Бүгінгі күні вакцинология саласындағы ең күрделі мәселе кейбір ата-аналардың вакцинаға деген теріс көзқарасының қалыптасуы болып отыр

Бүгінгі күні вакцинология саласындағы ең күрделі мәселе кейбір ата-аналардың вакцинаға деген теріс көзқарасының қалыптасуы болып отыр

Мария ОМАРОВА, Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Қазір елімізде ғылыми орталықтар мен институттар көп болғанымен, қай­сысының немен айналысып жатқаны белгісіз. Осы орайда сіздер немен айналысып жатырсыздар?
– Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы республикада гигиеналық және эпидемиологиялық бағыттағы ғылыми-зерттеулерді біріктіретін жалғыз мекеме болып табылады. Территорияны экология бойынша дәрежелі сұрыптау; қоршаған орта факторларының халық, соның ішінде әйел­дер, балалар мен жасөспірімдер ден­сау­лығына әсерін бағалау; әскерге қабыл­дайтын комиссия үшін жасөспірімдер ден­саулығын бағалау критерийлерін негіздеу; вирусты гепатиттің, респираторлық жұқпа­лар және грипп, жұқпалы және паразитар­лық аурулардың эпидемиоло­гиялық тара­луының ерекшеліктерін зерттеу; әртүрлі иммунға тапшы жағдайларды орта­лықта өндіретін биопрепараттарды енгізу тағы басқа жұмыстармен айналысады. Ғылыми әлеуеті жоғары 11 медицина ғылы­мының докторы, 15 медицина ғылымының канди­даты, үш қоғамдық академия мүшесі бар. Иммунология және вакцинология зерт­ханасында ғалымдарымыз вакцинаның әсерін зерттеумен айналысады. Еліміздегі вакцинаға қатысты туындап отырған көп­теген сұраққа осы ғылыми орталықтың ғалым­дары жауап береді. Бүгінгі күні вакцинология саласындағы ең күрделі мәселе кейбір ата-аналардың вакцинаға деген теріс көзқарасының қалыптасуы бо­лып отыр. Қазіргі таңда біз дәл осы мәсе­лемен айналысып жатырмыз. Ата-аналарға вакцинаның тиімділігін түсіндіру үшін ел ішінде арнайы семинарлар, шеберлік-сыныптар өткізіп, халықтың егілуге қатысты дұрыс көзқарасының қалыптасуы үшін жұ­мыс істеп жатырмыз. Кеңес Одағы кезінде халық егілуге еш қарсылық көрсетпестен, аурудың алдын алу мақсатында жаппай егілетін. Мен вакцинаға қарсымын дейтін бірде-бір адам болмайтын. Бала мектептің табалдырығын аттағанда міндетті егілуге қатысты құжаттарын ала баратын. Нәти­жесінде халық жаппай егілген соң, түрлі аурулардың кең таралуына алаңдаушылық болмайтын. Бұрын тиісті орындарда «Сен вакцина ектіресің бе?» деп те сұрамайтын. Халық оны міндетті нәрсесіндей қабыл­дайтын. Осы егілгеннің арқасында қазір мен басқа елдерге сапар шеккенде кейбір аурулардың қаупі төнсе де, қорықпай бара беремін. Өйткені мен сол ауру қаупі туын­даған жағдайда алдын ала егілемін. Осы секілді еліміздегі әрбір азамат өз денсаулығы үшін вакцинаның маңызды­лығын түсінсе екен деймін. Бұл – қоғамның дамуының, халықтың қолайлы өмір сүруіне тиімді жағ­дай жасалғанының белгісі. Осы орайда мем­­лекетіміздің де жыл өткен сайын вак­цинаға бөлінетін қаржының көлемін арт­тырып, халыққа қамқорлық жасап отырға­нын да атап айта кеткім келеді. Мәселен, биылғы жылы вакцина сатып алуға мем­лекеттен 13 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ал 2011 жылы – 8 млрд, 2012 жылы 12 млрд теңге бөлінген бола­тын.
Атап айта кетерлік жайт – біз вакцинаны сатып ала салып тексермей жатып халыққа екпейміз. Вакцинаны сатып алған соң ар­найы зертханада толығымен тексеруден өтеді. Вакцина аурудың алдын алудың бір­ден-бір тәсілі деуге болады. Осыны білген соң мемлекеттер мүмкіндігінше вакцинадан қаржы аямауға тырысады. Әйтпесе мил­лиондаған бала өспей жатып, ағзасы түрлі ауруларға төтеп бере алмай дүниеден өтер еді. Мысалы, Қазақстанның ұлттық егу кес­тесінде соңғы бес жылдан бері Hib инфек­цияларға қарсы вакциналар енгізілген. Бұл ауру жыл сайын әлем бойынша егілмеген мыңдаған нәрестенің өмірін қиып отыр. Және бұл сырқатты жұқтырған балалардың арасында мүгедек болып қалған жағдайлар да жетіп-артылады. Мемлекеттік бағдар­ламаны іске асыру мақсатында 2010 жылғы 1 желтоқсаннан бастап балаларды пнев­мо­кокк инфекциясына қарсы кезең-кезең­мен вакциналау басталды. Қазіргі уақытта им­мун­дау республиканың жеті өңірінде: Шы­ғыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Оң­түстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүргізіледі. 2012 жылы бір жастағы 264811 бала қамтылды. 2015 жылға қарай бала­ларды пневмококк инфекциясына қар­сы вакцинациялау жалпы республика бойынша жүргізілетін болады. Мысалы, 2012 жылы ДДҰ Қазақстанның «Полиомиелиттен ер­кін ел» сертификатын растады және «Безгек ауруынан еркін ел» сертификатын берді, қызылша мен қызамық элиминациясының ұлттық бағдарламасын іске асыру ТМД-да және Еуропа елдерінде қызамықпен және қызылшамен сырқаттанушылықтың тез көтерілуіне қарамастан, сырқаттану­шы­лықтың өршуіне жол бермеуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта иммундаудың арқа­сында вакцинамен басқарылатын инфек­циялармен сырқаттанушылықтың деңгейін одан әрі төмендетуге қол жеткізілді, қыза­мық­пен сырқаттанушылық – 3,4 есеге, қы­зылшамен – 2,3 есеге, вирустық гепатитпен – 29,5%-ға, көкжөтелмен 35,8%-ға қыс­қарды, ал полиомиелиттің, дифтерияның жағдайлары тіркелген жоқ.
Мен өз басым ауылдарды іссапармен аралаған кезде халықтың мүмкіндігінше вакцинаны дұрыс түсінуі үшін лекциялар оқуға тырысамын. Біз дәл бүгінгі күнге дейін вакцинаның арқасында көп ауруды жой­дық.
– Мәселен, АҚШ-та вакцина егіл­меген оқушы мектепке кіргізілмейді екен. Өйткені олардың өздері егіл­мегенімен қоймай, басқа балалардың денсаулығына қауіп төндіруіне алаң­даған мамандар осындай шешімге келген. Бізде де осындай міндеттеу шараларын жүргізсек қайтеді?
– Әрине, бізді де осындай қадамдар ойландырады. Дегенмен алдағы уақытта тиісті орындарға осындай өтінішпен шығу туралы ойымыз бар.
– Сіздің бастамаңызбен республика бойынша тұңғыш рет балалар және жасөспірімдер гигиенасы зертханасы осы ғылыми орталықта ашылыпты. Бұл зертхананың негізгі мақсаты қандай?
– Бала – біздің болашағымыз. Сон­дықтан олардың жетілуі, тәрбиеленуі, дұрыс қалыптасуы – барлығы қадағалауда болуы тиіс. Бала жаны өте нәзік. Айналада болып жатқан әрбір нәрсе оның жан дүниесіне тікелей әсер етеді. Мәселен, дүйсенбі – балалар түгіл, үлкендер үшін де ауыр күн. Сондықтан дүйсенбі күні сабақ кестесіне жеңіл, оңай сабақтар енгізіп, баланың жаңа аптадағы сабақ кестесіне оңай үйренісуін қамтамасыз етуіміз керек. Сондай-ақ қазір ата-аналар баланы түрлі үйірмелерге, қосымша сабақтарға беріп, оның ағзасына ауырлық түсіреді. Шахматқа, суретке, түрлі тілдерге, спорттық үйірмелерге береді. Нәтижесінде бала жоғары сыныптарға келген соң сабақ оқығысы келмей қалады. Сондай-ақ баланың күнұзаққа теледидарға, компьютерге, ұялы телефонға әуес болуы баланың психологиясына зақым келтіреді. Ұялы телефон әрқашан адамнан 1,5 метр қашықтықта болуы тиісті және оны күніне 15-ақ минут қолдануға болады. Ал теледи­дарды көп дегенде күніне 1 сағат қана көруі тиіс. Бірақ бүгінгі күні бұл қағидалардың ешқайсысы сақталып отырған жоқ.
Тіпті балалар отыратын парталардың да өзіндік қағидасы бар. Балалар көбінесе партаға қалай болса солай отырады. Ал бұл бала тұлғасының дұрыс қалыптаспауына әкеліп соғады. Негізі, баланың отыратын орындығы үстел астына сәл кіріп тұруы тиіс (3-5 см). Орындықтың биіктігі үстелдің астынан бір шынтақтың көлеміндей (+ 5-6 см) төменде болуы керек. Ал орындықтың арқалығы баланың жауырынына тақалып тұруы тиіс. Бала гигиенасына қатысты тағы бір мәселе – олардың дұрыс тамақтануы. Кейінгі жылдары біз шетелдің тағамдарын көп тұтынатын болдық. Бұл дұрыс емес. Балаларға жергілікті тамақтарды көп беру керек, қуырған тамақты мүлдем бермей және үш сағат сайын құнарлы тамақтануын қадағалау қажет. Біз бүгінгі таңда осы секілді мәселелерді зерттеп қана қоймай, оның мектептерде орындалуына нұсқау береміз. Оған қоса біздің қызметкерлер мектептерде дәрістер және әртүрлі тақырыпқа семинар­лар өткізеді.
– Негізгі мамандығыңыз педиатр екен. Осы орайда еліміздегі балалардың денсаулығына қандай баға берер едіңіз?
– Соңғы кездері елімізде ана өлімінің көрсеткіші 22,4%-ға төмендеді. Дегенмен салыстырмалы түрде алғанда балалар денсаулығына қатысты ақсап жатқан да сұрақтар бар. Мәселен, еліміздегі барлық мектеп арнайы стоматологиялық ка­бинет­термен жабдықталса, мектепке жақын жерлерде бала ағзасына зиянды әсерін тигізетін фаст фуд, газды сусындар сатыл­мауын тиісті орындар қадағаласа дұрыс болар еді.
– Жақында теледидардан вакци­надан кейін денсаулығына ақау келген баланы көрсетті. Мұндай нәрселердің өзі халықтың вакцинаға деген теріс көзқарасының қалыптасуына түрткі болары сөзсіз. Осы жағдайға қатысты қандай түсініктеме берер едіңіз?
– Вакцинация тұрғындар арасында инфекциялық сырқаттанушылықты азайту жөніндегі ең тиімді және экономикалық тиімді профилактикалық іс-шаралардың бірі болып отыр. Вакцина – бактерия мен вирустардан алынып, жұқпалы аурудың алдын алу үшін, ағзаның иммун­дық қасиетін арттыру үшін егілетін пре­параттар. Дегенмен кей жағдайларда вакцина егілгеннен кейін ағзаның жауабы әртүрлі болады. Өйткені әр баланың ағзасы әртүрлі. Сондықтан вакцина егілер алдында бала ағзасы жан-жақты тексерілуі керек. Егер баланың тамағы суықтап немесе тағы бір жері сырқаттанып тұрған болса, вакцина оның ағзасына кері әсер етуі мүмкін. Сон­дықтан алдын ала бала денсаулығы толық­тай тексерілуі тиіс. Мемлекетімізде Дүние­жүзі­лік денсаулық сақтау ұйымының сер­ти­фикациясы болуына қарамастан, Қазақстанда енгізу және тіркеу барысында вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігі қо­сымша тексеріледі. Қазақстанда бұл тек­серу уникалды және халықаралық стандарттарға сай келетін Республикалық иммуно­био­логиялық зертханада жүргізіледі. Содан соң ғана қолданысқа жіберіледі. Вакцина сақ­талатын тоңазытқыштарды да жыл сайын ауыстырамыз. Олардың ауылдық жер­лерге де талапқа сай жеткізілуі қамтамасыз етілген. Сондықтан вакцина ұлт қауіпсіздігі үшін қолданылып отырған­дықтан, кері­сінше, біздің вакцинадан бас тартқанымыз қауіпті болмақ
– Қазақ тілінің жанашыры деген атақтың иегері ретінде сіз жұмыс істейтін мекемеде қазақ тілінің мәселесі шешілген деп айта аласыз ба?
– Мен орыс мектебін күміс медальға бітірдім. АММИ-де оқыған кезімде Ленин стипендиаты болдым, аспирантураны Белоруссияда физиология институтында өткіздім. Бірақ кейінгі жылдары қазақ тіліне ден қойып, оңай игеріп алдым. Тіпті Қа­зақстанда ең алғаш рет докторлық дис­сертацияны қазақ тілінде қорғадым. Ана тілін меңгермеген қызметкерлердің бар­лығы бүгінгі күні ана тілін білмеуін Кеңес Одағы кезінде орыс тілінде білім алуымен түсіндіреді. Бірақ бұл – қазақ тілін білмеген адамның сылтауы. Ынтасы бар адамдар қай уақытта да тілді оңай меңгереді. Бірде білімімді жетілдіру курсында Ленинградтың педиатрия институтында оқып жүргенімде дәріс жазып отырып қалып қойдым. Жан-жағыма қарасам, бәрі өз тілдерінде жазып отыр. Алдымда латыш – өз тілінде, жанымда грузин, топ басшысы, отырған, ол да өз тілінде шимайлап отыр. Тек қана менімен белорус ұлтының өкілі ғана орыс тілінде жазып отыр. Сосын сабақтан шыға сала докторлық диссертациямды қайтсем де қазақ тілінде қорғаймын деген ойға келдім. Ол кезде еліміз әлі Тәуелсіздікке қол жеткіз­беген кез еді. Қасымдағы белорус досым сол кезде «саған кім қазақ тілінде қорғатады дейсің» деді. Дәл сол кездерде қазақ тілінің мәселесі Жоғарғы Кеңесте көп талқыланып жатқан кезең еді. Сонымен қолыма әліппе алып, қазақ тілін үйрене бастадым. Маған ең қиын болғаны ойымды жеткізіп сөйлеу еді. Күніне бір өлең жат­тайтын едім. Қазақ композиторларының әнін жаттап айта­тынмын. Өйткені қазақ ті­лін­де ән шырқасаң, тілің тез қалыптасады. Үш жыл күні-түні қазақ тілін оқыдым. Рек­торға барып, қазақ тілінде сабақ беруге сұрандым. Сөйтіп, үш жыл дегенде тілді толықтай игеріп, 1994 жылы докторлық диссер­та­циямды қазақ тілінде қорғадым. Басқалар тек қорғап жатқан тақырыбымен айналысса, мен ана тілімді игеруге де қатар дайындалдым. Яғни жүрегінің түбінде ынтасы бар адамдар үшін тілді меңгерудің еш қиындығы жоқ дер едім. Қазір басқарып отырған ұжымыма да осыны айтып оты­рамын. Ғылыми орта­лықтағы іс қағаздары да толықтай қазақ тіліне көшті. Ұжым болып айына бір рет М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық драма театрына барып, қазақша қойылымдар көреміз. Кезін­де мен Ден­саулық сақтау ми­нистр­лігінде қызмет істеген кезімде барлық жиын­ды қазақ тілінде өткізетінмін. Менің көзімнің жеткені – қазақ тілі өте шұрайлы. Кез келген сөзді иін қандырып қазақша айтуға болғанымен, орыс тіліне аударғанда сол құнарынан айырылып қалады. Өйткені қазақ тілінің сөздік қоры өте бай. Мен айтар едім, қазақ тілін білмейтін адам көп нәрседен қағылады, сөздің мәнін жете түсіне алмайды. Енді қазір екі жылдан бері неміс тілін оқып үйреніп жатырмын. Гетенің шығармаларын түп­нұсқасында оқығым келеді. Осы секілді адамда ынта болса кез келген тілді игеруге болады деп ойлаймын.
– Бір кездері Денсаулық сақтау министрлігінде басшылық қызметтерде болдыңыз. Осы саланың қазанында қайнаған маман ретінде еліміздегі медицина саласына болып жатқан өзгерістерге көзқарасыңыз қандай?
– Бүгінде салада үлкен өзгерістер болып жатыр. Ағымдағы жылы, алдыңғы кон­цепцияның жалғасы болатын, 2011-2015 жылдарға бағытталған Медициналық және фармацевтикалық білімді дамытудың жаңа концепциясы ДСМ бұйрығымен бекітіліп, жүзеге асырыла бастады. Шетелдерде және өз елімізде, шетел мамандарын тартумен, жоғары білім алған қоғамдық денсаулық сақтау мамандарын, денсаулық сақтау ме­неджерлерін және мейірбикелерді дайын­дау бойынша белсенді жұмыс басталды. Мысалы, мамандарды даярлау мақсатында 2012 жылы республикалық бюджет шең­берінде отандық білім беру және ғылым ұйым­дарында 19 946-дан астам қазақ­стан­дық денсаулық сақтау саласының маман­дары оқытылып, Германияның, Литваның, Латвияның, Ресейдің, Белоруссияның, Из­раильдің, Жапонияның, Чехияның, Син­гапурдың және Миланның жетекші шетелдік клиникаларына 292 қазақстандық маман бағытталды. Республиканың жетекші ғы­лыми және білім беру ұйымдарында ше­телден жетекші мамандарды тарту арқылы медициналық негізгі басым ба­ғыттар бойынша оқу шеберлік-сыныптары өт­кізіл­ді, мыңнан астам қазақстандық маман оқытылды. Ғалымдар баяндама­лармен конферен­цияларға шығуға мүм­кіндік алды. 2008-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының ме­дициналық ғылымын реформалау кон­цепциясы жүзеге асы­рылды. Ғылыми-зерттеулер менед­жменті, дәлелді ме­дицина, биос­татистика бойынша құрылымдық бөлім­шелерден тұратын, 2012 жылға жасалған меди­циналық ғы­лыми ұйымдар мен жо­ғары оқу орын­дары­ның типтік құры­лымы, менің көзқарасым бойынша, дәлелді медицина принциптерін енгізу аясындағы пәрменді құрал болып табылады. Соңғы жылдары медицина саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келе жатыр. 2012 жылы біздің саламызға 738,7 млрд-тан астам теңге бөлінді, бұл 2011 жыл­дағы­дан 17%-ға артық және болжамды мәліметтер бойын­­ша ЖІӨ-нің 2,4%-ын құрады. Медициналық құрал-жабдық­тарымыз жаңарып, заманауи емханалар мен ауруханаларымыз да көбейіп келе жатыр. Мен денсаулық сақтау саласында басшылық қызметте жүргенімде 40-45 млрд теңге аударылса, қазір бұл қаржы көлемі триллионға жетті. 1999-2000 жылдары елімізде дәрі табу мүмкін емес еді. Аурханаларда айлап айлық бер­мейтін. Қазір ақшаң болса, дәрі табылады. Қажетті қаржы денсаулық сақтау саласына да уақы­тымен аударылып жатыр. Маман­дарымыз да жиі білім жетілдіру институт­тарында оқып, шетелдерде тәжірибеден өтіп жатыр. Осының барлығы саламыздың келешекте сапалық дамуына мүмкіндік береді деп ойлаймын.
– Бірнеше күннен соң сіздердің бастамаларыңызбен ұйым­дастыры­латын халықаралық ғылыми-прктика­лық конференцияның басты мақсаты не?
– «Вакциналар және иммунопро­фи­лак­тиканың тиімділігі» деген тақырыпта халық­аралық ғылыми-практикалық кон­ференция ұйымдастырып отырмыз. Басты мақсаты халыққа вакцинаның тиімділігін түсіндіру болып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Мені болашағымыз саналатын балалар мәселесі жиі толғантады. Еліміздегі барлық баланың денсаулығы талапқа сай болып, барлық бала мемлекеттің қамқорлығын сезініп өссе деймін. Сондықтан ең алдымен өмірге сау бала келуін, олардың дұрыс тамақтанып, барлығы бірдей балабақшамен қамтылып, талапқа сай білім алып, мемлекеттің жарқын болашағын құрысатын білікті мамандар болып шықса деп тілеймін. Физикалық тұрғыдан балалардың дұрыс өсіп-жетілуі назардан тыс қалмауы қажет. Бүгінгі балаларымызға қарап ертеңгі күні мемлекеттің қалай қалыптасатынын болжау қиын емес. Біз осыған мән беруіміз керек.

Маманнан кеңес
Кез келген адам салауаттылықты алдымен өзінен бастауы тиіс. Мәселен, мен күнде ауырсам да, көңіл күйім төмен болса да, қар жауып, жауын-шашын болып тұрса да, күніне 5 шақырым жаяу жүруді әдетке айнал­дырғанмын. Үйге жақын жердегі саябақты жаяу жүріп шығамын. Арнайы жағдай талап етпейтін бұл жаяу жүрістің пайдасы өте зор. Ең болмаса осындай қарапайым қағидаларды әрбір адам ұстанып отырса, жеңіл-желпі ауруларға төтеп беріп, денсаулығын нығайтар еді. Салауатты өмір салтын ұстанудың арқасында мен 20 жылдан бері бір салмақта жүрмін. Қазір осы қағиданы өзімнің қызметкерлеріме де сіңіру үстіндемін. Күн сайын жұмыста қызметкерлеріммен бірге дене шынықтыру жаттығуларын жасаймыз. Мен бүкіл халық салауатты өмір салтын ұстанып, әрбір мекемеде ұжым болып, осы қағиданы ұстанса деймін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста