Біз өз тарихымызды, құндылықтарымызды лайықты деңгейде бағалай алмай келе жатқан халықпыз

Біз өз тарихымызды, құндылықтарымызды лайықты деңгейде бағалай алмай келе жатқан халықпыз

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, алаштанушы ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор:

– Мәмбет Құлжабайұлы, шыны керек, біз қазақ әлі күнге дейін зиялы­лық ұғымын терең түсінбей, оның арғы тарихын тарата алмай келе жатқан секілдіміз. Тұңғыш қазақ интеллиген­ция­сы деген уақытта нағыз сол атауға сай қызмет атқарған тұлғаларымызды танымай келеміз. Осы ретте біз сол сұрақтың жауабын сізден сұрасақ, яғни тұңғыш қазақ зиялылары кімдер еді, олар қандай маңызды міндет атқар­ды?
– Рас, біз қанша жылдар бойына қазақ зиялыларын Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбайұлы деп қана біліп, солай оқытып келген халықпыз. Бірақ, шын мәнінде, қазақ интеллигенциясы тек осы үшеуінен ғана тұрмайтын, оны кеңестік билік те білді. Анығында, ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап қазақ жастары Ресейдің жоғары оқу орындарында білім ала бастады. Бірақ олардың көбісін, өкінішке қарай, біз осы уақытқа дейін білмейміз. Мәселен, осы бертінде Қазанда Батыржан Кенжеев деген қазақтың бір жас жігіті оқыды, өкініштісі, ол да ерте кетті өмірден. Сол жігіт бір күні маған Жансұлтан Шуақов деген Қазан университетін бітірген қазақ зиялысының магистрлік диссертация­сын алып келді. Ол Ресейдің 1867-68 жылдары Қазақстанда жүргізген басқару реформасы туралы жазылған екен. Онда әлгі патшалық Ресейдің реформасын тал­дап, сынай келе, «Бұл реформа қазақ хал­қының мүддесіне, салт-дәстүр, мінезіне сәйкес келмейді» деп ашық және батыл түрде айтады. Осыны оқығанда мен сол кездегі қазақ жастарының саяси біліміне, саяси белсенділігіне тәнті болдым. Мен оны сол замандағы ойшылдар Ыбырай Алтынсариннің берген бағасымен, Шоқан Уәлихановтың осы Жетісуда 1865 жылы жазған «Сот реформасы жөнінде» деген мақаласында айтқан пікірлерімен салыс­тырдым. Байқағаным, Шуақовтың, Уәли­ханов пен Алтынсариннің пікірлері бір жерден шыққан. Соған қарап ойладым, сол кезде, яғни ХІХ  ғасырдың 60-70 жыл­дары өмір сүрген біздің зиялыларымыздың Отанға деген махаббаты, Отан алдындағы жауапкершілігі керемет болған. Жауапкер­шілік деген сезім –  біле білсек, расында, ең бір қастерлі құндылық. Кез келген зиялылар тобының негізгі ерекшелігін айқындайтын бір нәрсе болса ол – олардың Отан, ел, ха­лық алдындағы жауапкершілігі. Аты аталған азаматтар осы бір реформаны жай қабыл­дай салмай, соны жүрек пен ақыл сүзгісінен өткізіп, оның қаншалықты қазақ халқының мүддесімен сәйкес келетінін қадағалады. Егер қандай да бір реформа қазақтың ішкі сұраныстарына сәйкес кел­ме­се, олар мүл­дем басқаша, яғни тіпті ұлт үшін қайғылы нәтижемен аяқталуы мүмкін екенін білді, айтты да, басылымдарға да, одан қалса, патшалық билік органдарына хат арқылы жазды да. Және де олардың әрқайсысын өте биік мәдени деңгейде, теориялық тұрғыдан өте сауатты дәрежеде жеткізе білген. Бұл – сол кездегі ат төбеліндей қа­зақ зиялыларының халық алдындағы жауап­кершілігінің биіктігінің, сондай-ақ олардың интеллектуалдық деңгейінің жоғары болғандығының көрінісі. Солар арқылы біздің халқымыздың жай тобыр емес, өзін-өзі сақтай алатын, ішкі иммуни­теті бар халық екендігін байқаймыз. Егер зиялыларымыз болмағанда біз осыны біл­мес едік, себебі бұл нәрселер сол зиялылар­дың қызметі арқылы көрінеді. Бұл, яғни Шоқан, Ыбырай және Жансұлтан Шуақов­тар­дың қызметі ұлтымыздың даму бары­сындағы белгілі бір кезеңі болды, келесі сапалы кезеңге өтуге үлкен даярлықтың көрінісі болды. Ал ХХ ғасыр басында, әсі­ресе 1905 жылғы бүкіл Ресей империясын қамтыған саяси қозғалыстар тұсында қазақ зиялылары қазақ халқының өміріне, оның шаруашылығы, оның мәдени-рухани өмірі­не қатысты өздерінің пікірлерін ашық түрде билік алдында білдіре бастады.
– Айтып отырғаныңыз 1905 жылғы Қарқаралы петициясығой?
– Жалпы, сол тұста бір ғана Қарқаралыда  емес, Қазақстанның барлық аймақта­рында түрлі петициялар жазылды. Қазақ зиялы­лары Мемлекеттік Думаға депутат­тыққа сайланды. Және де олар жай залды толтыру үшін сайланған жоқ, Дума мінбе­ріне шығып қазақтың сөзі, қазақ мұңын айтты. Мысалы, Ахмет Бірімжанов, Бақыт­жан Қаратаев, олардың алдында Әлихан Бөкейханов тұрды, бұлардың бәрі де сол тұста саяси өмірге белсенді араласты. Тіпті екінші, үшінші Мемлекеттік Думада «не­мене, Ресей Думасында қазақтың жер мәселесінен басқа мәселе жоқ па?» деген де наразылық пікір айтыла бастаған. Ал зиялыларымыздың ондай белсенділік танытпауға қақысы жоқ еді, себебі қашан­нан қазақтың ең бірінші орындағы мәселесі – жер. Сондықтан олар қазақ жерін даулап, қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстан­дыруды, жалпы, қазақ жерін отарлауды тоқ­татуды талап етті. Қазақ шаруаларын өзде­рінің үйреншікті мекендері, құнарлы жайылымдарынан айыру үдерісін тоқтату­ды талап етті. Сондықтан отарлаушы Ресей империясындағы бұл мәселе Думада қай­шылыққа толы дауға ұласты. Қазақ зиялы­лары жері жоқ халықтың босқынға айна­лып, өшу жолына түсетінін түсінді. Сон­­дық­тан қазақты сақтау үшін оның жерін сақтау ке­рек екенін түсініп, соны қарапайым халыққа түсіндіруге кірісті. «Оян, аш көзіңді, жеріңді сақта» деп ұран салды. Шекспирдің «болу не болмау» деген сұрағын білесіз ғой, сол сияқты жер деген сол тұста қазақтың ұлт болып қалу не жойылу деген мәселесіне айналды.
 – Жалпы, зиялы деген атқа сай болу үшін  оқыған­дардың алдында қандай миссия тұруы керек?
– Біріншіден, ол – ұлтқа, халыққа сол өзі өмір сүріп жатқан тұстағы негізгі мәсе­лесін «міне, негізгі мәселелерің мынау, мынау» деп дәл көрсетіп, нақты саралап, салмақтап беру. Соған халықтың назарын аударып, күшін жұмылдыру. Осы миссия­сын сол тұстағы зиялыларымыз өте жоғары деңгейде атқаруға кірісті. Осы жолда ең бірінші олардың қолға алған мәселесі ха­лық­ты ағарту болды. Себебі өз жерін, ата­мекенін сақтау үшін халықтың көзі ашық, санасы ояу болуы керек. Халық саналы күрес қаруларын меңгермесе, жерді сақтау, ұлтты сақтау мүмкін емес. Сондай-ақ екінші жол – жерді сақтау үшін қазақ мемлекеттігін жаңғырту керек еді. Себебі мемлекеттіліксіз жерді сақтау мүмкін емес, өз шаруашылығын өркендетіп, мәдениетін дамыта алмайды. Басқаша айтқанда, өз мемлекетің болмаса, өз ырқың өз қолыңда болмайды. Кезінде хакім Абай «Өздеріңді түзелер дей алмай­мын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ыр­қың» деп текке айтты деймісіз? Жоқ, ол бұл сөзді жай айтқан жоқ. Абай ұзақ жылдар билікке араласты, болыс болды, Ресей мемлекетінің қазаққа қатысты көздеген мақсатын байқады, бар жағдайды көзімен көрді. Содан кейін барып ақынның күңіре­ніп айтқан тұжырымы бұл. Демек, бір сөз­бен айтқанда, қазақ зиялыларының Дума­да қырғын дауға ұласса да тоқтатпай, би­лік­тің алдына қойған жер мәселесі мемлекеттің мәселесі еді. Ұлттық мемлекетті жаңғыртпай, қазақ өз құндылықтарын, өз рухын, салты мен дәстүрін, жалпы, өзін сақтай алмайтынын зиялылар жақсы түсін­ді. Ал бұл зиялылар кімдер еді, оны кім бастады? Жалпы, кез келген қоғамдық күш­тің бастаушылары, бағыт-бағдарын анық­таушы тұлғалары болуы керек қой.  ХХ ға­сыр­дағы қазақ зиялыларының көшбасшысы деп, әрине, біз Әлихан Бөкейхановты айтамыз. 1911 жылғы Бақытжан Қаратаев­тың Әлихан Бөкейхановқа жазған хаты бар, оны мен кезінде Ташкент мұрағатында Барлыбек Сыртановтың жеке мұрағатынан тауып әкеліп жарияладым. Ол «Алаш қоз­ға­лысы» деген көптомдық жинаққа шықты да. Хатта Бақытжан Қаратаев «Әлихан, қазақ зиялыларының арасында тек сенің ғана ұлтты басқаруға құқың бар, сен ғана қазақ зиялыларының арасында құрметке лайықсың» дейді. Ал Бақытжан Қаратаев былайғы уақытта ылғи да Әлиханның сыншысы болған. Оның қазақ халқының ұлт­тық қозғалысына, ұлттық күресіне байланысты ұстанымы Бөкейхановтың ұстанымынан бөлек еді. Сөйте тұра ол Әли­ханның қоғамдық қызметін, азаттық қозғалыстағы орнын мойындады.
– Өз ұстанымы мен мүддесіне қай­шы көзқарастағы адамды қалай қол­дауы мүмкін? Әлде мұнда басқа да сыр бар ма?
– Бұл жағдайда бір нәрсе деп кесіп айту ұшқарылық, жан-жақты талдап көру қажет. Яғни бұл жерде, біріншіден,  Қаратаевтың сөзінің ар жағында Әлекеңнің сол кездегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысына байланысты жетекшілік қызметі жатыр еді, яғни ол сондай бай тәжірибенің иесі екендігін айтып жол сілтеп, ұлтты аманаттауы деп түсінуіміз шарт. 1905 жылдан бастап қазақ азаттық қозғалысы жаңа сатыға көтерілді, оның басына ұлт зиялылары келді. Қазақ азаттық қозғалысының стратегиялық бағыт-бағдарын, құралдарын анықтаған тұлға, ол – әрине, Әлихан Бөкейханов. Ал енді сондай дәрежеге көтерілген кісі де – жалғыз Бөкейханов, ол ұлттың негізгі ұйыт­қысына айналды. Төңірегіне осы азаттық қозғалысқа шын берілген, оның қызметіне жарайтын, оны жүргізе алатын тұлғалар бірікті. Әлекең 1905 жылдан бастап жал­пыұлт­тық газет шығаруға бет алды. Сол тұс­та Әлекең Самараға жер аударылған еді, онда жандармдық бақылауда жүріп жатты. 1910 жылы Самараға Ахмет Байтұр­сынов жер аударылып барды. Міне, сол екеуінің жылдар бойы бірігіп жасаған қыз­метінің нәтижесінде 1913 жылы қазақтың тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газеті дүние­ге келді және негізгі күрес құралына айналды. Жалпыұлттық газет не үшін қажет болды? Өйткені қоғамдық күрес үшін біріктіру құралы қажет болды. Онсыз белгілі бір нәтижеге жету қиын еді. «Қазақ» газеті арқылы қазақ зиялыларының топтасу үдерісі жүрді, оқыған, саяси сауатты аза­маттар осы басылым төңірегіне шоғырлан­ды. Әрине, «ДУГ», «Айқап» секілді басы­лым­дар болды, бірақ олар дәл «Қазақтай» қазақ ұлтының идеологиясын қалыптас­тыруға қызмет ете алған жоқ.
Ал енді ХХ ғасыр басындағы Әлиханның қоғамдық қызметін таразылайтын болсақ, ол әлемдік деңгейдегі тұлғалардың қызме­тімен иықтас, солардың деңгейінен еш кем түспейтін қызмет болып еді. Мысалы, үнді көсемі Махатма Ганди, түрік көшбас­шысы Ататүріктерден Әлиханның шоқтығы еш төмен емес. Бірақ бір нәрсені осы тұста мойындауымыз керек, біз өз тарихымыз­ды, өз құндылықтарымызды өз дәрежесінде бағалай алмай келе жатқан халықпыз. Кеңестік дәуірде біздің қазақы құндылық­тарымыз біржола шайылып кету жағда­йында тұрды. Соның көрінісі біздің Әлихан, Ахмет, Мұстафадай тұлғаларымызды әлі күнге өзіне лайықты деңгейде бағалай алмай отырғандығымыз. Ол неге байланыс­ты? Бір нәрсені ашып айтайын, ағылшындар үнді азаттық қозғалысын басып-жаншуға тырысты, бірақ ол күрес белгілі бір саяси мәдениет шеңберінде жүргізілді. Ағылшын­дар Махатма Гандиді атып тастаған жоқ. Тура осы ойды басқа да ұлт-азаттық қозға­лыс лидерлеріне де байланысты айтуға болады. Ал біздің сорымыз – Ресейдің құрамында болғандығымыз!  Бірақ тағы бір нәрсені білуіміз керек, біздің қазақ ұлт-азаттық қозғалысына патшалық Ресей им­периясы біршама интеллектуалдық биіктік танытты.
– Өйткені ол билікте тектілік болды ғой, солай ма?
– Иә, расында, солай. Олар Әлекең, Ахаңдарды атып тастаған жоқ, жер аудар­ды. Олар қазақ ұлт-азаттық қозғалысын белгілі бір дәрежеде мойындады да. Ал кеңестік билік осы тұста керісінше тексіздік танытты. Олар қазақ көсемдері былай тұрсын, барлық бас көтерерлерін биліктен шектетіп қоя салған жоқ, репрессиялап, атып тастады. Сондықтан мен осы тұста кеңестік билік пен патша өкіметінің арасын­дағы айырмашылықтың болғанын батыл түрде айта аламын.
Кеңес өкіметі жүргізген бірде ашық, бірде жабық саяси репрессия біздің зия­лыларымыздың бір емес, екі бірдей буы­нын алып кетті және де ең белсенді бөлігін алып кетті. Ең негізгісі, осы аштық, репрес­сияның салдарынан халық рухани дағда­рыс­қа ұшырады. Рухани азып-тозды. Зия­лы­лар дегеніміз халықтың сапалы бөлігі ғана емес, сандық-сапалық даму бағытын анықтайтын күш қой. Сондықтан біз сан жағынан да кемідік, сапамыз да кетті. Егер де біз сол аштық пен түрлі апаттар болма­ғанда, ең кемі бүгінде 30 миллионға жетер едік, тіпті одан да көп болар едік. Мәселен, өзбек халқы 1917 жылы бізге қарағанда екі есе кем еді, ал қазір өзбектер 27 мил­лион болса, біз өз елімізде 10 миллионнан енді асып жатырмыз. Ол не деген сөз? Кеңес­тік биліктің бізге соншалық ауыр тигендігінің нақты дәлелі. Біз қазір сол кеңес­тік билікті жақсы деп ақтауға тырыса­мыз. Рас, ол соғыстан кейінгі кезеңде, 50-60 жылдары ғана. Қазіргі үлкендер сол кезді көзбен көрген, игілігін сезінген ұрпақ. Сондықтан кеңестік билік дегенде олар соны айтады.
– Олай деушілер мәселені  әлеуметтік жағдаймен өлшегендер болып тұр ма?
–  Иә, сол жағын айтады. Әйтпесе біз ру­хани жағымыздан, сан мен сапа жағы­мыз­дан да ол тұста азып-тоздық. Сондықтан кеңестік кезеңнің тарихын бағалауға кел­генде мен осындай ұстанымдамын. Басқа­ша айтқанда, кеңестік билік Бөкейханов, Байтұрсынов сияқты біздің ұлттық көсемде­рімізге ерік берген жоқ. Патша өкіметі де, кеңес өкіметі де біздің өз тағдырымызды өзі­міз таңдап, өзімізді өзіміз басқаруға мүм­кіндік бермеді.
– Кезінде біздің Ресей патшалығына қосылмауымызға болар ма еді, басқа­ша бізде жол болды ма?
– Бұл өзі қиындау жағдай. Себебі біз өз еркімізден тыс, орналасқан географиялық жағдайымызға қарай Ресей, Қытай секілді алып империялармен көршіміз. Сондықтан біз тарихи жолымызға қарасақ, біздің басқа жолмен дамуымыз қиындау болар еді. Бірақ ресейлік басқару жүйесі бізге өзіміз о баста күткендей жағымды соққан жоқ, өте ауыр тиді. Біз оны ашық айтуымыз керек. Мысалы, бүгінде Ресейдің Дугин сияқты саясаткерлері бар. Сол бүгінде қай­тадан еуразиялық империя құру саясатын көздеп жүр. Бір жиналыста Дугинмен кез­де­сіп қалдық, сонда мен оған былай деп сұрақ қойдым: «Біз қазақ халқы жүріп өт­кен жолымызда патшалық Ресей және кеңестік империяның құрамында болып көрдік, біз оның қандай болатынын жақсы білеміз, сондықтан ондай империяның құрамына қайта кіргіміз келмейді. Енді келіп сіз бүгін еуразиялық империя дегеннің астарында бізді кімнің, нақты қандай импе­рияның қол астына кіргізуді көздейсіз?» Ол жауап берген жоқ. Менің айтайын дегенім, шүкір, біз бүгінде өзімізді өзіміз асырай алатын, алға дамыта алатын, өз қолымыз өзімізге жететін Тәуелсіз елміз. Сондықтан бізге ендігіде біреуге иық беріп, ыңғай беріп, ығына жығыла берудің, ашықтан-ашық қол астына шақырған елдердің құ­шағына еніп кетудің қажеті жоқ. Біз ол кезде өз тамырымызға балта шабамыз. Бізге ба­рынша өз мемлекеттігімізді сақтап, мейлін­ше осы Тәуелсіз елімізді сақтап, өміршең қылуды ойлау керек.
– Иә, біз қазір Тәуелсіз елміз, алайда алаштанушы маман ретінде айтыңыз­шы, біз бір кездердегі арыстарымыз аңсаған Алаш еліміз бе, Алаш идеясын жаңғыртушы, солардың жете алмаған арманына қол жеткізушіміз бе? Біз Алаштың мұрагеріміз бе?
– Әрине, олай деп толығымен айта аламыз. Себебі бір кездегі Алаш идеясы күшін жойған жоқ. Алаштық идеяның өзегі не? Ол – мемлекеттікті сақтау. Соның негі­зінде елдікті, жерімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды сақтау. Біз, шүкір, аталған құндылықтарды таза саф күйінде болмаса да, негізін сақтадық. Енді негізгі міндетіміз біз сол құндылықтарды сақтап қана қоймай, күшейтіп, өзімізге пайда келтіретін сипат беруіміз керек. Ал ол – бізге, яғни осы елдің әрбір тұрғынына, әсіресе қазақтарға міндет, ал зиялыларға екі есе парыз. Осы мемлекет үшін жалғыз бір басшы, не бір топ зиялы ғана емес, бәріміз жауаптымыз.

Алашқа айтар датым...
Ресейдің Тишков деген тарихшысы қазір  «кеңес дәуірі соңында біраз жарақаттар ғана қалдырған жоқ, соны­мен бірге одан еш кем түспейтін жетістіктер де қалдырды» деп айтып жүр. Бұл пікірмен мен өз басым еш келісе алмаймын. Мәселе неде? Кеңес билігінің артында қалған қиянат пен жетістіктерді таразыға салсақ, меніңше, қиянаты басып кетеді. Нақты факті келтірейін. Біріншіден, Кеңес өкіметінің тұсында біз халқымыздың жартысына жуығынан айырылып қалдық, сан жағынан кеміп кетті. Мәселен, Елбасымыз осы соңғы мәрте аштыққа қойған ескерткіштің алдында сөйлеген сөзінде 1931-32 жылдардағы Қазақстанда болған аштықта 1,5 миллион қазақ қырылғандығын айтты. 1921-22 жылдардағы аштықта 1 миллионнан астам адам тағы қырыл­ды. 1 миллионнан астам адам шекара ауып көшіп кетті. Осылардың барлығын қосқанда, қырылған қазақ саны 4 миллионға жуықтап қалады. Ал қазақ сияқты аз халықтың 4 миллиондайы қырылды деген сөз – өте үлкен апат!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста