Денсаулығына сызат түскен кез келген қазақстандықтың басындағы қиындық мемлекеттік мәселелердің бір бөлшегі ретінде қаралуы тиіс
Ахмет АЛДАШЕВ, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор, академик, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Ахмет Алдашұлы, медицина ғылымының докторы, тағамтану ғылымының қас маманы ретінде, қалай ойлайсыз, қазіргі таңда біздің елдегі тамақтану мәдениетінің деңгейі қандай? Біздің менталитетті білесіз ғой, тіпті кешкі асқа ет жеп, қонаққа көп баратынымыз бар дегендей...
– Біздің елдегі тамақтану мәдениеті дегенде алдымен өзіміздің қаракөздеріміз жайлы айтқым келеді. Себебі әр ұлттың өзіндік тамақтану әдеті, салты, ерекшелігі бар. Ал қазақтың салты ерте заманғы келбетін толықтай сақтап қалды деп айта алмаймын. Неге десеңіз, бүгінде оған мүмкіншілік жоқ, тәрбие де өзгеше. Заман ағысы өзгерген сайын көп нәрсенің өзгеріске ұшырайтыны анық. Оның ішінде тамақтану мәдениеті бар. Бірақ қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы түбегейлі жойылып кетті деуден аулақпын, қазіргі заманда қазақтың тамақтану мәдениетінің атам заманнан қалған қалдықтары бар. Бола тұра, асыра сілтейтініміздің де жоқ еместігі белгілі. Кейде, керісінше, қазақтың ұлы дәстүрін ұмыт қалдырып, батыс елдеріне еліктеушілік қасиеттерінің бойды билеуіне жол береміз. Ал ол еліктеушілік қазақтың тамақтану мәдениетіне бірталай өзгеріс енгізіп, тіпті кері әсерін тигізіп жатқан жақтары баршылық. Әсіресе соңғы кездері жиі-жиі тілге тиек болып, айтылып жүрген жүрек-қан тамыр аурулары – осы ретте тікелей байланысты қоғамдық проблема. Бұрын бұл аурудың кеңінен таралуын холестериннен көретінбіз, бірақ қазір оның дұрыс еместігін түсіндік. Холестерин біздің жадымызға жатталғандай зиянды зат емес, керісінше, пайдасы көп. Тек оны дұрыс пайдаланып, зат алмасу үдерісіне қосып, ағзаға әсер ететін пайдалы әсерін реттейтін өзге де заттардың қосындысын қадағалап отыру қажет. Мысалы, осы холестериннің зат алмасу үдерісіне қатысуы үшін, пайдасын тигізуі үшін оған В тобындағы дәрумендер, әсіресе фоли қышқылы мен көп қанықпаған май қышқылын қоса пайдалану қажет екені ғылыми түрде дәлелденді. Бірақ аталған дәрумендердің қандай тағамдарда, жемістерде болатындығын білетіндер жоқтың қасы. Әрине, халықты кінәлауға болмайды. Мысалы, еліміздің шығысы мен солтүстігінде жеміс-жидектің өсуі сирек кездесетіндіктен, өсімдіктерден әзірленетін тағамдар да жиі қолданылмайды. Сәйкесінше, аталған дәрумендердің тапшылығы осы өңірдің азаматтарында көптеп кездеседі. Ал бұрынғы ата-бабаларымыз құнары жоғары ет пен дәруменге бай ұлттық сусындарымызды ішкен. Қазір, шыны керек, күнделікті қымыз, шұбат ішіп, ет жеуге баршамыздың әлеуметтік жағдайымыз мүмкіншілік бере бермейді. Атап өткен дәрумендердің ішіндегі көп қанықпаған май қышқылы теңіздің семіз балықтарында, жылқы етінде және өсімдік майында көп болады. Оны да жиі қолдануға мүмкіншілігіміз жоқ. Бірақ бұл май қышқылы ағзаға пайдалы екен деп шектен тыс пайдалана беруге де болмайды. Тамақтану мәдениеті дегенде тағы бір үлкен мәселе ойға оралады. Ол – қазіргі жастардың тәттіге құмарлығы. Бұрын тәттіні өте аз мөлшерде қолданған ата-бабаларымыздың заманында тәттінің салдарынан пайда болатын аурулар да аз болған. Қазір қант ауруы кеңінен етек жайған, соны біле тұра жастардың тәттіге деген тәбеті тыйылар емес. Тәттіні көп қолдану – қазақтың тамақтану мәдениетіне жатпайтын жат қылық. Сондықтан өскелең ұрпақты тәттіні шектен тыс қолданудан қорғайық дегім келеді.
– Сонымен, қандай деңгейде деген баға бердіңіз?
– Қазақтың тамақтану мәдениеті өте төмен деңгейде дей алмаймын. Өзге де елдерге мақтанышпен айта алатын салтымыз бар. Сондықтан қанағаттанарлық, орташа деңгейде дер едім.
– Қалай десек те, қазақстандықтардың дұрыс тамақтану мәдениетіне қатысты олқылықтары әлі де көп-ақ, отандастарымызды дұрыс тамақтануға үйрету үшін не істеу керек?
– Аталарымыз айтпақшы, қазақта «Атыңды сат, тоныңды сат, жатарыңда тойып жат» деген сөз бар ғой, соны әлі де қолданатындар бар. Себебі таңның атысынан кештің батысына дейін мал баққан аталарымыздың күндіз уақтылы тамақ ішуге қайбір мүмкіншілігі болды дейсіз... Қазір де дәл солай, күндіз күні бойы жұмыстан қолы босамайтын азаматтарымыздың уақытында дұрыс тамақтануына күнделікті кез келе бермейді. Соның салдарынан кешкі тамақты тойып ішіп алып, бірден ұйқыға кетеді. Әрине, бұл дұрыс емес. Әсіресе қариялар мен жүрек-қан тамырларының жұмысы дұрыс жұмыс істемейтін адамдарға ұйқының алдында екі жарым сағат бұрын тамақтанған дұрыс болады. Кешкілік қатты тойып алып, төсекке қисая кету – ас қорыту жүйесіне үлкен күш салып, ауруға шалдықтырады. Мұны диетология саласының мамандары ғылыми дәлелдеген. Ал, жалпы, ағзасында қандай да бір ауруы бар адамдарға тамақты аз-аздан, жиірек ішкен абзал. Астың құнарын құрайтын нәруыз, көмірсу мен май – адамға салмақ беретін ең негізгі құрамдас заттар. Олардың ғылыми тұжырымдамасы бойынша, бірдің бірге төрттің арақатынасындай болуы керек дейді. Ол дегеніміз не? Мысалы, адам ағзасы күнделікті орта есеппен 100 грамм нәруызды талап ететін болса, 100 грамм май мен 400 грамм көмірсутек тағамның құрамында болуы тиіс. Сондықтан дұрыс тамақтануға үйрену – әр адамның өз қолында. Тіпті мемлекеттік тұрғыда оның тұжырымдамаларын білім беру бағдарламаларына біртіндеп енгізсек те болады деп есептеймін.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Әлемде аурудың көбеюі дұрыс тамақтанбаудан» деген тұжырым жасаған. Осы қаншалықты рас?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Әлемде аурудың көбеюінің 60 пайызы – салауатты өмір салтын сақтамауға, әсіресе дұрыс тамақтанбауға, 15 пайызы – экологияға және 15 пайызы – генетикаға, ал қалған 10 пайызы денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін ұйымдастыруға байланысты» деген тұжырымдама жасаған. Бұл тұжырымдама дүниежүзілік тексерістердің нәтижесінде белгілі болған мәлімет болғандықтан, жалған деп айтуға келмейді. «Ас – адамның арқауы» демекші, дұрыс тамақтану адам өміріне, денсаулығына байланысты үдерістің барлығында үлкен рөл атқарады. Құдайға шүкір, қазір бұрынғы замандағыдай аштық жоқ, бірақ дұрыс тамақтана білмейтіндер бар. Сондықтан халыққа қалай дұрыс тамақтану керектігі жайында үнемі толық мәлімет беріп отыру керек. Еліміздегі бүкіл БАҚ, ақпарат көздерінің барлығы осы мәселе төңірегінде тақырыптар қозғап отырса деген тілегім бар. Кеңес өкіметінде дұрыс тамақтану жайында жақ ашуға болмайтын, ал қазір жеке-дара Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін отандастарымыздың денсаулығын сақтауға міндеттіміз. Егер дұрыс тамақтанудың жолдарын білетіндер болса, халықты құлағдар етіп, кеңестерін бере жүрсе, бүгінгідей қаптаған дерттің көзі жойылар еді. Ауруды емдегеннен гөрі аурудың алдын алған әлдеқайда тиімді. Кейбір деректерге сүйенсек, дәрі-дәрмектің қанша пайдасы болса, сонша зияны да бар екен. Сондықтан тек дені сау адамның ауруға шалдықпас үшін алдын алу үшін ғана емес, науқастарды емдеудің өзінде дұрыс тамақтануды ұйымдастыру өте үлкен маңызға ие екенін ұмытпағанымыз жөн. Әсіресе мектеп қабырғасындағы бүлдіршіндерімізді бала кезден дұрыс тамақтануға баулып, арнайы сабақтар жүргізілсе де артық етпейді.
– Мектеп демекші, қазір мектептерде тұратын автоматтардың ішіндегі заттарға жіті көңіл бөлініп, зиянды сусындар мен тәттілерді сатуға шек қойылып жатыр. Бірақ жоғары оқу орындарында, керісінше, автоматтар саны көбейіп, пайда көзіне айналған. Мектептерге жеткен күш ЖОО-ға жетпей ме? Сіздер де ықпал етесіздер ғой?
– Қазіргі таңда мектеп оқушыларын тамақтандырудың өзі толық шешілмей жатқан мәселе. Заман басқа, заң басқа демекші, қазір отбасындағы тәрбие де өзгерген ғой. Таңертең жұмысына кетерінде балаларының қалтасына ақша салып, «мектептен тамақтан» дейтін ата-ана перзентінің қалай тамақтанып жүргенінен хабарсыз. Ал, жалпы, Тағамтану академиясы «Мектептерде бала денсаулығына зиянды газдалған сулар мен тәттілерді сатуға тыйым салу керек» деген ұсынысты билікке жеткізіп, бірнеше тапсырмалар берілді. Бірақ барлық аймақта орындалды деп айтуға келмейді. Сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы жастардың дұрыс тамақтануын да қадағалау керек. Себебі соңғы кездері студенттердің арасында туберкулез дерті дендеп барады. Туберкулезді сонау 50-жылдары антибиотикпен-ақ жоямыз деуші еді, бірақ іс жүзінде олай болмай шықты, өйткені Кох таяқшалары қазір біз айтқан антибиотиктерімізге берілмейтін сипатқа ие болды. Сондықтан дәрі-дәрмекке сенбей, ауруға қарсы тұратын иммундық жүйенің қабілетін адамның өзі нығайтуы тиіс. Ал иммунитет уақтылы дұрыс тамақтанудан және құнарлы тағамдарды пайдаланудан күшейеді.
– Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан қатерлі ісік аурулары пайда болатыны рас па?
– Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан пайда болатын қатерлі ісіктер жайлы пікірлер өте көп. Бірақ ғылыми тұрғыда дәлелденіп, нақты шыққан нәтиже әлі жоқ. Дегенмен тағамның құрамына қатысты қатерлі ісіктердің пайда болуына әсер ететін фактілер баршылық. Мысалы, тағам құрамының канцерогенге айналғаны жайлы бір мысал келтірейін. Тоқ ішекте пайдалы микрофлоралар болады. Ал ол микрофлоралар өсіп-өнуі үшін оған күрделі көмірсу қажет. Көмірсу қара нанда, қарақұмықта және аз мөлшерде өсімдіктен әзірленген тағамдардың құрамында бар. Егер адам ағзасында күрделі көмірсулар болмаса, микрофлоралар жойылып кетеді. Ал оның қатерлі ісікке қандай қатысы бар десеңіз, өт бауырдан шығады, ал бауырдан шыққан өт таза болмайды, оны тазалайтын – пайдалы микрофлоралар. Егер полисахаридтер, яғни күрделі көмірсулар мен микрофлоралар адам ағзасында болмаса өттің өзі канцерогенге, яғни қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін заттектерге айналып кетеді. Ғылыми дәлелденген, статистикалық мәліметтерге сәйкес, экономикалық жағдайы жоғары, бай, дамыған елдерде ішектің қатерлі ісігі экономикасы төмен, кедей елдерге қарағанда бірнеше есеге көп. Мұның себебі тым жеңіл, өте нәзік тағамдардың өндіріске көптеп енуі болып отыр. Міне, осы сынды мысалдар жетерлік, бірақ тағамның барлығы зиянды деуден аулақпын. Алайда осындай да фактілер бар.
– Шыны керек, қазіргі пайдаланып отырған тағамдарымыздың басым бөлігі сырттан әкелінеді. Сол сырттан келген тағамдарға қандай баға бере аласыз?
– Сырттан әкелінетін тағамдардың барлығы пайдалы немесе пайдасыз, қауіпті немесе қауіпсіз деп кесіп айта алмаймыз, себебі олар әртүрлі. Бірақ соңғы кездері жиі айтылып жүрген күрделі мәселе трансгендік тағамдарға қатысты болып жүр. Трансгендік тағамдар дегеніміздің өзі – гендік бағдарлама мен гендік инженерияны қолдану арқылы өзгертілген жануарлар, өсімдіктер, микроағзалар, вирустар және тағы да басқа заттар. Біз сол жануарлардың етін және өсімдіктерді пайдаланамыз. Оның, әрине, зияны болуы да мүмкін. Мысалы, біздің елге сырттан келіп жатқан трансгенді қызанақтар. Оларды ұзақ сақтауға болады, өнімділігі көп деген сияқты қасиеттері бар дегенімізбен, адам денсаулығына тигізер кері әсері де болуы ықтимал. Тіпті ғалымдар арнайы зерттеу жүргізіп, Ресейдің кішігірім, тек Қытайдан алынатын трансгенді қызанақты пайдаланушы өңірдің тұрғындарын тексеріп, нәтижесінде, тағамдық аллергияның көптігін анықтаған. Мұндай зерттеулер өте көп, біздің Тағамтану академиямыз да бірнеше тексеріс жұмыстарын жүргізіп, химиялық зерттеулер жасап көрді, бірақ зиянды факторларды анықтай алмадық. Десек те, трансгенді тағамдардың кері әсерлері тамақтанған сәтте емес, бірнеше жылдан кейін де білінуі ықтимал. Ал, жалпы, сырттан келетін тағамдардың сапасына қатысты талас-тартыс көп болғандықтан, нақты баға беру де қиындық тудырады. Негізі, Еуропа елдері трансгенді тағамдардан түбегейлі бас тартып жатыр, тіпті елге сырттан әкеліп кіргізуге тыйым салды, ал бізде әзірге тыйым салынған жоқ.
– Қазіргі жасөспірім фастфуд атаулыға үйір. Осы жылдам әзірленетін тағамдар ағзаға қалай әсер етіп жатыр?
– Жылдам әзірленетін тағамдар трансмайлардың көмегімен әзірленеді. Ал трансмай дегеннің өзі – өсімдік майын өте жоғары температурада қайнатып, қайнап жатқан жерінде жоғары қысыммен ауа жіберіп, қоюлау үдерісінің нәтижесінде пайда болатын зат. Қою май сары майға ұқсас болуы үшін қосымша химиялық қоспалар қосып, иісін, дәмін шығарады. Ал біздің ағза мұндай қоспаларды пайдалануға үйренген бе? Әрине, жоқ. Сондықтан ағзаға үйреншікті тағам болмағаннан кейін қоспалар кері әсер етеді, мұнымен бірден қатерлі дерттер пайда болады демеймін, бірақ уақыт өте келе үлкен зиянын тигізуі әбден мүмкін.
– Кейбір мәліметтерде «Адам аптасына бірнеше мәрте ішек жолдарын тазалау үшін, тамақтан бас тартуы керек» делінеді. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Медицинада «ішектің санитары» деген ұғым бар. Ол – күрделі көмірсулар. Егер ол уақытында және қажетті дәрежеде ағзаға берілмейтін болса, ағзадағы ас қорыту мен зат алмасу үдерістері бұзылады. Ішек жолдарын тазалау үшін бірнеше күн аш құрсақ жүруге болмайды. Оның орнына дұрыс тамақтанып, ішек жолдарының қызметін нығайтар болсақ, ағзадағы ауыртпалықтар өздігінен-ақ жойылады.
– Қазақ халқының 40 пайызы артық салмақты адамдар екен. Сонымен қатар артық салмақтан арылу үшін түрлі дәрілер қолданып, зардап шегіп жатқандар бар. Дәрігерлердің айтуынша, адамның салмағы ауырлауының ең басты себебі – дұрыс тамақтанбау. Жалпы, тәбетің тартқанша тамақтанып, арықтауға бола ма?
– Семіздіктің бүгінгі таңда жиілеп келе жатқаны рас, бұл – әлемдік проблема. Әсіресе АҚШ-та артық салмақты адамдар өте көп және олардың арасында аурулардың түрі көбейгені дәлелденген. Енді біздің елде семіздердің артқаны аса қауіпті жағдай. Жалпы, семіздік экономикалық ахуалдың немесе отбасылық жағдайдың дәрежесімен байланысты емес. Мысалы, Корея мен Жапонияның экономикасы жоғары, мемлекеті бай бола тұра, артық салмақты адамдар өте аз. Ауыр салмақтылар «Осы мен май жемеймін, неліктен семіре беремін?» деп жиі айтады. Бар мәселе майда емес. Егер тәттілер мен тез сіңетін көмірсулы тағамдарды ішіп, қозғалмастан ұзақ уақыт бір орында отыратындардың ағзасында ол көмірсулар майға айналады. Сондықтан тамақты мөлшермен ішіп, сәйкесінше, дене қимылымен көбірек айналысу арқылы артық салмақтан арылуға болады. Әйтпесе семіздік жүрек-қан тамырлары мен қант ауруларына шалдықтыруы мүмкін.
– Жалпы, бір күндік тамақтанудың нормасы қандай болуы керек?
– Тамақтанудың бір күндік нормасы әркімде әртүрлі. Ол дене салмағы мен бойдың ұзындығына байланысты. Осыған қатысты мынадай формуланы келтіруге болады:
а = 20 – 25 деген.
в2
Бұл жердегі а – дене салмағы, в – бойдың ұзындығы. Екеуін бөлгенде 20 -25 аралығында шығуы керек, бұл – норма. Егер 25-тен асып кетсе дене салмағы артып кетті деген сөз, ал 30-40 – семіздік, 40-50 – семіздіктің екінші дәрежесі, 50-ден аса ауру деп есептеледі. Демек, әр адам өзінің дене салмағы мен бойының ұзындығын біліп, тексеріп, қадағалап отыруы тиіс.
– Қандай тағамдарды бірге пайдалануға болмайды?
– Бірге пайдалануға болмайтын тағамдарға қатысты да ғалымдар арасында пікір-талас көп. Әсіресе Еуропада бөлектеп тамақтандыру үрдісі жиі қолданылып келеді. Мысалы, «Нәруызы көп тамақты жеп отырып, көмірсулы өсімдік тағамдарын қоса пайдалануға болмайды» дейді ғалымдар. Себебі нәруызды тағамды жегеннен кейін асқазаннан қышқыл сөл бөлінеді, ал көмірсулы тағамдарды жегеннен кейін сілтілі сөл бөлінеді. Екеуі араласса, бір-бірін бейтараптандырып, жойып жібереді. Сондықтан батыс елдерінде бөлектеп тамақтану мықтап қолға алынып жатыр, ал біз оны ескерер емеспіз.
– «Күніне бір стакан вино ішу денсаулыққа пайдалы» деп жатады. Сол рас па? Жалпы, ішімдікке қалай қарайсыз?
– Егер шараптың сапасы жоғары, таза болса, күнделікті бір мәрте астың алдында пайдаланғанның зияны жоқ. Осыған орай бір мысал келтірейін, осыдан бірнеше жыл бұрын Голландияға іссапармен бардым. Сонда олар сүт безі қатерлі ісігін емдеудің өз тәсілдерін көрсетті. Сөйтсек, барлығын вегетариандық тәртіпке көшірген және «әр тамақтанудың алдында бір стакан қызыл, таза шарап береміз» деді. Айтуларынша, бір жылдың ішінде голландиялық дәрігерлер сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандардың барлығын емдеп алған көрінеді. Бұл тек бір ғана мысал...
– Әңгімеңізге көп рақмет, аға.
Алашқа айтар датым...
Халқымыздың денсаулығын ойлау тек денсаулық сақтау саласында жүрген азаматтардың ғана міндеті емес, ол – әрқайсымыздың парызымыз. Сол үшін де өскелең ұрпақтың, мына жастардың саламатты өмір сүріп, салауатты, сауатты азаматтар болып өсуі үшін қоғам болып, мемлекет болып, бір отбасындай қарайласқанымыз жөн. Себебі еліміздің болашағы – жастардың қолында. Денсаулығына сызат түскен кез келген қазақстандықтың басындағы қиындық мемлекеттік мәселелердің бір бөлшегі ретінде қаралуы тиіс. Қасиетті Алаш жұртшылығынан дұрыс тамақтану керектігін естен шығармауларын өтінгім келеді. Бұрынғыдай аштықтан арылу үшін ғана тамақтанудың қажеті де, мұқтаждығы да жоқ, сондықтан пайдалы, үйлесімді, дұрыс тамақтануды әркім өз қолына алса екен деймін.