Егер медицина саласында бәрі керемет болса, реформа жасау керек болмас еді

Егер медицина саласында бәрі керемет болса, реформа жасау керек болмас еді

Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВ, медицина ғылымының докторы, Буын аурулары орталығының директоры, ҚР Бас ревматологі:

– Дүниежүзілік денсау­лық сақ­тау ұйымының ұйға­ры­мына орай, әлем бойынша ХХІ ғасырдың бірін­­ші жартысында буын және сүйек аурулары басты назар­­ға алы­нып отырған көрінеді. Әлем ел­дерінің жаппай буын және сүйек ауруларын басты на­зар­ға алуының сыры неде?
– Өйткені бүгінгі таңда жер бетінде буын аурулары дендеп барады. Осындай қа­лыптасқан жағдай әлем елдерін алаң­да­тып отыр. Бүгінде әлем азаматтарының 48 пайызының буын және сүйек ауру­ларынан зардап шегетіні белгілі болып отыр. Айта кетер жайт – біздің елімізде де осы уақытқа дейін ревматология саласына жеткілікті көңіл бөліне қойған жоқ. Ревматологиялық аурулар қатарына жататын 100-ден астам аурудың түрлері бар. Негізі, осы уақытқа дейін Денсаулық сақтау министрлігінің нор­мативті құқық­тық базасы бойынша, ревматология сала­сындағы қызмет түрлеріне бұйрық бол­маған. Сондықтан осы уақытқа дейін емдеу орындарында қанша ревматолог маман болу керектігі, ауруханаларда қанша төсектік орын осы буын ауру­ла­рынан зардап шегетіндерге арналуы да көрсетілмеген. Біз өз тара­пы­мыз­дан осы­лардың барлығын жүйелеп, министрлік назарына ұсынып, бұйрық дайындауға атсалыстық. Бүгінгі күні біздің ең бірінші мақсатымыз ревматология саласының қызмет түрін дамыту болып отыр. Алдағы уақытта еліміздегі буын ауруы­мен ауыра­тындарға тиімді көмек көр­сету үшін бар­лық алғышарттарын жаса­мақ­пыз. Әлем бойынша соңғы реа­би­ли­та­ция­лық қон­дыр­ғыларды қолдана отырып, еліміздегі науқастарға жоғары сапалы медициналық көмек көрсету басты мақса­тымыз болып отыр. Осы орайда медицина сала­сындағы қабылданған 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдар­ламасына ревматология саласын енгіздік. Бұл алдағы уақытта ревматология сала­сының дамуына жақсы ықпал етеді деген ойдамын. Яғни бағдарлама аясында рев­ма­тология саласына қатысты көптеген мәсе­лелерді шешуге мүмкіндік туады деп отырмыз.
– Деректеріңізге сүйенсек, хал­­қы­мыздың тең жартысы буын ауру­ларынан зардап шегетін көрі­неді. Ал олармен жұмыс жа­сай­тын рев­матолог мамандар жеткілікті ме?
– Ревматолог мамандардың тап­шылы­ғын бүгінгі күні анық сезініп отырмыз. Біз барлық облыстар мен аудандарға Денсау­лық сақтау министрлігі атынан хат дайын­дап, олардағы ревматолог мамандардың саны жөнінде сұрау салдық. Мәселен, Алма­ты облысы бойынша бүгінгі күні бір ғана ревматолог бар екен. Ал ревматология бөлімшесі мүлдем жоқ. Сондай-ақ Ақтөбе облысында емханада бір ғана ревматолог болса, Қостанайда бірде-бір ревматолог жоқ екен. Дүниежүзі бойынша таралуы жағы­нан ревматология аурулары үшінші орында тұр. Ал оны емдейтін мамандар елімізде жоқтың қасы. Бұл статистика кім-кімді де ойлантпай қоймасы анық. Статис­ти­каға сүйенетін болсақ, елімізде 1000-ға жуық кардиолог маман бар екен. Ал прак­тикалық ревматолог дәрігерлердің саны – 83 қана. Ол дегеніңіз – 200 000 Қазақ­стан азаматына бар-жоғы бір ғана ревма­толог­тен келеді деген сөз. Ал аурулар саны он есе көп. Аурулардың көрсеткіші жөні­нен буын ауруымен ауыратындардың саны жүрек ауруымен ауыратындардан кем емес. Салыстырмалы түрде осыдан-ақ ревма­то­лог мамандардың тапшылығын көруге болатын секілді. Буын ауруларының ішінде ең көп кездесетін түрі «остеоартроз» деп аталады. Бұл аурудың ең бірінші көрсеткіші – шеміршекаралық майдың таусылуы. Оны біз «тізе ауруы» дейміз. Жасы келген қарттарда көбінесе шемір­ше­к­аралық майдың таусылуы салдарынан пайда бола­ды. Ревматологиялық аурулар­дың ішінде тізе ауруы, жалпы, аурудың 80 пайызын алып отыр. Ал әлем бойынша 60 жастан асқан адамдардың 80 пайызы остеоар­троз­дан зардап шегеді. Сондай-ақ рев­ма­толо­гиялық қауіпті аурулардың тағы бір түрі «жүйелі қызыл жегі» деп аталады. Бұл ауру түріне қарсы нақты емді тез арада жүргіз­бесе, науқастың өмірі ұзаққа бар­майды. Әрі кеткенде науқастың өмірі бес жылға дейін ғана созылуы мүмкін. Атал­мыш аурудың қауіптілігіне қарамастан, қазір­гі таңда елімізде ауруды нақты емдей­тін мекемелер жоқтың қасы. Бұл – медицина саласы үшін үлкен проблема. Жалпы статистикалар буын ауруларының жер бетіндегі кеңінен тараған ауру түр­ле­рінің бірі екенін айғақтайды. Сондықтан ен­дігі жерде ревматология саласы іргелі жұ­мыс істеуді талап етеді.
– Рас, қазіргі таңда қай ауру бол­­масын мамандар «жасарып» бара­ды деп жар салуда. Осы орай­да ревматология ауру­ла­ры­ның да «жасару» қаупі бар ма?
– Қазіргі таңда буын ауруларымен ауы­ратын жастардың да қатары артып бара жатқаны шындық. Мәселен, остеоартроз ауруы ағзадағы зат алмасу процесі бұзылғанда, қатты жарақат алғанда пайда болады. Әсіресе спортпен айналысатын жастарда қатты жарақат алу салдарынан тізе майы ағып кетеді де, тізенің өзінің май шығару қабілеті тө­мендейді. Осының салдарынан майы жоқ екі сүйек өзара жақындап, бірін-бірі қажай бастайды. Ревматологиялық ауру­лардың ішінде ревматоидты артрит, жүйелі қызыл жегі және тағы басқа аурулар жастарда жиі кездеседі. Бұл ауру инфекция арқылы немесе тұқым­қуа­лау­шылық салдарынан пайда болады.
– Буын ауруларын емдеуді елі­міз­де ең алғаш қолға алып отыр­ған мамансыз. Аурумен кү­рес­те нен­дей кедергілер кез­десуде?
– Елімізде ревматологиялық қызмет түрі болмағаннан кейін осы уақытқа дейін науқастар басқа мамандардың көмегіне жүгініп келген. Ревматолог мамандығы тапшылық тудырғаннан кейін науқастарды терапевт, травматолог, неврапотолог ма­ман­дар қараған. Бізде осы уақытқа дейін аурудың өзімен емес, оның тек симп­том­дарымен ғана күресіп келді. Яғни олар буындағы ауру сезімімен ғана күрескен, ал проблема буынның ортасында қалып қоя берген. Содан кейін науқасқа нақты ауруды кетіретін дәрілерді пайдаланбай, тек ауру сезімін басатын дәрілер ғана қолданылған. Осының нәтижесінде ауру асқына берген. Мәселен, остеоартрозбен ауырғанда адам­ның жүруі нашарлап, тізесі қисаяды. Шемір­шегі қажалуының нәтижесінде желі­ніп қалады. Одан кейін оған тек жасанды протез буын қою керек болады. Осыған орай, травматология институтында қазіргі таңда мыңнан астам адам протез қойдыру үшін кезекте тұр. Бұл елімізде ревматология саласының дұрыс дамымай отыруы сал­дарынан орын алып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын «мем­лекет тарапынан рев­ма­тологиямен ауы­ратын науқастарға тиесілі көмек көр­сетілмесе, осылай отыра береміз бе?» деп алаңдап, Алматы қаласынан буын ауру­ларының медициналық орта­лығын құру туралы ой басыма келді. Келе­шекте дәл осындай орталықты Астана қаласынан ашуды да жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсат науқастарға шетелдік жоғары технологиялы қондырғылардың көмегі­мен сапалы көмек көрсету болып табы­лады. Ал облыстарда мемлекетпен өзара серіктесе отырып, ревматологиялық бөлім­шелер ашу ойда бар. Қазіргі таңда біз ревматологиядан зардап шеккен адамдарға тиімді көмек көрсету үшін елімізге жоғары сапалы озық техно­ло­гияларды әкелумен айналысып жатыр­мыз.
– Қазіргі таңда ревмато­ло­гия­лық науқастарды емдеуде оң өзгеріс байқала ма?
– Оң өзгеріс бар. Мәселен, бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысының ауруха­на­ла­рында ревматология бөлімдері ашылып жатыр. Алдағы уақыттарда тағы басқа облыс­тарда осындай орталықтардың санын арттыруды мақсат етіп отырмыз.
– Жалпы, ревматологиялық ау­ру­ларды емдеу қаншалықты қым­бат?
– Ревматологиялық аурулардың кей­біреу­лері ауру салдары жөнінен әлемде онкологиялық аурулармен тең саналады. Шетелдерде ол аурулардың біреуінің емі – 20-25 мың доллар көлемінде. Яғни ревматологиялық аурулардың емінің құны, негізі, қымбат саналады. Мәселен, мемлекет тарапынан ревматоидты артрит­ті емдеу үшін орташа көлемде 270 мың теңге бөлінеді деп есептеп шығарған. Дәрілері де қымбат. Денсаулық сақтау министрлігінің сайтындағы халықтың сұранысы да осынау қымбат дәрілермен көпшілікті қамтамасыз етуге арналған. Келешекте көпшіліктің сұранысы бойынша осындай қымбат дәрілерді қолжетімді ету үшін біршама істер атқармақпыз. 2011 жылдың мамыр айында Астана қаласында бірінші халықаралық ревматологтердің форумын өткізгелі отырмыз. Еуропа, Азия елдерінің ревматологтерінің басын қосып, ревматология саласы бойынша елімізде болып жатқан мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын қарастырмақпыз. Өйткені бұл салада шешілмей жатқан мәселелер баршылық.
Остеоартозды емдеуде пайдаланатын «Остенил» атты буынаралық жасанды май бар. Оны аптасына бір рет, бес қайтара буын арасына енгізеді. Ол май тізеге ені­сі­мен, сол жердегі өлі клеткаларды тірілтіп, олардың табиғи тізеаралық май шығаруын күрт арттырады. Бізде, Қазақ­станда, бұрын осы сынды дәрілер бол­маған. Остенил арнайы сегментативтік әдіспен әлемде тек Швейцарияда және Германияда ғана шығарылады. Ал бүгінгі күні – кеңінен қолданыста. Сондай-ақ ревматология саласында соңғы отыз жылдағы ең үздік дүние – американдықтар ойлап тапқан «Ортез» қондырғысы. Ол қондырғы сүйектің биомеханикалық коррекциясын түзейді. Қисайған тізе буындарын орнына келтіруде бұл сайман теңдесі жоқ қондырғы саналады. Буын сүйектері бір жаққа қарай қисайып кеткен ауруларға қарсы жұмыс істейтін қон­дырғының пайдасы зор. «Ортездің» бір құндылығы – ол ешбір операциясыз, буынды 20 градусқа дейін түзеп, өз орнына түсіреді. Осы «Ортездің» арқа­сында, соңғы он жылда АҚШ пен Еуропада тізені алып тастап, орнына жасанды тізе қою мақсатында жасалатын операция саны 50-80 пайызға дейін азайған. Бұл – өте үлкен жетістік. Біз де бүгінгі күні осындай қондырғыларды халық игілігіне жаратып отырмыз. Ең бастысы – бүгінгі күні үлкен нәтижелі осындай дәрілердің, қондырғылардың бары қуан­тады. Ондай науқастарды тегін емдеу мемлекет тарапынан арнайы комиссия құру арқылы шешіледі. Келешекте біз де еліміздегі ревматологиялық аурудан зар­дап шегетін науқастарды мемлекет тарапынан тегін емделетін санатқа ендіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Егер бұл мақсатымыз іске асса, халыққа үлкен көмек болар еді деп ойлаймын. Бізге көп жағ­дайда адамдар ауруын қатты асқын­дырып келіп жатады. Ондайларға тек операция ғана көмектесе алады. Қазір бізде буын ауруымен ауы­ратындардың 30 пайызы – тікелей опе­рацияға жібері­ле­тіндер. Олар көбінесе жас кезінде жарақат алып, байқамай жүре береді. Ал буын аурулары өздігінен жазылмайды, тек уақыт санап асқына береді.
– Енді әңгімені жалпы меди­цина саласына бұрсақ, жыл сайын медицина саласында түрлі бағ­дарламалар қабылданып, халық­тың денсаулығын жақсарту үшін миллиондаған қаржы бөлі­нуде. Маман ретінде қабылданып жат­қан медициналық бағдар­ламалар мен жасалып жатқан реформалар қаншалықты нәтижесін беріп жатыр деп ойлайсыз?
– Егер медицина саласында бәрі керемет болса, реформа жасауға ешкім тырыспас еді. Демек, қоғамымыз рефор­маның жасалуын қажет етіп отыр.
– Әлі күнге дейін еліміздегі қалтасы қалыңдар қит етсе, шекара асып емделуге әуес. Бұл еліміздің медицинасының нау­қастарға көмек көрсетуде дәр­мен­сіздігінің белгісі емес пе? Жалпы, еліміздегі медицина сала­сының дамуына қалай баға берер едіңіз?
– Қазіргі таңда біздің еліміз де дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге тырысуда. Осы орайда, шетел­ден жоғары сапалы қондырғылар сатып алынып, мамандарымыз да жиі-жиі тәжі­ри­бе алмасуға аттануда. Сондай-ақ дәрі-дәрмек өндірісін де 2014 жылға дейін 50 пайызға жеткізу сөз болып, осы орайда жұмыстар атқарылып жатыр. Мұның барлығы алдағы уақытта өз нәтижесін бере­рі сөзсіз. Тек осы істелініп жатқан шаралар өзінің жемісін беруі үшін уақыт керек.
– Елімізде ауруханалар мен емханаларда әлі күнге дейін нау­қас тарихынан бастап барлық құ­жаттар орыс тілінде толты­ры­лады. Жеке клиникалық ор­та­лығыңызда медициналық құ­жат­тарды қазақыландыру жайлы ойлап жүрген жоқсыз ба?
– Қазіргі таңда орталығымызда қазақ­тілді ішкі құжаттар жасалынып жатыр. Алдағы уақытта барлық құжаттарымызды қазақыландыруды міндеттеп отырмыз. Өйткені келешекте еліміздегі қазақ тілінің үстемдігі артатыны сөзсіз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Кейде батыстанып бара жатырмыз, қит етсе, батыстың тәжі­ри­бесіне сүйеніп жатырмыз деген реніштер естіп қалып жа­тамын. Жалпы, бұл үрдісті өз басым қолдаймын. Өйткені дә­рі­герлеріміз тікелей еуропалық стандарт арқылы жұмыс істесе, үлкен жетістікке жетіп, медицинамыздың да деңгейі өсер еді. Сондықтан болып жатқан реформаларды сынай бермей, олар­дың неғұрлым қоғам­ға бейімделіп кетуіне қоғам болып күш салсақ, көп нәрседен ұтар едік.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста