Ахметқал МЕДЕУ, Білім және ғылым министрлігі «Парасат» ғылыми-технологиялық холдингі География институтының директоры, география ғылымының докторы, профессор:
Енді ғылыми мәселелерді шенеуніктер емес, ғылыми кеңес шешеді
– Ахметқал Рахметоллаұлы, 16 сәуір «Ғылым күні» екені белгілі, осыған орай география ғылымында қандай жетістіктер бар? Биылғы жылдың 18 ақпанында қабылданған ҚР «Ғылым туралы» Заң жөніндегі ойыңызды білсек және осы заң сіздерге қандай көмек, мүмкіндіктер беріп отыр?
– Жаңа ғасыр басында бірнеше алпауыт мемлекеттердің басқосуымен «Мыңжылдық бағдарлама» қабылданған болатын. Осы бағдарламаның жетінші тарауында әлемдегі ең өзекті, күрделі деген проблемалар, оларды шешу жолдары көрсетілген, оның ішінде география ғылымына кіретін гидросфера, атмосфера, жер бедері және т.б салаларындағы негізгі мәселелер қарастырылған. Осы мәселелермен География институты да айналысады. Қазіргі кезде институттың жасаған ғылыми нәтижелері дүниежүзі деңгейінде бағаланады және олар біздің қоғамымызға керек. Сондықтан да География институтының болашағы зор деп ойлаймын.
Енді ғылым туралы заңға тоқталатын болсақ, ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін осы «Ғылым туралы» Заң жақсы көмектеседі. Бақытжан Тұрсынұлы айтқандай «Ғылым туралы» Заң осындай сапалы түрде бірінші рет қабылданып тұр, осыған дейін жоқ болған. Бұл заң ғылымды дамытады. Өйткені барлық ғалымдардың көкейінде жүрген мәселелерді жүйе түрінде қарастырған. Бұл заңда ғылымды басқару нақты жазылған және де басқару механизмдері жақсы көрсетілген. Енді ғылыми инновациялық мәселелерді шенеуніктер емес, үлкен ғалымдар топтасқан ғылыми кеңес шешеді. Менің ойымша, бұл заңда көптеген мәселелер қарастырылған, әсіресе, ғылымды қаржыландыру мәселесіне үлкен көңіл бөлінген. Сондықтан биылғы жылы «Ғылым күнін» жақсылап атап өте аламыз. Себебі «Ғылым туралы» заң қабылданды. Онда ғылыми концепциялар жақсы қарастырылған. Осы орайда барлық Қазақстан ғалымдарын «Ғылым күнімен» құттықтаймын.
Балқаш Аралдың кебін киеді
– Ахметқал аға, қазіргі таңда су ресурстары мәселесі ғаламдық сипатқа енген маңызды факторлардың бірі болып отыр. Біраз жыл бұрын, елімізде су ресурстары жылына 125-тен 100 текше шақырымға дейін азайып кетпек деген пікір айтқан едіңіз. Су ресурстары ел экономикасының жүйелі, тұрақты дамуының кепілі десек, бұл проблеманы шешудің нақты жолдары қарастырылып жатыр ма?
– Су ресурстарына қатысты тақырып, бұл біз үшін өте маңызды. Өйткені бізде жауын аз жауады, ариитті климат, үлкен өзендеріміздің дені бастауын шет мемлекеттерден алады. Еуразиялық континенттің қақ ортасында орналасқандықтан жылы және суық ауа ағыстары тез өзгеріп тұрады, құрғақшылық көп, шөлейттену артып барады. Сондықтан да бізде суға деген тапшылық жоғары. Әзірге бір ғана Шығыс Қазақстандағы Ертіс бассейні өз деңгейінде, суы жеткілікті, ал қалған су бассейндерінде су жетіспейді. Негізінде, сегіз су шаруашылығы бассейндері бар. Жетеуі бастауын шеттен алады. Трансшекаралық өзендер. Тек Нұра өзені ғана өзімізден ағады.
Енді мына қызықты қараңыз, 1965 жылы Ленинградтағы мемлекеттік гидрологиялық институттың жүргізген зерттеулері бойынша біздің елімізде су қоры 126 мың текше шақырым болған екен. Ал қазір еліміздегі су қорының көлемі 100,5 мың текше шақырым ғана. Ел экономикасы еңсе тіктеп, түрлі зауыт-фабрикалар, өндіріс орындары ашылып, егістік алқаптарының ауқымы кеңейген тұста біздің суды пайдалану көрсеткішіміз де өсе түсті. Сосын шеттен келетін өзендердегі су мөлшері азайып барады. Өйткені олардың да әлеуеті өскен сайын суға деген тапшылығы артып келеді. Бір ғана Іле өзенін алып қарайық. Сарапшылардың кейбір мәліметтері бойынша, шекарамызға таяу тұрған Құлжа қаласында 1960 жылдары 400-500 мың адам тұрған болса, қазіргі таңда ол аймақтың тұрғындары төрт миллионнан асты. Іле содан тартылып барады. Енді олар мұнымен қоймай, Іленің бастау алатын негізгі сағасын ішкі Шыңжаңға туннель арқылы бұрғалы жатқан көрінеді. Ал бұл жағдайда біздің Балқашымыз Аралдың кебін киері анық. Біз бұл жағдайды ескеріп, қауіптілік төтенше сценарийін жасадық. Іледен су тартылғанда Балқаш көлі төрт бөлікке бөлінеді.
– Шындығында, мұны естудің өзі ауыр екен. Өйткені Балқаш көлі біз үшін қастерлі ғой. Ал енді бұл мәселені шешуге сіздер қандай үлгі, нұсқа ұсынасыздар? Қандай да бір шара қолданып жатырсыздар ма?
– Қазір біз тікелей Елбасының тапсырысымен, Үкімет басшысы және біздің министрліктің қолдауымен үлкен жоба жасап жатырмыз. Сол жобаның негізінде біз әуелі Қазақстанда қанша су қоры бар, бұл сулардың 2020-2030 жылдарға дейін көлемі қандай болады деген сауалдар төңірегінде зерттеу, мониторинг жасап жатырмыз. Екіншіден, осы суларды 2020-2030 жылдарға дейін қалай пайдаланамыз, аймақтық агроиндустрияның мүмкіншілігін ескере отырып, болжам жасаудамыз. Сосын еліміздің қай аймағында су мәселесі бар, ол жерлерге қалай су жеткіземіз, соның жолдарын қарастырудамыз. Осындай су ресурстарына қатысты негізгі, түйткілді мәселелердің стратегиялық жоспарын әзірлеу үстіндеміз. Осыған дейін бұл мәселенің нақты тәжірибелік тұсы аздау болса, енді біз қолданбалы жағына баса назар аударып отырмыз.
Ал енді, елдегі су ресурстарының тапшылығын жоюды дұрыс жолға қою мәселесіне келетін болсақ, бұл тұрғыда әлем халқы қолданып отырған 3-4 әдіс бар. Бұлар – жерасты суларын пайдалану, сырттан су каналдарын тарту, тұзынан ажыратып теңіз, көл суларын кәдеге асыру.
– Қазір әлем жұрты ауызсу тапшылығын тартудың аз-ақ алдында тұр. Бұл тұрғыда жан-жақты амал-әдістер қарастырылып, әр ел өздеріндегі су қорын, мөлшерін анықтауға кіріскен. Сіздер еліміздегі жерасты суларының мөлшер-көлемін есептейсіздер ме, мониторинг жүргізіле ме?
– Жерасты сулары жұмысын анықтайтын арнайы комитет бар. Солардың экспедициялары мониторинг жүргізеді. Сол комитеттің жүргізген мониторинг мәліметтері бізде бар, жерасты суын зерттейтін мамандар оны сараптап, баға беріп және де қалай пайдалануға болатындығы туралы жұмыс жасауда. Соңғы мәліметтер бойынша біздегі жерасты суларының көлемі 16,5 мың текше шақырым. Біз оның 7 пайызын ғана пайдаланамыз. Негізінде, жерасты суларының шоғырлануы, қайнар көздері біздің Ұлттық атласта белгіленген. Бірақ та жерасты суларын жер бетіне шығару бұл қыруар қаржыны талап етеді. Алайда болашақта әлем жұрты осы жерасты суларын толық пайдалануға көшеді. Ал біз жерасты суларын тиімді қолдануымыз керек. Өйткені бұл біздің стратегиялық қорымыз деп есептеуіміз керек. Сол себепті де мүмкіндігінше жерасты суларының көлемін ұлғайта түскеніңіз жөн.
Қазір бұл әдісті Өзбекстан қолданып жатыр. Қиын түгі де жоқ. Көктем мезгілі кезінде қар ерігеннен және нөсер жауын-шашыннан пайда болатын артық суларды жерастына сіңдіретін әдістер қолдану керек. Егер де су тапшылығы пайда болған жағдайда, сол суды қолдануымыз керек. Мұндай әдісті «магазинирование» дейді. Осы әдісті бізде көбінесе Орталық Қазақстанда және басқа да ыңғайлы орындарда қолдану керек. Қазір бұл тәжірибені көптеген елдер қолданысқа енгізген.
Цунамидің де бетін қайтаруға болады
– Ахметқал аға, бүгінде табиғи апаттар өте жиі орын алып жатыр. Жапон еліндегі күні кеше болған қайғылы апаттан соң біздің табиғи қауіп-қатерлерден қорғану иммунитетіміз қаншалықты деген сауалдың қылаң бергені аян.
– Рас, қазір жер бетінде түрлі апаттар орын алып жатыр. Олардың бірнеше себебі бар. Табиғи, геологиялық, техногендік сипаттағы. Осылардың ең қауіптісі – табиғи апаттар. Өйткені табиғи апаттар қайталанбалы, сабақтас болып келеді. Әуелі жер сілкінеді, артынан цунами болады. Я болмаса жауын-шашын көбейіп, күн дереу ысып кетеді, артынша су басады дегендей. Алматыда 1887 жылы болған жер сілкінісі кезінде таулар құлап, беткейлер ағып түскен. Біздегі топырақтар сырғымалы, бос. Қазір қарасаңыз, беткейдің бәрі жыра боп кеткен. Ақсай өзенінің басында Ақжар жырасы бар. Негізі онда Жасыл көл деген айдын болған. Сол көлді жырып кеткен. Одан кейін 1911 жылдары болған жер сілкінісі де үлкен шығынға ұшыратты. Осыған қарап, біз Алматыны және де басқа қауіпті орындарда тұрған қала, ауылдарды үнемі бақылауда ұстамасақ, кез келген уақытта табиғи апаттың орын алуы мүмкін екенін аңғарамыз. Сонымен қатар Алматының маңында жер сілкінісі ошақтары бар екенін де жақсы білесіз.
Өзіңіз айтып отырған Жапон елі – технологиясы дамыған, әлемдегі озық тұрған мемлекеттердің бірі. Оларда дәл осындай цунами 120 жыл бұрын болған. Әуелі жер сілкінді. Бірақ жер сілкінісінен үйлер қираған жоқ, адам шығыны болған жоқ. Тек цунамиден олар зардап шекті. Қаншама адамы өліп кетті. Бұл – екінші үрдіс. Жалғаспалы табиғи апат. Жуырда болған екінші апат та дәл осы сценарийде өтті. Тек бұған техногендік төтенше оқиға үшінші үрдіс болып қосылды. Негізінде, жапондар бұл қайғылы апатқа дайындалмады, өйткені олар оның осындай күшпен болатынын білмеді. 120 жыл бұрын болған оқиғадан сабақ алу керек еді. Олар ғылымға, дүнияуи құндылықтарға көп көңіл бөліп, өздерінің апатты ортада тұрғандарын естен шығарып алды. Әйтпесе, жер сілкінісінің алдын ала алмаса да, цунамидің күшін жойып жіберуге мүмкіндіктері бар еді. Жойқын күшпен келе жатқан толқынды бөліп, тармақ-тармақ етіп таратып жіберуге болады. Өкінішке қарай, олар назар аудармады, ақыр соңы осындай үлкен ғаламдық апатқа соқтырды.
Ал енді өзімізге оралайық, біз де қазір табиғи апаттардың алдын алу шараларын, үрдіс орын алып жатқан сәтте қандай әрекет жасауымыз керек, апат соңында қандай іс-шаралар қолдануымыз керек деген сауалдарды қарастырып, негізгі концепцияларын жасау үстіндеміз. Нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізудеміз.
– Өзіңіз айтып отырған осы концепцияның жұмысына кеңірек тоқтала кетіңізші.
– Ең әуелі, ақпарат жинау. Өткенді сараламай, зерттемей ертеңіңді болжай алмайсың. Екінші, ақпараттарға қазіргі жағдайда сараптама жасау, баға беру. Үшінші, орын алуы ықтимал апаттарды аудандастыру. Апат орын алған жерде, былайша айтқанда эпицентрде қандай шара қолдану керек, апаттың зардабын сезінген аймақтарда не істеуіміз керек деген әрекеттер төңірегінде шешім қабылдау.
Қазақстан мұхитпен шектесетін ел болмағандықтан, үлкен цунами қаупі жоқ, бірақ Каспий теңізінде жер сілкінісінен болатын цунамилер болуы мүмкін. Біздің атқаратындарымыз: платина салу, толқын қиғыш (өзен-көлдердің маңына), селге, қар көшкініне бөгет қою жұмыстары. Мысалы, Медеу бөгетін салдық. Бұл бөгет 1973 жылы болған селден екі жарым есе артық селді тоқтата алады. Бұл – бір.
Екінші, қазір жапон жұртына қарасаңыз ешқандай ажиотаж жоқ, есі шығып, бақырып жатқан және ешкімді көрмейсіз. Әркім өз ісімен айналысып жатыр. Қиналып жүрсе де білдірмейді. Апаттың алдын алу барысында сабырлы болу керектігін олардың санасына әбден сіңірген, психологиялық түрде дайын. Халықты үрейлендірмеу керек, қандай да бір апатты жағдайда жедел шешім қабылдай алуға тәрбиелеу маңызды. Бұл да – көңіл аударуды қажетсінетін үлкен мәселе.
Үшіншіден, зардап көлемін назарда ұстау. Жапондар 160 миллиард доллар шығынға батты. Әрине, олардың экономикасы дамыған, бәлкім аса қинала қоймас. Ұлттық табыстың 7 пайызы. Бір қызығы, енді осы апаттан кейін жапондар аса үлкен қарқында дамиды. Бұл қайғылы жағдай жапон халқын біріктіре түседі, елдің рухын көтереді. Ал былтырғы Гаити аралында жер сілкінгенде Үкімет банкротқа ұшырады. Сырттан көмек сұрады. Мұндай жағдайға душар болмас үшін, алдын ала экономикалық және де апаттан қорғау болжамдарын жасаған дұрыс.
Алматыдан айырылып қала жаздадық
– Ахметқал аға, сіздер, осы саланың маманы ретінде Қазақстанның жер бедерінде болып жатқан экзогендік табиғи құбылыстарға, антропогендік факторлардың әсерінен өзгеріп жатқан құрылымдарға зерттеу жүргізесіздер ме?
– Ауа райының салдарынан туындап жатқан барлық құбылыстарды біз қадағалап отырамыз. Экзогендік процестерді. Және де жерастындағы болып жатқан эндогендік өзгерістерді тиісті мекемелер бақылап отырады. Өйткені апат айтып келмейді. Біз жер сілкінісінен де, селден де, рекреациялық қар көшкінінен де, топырақ сырғымасынан да, қысқы қарлы бораннан да, күннің күрт ысуынан да зардап шегуіміз мүмкін. Мен жоғарыда айтып өткен негізгі концепциямызда осы факторларды жан-жақты қарастырудамыз.
– Теориялық негіздеме болғанмен де, тәжірибелік әрекеттердің дәлдікке жақын келетіндігін уақыт көрсетіп отыр ғой. Нақты іс жүзінде сынап көрдіңіздер ме теориялық концепцияларыңызды?
– Иә, теория мен тәжірибені үйлесімде ұстау – табиғи және техногендік апаттарды мүмкіндігінше болдырмауға, қарапайым халықтың зиян шекпеуіне кепілдік береді. Бұл тұрғыдан айтар болсақ, қара жаяу емеспіз. Ғылыми теорияны тәжірибеге енгізіп жатырмыз. Өзіңіз білесіз, Мәншүк Мәметова атындағы №6 көл Алматыға қандай қауіп төндіргенін. 1958 жылы пайда болған осы көл өте кішкентай еді. Былтырғы жылы ондағы су мөлшері 240 мың текше метрге жетті. Алаңдатарлық жағдайға жеткізді. Егер де сол көл тауды жұлып кетсе онда әр текше метр су 10-15 текше метр тау жыныстарын өзімен бірге ала кетеді. Сонда 3-5 миллион текше метр көлемде сел болу қаупі туды. Толықтай болмаса да қаланың жоғарғы жағының инфраструктурасына әжептәуір зақым келтірер еді. Біз осы мәселені шешу үшін «Қазселденқорғау» мекемесімен ақылдаса отырып, бірнеше жолдар қарастырдық, яғни ғылыми-теориялық негіздемесін ұсындық. «Қазселденқорғау» мекемесі осы негіздемені басшылыққа ала отырып, көлдің көлемін 10 есеге дейін азайтып жіберді. Әрине, бұл бір ғана мысал.
– Аға, осы табиғи апаттардың алдын алуда географиялық ерекшеліктер ескеріле ме? Мысалы, таулардағы мұздықтардың жасы, еруі деген сияқты. Табиғи апаттардың орын алу ықтималдығына негізделген географиялық қауіптілік картасы бар ма?
– Географиялық ерекшеліктерді ескермей, біз ешқандай шара қолдана алмаймыз. Сараптама түзу қиын. Осы мақсатта «Табиғи және техногендік төтенше жағдайлар атласын» жасадық. 360 карта болды.
Табиғи апаттардың ықтималдығын болжау өте қиын. Қанша дайын болғанмен де, ол орасан шығынға батырып кетуі мүмкін. Барлығы да Жаратқанның қолында тұрған дүние ғой. Біздің әрекетіміз – тек адамдарды барынша сақтандыру, адам өмірін қауіпсіздендіру. Кейде табиғи апаттың ықтималдығын есептегенде 10 фактордың 9-ын нақты шешіп, тек біреуін ғана дұрыс есептемесең, ертең сол кемшілік үлкен қайғыға душар етуі кәдік. Осы бір ғана ақау қалған тоғыз фактордың қозғалуына, үрдістердің кезекпен орын алуына итермелеуі де ғажап емес. Сондықтан да біз бәріне күдікпен қараймыз. Жоғарыда Жапон еліндегі қайғылы жағдайды атап өттік, енді жапон елі осы болған цунамиден екі есе жоғары қауіпке дайындалуы қажет. Қазір климат өзгеріп жатыр. Климат өзгерген соң табиғи процестердің күші де, ықпалы да әлдеқайда арта түсті. Бұл адамзат баласына қауіп төндіріп отыр. Осы ерекшеліктерді біз үнемі назарда ұстап, қауіпсіздік шараларын үнемі жетілдіріп отырамыз. Аймақтағы географиялық, климаттық өзгешеліктерді ескере отырып, әрекет етудеміз.
–Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Біздің бабаларымыз өте парасатты болған. Оның бір ғана дәлелі, олар үнемі табиғатпен етене байланысып өмір сүрген. «Жар басына үй тікпе, жар құласа үй кетер» демей ме, сондай-ақ өзен-сулардың жағасына, ойпатқа үй тікпеген, қоныстанбаған. Кеңес Одағы тұсында біздің ауылдарымыз, елді мекендер осындай ойпатқа салынды. Ол да бір саясат еді. Қазір көктем сайын сол ауылдарды су басып жатады. Әрине, өзеннің аңғарында тұрса, судың ортасында қалмағанда қайтеді?! Қазақ табиғаттың заңдылығын жақсы білген. Техника мен технологияға иек артқан адамзат баласы қазір табиғаттың заңдылықтарын түсінбегендіктен түрлі қайғылы оқиғаларға душар болуда. Табиғат заңдылығына икемделіп өмір сүрмесек, біз табиғатқа өз дегенімізді жасай алмаймыз. Ол тосын мінез көрсетуі мүмкін. Қазір қазақ пен табиғат арасындағы үйлесімділік жоғалды. Егер біз табиғатты аялай алмасақ, оны баптап-күте алмасақ табиғи, техногендік апаттардан көп зиян шегуіміз кәдік.