Экологиялық мәселелер мемлекеттік шекаралармен шектелмейді
Қонысбек БАЙЕДІЛОВ, «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры, экономика ғылымының кандидаты:
– Қонысбек аға, бізде неліктен ауа райы болжамдарын хабарлайтын ақпарат таратушылардың мәліметтері әрқилы? Бірінің болжамы бірінің маңайына да жақындамайды, жер мен көктей...
– Қазіргі таңда қандай тақырыпта болсын ақпараттар легі, ақпараттар айналымы сан алуан. Ақпараттардың технологиясы мен құрылымының ауқымы кең. Ғаламтор арқылы Жер шарының әр түкпірінен керекті ақпараттарды алып танысуға және күнделікті өмірде қолдануға болады. Сол секілді ауа райы туралы ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдары көршілес Тәуелсіз мемлекеттер достастығына кіретін мемлекеттердің Еуропа елдерінде жарияланатын ақпараттарын бірінші болып алуға тырысып, солардың ақпараттарын дұрыс болсын, бұрыс болсын халыққа, бұқаралық ақпарат құралдарына, теледидар бағдарламаларына паш етеді. Бұл жағдай дұрыс емес. Себебі Қазақстан Республикасында ауа райына, қоршаған ортаның жағдайына, дәлірек айтсақ, ауа температурасына, қысымы, ылғалдылығы, ластануы, радиация жағдайы, желдің бағыты, жылдамдығы, жауын-шашын мөлшері, бұлттылық, қар жамылғысының биіктігі, құрамы, сулылығы, көшкіні, өзендер мен көлдердегі, су қоймаларындағы судың мөлшері, деңгейі, ағыны, шығыны, температурасы, түсі, топырақтың температурасы, ауыл шаруашылығы дақылдары мен өсімдіктерінің жағдайларына толыққанды мониторинг – болжау жүргізетін мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасының Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі – құзырлық басқарушы органы – ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты, республикалық мемлекеттік «Қазгидромет» кәсіпорны. Сондықтан тұтынушылар бүкіл республика бойынша ауа райы, қоршаған орта жағдайы жөніндегі мәліметтерді республикалық мемлекеттік «Қазгидромет» кәсіпорнының болжамдарына сүйеніп пайдалануы керек. Сонда ғана еліміз бойынша ауа райы жөніндегі ақпарат біркелкі таралып, ауытқушылықтар, айырмашылықтар орын алмайтын еді.
– «Қазгидрометтен» мәлімет алу ақылы деген рас па? БАҚ өкілдерінің сөзіне сенсек, радио мен телевидениеге күнделікті ауа райы жайлы сіздерден мәлімет алу ақылы болғандықтан, ғаламтордағы жеке сайттарыңызда жарияланған ақпараттар алынады екен...
– Республикалық мемлекеттік «Қазгидромет» кәсіпорны ауа райына, қоршаған ортаға метеорологиялық, гидрологиялық, экологиялық, агрометеорологиялық болжаулар жүргізу және осы жөніндегі ақпараттармен тұтынушыларды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік тапсырманы бюджеттік бағдарламалар аясында орындайды. Жыл сайын ағымдағы жыл басталысымен, тұтынушылар тізімі жасалынып, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Үкіметтің келісімімен бекітіледі. Сол тізімде көрсетілген тұтынушылар, оның ішінде экономика салалары, Мемлекеттік басқару органдары, Төтенше жағдайлар, Селден қорғау департаменттері мен басқармалары және тағы да басқа тұтынушылар мемлекеттік тапсырмаға сәйкес, мемлекеттің қаражатымен ақысыз түрде керекті ақпараттармен қамтамасыз етіледі. Ал тізімде көрсетілмеген тұтынушыларға ақылы қызмет түрі көрсетіледі. Ақпараттар құны тұтынушылардың алатын ақпарат түріне, санына, көлеміне, күрделілігіне, мезгіліне байланысты. Баға саясаты мен баға прескуранты нақтыланып, анықталып, Үкімет пен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің келісімімен бекітіліп қолданылады. Барлық БАҚ-пен қарым-қатынасымыз ынтымақтастық келісімшарт шеңберінде жүргізіледі.
– Биыл қыста еліміздің бірқатар аймағында мал қырылып қалды. Қысты күнгі ауа райының жайсыз болатынын алдын ала ауылдық аймақтарға хабарлау мүмкін болмады ма?
– «Қазгидромет» еліміздің қоршаған ортаның метеорологиялық, гидрологиялық, экологиялық, агрометеорологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірінші, екінші, үшінші тәуліктерге, аптаға, онкүндікке, айға, алты айға қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді болжаулар жасап, тұтынушыларды қамтамасыз етеді. Кәсіпорында ауа райы жөнінде шығатын ақпарат өнімдері: күнделікті гидрометеорологиялық бюллетень, күнделікті қар жамылғысы, қар көшкіні бюллетені, күнделікті гидрологиялық бюллетені, тоқсан сайын шығатын ғылыми-кәсіби гидрометеорология журналы, агрометеорология бюллетені, «Қазгидромет» кәсіпорнының орталықтағы және облыстардағы корпоративтік сайттары, бұқаралық ақпарат құралдарымен, яғни телевидение, радиомен тығыз қарым-қатынас нәтижесі, дөңгелек үстел, конференция, күнделікті қыруар еңбек, барлығы тұтынушылар үшін, оның ішінде халық пен барлық экономика салалары үшін жасалып жатқан дүние. Керекті ақпараттармен уақтылы танысып, оны жоспарлау мәселелеріне қолдана білу кез келген шаруашылық басшысы үшін маңызы зор іс-шара. «Қазгидромет» кәсіпорны тек қана ауа райын болжап қана қоймай, сонымен бірге табиғи апаттардың халыққа, экономикаға тигізетін зардабын, зиянын азайту, тіпті болдырмау мақсатында алдын ала ескерту шараларын да жүргізеді. Ақпараттар мен ескертулер, хабарлар таратылып берілген. «Апат айтып келмейді», «Сақтанғанды құдай сақтайды» деген нақыл сөздер бар. Қыс кезіндегі ауа райы Қазақстанда құбылмалы, тұрақсыз, қатаң келетіні тағы бар. Сондықтан жылдың әр мезгілі – қыс, көктем, жаз, күз халықтан, экономика салаларынан, әсіресе шаруашылық басшыларынан тиянақты дайындықты талап етеді.
– Көктем келіп, қыс бойы жауған қалың қар еріп, көптеген елді мекен су астында қалып жатыр. «Қазгидромет» өз тарапынан мұндай төтенше жағдайлардың алдын алатын қандай шараны қолға алды?
– Республикалық мемлекеттік «Қазгидромет» кәсіпорны 2009 жылдан бастап Астана қаласында қоныстанған. Барлық облыстар мен ірі қалаларда оның филиалдары қызмет атқарады. Біздің мекеменің Алматы қаласы бойынша филиалы – өндірістік құрылым. Алматы қаласы мен Алматы облысының жеті ауданына: Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Іле аудандарына және Қапшағай қаласының ауа райына, табиғи қоршаған ортасына мониторинг жүргізеді. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жоғарыда аталған аудандар мен қалаларда, биік таулы мекендерде, таулы және жазықтағы өзендер мен көлдерде, су қоймаларында, таулы алқаптарда орналасқан өндірістік құрылымдардың, оның ішінде метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрологиялық, экологиялық, қар көшкіні бекеттері мен стансыларының және олардағы орналасқан ауа райын болжайтын, бақылайтын қондырғылар мен аппараттардың толық тексеруден өтіп, үздіксіз сапалы қызмет жасауын, қызметкерлер, бақылаушы-болжаушылардың, жұмысшылардың әдістемелік-кәсіби дайындығын арттыру, техникалық арнайы оқулар ұйымдастыру, арнайы киім-кешек, байланыс, өндірістік құралдармен, көлікпен қамтамасыз ету шаралары күнделікті жұмыста және науқан кездерінде жоспарлы түрде жүргізіледі. Төтенше, қауіп-қатерлі табиғи құбылыстар мен жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті ақпараттар бекітілген бағдар, кесте бойынша шұғыл түрде таратылып, хабарланады. Өндірістік құрылымдар ұжымының басқарма әкімшілігі өз жұмыстарына әрқашан ұқыпты, тиянақты, бір сөзбен айтқанда, «әскери» тәртіппен үздіксіз қызмет атқарады.
– Қаңтардың соңында қатты соққан дауылдан Жамбыл облысы Канцевка ауылының мектеп директоры оқушыларын үйлеріне жеткіземін деп жүріп, өзі үйіне жетпей қайтыс болды. Бәлкім, дауылдың соғатыны алдын ала хабарланғанда, балалар сабағына бармай, үйде отырар ма еді, адам шығыны да болмас па еді, сіз қалай ойлайсыз?
– Жамбыл облысында орын алған апатты табиғи жағдай, қатты дауыл экономикаға, халыққа біраз зардабын тигізгені анық. Бұл орайда, республикалық «Қазгидромет» кәсіпорны және оның Жамбыл облысы бойынша филиалы ауа райына болжам берген кезде, қатты жел соғатыны жайында ақпараттарды алдын ала Жамбыл облысының құзырлы мекемелеріне таратып, хабарлаған. Ал енді сіз айтып отырғандай, оқу ағарту мекемелерінде оқушылардың сабағын тоқтату, олардың үйде отыруын қадағалау «Қазгидромет» кәсіпорнының құзырына кірмейді. Ал біздің ақпаратты басшылыққа алып, сол арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету облыстық жергілікті басқару органдарының қызметі деп білемін.
– Қазгидромет – гидрометеорология жөніндегі зерттеу жүргізетін еліміздегі жалғыз орталық. Демек, бүкіл республикаға синоптикалық мәліметтерді өздеріңіз таратасыздар. Сіздерде Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Төтенше жағдайлар министрлігімен, облыс әкімдіктерімен арадағы байланыс қалай? Қазір елімізде болып жатқан төтенше жайттарға қарап, мамандардың атқарып жатқан жұмыстарының жүйелілігіне кез келгеннің сенім артуы қиындық тудыратын сияқты...
– Сұрағыңыз өте орынды. Адам баласының тұрмыс-тіршілігі, денсаулығы, тіпті көңіл күйі де ауа райына байланысты десек, қателеспейміз. Экономика салаларының көпшілігінің жұмыстары, оның ішінде: ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика, байланыс, мұнай, газ өндіру шаруашылықтары да ауа райына, қоршаған ортаның жағдайына көп байланысты. Сондықтан Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар мен Ауыл шаруашылығы министрліктеріне қарасты Алматы облысы мен Алматы қаласындағы мекемелермен, облыс және қала әкімшіліктерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Елбасы атап айтқандай, біздің негізгі мақсатымыз – халқымыздың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту, экономиканы дамыту. Мақсатымыз біреу – халыққа қызмет ету.
«Қазгидромет» кәсіпорнының Алматы қаласы бойынша филиалы Алматы облыстық және Алматы қаласы әкімшіліктерінде құрылған және қызмет атқаратын қауіпті жағдайлардың алдын алу, олардың зардаптарын жою жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі ретінде де атқарып жатқан іс-шаралары орасан.
– Білуімізше, біздегі атмосфералық ауаның ластану деңгейін анықтайтын құрал-жабдықтар ескі. Былтыр өзіңіз басқарып отырған мекеменің қызметкерлері оларды жаңалауға мемлекеттен қаржы бөлінбей отыр деген еді. Қазіргі ахуал қандай, жабдықтарыңыз жаңартылды ма?
– Алматы қаласының атмосфералық ауасының ластануын бақылайтын бес тұрақты стационарлық бекет, 11 автоматты «СКАТ» қондырғылары жұмыс жасайды. Бұл бекеттер мен қондырғылар Алматы қаласының әр аудандарында орналасқан. Оның ішінде үш тұрақты стационарлық бекет 1960 жылдан, екеуі – 2008 жылдан, «СКАТ» қондырғылары 2006 жылдан жоспарлы түрде техникалық тапсырыстарға сәйкес үздіксіз қызмет атқаруда. Күніне үш-төрт ауа сынамалары алынып, арнайы филиал зертханасында құрамы тексеріліп, анықталып, нәтижесі күнделікті экологиялық бюллетеньде жарық көріп, тұтынушыларға таратылады. Айта кететін жағдай, оңтүстік астанамыз Алматы шаһары Орталық Азиядағы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттердің қатарындағы ең ірі қаржылық, экономикалық және мәдени орталық екені белгілі. Алматы атмосфералық ауа сапасы жөнінен «жоғары дәрежеде ластанған» шаһарлар қатарына жатады. Қаламыздың Бостандық, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Тастақ-1 аудандарында атмосфералық ауада шаң-тозаңның, күкірттің қос тотығының, азоттың қос тотығының, фенол мен формалдегидтің мөлшері шектік мүмкіндік нормасынан әлдеқайда жоғары дәрежеде екендігі байқалады. Алматының атмосфералық ауасындағы бес ластаушы зиянды заттардың қоспаларының жылдық жиынтық индексін алатын болсақ, көрсеткіштер индексі мынаны көрсетеді: 2009 жыл – 15,8, 2010 жыл – 12,9, 2011 жыл – 9,3, 2012 жыл – 11,9, 2013 жылдың қаңтар айы – 15,2, ақпан айы – 11,9. Бұл көрсеткіштер қала ауасының ластануы жоғары дәрежеде екендігін дәлелдейді. 2009 жылдан бастап Үкімет тарапынан ҚР Ұлттық гидрометеорологиялық қызметін жаңғырту, модернизациялау бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарлама аясында кейінгі үш-төрт жылдың көлемінде осы мақсатта қазіргі заманның талабына сай келетін, дамыған шетелдерде кеңінен қолданылатын метеорологиялық, гидрологиялық, экологиялық автоматты түрде жұмыс атқаратын қондырғылар мен аспаптар, жабдықтар алынып, іске қосыла бастады. Метеорологиялық алаңдарда, гидрологиялық, экологиялық бекеттерде қызмет жасайтын мамандар арнайы әдістемелік оқу бағдарламаларын оқып үйреніп, өздерінің білімдерін шыңдай түсуде. Осы уақыт аралығында Алматы облысының Балқаш, Қарасай аудандарындағы «Суминка», «Ұзын Қарғалы» атты жаңа гидрологиялық бекеттері салынып, іске қосылды. Еңбекшіқазақ ауданында Бартоғай су қоймасында гидрологиялық бекеттің жаңадан қызметтік үй-жайы салынды. 2013 жылдың бірінші жарты жылдығында Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы республикамыздың ірі өзендерінің бірі – Қазақстанның артериясы Іле өзенінің бойында, Добын айлағында және Райымбек ауданындағы Текес өзенінің бойында, Текес ауылына кіреберісте Қытай Халық Республикасы және Қазақстан Республикасы арасындағы мемлекетаралық трансшекаралық өзендердің жағдайына байланысты мәселелерді шешу мақсатында 2011 жылдан бастап салынған гидрохимиялық бекеттердің ашылу салтанаты жөніндегі іс-шаралар өтіп, аталған бекеттер толығымен жұмысқа кіріседі. Екі гидрологиялық бекет «Темірлік» және «Күрті» электр тогымен қамтамасыз етілді. Жыл сайын 20-30 жыл жөндеу көрмеген он шақты метеорологиялық стансылар мен гидрологиялық, экологиялық бекеттер күрделі және ағымдағы жөндеуден өтуде. Химия – аналитикалық және гидрометеорологиялық қондырғылар мен аспаптарды тексеруден, жөндеуден өткізу, зертханаларды аккредитациялау науқанынан, процедураларынан өткізілді. Міне, осындай жүргізіліп жатқан шаруалар легі мемлекет және Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың нәтижесі деп білеміз. Қазіргі таңда 2014-2016 жылдардың бюджет жобасы қаралып, өзгерістер, қосымшалар енгізілуде. Сонымен қатар 2013 жылдың бюджет жоспары нақтылануда. ҚР Ұлттық гидрометеорология қызметінің болашағы үлкен үміт күттіреді.
– ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Данияр Ереншінов: «Мемлекет ауа райын алдын ала нақты анықтайтын құрылғыларды сатып алуға қажетті қаржыны аямай береді, бірақ олар шаң басқан күйі тұрады. Себебі бұл саладағы кадр мәселесі әлі де шешімін тапқан жоқ», – деген болатын. Бұған сіз не дейсіз?
– Бұл жайт, негізінде, бүкіл Қазақстан Республикасындағы қазіргі жағдайды баяндайтын ауқымды жалпылама ақпарат деп ойлаймын. Республикалық мемлекеттік «Қазгидромет» кәсіпорнының Алматы қаласы бойынша филиалында жағдай басқаша. Биыл «Қазгидромет» кәсіпорнының құрылғанына – 91 жыл. 2009 жылдың басынан «Қазгидромет» Алматы қаласынан Астана қаласына көшірілді. Негізгі, мықты, кәсіпқой маман-синоптиктер, гидрологтер, экологтер, агрометеорологтер, қар өлшеу, қар көшкіні мамандардың көпшілігі отбасы жағдайларына, денсаулығына байланысты Астана қаласына көше алмады, сол себепті олардың біразы Алматы қаласы бойынша филиалына ауысып, қызметтерін жалғастыруда. Тарихи, үлкен шаңырақ болғаннан кейін бұл саладағы мықты мамандардың көпшілігі Алматы қаласында шоғырланған. Сонымен қатар Алматы қаласында болашақ мамандар дайындау, оларды жұмысқа баулу, мемлекеттік қызметке, жұмысқа тәрбиелеу мәселелерін шешу де дұрыс жолға қойылған. Сол себепті «Қазгидрометтің» Алматы қаласы бойынша филиалы мамандар тапшылығын көрген емес, баланста тұрған гидрометеорологиялық қондырғылар мен аспаптар да түгелімен тоқтаусыз қызмет атқаруда.
– Әңгімеңізге көп рақмет, аға.
Бір тілек
Алаш жұртшылығының айнасына айналған сүйікті газетіміз «Алаш айнасының» тұрақты «Дат!» айдарын пайдаланып, ұлы еліміз – қазақ халқын және әріптестерімді Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтағым келеді.
Көктеммен бірге қасиетті наурыз айы бірқатар ұлы мерекелерімен өзінің шаттығын, қуанышын ала келеді. Наурыз айының 22-інші жұлдызында Бүкіл дүниежүзілік халықаралық Наурыз мейрамы және осы күні Бүкіл дүниежүзілік халықаралық Су ресурстары мейрамы, ал 23-інші наурызда Бүкіл дүниежүзілік халықаралық метеорологтер күні тойланды. Сондықтан, біріншіден, барлық қазақстандықтарды, әріптестерімізді жаңарудың, бейбіт өмір мен ізгілік мерекесі, ұлт мейрамы – Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ортақ үйіміз – Қазақстан гүлдене берсін деп тілеймін. Екіншіден, Халықаралық су және метеорологтердің кәсіби мейрамы – біздің әріптестеріміз: синоптиктерге, гидрологтерге, экологтерге қар жамылғысын, қар көшкінін бақылайтын, болжайтын мамандарға ортақ мереке. Республикалық мемлекеттік «Қазгидромет» кәсіпорнында, оның облыстық филиалдарында, жалпы айтқанда, республика бойынша 3000-нан астам адам қызмет етеді. Олар өздерінің ерен еңбектерінің арқасында күні-түні үздіксіз еліміздің, жеріміздің гидрометеорологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ел экономикасының дамуына, мемлекетіміздің нығаюына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына үлесін қосуда. Құрметті әріптестер! Өткен кәсіби мейрамдарыңыз құтты болсын! Мықты денсаулық пен ұзақ өмір, құшақ толған гүл мен ықылас, шығармашылық табыстар мен жаңалықтар тілеймін!
Алашқа айтар датым...
– Қазіргі таңда ғаламшар мен адамзаттың болашағы, сайып келгенде, қоршаған ортадағы күрделі, оның ішінде: жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі, мәңгілік мұздықтардың еруі, ауаның ластануы, атмосфераның жер беті қабатының радиациалық және тағы да басқа жағдайлар жөніндегі мәселелерді шешудегі тікелей мүмкіндіктерімізге байланысты болып отыр. Заманауи әлемнің экологиялық жағдайы мен мәселелері тек өзекті мәселелердің қатарында ғана емес, сонымен қатар сан қырлы, күрделі мәселе. Аталмыш мәселелер барлық салаларда көрініс табады, әсіресе ауыл шаруашылығында, химия өндірісінде, қара және түрлі-түсті металлургия және атом энергетикасында, демек, ғаламшарымыздың барлық аймақтарына да қатысы бар. Қоршаған ортаның өзгеруі, бұзылуы – Жер шарының барлық елдерінде белең алып отырған мәселе, себебі экологиялық мәселелер «мемлекеттік шекаралармен шектелмейді». Сол себепті бұл мәселелерді бүкіл әлем бірлесе шешуі керек. Осы ретте «Туған жерді сүю, қасиетін ұғу, сүю үшін білу, күзетінде тұру – парыз» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек.