ком­пания жеке өзі бара алмайды. Әр уақыт­та өзімен бірге басқа компанияларды қоса тартып, инвестициялық әріптес болып кірі­се­ді. Әрбір елдің өз алдына қойған мақсаты да айқын – елдің несібесін ысырап етпей, халқына пайдалы қылып жұмсау. Кезінде осы мақсатта теңіз бен мұхит айлағын игеру­дегі Еуропаның он елі мен Оңтүстік Амери­каның үш елін, Африканың төрт еліндегі жағдайларға сарап жасап, зерделеген бола­тынмын. Әр ел өзіндік саясат ұстанады. Жал­пы, негізгі мәселе – салық жүйесін дұрыс құру. Инвестиция тарту үшін соған қолайлы климат болуы тиіс. Егер елде мұндай мәсе­лелер ескерілмесе, қаржы тарту қиындау соғады.
– Ендеше, сондай тәжірибелерге, салықтық тиімділіктерге қатысты мысал келтірсеңіз?
– Мәселен, Бельгияда мұнай компания­ларында бонус қарастырылмайды. Ал роялтидің ставкасы әр аймақта әртүрлі. Концессия беру мәселесі Бельгия королінің шешімімен жүзеге асады. Оған министрлік­тер де, билік басындағы басқалар да ара­ласа алмайды. Данияда – роялти төлемі жоқ, салық көлемі 32 пайыз. Алайда осы елге келіп қызмет жасайтын компаниялар сол елдің ұлттық компаниясымен бірігіп, 30 пайыз үлесін соларға берулері тиіс. Грекияда роялти 2-ден 15 пайызға дейін. Оның көле­мі – өндірілетін мұнай көлеміне бай­ланысты. Ирландияда теңіз айлағындағы лицензия­лар­ды төрт типке бөлген, бұлар шетел ин­вес­торларына толықтай түсінікті, әрі роялти талап етілмейді, салық көлемі 35 пайыз. Италияда теңіз бен құрлықтағы кен орын­да­рын игеру заңдылықтары бірдей, өзгеше­ліктері жоқтың қасы. Тек Сицилия мен Сардиния аралдары төңірегіндегі блоктарға әртүрлі ережелер қолданылған. Бірақ барлық шетел компанияларымен жасалған келісімшарттарда көрсетілгендей, кен орны ашылғаннан кейін екі жыл ішінде Eni ком­паниясы 25 пайызға дейін өзінің үлесін иеле­нуге құқы бар. Бұлар өз қаржысын шы­ғармайды, шетел инвесторы келіп соны игереді. Сосын мұнай бар екендігі анықталса, содан кейін ғана келісімшартқа отырады. Ұлыбританияда 1980 жылдан бері мұнайға салынатын роялти алынып тасталған. Кор­поративтік салық 31 пайыз шамасында. Оң­түстік Америкаға келетін болсақ, Венесуэ­ланың мұнай өндіретін ұлттық компаниясы әрбір «коммерциялық ашылулардан» 35 пайызын алады, жергілікті әкімшіліктердің заңдылықтарына сәйкес, басқа да салықтар қолданылады. Мұнай сапасына қатысты роялти 16 пайыз болып белгіленген, бірақ бұл көрсеткіш одан да төмендеуі мүмкін. Табыс жоғарылаған сайын роялти көлемі де көтеріледі. Салық салынғанға дейін алына­тын кіріс өтемі 34 пайызға жуық болып отырады. Бразилия өзінің инвестициялық тартымдылығы жөнінен әлемде 20-сыншы орында тұр. Бұл елде барланған мұнай кен орны жоғары табыс әкелетініне көзі жетсе, қаты­суға арналған төлем өтеледі. Салық жүйесі де сәл өзгешелеу, шетелдің Бразилия­да тіркелген еншілес компанияларына әлеумет­тік салық салынады. Оның көлемі 8 пайыз­дан аспайды. Бұл еншілес компания­лардың құрылымына жағдай жасайды. Жергілікті әкімшіліктердің де салық сала алатын құ­қық­тары бар. Аргентинада ұлттық компания жекешеленген, мұндағы мемлекет үлесі – 20 пайыз, жергілікті провинциялар үлесі – 11,3 пайыз, қызметкерлерінің үлесі – 10 пайыз. Қалған 58,4 пайызы акция ре­тінде биржаларда сатылады. Тәртіп солай.
– Жалпы, мұндағы салық жүйесінің ерекшеліктері нені білдіреді?
– Салық жүйесі қатып қалған дүние емес. Жетілдіруге болады, әрі жетіле түсуге тиіс. Тіпті бұзылмауға шарт делінген қағи­даттардың өзін экономикалық жағдайларға, кен орындарының мүмкіндіктеріне байла­нысты бұзуға, қайта қарастыруға болады. Батыс елдеріне қарағанда, біздің дәстүрлі, кеңес жүйесінен сақталған үрдісіміз бар. Мұны құптаймын, оны өзгертудің әзірше қа­жеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені мұнай өндіріп отырған компаниялар сол өңірде жергілікті жердің әлеуметтік саласына қар­жы бөліп отыруы шарт. Ал батыс елдерінде барлығы салық жүйесіне байланысты ғана. Жергілікті әкімшіліктер өздері шешеді. Сол үшін Қазақстандағы қалыптасқан дәстүрді жоюға болмайды.

Экономикада «голланд ауруын» болдырмаудың, яғни экономиканы ентіктіріп алмаудың жолы дұрыс жүрмесе, «қара алтын» таусылысымен, әртүрлі «экономикалық дерттер» білініп, ел дамуына үлкен соққы болуы мүмкін.

Мексика шығанағында 500 мың тонна мұнай төгіліп, әйгілі «Бритиш Петролеум» компаниясы 22 млрд доллар шығынға ұшырағаны белгілі. Әрине, мәселе – ақшада емес, орны толмас апатта. Бұл тұрғыдан алсақ, Каспийге бір тонна тұрмақ, бір тамшы мұнай да төгілмеуі тиіс. Расында, Каспийдің нәзік экожүйесін мыңдаған емес, ондаған тонна мұнай-ақ жойып жібереді, біртіндеп жойып та жатқан тәрізді.

Алашқа айтар Датым...
Қазақстан ірі мұнай өндіретін елге айналып келе жатыр. Сондықтан мұнай мен газдан түсіп жатқан пайданы бүгінгі әлеумет қана емес, келешек ұрпақ та көруге, сезуге тиіс. Сол үшін бүгінгі күні ертеңгі мәселелерді ойлап, мұнай арқылы тәуелсіз экономиканы дамыту жолдарын қарқынды жүргізуге тиіспіз. Дәл қазіргі кезеңде өз болашағымызды ары қарай қалай дамытудың тетігін қалап жатырмыз. Сонымен қатар «мұнайдың да сұрауы бар» екенін еш естен шығармау керек. Ондай сұрауды болашақ ұрпақ алға тартуы бек мүмкін.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста