Бізге төл мәдениетімізді дамытатын ұлттық бағдарлама қажет

Бізге төл мәдениетімізді дамытатын ұлттық бағдарлама қажет

Айман МҰСАҚОЖАЕВА, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор:

– Айман Қожабекқызы, қазақ елінің астанасы – Арқа төсіне қоныс аударып жатқан тұста бас қалада Қазақ музыкалық академиясын құру туралы идея көтердіңіз. Бүгінде бұл арманыңыз ақиқатқа айналып, Астанадан іргелі шаңырақ көтеріп, талай дарынның тұсауын кестіңіз. Әңгімемізді осы өнер ордасының құрылу тарихынан бастасақ?

– Мен еліміздің бас қаласы – Астанаға алғаш рет 1998 жылы келдім. Расы керек, Астанаға жаңа оқу орны – өнер ордасын құру идеясы жетелеп келген еді. Ойымнан көптен бері кетпей жүрген осы идеямды бір жолы түскенде сол кездегі Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековке айтып көрдім. Ол кісі бірден қолдап, осы ойымды дамытуға, іске асыруға кеңес берді: «Бұл жерде музыкалық училище бар, қарап көріңіз. Көңіліңе жараса, соны академия ретінде қайта құрып көруге болады», – деді. Қысқасы, сол жылдың 30 наурызында Премьер-министр Нұрлан Балғымбаевтың «Астанада Қазақ музыкалық академиясы ашылсын» деген қаулысы шықты. Бүгінде жемісті еңбек етіп отырған, әлемге танымал талай дарынның талантын шыңдаған өнер ордасының қысқаша құрылу тарихы осындай.

Содан бері 12 жыл өтіпті, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, еңбек етіп келеміз. Қысқасы, азғантай уақыттың аралығында талай дарынды жасқа қолдау жасай алдық.

– Музыкалық академия құру идеяңыз қалай туындап еді?

– Бұл ой маған өзімнің өнер ордасында жүргеніме 25 жыл толуына орай  өткен есеп беру концертім кезінде келді. 1997 жыл, Алматы қаласында жүрген кезім. Көптеген дарынды жастарға, өнер адамдарына мастер-класс беріп тұрамын. Сол кезде маған ой келді. «Дамыған елдердің үлкен-үлкен өнер ордалары, білім шаңырақтары бар. Неге бізге осындай білім ордасын құрмасқа?» деп. Оның үстіне, ол кезде астанамыз Алматыдан Арқа төсіне көшуге дайындық жасап жатқан болатын.

Осы оймен бас қаламызға келдік. Міне, бүгін 12 жыл бойы еңбек етіп, университет дәрежесіне көтеріліп отырмыз. Астананың 12 жылдық мерейтойы қарсаңында Есіл өзенінің бойында «Шабыт» атты керемет ғимаратқа Қазақ ұлттық өнер университеті болып көшіп барғалы жатырмыз. Онда көпсалалы білім беру жүйесі болмақ.

«Шабыт» сарайының ресми ашылуы Астана күні қарсаңында, яғни 4 шілде күні өтті. Негізі, біздің білім ордамыз (Қазақ музыкалық академиясы – автор) бұған дейін бірсалалы болған еді. Тек музыка саласында ғана білім бердік. Енді жаңа ғимаратқа көшкесін музыка, мүсіншілік, хореография, кино, телевидение, дизайн секілді салалары болады. Қазір университетке түсушілерге конкурс жарияланып жатыр. Осы жылы гранттық жүйе бойынша 500 студент қабылдаймыз. Оларға сабақ беретін ұстаздарды да қатаң конкурс негізінде іріктеп аламыз. Бұл – жаңа университеттің болашағы мен білім беру сапасын жақсарту үшін жасалып жатқан шаруа. Бұл жай ғана музыкадан білім беретін оқу орны емес. Керісінше, қазақтың ұлттық өнер университеті болмақ. Оның жүйесін тек кәсіби жағынан шыңдалған сайыпқырандар ғана жүргізуі тиіс.

Орталық Азияда, соның ішінде бірінші рет қазақ даласында бой көтеріп жатқан оқу орнының ашылу салтанатына Вена консерваториясының ректоры қатысты. Ол кісі елімізде осымен екінші рет келді. Еліміздің жедел дамуына қатты таңғалыс білдіріп отырады. «Аз уақыттың ішінде үлкен қала салып алдыңыздар. Бұл деген үлкен жетістік қой», – дейді. Салтанатты шара барысында алыс-жақын шетелден келген қонақтардың бәрі өнерлерін тамашалатты.

– Әрине, мұндай көпсалалы оқу ордасына басшылық жасау оңай шаруа емес. Әсіресе талантты жасты дер кезінде танып, оны болашаққа қарай демеп жіберу де оңай болмаса керек. Болашақ шәкірттеріңізді қалай таңдап аласыз?

– Рас айтасыз, қандай іс болмасын, оны бастап, ары қарай жүргізіп алып кету өте қиын. Бірақ қандай іске болмасын, мықтап бел буған соң, оны жалғастырып кету үшін әркім барын салатыны анық. Мен де осындай оймен жан-жақты ізденіп, мықты мамандар мен білікті басшылардың көмегіне сүйендім. Олар үнемі қолдау білдірді. Барлығы да сондай азаматтардың арқасы. Кез келген істі бастап, дамыту қиын болса, халық арасынан талантты жастарды таңдап алу одан да қиын. Біз де бұл жағынан кезінде көп қиналдық.

Бізде арнайы құрылған ориентациялық комиссия бар. Олар шағын топтарға бөлініп, өңірлерге аттанып отырады. Аудандарға, облыстарға шығады. Сол жерден дарынды балаларды таңдап аламыз. Өнерге бір табан жақын және хореография саласында оқимын деген жастар келіп емтихан тапсырады. Олар жатақханада жатып оқиды. Қазір бірінші іріктеу кезеңі жүріп жатыр. Әзірдің өзінде 80 бала іріктелді. Барлығы да хореографияда оқиды. Басқа сала бойынша білім алуға ниет еткен балалар екінші іріктеуден өтеді. Одан өткен талапкерлердің барлығы да интернатта жатып оқиды. Қазірше 250 орынға арналған жатақханамыз бар. Болашақта бұл орындар бірнеше еселенетін болады. Оқытушыларды үймен қамтамасыз етеміз. Мұның бәрі оқу басталғанша, яғни екі айда шешіліп қалар деп ойлаймын.

– Оқу деңгейі қалай болмақ?

– Бізде оқу жүйесі үш деңгейде болады. Біріншісі мектеп дәрежесінде, екінші – колледж, үшінші университет дәрежесінде.

– Астанадағы бірден-бір оқу орнынан шыққан түлектеріңіз бүгінде қандай жетістіктерге жетіп үлгерді. Қазақ өнерін әлемге паш етіп жүргендері бар шығар?

– Біздің ұядан ұшып шыққан түлектеріміз аз жылдың ішінде үлкен-үлкен жетістіктерге жетіп жатыр деп әрқашан мақтанышпен айта аламын. Солардың бірі – Ораз Бақыт деген тенорымыз. Ол – Италия қаласында үлкен конкурстан Гран-примен оралды. Болашағынан үлкен үміт күтетін дарынды жастың бірі. Айта берсек, ондайлар өте көп: пианистеріміз мен скрипкашыларымыздың бірталайы халықаралық жүлделерге қол жеткізді.

Бұл дегеніңіз – бар-жоғы 12 жылдық қана тарихы бар оқу орны үшін білген адамға өте үлкен жетістік. «Айгөлек» скрипка ансамблі мен «Еуразия симфониялық оркестріміз» қазір шетелге жиі шығып жүр. Олар Вена, Рим, Мәскеу секілді атақты қалаларда концерт беріп қайтты. Қазіргі таңда қазақ ұлттық аспаптар оркестрі Түркияда өнер көрсетіп оралды. Мұндай жобаларымыз өте көп.

– Біздің шетелдік меймандарға мақтанышпен көрсете алатын жетістіктеріміздің бірі – оқу орындарыңыздағы орган залы. Себебі мамандар «мұндай алып аспап ТМД елдерінің көбінде әлі жоқ» дегенді жиі айтады. Бұл аспапта ойнайтын мамандар қайда даярланып жатыр?

– Біздің қоғам күннен-күнге дамып келе жатқан заманға сай келіп отыр. Сондықтан біз қандай қоғам болмасын, әлемдік мәдениет көшінен қалмауға тиіспіз. Иә, қазақ қоғамы әлемдік көштің бел ортасында келеді. Ұлы көшпелі қазақ даласында әлемде теңдесі жоқ зор үн таратып отырған орган саз аспабының болуы – осының дәлелі. Бұл аспап елімізге осыдан бес жыл бұрын әкелінді. Арнайы ұсыныспен Парламентке, Үкіметке шығып жүріп осы аспапты Астанаға қойдырдық. Мұндай орган залы бұрын Алматы қаласында ғана бар еді. Көп ұзамай елордамыздың төріне тағы бірі орын тепті. Залда қазір көптеген халықаралық орган фестивальдері өтіп жатады. Арнайы Мәскеу, Алмания, Италия секілді алыс шетелден келген органшылар қатысып жатады. Орган аспабын үйрететін ұстаздарымыз да бар. Бұл аспапты жаңа ғимарат – «Шабыт» сарайына апара алмаймыз. Өйткені көлемі өте үлкен. Үш қабатты үйдің биіктігіндей. Салмағы 26 тонна болады. Едені арнайы бетондалған залда орнатылған. Жаңа ғимаратта ондай зал жоқ.

– Бүгінгі таңда елімізді әлем алдында паш еткен дүниенің бірі –Астананың салынуы. Еліміздің патриот азаматы ретінде Астананың дамуына қандай үлес қоса алдым деп ойлайсыз?

– Біздің ең басты жетістігіміз – елордамыздың Астанаға көшіп келуі. Қазақ елінің бас қаласының Астанаға көшіп келуі Қазақстанды әлемге танытты, жер бетінде осындай ұлт бар екенін күллі дүниеге паш етті. Оған, әрине, ешкімнің таласы болмаса керек. Бұл – қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Тарихтан білеміз, көптеген мемлекеттер маңызды бір істі бастау үшін ұзақ уақыт бойы талқылап, елеп-екшеуден өткізіп жатады. Ал Мемлекет басшысы ештеңеден тайсалмастан, тарихи тәуекелге барып, бір жылдың ішінде астанамызды көшіріп үлгерді. Міне, соның нәтижесі – Арқа төсінде айбынды қала бой көтеріп келеді. Осы қалада тұрғанымызға мен ғана емес, күллі Қазақстан халқы қуанады деп ойлаймын. Бұл – өте үлкен жеңіс. Тарихи оқиға.

Мен өзім он жыл Мәскеуде оқып, білім алдым. Ол жерде жоғары оқу орнын бітірген соң магистратурада, одан соң аспирантурада оқыдым. Дәл сол жерде бес бірдей халықаралық конкурсқа қатысып, лауреат атандым. Сол кезде: «қашан еліме келіп, өнерімді көрсетемін, жинаған азды-көпті білімімді халқым үшін қалай жұмсаймын», – деп армандаушы едім. Уақыт өте келе бұл арманым ақиқатқа айналып, еліміздің бас қаласында жаңа оқу орнының ашылуына атсалыстым. Соның бар тетігін өзім жүргізіп, алға жылжытып, тәжірибе жинадым. Осы жерде жүріп өзім ұстаз да болдым, тәрбиеші де болдым, менеджер, бухгалтер болдым. Қысқасы, қазақ тарихындағы тұңғыш музыка академиясының аяғынан тік тұруына барымды салдым. Бас қаламызда өнер ордасының қалануына, алыс-жақын шетелге танылуына атсалыстым. Шәкірт тәрбиелеп, бір ұрпақтың кемелденуіне аз да болса атсалыстым деп айта аламын. Өздеріңіз куә болып отырсыздар, еліміз күн санап емес, сағат санап дамып келе жатқан сияқты болып көрінеді. Соның куәсі осындай «Шабыт» сарайының  ашылуы деп айта аламын. Қазақ өнері ғана емес, әлемнің алдыңғы қатарлы өнер түрлерін бір арнаға тоғыстырып, жаңа үлгідегі білім беретін оқу орны әлемде сирек десек, артық айтпаған болармыз. Мұндай университет өнер десе ішкен асын жерге қоятын Ресейдің өзінде жоқ.

– Қазір қанша шәкіртіңіз бар?

– Атам қазақта «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген сөз бар. Шәкірттерім аз емес. Бәрі өнерлі. Мен олармен бірге үнемі түрлі деңгейдегі сахнаға шығып, тәжірибелерін шыңдап отырамын. Бірге гастрольдік сапарларға шығамын. Басында айтып өттім, «Айгөлек» деген скрипкашыларымыздан құралған ансамбль бар деп. Солармен бірге Америкаға, Швейцарияға барып концерт бердік.

Қазір менің оқушыларымның алды Даллас, Техас секілді Австрия, Американың маңдайалды оқу орындарында өз білімдерін шыңдап жатыр.

– Сіз өнер саңлағы ретінде Қазақстанның өнерін қалай бағалайсыз? Арысы Құрманғазы, берісі Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова апамыз, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды саңлақтарымыз жағып берген өнер алауын қазіргі буын қалай алып келеді?

– Қазақ – тек жерінің кеңдігімен ғана емес, дарқан мінезімен, асқан өнерімен, өнерпаздарымен белгілі болған халық. Қазақ халқының өнері қай заманда болмасын, үлкен бағаға ие бола білді. Кеңес Одағының қол астында болған кездің өзінде қазақ халқының өнер саласындағы қолтаңбасы өзгелерден ерекшеленіп тұратын. Қазіргі әншілеріміз бен өнер қайраткерлерінің деңгейі жақсы. Әсіресе әншілеріміздің орындау шеберлігі мен вокал, фортепиано секілді бағыттары өте жақсы дамыған.

Дегенмен кемшін тұстарымыз әлі де бар. Себебі еліміз әлі жас, үйрену үстіндеміз. Соның бірі – әлемдік өркениет пен батыстық мәдениетке үйлесуге қатысты. Әлі де әлемдік деңгейдегі әртістеріміз бен танымал оркестрлеріміз жоқ. Бізге енді көп ұзамай осыны қолға алғанымыз жөн сияқты.

– Әңгімеңізге рақмет!

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Бізге Қазақ ұлттық симфониялық оркестрі керек-ақ. Себебі дамыған батыс елдерінің бәрінде мұндай оркестр бар. Англияда, Францияда лондондық немесе париждік симфониялық оркестр деген бар. Олар осындай құндылықтары арқылы әлемге мәшһүр болып отырғанын ұмытпағанымыз жөн. Бізге ең алдымен төл, ұлттық мәдениетімізді дамытатын және талантты жастарды әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұлттық бағдарлама керек. Сонда ғана өзгелер бағындырған биіктерді біз де бағындыратын боламыз.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста