Егер дарынды адамға тән басты қасиет не десе, мен намысқойлық дер едім

Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Аға, сіз  жастарды көп сы­най­сыз. Оңайға жүгіретінін, еңбектен қа­шатынын айтасыз. Бұл пікіріңіз әлі өзгерген жоқ па?
– Сынағанда мен оларды жаман бол­сын деп сынамаймын ғой, кері­сін­ше, жақсы болсын, жігерленсін, тәлім ал­сын, намыстансын, тырыссын деп ай­тамын. Менің түсінігімде қай кезде бол­са да буын үндестігі жоғалмауы ке­рек. Тарихты әркімнің өзінен бас­та­ғанын құп көрмеймін, әсіресе жас ре­жиссурада. Кейінгі  толқын деп ле­піріп жүргендер «қазақ киносы бізден бас­талды, «Қыз Жібек» кино емес» дей­ді. Сондай әділетсіздіктерге, оғаш пі­кірлерге мен үнсіз қарап отыра ал­маймын. Әр жерде сын болсын, ақыл-кеңес болсын, өзімнің ашық көз­қа­расымды айтып, пікірімді білдіріп жүр­мін. Мысалы, біз сонау жылдар­да­ғы Күләштарды қазіргі Нұржамал­дармен салыстырмаймыз ғой, олар са­лыстыруға да келмейді. Қазіргі ән­ші­лердің диапозондары жоғары, кең болуы мүмкін. Бірақ Күләш – ашық, та­биғи дауысы иесі. Оның дауысы ар­найы мектеп көрмеген. Кезінде  одан бөлек, Әмірелер, Қалибектердің өз саласының білгірі  болуы өз кезеңіне жауап берді. Ол кәсібилік өз кезеңінің алдыңғы қатарлы биік өнеріне жол ашып берді. Оны қазіргі кезеңмен са­лыстыруға болмайды. Біз осы мә­се­леден қазір көп қателіктер жіберіп жа­тырмыз. Керісінше, содан бүгінгі жас­тар үлгі ала отырып, сол кезеңнің жақ­сылығын өзіне сіңіре отырып, сол ке­зеңнің патриоттық сезімімен қоректене отырып өз бағытын дамыта бер­се оған кім сыншы? Кім оған бұ­ның бұрыс дейді? Өйткені мұның бәрі кез келген адамға керек табиғи құн­дылық. Менікі жастар осы жағын ұмытпай өссе деген арман ғана. Бұл – театр, кино өнеріндегі бүгінгі салыс­ты­рулардың дұрыс еместігін айт­қандығым. Сын  жастарды өсіреді, намысын жаниды. Олар сахнадағы әде­мілік пен шынайы өмірдегі сұлу­лы­ғын қатар алып жүрсе қандай сал­та­натты көрінер еді. Мұның бәрі ша­ла-шарпы, елтең-селтеңмен кететін жас­тарға сабақ болсын деген сөзім. Қазір эстраданың ғасыры болды ғой, кейде кезіндегі Әлібек Дінішевтер мен бүгінгі Сейфуллин Жолбарыстар қатар қойылады. Тіпті сондай таңдауда Сей­фуллин Жолбарыстар өтіп кететін жағ­дайлар көп.
– Көрермен талғамы өзгерді дей­сіз бе сонда?
– Иә, мысалы, опера мен эстрада қа­тар таңдалса, қазір опера қажет бол­май қалады. Сол сияқты қазір  қай жер­ге барсаң да, «Тамашаның» сай­қы­­ма­зақтары үлкен драмалық өнер­дің ал­дына түсіп жүр. Сол секілді, мә­селен, Фара екеу­­міз қатар келе жат­сақ, халық бі­рінші Фараны қа­был­дайды. Олар ти­паж, форма ғана, оның актерлігінің деңгейін білетін адам ғана біледі. Бұл жерде мен еш­кімге өкпе артып отыр­ған жоқпын, жал­пыхалықтық талғам дең­гейін ғана са­лыстырып айтып отыр­мын.  «Шан­шар», «Алдараспан» де­гендер кон­церт берсе, бүгін халық қы­рылып, есік сындырып кіретін дә­режеге жетті. Ал драмалық өнерде мық­ты актерлардың ойынын сол са­райға қойсаң, онда сен сол алдыңғы бір бес қатарды ғана әзер толтыруың мүм­кін. Әр өнерінен композиция кө­рі­нетін әртістер аз бізде.
– Кәсібилікке ұмтылу жоқ па сон­да қазіргі жастарда?
– Ұмтылу бар шығар, бірақ іздену, бі­лімі жетпей жатады. Бір жағы бар бол­са, екінші жағы ақсап тұрады. Бү­гінде барлық қырын тең ұстайтын әртіс табу қиын.
– Халықтың қабылдауы да со­ған сай дейсіз ғой?
– Иә. Ол енді біздегі бір ұлттық құл­дырауды көрсете ме деген қор­қы­ныш бар менде. Бірде кө­ше­де менен қолтаңба алу үшін тұра жү­гір­ген жас­тар­ға қасымдағы Әшір­бек Сы­ғайды нұсқап: «Менен неге қолтаңба ала бе­ресіңдер, міне, ал­дарыңда Мұхтар Әуезовтің өзі тұр емес пе?» – деп едім, әлгі жастар Әшір­бек­ке тұра ұмтылды: «О, Мұхтар аға, біз сіздің «Абай жо­лы­ңызды» оқығанбыз» деп.  Бұл шы­нымен бол­ған жағдай. Осыдан соң жас­тар­дың білімі туралы, таным-тү­сінік ізденісі жайлы қалай терең әң­гі­ме айтарсың? Бірақ ол үшін оларға өк­­пелей алмай­сың. Бізде жал­пақ­ше­ше­й­­лік, жағымпаздық, жал­тақтық кө­бе­йіп кетті.
– Бүгінгі театр өнері жайлы не ай­тар едіңіз?
–  Жалпы, театрды театр жасайтын  – дра­матургия, режиссура, актерлік өнер. Осы үш таған үндескенде дұрыс шы­ғарма туады. Бізде бірақ соның ре­жиссура жағы нашар.
– Ол бұрыннан келе жатқан кемшілік пе?
– Жоқ. Кезінде Әзербайжан Мәм­бе­тов келген тұста театрдағы ре­жис­сурада үлкен жаңалық болған, ол кісі режиссурада төңкеріс жасады. Одақ бо­йынша қазақ театрын төртінші театр дәрежесіне жеткізген болатын.  Театр таланттардың үндестігінен құралады. Рас, режиссер көп нәрсені жасайды. Бі­рақ актерда өзінің рөлінің авторы бо­луы тиіс. Сонда ғана керемет бейне туа­ды. Кез келген кейіпкердің рөлін ой­нағанда оның өмір сүрген заманын елес­тетіп, ойын сезіне білу маңызды. Мысалы, актер Абайдың рөлін ойнағанда онымен бірге тамақ ішіп, өзімен тілдесіп көрмегендіктен, ақын өмір сүрген заман туралы көп оқуы тиіс, ақынның өлеңдерін оқи отырып, оның ішкі жан дүниесін, ойын түсінуі керек. Егер актер өзі сомдайтын ке­йіпкердің тек сыртқы бейнесін, жүрісін аудырмай салса, бұл – қоқибайлық. Егер дарынды адамға тән басты қа­сиет не десе, мен намысқойлық дер едім. Намыссызды наданға теңеуге болады. Намыспен қаруланған актер ғана ұлттық өнердің мүддесін, мұ­ратын көздейді. Талантты биік­те­тетін намыс екінің бірінде жоқ. Абай­дың өзі «Бәсеке неге озасың деп күндеуің бол­масын, өзіңді өзің қамшылауың болсын» дейді. Патриоттықтың негізі – намыс.  Бізде қазір актерлық өнер жоқ емес, бар, драматургия да жоқ емес, ақсап тұрғаны – режиссура. Жақсы актермен серіктес болудың өзі бақыт. Режиссердің айтқанына әркез бас шұлғи беретін актер шахмат ойы­нындағы пешкамен тең. Актер өз рө­лінің авторы болмай, кейіпкер жасауы мүмкін емес. Актерға тағылар мін де, айтылар сын да көп, өнерпаз болып ғұмыр кешу оңай емес. Өнердегі қа­зақтың азаматтарына айтарым, тәңірі сый­лаған дарынды өз орнымен пай­далана білмесек, келешектің алдында кешірілмес күнәға қаламыз. Өйткені халыққа сенің атақ-даңқ, дақ­пыртың керек емес, елді текті өнер бас­қарады. Өзіңді өзің жиі сынамасаң, қажет бол­са отқа да, суға да түспесең, жақ­сы актер болу мүмкін емес.
– Неге біздегі  режиссерлық мектеп дамымай қалды?
– Бұрын Одақ болған тұста  Мәскеудің режиссерлық мектебі өте күшті еді. Біздің мықты режиссерлар сол жерден тәлім алды. Үйреніп келгенін өзіміздің театрларға алып келді, актерларға берді. Олардың бір­тін­деп көзі кеткен соң ол үрдіс кен­же­леп қалды. Бүгін өнер академиясында ре­жиссурадан сабақ беріп жүргендер не режиссер емес, не тәжірибесі бар ма­ман емес (кейбірі тіпті театрдың ма­­ңына да бармаған) кездейсоқ адам­­дар. Олар балаларға не айтсын? Ба­­лалар осыдан соң театрға келеді. Театр­­ларда да  ортадан төмен күлді-кө­меш режиссура. Олар  жас ак­тер­ларға не айтсын? Өз деңгейіндегі бір­де­мелерді айтады да қояды. То­­быр­дың шаңынан озып шығатын сәй­гүлік болмай тұр қазір.
– Мәдениет  өкілдерінің әлеу­мет­тік нашар қорғалғаны көпші­лік­ке мәлім. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
–  Бұған менің жаным ауырады, ет жүрегім езіледі. Қазір актердің қадір- қасиеті қалмай барады. Бұрын қазақ өнер адамын алақанына салып жү­ре­тін.  Бұрынғы Қалекең, Елекең, Сер­ке­лерді Мұхтар Әуезовтер деңгейлес көретін. Біздің елдің байлығы басы алтынға пара-пар азаматтарын ұлық­тауға емес,  тек баюға ғана кетіп жа­тыр, өнерге аударылатын ақша итке сүйек тастағанның ғана кебінде. Егер де ертеңін ойлайтын ел билігі өнерге көңіл аудармаса, оған үлкен жағдай жасамаса, өнер ешқашан өспейді. Неге бүгінгі әртістер халтурамен ай­налысып кетті дейсің, айлығы шай­лығына жетпегеннен кейін, әрине. Әйт­песе сол таланттың әр жерден жыл­тыңдай беруі өзіне ұнайды дейсің бе?
– Бүгінгі түсіріліп жатқан кино­лар­ға деген көзқарасыңыз қан­дай? Жаңа фильмдерге көңіліңіз то­ла ма?
– Бұл кезең өзі   экшн жанрының өркендеген,  киноның азған-тозған, пах-пухқа құрылған уақыты болды. Америка одан баяғыда өтіп кетті. Біздің жастардың бүгінгі талғамы да осы болып тұр. Оларды кинотеатрға алып барып «Қыз Жібекті» көрсетші, біраздан соң  залдан шығып кетеді. Оған басы жоқ, аяғы жоқ фильмдерді көрсетсек отыра береді. «Жаужүрек мың бала» фильмі сол экшннің аз­даған тарихы бар нұсқасы. Әйтеуір, сол болса да, оның шыққанына қуа­нып жатырмыз. Ортадан сәл жоғары фильм деуге болады, бірақ шедевр емес. Үлкен салмақты фильмдерге көп қаражат керек.
– Астанада өткен экшн фильм­дер фестивалінде Тимур Бекмам­бетов «Астана киноиндустрия орта­лығына айналады» деген пі­кірді айтты. Болашақтағы қа­зақ­тың киноиндустриясының ба­ғы­тын қалай болады дер едіңіз? Бек­мамбетов бізге керек дүниені ұсына ала ма?
– Бекмамбетов – экшннің шебері. Бірақ ол бізге қажетті  тарихи деректі немесе  қазаққа керекті көркем мәні бар фильмді түсіріп береді деу қиын. Өткенде Тимурмен жолығып қалғанда ол: «Сізде киноға тақырып бар ма?» – дейді, мен оған: «Тақырып деген жетеді, тіпті сен ойлағаннан да көп», –  дедім.  Біздің қазақта киноға ма­териал жетеді. Мұхтар Әуезов,  Ғабит Мү­сіреповтен тартып, Оралханға де­йінгі классиктердің бәрінің әңгімелері ки­ноға сюжет бола алады. Бірақ біз қазір заман талабы деп амалсыз экшн жанрына жүгініп отырмыз.   Мұндай қиындықтан үлкен мемлекеттердің бәрі өткен.
– Біз де өтеміз деп ойлайсыз ба?
– Оны енді мен қайдан білейін? Франция, Англия, Италия өзінің дәс­түрін тастамай, бұзбай киноның классикалық үлгісін көрсетіп отыр. Бұ­ларда біздегідей экшн-мекшн де­ген­дер жоқ десе де болады. Бізде еліктеп солықтаушылық көп. Телеар­на­лардың барлығы Мәскеудің теле­арналарының көшірмесі ғана. Толған қайталау ғана.
– Әртістік, ұстаздықтан бөлек, қо­лыңызға қалам алып, жазушы­лық­пен де айналысып жүрге­ні­ңіз­ден жұрт хабардар. Бірнеше кітап шы­ғардыңыз. Мұны сіздің хоб­биіңіз дейміз бе?
– Мен жазушы емеспін. Жазуда тіп­ті шаруам жоқ дер едім. Бірдеме түрт­сем, ол өзім үшін ғана. 
– Елде өткізіліп жүрген халық­ара­лық кинофестивальдар жайлы не айтар едіңіз?
– Халықаралық кинофестиваль деген – тек мереке ғана. Ол шара  еш­кімге кино жасап бермейді. Тек біткен фильмдерді көрсетіп, халыққа мереке жасайды. Біреулер мұны бүгін «қып-қызыл шығын» деп жүр.  Онда тұрған не бар? Шетелден бәленбай әртіс шақыруда тұрған ештеме жоқ, оларды да жұрт көрсін, білсін, пікір алмассын, ше­берлік дәрістерін алсын деп ша­қы­ра­ды. Жалпы, халықаралық кинофес­ти­валь­дардың мақсаты да осы.  Бізде қайта олардың саны өте аз. Ресейдің өзінде 40 шақты халықаралық ірілі-ұсақты кинофестивальдар болып тұрады. Ол елді елмен таныстырады, өнер алмастырады. Сол жағынан алып қарағанда бізге фестивальдар ке­рек. Шығын деп отыра берсек, қо­нақ шақырмайық онда!?. Бұл қазақта ежелден  бар үрдіс. Театрда бұрын жа­ңа премьера болса, арты үлкен ме­ре­кеге айналып кететін. Басты рөлге шық­қан әртістер дастарқан жаятын, үлкен әртістер жастарына батасын бе­ріп, ақ жол тілесетін. Қазіргі жас­тар­дың миына мұндай бір нәрсе жасайын деген ой кіріп те шықпайды. Үлкенді сый­лау үрдісі қалып бара жатыр. Қо­нақ­жай елдің осы мәдениеті жоғал­ма­уы керек. Ол тамақ жеу, ішімдік ішу емес. Мұндай қонақжай мінез қазақ­тар­да ғана бар. Немістер бала-шаға­сы­мен мейрамханаға барса, әрқай­сысы өз тамағының ақысын өздері тө­лейді.  Бізде ол жабайылық, түк көр­ме­гендік болып есептеледі. Сен бала­ңа үй алып бересің, машина алып бе­ресің, әйел алып бересің, тойын жа­сайсың.  Кейде тіпті күлкілі, шетел­ден келген біреуді қонаққа шақы­ра­сың ғой үйіңе құрметтеп, солардың ішінде қалтасынан ақшасын шығарып, «мен ішкен асыма қанша төлеуім ке­рек?» деп отыратындары болады.  «Ой, мұның бәрі тегін» десең түсін­бейді. «Бұл қалай сонда? Неге мен үшін шығындаласың?» дейді. Сен оны­мен қоймай, оған кетерде шапан кигізіп, сақина сыйлайсың, сөмкесін толтырып жібересің. Оны көріп тіптен шошиды. Мен оларға түсіндіремін, «Са­ған мен сыйлық сыйласам, сен сол үшін қуа­насың, сенің сол қуанғаныңа қарап мен қуанамын. Мен мұны өзімнің қуануым үшін жасаймын» деп. Ол біреуден қорқу,  надандықтан не­месе жағынғаннан емес. Ол біздің дәстүр­дің сондайлығынан.
Мен өнердің адамымын. Менің алаңым, тұғырым, мінберім – сахна. Бар ойымды, өнерімді халық қол­даса, қол соқса, маған одан ар­тық сый­лық­тың керегі жоқ. Шапалақтың да бір­неше түрі бар. Баяғыда Пе­тер­борда К­а­чалов деген артист көшеде ке­ле жат­қанда, адамдар тұра қалып қол со­ғады екен. Итальяндық Ма­ниани қайтыс болып, көшеде алып ба­ра жатқанда, жұрт тұра қалып оған қол соққан. Бұл – үлкен сый, құр­­мет. Өлгенде де сені осылай шы­ғарып са­лып жатса, бұдан артық ба­қыт жоқ. Бұл ештеңемен баға­лан­бай­тын нәрсе.

Алашқа айтар датым...
Қазақ өзі Құдайы бар халық қой. Көнбіс, төзімді, таңғы асты тәңірден тілеп жататын халық. Бізді ұстап тұрған да осы қасиетіміз. Мынандай бір тәмсіл бар: сонау қызыл қырғынның кезінде бір шал мен кемпір аштан өлгенде, керегенің артында бір асым ет тұр дейді. Көрдіңіз бе, соның өзінде қонақтың сыбағасын сақтап қойған...

Керек кеңес
Менің теориям бойынша, жақсы актерлар ұзақ өмір сүреді, өйткені олардың өз өміріне қоса, сахнадағы екінші өмірі бар. Рөлің жағымды болса да, жағымсыз болса да, образға кіріп, ынты-шынтыңмен ойнасаң, денсаулығың үшін пайдалы, өмір сүруге құштарлығың оянып, шабыттанасың. Актерларға айтарым, өмі­рің­ді ұзартқың келсе, берілген рөлді жақсылап ойна, жұмысыңа әр­қашан ынтамен, ыждағатпен қара...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста