Бізде «бір басқа бір көз жетеді» деп жүре беретіндер көп

Бізде «бір басқа бір көз жетеді» деп жүре беретіндер көп

Мадина ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, ҚР Президенті Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасы офтальмология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымының докторы:

– Мадина Маратқызы, елімізде көз ауруларының саны жылдан-жылға ар­тып келеді. Тіпті егде тартқан адам­ды қойып, жасөспірімдеріміздің де көз жанары әлсіреуде. Мұның басты себе­бі қандай?
– Негізі, көз ауруы жас ерекшелігіне бай­ланысты әртүрлі болып келеді. Бала­ларға келетін болсақ, шынында да, олар компьютер алдында көп отыратын болды. Үнемі компьютер мен телефон алдында шұқшиып отыру көзге салмақ түсіріп, оның көруін әлсіретеді. Бала жастан күтім көр­меген көз жас ұлғая келе тез сөне бас­тайды. Оның өзінде «ересек адамдар көз­әйнек киюі керек» деп жылы жауып қоя салатынымыз тағы бар. Сонымен қатар көп қимылдап, денешынықтырумен айна­лыс­пағаннан кейін көп бала көзі алыс­ты көрмейтін дертке шалдықты. Балалар көз дәрігеріне алысты көрмеушілікпен ша­ғымданса, ал 50-60 жастан асқан егде кі­сі­лер көбіне глаукома, катаракта аурула­ры­на шалдығады. Өкініштісі сол, бізде «бір басқа бір көз жетеді» деп жүре бере­тіндер көп. Біздің науқастар ауруларын асқын­дырып, көз жанарларынан айыры­лып соқыр болғанда ғана алдымызға ке­леді. Мәселен, глаукоманы алайық. Глау­кома дегеніміз – көзішілік қысымның көте­рілуінен болатын, көру қабілетін төменде­тіп, дер кезінде емделмесе, соқырлыққа әкеліп соқтыратын өте қауіпті ауру. Нау­қастардың көбі көзінің көру қабілеті тым қатты әлсіреп кеткенде бір-ақ келеді. Тіпті бір көзі мүлдем көрмей қалғанда, ол ауру екінші көзге әсер етіп жатқанда ғана дәрі­герге келетіндер бар. Бұл дерттің қауіптілігі – білдір­мей, бірте-бірте асқынады. Бастың ауруы да сырқаттың бір белгісі болып та­бы­лады. Одан бөлек, қан қысымы жоғары жандар да абай болғаны жөн. Қан қысымы көз қы­сы­мын тудырады. Оған мән беріп, дер кезінде емдемесе, түбі зағиптыққа соқ­ты­рады. Науқас дәрігерге уақытында келсе, глаукоманы ерте сатысында анық­тай­тын болсақ, онда көзішілік қысымның көте­рі­луін төмендетіп, көздің көруін жақ­сар­туға болады. Бұрын глаукома деген диагноз қо­йылса, жұртшылық «енді соқыр болып қа­латын болдым» деп өмірден түңіліп кететін. Қазір олай қорқудың керегі жоқ. Кө­зішілік қысымды төмендететін неше түрлі дәрілер бар. Лазерлік жеңіл опе­рация болмаса хирургиялық ота ар­қылы емдеуге болады. Кез келген адам жылына бір рет болса да офтальмологтің қабылдауында болып, дәрілерді тек дәрігерлік кеңестен кейін ғана қолдануы керек. Ал 40 жастан асқан адамдар көзінің көруі жақсы болса да, міндетті түрде дәрі­герге көрініп, көздің ішкі қысымын тексер­тіп тұрғаны жөн.
– Сіздерде материалдық-техника­лық база қаншалықты жабдықталған?
– Біздің бөлімде медициналық қон­дыр­ғылардың барлығы жаңа технология­мен жабдықталған. Ашылғанымызға екі жыл болса да Жапониядан, АҚШ-тан соң­ғы үлгідегі аппараттарды әкеліп орнаттық. Алғашқыда науқастарды қарапайым қон­дырғы, тіпті қолмен тексеретінбіз. Ол кез­де көз ауруының асқынып кеткен түрін бір-ақ анықтайтынбыз. Ал қазір заманауи тех­нология, компьютер арқылы ауруды ерте сатысында анықтап, тиісті ем-дом жүргізу­ге мүмкіндік алдық. Глаукоманы емдейтін, көзішілік қысымды төмендететін лазерлік аппараттарымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, біздің ауруханада глаукоманы да, ката­рактаны да емдейтін барлық мүмкіндік бар. Көзге тамызатын неше түрлі дәрі бе­ре­міз, лазермен емдейміз тіпті болмаса хи­рур­гиялық ота жасаймыз.
– Кейде бізде заманауи технология­лармен жұмыс істейтін мамандар бол­май, ол қондырғыларды шаң басып жататын жағдайлар кездесіп жатады. Мұндай мәселе сіздерде жоқ па?
– Жоқ, бізде білікті мамандар жеткілік­ті. Мен өзім Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтынан осында келдім. Онда док­тор­лықты қорғадым, катаракта, глаукома ауру­ларын емдеу бойынша жұмыс істедім. Біздің бөлімнің басқа дәрігерлері де Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында, Ресейде, Австрияда, Германияда тәжіри­бе­ден өтті. Сондай-ақ өткен жылдың тамыз айында бізге Англиядан лазерлік ап­паратпен жұмыс істейтін профессор келіп, мастер-кластар өткізді. Біз бұл қон­дырғымен жұмыс істеуді бұрыннан біле­тін­біз. Бірақ ол бұл қондырғымен басқа да көз ауруларының асқынған түрін қалай емдеу керектігін үйретті. Осы арқылы біз көзге үнемі дәрі тамызып жүруді тоқтата алдық. Мысалы, бұрын науқасқа глаукома диагнозы қойылған жағдайда көзге үнемі дәрі тамызып жүруді ескертетінбіз. Өмір бойы солай жасауы тиіс болатын. Енді кей­де науқастардың дәрі алуға ақшасы болмай қалады немесе уақытында дәрі тамызуды ұмытып кетеді. Ал мұндай кезде аурудан айығу қиын болады. Енді қазір көз­ге лазерлік ота жасасақ, дәрі тамызу­дың қажеті жоқ. Осымен-ақ көз жанары жақсарады. Мен өзім де кезінде Нью-Йорк­те әлемге танымал профессордан дәріс алып, үш айлық курстан өткен бола­тынмын. Мен айтар едім, қазіргі таңда елі­міз­дегі офтальмология саласы әлемдік деңгейдегі жетекші мемлекеттерден еш кем емес. Заманауи қондырғыларымыз да, білікті дәрігерлеріміз де бар.
– Жалпы, елімізде офтальмолог дәрігерлердің жетіспейтіндігі жайлы жиі айтылады. Сіздерде көз дәрігер­лері жеткілікті ме?
– Жетеді. Біздің бөлім 2011 жылы ашыл­ған. Бізге көбіне жасы егде тартқан кісілер шағымданып келеді. Басым көбі катаракта, глаукома дертіне шал­дыққан. Катаракта ауруын хирургиялық жол­мен ғана емдейміз. Оны көзге дәрі тамызу ар­қы­лы емдеу мүмкін емес. Былайша айт­қан­да, көздегі бұлыңғыр әйнек секілді қа­бықты алып, оның орнына жасанды линза қоямыз. Заманауи техно­логияның көмегі­мен көзді жақсы көретін жағдайға жеткізу­ге болады. Мұндай ота­ларды біз өзімізде жасай аламыз. Ол үшін ота жасайтын блок­қа жаңа қондырғылар алынды.
– Қазір елімізде ағза алмастыру мәселесі жолға қойылып келеді. Осы ретте елімізде көз алмастырудың транс­плантациясы қандай сатыда? Ма­ман­дарымыз көз алмастыру транс­плантациясын жасай ала ма?
– Жоқ. Өйткені ол – өте күрделі ота. Не­гі­зі, көз трансплантациясында толық мү­шені емес, тек донор көздегі тінді ғана көшіріп отырғызады. Мәселен, көздегі мөл­дір қа­бық­тың ағаруы болғанда, до­нор­дың мөл­дір қабығын алып алмасты­рады. Сондай-ақ көздің түбіндегі тор қа­бық­та өзгеріс бол­ғанда эмбрион тіні алы­нып, тор қабық­тың астына енгізіледі. Бұл әдістер ауруға әртүрлі емдер, дәрі-дәр­мек­тер көмектес­пеген жағдайда қолданы­лады. Мұндай оталар бізде емес, Көз ауру­лары ғылыми-зерттеу институтында ғана жасалады. Бұл ретте оларда арнайы зерт­хана бар. Бірақ, өкінішке қарай, онда ке­зек көп. Өйткені көзге трансплантация жа­сау үшін донор­лық тін жетіспейді.
– Қазір көз ауруына шалдыққан­дар­ға ота жасаудың өзі өте қымбат тұрады. Шамамен 2 мың доллар кете­ді. Мұны екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні анық. Осыны ретке келтіру үшін Үкімет тарапынан қандай шара­лар іске асырылуы керек?
– Біз Қазақстанның мәдениет және қо­ғам қайраткерлерін тегін емдейміз. Себебі олар осы ауруханада тіркелген. Одан бөлек, осы қалада тіркелген, бізге ота жа­сат­қысы келетіндер көп. 2010 жылдан бас­тап республикада Бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесі енгізілген. Пор­тал бойынша арнайы код алынса, ҚР кез келген азаматына біздің ауруханада офталь­мологиялық көмек тегін көрсетіле­ді. Бірақ бізде бөлім соншалықты үлкен емес, сон­дықтан тегін емделуге квота аз бөлінеді. Біз­дің ауруханада ақылы ем алу басқа ком­мерциялық клиникаларға қарағанда әлдеқайда арзан.
– Жалпы, көзі мүлдем көрмейтін, ауруы асқынып кеткен науқасты ем­деп жазуға бола ма? Жылына неше адам қабылдай аласыздар, олардың нешесі ауруынан айығады?
– Біз 2011 жылы 200-ден аса, ал 2012 жылы 300-ден астам науқасқа ота жаса­дық. Олардың 90 пайызының операциядан ке­йін көз жанары дұрысталды. Бұл бәрі жақсы болып кетті дегенді білдірмейді. Себебі отадан кейін де көз дәрігерлеріне қаралып тұруы тиіс. Егер глаукоманың асқынып кеткен түрі болса, оны 100 пайыз емдеп тастаймыз деп уәде бере алмаймыз. Бірақ көздің көруін жақсартпасақ та, сол қалпында ұстап тұра аламыз. Яғни көздің көруі одан сайын нашарламайтын болады. Мұның өзі – үлкен жетістік. Ал катарактаны хирургиялық жолмен емдеу арқылы жақ­сы нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл ретте біз мынаны ескеруіміз керек. Глау­кома немесе катаракта ауруына шалдығар алдында науқас немен ауырды, қан қысы­мы жоғары болып, ол көзішілік қысымды көтер­ді ме, қант ауруымен ауырды ма, осы­ны да тексеріп барып ем шараларын жүргіземіз. Адам ағзасындағы өзге ауру­лар да көзге әсер етеді. Мәселен, адам орталық және шеткі ми жүйесі, жүрек-қан тамыр ауруларымен ауырса, уланса, тіпті ағзадағы зат алмасу процесі бұзылса да, бұлар көзге кері әсерін тигізбей қой­май­ды. Сондықтан ондай науқас көзбен қоса, оның алдындағы ауруларынан да айы­ғуы тиіс. Сонда ем нәтижелі болады.
Біз негізі аурухананың хирургиялық орталығына қараймыз. Оған кезінде білік­ті дәрігер марқұм Нұртас Кәкімжанұлы бас­шылық еткен болатын. Ол кісі хирур­гия­лық орталыққа қарайтын бөлімдердің заманауи қондырғылармен жабдықталуы­на көп күш жұмсады. Лор бөлімі, травмато­ло­гия бөлімі, офтальмология және кар­дио­хирургия бөлімдерін ашып, білікті мамандармен қоса, жаңа технологиялар­ды әкелді. Біле білген адамға мұның бәрі үлкен күш пен қайратты талап етеді.
– Сіздерде жасөспірімдердің көз жанарын емдейтін балалар офтальмо­логі бар ма?
– Жоқ. Біз тек үлкен кісілердің ғана көз­дерін емдейміз. Ал балалар офтальмо­логі қарастырылмаған. Шынында да, біз­де балалар офтальмологі жетіспейді.
– Сіздің ойыңызша, медицина са­ла­сында мамандардың жетіс­пеуі не­мен байланысты?
–Дәрігерлердің жетіспеушілігін олар­дың әлеуметтік-экономикалық жағдайла­рының төмендігімен байланыстыруға бо­лады. Білікті мамандардың біршамасы же­кеменшік медициналық орталықтарда жұмыс істеп жүр. Тіпті бизнеске кетіп қал­ғандары да жетерлік. Статистикалық де­рек бойынша медициналық институтты бітірген түлектердің әрбір бесіншісі өз мамандығы бойынша жұмыс атқарады. Ал енді жастарға келетін болсақ, олардың арасында осы салаға қызығушылық таны­татындары бар, бірақ олардың сол қызы­ғу­шылығын кері итеретін жағдайлар да жет­кілікті. Қазіргі уақытта білікті офталь­мо­лог маман болу үшін алты жыл медуни­верситетте оқып, диплом алуы керек, со­сын интернатура және резидентурада оқуы қажет. Сонда есептеп қарасаңыз, жеті жастан кейін 11 жыл мектепте, он жыл медицинада оқып мамандық алған­ша, ол адамның жасы 30-ға келеді екен. Сонда олар қашан отбасын құрып, бала тәрбиелеп, өз шаңырағына ие бола ала­ды? Одан кейін олардың алатын жалақысы тым аз. Қазіргі жастар беделі төмен, жала­қысы мардымсыз салада жұмыс істегісі келмейді. Себебі күнін көре алмайтынын біледі.
– Енді бұл салаға жастардың қызы­ғушылығын арттыру үшін не істеуіміз керек, қандай ұсыныс айтасыз?
– Ол үшін дәрігерлердің қоғамдағы беделін көтеріп, олардың әлеуметтік жағ­дай­ларын жақсартуымыз қажет. Жас оф­таль­мологтерді баспанамен қамтама­сыз етіп, тағы да басқа жеңілдіктер жасағаны­мыз жөн. Мәселен, мен Америкада бол­ған­да онда офтальмологтер басқа дәрі­гер­лерге қарағанда жоғары жалақы ала­ты­нын байқадым. Онда көз дәрігері болып көбіне ер адамдар істейді. Сондықтан, ең бастысы, жалақыны өсіріп, жастарды осы салаға келуге үгіттеуіміз қажет. Мысалы, ме­нің анам Жанар Ғабиденқызы Мұстафи­на (Қазақстанның халық жазушысы, қо­ғам қайраткері Ғабиден Мұстафиннің қы­зы) – офтальмология саласында талай жыл қызмет еткен профессор. Ол кісі Қазақ ұлттық медициналық университе­тін­де студенттерге дәріс беріп келеді. Ол офтальмология саласы туралы айтқан кез­де жастардың көбі осы мамандыққа қызы­ғып кетеді. Сондықтан ЖОО-да сту­дент­тердің мамандыққа деген қызығушы­лығын оятатын осындай ұстаздар көп болуы керек.
– Медицина қызметкерлерінің жа­лақысын дифференциалдау керек де­ген ұсынысты қолдайсыз ба?
– Әрине, қолдаймын. Бұл – жоғары технологияларды игеріп, көп науқасты ем­деген дәрігердің жалақысы өседі де, ал кім аз емдесе, жаңа технологияларды меңгере алмаса, оның жалақысы төмендейді деген сөз. Бұл дұрыс. Қазір біздің ауруханада бұл жүйе қолданыста бар. Сапалы жұмы­сымызға байланысты жалақымыз жоға­ры­лап тұрады. Бірақ бұл барлық ауру­ханада солай деп айта алмаймын. Кейбір емдеу мекемелерінде дәрігер­лердің ең­бек өті­ліне байланысты беріледі. Деген­мен диф­фе­ренциалдық жалақы дәрігер­лердің бі­ліктілігін көтерудің ең ыңғайлы тәсілі деп есептеймін. Осы арқылы дәрігер­лер өзінің білімін, қабілетін жоғарылатуға тырысады әрі соған сай жалақылары да өсіп отырады. Сонымен қатар дәрігерлер­дің ауруға деген жанашырлығына, нау­қас­қа көмек­тесу­ге деген ынтасына қарай жала­қыларын өсіріп отырсақ, одан ұтарымыз көп.
– Бұл жерде мынадай мәселе туын­дамай ма: Мысалы, медицина сала­сын­да егде кісілер көп жұмыс жасайды. Олар осы салада 20-30 жыл еңбек етіп, қаншама науқастың айығып кетуіне көмектесті. Енді олардың кейбіреуі компью­терді, соңғы технологияларды жетік меңгере алмауы мүмкін. Ал жас­тар жаңа техникамен жұмыс істеуді тез игеріп кетеді. Сонда ертеңгі күні ме­ди­цина саласында қаншама жыл қыз­мет еткен білікті дәрігер компью­тер­ді жетік меңгермегені үшін жақын­да ғана жұмысқа кірген жас маманнан жалақыны аз алуы керек пе?
– Біріншіден, медицинада болдым-толдым, мен бәрін білемін деген адам бұл салада табысты жұмыс істей алмайды. Себебі медицина саласы белгілі бір дә­ре­жеге жетіп, тоқтап қалатын ғылым емес, бұл – үздіксіз дамып отыратын процесс. Ме­дицинада шығып жатқан жаңалықтар ұшан-теңіз, сондықтан дәрігерлер өмір бо­йы үздіксіз білім алып, үйреніп жүруі қа­жет. Жаңа заманның технологиясын ұда­йы меңгерген жөн. Әйтпесе алған білім ес­кі­реді де, жаңа технологияларды қол­дану­дан қалыс қалады. Қандай дәрігер бол­сын бұл алдымен өзіне зиян. Сон­дық­тан адам жанының арашашысы болған дәрігерлер, мейлі ол үлкен болсын, кіші болсын, медицина саласындағы жаңалық­тардан қалыс қалмауы тиіс. Бұл ретте жақ­сы жұмыс істейтін үлкен кісілер де, жұмы­сы­на үлгере алмай жүрген жастар да же­тер­лік. Негізі, бұл жасқа немесе кәріге емес, адамның өзінің ізденістігіне, кәсіби­лі­гіне байланысты деп есептеймін.
– Әрбір азаматты жыл сайын про­филактикалық тексеруден өтуге мін­деттейтін заң керек пе?
– Әрине, керек. Онсыз болмайды. Се­бе­бі бізде «бір басқа бір көз жетеді» деп жүре беретіндер көп. Тіпті біреулер көз жа­нары әлсіресе, интернеттен қарап, өз-өзіне диагноз қойып, дәрі қабылдай бе­ре­ді. Бұл дұрыс емес. Бұл ретте бізде «Са­ламатты Қазақстан» бағдарламасы бо­йынша көптеген жақсы іс жүргізіліп жатыр. Халық арасында тегін скринингтік меди­циналық тексерулер жүргізілуде. Бірақ көпшілік адамдар осы тегін тексерістің өзінен өтуге асықпайды, келмейді. Әйт­пе­се скринингтік тексеру арқылы адамдар ара­сындағы ауруды ерте сатысында анық­тап, асқынудың алдын алуға, емдеуге тап­тырмайтын жол. Скринингтік тегін тексе­ру­ге қазір глаукома да кіріп отыр. Осы кез­де тұрғындар көзішілік қысымды тегін тек­сертіп алса, глаукоманың да алдын алу­ға болады. Бұл ретте халықтың науқас­та­нуы ең бірінші өзіне тиімсіз екендігін түсіндірмей, дәрігерлерге уақытында қа­ра­луын үгіттемей, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз.

Алашқа айтар датым...
Бізде мынадай бір тенденция қалыптасқан. Қазір қалада медициналық қондырғы жөнінен мәселе жоқ. Шетелден неше түрлі жаңа технологияларды әкелді. Бірақ онымен жұмыс істейтін маман тапшы. Бұл – офтальмология саласында ғана емес, денсаулық сақтаудың барлық саласында бар мәселе. Сондықтан медицинадағы жастардың кәсіби біліктілігін арттыруымыз керек. Одан кейін медицина саласында ғылыммен айналысамын деген жастарға жағдай жасауымыз тиіс. Сондықтан ғылымнан қаржыны аяп қалуға болмайды. Әрине, бұл салада бүгін ақша беріп, ертең бірден нәтижесін көре алмаймыз. Бірақ оның бірнеше жылдан кейін пайдасы мол болады. Қалай десек те, денсаулық саласында жүрген жастардың ғылыммен айналысуына бүгін жағдай жасамасақ, ертең өзіміздің медицина қайтадан тоқырауға ұшырауы әбден мүмкін. Сондықтан бұған жол беруге болмайды.

Құлаққағыс
Биыл 11-15 наурыз аралығында біздің аурухананың екінші қабатындағы емханада (24-бөлме, глаукома кабинеті) Бүкіләлемдік глаукомаға қарсы күрес аптасына байланысты ашық есік күні өтеді. Осы уақытқа тұрғындарды көзішілік қысымын тегін тексеруге шақырамыз. Көпшілік бұдан қалыс қалмаса екен деймін.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста