Бұрын шартарапқа тарыдай шашылған қазақпыз деп өкінішпен айтар болсақ, қазір, керісінше, оны мақтанышпен айтуымыз қажет
Әбдуахаб ҚАРА, шоқайтанушы ғалым, Стамбулдағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы:
– Әбдуахаб аға, сіз Мұстафа Шоқай тұлғасын зерттеп жүрген ғалымсыз. Бүгінде біздің Мұстафа бабамызды сол қиын-қыстау күндерінде саяси пана болған француз жұрты қастерлеп, тіпті өз ниеттерімен сіздің Шоқай жайлы еңбегіңізді француз тіліне аударып басып жатыр екен. Өзіңіз зерттеген тұлғамен бір ортақ ұқсастық – сіздің де шет жұртта тұратындығыңыз. Аға, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тұсында сұхбаттасып отырмыз, ендеше, әңгімені осы ең бір қымбат құндылығымыз бен сол Тәуелсіздік жолында күресте көз жұмған Мұстафадай тұлға жайынан бастасақ.
– Ең алғаш 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік алған тұсында мен тұратын Еуропаның бірқатар ғалымдары ол жайлы қандай пікірде болғанын сіз білесіз бе? Сол тұста КСРО-дан өз еншісін алған елдер жайлы баспасөз: «Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдер – артта қалған елдер. Олардың мәдениеті төмен, олар Тәуелсіздік деген құндылықтың бағасын тіпті жете білмейді де, қарны тоқ, көйлегі көк болса, мәңгілік бодан болып жүре береді де, Тәуелсіздік деген нәрсе ойларына да келмейді» деп жарыса жазып жатты. Біздің «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген сөз Батыстың құлағына кіріп те шықпайды. «Тәуелсіздік жолында күрескен бір іс-әрекетіңді айт, көрсет, құжатпен дәлелде» дейді олар. Біздің дәлеліміз бар, ол – Мұстафа Шоқай! Демек, біз әлгіндейлерге «сонау Берлинде Мұстафа Шоқай сүйегі неге жатыр?» деп қарсы сұрақ қоюымыз керек. Шоқай Еуропаға жұмыс іздеп не болмаса ағылшын тілін үйренуге, не тағы да басқа жеке бастың мүддесі үшін барған жоқ. Ол елінің Тәуелсіздігі үшін қандай да бір іс жасауға үлкен мүмкіндік іздеді. Сол жолда біршама іс атқарды, сол жолда құрбан болды. Бұл – кімге де болса тайсалмай айта алатын, мықты дәлел. Еуропа не болмаса Батыс елдерін сіз сезіммен, әлгіндей эмоцияға құрылған поэзиямен сендіре алмайсыз, олар тек нақты құжат, нақты дерек, фактіге ғана сенетін жұрт. Олар айтпайды емес, айтады, «Сіздердің қай тұлғаларыңыз Кеңес Одағына бодан болмау үшін күресті, қайсысы жеңіске жетті, қандай жанқиярлық еңбек жасады?» дейді.
Ол орынды да. Міне, сондайда біздің жүзіміз төмен қарап, ауыз аша алмай, мойындаған сыңай танытпауымыз қажет. Осындайда Мұстафа сынды тұлғамыз болмағанда, Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш арыстары болмағанда біздің тарихымыз кәдімгідей ойсырап, кемдік көрер еді. Сондықтан да бізге осындай ұлтының еркіндігі, азаттығы үшін құрбан болған тұлғаларымызды бүгінгі таңда қалай бағаласақ та жарасады. Кешегі Желтоқсан оқиғасы да – осындай Тәуелсіздік үшін болған күрес. Алайда біз мынаны ұғуымыз керек, Мұстафа Шоқайдың күресі де, Желтоқсан оқиғасы да – қарулы күрес емес, идеялық, саяси, мәдени күрес, бұлар демократиялық талаптан шыққан өр рухты халықтың еркіндік үшін үн қатуы. Бір халыққа дұшпандық пиғылында емес, өз елі, өз жерінің Тәуелсіздігі үшін, елдің тағдырына байланысты шыққан күрес. Өз халқы адам секілді өмір сүруі үшін өр рухты халықтың осылай толқуы заңды. Міне, бүгін, шүкір, Тәуелсіз елміз. Тілімізді, ділімізді емін-еркін айтып, талқылап, кезінде солардың көрген қиянатын орнына келтіруді ешкімнен тайсақтамай айтып отырмыз. Туымызды тік көтеріп, қазақтың өз мүмкіндігін өз елінің тұрғындары, қазақ баласы көріп отыр. Бұл байлық бізде бұрыннан бар, бірақ неге кеңес кезінде бүгінгідей бай өмір сүре алмадық онда? Себебі өз байлығымыздың кілті өз қолымызда болған жоқ. Елдің егесі өзіміз болғанымыз жоқ. Бүгін біз Тәуелсіздіктің рақатын көріп отырғанымызды сезінуіміз керек, қадірін түсінуіміз керек. Бүгін қазақ баласы шетелге шығып жатса, ол, біріншіден, осы Тәуелсіздіктің арқасы. Ғылымымыз өркендеп жатса, Тәуелсіздіктің арқасы. Қазақстан, шүкір, бүгінде әлемдік аренада үлкен беделге ие. Кеше – ЕҚЫҰ-ға, бүгін Ислам конференциясы ұйымына төраға болып отырмыз. Міне, бұл – сол егемендіктің арқасы.
– Еліміздің көп жағдайда әлі де болса орыс тіліндегі ақпаратқа, Ресей ақпарат көздеріне тәуелді болуы байқалады. Бірақ ол орыс халқының кінәсінан емес қой? Өзіміздің өткенде кеткен есеміз бен бүгінгі кезде де кей жағынан мықты, бекем бола алмай отырғанымыздан, сондай-ақ жаһанданудың да салдары бар. Осы жаһанданудың бізге ырық бермей отырған тағы қандай тұсы бар? Біз жаһандануды қай жағынан түсініп, қай жағынан әлі де болса тани алмай отырмыз?
– Негізі, жаһанданудың мүмкіндіктері өте көп, бірақ ол үшін оны өте жақсы түсіне білу керек. Біз, шыны керек, көп ретте жаһандануды дұрыс түсіне алмай отырмыз. Жаһандану деген – әлемнің бір-бірімен қабысуы. Демек, біздің әлем елдерімен жан-жақты байланысқа түсуіміз керек. Алайда ең бірінші өз ішімізде ынтымақ пен бірлік керек. Егер өз елімізде, өз халқымызда тұтастық болмаса, қауіп-қатерге көзсіз ұрыну қаупі мол. Алдымен тілге тұтастық керек, яғни жаһандану үрдісінде біз ұтылмай, ұтамыз десек, жұтылмайын десек, қазақ тегіс қазақ тілін біліп, сөйлеуге тиіс. Тек Қазақстан қазақтары емес, шетел қазақтары да тегіс қазақ тілінде сөйлеуі тиіс. Бүгінде 5 миллиондай қазақ әлемнің әр елінде өмір сүріп жатыр. Солардың көбі – тілден айырылудың сәл алдында. Бұған жол бермеуіміз керек. Себебі елдегі қазақтармен қатар, сол 5 миллион қазақ қазақ тілін жақсы біліп, сөйлеп тұрғанда барып біз жаһандану үрдісінде ұтамыз, ұтылмаймыз, жұтылмаймыз. Қытайда 2 миллиондай қандасымыз бар. Олар қытай тілін өте жақсы біледі. Ал солар қазақшаны да сондай жақсы білсе, біз онда Қытайдың технологиясын меңгеріп, олардың сан саласынан хабардар болып отырар едік. Қатынас күшейеді. Емін-еркін сезінеміз өзімізді. Себебі әлемнің қай түкпірінде болсын қазақ бар. Ресейде бір миллион қазақ бар дейміз. Бірақ солардың көбі қазақша білмейді, онда олардың орыстан не айырмашылығы болғаны? Сондықтан біз қай түкпірдегі қазақ болсын, қазақша білгенде барып, мықты бола алатынымызды түсінуіміз керек те, соған көңіл бөлуіміз шарт. Тіпті әлемнің сонау бір қиырында жалғыз қазақ өмір сүретінін білсек, біз соны қазақ қылғанша асығуымыз керек. Себебі өзге елде өмір сүретін адам өз ана тілін білмесе, өз еліне бірде-бір пайда әкелмейді. Ел ішінде бүгінде тілге талап қойылып жатыр, енді сол талапты диаспора қазағына да қоюымыз шарт. Талап қойып қана қоймай, мүмкіндік туғызуымыз керек. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде диаспораны зерттейтін ғалымдар аз болып тұр. Ал диаспораны зерттеу қазір қазаққа ауадай қажет. Қытай қазағын бір бөлек, Моңғолия қазағын бөлек, Түркия қазағын бөлек, Еуропа қазағын да дәл солай өз алдына терең зерттеу қажет.
– Салыстырмалы түрде алғанда, қазір қай елдің қазағының қазақшасы жетік? Сондай-ақ қай елде қазақшаны жетілдіруге мүмкіндік бар?
– Мен айтар едім, бүгінгі таңда Моңғолия қазағының тілі өзгелерден анағұрлым жатық. Бұл, біріншіден, моңғолдар тіл, салт-дәстүр жағынан қазаққа жақын әрі қазақшаға шектеу қоймайды. Сондай-ақ Қытай қазағы да. Бірақ соңғы жылдары Қытай өз елдеріндегі өзге ұлттарға қатысты саясатын өзгертті. Қазір олардың мектептеріндегі қазақ тілі пәнін қысқартып, қытайландыру үрдісі басталып кетті. Осы тұста бізде бұған бір амал бар, біз Қытаймен дос елміз. Сол достыққа кір келтірмей, мәдени қатынастарды нығайта отырып, сол арқылы өз қандастарымызға да жол таба білуіміз шарт. Бұл – ешқандай да бір жаман пиғыл, жымысқы саясат емес, адами қатынас. Қазақстанда этникалық топтардың мектебі, ақпарат құралдары бар ғой. Ендеше, біздің де соны көрші елдерден талап етуге қақымыз бар. Еуропада қазақ тіліне қысым жоқ, бірақ ондағы қандастарымыздың саны аз болғандықтан қиындықтар болып тұр. Бір мектеп ашуға ондағылардың саны жетпейді, сынып толмайды. Сондықтан қазақша мектеп аша алмаймыз, әйтпесе Түркия да, Франция да қазақша мектеп ашуға қарсы тұрып жатқан жоқ. Бұған біз басқаша жол табуымыз керек. Мысалы, сондағы жастарға арнайы бағдарлама жасап, сол арқылы елге тартып, Тәуелсіздік күні, Наурыз сынды мейрамдарда осында алып келіп, қандастарымен қауыштыру керек. Құлақпен есту бір бөлек, көзбен көрудің жөні тым бөлек. Осы орайда биыл Түркиядағы Қазақстанның елшісі Жансейіт Түймебаев жақсы жобаны қолға алды, Түркиядағы 15 баланың Қазақстанға келіп, елін аралауына мүмкіндік туғызды. Ішінде менің өз балам да бар. Бұрын Қазақстан жайлы еститін, бірақ көзбен көрмеген соң оған елес секілді көрінетін. Биыл елден сондай бір мүмкіндік туып, өз көзімен көріп, топырағын басып, суын ішіп кетті. Қазір Қазақстан десе, ықыласы тым ерекше, тілге деген ықыласы күшті, әр сөздің мағынасын білуге ынтық.
Өкінішке қарай, Түркияда біздің буыннан туған балалардың қазақшасы жақсы деп мақтана алмаймыз, себебі мектеп жоқ, орта жоқ. Алайда біз соған қарамастан, балаларымызға әлгіндей де болса, мүмкіндік туғызуымыз керек. Жаһандану деген – осы, егер менің балам Түркияда түрік тілін жақсы білсе, одан бұрын өз тілін жақсы білсе, ертең екі елдің арасын нағыз дәнекерлейтін сол болады. Қазақстанның болашағы үшін ондай азаматтар өте қажет, себебі ол ертең түріктің технологиясын, саудасы мен іскер азаматтарын ертіп алып келеді. Инвестиция салғызады. Қазір білесіз, әлемде жұмыссыздық деген өршіп, жұмыс табу қиындап барады. Мен осы орайда көп жастарға айтамын, «сен қазақ тілін тек ұлтшылдықпен ғана үйренбе, ол ертеңгі күні жұмыс істеуің үшін де қажет, егер тіліңді білмесең, еліңе қажет азамат бола алмайсың» деп айтып отырамын. Бұрын шартарапқа тарыдай шашылған қазақпыз деп өкінішпен айтар болсақ, қазір, керісінше, оны мақтанышпен айтуымыз қажет. Неге? Себебі дүниежүзінің қай түкпірінде болсын, қазақ бар. Соның бәрін қазақтандырсақ, онда Қазақстанның аяқ алысы күшейіп, нығая түсуіне әсер етеді. Себебі әлемнің әр түкпіріндегі қазақ Қазақстандағы бауыры мен сол елдің арасындағы табиғи елші болмақ. Ол еліне жан-тәнімен қызмет ететін болады. Себебі қанша дегенмен, әр ел, әр ұлт өз еліне қаны тартады. Қазақ боп туғаннан кейін ол міндетті түрде қазағына қызмет етеді. Сондықтан бізге көп кешіктірмей арнайы диаспора министрлігін құруымыз керек. Өйткені қазақтың үштен бір бөлігі – шетелдерде, екі бөлігі – Қазақстанда. Сол себепті диаспорамен жұмыс істеу – өте бір стратегиялық маңызы жоғары мәселе. Осындай жаһандану кезеңінде бір елде қоғамдық пікір қалыптастыру деген нәрсе – өте маңызды нәрсе.
– Яғни сіздің сөзіңізден ұққаным, шетелдегі қазақтардың барлығын елге көшіріп әкелмей, оларға сол елде тұрғанда жақсы жағдай жасалса, бұл одан да гөрі тиімдірек дейсіз ғой, солай ма?
– Иә, өте дұрыс түсініп отырсыз. Бүгінде диаспора десе, тек қандастарды елге көшіріп әкелуші ұйым деп түсінеміз. Бұл – біржақты түсінік. Әрине, қазақты Қазақстанға, тарихи Отанына көшіріп әкелген жақсы, алайда барлық қазақ бірдей көшіп келе бермейді. Кейде көшпеген қазақты сатқындық жасағандай көреміз, ол – қате түсінік. Көбі «е, демек, ол қазақтың Еуропада жаны рақат, жақсы тұрмыс кешіп жатыр, сонысын қимайды-дағы» деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Оның көптеген себебі бар. Сондықтан көшпеген қазақты сол тұрып жатқан елінде сақтап қалсақ, ол одан да гөрі көбірек пайда әкелмек. Қалай? Мысалы, сіз ертең қандай да бір шаруамен Парижге не Стамбулға барсаңыз, сізді француз не түрік қарсы алғаннан гөрі, өз қазағыңыз қарсы алса, маған сеніңіз, ол өте керемет қуаныш сыйлайды. Мен, мәселен, жырақта жүрсем де, күнде «Қазақ радиосын» тыңдап, елдегі бауырлармен күнделікті хат алысып отыра аламын. Бұл – жаһанданудың пайдалы тұсы, яғни тығыз байланыс орнатуға бар жағдай бар. Әрине, елге келіп, ауасын жұтып, суын ішкенге ештеңе жетпейді. Елге әр келген сайын ұжмаққа келгендей керемет күй кешемін. Ол сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бірақ шетел қазағын шетелде сақтап қалу да өте қажет, ол саяси қауіпсіздік үшін де қажет. Шетелдегі бір қазақтың өзін жоғалтпай ұстап отырсақ, соның өзі – орасан зор пайда.
Біз санымыз аз қазақпыз дейміз ғой. Қытай бір жарым миллиард, басқа елдер жүз миллион, тағысын тағылар. Қазақтың саны, шынында, олармен салыстырғанда аз, бірақ біз сол аз да болса санымызды сапаға айналдырсақ, соның өзі бізге айтарлықтай күш сыйлары анық. Бірақ олардың, яғни шеттегі қазақтың ойы қазақ болуы керек, санасы қазақ болуы керек, мүддесі Қазақстан болуы керек, яғни еліме қайтсем пайдамды тигізем деген ойы болуы тиіс. Екінші бір мәселе, мен мұны жиі айтып жүрмін: шетел қазақтарына Қазақстанның жаны ашымасын. «Ойбай, олар жырақта жүр ғой, қарны ашып қалмасын» деп бізге Қазақстан көмектеспесін. Неге? Себебі қазақ шетелде қалса өлмейді, бірақ түріктеніп, қытайланып, орыстанып кетуі мүмкін, бірақ, әйтеуір, адам ретінде өмір сүреді. Сондықтан мәселе жанашырлықта емес, мәселе – осы Қазақстан Тәуелсіздігін қалай баянды ету керек, бәріміздің, яғни Қазақстанның да, диаспораның да ортақ мүддеміз сол болуы шарт. Міне, осы себепті де менің айтарым – егер шетел қазағы Қазақстан үкіметіне пайдалы болса, Қазақстан оған көмектессін. Жоқ, одан пайда жоқ десе, онда көмектеспей-ақ қойсын. Мен мұны неге айтып отырмын? Кейде мен естіп қаламын, халық арасына шетел қазағы келіп-кетіп жүрсе, кеңестік сарында сөйлейтіндер табылып қалады. Кеңес Одағының қазақты қазаққа қарсы қою саясаты болғанын білесіздер. Бүгінде «шетел қазағы – фашист, олар капиталист, олар байдың тұқымдары» деген көзқарас байқасаңыз, ол – сол кеңестік саясаттың сарқыншағы. Міне, солар бізге «сендер не деп келіп тұрсыңдар енді, бұрын ата-бабаларың алтынмен қашып кеткен, енді Қазақстан байыған соң келіп отырсыңдар» деген сұмдық сөзді өз басым да естіп қалғаным бар. Бұдан ауыр сөз жоқ шығар, сірә. Шетелге шығып көріңізші, шырт түкіріп, тым шалқып-тасыған қазақ жоқ. Себебі олар кеңестік саясат көрсеткендей, байлығын бермеу үшін алтынын алып қашып кеткен емес, өз тілін, өз салтын сақтау үшін, қазақ боп қалу үшін кеткен қазақтар. Сондықтан әлгіндей сөз – қазақты қазаққа қарсы қою саясатынан туған сөз. Қазақ бүгін Қазақстанға келсе, өз Отаным, атамекенім деп келеді. Әйтпесе Түркия нашар емес, Еуропа нашар емес. Қиналған қазақ болса, ол көрші Өзбекстан, Қырғызстаннан келген болуы мүмкін. Бірақ соның өзі ертең елге пайда алып келеді. Қазақтың саны өсе берсін.
Мен сізге бір әңгіме айтайын: біздің аталарымыз 1952 жылы Түркияға кетіпті. Қазақтардың сол жағдайын айтып, оларға Түркияның кеңшілік жасап, жер бергенін баспасөз құралдары хабарлап, газеттер жазғанда көптеген жергілікті халықта «өзіміз жарымай жүргенде кімді жарылқаймыз, нанымызға ортақтастырып не керегі бар?» деген наразылық ой туса керек. Соның күпіршілік болғанын бертін келе түріктер мойындап, бізден кешірім сұрағандай болды. Ал енді түрік халқы сол тұста, расында, айтарлықтай жақсы тұрмыста емес еді, Сирия секілді көрші елдерден тауар тасып, әйтеуір, әркім қолынан келгенше күнін көрген. Болмаса байға жалданып күн көрген. Екі күн тоқ, екі күн аш жатамыз дейді. Сөйтіп жүргенде қазақтар көшіп келген, сондықтан әлгіндей наразылық туған. Енді неге кешірім сұрады десек, себебі қазақтардың келуімен ол жерге береке келген. Себебі қазақ Түркияға тері кәсібін алып барған, оны көрген түріктер тері кәсібін меңгерген. Тіпті уақыт өте сол тері кәсібінің арқасында байып кеткен де түріктер табылған. Міне, көрдіңіз бе, «бір кездері біз қараңғылықпен нанымызға ортақ болады деп түсінген, қазақтар, қайта біздің нанымызға нан қостыңыздар» деді түріктің бүгінгі ұрпағы. Мен дәл осы мысалды бүгінде Қазақстандағы әлгіндей кеңестік түсінікпен әлі жүрген қандастарымызға айтар едім, яғни шетел қазағы өз еліне келгенде өздерімен бірге несібе ала келмесе, асына ортақтасатын ойы жоқ. Қазақтың жері Түркиядан үш жарым есе кең, ал қазақтың саны Түркияның бір ғана қаласы Стамбул халқымен бірдей ғана. Тіпті бес миллион қазақ бір күнде келсе де, Қазақстан аш қалмайды. Сондықтан жаһандану дәуірінде Тәуелсіз Қазақстанға әлгіндей ескі кеңестік көзқарас жараспайды. Тәуелсіз қазақ «қазағым келсін, келмесе, сол тұрған жерінде мықты болсын» деп ойласын. Ауқымды кеңістікте ойласақ, ертең Францияда тұратын қазақ сол елдің Парламентіне депутат болса, ол қазаққа қандай пайдасын тигізер еді. Соған жеткізсін Құдай. Біз биік деңгейде ойлауымыз керек. Біздің санымыз аз болса да, сапамыз мықты болуы керек. Бүкіл түркі халықтары ішінде қазаққа француз ерекше құрметпен қарайды, себебі олар үшін қазақтың жарқын үлгісі – Мұстафа Шоқай. Екіншіден, олардың да өз мүддесі бар: француз қазақтың мұнайын алғысы келеді, Қазақстанға индустриясын енгізгісі келеді, яғни өз экономикасын нығайту үшін Қазақстанмен байланысын күшейткісі келеді.
– Сонда біздің бір кездері тартқан тарихи тақсіретіміз жылдар өте өзімізге қайта пайда болып қайтып жатыр ма?
– Пайдаға айналдыра алсақ, пайда, бірақ біз әлі соны пайдаға айналдыра алмай жатырмыз. Мысалы, Түркияда екі жүзден астам оқыған жас қазақ кәсіп иесі бар, Еуропаның өзінде жүзге жуық. Оларды біздің қоғам, не Қазақстан, не сол елдер дұрыс пайдалана алмай отыр. Бар нәрсені қоғамға жүктейміз, бірақ қоғамдағы азаматтар олармен байланыс жасай алмай отыр. Сондықтан қазіргі таңда біз осы нәрсенің тетігін табуымыз керек. Міне, бүгінде «әлгіндей кәсіпкер, қалталы азаматтарды қалай тартамыз, ғылымға қалай баулимыз, Қазақстанның игілігіне қалай жұмыс істей алады?» деген сұраққа жауап іздесек, содан бір нәтиже болар еді. «Қалауын тапса, қар да жанады» деген, яғни тілін тапсақ, жолын тапсақ, әлгіндей қазақтар Отанына қызмет етуден, пайдасына жараудан қашпас еді. Себебі Отанына беру, Отанға болысу деген – ұлы мақсат. Адам баласы Отанына қызмет істесе, одан үлкен мәртебе жоқ. Мана айтқандай, диаспора министрлігін құру керек дегенде, мен осындай жақтарын да меңзеген едім. Диаспора министрлігінің билігі болуы керек. Әрине, дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы бар, бірақ оның құзыреті шектеулі. Ал арнайы министрлік құрылса, ол әлдеқайда биік деңгейде болар еді. Оның елмен тікелей байланысы, өз қаржысы, өз қадірі болады. Қазір сондай бір нәрсе болмаған соң, біз тіпті диаспораның өзін дұрыс түсініп, дұрыс зерттей алмай отырмыз. Диаспораны зерттеу кенже қалып отырғаны көп нәрсені кенже қалдырып отыр. Әр елде санаулы да болса, диаспораны зерттейтын ғалымдар бар, соларға мүмкіндік туғызу шарт. Еуропа қалай дамыды? Еуропада әр мәліметтің құнын бағалайды.
Негізі, бүгінде әлемдегі ең қымбат нәрсе – ақпарат. Осыны бағалап, ақпаратқа инвестиция салғандар бүгінде қарыштап дамып жатыр. Ал Қазақстан ақпаратқа емес, құрылыс материалына көбірек мән берді. Сөйтеді-дағы құрылысқа миллиондап қаржы құюдан тартынбайды, ал біреу зерттеу жасап, ғылыммен айналысайын десе, оған жүз доллар беруге тарыламыз. Осы менталитет бізді артқа тартып, кенже қалдырып отыр, шын мәнісінде. Бүгінгі уақыт – білгенге мәлімет кезеңі, сол үшін біз ақпаратқа, ғылымда жүрген азаматтарға көбірек мүмкіншілік жасауымыз қажет. Қазақ баласының миы америкалықтан аз емес, тек дұрыс бағыт жасалмай отыр. Қазір Қазақстанда университеттерде мықты реформалар жүргізіліп жатыр, бірақ реформаны байланыс жүйесіне де жасауымыз керек. Реформа тек тапсырма берумен шектелмейді, қазір ғалымдарға күшті тапсырмалар беріліп отыр, оларға жазған материалдары шетел баспасөз құралдарында жариялансын дейді. Бұл дұрыс, бірақ ол ғалымның айлығы төмен болса, мүмкіндігі төмен болса, онда оның мақаласы қалай шетелдің беделді басылымына шықпақ? Екіншіден, кеңестік кезеңнен қалған бюрократтық психология басым, қағазбастылық көп нәрсеге әлі де болса тұсау салып отыр. Бұларды азайту керек. Мысалы, Қазақстан шетелдегідей PhD жүйесіне енді, бірақ әлі сол баяғыдай докторлық диссертация – 200 бет, жинайтын құжаты – 500 бет. Мұндай сұмдық Еуропада әлдеқашан жойылған. Түркия мен Еуропада ондай жоқ, ғалымдардың қағаз санына емес, біліміне ден қоятын кез жетті. Ал Қазақстанда болса, ғалымдарға талапты күшті қояды, бірақ соған қоса олардың мүмкіндігін шектеп қойған. Жеке адамның мүмкіндігіне мән бермей, адамды құндылық ретінде бағаламай, ештеңе өнбейді. Сенбестік танытып, бір нәрсе үшін он жерден құжат әкел деу, біріншіден, уақытты ысырап етеді. Адамның миы деген – ерекше нәрсе, кейде бір адамның миының өзі көп нәрсені қопарып кетеді. Міне, сондай адамдарға мүмкіндік берілсе, онда Қазақстанның жолы ашық, болашағы баянды.
Алашқа айтар датым...
Қазақ өзі – тумысынан зейінді халық, өйткені жегеніміз – табиғи өнімдер. Сондықтан қазақ келешекте сапалы халық ретінде түркі елдеріне ғана емес, күллі әлемге үлгі бола алады. Жапон десе, дүниежүзі еңбекқор, технологияны жақсы меңгерген халық деп біледі. Біздің қазақ та жапоннан еш кем емес, сондықтан қазақ болашақта жапоннан асып түсуі керек. Түріктің бір ұлы ойшылы «адамға мүмкіншілік берсең, ол мемлекет жасай алады» деген. Егер адам езіліп, жаншылып отырса, ертең мемлекетті ол езіп, жаншитын болады. Сондықтан бүгінгі ең бірінші кезекте адами ресурсқа көңіл бөлінуі керек. Ең қымбат бағалы кен – адам кені екенін әрқашан есте ұстағанымыз жөн. Еуропада жастар азайып бара жатыр, шүкір, қазақта жас көп. Тек соларға мықты күш, мықты көзқарас бере білсек, сол түбі Қазақстанды алға жетелейді.