Дінтану сабағын беруге діни қызметкерлердің құқы жоқ

Дінтану сабағын беруге діни қызметкерлердің құқы жоқ

Ғарифолла ЕСІМ, cенатор, академик:

– Қазір мектептерде дінтану негіздері арнайы пән ретінде оқытылып жатыр. Оған өзіңіз бас болған авторлар ұжымы «Дінтану негіздері» делінетін арнаулы оқулық құралын да дайындап үлгерді. Жалпы, осы пәнді оқытудың қандай қажеттілігі болды?
– Бұл сұрағыңызға мен сол өзіңіз айтып отырған жаңа оқулықтың алғы сөзінен үзінді келтіру арқылы жауап берейін. «Діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге дінге деген көзқарастар да әр дәуірде, әр қоғамда әр қилы болып келген. Сондықтан дін дегеннің не екенін, оның қысқаша тарихын танып-білу – әрбір оқушыға мәдени қажеттілік. Егемен ел атанған Қазақстан мемлекетінің азаматтары үшін бұл қажеттіліктің өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Елімізде жүзден астам этностар мен ондаған діни конфессиялар бар. Ислам және православие діндеріне сенетін халық саны республикада басым болғанымен, қоғам өмірінде өзге діндер ықпалы да айтарлықтай. Сол себепті 9-сынып оқушыларына дінтану негіздерін пән ретінде енгізу заман талабынан туындап отыр».
– Ал бұрынғы «Дінтану негіздері» кітабын толықтырып қайта шығардыңыздар ғой?
– 2001-2002 жылдары елімізге демократиялық үрдіспен бірге сырттан діни ағымдар келе бастаған кезде мен жас жеткіншектердің діни сауаттылығын жоғарылатуымыз керек, өйтпегенде, олар діннің жетегінде кетіп бара жатыр деген мәселені көтердім. Осыған сәйкес, Білім және ғылым министрлігінің сол кездегі вице-министрі Ерлан Арын қатарлы азаматтар жоғарғы оқу орындарына факультативтік пән енгізейік деп, министрлік атынан дінтану негіздері деген пән енгізетін бұйрық шығарды. Соған байланысты 2003 жылы жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназиялардың 10-сынып оқушыларына арналған «Дінтану негіздері», орыс тілінде «Основы религиоведения» деген оқулық жаздым. Ол біраз мектептерде пайдаланылды, тіпті бүгінге дейін оқытылыпты. Мен бұдан бейхабар екенмін. Кейін бұл аяқсыз қалған еді. Былтырғы шілдеде Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің ІІІ съезі өтті. Артынан онда қаралған мәселелердің қарары ретінде дінтану пәнін мектепте, 9-сыныпта оқыту керек деген Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы шықты. Соған сай біз, бір топ адам, дінтану негіздерінің бағдарламасын жасадық. Оған дін өкілдері, мұғалімдер, ғалымдар қатысты. Бағдарлама бойынша бұрынғы шығарған кітаптың негізінде «Дінтану негіздері» кітабы екінші басылымда, авторлар ұжымына менің жетекшілігіммен «Білім» баспасы арқылы қайта жарық көрді. Авторлар қатарында А.Әбуов, К.Бегалинова, Е.Смағұлов, Қ.Жолдыбайұлы қатарлы ғалымдар болған еді. Қазір оқулық жеткілікті көлемде шықты, мектеп, лицейлердің 9-сыныбында оқытылу үстінде. 
 – Ал осы дінтану негіздері пәнін мектеп бағдарламасына енгізу сырттан ағылып жатқан түрлі діни ағымдарды, соның ішінде елімізге, бейбіт өмірімізге қауіп төндіретін секталарға тосқауыл бола ала ма?
– Бұл кітаптың мақсаты – ең алдымен, оқушылардың діни сауаттылығын жетілдіру. Оқулық иесі «Жалпы, дін, діндер деген не, олар қалай пайда болды, әлемдік діндер, дәстүрлі діндер деген не, дін еместер мен діни ағымдар дегеніміз не?» деген секілді сұрақтарға жауап табады. Қазіргідей ақпарат тасқыны күшті заманда оқушылардың дін жайында одан-бұдан алатын мәліметі көп болары анық. Оның бәрін сұрыптап, негіздеп алу оларға қиын соғады. Ал арнайы бағдарлама мен оқулық бар және ұстаз сабақ өткен жағдайда оқушыларға жеңіл тиеді. Оқулық дінді білім ретінде қарастыру үшін жазылды. Біз кітапта сырттан келіп жатқан діни ағымдардың барлық мінездемелерін ашып бердік. Алдымен біз осылардың дін немесе дін емесін біліп алуымыз керек. Мәселен, христиан (протестантизм, католицизм), буддизм – дін. Енді бұлармен қоса кейбір діни ағымдар да бар. Оның астарында саясат және өзге де мақсаттар жатады. Біз содан жас ұрпақты сақтап қалуға тиіспіз. Кеңес кезінде дін мүлде жоққа шығарылды, дінмен қатаң күрес жүрді. Оқулықта соның бәрі саты-сатысымен айқын келтірілген. Сосын дінді арнайы насихаттайтын қоғамдар бар. Мысалы, Иран, Сауд Арабиясы. Оларда дін сабағы жүреді. Кеңес кезінде атеистік сабақ өтілді. Ал біздің қоғамның оқу жүйесі зайырлы болғандықтан, бұл дін сабағы болмауы тиіс. Осыны шатастырып алмайық. Дін сабағын жүргізетін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы оқу орындары бар. Оны бітірген мамандар мешіт секілді діни орындарда қызмет істейді. Яғни діни культтің мамандары болып шығады. Ал біздің айтып отырғанымыз – дін сабағы емес, атеизм де емес, дінді тану, білім ретінде бойға сіңіру. Дінсіз қоғам жоқ. Дін мемлекеттен бөлектенгенімен, қоғамнан ажыратылмайды. Сол қоғамда бар дінді танып-білу үшін, дінтану, дінтану негіздері пәнін енгізіп отырмыз. Дінтану деген – өте ауқымды ұғым. Дінтанудан кандидаттық, докторлық диссертациялар жазылып жатыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде арнайы дінтану мамандығы оқытылады. Ал біз дінтанудың негіздерін ғана беріп отырмыз. Өйткені 9-сынып оқушысына ол жеңіл болады.
– Яғни оқушыға ақпараттық білім беруді көздедіңіздер ғой?
– Біз бұл жерде екі мақсатты көздедік. Біріншіден, дін туралы білім және мәдениет ретінде түсінік беру. Сол арқылы діни сауатты көтеру. Екіншіден, Қазақстан қоғамында, негізінен, мұсылмандар өмір сүреді. Мектеп зайырлы болғанымен, үйіне барғанда, бала діни тәрбие алуы мүмкін. Біз – негізінен, дәстүрлі ислам еліміз. Сондықтан дінтану негіздері пәніне берілген факультативтік сабақтың 34 сағатының үштен бірін исламға арнадық. 14 сағат. Орыс тіліндегі «Основы религиоведения» нұсқасында да ислам туралы осылай айтылған. Себебі соңғы кездері қазақтың тілін, мәдениетін, дінін білгісі келетіндер көбеюде. Одан кейін православие діні туралы мәлімет жазылды. Қалғандарына аз-аздан орын бердік. Мысалға, бір миллиардтан астам халқы бар Қытай халқының діні конфуцийға дәріс барысында он-он бес минут қана уақыт бұйырды. Бірақ барлық әлемдік және дәстүрлі діндер туралы ақпарат қамтылды. Меніңше, жүйелі түрде бағдарлама арқылы оқулықпен мұғалімнің дін жайлы білім беруі 9-сынып оқушысының дүниетанымын кеңейтіп, өзіндік ұстанымын қалыптастырады. Біздің міндетіміз – ешқандай дінді насихаттау емес, жалпы дін туралы білім беру. Ал әр бала өзі шешім қабылдап, мен осы дінді қалаймын десе, ол – өзінің жеке шаруасы. Бұл енді көбіне отбасына да байланысты.
– Жаңағы басқа діни секталарға, заңсыз миссионерлікті тануға, оған қарсы тұруға тигізер әсері туралы айтсаңыз?
– Әрине, бұл пән басқа секталарға, ағымдарға, олардың елімізде таралуына белгілі бір дәрежеде тосқауыл бола алады. Өйткені біз дін мен дін еместердің аражігін айырып беріп отырмыз. Біреу келіп діни ағымды дін десе, оқушы оның дін еместігін, бөтен бір саяси мақсаттан туған дүниелер екенін дәлелдеп бере алады. Негізі, дәстүрлі дін болу үшін ғасырлар бойғы тарихы болуы шарт. Ал кеше ғана қалыптасып, бүгін дін атын жамылғандар дін бола алмайды. Кітапта соның бәрі сараланып жазылды. Өткен ғасырдың ортасында ғана қалыптасқандар дін мәртебесіне ие болмақ емес. Мәселен, христиан дінінің, будданың, исламның, конфуций дінінің ғасырларға созылған тарихы бар. Елімізге таралып үлгергендердің қайсысын дін, қайсысын дін емес деуге болады? Осының бәрі оқулықта нақты жазылды. Сондықтан жастарды адастыратын ағымдарға бұл оқулық тосқауыл бола алады деп санаймын.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері тарапынан бұл пәнді дінтану негіздері емес, имандылық сабақтары деп оқыту жөнінде пікірлер айтылды. Бұл жайында не айтар едіңіз?
– Әрине, олар өзінің қызметіне сәйкес әрекет жасауы керек. Егер дін адамдарын мектепке жіберсек, олар имандылық, мұсылмандық сабағын береді. Бірақ бізде зайырлы білім беру жүйесі болғандықтан, дінтану сабағын діни қызметкерлердің беруге құқы жоқ. Әйткенмен, осы мәселенің бір шешімі де керек. Сол себепті оқулықтағы исламға арналған бөлімін жазу кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Уағыз бөлімінің меңгерушісі Қайрат Жолдыбайды қатыстырдық. Біз дәстүрлі ислам елі болғандықтан, ол кісіге ислам дінінің барлық құндылықтарын дұрыстап тұрып жазып беруге мүмкіндік бердік. Дінтану сабағы түрінде емес, зайырлы білім ретінде жазу қажеттігін ескерттік. Сосын бірге отырып, жазып-сыздық. Түзететін жерлері де болды. Демек, ислам дінінің мүддесін ол кісі зайырлы түрде көрсете алды. Сол секілді өзге дін туралы жазылған мәліметтерді басқа дін өкілдеріне көрсетіп, келісімдерін алдық. Олар оқулық мазмұнымен келісетіндерін білдірді. Кітаптың бір ерекшелігі – оның негізін діни культтің адамдарымен бірге отырып жасағанымыз. Өйткені діни ұғымдарды қате беруге біздің құқымыз жоқ. Бұрынғы оқулықты өзіміз жазған едік. Сондықтан жаңа оқулықтың мазмұны толықтырылды және діни ұғымдар дұрыс берілді деп сеніммен айтамын.
– Әдетте Қазақстанды көпұлтты, көпконфессиялы деп жатамыз. Егер мектептерде діни сабақтар өтетін болса, бір сыныптағы түрлі дін ұстанатын балалардың ата-аналары тарапынан наразылық туындап, жанжал шығуына себеп болуы мүмкін бе?
– Біздің өтетініміз – дін сабағы емес, дінтану сабағы. Сондықтан ондай наразылыққа жол жоқ. Ал, өзіңіз айтқандай, дін сабағы болса, әрине, наразылық бас көтереді. Ал «Дінтану негіздері» – зайырлы білім жүйесіндегі бәріне ортақ білім құралы. Қазақ елінде әртүрлі діндер бар екені рас. Олардың арасында түсінікті, түсініксіз жағдайлардың бары да жасырын емес. Бұл қазіргі қоғамның түйткілді мәселесі болып  отыр. Міне, біздің осы бастамамыз жаңағы айтқан түсініксіз жайларды сейілту жағына бағытталды деп ойлаймын. Сондықтан бұл оқулық оқушыларға ғана емес, ата-аналарға да қажетті болмақ. Көп нәрсені түсіне алады.
– Бұл, өзіңіз айтқандай, оқушыларға ғана емес, жалпы оқырманға да арналған кітап секілді...
– Оқулық тек 9-сыныпқа емес, бүкіл қауымға пайдалы. Соның ішінде журналистерге де берері мол. Өйткені оны мамандар жазғандықтан, барлығын ғылыми тұрғыдан түйіндеді. Қазір мұны көптеген адамдар алып оқып жатыр. Қауіпсіздік қызметі, кеден саласындағылар, ғалымдар дегендей. Сұраныс көп. Президент Әкімшілігінің жігіттері, депутаттар сұрап алып, оқуда. Өйткені дін туралы сөз көп, оның бәрін оқып, жинақтап, жүйелеп отыруға ешкімнің уақыты жетпейді. Ал бұл кітапта бәрі ықшамдалып, дайын күйде берілген. Тілі жатық. Сол үшін де қызығушылар саны арта түсуде.
– Дінтану негіздері төңірегіндегі келесі мәселе оқулық пен мұғалімге қатысты болатын. Бұған дейін біздің елде мұндай пән болмағандықтан, мұғалім де, оқулық та жоқ болды. Сіздер дайындаған кітап оқулық мәселесін шешкен сыңайлы. Ал білікті ұстаз дайындау жағы не болмақ?
– Бұл – үлкен мәселе. Біз арнайы бағдарлама жасадық, пән сағатының бәрін белгілеп бердік. Оқулықы дайындадық. Ендігі мәселе – осыны мұғалім арқылы дұрыс оқыту. Білім және ғылым министрлігінің айтуынша, бұл пәнді қазірше тарихшылар береді. Өйткені оның сағаты аз, арнайы мұғалім ұстау қиын. Бір жылда 34 сағат қана. Сол себепті пәнді тарихшылар жүргізеді. Және де ҚазҰУ секілді бірнеше жоғарғы оқу орнында дінтану мамандарын дайындап жатыр деп айттым ғой, солар және философтар мен әлеуметтанушылар дәріс бере алады. Десе де, бәрібір, осы пән мұғалімдерін арнайы дайындау мәселесі алдан шығады. Осыған байланысты, республикалық және облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институттарының бәрі жоспар жасап, осы кітаптың авторлары және басқа да ғалымдар соларға дәріс оқуға кірістік. Кітаптың соңындағы пайдаланылған әдебиеттер тізімімен қалай жұмыс істеу керек деген секілді бағыттарды үйретеміз, жалпы білімін жетілдіреміз. Бір артықшылығы, тарихшы мамандар пән туралы біледі. Себебі кітаптың ішіндегі тақырыптың дені тарихқа қатысты. Будда, ислам, конфуций діндері тарихта бар. Бірақ олар тарихи жағы болса, кітапта тарихи және діни құндылықтары айтылады. Тек тарих мұғалімдері ғана емес, қабілетті әдебиет пәнінің ұстаздары да бұл тақырыпқа жақын. Олар да дайындық курсынан өтсе, сабақ бере алады. Бірақ бұл пән бойынша дін адамдары сабақ жүргізе алмайды.
– Неге?
– Өйткені бұл біздің заңымызға қайшы. Тек арнайы зайырлы жоғарғы оқу орнын бітірген, стандартты білімнің дипломы бар адамдардың ғана сабақ өтуге мүмкіндігі бар.  Дінтану негіздері пәнін өтеді деп, шіркеудің қызметкерін немесе мешіттің молдасын шақырып келуге болмайды. Бұл діни насихаттың өзі болып шығады. Ал біз оларға ешқандай кінә қоя алмаймыз. Олар келсе, міндетті түрде өзінің діни насихатын жасайды. Себебі қызметі сол. Әр діннің өкілі өз сенімін үгіттейді және өз дінін хақ дін деп санайды. «Дүниедегі ең дұрыс жол, дұрыс дін – осы» дейді. Балаларға солай уағыз айтады. Басқаларды шетке ысырады. Бірақ біз білім ретінде бәрін тең ұстаймыз. Сондықтан кез келген оқу орнында біреулер білімсіздіктен осы пәнді дін қызметкерлеріне өткіздірсе, бұл қателік болады. Мұны Білім және ғылым министрлігінің тиісті орындары қадағалап отыруы шарт. Сосын мынау қажыға барып келген екен, болмаса басқа жақта оқып келген екен деп рұқсат беруге де тыйым салған дұрыс. Егер бір діннің өкілін оқу орнына жіберсеңіз, ертең бәрі кіріп алады. Сонда не болмақ?! Тағы да айтамын, бұл пәнді арнайы дипломы бар, қосымша курстан өткен маман ғана бере алады. Қазір «мен дінді білемін» дейтіндер көп. Өз бетімен оқулық жазып жүргендер де жетеді. Олар жарамайды. Сұрыпталып, министрліктің бағдарламасын жасап, тиісті рұқсатын берген оқулықпен ғана оқу керек. Мектеп әр алуан пікірталас тудырып жататын жоғарғы оқу орны емес. Бұл жерде тек мақсатты, ақпараттық білім ғана беріледі.
– Сонда имандылық сабақтары деп кіргізсек те, дінді уағыздау бола ма?
– Имандылық сабағы деген не? Ол – мұсылманның өз ұғымы. Онда сіз мұсылманның діни қағидасын үйретесіз. Ал біз кітапта исламға қатысты құндылықтардың жүйесін бердік. Ал басқаны қайырып қойып, исламды сенім ретінде оқытсақ, ол басқа дүние болып шығады. Яғни заңға қайшы келеді. Ал имандылық сабақтың өз бағдарламасы болу қажет. Біз мектепте Абайды, Шәкәрімді оқытсақ, ол имандылық сабағы болмай ма?! Ислам құндылықтарын айтсақ, ол да – имандылық қой. Батырлар жырын, эпостарды, діни эпостарды өткеніміз – имандылық емес деп кім айтады?! Имандылықты адамшылық десек, біз оны үйретіп жатырмыз. Имандылықты сенім ретінде беру — басқа мәселе. Имандылықты «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Абай секілді адамшылық негізде үйрету, ол – имандылық. Абайдың қара сөздерінде де имандылық бар. Бірақ біз оны сенім ретінде емес, білім ретінде айтып отырмыз.
– Негізі, біз имандылықты тек діни ұғым айналасына ғана байлап қоятын секілдіміз. Ары қарай кең түсіну кемшіл соғып жүргендей?
– Жалпы, халықтық ұғымдағы имандылық, ол – адамшылық. Абай айтады «ең үлкен нәрсе – адамшылық» деп. «Адамшылықтың өзегі неде?» дегенді тағы да сол Абай Мұхаммед пайғамбардың хадисімен айтып береді. Яғни «адамға жақсылық жасаған адам – ең жақсы адам» дейді. Ол – иманды адам. Абайдың түсінігінде солай. Ал біз мектепте жақсы адам тәрбиелейміз. Адамдарға жақсылық жаса деп үйретеміз. Абайды оқытамыз, міне, дінтану негіздерін беріп отырмыз. Жақсылыққа ұмтыл, иманың болсын, адам бол дейміз. Адамшылықты айтамыз. Және мұны білім ретінде береміз. Бұл – кең ұғым. Ал енді имандылық негіздері деп тек қана дінге бұрсақ, ол теология болып кетеді. Имандылық жоқ десең, ол – атеизм. Біз осы екеуінің ортасында тұрмыз. Мен имандылықты кең ұғымда түсінемін. Мәселен, Абай мен Шәкәрім дінге қарсы шыққан жоқ. Бірақ әр нәрсенің шекті ұғымы болуы керек қой. Олар діннің кейбір жақтарымен келіспейді. Кейбір ауыл молдаларының сауатсыз екенін айтқан. Сондықтан біз Абайлар айтқан адамшылық деген үлкен ұғымды ұрпаққа дұрыс бере білуіміз тиіс. Кейінгі кездері қоғамда имандылықты тек қана мешітте отырған дін адамдары айтатындай түсінік қалыптасып қалған. Ал біз қайда қалдық сонда?! Біз адамшылықты айтпаймыз ба?! Айтамыз. Біз жақсы адам бол, білімді бол, жомарт бол десек, соның жолдарын көрсетсек, ол имандылық болмай ма?! Мәселен, Құранда «Ғылым – ғибадаттың бір түрі» делінген. Неге? Жаратушының жаратқан нәрселерін зерттейтін сала – ғылым. Демек, ғылым деген — құдайтанудың жолы. Егер дұрыс алып жүрсең, ешқашан ғылым мен дін бір-біріне зиян келтірмейді. Әрине, ғылым таным жағында, дін сенім жағында. Таным арқылы сенімге келетіндер болады. Мәселен, дінге бет бұрған Альберт Эйнштейн секілді. Ол ғылым арқылы дінге келген. Міне, ғылым арқылы дінге келсе, нағыз дін сол болады. Сондықтан қоғам зайырлы болғандықтан, сабақ беретін мұғалімнің ішкі сеніміне ешкім шек қоймайды. Мұғалімге дінтану негіздері пәнінен сабақ бергені үшін мешітке барма деп айта алмаймыз. Ол мешітке барып, намаз оқуы мүмкін. Бірақ оның зайырлы білімі бар. Мәселе сонда.
– Кейбір ата-ананың көңілінде «осы пән арқылы басқа дінді де насихаттап, балаларымыз соған еріп кетпей ме» деген қорқыныш бар шығар?
– Бала бәрібір өзге дін туралы ғаламтордан, басқа да келіп жатқан діни кітаптардан алып жатыр. Көшеден алып жатыр. Соларды оқыған дұрыс па, әлде біздің сұрыптап берген оқулығымыз бойынша білім алған дұрыс па?! Біз мына жазған оқулығымыз үшін жауаптымыз. Ал даладан алған әдебиеттің не туралы айтатынын кім біледі?  Әрине, ол оқыған адамның санасын улайтыны анық. Мәселен, жастарды біреулер басқа дінге тартты делік. Сондай жағдайда олар мұғаліміне келіп, оқулыққа қарап талқылайды. Сөйтіп, біріге отырып көзқарастарын орнықтырып алады. Әйтпегенде, олар анда-мұнда жүріп, әр неге еліктейді. Бір кино көрсе, соның әсеріне елітеді. Қазір телеарналардың насихаты күшті. Бала егер өзіне түсініксіз жайт болса, қолындағы оқулыққа қарайды, мұғалімге жүгінеді. Міне, кітап осылай оқырманға, көп адамға тиянақ таптырады. Өйткені бұл – біз, ғалымдар, біріге отырып жазған еңбек. Мен өзім хакім Абай, Шәкәрім, Жүсіп Баласағұн, Мырза Хайдар Дулати, Күлтегін, Қорқыт ата туралы жаздым. Қазақ философиясын, түркі философиясын және пәлсапа тарихын оқулық етіп жаздым. Сол жиған-терген білімдерімнің бәрі осыдан көрініс тауып отыр деуге болады. Балаға білгеніңді нақты етіп, жинақы түрде жеткізу қажет. Көп нәрсені қарап барып, оқулық жазуға келдім. Ондағы ойым – болашағымызды, ұрпағымызды жат пиғылдан сақтап қалу. Өкінішке қарай, 2003 жылдан бері арада қанша уақыт өтіп кетті. Сол кезде көтерген мәселенің қайта айналып келетінін білдім. Міне, тағы да осы жағдайға оралғанда, осы мәселеге жауапты адамдар «оқулықты сіз жазыңыз» деп өтініш жасады, мен қабыл алдым. Бүгін осыны оқыған жастар ертең билікке, байлыққа, басқа да жетістіктерге қолы жеткенде, санасында осы білімі сақталып тұрады. Ал бұл туралы бүгін оқымаса, не болмақ? Оның орнына бөтен ұғымдар ұялауы мүмкін. Сондықтан біз мұны стратегиялық бағыттағы оқулық, дінтану тұрғысында ағартушылық қызмет атқаратын кітап деп ойлаймыз.

Саралы сөз
Біздің қоғамда жастар ислам дініне екі бағытпен барып жатыр. Біріншілері білімділікпен, жүрегінің қалауымен, ата-бабасының діні екенін сезінген жақсы бағытпен баруда. Келесісі – дінге еліктеп, таяз біліммен барып жатқандар. Міне, соңғылары исламның ішіндегі белгісіз ағымдарға жем болып кетіп жатыр. Міне, «исламға терең ғылыммен келу керек» деген сөздің мәні осында. Дінтану негіздері пәні осы мәселеге ой салады. Абай айтады ғой «Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз» деп. Дінге ақыл тоқтатып, әбден білім жинап алып барса, нағыз дін де, діншіл адам да сол болады.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста