Біз әлі де болса ғылымға жеткілікті дәрежеде көңіл бөле алмай отырмыз

Біз әлі де болса ғылымға жеткілікті дәрежеде көңіл бөле алмай отырмыз

Нәдір Нәдіров, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы, «Нефть» ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры, академик:

– Нәдір аға, Сіз бірде «шетелдерден алып келінген қондырғылардың тиім­ді­лігін еліміз ғалымдарының сүзгісінен өткізіп отыру керек» дедіңіз. Сонда шетел қондырғыларының сапасына күмә­ні­ңіз бар ма? Жалпы, ондай халық­ара­лық талаптар бар ма?
– Шетелдерден жеткізілген кез келген тауар­лар мен қондырғылардың сапасын, тиімділігін еліміз ғалымдары тексеріп, қо­рытынды бағасын беруі керек. Пре­зи­дент­тің өзі шетелдерден сатып алынып жат­қан жаңа қондырғылардың сапасын, тиімділігін жіті бақылауды тапсырып отыр. Өйткені ғылым бір орында тұрмайды. Егер саралап қарар бол­сақ, біздің елге жеткізіліп жатқан қон­дырғылардың басым көпшілігі шетелдіктер бұдан 20-30 жыл бұрын пай­да­ланылған, ал­дыңғы буын қондырғылар. Неге? Себебі олар бүгін жаңа технологияны ойлап тауып, өздерінде өндіріске енгізді. Ал одан бұрын ойлап табылған, өздеріне тиімсіз болып қалған қондырғыларды олар не істейді? Қоймада сақтап қоймайды, жойып жі­бер­мейді. Әрине ондай қон­дыр­ғы­ларды басқа елдерге сатады. Сол басқа елдердің қата­рында, өкінішке қарай, біз де бармыз. Жай ғана қарапайым мысал: «Нокиа» белгісімен сатылатын ұялы теле­фон­­ды алыңыз. Біз «соңғы үлгісін сатып ал­дық» деп езуімізді жия алмай жатқа­ны­мыз­­да, келесі бір мар­касы саудада пайда бо­лады. Мұнай өнді­рі­сінде де дәл сондай жағ­дай. «Ал неге мұнай компаниялары ең соң­ғы үлгідегі қон­дыр­ғы­ларды сатып ал­май­ды?» дерсіз. Себебі, бірін­шіден, оның ба­ғасы өте қымбат, екін­шіден, соңғы үлгіні са­­туға шетелдіктер де пейіл таныта қой­май­ды.
– Біз қазір мұнай саласында қолда бар қондырғылармен де аз мұнай алып жат­қан жоқпыз ғой, мақсатты көр­сет­кіш­ке қол жеткізіп жатырмыз. Олай болса, «соңғы үлгі» деп қымбат қон­дыр­ғыларды сатып алу неге қажет?
– Иә, мұнай өндіру көрсеткіші жаман емес. 1995 жылы 15 млн тонна мұнай алын­са, 2010 жылы бұл көрсеткіш 80 млн тон­наға жетті. Бұл көрсеткішті 130 млн тон­наға жеткізуге болады. Бірақ ол үшін шы­ғыннан қашпай, жаңа технологияларды пай­далану қажет. «Пайда зиянның арғы жа­ғында» демей ме? Мысалы, жаңа табыл­ған бір кен орнының геологиялық қоры бір миллиард делік. Қазіргі өндірісте пай­да­ла­нып жатқан қондырғымен біз оның 500 миллионын ғана ала аламыз, яғни 50 пайы­­зын ғана. Өйткені бүгінгі қолда бар қон­дырғылардың топырақтың, кар­бо­нат­тар­дың тесіктерінде жатқан мұнайды сорып алуға шамасы жетпейді.
Қазір біздің елдің мұнай саласындағы ше­телдік компаниялар қолжетімдісін ала­ды да, келесі кен орнына кете барады. Олар шығыны аз, өздеріне дәл бүгін пайда бе­ре­тін жолды таңдайды. Соның салда­ры­нан кен орындарындағы мұнай толықтай алын­­бай қалып жатады. Бірде, Кеңес кезін­де мұнайы алынып, жауып тасталған кен орнын зерттегенде, ол кен орнында әлі қы­руар мұнай бар екені анықталды. Мұн­дай кен орындары Ресей аумағында да та­был­ған. Өйткені ол кездегі технологияның ша­ма­сы соған ғана жетті.
Біздегі кәсіпкерлер бүгінгі күнмен жұ­мыс істейді. «Бүгін қаржы салып, ертең пай­­да тапсам» – дейді. Бес-он жылдан кейін қыруар пайда әкелетін іске ешкім қар­­жы шығарғысы келмейді. Ол жайлы бас қа­тырғысы да келмейді. Ал шетелдіктерде көз­қарас басқа. Тіпті шетелден келген өкілдер көліктеріне сапалы, қымбат бен­зинін іздеп жүріп құяды. Өйткені таза бен­зин, біріншіден, көлік двигателінің ұзақ жұ­мыс істеуін қамтамасыз етсе, екіншіден қор­шаған ортаға зияны аз. Біздегі көзқарас мүлдем бөлек. Тіпті біздің бензиндер де талап­қа сай емес. Мен бірде АИ-85 бен­зинін тексергенімде, оның октандық саны АИ-80 екені анықталды. Біздің кәсіпкерлер ха­лық­тың, мемлекеттің мүддесінен гөрі, қалтасының қамын көбірек ойлайды.
«Бізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар. Солардың өндіріс мүмкіндігін тиімді пай­да­лануымыз, өнім сапасын артты­руымыз ке­рек. Егер солай істер болсақ, жылына кем де­генде 15 млн доллар пайда табамыз» деп, осыдан 15 жыл бұрын айтқанмын. Өкі­ніш­­ке қарай, ол жұмыстар әлі жасалған жоқ.
Елбасы қазір алдымызға үлкен мін­дет­тер қойып отыр. Мұнай саласында «айыру тереңдігі» деген түсінік бар. Бізде – ол 50-60, ал еуропада – 90-95 пайыз. Елбасымыз 2014 жылға дейін айыру тереңдігін 90-95 пайызға жеткізуді тапсырды. Сонымен қатар бүгін жанармай сапасын еуро-3-ке жеткізу, одан әрі еуро-4, еуро-5 стандарт­та­ры талаптарына сай жанармай алуды тап­сырып отыр. Кейбіреулер «осы талап­тар­ды амалға асыру мүмкін бе?» деп сұрай­ды. Неге мүмкін болмасын? Мүмкін. Тек ол үшін инвестиция салып, технологияны жа­ңарту қажет.
 Біз қазір ең болмағанда мұнай өңдейтін зауыттарымыздың мүмкіндігін де толық пай­далана алмай отырмыз. Олардың мұ­най өңдеу мүмкіндігі 18 миллион тонна бол­са, біз оларға өткен жылы әрең дегенде 13 миллион тонна ғана мұнай жеткізіп бер­дік. Оған дейін 9 млн ғана болған. Себебі мұнай компаниялары зауыттарға бергенше, шетке сатқанды құп көреді. Оларға ештеңе дей алмайсың, өйткені мұнай ком­па­ния­ла­ры шетелдіктердің, жекеменшіктің, акцио­нер­лердің қолында. Ал қазаншының қай­дан құлақ шығарамын десе де – өз еркі.
Біз мұнайдан жанар – жағармай ажы­ратып аламыз да, қалғанын мазут ретінде ғана пайдаға асырып отырмыз. Ал еу­ро­пада жанар-жағармаймен қоса, тұр­мыстық техникаға қолданатын полиэтилен, про­пи­лен, тағы басқа өнімдер алады. Қазақша айтқанда, жілік-жілікке бөледі.
– Ал біз неге мұнай-химия зауытын салып, мұнайдан химиялық жолмен алынатын өзге де заттарды шығар­май­мыз? Жоқ, әлде мұнай-химия зауы­тын салуға біздің мүмкіндігіміз жоқ па?
– Зауыт салуға толық мүмкіндік бар. Ол үшін ең қажеттісі – шикізат, инфроқұрылым, жұмыс күші, инвестиция. Алдыңғы үшеуі бізде бар. Тек инвестиция мәселесі шешімін тапса болғаны.
Қазір Атырау облысындағы Қаратон деген жерде зауыт салу қолға алынды. Ал­дағы уақытта ол іске қосылып, өнім шы­ға­ру­ды бастайды деп сенемін.
– Мұнай төңірегінде әңгіме қоз­ға­дыңыз және осы саланың білікті ма­манысыз. Айтыңызшы, кей маман­дар­дың «50-60 жылдан кейін Қазақстанның мұнайы таусылады» деген пікірі қан­ша­лықты негізді? Сіз осы пікірмен келі­сесіз бе?
– Мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Міне, мына картаны қараңызшы, біз Қазақ­станның кішкентай бір бөлігінен ғана мұнай алып жатырмыз. Тіпті Каспий теңізінің зерт­телмеген жерлері жетіп-артылады. Ал қал­ған аймақтар ше? «Ол жерлерде мұнай қоры жоқ» деп кім айта алады? Ешкімде. Оған қоса жоғарыда айттым ғой, бүгінгі жауып тастап жатқан кен орындарынан, ертең келер ұрпақ жаңа технологияларды пай­даланып, жер қойнауында қалып қой­ған өнімді алатын болады. Ол үшін ғылымға баса назар аудару, жастарды ғылымға тар­ту, ғылымның жетістіктерін өндіріске ен­гі­зу­ді қолға алу қажет.
– Бізде ғылым мен өндіріс арасының алшақ болу себебі неде? Жастардың ғылымға келуі неге азайып барады? Ғылымның жетістіктерін өндіріске енгізу тек мемлекеттің міндеті ме?
– Жалпы, «енгізу» деген сөздің өзі қиын. Ол «алу, беру» деген емес. Енгізу, яғни күштеу. Енгізу Кеңес кезінде де қиын еді. Ол кездегі қиындығы жоспарға байланысты болды. Жоспарда болса, ену оңай, ал бол­ма­са қиын. Ал бүгінгі нарық заманындағы қиын­дық қаржыға байланысты.
Бүгінгі таңда да ғылыми жаңалық ашып жүрген ғалымдарымыз да, өнертап­қыш­та­ры­мыз да жоқ емес. Тек оларға қолдау жоқ. Өйткені өндірістік мекемелер түгелдей дерлік жекеменшіктің қолында. Ал олар өз ғалымдарымыздың тапқан жаңалығын зертханалық тексеруден өткізіп, қонды­р­ғы­ны жасатып шығарғаннан гөрі шетелдік дайын қондырғыны сатып алғанды жөн санайды. Өйткені қондырғыны жасатуға қаржы шығарып, уақыттарын ысырап еткісі келмейді. Міне, осыдан келіп, ғалым­да­ры­мыз­дың идеяларын шетелдіктер аз ақшаға сатып алып, небір әлемде теңдесі жоқ қон­дыр­ғылар жасап, өзімізге қымбат бағамен қайта сатып, қанша пайда тауып жатыр. Ал біздің кәсіпкерлер бұған немқұрайды қарайды. Өйткені олар ертеңгі пайданы ойламай, бүгінгі шығыннан қашады.
Мемлекетке мойын созбай, кәсіпкерлер ғылымға қолдау көрсетіп, оның жетістіктерін өз пайдасы, мемлекет мүддесі үшін қажетке жаратса, дұрыс болар еді. Ғалымдарға қолай­лы жағдай жасап, ғылымның мүм­кін­шілігін кәдеге асыру қажет. Біз әлі де бол­са ғылымға жеткілікті дәрежеде көңіл бөле алмай отырмыз.
Шетелді ұлгі етпей-ақ, кешегі тари­хы­мыз­ға көз жүгіртейікші. Соғыстан кейінгі қысқа мерзімде Кеңес Одағы атом бом­ба­сын ойлап тапты, алғаш болып ғарышқа ұшты, әлемдегі ең мықты державаға айнал­ды. Мұның бәрі ғылымның арқасы. Кеңес үкіметі ғылымнан ақшаны аямады. Ол кез­де ғалымдар министрден көп жалақы ал­ды. Ал қазір ше? Айтуға ұят.
«Жастар неге ғылымға келмейді?» дей­сіз. Ғалымдардың жалақысы жайлы есті­ген­де, олар теріс айналуға мәжбүр болады. Оларға айтар өкпе де жоқ. Өйткені олар жақсы өмір сүргісі келеді. Отбасын асырауы ке­рек. Балаларының болашағын ойлауы қа­жет. Ал мынадай жалақымен отбасын бы­лай қойғанда, өзін де жарылқай ал­май­ды.
– Сонда отансүйгіштік қайда? Бәл­кім, тәрбие ақсап тұрған болар? Мүм­кін, мектептерде өнертапқыштар үйір­ме­лерін ашып, балаларды жастайынан, кеңес дәуіріндегідей ғылымға баулу керек шығар?
– Мен «жастарда отансүйгіштік жоқ» деп айта алмаймын. Қазір нарық заманы. Ал нарық заманында қаржылық жағдай алдыңғы орында болары заңды. Кім болса да, мол табыс таба алатын жұмыс істегісі келеді. «Сенің отансүйгіштігің қайда, неге жеке компаниядағы (екі мың доллар жала­қысы бар) жұмысыңды тастап, (50 мың теңге жалақы беретін) ғылымға кел­мейсің» деп қалай айтасыз. Егер шынымен жас­тар­ды ғылымға тартамыз десек, жалақыны көбейту қажет.
Мектепте өнертапқыштар үйірмесін ашу­ды айтасыз, ғалымдардың ашқан жаңа­лығын кәдеге асыра алмай отырған жоқпыз ба? Қазір ашқан жаңалығыңызға патентті өзіңіз ақша төлеп алуыңыз керек. Ал оны өндіріске енгізу тіптен қиын. Оның бәрі қаржыға тіреледі. Ал азғантай жала­қы­сынан басқа табысы жоқ ғалымдар ондай мәселені қалай шеше алады?
Ал мектеп баласы жаңалық ашты делік. Оған патент алуға ақшаны кім береді? Ешкім. Міне осыдан келіп баланың жас­тайы­нан сағы сынып қалмасына кім кепіл?
Егер біз қаржылық, әлеуметтік мәселе­лер­ді шешіп алсақ, онда жастар ғылымға көптеп келетін болады. Өйткені бізде білімді жастар өте көп. Халықаралық пәндік олимпиадаларда біздің жастарымыз тұрақ­ты түрде жеңімпаз не болмаса, жүлдегер атанып жүр. Бірақ олардың ішінен ғылымға келетіні бірен-саран. Сондықтан біз жас­тарға жағдай жасап, олардың білімін пай­да­лануымыз керек. Әйтпесе олардың білі­мін шетелдіктер өз кәдесіне жаратады, немесе жастар шетелге кетеді. Сонан соң отырып алып, «шетелге кетіп қалды» деп сөгіп жатамыз.
– Жаңа министр келісімен шетелдерге кетіп қалған ғалымдарды қайтаруды қолға алды. Оларға барлық жағдайды жасауға уәде етті. Олардың алды елге оралып, жұмыс істеп жатыр. Сонда елімізде сондай білікті мамандар жоқ па, жоқ әлде біздің қоғамда «шетелдерге кеткен ғалымдар мықты» деген көзқарас қалыптасқан ба?
– Шетелдерге кеткен ғалымдардың бәрі білікті дей алмаймын. Шетелдерге әркім әртүрлі жағдаймен кетеді. Ал енді оларды елге қайтарып, жағдай жасап жатса, онда министрдің де бір ойлағаны бар шығар. Мен Б. Жұмағұловты көп уақыт­тан бері білемін. Ол – өте іскер басшы, ғы­лым­ға қомақты үлес қосқан білікті ға­лым. Бұрын қызмет атқарған орындарда талай жетістікке жетті. Елбасы да ол кісіні министр етіп тағайындағанда, іскерлігін бағалаған болар.
– Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ғылымға жасалып жатқан қолдауға көңіліңіз тола ма? Ғалымдарға мемлекеттік тапсырыс берілмей ме?
– Мемлекет тарапынан ғылымға бөлініп жатқан қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Бірақ, өкінішке қарай, сол қаржының мақсатты жұмсалуы дұрыс болмай тұр. Бізде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң бар. Заңға сәйкес, кез келген мемлекеттік тапсырысқа тендр жарияланады. Мысалы, сол тендрге бес ғалым қатысты делік. Олардың төртеуі тапсырысты орындауға 5 млн теңге сұрайды. Өйткені оның нақты құны – 5 млн. Ал ешкімге белгісіз Тоқашбаев сол тапсырысты 4 млн теңгеге орындаймын дейді. Ал тендрлік комиссия оның тереңіне үңі­ліп жатпастан, Тоқашбаевқа бере сала­ды. Ал қолынан іс келетін білікті ғалым­дар­дың ұсынысы өтпей қалады. Неліктен Тоқаш­баевқа беріп жатыр, шынында да, сон­ша ақша сұрады ма, жоқ әлде басқа құпия­сы бар ма, оны бір құдай біледі. Сонан келіп, тапсырыс сапасыз орын­да­ла­ды.
 Ал қазір жаңа министр келіп ғылымды «Мем­лекеттік сатып алу туралы» заңнан бө­ліп шығарды. Бұл – үлкен жетістік. Енді ғы­лым­да оң өзгерістер болар деп ойлай­мын.
– Таяуда ғана Атырауда жыл сайын ғалымдардың басын қосып өткізіліп тұратын «Мұнай саласының құқықтық мәселелері» атты ІХ конференцияға қатысып қайттыңыз. Бұл конференцияда нақты қандай мәселелер көтерілді?
– Бұл конференцияға білікті ғалымдар, еліміздің, шетелдердің парламент мүше­лері, заң саласы өкілдері қатысты. Мен бұл кон­ференциялардың барлығына қатысып келе­мін. Есімде, І конференцияда шетелдік мұ­най компанияларында заңгер болып қыз­мет атқаратын еліміз азаматтары шетел­дік­тердің құқығын қорғап әлек болған. Сонда мен «Қазақстандықтардың құқығын кім қорғайды?» деген тақырыпта сөз сөйледім. Ал ІІ конференцияда қазақ­стан­дық­тардың құқығын қалай қорғау жайы сөз болған. Ал мына соңғы басқосуда көте­рілген мәселе мүлде бөлек.
Бұл конференцияда өткен жылы қабыл­данған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңды қалай іске асыру жайы сөз болды. Алдыңғыға қарағанда бұл заңда ілгерілеу көп. Әйтсе де кейбір бап­тары солқылдақ. Оны олай да, былай да пайдалануға болады. Ал бұл жем­қор­лық­қа жол ашады. Ертең бір тартысты мәселе туындаса, судья ақша берген жақ­тың пайдасына шешіп бере салады. Сон­дықтан заңда бәрі нақты «ағы – ақ, қарасы – қара» деп жазылуы керек. Мен кон­фе­рен­ция төрағасына заңға нақтылық енгізу жай­лы ұсыныс айттым.
1995 жылы 28 шілдеде Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің «Мұнай туралы» заң күшіне ие қаулысы қабылданды. Бұл заң­ның ең негізгі мақсаты – респуб­ли­ка­мыз­ға мұнай - газ қорларын өңдеуіне, шетел инвесторларын тартуға көмектесу болатын. Алайда ол заңда да көп кемшілік болды. Онда мұнаймен бірге шығатын, ілеспе газ туралы бір ауыз сөз болған жоқ. Кейін бұл жайлы көп ұсыныстар айтылды. Өткен жылы қабылдаған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңда сол ұсыныстар ескерілді. Яғни алдағы уақытта заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізгенде осы конференцияда талқыланып, айтылған ұсыныстар міндетті түрде ескері­ле­ді деп сенемін.
– Жапон еліндегі Фукосима АЭС-інде орын алған жарылыстан кейін елімізде АЭС салу жайлы мамандардың, ғылымдардың пікірлері екіге жарылды. Пайдасынан қаупі басым деушілер бар. Ғалым ретінде, азамат ретінде сіздің пікіріңіз қалай?
– Мен жаңа ғана осы мәселе бойынша ұйымдастырылған дөңгелек стол отыры­сынан келдім. Жиналғандардың көбі қарсы пікір ұстанушылар болды. Олар «АЭС-тің қаупі басым, кез келген уақытта табиғи апат орын алуы мүмкін не болмасы тер­ро­рис­тік шабуылдың нысанына айналуы ықтимал» – дейді. Мен олардың пікір­ле­рі­мен келіспейтінімді айттым. «Қасқырдан қорыққан орманға бармайды» демей ме?! Қорықпай алға ұмтылуымыз керек. Тер­ро­р­истік шабуылдың нысанына айнал­мау үшін қорғанысты күшейтуіміз шарт. Чер­но­быль­де, Фукосимада орын алған кемші­лік­терді ескеріп, елімізде салынбақ АЭС-ті жобалау барысында оларды болдырмау жағын мұқият қарау қажет.
Чернобыльде, Фукосимада орын алған апатта адам факторы рөл ойнады. Бұған «Фукосимада табиғи апат себеп болды» деп, қарсы пікір айтушылар болды. Мен айтам; жоқ, олай емес. Жапония сейсми­ка­лық қауіпсіздікті мықты меңгерген ел. Алай­да олар мұхит жағалауында болуы мүмкін цунамиді ескермеді немесе дұрыс бағаламады. Жер сілкінісі болған жағдайда труба үзіліп, суыту жүйесі істен шығып қа­луын ескермеді. Мұның бәрі – адами фак­торлар. Ал біз осы қателіктерді, басқа да қатерлерді ескеруіміз шарт.
Еліміздің 95 пайызынан астам халқы тағ­дырларын сеніп тапсырып отырған Пре­зидентіміз де АЭС салуды қолдап отыр. Ол кісі оны жай айта салып отырған жоқ, білікті ма­мандармен, сарапшылармен кеңесе ке­ліп, шешім қабылдап отыр.

Алашқа айтар датым...
Бізде үлкенді-кішілі мінберлерден жақсы бастамалар, үздік ұсыныстар, озық ойлар айтылып жатады. Бірақ, өкінішке қарай, көп жағдайда айтылған сөз айтылған жерде қалып қояды. Менің айтарым, айтылған сөз бен атқарылған іс сәйкесіп жатса екен.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста